көрмесі,ақын туралы қанатты сөздер,музыкалық орталық,түрлі-түсті
шаралармен,гүлдермен безендіріледі.
I Жүргізуші:
Қазақ поэзиясына өзіндік жаңа ырғақ,тегеурінді екпін әкелген ақын Төлеген Айбергенов атамызға арналған «О,адамдар біргемін мен сендермен!» атты ашық тәрбие сағатымызды ашуға рүқсат етіңіздер!
II – Жүргізуші :
Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ...Бірақ...
Ешкімді де билетпей қайтармаймын!
Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,
Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам...
Сәбилерге ағаны үлгі етемін
Жеңгейлердің толтырам гүлге етегін.
I Жүргізуші:
Біздің үйді сол күні бетке ал қауым,
Нысанаға ап қуаныш тоқталмауын.
Мен бұл тойдан тілеймін жылап тұрып,
Қазанымда бір асым ет қалмауын.
Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін,
Мен сөйтіп рахаттанып бір күлемін.
Кім білсін,талай күнгі арманым ед,
Мәңгілік тарқамауы мүмкін оның - дей келе ақын өмірінен алынған буклет
таныстырылады.
II – Жүргізуші :
Ақын 1959-1962 жж. Қоңырат ауданындағы орта мектепте мұғалім, 1962-1965 жж. Шымкент облысының Сарыағаш ауданындағы кешкі жастар мектебінде директор, 1965 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросында қызмет істеді. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағын 1974 жылы, қайтыс болғаннан кейін алды. 1997 жылы ақынның «Таңдамалы өлеңдер» жинағы мен ол туралы жазылған «Біргемін мен сендермен» атты естелік кітап, 2001 жылы «Бір тойым бар» атты жыр кітабы жарық көрді.
I Жүргізуші:
Қазақ поэзиясында өзіндік үн- ерекшелігімен танылған ақын көп . Алайда, Төлеген Айбергеновтің дара даусы, ақындық қолтаңбасы ешкімге ұқсамайды, ешкімді қайталамайды. Позэияда өзінше соны бір із салған Төлегеннің жырларын парақтап оқып отырсақ, жеткізбей жүрген бір арманына қол созған ақынның ақпа күшін аяқтатпай алып қашқан тым биік мұнаралар көз алдымызға келеді. Бүгінін емес, ертеңін көп арман еткен ақынның жырлары жаңа ғасырда да өз оқырмандарының көз қуанышына айналды.
II жүргізуші:
Оның сол бір қиын-қыстау заманда бар жиған-тергенін ортаға салып,тамаша бір той ғып өткеретінін өзінен басқа ешкім де аңғарған жоқ -ты .Тіпті сол тойының қашан,қайда және қай күні болатынын да ақын ашып айта алмады. Солай десек те,ақынның өзі осынау өмірде болсын-болмасын, сол бір тамаша тойдың ерте ме, кеш пе, әйтеуір күндердің бір күнінде болатынын сезген сыңайлы.
Өлең: «О,Адамдар!» Битанова Ақбөбек.
I жүргізуші: «Мен марттағы найзағай күркірімін» — деп өзі жазғандай, күркіреп келіп, «аймаңдай алуан дарынның» көкірегіндегі ұшқынды тұтандыра білген Төлеген Айбергенов қазақ өлеңіне тұтас бір дәуір сыйлады. Төлеген жырларының халыққа етенелігі соншалық, оның өлеңдерін жатқа оқымайтын қазақ аз.
«Өлгеннен кейін көп жоқтап жүрміз біз сені,
Өлмеске аяқ басқаның шығар бұл сенің!» — дегендей, қазақта дәл Төлеген сықылды өлең арналып, естеліктер жазылып, жоқталған ақын да көп емес.Поэзияда оны Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Жарасқан Әбдірашев, Есенғали Раушанов, Тынышбай Рахым т.б. жас ақындар ұстаз тұтты.
II жүргізуші: Өлең жазсам,тал бойым,
Қорғасын боп балқиды.
Шертіп бір сырлы сан күйді,
Домбыра көңілім шалқиды.
Жақсы өлең туса құттықтап,
Жатады шулап ну орман
Орындалғандай ну арман
Қалам бір шығып құмардан.
Бұл ақынның өлең туралы толғанысы еді.Арамызда Айбергенов жоқ,бірақ жыры, шығармалары қалды, жыр сүйгіш ұрпақтары қалды.Біз де бүгінгі кеште сөз кезегін ақынның өлеңдері мен әндеріне берейік.
Ән: «Мені ойла» Ақын сөзіне жазылған
I Жүргізуші:
Төкең жайшылықта ет пен сүйектен жаралған пенде көрінгенімен, өлең оқығанда мүлдем өзгеріп кететін, арқаланып лапылдап жанатын. Оның себебін ақынның өзі былай түсіндіреді:
«Сен менің өзімді көрсең» Оразғалиева Маржан
II жүргізуші: Төлеген жырлары – қуаныш жырлары. Туған жері мен жүрген жерін, қала берді, ата-бабаларының атамекенін аңсап,сол өңірдің барша құнарын аталарының қанымен, аналарының ақ сүтімен бойына сіңірген Төлеген Айбергенов сияқты дүниеден жастай кеткен ұлы ақынымыздың жөні бір бөлек еді. Ақын шығармашылығында кез келген қазақтың кеудесін қуанышқа толтырып,тебіреніске бөлейтін туған жер,оның қадір қасиеті жайлы өлеңдерінің орны бір төбе.
I жүргізуші: Ол өзінің ата-бабаларының мәңгілік ірге тепкен «Атамекені» және бұған қоса «Анаға» деген сүйіспеншілігін ақындық жоралғысымен ала келгендей.Енді біз сол жырларға құлақ түрейік:
«Атамекен» - Ықыласов Айдос
«Анама» Бектажиев Елдос
II жүргізуші:
Қазақ әдебиетіне жалынды ақын Төлеген Айбергенов әр жол, әр шумағынан тер иісі мен тіршілік тынысы аңқып тұрған «Құмдағы мұнаралар» атты өлең кітабын алып келді. Біз осы кітап арқылы поэзиядағы бүгінгі Маңғыстауды ашқандай болдық. Әрине, ешқандай тақырып бір жазушының немесе бір ақынның жеке меншігі бола алмайды. Сондықтан жұмысшы Маңғыстау тақырыбы да Төлегенмен басталып, Төлегенмен аяқталып қалған жоқ. Бүгінгі Маңғыстау бейнесі қазір де көптеген ақындардың творчестволары арқылы молыға, дами түсуде, яғни әрбір ақын поэзиядағы «өз Маңғыстауын» ашуда..
I жүргізуші:
Ақынға деген туған халқының ыстық ықыласы мен оның шығармаларына берген бағасы да осал емес. Қазақ халқы бар жерде ақын тойының мәңгілік тарқамайтыны ақиқат. Оның бір ғана мысалы , өткен жылы ақынның туғанына 75 жыл толуына орай Жаңаөзен қаласында ақиық ақын атына көше берілуі еді.
Видеоролик. «Ақын атына көше берілді»
Өлең: «Мұнаралар» Бурабекқызы Сымбат
Ән: Ақын сөзіне жазылған «Жаңарған Маңғыстау»
II жүргізуші: Тепсе темір үзіп, бұлқынса бұлтқа жететін Төлеген ақынның жан әлемінің терең түкпірінен алапат бір сезім бас көтергендей. Дауыс- жаңғырығының өзінде ғажайып бір сиқырлы жарық бардай. «Сағыныштың» алысқа, тым алысқа түсіп тұрған жұлдыз жарығындай . Не десеңіз де, «Сағыныш» Айбергеновтың құс тілінде сайрайтұғын өз күйі. Көңілдегі көрікті ойының шалқымасы « Ақ ерке, Ақ Жайық» болып , жан сарайына шымырлап енді. « Ақ ерке, Ақ Жайық» әні Шәмші Қалдыаяқов пен Төлеген Айбергеновтың Атырауға келген шығармашылық сапарында туған.
I Жүргізуші:
Көңілді өткен жыр-ән кешінен соң, атыраулық жас қаламгерлер Алматыдан ат арытып келген қос талантты Жайық бойымен серуендетеді. Толқындары ай сәулесімен ойнаған түнгі Жайықтың керілген көркем келбеті ақынның да, композитордың да шабытын оятқандай. Кенет, жанындағы дабырлай сөйлегендерге Шәмші қолын көтеріп «тоқта» дегендей белгі береді. Ешкім ештеңе түсінбей үнсіз қалады. Жүзінде қан ойнап, ойлы көздері ұшқын атқан Шәмші құлағын Жайыққа тосып, « Естідіңдер ме, Жайық ән салып жатыр» дейді. Композитордың бұл қылығына түсінбегендер күлерін не күлмесін білмей тұрып қалады: Жайық та ән сала ма екен?! Содан шабыттың шаңқан бозына мінген Шәмші әннің музыкасын, Төлеген әннің сөзін бір түн ішінде сол кездегі « Атырау» газетінің қызметкері, белгілі ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтың үйінде жазып, сөйтіп атақты « Ақ ерке, Ақ Жайық» Жайық жағасында өмірге келеді.
Бұл жайды жазушы-драматург Берік Қорқытов әннің жазылу тарихы туралы жазған мақаласында айтады.
Ән: «Ақ ерке,Ақ Жайық»
II Жүргізуші:
Ақынның қысқа да нұсқа жырларының өзі асыл тастан мөлдіретіп құйылған моншақтай көздің жауын алатынын қайтерсің.Тек тастан жасалған моншақты жан жоқ қой, ал Төлеген ақын керсінше жансыз дүниеден жанды әлемді мегзеп, өз оқырмандарының көңілін соған еріксіз аударып, жан дауасына айналдырып жібергеніне таңданасыз.
I жүргізуші:
Өзінің өлең-жыр тойының мәңгі-бақи тарқамайтын,талай жыл бұрын болжаған ақынды «әулие емес» деп кім айта алады?! Оның тойы өлмей тұрып-ақ отызға толмай тұрып-ақ басталып кеткен еді.Содан бері әні жалғасып келеді.
II жүргізуші: Төлеген, меніңше де, әулие ақын! Ол өзінің өлетінін де және қайда неден өлетінін де болжай салған!
Өлең: «Бір жетсе менің ажалым жетеді» Сейтжанқызы Арай
I жүргізуші: Айтса, айтқандай, ол өлең шабытының шарықтап өрлеген шағында,табиғи талатының асқар биігін енді шыға берген сәтінде,орда бұзар отыздың мерекелі де, берекелі «Жеті қанат» отауының шаңырағын биікке енді көтере бастағанда, тағдыр оғының біріне тап болып,дүниеден өтті.Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты өз биігіне шығып өтетінін және де артында ұлан-асыр той жүріп жататынын алдын ала болжаған ақынды «Әулие емес» деуге кімнің аузы барады?!
Көрініс :Төлеген Айбергеновтің жыр-күнделігімен сұхбат
II жүргізуші: Кезекті өмірден өзі кетсе де,Төлеген жырларына баға берген
қаламдастарын тыңдалық.
М.Мақатаев «Төлегенге» - Ықыласова Үмітхан
«Төлегенге» - Аманкелді Эльвира
М.Шаханов «Айбергенов шыңы» - Бекқажы Қыдыралы
Айберік,Ақмоншақтар ақын туралы естеліктер айтады.
I жүргізуші:
Төлеген жырлары туралы ойласақ,ол жырларды адам қолынан шықты қаламмен жазылды дегенге сенің де келмейтін секілді. Бұл әлдісыр құдірет арқылы ақын көкірегіне құйылып,содан төгіле қалған дүниелері ме дейсіз. Төлеген –құйма жырдың киесіндей ақын. Төлеген-Алланың ерекше мейірімі түскен адам болса керек. Өмір-жасы қысқа болғанымен, поэзия көгіне өз жырларын,қолтаңбасын мәңгі өшпес күн секілді шығарып кетті емес пе?-дегім келеді.
II жүргізуші: Құрметті қауым, бүгінгі кешті ақынның «Қоштасу» өлеңімен аяқтауды жөн көрдік.
Сенделіп өрттей сезіммен,
Лапылдап кетіп барамын.
Үзуге моншақ көзімнен
Жақындап кетіп барамын.
I жүргізуші:
Құдіретіңе о,туған жер,
Сеніп кетіп барамын.
Қимастық сенің отыңнан
Теңселіп кетіп барамын.
II жүргізуші
Алысқа барам арман қып,
Ауырың болса арт,өмір!
Жолына жырдың құрбан қып,
Басымды тіктім әйтеуір.
I жүргізуші:
Осымен құйма жырдың киесі Төлеген Айбергенов ақынға арналған бағдарламамыз мәресіне жетті. Сөз соңында,әрқашан ақынды еске алып,жырларын оқи жүрейік-дегім келеді.
Тобанияз орта мектебі
Төлеген Айбергенов: «О,адамдар,біргемін мен сендермен!»