Мақсаты: Ақынның өмірінен мағлұмат алу, өлеңдерімен танысу. Поэзияның қырымен сырын түсіндіру, ақынның поэзиялық жырларынан рухани нәр алу.
Көрнекіліктері: Слайд - ақынның суреттері, өмірі туралы әр түрлі мағлұматтар.
Қатысушылар: 5 – 9 сынып оқушылары.
1 – жүргізуші:
Әрбір әрпі қанға шомған тарихыңа қарандар,
Отырардай опат болған қала жоқ па, жарандар!
Тату – тәтті бармысыңдар,
Адамдар , - деп Мұқағалидың сәлемдесу салтымен амандасайық! Қош келіпсіздер, өлең сүйер, өнер сүйер қауым!
2 –жүргізуші:
Мұқағали өмір сырын жырлаған,
Жүрегінің айтқанын тек тыңдаған.
Өлеңдері құдірет қой, құдірет.
Табыла ма сүймейтұғын бір адам, - деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған кешімізді бастаймыз.
1 – жүргізуші: - Мұқағалидай перзенті бар халық шынымен де бақытты. Мұқағали – ғажайып сыршыл ақын. Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды.
2 – жүргізуші: - Заманымыздың ұлы ақыны, қазақ поэзиясының классигі атанған Мұқағали Мақатаев есімі бүгінде бүкіл қазақ даласын еркін аралап жүр. Аз ғана өмірінде артына мол мұра қалдырды.
1 – жүргізуші.Назарларыңызға ақын атамыздың өз даусымен оқыған өлеңін ұсынамыз. (4 минут)
1 – жүргізуші: - Ақын 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, Райымбек ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Алғашқы өлеңдерінің бірі «Біздің жақтың өңірі» деп аталады.
2 – жүргізуші: - Ақынның әкесі Сүлеймен шаруа адамы болған. Колхозда сушы, шалғыншы болып жұмыс істеген. 1941 жылы майданға аттанған әкесі Сүлеймен Калининград маңайында қаза табады.
«Менен сұра» өлеңі (Жолдыбекова Сағыныш 9 «А»)
«Қырқыншы жылдары» (Карлыбаева Айгерім 6 «Б»)
«Шаруа мен жауынгер» (Жолдыбекова Сағыныш 9 «А»)
1 – жүргізуші: - Шешесі Нағиман апа да қарапайым адам болған. Ол да жастайынан колхозда жұмыс істеген. Мұқағали Мақатаев осы шаңырақтың үлкені болғандықтан, оны әжесі Тиын өз бауырына салады. Ақын әжесі жайында «Мені сөзге, жырға үйір еткен, тәрбиелеген, халықты сүюге үйреткен әжем еді» деген.
«Шеше, сен бақыттысын» (Омаржан Сабина 6 «А»)
«Бесік басында» (Санат Ақжол 6 «А»)
«Саби болғым келеді» (Тілешқызы Бүрлен 9 «А»)
2 – жүргізуші: - Өз туған жерін жырламаған ақын жоқ шығар, сірә ?!
2 – жүргізуші: - Махамбет пен Абайдан бірдей қуат алып өскен Мұқағали Мақатаев – туған ел мен туған жерге деген сүйіспеншілік, Отанға деген махаббат сезімін, өзінің ұлтын, туған тілін ерекше құрметтеген ақын.
«Алматы түні» өлеңі (Әдібай Жұлдыз 9 «А»)
«Ей, табиғат» өлеңі (Әсет Ағылан 6 «Б»)
«Хан тәңірі» (Қанапия Ақерке 6 «Б»)
«Ай – хай дала» (Сапаргалиева Гүлжайна 6 «Б»)
1 – жүргізуші: - Ақын өмірінде ауылдық кеңестің хатшысы, әдебиет пәнінің мұғалімі, республикалық газет тілшісі, қазақ радиосының директоры, жазушылар одағы поэзия бөлімінің жастар жөніндегі кеңесшісі міндеттерін атқарды. Көптеген жинақтары оқырман қауымға ұсынылды: «Армысыңдар, достар!», «Шуағым менің», «Дариға жүрек», «Өмірдастан», «Өмір - өзен», «Аққулар ұйықтағанда» сияқты.
Көрініс. «Дариға жүрек» (10 «А» сынып оқушылары)
2 – жүргізуші: - Мұқағали Мақатаев аударма саласында да ерінбей еңбек етті. Орыс тілін өте жетік білген. Дантені Шығыс халықтары ішінде ең алғаш аударған – Мұқағали. Уайт пен Шекспир сынды классиктерді, Файзолла Ансари, Федор Моргун, Евгений Евтушенко сынды әр ұлттың белді ақындарын қазақ тілінде сөйлетті.
1 – жүргізуші:- Бүгінде Мұқағали Мақатаевтың 35 мың жолға жуық өлеңі поэзия сүйер қауымның іздеп жүріп оқитын жырына айналды.
«Фариза» өлеңі (Жұрат Алина 9 «А»)
«Пай, пай өмір» (Санат Ақжол 6 «А»)
«Өмір деген» (Тазабекова Жания 9 «А»)
«Мына қасқа» (Исаханова Дильназ 7 «А»)
2 – жүргізуші: – Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндер де өте көп. Олар «Туған өлке» , «Саржайлау», «Сенің көзің», «Мектебім», «Бақытыңды жырлайды», «Наурыз айы туғанда», «Сөнбейді, әже, шырағың», «Құттықтаймын мама, туған күніңмен», «Ақ қанатты кептерлер» тағысын тағы.
1 – жүргізуші: - Махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына соқпай кететін ақын жоқ десек артық айтқандық емес. Өйткені махаббат мәселесі – бұл мәнгілік тақырып. Әр ақын өз сезімін өзінің ішке жан дүниесін әрқалай шығарады. Мұқағалидың сезімінде жасандылық жоқ.
2 – жүргізуші: - Мұқағалидың ақын ретіндегі басты тақырыбы – өлең өнері еді. Ақын өлеңінің жақсылығын халқының қажетіне, рухани азығына айналған құндылығын көрсетеді.
«Поэзия» (Әдібай Жұлдыз 9 «А»)
«Қара өлең» (Мұратбек Надия 6 «Б»)
«Фантазия» (Бейсенбай Даурен 5 «Б»)
1 – жүргізуші:- Мұқағали атамыз «Аманат» атты жыр жинағы үшін ғасырлар тоғысында «Ғасыр ақыны» атағын алды. 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның туған жерінде мұражай ашылды.
2 – жүргізуші: - Қазақстан Жазушылар Одағында үздік шыққан ақындарға Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық тағайындалған. Алматыда ақын атында мектеп, көше, сол көшеде М.Мақатаевқа арналған ескерткіш бар. Ал қаланың басқа елді мекендерінде ақынның атымен мектеп, гимназиялар аталады.
1 – жүргізуші: - Ол 1976 жылы 27 наурыз күні бар – жоғы 45 жасында қайтыс болады.
«Ажалға» (Рақым Дариға 7 «А»)
«Кешіріңдер» (Агадай Еркебұлан 6 «А»)
«Есіне мені алғайсың» әні Қазақ тілі пәні мұғалімі Тукушева Аида Советжанқызының орындауында
2 – жүргізуші:- Дауылпаз ақын жалындап өткен 45 жыл ғұмырында жырларымен әзиз ата, ақ шашты аналардың жүрегін әрлендіріп, замандас құрбы – құрдастың мәртебесін биіктетіп, бөбектердің бесігін тербетті.
1 – жүргізуші: - Бірақ ол өлеңмен, қасиетті өнермен қоштасқан жоқ. Артына саф таза ақындығын, мол да мөлдір мұрасын қалдырды.
2 – жүргізуші: - Осымен бүгінгі кешімізді аяқтаймыз. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рақмет!