Өтілетін орны: «Шәкәрім атындағы облыстық дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп» КММ
Оқырмандар тобы:6 сынып оқушыларының қатысуымен өтетін сабақтан тыс іс -шара
Өткзуге жауаптылар:Кітапханашы-Сакаева Д.Н.,
тарих пәнінің мұғалімдері- Жұмабекова Г.Б., Қожахметова А.К.,
Мақсаты:
Қазақ хандығының құрылу тарихымен таныстыру. Отаншылдыққа, бірлікке, ынтымаққа тәрбиелеу;
Қазақ елінің қазіргі кездегі тарихи аренада алатын орнын ашып көрсету;
1 - жүргізуші:
Тарихы бар дастанындай ерліктің,
Дәстүрі бар үлгісіндей елдіктің.
Қазақстан – алтын бесік Отаным,
Ұлы ордасы татулық пен теңдіктің.
2 - жүргізуші:
Ата-бабам, жаны күйіп қорғаған,
Тәңір қолдап, бақ-береке орнаған.
Қазақстан – тәуелсіз ел сен бүгін,
Ақ тілегін болашаққа арнаған!
1 - жүргізуші:
Биылғы жылдың еліміздің тарихындағы, халқымыздың тағдырындағы алатын орны ерекше. Биыл біздің мемлекетіміздің, яғни Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциясына 20 жыл, Ұлы Жеңіске 70 жыл толып отыр.
2 - жүргізуші:
Армысыздар, бүгінгі кеш қонақтары және өрлі де, асқақ рухты тәуелсіз елдің ұландары! Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Тамыры терең – Нұрлы жол!» атты салтанатты кешімізге қош келдіңіздер! /Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады/ 1 - жүргізуші:
Рәміздер – Тәуелсіздік мәртебесі,
Орныққан азаттықтың ұлы іргесі.
Тәуелсіздік арайлап атқан таңға,
Тірек болар Әнұран мен Елтаңба!
2 - жүргізуші:
Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым, мұң тіліммен.
Жылағанда жүрегім кун тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген!
1 - жүргізуші:
Қазақ хандығының 550 жылдығы – Тәуелсіздік пен Теңдіктің, Ынтымақ пен Елдіктің көрінісі.
Психологиялық жағымды ахуал қалыптастыру сәті.
«Қазақ хандығы – мемлекеттілік бастауы» - бейнебаян көрсетілім.
2 - жүргізуші: Қазақ халқының түрлі мемлекеттік бірлестіктерге бытырап, саяси бөлшектенуін жоюға әрекет жасау Жошы ұрпақтары - Керей мен Жәнібектің үлесіне тиді. Ендеше ортаға 6 «А» сынып оқушыларын, «Елдік» тобын шақырайық.
6 «А» сыныбы «Қазақ хандығы – мемлекеттілік бастауы»
1- оқушы: Рухы мен тілін жанындай сүйген, Адамдар неге санаулы? Ұлт үшін дәуір отына күйген, Аталар болды алаулы. Армандай асқар, Жолдарға бастар, Ісіңнен ұрпақ от алар. Қалмайсың көштен, Шықпайсың естен, Тағдыры шыншыл аталар.
2 – оқушы: Қазақ жеріндегі саяси бытыраңқылық әсіресе Әбілқайырдың билігі тұсында өзінің шарықтау шегіне жетті.
/Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтан сұхбат құруда, үйге бір топ ақсүйектер кіреді/ - Ассалаумағалейкум, ағалар. - Уағалейкумсалам, төрлетіңіздер. Ақсүйектер басшысы:- Біз бір маңызды мәселемен келіп тұрмыз. Елді бей – берекетсіздік басып алды. Хан - екем соғыстарды үдетіп, салықты көбейтті. Әскери дайындықсыз, батырларды құдалау негізінде ойраттардан жеңілгені өздеріңізге мәлім. Бөлінетін кез келмеді ме екен?
Жәнібек:- Ия, сөздеріңіз рас, ханның қаһарына жергілікті сұлтандар мен қарапайым халық та ілігіп отыр. Өз алдымызға ел болатын күн келді.
Керей: - Бар қазақты біріктіретін уақыт келгенін халық та түсінді, соңымыздан ереді деп сенемін.
Жәнібек:- Елдігімізді сақтау үшін туған жерден жырақтауымызға тура келеді. Моғол ханы Есен Бұға туысымыз дулаттардың көмегімен хан тағына отырды. Бірақ бауыры Жүніс Темір әулетімен одақтасып ағасына қарсы шығуда. Есен Бұға інісіне қарсы одақтас іздеуде. Сонда жол тартсақ қайтеді?
Керей: Ия, көшсек көшейік. Сол жаққа көшіп барып, Ұлы жүзбен бірігейік.
Сұлтандар: - Біз дайынбыз бастаңыздар көшті. Біз сіздермен біргеміз.
Жәнібек: Кереке, ұзақ жолға шыққалы тұрмыз. Өзінің бір бата беріңіз.
Керей: Жолыңды Алла қолдасын, Жаманшылық болмасын. Кетілмесін тұлпарыңның тұяғы, Қайырылмасын сұңқарыңның қияғы. Барған жерде құшақ жая қарсы алсын Жақсы адамдар, жайсаң жандар зиялы. Жалпақ емес, жақсы жермен танысқын Алла жебеп ұшқан құспен жарысқын, Көңілің шат, ат - көлігің арымай, Отбасыңмен аман - есен табысқын. Әумин.
1 - жүргізуші:
Ия, сонымен Керей мен Жәнібек бастаған 200 мың адам Жетісуға бет алды. 2 жүргізуші:
Ол туралы тарихшыларымыздың айтқандарына құлақ түрсек. 1- Оқушы:
Мұхаммед бен Уәли былай дейді: «Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақ аймағында өз жауларының балаларын жеңіп шыққан кезде Жошы ханның ұлы Тоқа Темір хан ұрпақтарының кейбіреулері, мысалы Керей мен Жәнібек бағыну мен мойынсыну шеңберінен шығып, отанынан кетіп қалғанды жөн көрді. Олар бабаларынан мұраға алған елден бас тартып жат жерге апаратын жолға шықты. Мойындауға лайықты адамдар тобымен олар Моғолстанға апаратын жолды таңдап алды» 2- Оқушы: М. Х. Дулати: «Сол уақытта Дешті Қыпшақты Әбілқайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарды көп мазалады. Жәнібек пен Керей одан Моғолстанға қашып кетті. Есен Бұға оларды шын ықыласпен қарсы алып, Моғолстанның батыс шебін құрайтын Шу мен Қозыбасы округін берді. Әбілқайыр өлген соң Өзбек ұлысы бұзылып сала берді. Онда үлкен шатақтар басталды. Оның көп бөлігі Керей мен Жәнібек хандарға көшіп кетті, сөйтіп олардың төңірегіне жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Олар енді өзбек - қазақтар деп аталатын болды. Қазақ сұлтандарының билігі 870 жылдан басталады. Бәрін де Алла біледі.» 870 жыл қазіргі біздің жыл санауымыздың 1465 - 1466 жылдары. 1 - жүргізуші: 1465 - 1466 жылдары Керей мен Жәнібектің Батыс Жетісуды құтты мекен етіп, Шудағы Қозыбасыдағы қазақ хандығының ұлттық туын тігіп, Орда құруы ең алдымен, көшпелі қазақтардың ел болып, еңсе көтерсек деген ынта - үмітін жүзеге асырды. 2 - жүргізуші: Екіншіден, суы мол, топырағы құнарлы, жер жаннаты Жетісу жері қалың қазақтың мақтанышына айналды. 3- Оқушы: Жерұйықты іздеген Асан Қайғы бабамыз Жетісуда болған кезде: «Жетісудың ағашының басы жеміс екен» десе, екі сұлтан келіп орналасқан жер Шу туралы: «Ей, Шу, атыңды теріс қойыпты. Мына ну қамысың елді ешбір жұтқа бере қоймас» деген екен. 4- Оқушы: Ғасырдың құрдасы, Ақындар жырлаған, Көненің сырласы Тарихты тыңдаған. Шежіре шертеді, Көшесі, әр тасы, Ғажайып ертеңі, Жетісу алқасы.
1-жүргізуші: 18-ғасыр. Қазақ басына ауыр күн туған кезең. Ортаға 6 «Ә» сынып оқушыларын шақырамыз. 6 «Ә» сыныбы «Теңдік» тобы.
Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Ел-жұртыңнан айрылған жаман екен , Екі көзден мөлдіреп жас келеді. Қазақтың қайда жиын мерекесі ? Ел-ауыл, жердің кетті берекесі. Ханзада, ханым болып өскен ұл-қыз, Қай елдің болып кетті келекесі.
2 – оқушы: (қорқынышты үнмен)Халдан – Бошақтың баласы Сыбан Рабдан, Бурятты бүкіл халқымен қосып алып, Барабы татарларын келіп шауыпты.
3 – оқушы:
Бұл қырғын қазаққа да жетіпті.
Найман тастап көшті Алтай тауды,
Жалайыр, Найман, Қоңырат халқы.
Тоқтата алмапты келген жауды.
4-оқушы: Ия!Алатаудың теріскейін қалмақ алып, Найман мен Қоңыратты қуып салып, қайран жер Жоңғардың Алатауы деп аталды.
5-оқушы: Қаруын орыс, қытай, қалмақ сатты. Қырғызып қазақтарды қалмақтарға, орыстар қамалдарын салып жатыр.
6-оқушы: (жүгіріп келіп) Ағайындар! Қалмақтар Тараз бен Түркістанды да алыпты. Ташкентке де жақындапты дейді. (жылап) Тігілген ақ ордалар, қайран қоныс қаңырап тіршіліксіз босқа қалды-ау.
Төле би: (қатты күйінішпен) Халқымды соғыс, аштық тентіретті. Ит қалмақ, бізді бүгін жеңгенменен, түбінде жауды қазақ жеңер әлі. Қорықпаңдар әлі жеңістің туын көтерерміз. (Сахнадан шығып кетеді)
Жүргізуші:
Туған жерін азат ету үшін үш жүздің басын біріктіріп, бәріне басшылық жасаған Абылай хан қолбасшыларды өзі таңдайтын болыпты. Бірде қолбасшы деген ондаған батырды Абылай хан шақырыпты. Бұлардың ішінде Райымбек батыр да бар екен. Өңшең алпауыт ерлердің жасау-жабдығын сын көзден өткізіп келе жатқан Абылай хан Райымбек батырдың қасына келгенде астындағы ойнақшыған құнаны мен ер-тұрманына ерекше тоқтап, Райымбекті бір топ таңдаған қолбасшылармен бірге сарайға келуіне әмір етеді.
Хан сарайы.Абылай хан тағында отыр. Айналасында уәзірлері. Ханға ілтипат көрсетіп бір топ батыр кіреді, алдарында жас Райымбек батыр да бар.
Абылай хан (орнынан тұрып):
Жас жігіт! Астыңдағы құнанның ер-тұрманы өте әшекейлі екен, алдыңнан қараса – жылқының арқасы, артыңнан қараса – шоқтығы, жалы көрінеді екен. Өзің тым жас екенсің. Қолбасшы болуға әлі ерте сияқты. Ер-тұрманың менікі болсын, қалай қарайсың?
Райымбек батыр:
Уа, ханым, төресің,
Ер-тоқымға төнесің,
Дүние көріп тұрмысың,
Алтындаған шегесін!
«Бала» деп мені басынба,
Батырлығымды көресің.
Арғы атамды сұрасаң:
Өтірік айтпас өр Албан,
Өр Албаннан – ер Алжан.
Алжанның аты дүр Мәмбет,
Мәмбеттен туған Сырымбет.
Сырымбеттен – Хангелді,
Хангелді бабам туғанда,
Уысында қан келді.
Айналайын қазағым,
Қалмақ шауып, бақ ауып,
Судан аққан қан көрді.
Аққан қанды тыймаққа,
Алаштың басын жимаққа,
Абылайдай хан берді.
Атам менің Хангелді,
Қазақ үшін жан берді.
Атам ісін жалғап мен,
Ер болуға бел будым.
Айналайын хан бабам,
Немересіне арнаған,
Астымдағы құнан кер,
Құнанды керде құранды ер,
Әубәкір ұста жасаған,
Менің ғана бәсірем,
Шыныменен хан болсаң,
Бәсіремді сұрап көр
Абылай хан: (ризашылықпен)
Қарағым, алтынмен аптаған, күміспен күптеген ер-тұрманға, ойнақшыған кер құнанға мастанып келген қуыс кеуде, даңғой, мақтаншақ біреу ме деп сынай айтқан едім. Нағыз батыр екенсің. Сөзімді қайтып алдым, қолбасшы сен боласың. Жолың болсын, батырым!
1-жүргізуші:
Райымбек бабамыз “он бесінде” ат құлағында ойнаған 16-сында “Орда бұзар” атанған.Райымбек батыр, атасы Ханкелді секілді “Батыр-бір оқтық ”, “ұлық болсаң-кішік бол” деген аталық сөзді қатты ұстанды.
2-жүргізуші: Осылайша Жоңғардан зорлық көрген қазақ халқының ендігі кезекте орыс патшалығының отарында болған жылдарын еске алып көрейік. Олай болса ортаға 6 «Б» сынып оқушыларын, «Ынтымақ» тобын шақырамыз.
Көрініс «Қазақ жері орыс патшалығының отарында»
1 жыршы: Жоңғарлардан босаған соң жеріміз,
Есін жиып бас көтерді еліміз.
Азаттыққа жеттік пе деп қуанып,
Жиылғандай болды етек жеңіміз.
2 жыршы: Сөйтсе дағы мәні қашты өрістің,
Қайран халқым, азап уын көп іштің,
Ресейге қосылдық та, ұзамай
Боданы боп шыға келдік орыстың.
3 жыршы: Ұзақ жылдар орыс патша биледі.
Қазағыма теңдік, билік тимеді.
Бабалардың еркіндікті аңсаған
Армандары сөйтіп тағы күйреді1.
(Үш жыршы сахнадан шығып кетеді)
Ән: Қазақтай ел қайда ? 1-жүргізуші: «Бірлік» тобына сөз берейік. «Тамыры терең – Нұрлы жол!» 550 жылдық Қазақ елінің тарихындағы дала заңдары жайлы мәлімет тыңдап көрейік.
«Қасым ханның қасқа жолы»
Бұрынғы заң-қағидаларға енгізген ережелері мынау: 1.Мүлік заңы (мал-мүлік, жер-су, қоныс дауларын шешу ережелері); 2.Қылмыс заңы (кісі өлімі, ел шабу, мал ұрлау, ұрлық т.б. қолданылатын жазалар); 3.Әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, қара қазан, тұлпар ат, ердің құны т.б.); 4.Елшілік жоралары (шешендік, әдептілік, халықаралық қатынастардағы сыпайлық, сөйлеу мәнері); 5.Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас-той, мерекелер мен жиындардағы ережелер, жылу, асар т.б.);
«Есім ханның ескі жолы»
Бұл заң ережелері:
Жерге қатысты заңдарды;
Малға байланысты ережелерді;
Мүліктік қатынастарды;
Қылмыстық іс туралы (ұрлық, кісі өлтіру, қасақана жарақат келтіру);
Әйелдердің қоғамдағы жағдайы туралы;
Әскери міндеттілік туралы;
Дәстүрлі шаралар мен кедейлерге көмектесу туралы мәселелерді қарады;
Тәуке ханның «Жеті жарғысы»
«Жеті жарғы» жеті заңнан құралды: 1. Жер дауы заңы (земельный закон) 2. Отбасы-неке заңы (семейно-брачный закон) 3. Әскери заң (военый закон) 4. Сот заңы (судебный закон) 5. Қылмыстық істер заңы(уголовный закон) 6. Құн заңы (закон о Куне) 7. Жесір дауы заңы (закон о вдовах)
Сөйтіп, «Жеті жарғының» біздің заманымызға дейін жеткен заңдары осындай еді.
1-оқушы:
Төле би, ер Қазыбек,тілді Әйтеке,
Асқар тау Қазығұрттай білімді еді.
Бірі-күн, бірі-туған айдай болып,
Замана сәйкесімен келіп еді.
Байтақ елді ұйымдастырушылардың басы-қасында атақты батырлармен бірге ұлы үш би – Төле Әлібекұлы, Қазыбек Келдібекұлы, Әйтеке Бәйбекұлы болған еді. Ордабасыдағы сол құрылтай, ұлы жиын елдіктің, бірліктің ұлттық көрінісі болып тарихқа енген еді.
Төле би: - Уа,халайық!
Аттың күші-атқарған тірлігінде,
Ағайынның күші топтасқан бірлігінде.
Төртеу түгел болса-төбедегі келеді,
Алтау ала болса-ауыздағы кетеді.
Жаңбыр жаумаса жер жетім,
Басшысы болмаса ел жетім.
Аққу-қазсыз көл жетім,
Ұқпасқа айтқан сөз жетім!
Қазыбек би:
- Иә, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ – дауысымызды мол шығарғанымыз
емес пе, қараңғы түнек қапастан тайғанақсыз жол шығарғанымыз емес пе?!
Өркенім өссін десең,
Кекшіл болма –
Кесапатың тиер еліңе.
Елім өссін десең,
Өршіл болма –
Өскеніңді өшірерсің!
Әйтеке би:
-Жөн сөз! Бірі биік өрге тартса, бірі қайқаң белге тартса, бірі ойпаң жерге тартса
күніміз - түн, түніміз - түнек болмай ма? Жоқ, босып жүрген тірліктен, топтасып
жүрген тірлік артық!
Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін.
Бай болып, елге пайдаң тимесе,
Батыр болып, жауға найзаң тимесе,
Елден бөтен үйің күйсін!
(Сахнадан кетеді)
Музыка ойнап тұрады.
1 жыршы: Арқалаған ақыл жетпес күнәні
Қан сорғыштың бітпес еді күні әлі,
Нұрағаңдай тұлғалардың күшімен
Мәңгі деген империя құлады.
2 жыршы: Бізді талай жолға салған бұралаң
Империя солай, құрбым, құлаған.
Тәуелсіздік таңы атты да, бастады
Халқымызды жарқын жолға Нұрағам.
3 жыршы: 24 жыл болды, шуақ шашып күніміз,
Қайта оралды қасиетті дініміз.
Бодандықтың бұғауынан босады
Бабалардың аманаты – тіліміз.
4 жыршы: Қанат жайып егеменді халық боп,
Жолымыз да айқындалды жарық боп.
Жиырма төрт жылда еңсемізді көтердік,
Мойнымызға жүк артқанмен нарық көп.
5 жыршы: Өркендедік, ел болдық та кемелді,
Өзгелермен тереземіз теңелді.
Елім менің «Ата заңын» ардақтап,
Еркіндіктің шуағына бөленді.
(бес жыршы сахнадан шығып кетеді де, сахнаға тәуелсіз жастар тобы шығады)
Интерактивті тақтадан Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері көрсетіліп тұрады.
1-жүргізуші: Қазақстан-2050 «Қазақстан-мәңгілік ел» туралы түсінік беру.Туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру.Барша қазақстандықтардың мақсаты,мүддесі,тағдыры бір екендігін ұғындыру.Оқушылардың патриоттық сезімдерін ояту.
Қазақстанның жері-кең-байтақ. Батыстан шығысқа қарай үш жүз мың шақырымға,солтүстіктен оңтүстікке қарай бір мың жеті жүз шақырымға созылып жатыр.Қазақстанның табиғаты әр түрлі.Мұнда тау да,өзен де,шөл де бар.
-Қазақстан Республикасы 1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіз ел болып жарияланды.
-Тәуелсіз деген сөзді қалай түсінесіздер?
Ешкімге тәуелді емес,дербес,яғни өз мәселелерін өзі шешетін, өз байлығын өзі басқара алатын мемлекет. Қазақстан Республикасын еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басқарады.
2-жүргізуші: Елбасымыздың халқына жолдауында баршамыздың мақсатымыз,мүддеміз,тағдырымыз бір,сондықтан да мәңгілік ел болуымыз үшін бірлікте,татулықта болуымыз қажет деген болатын. Қазақстан-мәңгілік ел болуы мына отырған сендердің де қолдарыңызда,ол үшін сіздер берген білімді одан әрі игеріп,ізденіп өз қажеттіліктеріңе жұмсап отырасыңдар,ел ертеңі-білімді ұрпақ деп тегін айтылмаған. Ұрпағымыз білімді,тәрбиелі, саналы болған жағдайда ғана еліміз көркейіп,гүлдене түсері сөзсіз.Олай болса, тек білімді болайық!
Ән- Атамекен. Елдігіміз бен бірлігімізді , ынтымақ пен татулығымызды айқындайтын егемендігіміз мәңгілік , тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай ! Тәуелсіздігіміз баянды болсын!