Просмотр содержимого документа
«Отты жылдар шежіресі ?мытылмайды »
«Отты жылдар шежіресі ұмытылмайды»
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған ашық тәрбие сағаты
Қатысатындар: тыл ардагерлері мен 7-8 сынып оқушылары.
Сабақтың мақсаты:
Оқушыларға Ұлы жеңіс жайлы, сұрапыл соғыс жылдарындағы ата - апаларымыздың ерен ерліктері туралы, бүгінгі бейбітшіліктің оңайлықпен келмегендігі жайлы білім беру. 2. Оқушылардың үлкенге құрмет, кішіге ізет дағдыларын ояту. Олардың тарихтан алған білімдерін шыңдау, дамыту. 3. Оқушыларды теориялық білімдерін өмірде пайдалана білуге, үлкендерді сыйлай білуге тәрбиелеу. Сабақтың түрі:Ашық тәрбие сағаты. Сабақтың әдісі: әңгімелеу, сто әдісі,топқа бөлу,ыстық орындық әдісі,бағалау. Көрнекілігі: қанатты сөздер, шарлар, гүлдер, қабырға газеттері, слайд, бейнеролик. Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі:2 минут
*Ардагерлерді жылы лебізбен қарсы алу. Оқушылар мен ардагерлердің қолдарына түрлі жалауша тарату арқылы үш топқа бөлу.
1-жүргізуші: Құрметті қонақтар! Оқушылар! Төрлетіңіздер! Мына қолдарыңызға тапсырылған үш түрлі жалаушалар бойынша қазір сіздер үш топқа бөлінесіздер. Көк жалауша алған қонақтар мен оқушылар «Бейбітшілік» тобына, қызыл жалауша алғандар «Жауынгер» тобына, жасыл жалауша алғандар «Жеңіс» тобына бірігіп, үш топқа бөлініп отырасыздар.
*Қонақтар мен оқушылар топтарға бөлініп отырады.
2-жүргізуші: Қадірлі Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері және оқушылар! Баршаңызды ерлік туын желбіретіп, бүкіл әлемге тыныштық сыйлаған Жеңіс күнімен және соғыстың аяқталғанына 70 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймыз! Олай болса тәрбие сағатымыздың қонақтарымен таныс болыңыздар.
1. Абай ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Түңлікбаев Марат аға!
2. Абай аудандық «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Дүрмекбаев Қайырғазы Нұрлыбекұлы!
3. Еңбек ардагері Бейсенбаев Базарбай аға! 3-жүргізуші: Құрметті қонақтар және оқушылар! Енді барлығымыз бүгінгі өткелі отырған тәрбие сағатының тақырыбын ашатын бейнефильмге назар аударайық.
*Ұлы Отан соғысындағы отты күндерден сыр шертетін бейнебаян көрсетіледі.
1-жүргізуші: Құрметті ардагерлер және оқушылар! Жаңа өздеріңіз көрген бейнефильмнен қандай әсер алдыңыздар? Осы бейнефилімде көрсетілген оқиғаларды қорытындылай келе бүгінгі өткізгелі отырған ашық тәрбие сағатымызда қандай тақырыпта сөз қозғалмақ деп ойлайсыздар?
*Қатысып отырған бір ардагер мен бір оқушы өз ойларын айтады.
2-жүргізуші: Бүгінгі сабақтың тақырыбын ашатындай етіп, ойларыңызды дұрыс жеткіздіңіздер, рахмет сіздерге! Иә, арада қаншама жылдар өтсе де, Отан үшін от болып жанып, оқ болып атылған аға ұрпақтың ерлігі ешқашан ескірмейді, санамыздан өшпейді. Олай балса, құрметті қонақтар, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне арналған «Отты жылдар шешіресі ұмытылмайды» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер! 3-жүргізуші: Сіздерді алдымызда келе жатқан Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Құрметті ардагерлер! Қаншама жыл өткенмен сонау сұрапыл жылдардың оқиғалары, әкелеріміз бен аталарымыздың қасиетті Отанымызды неміс басқыншыларынан қорғауда көрсеткен ерен ерліктері мен қайтпас қайсарлықтары біздің жүрегімізде мәңгі сақтаулы. 2-жүргізуші: Жыл өткен сайын, күн өткен сайын сол бұрын - соңды болмаған алапат соғысты көзімен көріп, белуардан қан кешкен ержүрек жауынгерлер де азайып барады. Ұлы Отан соғысындағы сол бір ғажайып Жеңіс күнін жақындатқан ата-апаларымызды еске алып, бір минут үнсіздік жариялаймыз!
3-жүргізуші: Ал енді құрметті қонақтар мен оқушылар! Бүгінгі ашық тәрбие сағатымыздың тақырыбына сәйкес бірінші шарт бойынша үш топқа үш суреттің қиындыларын ұсынамыз. Әрбір топ сол суреттерді 2 минут ішінде құрастырып, суретке тақырып қоюы және сол суреттің мағынасын қысқаша әңгімелеп беруі керек. Бір топ мүшесі берілген тапсырма бойынша суретті құрастырып, мазмұнын айтып бергеннен кейін қалған екі топтың екі мүшесі оны бағалап, қысқаша өз пікірін білдіреді.
*Жүргізушілер топтарға суреттерді таратады, топ мүшелері оларды құрастырып, мазмұнын ашып әңгімелеп береді.
1-жүргізуші: Ал енді ашық тәрбие сағатымыздың екінші шартына назар аударайық. Елімізде әрқашан бейбітшілік пен тыныштық, ынтымақ пен бірлік, құт-береке мен шалқыған шаттық салтанат құрып, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын деп, әрбір топтан бір-бір оқушыдан шығып, Қазақстанның белгілі ақындарының Ұлы жеңіс туралы жазған өлеңдерінен үзінділер оқиды. (ұзақтығы 2 минут)
* Оқушылар Ұлы Жеңіс туралы жазған өлеңдерінен үзінділер оқиды.
3-жүргізуші: Ал енді құрметті қонақтар және оқушылар! Тәрбие сағатымыздың үшінші бөліміне көшейік! Бұл бөлімнің шарты бойынша үш топ өздеріне берілген тапсырмаларды орындап, сайысқа түседі. Бірінші «Бейбітшілік» тобы Жеңіс тақырыбына арнап өз ойларынан өлең шумақтарын құрастыруы керек. Ал екінші «Жеңіс» тобының мүшелері бүгінгі сабақтың тақырыбына сәйкес қысқаша көрініс көрсетеді. Үшінші «Жауынгер» тобы Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған патриоттық ән орындайды.
1-жүргізуші: Ендеше, тәрбие сағатымыздың үшінші бөлімін бастайық. Сайысты «Жауынгер» тобы бастайды. Екінші болып өнерлерін ортаға салатын «Жеңіс» тобы. Өнер сайысын «Бейбітшілік» тобы аяқтайды.
* Ашық сабаққа қатысушы үш топ өз өнерлерін көрсетеді.
2-жүргізуші: Құрметті ардагер аталар! Біздің жарқын болашағымыз жолындағы сіздердің жасаған көзсіз ерліктеріңіз, жанқиярлық еңбектеріңіз және патриоттық істеріңіз біз үшін, яғни бүгінгі жалынды жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Ал ұлағатқа толы әрбір сөздеріңіз - біз үшін өшпес өсиет. Олай болса, келесі сөз кезегін құрметті Марат аға және ............. өзідеріңізге береміз!
* Құрметті қонақтар сөз сөйлеп, естелік айтады.
3-жүргізуші: Құрметті ардагерлер! Сіздерден жақсылықты үйреніп, өз елімізді-жерімізді сіздер сияқты сүюге, қастерлеуге, Отанымызды сіздер сияқты жанқиярлықпен қорғауға тырысамыз дей отырып, келесі кезекті жалынды жырға берейік! Бүгінгі ашық сабағымыздың қонағы, 9-сынып оқушысы Сәметова Хамида сіздерге өзі шығарған «Жеңіс туралы жырын» оқып береді.
Жеңіс туралы жыр
Көркі болған мұражай мен көрменің,
Мақтаныш қып атамыздың орденін.
Жыл сайын біз Жеңіс күнін тойлаймыз,
Білеміз бе оның қалай келгенін?
Мұңға ораған көңілдердің көктемін,
Білеміз бе Жеңіс қалай жеткенін?
Білеміз бе не екенін соғыстың,
Білеміз бе халқымыздың өткенін?
Мылтық біткен төрде ілініп, оқталмай,
Өмір-өзен аққан шақта тоқталмай,
Соғыс өрті шарпып өтіп елімді,
Басымызға салмақ түсті батпандай.
Сұм соғыстың ажал отын сепкенін,
Айтып жатты қан майданнан жеткен үн,
Елде қалған жаны нәзік жас ару,
Иыққа асты жан жарының кетпенін.
«Жас шыбықтар өсіп өркен жаймасын» -
Деп, фашистер жасап жатты айласын.
Бұғанасы бекімеген жас бала,
Қолына алды әкесінің қайласын.
Қиындықты бірге көріп елменен,
Тарықпаған ана-бала кемде-кем.
Ал әкелер зұлымдықты жеңем деп,
Жау дзотын тұншықтырды кеудемен.
Қалың елге төнген қауіп-қатерді,
Бүкіл халық қол ұстаса көтерді.
Жеңіс деген шыңға бастар баспалдақ,
Боздақтардың қаныменен төселді.
Сұм соғыстың ауыр болды зардабы,
Соғыс өрті талай жанды жалмады.
Жеңіс күні желбіреген жалаулар –
Боздақтардың айтылмаған арманы.
1-жүргізуші: Құрметті қонақтар мен оқушылар!Ұлы Жеңістің 70 жылдығықұрметіне орай өткізіліп отырған «Отты жылдар шежіресі ұмытылмайды» тақырыбындағы ашық тәрбие сағатымыз өз мәресіне жетті. Ашық сабаққа қатысқан құрметті қонақтарымызға рахмет айтамыз және бүгінгі кездесуден естелік болсын деп, аздаған сый-сияпатымызды ұсынамыз!
2-жүргізуші: Ал енді құрметті қонақтар және оқушылар! Бүгінгі ашық сабаққа үш топқа бөлініп, барлықтарыңыз да жақсы қатыстыңыздар. Ұлы Жеңістің мәні мен мағынасы туралы ойларыңызды ортаға салып, аға ұрпақтың ерлігі туралы естелік айттыңыздар. Өткен тарихты бүгінгімен жалғастырып, өнер көрсеттіңіздер. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған ашық тәрбие сағатын қорытындылау үшін және қатысқан топтарды марапаттау үшін мектеп директоры Роллан Рымханұлына сөз береміз.
*Роллан Рымханұлы сөйлейді
3-жүргізуші: Ал енді құрметті ардагер ағалар және оқушылар!
Қорған болған елінің елдігіне,
Бас иеміз бабалар ерлігіне –
деп, біз әрқашанда ардагерлерімізді құрметтейміз және мақтан тұтамыз! Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі құтты болсын – дей келе бүгінгі ашық тәрбие сағатымызды бәріміз «Шаттық шеңберін» құрып, «Тілек шамымен» аяқтаймыз!
«Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицей»КММ
«Отты жылдар шежіресі ұмытылмайды»
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған ашық тәрбие сағаты
Өткізгендер 7-8 сыныптардың жетекшілері:
Саятбек Марал – қазақ тілі пәні мұғалімі,
Мұқажанова Жанна – құқық және экономика пәнінің мұғалімі,