Просмотр содержимого документа
«М??а?алиді? таби?ат лирикасы /т?рбие са?аты/ »
Тақырыбы: Мұқағалидің табиғат лирикасы
Мақсаты: Ақиық ақынның өмірінен мағлұмат беру, өлеңдерін мәнерлеп оқу, ақын шығармаларының идеялық-көркемдік мазмұнын ашу, өлеңді мәнерлеп жатқа оқуға дағдыландыру. Мұқағали Мақатаев поэзиясының халыққа кең таралауына және оның шығармаларын сыры неде екенін таныту, ақын өлеңдерін оқи отырып, адамгершілікке, табиғатты қорғауға, сүйе білуге, адалдыққа, әдемілікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Интерактивті тақта, шығармалар жинағы, ақын туралы естеліктер
Барысы:
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер – тұрманы.
Жазылар естеліктер нешелеген
Көрерміз оның бәрін пешенеден.
Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер!?
Мұқағали Мақатаев
Мұқағали – жырына сусындаған әрбір жүректің төрінен орын алған ұлы ақын. Ол – бүгінгі әрбір жырсүйер жанның сырласы, мұңдасы, ақылшысы. Мұқағали жырларының ерекшелігі – оның жасандылықсыз, шынайы құдіретінде.
Құрметті қонақтар, ұстаздар және оқушылар, бүгінгі тәрбие сағатымыз ақын, поэзияның – Хантәңірі атанған Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналмақ. Мұқағали – сөз құдіретінің мән-мағынасын терең түсініп, сөз маржанын бейнелі өрнекпен кестелеген ақын.
Мұқағали шығармаларының тақырыбы да әр алуан. Ол биік адамгершілікті де, достықты да, бауырмашылдықты да, табиғатты да, махаббаты да жырлаған.
Мұқағали Мақатаевтың өнер, өлең, табиғат, өмір жайлы өлеңдері эстетикалық талғам биігін, сезімтал байқағыштығын танытады. Кіп-кішкене ғана, шағын өлеңінде ақын бір үлкен поэмаға арқау болар адамгершілік ой түйінін бере алады. Мұқағалидың жырларына үңілгенде ұлттық поэзияға тән басты ерекшелікті – табиғат пен адам болмысын тұтастырған поэтикалық өрнекті көреміз. Ол өзінің поэзиялық күшін туған жер табиғатынан алады, өзінің сөзін де соған арнады. Мұқағали жырлаған табиғат әлемі оның өлеңдерінен ерекше көрініс тапқан. Олай болса бүгінгі тәрбие сағатымызда Мұқағалидың табиғат лирикасын сөз етеміз.
Тәрбие сағатымыз 4-бөлімнен тұрады.
1-бөлім «Қара саздың қарлығашы – қара қазақтың мақтанышы»
/Мұқағали Мақатаевтың өмірі/
2-бөлім «Поэзия, менімен егіз бе едің»
/«Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді/
3-бөлім «Таулар – менің таусылмайтын бақытым,
Ал ырысым, ұлан-ғайыр кең далам» /Ақынның табиғат лирикасы/
4-бөлім Қорытынды
1-Бөлім: «Қара саздың қарлығашы – қара қазақтың мақтанышы»
/Мұқағали Мақатаевтың өмірі/
Мұқағали Мақатаев:
«Мен туған жер Қарасаз баурайдағы,
Жалғанда жер біткеннің бал – қаймағы.
Есім кетіп жүргенде ес білдірген,
Жаралған жұлдызым ғой маңдайдағы, – деп өзі тебірене жырлағандай 1931ж. 8-ші наурызда Алматы облысының бұрынғы Нарынқол ауданындағы Қарасаз топырағында дүниеге келген. Алайда, құжаттар бойынша ақынның туған күні ақпанның 9-да тойланады. Шалкөденің шалғынды баурайы, жағасына күміс шашқан Қарасаздың қара суларының кәусар сыңғыры бала Мұқағалидың ойын әлдилеп, қиялына қанатбітірген алтын бесігі еді.
Ақынның азан шақырылып қойылған аты – Мұхаметқали. Бірақ, «пайғамбардың атын алып жүру жас балаға ауырлық етеді», - деп ата – анасы оны кішкентай күнінен «Мұқағали» деп еркелетіп атап кеткен
Отан шетіне қанқұйлы жау тиіп, Батысты өрт шалғанда ақынның әкесі өзі сұранып, майданға аттанады. Зұлмат соғыс тақсіреті мен қасіреті Мақатаевтар шаңырағын да шайқалтып кетті. Отағасы Калининград бағытында болған сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тауып, қара қағаз суық хабар әкеліп, Нағима ана қаршадай Мұқағалиға жедеғабыл үш ұлымен жесірлік қамытын киді. Балдай тәтті балалық шағы жаралы жүлдызға тұспа – тұс келген, өз тағдырластары - қарадомалақтар сияқты болашақ ақын да ерте есейіп, етек жауып, арба айдап, соқа салып, тырма тартып, шөп шауып, масақ терді. Бұл ертеңде өскен өмірбаян кейін өзекті өртейтін өлең болып өріліп, өрісті өрнек тапты.
Осындай өлеңдерінің бірінде:
«Соғыс деген қайдан шықты? Авторы кім алғашқы?
Есіл Адам, есі кетіп, оған неге жармасты.
Бір дәуірден бір дәуірге неге үзілмей жалғасты,
Бүкіл адам тарихының бетін неге қан басты?
Соғыс деген аққан соры ақсүйектің, құлдың да,
Соғыс деген - төккен ары қыздың және ұлдың да...»
- деп сол жылдардағы соғыстың қиындықтары мен қасіретін көз алдыңызға әкеледі.
1948 жылы онжылдық мектепті бітігеннен кейін ақын 1948 – 1949 жылдары КазМУ-дың Филология факультетінде оқып, өзінің туған ауылында ауылдық кеңестің хатшысы, жергілікті комсомол қызметкері, жеті жылдық мектепте мұғалімдік қызметтерін атқарады. 1970 жылы Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, 1973-1974 жылдары Мәскеудегі Әдебиет және өнер институтында оқыған болашақ ақын Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарғанда да, республикалық баспасөзде жұмыс істеген жылдарында да әдеби шығармашылық өмір тынысынан бір сәт ажырамай, ақындық қабілетін одан әрі шыңдаған.
«Поэзия! Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?!
Алаулатқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім»,
-деп, тебіренетін Мұқағали бүкіл ғұмырын, жан дүниесін қалтқысыз өлең жолына арнады. Таланты бай, ішкі рухани қуаты берік ақын небір тамаша лирикалық жырларын ұсынды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»деген. Десек те, соның сәті тірі кезінде түспей – ақ қойғаны. Өзі туралы ақиқаттың айтылғанын өзі естіп үлгерген де жоқ.
Хантәңірі - Қарқара өңіріндегі көлдерде кезінде киелі құс аққу көп болған. Мұқаңның досы Әбдіке Асановтың айтуынша, аңшылық серуенді өте жақсы көрген. Саятшылықта жүріп, осы киелі құстың сұлулығы мен әдемілігін және тазалығы мен тәкаппарлығын әбден білсе керек. Ақындардың көбі аққу туралы жазған ғой. Мұқағалидың қасиетті құс жайындағы толғауы тосын философиялық ой, ауыр сезіммен аяқталады. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы –белгілі бір шоқтығы биік болып есептелетін керемет те құдіретті, көркем шығармаларының бірі. Ақынның дүние құбылыстарын, табиғаттың тылсым сырын, тілсіз мақұлық сұлулықтың символы болған аққудың киелі қасиетін халыққа паш етумен, ғазиз ананың бар болмысын, жан сырын, балаға деген ананың өшпес мейірімділігін тебірене суреттегенін көреміз. Ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының негізгі тақырыбы – тыныштық ал осы тыныштықты ақын құс төресі «аққулар ұйықтаған кездегі» табиғат көрінісі арқылы берген. Сонымен бірге ақынның айтар ойы әл ұстінде, ауырып жатқан баласы үшін неге де болса қайғы болған ғазиз ананың қайғырған мұңы, жан ұшырып өкініш пен үміттің арасында болып, қасиетті, киелі аққуға, бұрыннан елде бар оқ атуға болмайды деген сенім мен дәстүрді бүзғанын, әрі ананың көкірегі қас айырылып, естен тана күйзелген кездегі психологиялық жан толғанысы.
«Аққулар ұйықтағанда» /поэмасынан үзінді/
Рөлдерде:
Автор: Чайкозова Айшабибі
Ана: Көбен Эльвира
Әке: Сулеймен Арнұр
Аңшы: Есенгелді Жасұлан
3-Бөлім: «Таулар – менің таусылмайтын бақытым,
Ал ырысым, ұлан-ғайыр кең далам» /Ақынның табиғат лирикасы/ мәнерлер оқу
Мұқағали жырлаған табиғат әлемі оның өлеңдерінен ерекше көрініс тапқан. Өлеңдерім жай болып атылғанда,
Атылғанда, аспаннан оқылғанда.
Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп,
Жанар пайда болады соқырларға, –
деп ақын өзі айтқандай, Мұқағали ешқашан ұмытылмақ емес. Ақын ұлағаттылығын осыдан-ақ байқауға, танып-білуге болады. Мұқағали Мақатаев – қазақ поэзиясының табиғат лирикасында өзіндік дербестік танытқан, өзгеше әлем ашқан жаңашыл ақын.
Табиғат аясында туып өскен әрбір ақынның сол тақырыпқа қалам тартпауы мүмкін емес. Туған жерді, оның табиғатын жырлау – барлық ақынның перзенттік парызы. Мұқағалидың табиғат лирикасын ақын лирикасындағы туған жер келбеті, өлең өрнектеріндегі табиғат перзенттері, жырға айналған жыл мезгілдері деп топтауға болады.
«Жаз да жетті» /Молдасанова Аяла/
«Самал есті» /Рахымжан Рахат/
«Қысқы боран» /Есболат Тоғжан/
«Қыс келген күні» /Терлікбаева Аружан/
Жүрегі жыр теңіз ақын Мұқағали Мақатаев Дала, Тау тұжырымдарымен өзінің дүниетанымдық көзқарасын барынша айқын, барынша шынайы түрде жеткізуге құштар. Соған ұмтылады. Солай етеді де. Ақынның табиғат сұлулығын көруі, сезінуі, жырлау өзгеше. Ешкім аңғара қоймаған құстарын, сиқырлы әлемін өзінше ашып жырлайды.
«Қабағы таудың қатулы» / Қайынбай Аида/
«Тау бұлағы да ағады» / Серікқызы Салтанат/
«Біздің таулар – керуендей шұбалған» / Құрманғазы Қатира/
«Таудағы нөсер» / Тыныбеков Ерсұлтан/
«Тауға келсең» /Якубова Мадина/
«Жабыр тау» /Асан Райлям/
«Айхай, далам» /Сулеймен Арнұр/
"Бізде туған жер туралы ән де, өлең де аз емес. Ал соның ішінде Мұқағали Мақатаевтың туған жерге арнап жазған өлеңдерінде өзгеше жылу, сыршылдық, жан жүйені шымырлатар қасиет бар. Қай қайсымыз болсақ та толқи, тебірене әндеткіміз кеп тұрады. Мұнда туған жер туралы өлеңдер де, сырт шолу, жай желпіну, жер байлығын жалпылай атап, жай тамашалау жоқ та, іштей сүйсіну, құштарлану, толғану бар" – деп, ой түйіндейді қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова.
Табиғат ананың бір бөлшегі болған Мұқағали былай дейді:
Табиғат
Жанымды алсаң,
Алшы менің,
Бір түйір жерге түскен, тамшы едім.
Мұқағали жоғалса қайтер дейсің.
Артымда қалсын жерім,
Қалсын елім, - деген Мұқағали барлық өлеңіне бойындағы сезімнің ағынымен барып таусыла жазды. Барлық шығармасын соңғы өлеңіндей жазды. Өйткені, “Мұқағали – бір ғасырда бір рет қана дүниеге келетін қазақ поэзиясының алтын домбырасы дерліктей ірі талант иесі”.
«Ей, Табиғат!» / Есенгелді Жасұлан/
«Жартасқа жалғыз гүл өсер» / Асан Рахман/
«Киіктер, мұнда жүрмеңдер» /Камалладдинов Динмухаммед/
4-Бөлім Қорытынды
Мұқағали өлеңдерінің кереметтігі, құдіреттілігі – уақытпен үндестігінде. Сондықтан да ақын өлеңдері жиырма бірінші ғасырда жалпы қазақ елінің жүрегінің төріне шығып, орын алады. Мұқағали өлген жоқ. Ақиқатында Алла – Тағала - көзі тірісінде халық қадірін білмеген, адамдар бағалай алмаған, тағдыр аямаған Жердің әдемі сәулесін, баршамыздың көзімізді қызықтырып, жарық күндей жарқыратып, аспанға апарып жағып қойды.
Өз өлеңімен өзін емдеген ақын енді өлеңдерімен бізді - халқын емдеп келеді. «Бізге мақтан болған, бұдан былай да мақтан бола беретін бауырым» деген екен Әбділда ағасы. Халқына мақтан болған Мұқағали халқымен мәңгі бірге жасайды! Ақынның өз сөзімен айтсақ:
Әрине, суық қайғы, суық қайғы,
Көңілін халқың бірақ суытпайды.
Егерде халық өзін ұмытпаса,
Бақыл бол, халқың сені ұмытпайды. – деп, бүгінгі Мұқағалидың табиғат лирикасына арнаған тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.
“Бір өлеңі бір елдің мұрасындай поэзия пайғамбары”.
“Мұқағали поэзиясы - тірі поэзия”.
“Шын поэзия жасырынып тұрған дүние сұлулығының шымылдығын сыпырып тастайды” деген еді Шелли.