Просмотр содержимого документа
«"?аза? хал?ыны? ?лтты? б?йымдары" саба?тан тыс шара»
Бекітемін: __________
Күні:
Тақырыбы: «Қазақ халқының ұлттық бұйымдары».
Мақсаты: Оқушыларға қазақтың мақал - мәтелдерін, салт дәстүрін, оқушылардың технология пәнінен алған білімдерін іс - тәжірибемен ұштастыра және толық мағлұмат бере отырып, шығармашылық қабілетін ояту.
Білімділік: Оқушылардың білім деңгейін көтеру, жетілдіру, белсенділіктерін арттыру.
Сабақтың түрі: Сайыс Көрнекіліктер: интерактивті тақта, суреттер, қазақтың ұлттық бұйымдары туралы нақыл сөздер.
Сайыстың өткізілу барысы
Жүргізуші:
Армысыздар құрметті ұстаздар , оқушылар, кеш қонақтары! Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазақ халқының ұлттық бұйымдары» атты тақырыптағы сайысымызға қош келдіңіздер! Қолөнер біздің рухани байлығымыз, мәдениетіміз, салт дәстүріміз. Ол бірнеше ғылымдардың дамуынан пайда болған өнер туындылары. Халық қолөнері ғасырлар бойы қалыптасқан асыл мұра. Бүгінгі заман талабына сай адам сегіз қырлы бір сырлы болуы керек. «Үйрету - үлкеннен, үйрену - кішіден» демекші, өткеннің өнегесін, дәстүрдің татымдысын бала бойына сіңіру әрбір ұстаздың міндеті.
Құрметті ұстаздар , оқушылар бүгінгі «Қазақ халқының ұлттық бұйымдары» атты сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер. Олай болса бүгінгі сайысымызға қатысатын топтарымызды ортаға шақырамыз. Топ аттары
Бүгінгі сайысқа төрелік ететін әділқазылар алқаларымен таныс болайық.
1.______________________________
2.______________________________
3.______________________________
(Әділқазы алқасы әр бөлім қорытындысын балдық жүйемен бағалап отырады.)
Сайыс шарттары 4 кезеңнен тұрады: 1. «Таныстыру» (әр топтың басшысы өз тобымен таныстырады ) 2. «Сұрақ - жауап» (сандықтан алынған сұрақтарға жауап беру)
3. «Ойлан тап» (суретке мақал - мәтел айту және тапсырмалар орындау.) 4. «Өнерлі бала өрге жүзер» Әр топ үйден жасап келген бұйымдарын қорғайды.
Жүргізуші:
І.Шарт: «Таныстыру» Ал кімнің өнері бар қаншалықты, Кілемге біреулер өрнек салыпты. Терме ұстап, енді бірі ши тоқыса, Оюдан түйін түйіп тамсаныпты, - деп келе, кезекті сайыскерлердің өз топтарын таныстыруға берейік. Әр топтың топ басшысы өздерінің тобымен эмблемасымен таныстырады.
Жүргізуші:
II. Шарт: «Сұрақ - жауап» «Білекті бірді жығады, Білімді мыңды жығады. Инемен құдық қазғандай Білімнің шыңына шығады, - дей отырып, кезекті «Сұрақ - жауап» сайысы. Бұл шартта ортаға сандыққа салынған сұрақтар әкелінеді. Әр топқа арналған 3 сұрақ бар.
1.Қазақтың ұлттық аспаптарын ата? - Домбыра, сазсырнай, жетіген, қобыз, сыбызғы т. б.
2.Білекке салынатын сәнді зат? (Білезік)
3. Қазақтың алғашқы ханы? (Керей хан 1458-1473)
4.Сандық не үшін қажет? (Заттарды салып сақтау үшін қажет)
7.Биялай дегеніміз не ? (құсбегілер қыран құсты қондырғанда киетін тері қолғап. Сол қолмен тізгін ұстайтын болғандықтан, биялайды оң қолға арнап тігеді.)
8. Қазақтың ұлттық жиһаздарын ата? (сандық, алаша, кебеже, абажа, ағаш төсек, тулақ, жүкаяқ т.б)
9. Текемет қалай жасалады? (киізге түрлі түсті жүндерді оюлау арқылы жасалады.)
10. Алаша дегеніміз не? (әр түрлі жүннен немесе әр түрлі түске боялған мақта мен жүннен тоқылған төсеніш.)
11. Киіз үй бөліктері? (шаңырақ , уық, түндік, кереге,)
12. Ағаш төсек дегеніміз не? (адамның жатып тынығуы үшін пайданылатын үй жиһазы.)
13. Қазақ хандығының соңғы ханы? (Кенесары Қасымұлы)
14. Домбыраның құрылыстары қандай ? (басы, екі құлағы, мойыны, шайтан тиек, бет қақпағы, шанағы,дыбыс шығаратын ойығы,үлкен тиек,түймесі, пернесі, екі ішек)
15. Сүргі дегеніміз не? (Ағашты өңдеу, тегістеу үшін қолданылатын құрал.)
16. Кебежені не үшін пайдаланады? (тамақ сақтауға арналған сандыққа ұқсас ағаш бұйым. Кебеженің түбі қалың тақтайдан жасалады. Оның қақпағы сандықтың қақпағы сияқты, кейде жармалы да болып келеді.)
Жүргізуші:
III. Шарт: «Ойлан тап» Бұл сайыста суретке байланысты мақал - мәтелдер айту және тапсырмалар орындау.
Сайыскерлерімізге мақал құрастыру және жұмбақтар шешу тапсырмалары беріледі.
Әр топқа мақал құрастыру , бұйымдар туралы мәліметтер және жұмбақ шешу беріледі.
I топ 1 тапсырма : Суретке байланысты мақал құрастыру : орақ , балға.
Ұста балғаға жарымас. От ауызды, орақ тілді.
2 тапсырма: Жұмбақ шешеу
Кіруге адам батпайды Төрт бұрышты тақтайды Затыңды аман сақтайды. (сандық)
Сәбиге сәнді үй, Әжеге ән-күй. (Бесік)
ІІ топ
1 тапсырма: Кебеже, тоқым , шолпы бұл сөздердің анықтамаларын , қайда қолданылатыны, қалай жасалатыны туралы айту.
Тоқым- ердің ағашты аттың арқасына батпау үшін астына салатын қалың киіз.
Шолпы- әйел әшекейлерінің ішінде сәнді әрі күрделілерінің бірі. Қазақ арасында оның түрлері өте коп. Шолпыны сән - әшекей ретінде, сондай - ақ оның салмағының әсерінен шаш ұзын болып оседі деп таққан.
Кебеже – бидай, арпа, тары, күріш сияқты дәнді дақылдарды, тағы басқа да азық - түлік түрлерін салып қою үшін арнайы жасалған сандық. Кебежеде салмақты заттар сақталатын болғандықтан, оны қалың тақтайдан мықты етіп жасайды.
2 тапсырма:
Тоғыз белбеу, қос жібек, Екі мұрын, бір шүмек. (домбыра)
Шылбырын сүйрейді, Жыртықты түйрейді. (Ине)
ІІІ топ:
1 тапсырма: Кесте мақал құрастыру.
Кестені көңіл сызады, қол тігеді, көз сынайды. Қыз еркем, кестесімен көркем, ұл еркем, өрнегімен көркем
2 тапсырма:
Тептім, терекке шықтым
(Үзеңгі)
Жетпіс екі найзаны, Біріктіріп ұстап тұр, Ата-бабаның қай жаны, Ие болса оған — ұшпақ бір. (Шаңырақ)
IV топ
1 тапсырма: Сырға , жүген, тулақ бұл сөздердің анықтамаларын және қайда қолданылатыны, қалай жасалатыны туралы айту.
Сырға – әйелдердің құлаққа салынатын сәнді зат, алтын, күмістен, асыл тастардан жасалған.
Жүген- салт мінілетін аттың басына кигізілетін тұрман.Жүгенді былғарыдан астына қайыс салып тігіп, мал жүнінен есіп,өріп, түйіп әшекейлеп жасаған.
Тулақ– тайдың терісін шикідей керіп кептірген көн төсеніш. Сондықтан оны тайтері деп те атайды. Тулақ жасау үшін жаңа сойылған тайдың терісін шелінен, көк етінен арылтып, тазалап алады. Егер тері өте майлы болса, күйдірілген әктас, сортаң топырақ немесе тұзды көлдің сазын жағып, майын алады.
2 тапсырма:
Басы да екеу, аяғы да екеу. (қайшы)
V топ
1 тапсырма:
Аппақ, ұзын қозғалмай жатыр сулап, Сол нәрсе қолға түссе кетер турап. (Пышақ).
Өзі бүкір, Бүтін қырды таусады, Қырдан қайтып, Үйде бір жыл жатады. (Орақ).
2 тапсырма: Сандық, жастық,сырмақ бұл сөздердің анықтамаларын және қайда қолданылатыны, қалай жасалатыны туралы айту.
Сандық - киім-кешек, тағы басқа да заттарды салуға арналған, ағаштан жасалған бұйым. Сандық - халықтар тұрмысында ерте кезден пайдаланылып келе жатқан ең ежелгі жиһаздың бірі. Көшпенді халық үшін ол өте-мөте қолайлы болған.
Жастық - адамның басына жастауға арналған үй жиһазы. Жастықтың ішіне көбінесе құстың мамығы салынып, сырты матамен тысталады.
Сырмақ - киізден сырып, оюлап жасалған төсеніш. Сырмақты түрлі-түсті киізден ойып, өрнек салып та, сондай-ақ шымқай ақ киіздің бетіне ақ, қызыл, сары маталардан ою бастырып та тігеді. Сырмақ жасау үшін алдымен ою-өрнек салынған үлгісі дайындалады.
Жүргізуші:
IV.«Өнерлі бала өрге жүзер» Әр топ үйден жасап келген бұйымдарын қорғайды, жасалу жолдарын. Қолданылатын құрал түрлерімен таныстырады.
Жүргізуші:
V.Қорытынды: Сіздер, біздің шебер, іскер және қиыннан қиыстырар тапқыр оқушылар өнерін тамашаладыңыздар. Өнер - құдірет, күш, адамның жан серігі, рухани байлығы. Кез келген озып шықпайды, талапты, өнерлі оқушы жарқырап біріншілікке шығады. Талант пен өнер атаулының көтерілер шыңы - дарындылық. Осындай сайысқа жиі қатысып, талаптарыңыз талмай, дарындылық қасиетіңіз арта берсін.
Құрметті әділқазылар алқасы бүгінгі сайысқа қатысқан сайыскерлерімізді мараптау үшін сіздерді ортаға шақырамыз.
Жүргізуші:
Осымен бүгінгі Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдасытырылған «Қазақтың ұлттық бұйымдары» атты сайысымыз аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, білімді шәкіртеріміз көбейе берсін!