Просмотр содержимого документа
«Ою-?рнектерді? ?олданылу т?сілдері »
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы әкімдігінің «21 орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Технология пәні мұғалімі Тулаева Аймекен Байбакитовна
Пәні: Технология
Сыныбы: 6 б
Сабақтың тақырыбы: Ою-өрнектердің қолданылу тәсілдері Сабақтың мақсаты: Ою-өрнек туралы түсінік беру. Білімділік: Қазақ халқының ою-өрнек түрлеріне сипаттама беру және жапсырмалау технологиясын үйрету. Дамытушылық: Ою-өрнектің тілін түсіндіру, сырына мән беру арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту. Тәрбиелік: Ою-өрнек арқылы оқушылардың ой-өрісін, білімін жан-жақты дамыту, халқымыздың асыл мұраларын, салт-дәстүрін, өнерін құрметтеуге тәрбиелеу. Сабақтың түрі: Дәстүрлі сабақ. Сабақтың типі: Аралас сабақ. Сабақтың әдісі: Түсіндірме, практикалық Сабақтың көрнекілігі: Слайдтар, «Ә. Қастеевтің сөзі», «Ою-өрнектер» Құралдары: Жапсырма қағаз, ДВП, пышақ түрлері, қайшы Сабақтың көрнекілігі: Проектор, слайдтар, ағаштан жасалған бұйымдар, плакат, оқулық, ою - өрнек түрлері. Пәнаралық байланыс: Тарих, биология, сызу, сурет.
Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі. Психологиялық дайындық. Оқушылармен сәлемдесу, сабаққа дайындықтарын тексеру, кезекші арқылы оқушыларды түгендеу. Оқушыларды топқа бөлу (суреттер арқылы) 1-топ «Қошқар мүйіз» оюы тобы 2-топ «Айшық» оюы тобы Топ басшысын сайлау. Бағалау парағын тарату. ІІ. Өткен материалдарды қайталау.Ағаш ою тәсілдері «Алтын қақпа» ойыны арқылы үй тапсырмасы сұралады.
«Тас қақпа» сұрағы: Ағаш оюдың неше тәсілі бар?
2 тәсілі:бедерлеп ою және жұмырлап ою «Темір қақпа» сұрағы: Бедерлеп ою дегеніміз не?
Тегіс тақтаның бетіне өрнек салуды, шығыңқы етіп мүсіндік бейнелерді жартылай көлемімен мүсіндеуді, ағашқа бедерленетін барельефті айтады. «Күміс қақпа» сұрағы: Жұмырлап ою дегеніміз не?
Тұтас ағаштан шабылатын келі-келсап, аяқ-табақ, саптыаяқ, ожау сияқты бұйымдарды ою тәсілін жұмырлап ою деп айтады.
«Алтын қақпа» сұрағы: Мына схемадағы ағаш ою тәсілдерін жаз.
қиып ою,кертіп ою,
тік оймыштарды жартылай
дөңгелектеу тәсілдері
«Алтын сандық» сұрағы: Әр түрлі заттарды, архитектуралық ғимараттарды әшекейлеуге арналған, жүйелі ырғақпен қайталанып отыратын әрі үйлесімділікке құрылған өрнек-нақыштарды қалай атаймыз? Жауабы: Ою-өрнек ІІІ. Жаңа сабақ. Бүгінгі сабақты мына мақалмен ашқым келіп отыр: «Ою ойғанның ойы ұшқыр»
Слайд арқылы ою - өрнек түрлерін көрсету. Ою-өрнек, орнамент (лат. ornamentum – әсемдеу, сәндеу) – әр түрлі заттарды (үй-іші мүліктері, тоқыма бұйымдар, еңбек құралдары, қару-жарақ), архитектуралық ғимараттарды әшекейлеуге арналған, жүйелі ырғақпен қайталанып отыратын әрі үйлесімділікке құрылған өрнек-нақыштар.
Қазақтың ою-өрнектерінің түрлері де, атаулары да көп. Біз сол өрнектердің негізгі элементтерін ғана таныстырып жапсырмалауға ұсынып отырмыз. Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа, бір шебердің ұсталық, іскерлік мәнерінен екінші біреуге үнемі ауысып отырғандықтан, осы күні кейбір облыстардағы «қошқармүйіз» өрнегі бастапқы бейнесінен өзгергенін байқаймыз. «Ырғақ», «сағатбау», «түйетабан», «жүрекше», «қазтабан» деп аталатын әдемі өрнектер де кейбір облыс шеберлерінің орындауында түп нұсқасын жоғалтып жүр. Ертеден келе жатқан халықтық мұраны екшеп, тазартуды ойласақ, ең алдымен осындай бұрмалаушылықтан арылып, оны әдемілігіне жеткізе, жаңа түр, жаңа мазмұн бере дамытуымыз керек. Қазақтың осы күнгі ою-өрнектерін қарт шеберлері екіге бөліп қарайды.
Біріншісі – қазақ халқының өзіне тән ертеден келе жатқан ұлттық өрнектері.
Екіншісі – басқа халықтардан ауысқан жаңа туындылардың үлгілері. Қазаққа ұлттық нақыш беретін оның өзіндік ою - өрнектері. Ұлттық ою - өрнектерді төрт топқа жатқызады: 1. Жан жануарлар тектес ою - өрнектер. Қошқар мүйіз – қазақ оюының ең көне түрі. Сырмақ, текемет, алаша, кілем, киіз былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдарының бәрінде кездеседі. Сыңар мүйіз – кең тараған ою - өрнек үлгісінің бірі. «Қошқар мүйіздің» тек бір жақ сыңарын ғана бейнелейді. Сырмақ, текемет, киім-кешектердің жиегіне істетіледі. Түйе табан – түйенің басқан ізіндегі қос табаны сияқты дөңгеленіп келетін, S әріпі тәрізді күрделі өрнек. «Табақша өрнек» деп те аталады. Түйе өркеш – түйенің қос өркешіне ұқсайтын өрнек. Әшекейленетін заттардың жиектеріне көбірек істетіледі. Қос қанатты – құстың қос қанатын кең жайып ұшқан бейнесіне ұқсайтын өрнек. 2. Гүл – жапырақ өсімдік тектес ою - өрнектер. Гүл (жауқазын) – барлық гүлдің бірбеткей бейнесін бейнелейтін өрнек. Көбелек – қанатын еркін жайып, көсіле ұшқан гүлді көбелектің үлгісіндегі өрнек. Шай дорбаға, аяққаптарға істетіледі. 3. Ғарыштық ою - өрнектер. Жұлдыз – аспандағы жыпырлаған жұлдыздардың натуралы қалпын бейнелейтін және бес жұлдыздың бейнесіне ұқсайтын өрнек. 4. Геометриялық ою - өрнектер. Ботакөз – сыртқы пішіні ботаның көзіне ұқсап келетін ромбы тәріздес өрнек. Қарға тұяқ – қарғаның басқан ізінің үлгісіне ұқсатылып жасалған өрнек. Алаша, кілем тоқуда пайдаланылады. Тұмарша – үшбұрыш үлгілес болып келетін өрнек. Бұйымдардың жиектерін, ортасын көмкеруде кездеседі. Әр ою - өрнектің астарында мағына болады. Мысалы: «қошқар мүйіз» оюы молшылықты меңзейді, «ағаш» оюы ынтымақ бірлікті, «ирек» оюы адамның өмір жолы, судың белгісі, «шеңбер» оюы жарық өмір жолы дегенді білдіреді. Сергіту сәті. ІV. Әр топқа тапсырма беру.Постермен жұмыс. Түрлі-түсті қағаздармен ою ойып жапсыру 1 топ. Жан жануарлар тектес және гүл – жапырақ өсімдік тектес ою - өрнектер 2 топ. Космогониялық және геометриялық ою - өрнектер.
Видео ролик (ағаштан жасалған қолөнер бұйымдарына ою-өрнекті жапсырмалау өнері). V. Сарамандық жұмыс. Ою-өрнек түрлерін ағаштан жасалған тақтайшаларға жапсырмалау
«Қай істе де өнер – қолдан: Өнерлі адам жеңер болған» Ю.Баласағұни Ағаш - табиғаттың тамаша туындысы. Ағаш көп өскен жерді халық орман, тоғай деп атаған. Тоғай ертеден адамдардың негізгі тұрақ жайы болған. Ерте заманнан - ақ адамдар ағашты тіршілігіне қажетті материал ретінде пайдаланған. Олар ағаштан аң аулауға қажетті аша таяқ, найза, қада, жебе т. б. заттар жасаған. Адам ағаш өңдеуді тез үйренген. Өйткені ағаш өңдеуге оңай көнетін материал. Пышақ, балта сияқты қарапайым құралдардың көмегімен адамдар үйлерді, көпірлерді, жел диірмендерін, қамалдар мен ыдыс - аяқтар жасаған. Қазіргі уақытта да біздер ағашсыз өз өмірімізді елестете алмаймыз. Тұрған үйіміз, үй жиһаздары, басқа да тұрмыста жиі қолданылатын заттардың көбі ағаштан жасалған. Қолөнердің ең көп тараған түрлерінің бірі - бұл ағашты көркемдеп, өңдеу. Ертеден - ақ көшпелі халық тұрмысына қажетті заттарды өздері жасап отырған. Ағаштан түйін түйген шеберлер атқа салатын ерді, тамақ сақтайтын кебеже, киім салатын сандық, әбдіре, киім ілетін - адалбақан, тостаған, саптаяқ, шара, отау, табақ пен тегештерді аса шеберлікпен жасаған. Ағаштан жасалған бұйымдардың ішіндегі ең көп тараған түрлері жұкаяқ, күбі, ағаштан бүтіндей ойылған астау, келі - келсап, асадал. Бұл бұйымдарды шеберлер күмістен, сүйектен жасалған ою - өрнектермен әрлеген.
Сабақты бекіту тест жұмысы:
1.Ұлттық ою - өрнектерді неше топқа жатқызамыз?
А.5 Ә.4+ Б.3
2. Ою-өрнектердің қанша түрі белгілі
А.300 Ә.400 Б.500 +
3.Аңдарға байланысты ою-өрнек
А.бөрікөз + Ә.алақұрт Б.тайтұяқ 4. Ою-өрнекті бір заттың бетіне реттеп орналастыру қалай аталады?
А.композиция + Ә.колорит Б.симметрия 5. Қос мүйіз ою-өрнегі қандай түрге жатады ?
А.геометриялық Ә.жануарлар әлемі + Б.аспан денелері 6. Ою-өрнектерде қуаныш пен бақытты қай түс білдіреді ?
А.ақ + Ә.көк Б.жасыл VІ. Қорытындылау:
Кері байланыс парағын толтыру. Не білдім? Не үйрендім? Нені білгім келеді?
VІІ.Оқушыларды бағалау
Бағалау парағы:
Уақыты: 22.11.2014ж Сыныбы: 6 б
Пәні: Технология Сабақтың тақырыбы: Ою-өрнектердің қолданылуы