Технология пән мұғалімі: Жумашева Мейраш Ахметбековна
Мақсаты: Оқушылардың қолөнерге қызығушылығын арттыру арқылы еңбексүйгіштікке, шеберлікке, ұқыптылыққа, қол шеберліктерін дамыта отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге баулу.
Міндеті: Дарынды, қабілетті, ынталы оқушылардың шеберлік қабілетінің дәрежесін арттыра түсу, теориялық білімдерін практикамен ұштастыру, өзіндік еңбек қабілетін, шығармашылық икем-дағдыларын қалыптастыру.
Лентамен гүл кестелеу
Сабақтың мақсаты: кесте тарихынан оқушылар танымын кеңейту және біліктіліктерін атлас лентасымен жұмыс кезіндегі сарамандық жұмыста қолдануға үйрету.
Білімділік: оқушыларға лентамен кесте тігу жөнінде білім беру және орындауға үйрету.
Дамытушылық: шығармашылық ойтанымдарын дамыту.
Тәрбиелік: еңбек мәдениетін, эстетикалық талғамдарын қалыптастырып, маталарды бір‑бірімен үйлестіру, үнемдеу дағдыларын және уақытты ұтымды пайдалану қабілеттерін ұштау.
(Бұл – тігістің түрлі тәсілдері арқылы түрлі-түсті жіптермен әдемі суретті бұйымдар тігу техникасы).
Жаңа сабақ
Кесте өнері ХІV ғасырда Францияда пайда болды, киім түрлері атлас жіптермен әшекейленді.
– Камзолдар мен плащтардың жаңа үлгілері пайда болумен бірге, кесте өрнегі бүкіл әлемге тарады.
– ХІV ғасырдың аяғында кесте өрнектеріне қымбат тастар қосылды, аяқкиімдер, ішкі киімдер де әшекейленді.
– ХІХ ғасырда американдықтар үйлерін, кез келген үйге керекті тігілген бұйымдарын кестелей бастады. Картиналарды, жатын бұйымдарды, балалардың жұмсақ ойыншықтарын кесте әдісімен тігуді үрдіске айналдырды.
Біздің ғасырымызда, қолөнердің күнделікті қолданыстан шыға бастаған мезгілінде, лентамен кесте тігу де ұмытыла бастады. Қалай десе де, кесте тігудің қарапайым түрлерін меңгеріп, үйрену ешкімге артық етпейді.
Лентамен кестелеу суретке көлем береді, сондықтан жіппен кестеленгендей емес, көп уақыт алмайды, жұмыс қорытындысы тез көрінеді.
Лентамен кестелеуге керекті материалды қазір табу қиын емес, дүкендерде әр түрлі енділікте ленталар сатылады. Кестелеуге атлас, мешковина деп аталатын мата түрлерін қолдануға болады.
Сабақ тапсырмалары:
Ленталармен кестелеуді үйренеміз
Сабақ аяғында кестені рамаға бекітіп, көрмеге тапсырамыз.
Сабақты кесте
Кестенің бұл түрін тігу үшін өрнек нұсқалары пайдаланылады. Оларды тіккен кезде ине кері шаншылады. Яғни әрбір жаңа тігіс осылайша түседі. Жіпті бекітіп, инені матаның кесте түсетін бетіне шығарған соң одан 2-4 жіпті іліп алу керек. Жіпті шығарып алған соң инені қайта шаншып, сосын оған алғашқы тігіске қанша жіп алынса, сонша жіп алынады.
Тігістің біркелкі болып түсуін қадағалау және инені екінші, үшіншіден кейінгі тігістерде алдыңғы тігістің ортасынан шығарып отыру керек.
Кесте тігу технологиясымен таныстыру.
Түстерді үйлестіре білу. Гүлдерді әр түрлі ленталардан кестелейтіндіктен, түс үйлесімділіктерін ескеруіміз керек. Қалаған түстеріміз бір-бірін толықтырып, ашып тұруы керек. Мысалы суретті салған матамыз ақ түсті болса, ленталарды осы түсте жақсы көрініп тұратындай етіп таңдауымыз керек.
Сарамандық жұмыс.
Енді осы үйренгендерімізді тәжірибе жүзінде жасап көрелік. Өз шеберлігімізді көрсетейік. Матамен жұмыс кезіндегі қауіпсіздік ережелерін, санитарлық-гигиеналық талаптарды еске сақтайық.
Оқушыларға бағыт беру:
1-бағыт: жұмыс орнын ұйымдастыру және қауіпсіздік ережесін сақтау.
2-бағыт: жұмыс әдістерінің дұрыс орындалуын қадағалау және тігу түрлерінің өз ретімен қолданылуы.
3-бағыт: жұмыс өлшемін дұрыс таңдау және өзін-өзі қадағалауы. Жетістіктері жақсы оқушыларға қосымша тапсырма беру.
Рефлексті кезең.
Жұмыстағы қолданылған элементтерді атаңыз (сабақты кесте, ілмектер, ине-жіп т.б.).
Лентамен жұмыста өзін-өзі бағалау.
Оқушылар жұмыстарының көрмесін ұйымдастыру. Оқушыларды бағалау.
Үй тапсырмасы: барқыт матасы 20/30, атлас ленталары, ине-жіп әкелу.