— Сәлеметсіздер ме, құрметті ата-аналар! Біз сіздерді көргенімізге қуаныштымыз.
«Бала біздің болашағымыз» атты психологиялық тренингке қош келдіңіздер.
Баланы жастан бақпасаң
Жамандықтан қақпасаң
Қадірден жұрдай қасқа боп,
Кешкенің өмір босқа тек – дегендей баланың ыстық суығына күйінбейтін, жақсылығына сүйсінбейтін ата-ана жоқ шығар сірә. Адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала . Бала – ата - ана өмірінің жалғасы. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол анаға қарап өседі, бойын түзейді. Мектепте балаға білім, тәрбие беретін тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші ата-ана.
1. Топқа бөлу
Кешімізді бастамас бұрын сиқырлы қобдиша ішінен сурет бөлшектерін алуыңызды сұраймын. Қолымыздағы сурет бөлшектерін біріктіру арқылы 2 топқа бөлінеміз. Бірінші топ жапырақтар, екінші топ көбелектер суретін құрастыру керек. Осылайша топқа бөлініп алдық.
2. « Сәлемдесу» жаттығуы
Мақсаты: Ата-аналарды бір-бірімен таныстыру.
Шарты: Әр отбасынан бір адам осы жерде отырған отбасы мүшелерінінң есімдерін айтып және де жағымды қасиеттерін айту керек. Әр отбасы мүшесінің сөзінен кейін қалғандары үш рет қол соғып құрметтеп қояды.
Талдау:
— Сіздің есіміңізді, жақсы қасиеттеріңізді айтып жатқанда қандай сезімде болдыңыз?
— Өзіңіз қазіргі кезде қандай көңіл күйде отырсыз?
3. Жағдаяттар.
1-жағдаят
— Балаңыз байқау сынағында математика сабағынан орындаған жұмысын көрсетіп, Қараңызшы, мен «5» алдым»- дейді. Сіздің жауабыңыз?
Алдымен бала келбетін көрсетейік:
Бала:
— қуанады, мақтанады, көңіл-күйі көтеріледі.
Ал, ата-ана жауабы:
— «5» алдым дейсің бе? Саған біреу көмектесті ме?
— Мен айтпадым ба, талаптанған сайын жақсы деген баға аласың деп.
— Ниет қойсаң қолыңнан бәрі келеді.
— Осы жолы саған ризамын балам…
— Жарайсың! Мен сен үшін өте қуаныштымын.
— Менің жапырағымды жайқалтар тамырымсың.
Ал, керісінше, бала «2 алғанда ата-ана мен бала келбетін салыстырсақ:
Бала:
— қорқады, жылайды, көңіл-күйі түседі.
Ата-ана:
— Неге оқымайсың? Ақылсызсың! Мені ұятқа қалдырасың! Ештеңе сатып әпермеймін! Қолыңнан ештеңе келмейді,- деп айтамыз көбіміз.
Бірақ:
— Балаға көмектесу керек. Мақтау керек – Мақтамаймыз. Сену керек – Сенбейміз. Уақытымыз жоқ деп ерінеміз. Мұғаліммен байланыста болмаймыз.
— Ал, осы «Бірақты» жойсақ, бала екісін де жояды, талаптану деңгейі де көтеріледі.
— Әрбір баланың іс-әрекеті, мінезі, тәрбиесі, отбасындағы ата-анасының жағымды өнегелі істерінен қалыптасады. Яғни, баланың бас ұстазы -ана ана!
2- жағдаят
ҰБТ. Айтулы күн жақындаған сайын мектеп бітіруші баланың ұйқысы қашып, мазасыздана бастады. Ең алдымен ол мектептің, ата-анасы мен өзінің абыройын ойлады. Осыған дейін тер төгіп дайындаған еңбегінің еш кеткенін қаламайды. Оның үстіне ата-анасы баласына тым жоғары талап қойып отыр. ҰБТ күні ол төмен ұпай жинады. Баланың ата-анасы ретінде балаға қандай көмек көрсетесіз? Оның төмен ұпай жинаған себебі?
3-жағдаят
Балаңыз 11 сынып оқушысы. Ол мамандық таңдауға қатысты өз шешімін жасап қойған. «Болашақ дәрігермін» дейді. Ал сіз болсаңыз балаңыздың медицинаға еш қабілеті жоқ екенін нақты білесіз. Тәжірибелі, ересек, жанашыр адам ретінде сіз балаңызға қалай кеңес берередіңіз? Оның өз бейімділігіне қарай мамандық таңдауына қалай бағыттар едіңіз?
4-жағдаят
Сіздің 16 жасар қызыңыз және 2 жасар ұлыңыз бар. Сіз екі мезгіл жұмыс жасайсыз. Қызыңыз биыл 11 сыныпқа келді. Алдында ҰБТ күтіп тұр. Әдетте, уй шаруасын тындырып, баланы да бағатын үлкен қызыңыздың күн тәртібін енді сіз қалай өзгертесіз? Қызыңызға өзіңіздің тарапыңыздан қандай қолдау көрсетіп, оның алдында күтіп тұрған емтиханға дайындалуына қалай жағдай жасайсыз?
Әрбір топ өз жағдаяттарының шешімін тауып, өз ойларын ортаға салды.
4. «Байқампаздық» жаттығуы
Мақсаты: Ата-ананың бала тәрбиесіне байқампаздығын анықтау.
Шарты: Екі ата-ана бір-біріне арқаларын түйістіріп отырады. Ата-аналарға сұрақтар қою арқылы байқампаздықтарын анықтайды. Мысалы, көйлегінің түсі қандай? Қандай сырға таққан? және т.б.
5. «Сіз балаңызды білесіз бе?» жаттығуы. Аналар мен балаларға қаламсап пен ақ парақ беріледі. Сұрақтар қойылады. Сұраққа балалар өздері туралы жауап берсе, ал аналары баласы туралы жауап жазады. Содан соң ана мен баланың жауаптары салыстырылады. Екеуінің жауабы қаншалықты сәйкес келсе, анасы баласы туралы соншалықты білетіндігі анықталады. Сұрақтар: 1. Балаңыздың аты - жөні... 2. Балаңыздың ең жақын досы... 3. Сүйікті пәні... 4. Сүйіп тыңдайтын әні... 5. Сүйікті тағамы... 6. Жақсы көретін түсі... 7. Көзінің түсі... 8. Аяқ киімінің өлшемі... 9. Шаршағанда не ашуланғанда демалатын орны... 10. Жақсы көретін мұғалімі...
6. «ҰБТ ата-ана көзімен» тақырыбында постер қорғау
2- топқа ватман қағаздары және түрлі түсті маркерлер беріледі. Әр топқа өз ойларын ақылдаса отырып қағазға түсіру сұралады. Топқа ойларын ортаға салуға 7 минут уақыт беріледі. Болған топ қол шапалақтайды. Топтың өкілдері шығып постерлерін қорғайды.
7. Ата-аналарға психологиялық кеңес
Емтихан болсын, сынақ болсын, тест болсын – бұл оқушылар, ұстаздар және ата-аналар үшін стресс болып келеді. Егер емтиханды сынақ ретінде емес, оны тәжірибе алу, зейін мен ұйымдастыру қабілеттерін шыңдау деп есептесе, онда жағымсыз эмоциялар мен стрестер өзі-ақ жоғалады.
Балаларыңызға сынаққа тиімді дайындалуда көмек көрсету үшін келесі кеңестерге назар аударыңыз:
— Балаңызға түсіністікпен қарап, жақын болуға, сөйлесуге тырысыңыз. Сынамаңыз. Ұрыспаңыз.
— Үйде дайындалу үшін балаңызға ыңғайлы жұмыс орнын жасаңыздар. Сіздің балаңыз дайындалған кезде, ешкім оған бөгет жасамасын.
— Балаңыздың бөлмесіне сары немесе күлгін түстерді енгізу керек. Олар ақыл-ойды белсендіреді. Ол үшін жай ғана суреттің бейнесі болса да болады.
— Тесттік тапсырмаларды орындаған кезде балаңызға уақытты дұрыс бөлуді үйретіңіздер. Егер балаңызда сағат болмаса, емтиханға барар алдында оған сағат беріңіз.
— Балаңызды ешкімнің баласымен салыстырмай, мадақтап, олардың өз-өзіне сенімін жоғарылатыңыз.
— Балаңыздың ішетін тамағына көңіл аударыңыз. Балық, ірімшік, жаңғақ, өрік және т.б. ми жұмысын белсендіреді.
— ҰБТ-ның алдында толыққанды демалу үшін жағымды жағдай жасаңыздар. Өйткені ол жақсы ұйықтап, демалу қажет.
— ҰБТ қорытындысынан кейін балаңызды сынға алмаңыз және оған ашу байқатпаңыз.
Тестке бір күн қалғанда
— Балаларыңызға мүмкіндігінің аз екендігі туралы айтпаңыз.
— Отбасылық қарым-қатынасты дұрыс сақтаңыздар.
— Балаңыздың ұйқысының дұрыс болып, физиологиялық тұрғыда шаршамауын талап етіңіз.
— Егер бір нәрсені оқып үлгермесе, дұрысы талап етпеңіз, керісінше дем алып, көңіл көтеруіне мүмкіндік жасаңыз.
— Таза ауада достарымен, ең жақын адамдарымен серуен жақсы әсер етеді.
— Кешкі аста дастархан басында рухани қолдау сөздер айтыңыз.
— Балаңыз дың ерте жатып, дұрыс ұйықтауын қадағалаңыз.
Тест күні
Тест күні балаңыздан ерте тұрып, оятып, бүгінгі таң ол үшін сәтті атқанын сендіріп айтыңыз.
Суық суға жуынуын, гимнастикалық жаттығулар жасауын қадағалаңыз.
Жеке куәлігін, рұқсат қағазын, қара қаламын ұмытып кетпеуін қадағалаңыз.
Тест күнгі тамақтану үлгісі
— Аса майлы тамақ жеуге болмайды және мүлдем тамақтанбауға да болмайды.
— Қатты қобалжығандықтан, балаңыздың тәбеті болмауы мүмкін, бірақ аудитория атмосферасына шыдау үшін тамақтанбаса да болмайды.
— Жеңіл көкөністен жасалған тамақтар жеген дұрыс.
Тест күнгі психологиялық қолдауды қалай көрсетеміз?
Таңертең балаңызбен бірге барыңыз, қолдау көрсетіңіз. Бәрі сәтті болатындығына сендіріңіз. Тесттен кейін жылау, ашулану, тұйықталу сияқты әртурлі мінез-құлық көрсетуі мүмкін. Тест нәтижесін көрмей қобалжудың орынсыз екенін ескертіңіз. Орынсыз ескертпелер айтпаңыз, мұның соңы қиын жағдайға соқтыруы мүмкін. Тест нәтижесі дайын болғанда қасында болыңыз. Сіз күткен нәтижеге сәйкес келмесе де сабырлылық танытып, қолдау көрсетіңіз. Ендігі өмірінің сәтті болуына тілік білдіріңіз.
8. «Жалғасын тап» ойыны. Ойын барысында 4 сөз беріледі: «Ана», «Бала», «Асығу» және «Дана». Осы сөздері қолдана отырып өлең шумағын құрастырамыз. Талдау: өлең шумағын бір - бірден оқып талдайды. Қорытынды: Мәселен, мен былай құрастырдым: Бас иеді барлық адам – АНАҒА, Жақсылықты ол тілейді – БАЛАҒА. Мақсатына жеткізуге АСЫҒЫП, Өз баласын теңейді ол – ДАНАҒА. – деп бүгінгі «Мен және жанұям» атты тренинг - сабағымызды аяқтаймыз, келесі кездескенше сау болыңыздар!
10. Арман терегі
«Арман терегі» бейнеленген плакат ілінеді. Әрбір ата-ана өз баласына деген жылы лебізін, арман, тілектерін стикерге жазып, «Арман терегіне» іледі.
Қорытынды:
Бала әрдайым ата-ананың аялы алақанын қажетсініп тұрады. Қиындықтар туған сәтте ата-анасының тарапынан қолдау тауып, үлкен сенім артылған бала ісі оңға басады.