Просмотр содержимого документа
«?жым ?алыптастыруда?ы ?олданылатын психологиялы? ?дістер»
«Оралхан Бөкей атындағы № 44 мектеп-лицейі» КММ
Күні: 21.02.2016 ж.
Педагогикалық кеңес
Психолог: Темірханова Шынар Темірханқызы
Тақырып: Ұжым қалыптастырудағы қолданылатын психологиялық әдістер.
Екіден артық адам жиналған жердің барлығында лидерлік мәселесі пайда болады. Топтың қалыптасу үрдісінде оның кейбір мүшелері екіншілеріне қарағанда белсенді рөл атқарады, оларға көбірек ұнамдылық танытады, олардың сөздеріне құрметпен құлақ салады, қысқаша айтқанда олар басымды жағдайға ие болады. Осылайша, топ қатысушылары жетекшілерге және жетектегі адамдарға бөлінеді. Лидер тұлғасы және оның мінез құлық стилі көп жағдайда топтың әрбір қатысушысының және жалпы топтың тағдырын анықтайды. Басқа сөзбен айтқанда лидерлер индивидтердің әлеуметтенуіне әсер етеді.
Лидерліктің белгілерін кез келген топтан байқауға болады, тіпті дүкенде кезекте тұрған адамдардың арасынан да лидерлер өздерін көрсете біледі. Дегенмен, лидерлік феноменінің анықтығына қарамастан, нақты кімнің топ лидері болып табылатынын белгілеу қиын. Нақты топтағы лидерді анықтаудың екі тәсілі бар:
1) топ мүшелерінен сұрау салу арқылы, олардың кімге ұнамдылық танытанынын анықтауға болады.
2) сырттай бақылаушылардан (немесе арнайы шақырылған бақылаушылардан) басқаларға көп әсер ететін топ мүшелерін атауды сұрауға болады.
Енді, қандай нақты әдіс-тәсілдер арқылы оқушының әлеуметтік мүдделілігін, сәйкестілігін, топтағы алатын орнын қалай анықтауға болатынын, ұжымдағы қарым қатынасты реттеуге қандай тәсілер пайдалануға болатыны туралы қарастырайық.
Кіші мектеп жасындағы оқушының әлеуметтік мүдделілігін анықтау үшін төмендегі тәсілді пайдалануға болады.
Қағаздың парақтарына үшбұрыштар салу керек. Үшбұрыштың ұштарына басқа адамдарды жазу керек. Мысалы, А-А -ата-ана, М- мұғалім, Д – достар және т.б. Балалар өзін осы үшбұрыштардың қайсысында ыңғайлы сезінеді, сол үшбұрыштың ішіне жазады.
Ана Әке Мұғалім
Сәйкестілікке арналған тест.
Балаға беттің кез келген жеріне «Мен» және жақын адам (ана, әке, әже, ата, дос және т.б.).
Дөңгелектер бір біріне жақын болған сайын, бала өзінің сол адаммен қаншалықты жақын екенін сипаттай алады.
«Мен» «Досым» «Мен» «Әкем»
Келесі әдіс, Социометрия – бұл адамдардың топ ішіндегі қарым қатынасын зерттеуге арналған әлеуметтік психологиялық тест. Яғни бұл тест арқылы топтың ішіндегі симпатия қандай, кім барлығының сүйіктісі, ал кімнің еленбейтінін анықтауға болады.
Бұл әдістеме кіші сыныпта да, жоғары сыныптарда да кеңінен пайдаланылады. Дегенмен бұл тест балаға эмоционалды тұрғыдан қиын. Әсіресе сыныпта танымал емес балалар үшін. Өйткені балалардың өзін қалғандарының таңдамауы туралы ойы қатты мазалайды.
Енді оқушыларға қандай теориялық жағдаят беруге болатыны туралы қарастырайық. Кіші сынып оқушыларына келесі сұрақтарды қоюға болады:
Үй тапсырмасын кіммен бірге орындағың келеді?
Туған күніңе кімдерді шақырар едің?
Сыныпта саған кім ұнайды?
Кіммен көрші болғың келеді?
Басқа сыныпқа ауыссаң, өзіңмен бірге кімдерді алып кетер едің?
Кімнің басқа сыныпқа ауысып кетуін қалайсың?
Жоғары сыныптарға:
1. Ұзақ уақыттық сапарға аттансаң кіммен бірге барар едің?
2. Сапарға кімді шақырмас едің?
немесе:
1. Қиын өмірлік жағдайға тап болсаң, сыныптағы кімнен кеңес сұрар едің?
2. Сыныппен бір жерде тұрсаңыз, бір бөлмеге кіммен бірге тұрар едің? және т.б.
Мәліметтерді өңдеген соң, келесідей кесте жасалынады. Көлденеңінен аты жөні, тігінен нөмірі жазылады. Кімді кім таңдайтыны белгіленеді, қызылмен ұнатпаушылықтарды, көкпен ұнамдылық беретін адамдар белгіленеді.
Содан кейін социограмма деп аталатын схема сызылады.
Ішкі шеңбер — «жұлдыздар аймағы», оған көп таңдай жасалынған лидерлер түседі.
Екінші шеңбер — қаланатындар тобы. Олар жартылай немесе одан көп дауыс жинағандар.
Үшінші шеңбер — қаланбайтындар тобы.
Төртінші шеңбер — шеттелгендер аймағы, ол топқа қызыл түсті таңдаулар жасалынғандар кіреді.
Социометрия әдісін жылына бірнеше рет жүргізген тиімді, бұл оның қорытындысы бойынша жасалынған жұмыстардың тиімділігін анықтауға көмегін тигізеді. Бұл әдістеме бойынша шеттелген оқушының мәселесін анықтап, оны топқа енгізу жолын іздестіруді, ал лидерлерді сыныптағы ұжым құруға дұрыс пайдалануға болады.
Сыныпта ұжым құрудың тағы бір тиімді тәсіліне темперамент типтері арқылы оқушыларды партаға отырғызу болып табылады.
Холерик темпераменті.
Бұл типтің өкілі аса қозғыштығымен, соған орай мінез-құлқының ұшқалақтығымен көзге түседі. Холерик қарым-қатыста — күйгелек, бір беткей, шабуылға жаны құмар, іс-әрекетте — пысық. Холериктер жұмысты үзіп-үзіп істегенді ұнатады. Олар айналысқан ісіне жан-тәнімен беріледі. Осы жолда кездескен қиындықтың бәрін жеңуге даяр тұрады, кедергілерді жеңіп, мақсатына жетеді. Қайрат-жігері мұқалы, өз мүмкіндігіне сенімі кетсе, еңсесі түсіп, еш нәрсеге мойны жар бермей қояды. Осылайша, тек көңілі ауғанда істеушілік, оның жүйке қызметінің бір қалыпты тепе-тең еместігінен болады.
Сангвиник темпераменті.
Сангвиникке қимыл қозғалыста – белсенділік, өмір жағдайының өзгеруіне жеңіл бейімдеушілік тән. Ол адамдармен тез тіл тауып, шүйіркелесе кетеді, жұртты жатырқамайды. Ұжым ішінде сангвиник көңілді ақ-жарқын, іске бар ықыласымен кірісетін, әуесқой адам. Осылайша жалындап тұрғанымен іске зауқы болмаса, яғни күнделікті күйбеңі, төзімділікпен ерінбей-жалықпай істеуді қажет ететін жұмыс тап болғанда суынып қалады. Бір қалыптылықты және шапшаңдықты тілейтін жұмыстар бұған өте қолайлы.
Флегматик темпераменті. И.П. Павловтың сипаттауынша, бұл барлық уақытта да байсалды, ұстамды бір қалыпты, табанды және төзімді, еңбекқор адам. Жүйке үрдістерінің тепе-теңдігі мен баяулығы флегматикке қандай жағдай да болмасын бір қалыпты тыныштықта болуға мүмкіндік береді.
Қозу үрдісін бәсеңдететін күшті тежелу оның ырықсыз қимыл-қозғалыстары болып, ұсақ-түйекке алаңдатпай жүйелі жұмыс істеуге, бір қалыпты өмір сүруге жағдай жасайды, флегматик ұзаққа созылатын, бірақ күшті сарқып алмайтындай жұмысты жақсы атқара (шыдамды, зейінді, орнықты). Баяулық пен селқостық — флегматиктің осал жағы. Оған ырғалып, жырғалуға, жиналып, қамдануға біраз уақыт қажет. Селқостық оның стереотиптерінің оралымсыздығынан мінез-құлқының оңтайлы еместігінен, жаңа жағдайға тез үйлесе қоймайтындығынан жақсы байқалады. Дегенмен, бұл қасиет мінездің тұрақтылығын көрсетеді, істі аспай-саспай тыңғылықты аяқтауға мүмкіндік береді. Флегматиктер ұзақ уақыт жұмыс істеуге сабырлық пен әрекет етуге төзімді болады.
Меланхолик темпераменті — бұл типтің өкілдері аса сезімтал соның салдарынан жаны тез жараланғыш келеді. Меланхоликтер тұйық,қиын жағдайлардан жол тауып шығуға олақ, адамдардан оқшау жүргенді ұнатады. Ол қауіпті жағдайлардан қорқады. Меланхоликті әлсіз тітіркендіргіштер де мазалайды, одан да зор әсер алады, сондықтан да ол ұсак-түйектің бәріне де қатты мұңаяды немесе қатты қуанады. Үйреншікті жақсы, тату ұжым арасында меланхоликтер өзін жақсы ұстайды, жұртпен қарым-қатысқа түсіп, алған ісін нәтижелі орындай алады, кедергілерді жеңіп, табандылық көрсетеді.
Холерикпен үйлесімділік. Бұл қарым қатынастағы күрделі тип болып табылады. Егер басқа адам осы типтегі болса, ол қақтығысқа әкеліп соғуы мүмкін.
Сангвиниктерге холериктер қалыпты қарайды. Өйткені екі тип те экстраверттер болып табылады. Бірақ холериктер мен флегматиктер ең күшті үйлесімділік табады. Флегматиктер холериктерді бәсеңдетіп, негізгі әрекеттен тез кетіп қалуға жол бермейді. Холериктер меланхоликтермен мүлдем тіл табыса алмайды. Өйткені холерик мықты тип те, меланхолик әлсіз болып табылады.
Сангвиник
Сангвиниктер әдетте бір бірімен жақсы тіл табысады. Бұл Холериктермен де жақсы қатынастар құрылады, холериктер монологты ұнататындықтан, сангвиниктер оны тыңдай алады. Жалпы сангвиниктер кез келген типпен жақсы үйлеседі, бірақ ең жақсысы меланхоликтермен сәйкес келеді.
Флегматик.
Айтылып өткендей, флегматиктер холериктермен жақсы үйлеседі, бірақ меланхоликтермен қатынаста монотондылық пайда болады. Флегматиктер және сангвиниктер де өте жақсы үйлесімділікте болады. Өйткені флегматиктер жақсы тыңдармандар, сондықтан желпілдек сангвиниктердің сөзін жақсы қабылдайды.
Меланхолик.
Меланхоликтер қарым қатынас тұрғысынан алғанда өте қиын тип. Олар іштей қарсылықтарының арқасында басқалармен тіл табыса алмайды. Сондықтан оларды жұлқылап оятып отыратын сангвиниктер керек.
Қорытынды.
Бұл әр темперамент типіне жататын негізгі сипаттамалар. Бірақ әрбір темперамент типінің жағымсыз жақтары да бар екенін ұмытпау керек. Сондықтан адамды бағалау кезінде оның темпераментіне емес, оның тұлғалық ерекшеліктеріне де қарау керек.
Бұл әдістердің барлығы кеңес ретінде ұсынылады, дегенмен әрбір ұстаз өзінің әдісін тауып жұмыс жасауға болады. Ол үшін тек ынта және сыныпқа деген сүйіспеншілік қажет.