Сабақтың көрнекіліктері: оқулық, дәптер, үнтаспа, DVD, қазақ әуендері, теледидар, түрлі түсті фигуралар, нақыл сөздер.
Сабақтың әдіс-тәсілдері: шаттық шеңбері, СТО технологиясының стратегиялары, тапсырма, мәтінмен жұмыс, түйіндеме, өзіммен-өзім, шығармашылық жұмыс, дәйексөз, жүректен-жүрекке.
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Сабақтың типі: білім, білік дағдыларын қалыптастыру
Базалық білім: өмір құндылықтарының жалпы адамзаттық, рухани-адамгершілік мәнін түсіну, өзара адами қарым-қатынастарды тани, бағалай білуді меңгерту.
Сабақтағы технология: сыни тұрғысынан ойлау (СТО)
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі
Оқушыларды сабаққа әзірлеу.
Оқушыларды шаттық шеңберіне шақыру.
Шаттық шеңберінде оқушылар үнтаспадан С.Тұрғынбековтың сөзіне жазылған М.Ілиясовтың «Махаббат» әнін тыңдау (мүмкіндігінше оқушылар қосылып айтады)
Әннің сөзі мен сазынан алған ерекше сезіммен оқушылар бір-біріне сәттілік тілейді.
Оқушылар түрлі-түсті фигураларды таңдау арқылы топтарға бөлініп отырады.
I Оқушылардың қызығушылығын ояту.
Тапсырма: топтар бойынша:
1-топ. «Мөлдір махаббат» дегенді қалай түсінесіңдер?
2-топ. «Шынайы махаббат» дегенді қалай түсінесіңдер?
3-топ. «Ана махаббаты» дегенді қалай түсінесіңдер?
4-топ. «Ғашықтық». Бір көргеннен ғашық болу.
Оқушылар өз мүмкіндіктерінше анықтама беріп, пікірлерін білдірді.
Түйіндеме: оқушылардың ой-пікір, анықтама беру сөздеріне сүйене отырып, құрметтеу, бағалау, сыйлау, махаббат деген ұғымның ортақ екенін, адам жанына ерекше жақындығына сай ықылас-ынта сезімнің басқаша екеніне көзін жеткізе айтып түсіндіру. Махаббаттың бар адамға ортақ сезім екенін, егер махаббат болмаса өмірде мән де, құн да болмайтынын айтып түсіндіріп, ойларын қорытындыладым.
II Мағынаны тану.
Мәтінмен жұмыс.
М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзіндіні оқу, талдау.
Жақсы жігіт, сұлу қыз соншалық бір ерекше жарастықпен, жақсы үйлесті. Тоғжан жүзі айға қарсы келгенде, Абай өзгеше бір нұр көрді. Бетіне жұқалаған қызыл сәуле беріп, іштегі терең сырдан, дос көңілден белгі етті. Сағынған сүйгенінің жанына жаны ұмтылып, айырылмасқа, кетіспеске серт еткендей. Қазіргі әсем әнмен үйлескендері бауырға кіріп, жабысып тұрып құшқаннан да жақынырақ, күштірек сияқты. Ырғағы көп сезімді сұлу әнге екеуі де бар шындығын тапсырып, бар сырларын бөледі. Ән айтқан жоқ, екі бірдей ынтық жан қауышып табысқан шаттық айтты. Бар жиынға, бар дүниеге, барлық жұлдызды аспан, жарқын айға да: «Көрші бізді, кінәлап көрші!» дегендей.
Мінсіз сырына шындап берілген Тоғжан тоқтамай айта берді. Абай бір шақта жас сұлудың жүзінен бала қуанышын көрді. Бақыт күлкісіндей бір рақат, ырзалық елес беріп, Абайға қадала қарап езу тартты. Келгеніне, тапқанына сүйсініп, ішінен алғыс айтқан тәрізді. Қарлығаш қанатының ұшқындай боп, айдай сызылған жіп-жіңішке қастары көтеріліп-жазылып, Абайға өзгеше бір үн қатқандай болды.
Бағанадан бері соншалық көп, тілсіз сәлем жолдаған Абай, енді әннің сөзін өзгертіп алып, басқаша айтып кетті. «Сағындырған ғашық жар, ынтығы іште жүрген шерлі досын кінәлаудан тоқтар ма екен? Бар дүние, бар сырын, барлық бақыт тілегін бір өзінің шұғыласына құрбан етем деп келсе, не дер екен!» деген бір өзгеше сыр кетті.
Талдау барысында оқушылардың назарын әсерлі көркем суреттеудегі сезім шаттығына, оның шексіз ләззатына бөленген қыздың жан құбылысын, шуақты ләззатын жастар сезген қуанышты, шаттықты, махаббат деген құдіретті сезімді сыйлаған ғажап жан шуағына аудару.
Өзіммен-өзім: үнтаспадан «Мерекем – сен» әні баяу естіліп тұрады. (Сөзі мен әні: Қ.Қозыбеков)
Оқушылардың ой-қиялын дамытып, мінез-құлықтарына жағымды әсер етеді.
Жақсы көру деген бір ұлы қасиет. Бұл қасиеттің өзі де екі түрлі болады. Жалпы адам баласын жақсы көру бар да, жеке адамды жақсы көру бар. Жалпы адам баласын жақсы көріп, оның бақыты үшін күресу ол – үлкен жүректі алыптардың ісі. Ал жеке біреуді жақсы көру, сол үшін барыңды аямау – бәріміздің де қолымыздан келетін ерлік. Кім өзінің ата-анасын, туған бауырларын жақсы көрмейді? Солар үшін жан аямай еңбек еткісі келмейді? Кім өзінің сүйген адамы үшін сын сағаты туса, жанын құрбан етуден бас тартады? Меніңше, бұл – қайсымыздың болса да қолымыздан келетін іс. Бірақ біреуді жақсы көру, ұнату бар да, не болмаса оны шын жүректен өлердей сүю, онсыз өмір сүре алмайтындай ғашық болу бар. Жан-тәнімен сүю, ғашық болу меніңше адамда бір-ақ рет кездесетін қасиет.
Сен махаббаттан құмарлықты, еркек пен әйелдік сезімді алып тасташы, сонда бірін-бірі жақсы көрген екі адам бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтын екі аққуға ұқсаса, міне, сонда ғана олар – шын ғашықтар.
Талдау барысында оқушылардың назарын махаббаттан құмарлықты алып тастағанда да бір-біріне іңкәрлік пен сағынуы нағыз сүйіспеншілік екенін айтып, көзсіз құмарлықтан сақтандыру, жаза баспау, ар-ұят, намыс т.б. адами қасиеттерді кірлетпеу туралы айтып, естеріне сақтауды ұсыну.
Дәйексөз: «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаділет сезім» (Абай)
Дәйексөздің мағынасын қалай түсінетіндерін сұрай отырып, жауаптарын қорытындылау.
III Ойтолғау, шығармашылық жұмыс: «Әлемдегі бар жақсылық махаббат арқылы келеді»
Оқушыларға ақын, жазушы, суретші, композиторлардың махаббат туралы жазылған шығармаларын көрсете отырып, тапсырма беріледі. Әр топ жеке-жеке тақырыпты дәлелдеп, ән-жырға тақырып бойынша кезек береді.
Ата-анаға деген махаббат. Сөзі Ғ.Қайырбековтың, әні Ш.Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әні шырқалды.
Әлемнің жарығын
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін
Жинадың сен маған.
Сен бердің құстардың,
Қанатын самғаған.
Балалық құштарым
Өзіңе арнаған.
Қайырмасы: Әлдилеп аялап
Өсірген жемісін.
Самал жел, саябақ
Құшағың мен үшін.
Есейіп кетсем де
Мен саған сәбимін
Көңіліңді көктемдей
Көзіңнен танимын.
Сөзі М.Шаханов, әні Н.Тілендиевтің «Әке туралы жыр» әні шырқалды.
Жас едім өмірге еркін бойламаған,
Күні ертең не боларын ойламаған.
Шарықтап кетсем дағы қанат қағып
Өзіңдей қамқор әке қайда маған.
Отанға деген махаббат. Сөзі Ш.Сымаханұлы, әні Ж.Тұрсынбаевтың «Таң нұрындай Отаным» әні шырқалды.
Сенде ғана жаралдым,
Таң нұрындай Отаным.
Сенен ғана нәр алдым
Көз нұрындай Отаным
Шоқ жұлдыздай көктегі
Бауырласып көп елмен
Достық күйін шерткелі
Көсегеміз көгерген
Ана сүтін арда емген
Ақ пейілді қазақпын
Бесік болып тербеген
Алтын қанат азат күн.
Туған жерге деген махаббат. Сөзі Қ.Мырза Әлі, әні Е.Қасанғалиевтің «Атамекен» әні шырқалды.
Жасыл жайлау түкті кілем, көк кілем,
Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем.
Айдарымнан сипап өткен самалды
Қазағымның алақаны деп білем.
Қайырмасы: Қайда жүрсем атамекен
Көкейіңде жатады екен
Күннің өзі ұясынан
Қимай оны батады екен.
Досқа деген махаббат. Сөзі Х.Закариянов, әні О.Көшеровтің «Достарыма» әні шырқалды.
Толтыра көңілдің отын достарым
Қатемді түзеп, жол тапсам дұрыс біліп қостадың
Қиналған шақта бөлісіп жүрек жылуын
Жүрсіңдер, сендер, қолтықтан демеп достарым.
Қайырмасы: Жабыққан сәтте қас қағым,
Жаныңды ұғар басқа кім
Жаңа бір әуен бастадым
Сендерге арнап достарым.
Сабақты қорытындылау: Сонымен, балалар, бүгінгі сабағымызды қорытындылай келе, өмірде «махаббат – өмір өзегі», «бәрінің бастауы – махаббат», бар жақсылық махаббат арқылы келеді деп сабақты аяқтаймын.
Үйге тапсырма: «Бәрінің бастауы – махаббат» атты эссе-шығарма, өлең жазу.
Жүректен-жүрекке: Оқушылар бір-біріне сезім шуағын тілеп, «Мерекем – сен» әнін орындайды. Сөзі мен әні: Қ.Қозыбаев.