Просмотр содержимого документа
«Оқу орыс тілінде жүретін мектептердегі қазақ тілі мұғалімдері үшін 5-11 сыныптар аралығында диктанттар жинағы»
Оқу орыс тілінде жүретін
мектептердегі қазақ тілі мұғалімдері үшін 5-11 сыныптар аралығында диктанттар жинағы
Қазақ тілі пәнінен 5-сыныпқа арналған диктант жұмысы
Мақсаты:Тоқсан бойы лексика және грамматика тақырыптар бойынша алған білімдерін тексеру.
Менің бөлмем.
Менің атым – Дамир. Менің пәтерім үш бөлмелі. Менің өз бөлмем бар. Бөлмем өте жарық, кең, әрі жылы. Бөлменің терезесі аулаға шығады. Бөлмемде жаңа диван, төбе жиһаз, үстел, ыңғайлы орындық бар. Үстелдің үстінде компьютер орнатылған. Терезенің жақтауында әдемі гүл өсіп тұр. Қабырғада менің суреттерім ілулі тұр.Мен бөлмемді өзім жинаймын. Маған бөлмем өте ұнайды.
Лексикалық тапсырмалар
1.Берілген сөз тіркестерін қазақ тіліне аударыңыз
(Светлая комната, мой адрес)
(Мой друг, широкая улица)
2.Сөздердің антонимін тауып жазыңыз.
( қара, тар)
(Кіші, аласа)
Мақсаты: Оқушылардың сауаттылықтарын, ая бойынша алған білімдерін тексеру.
Жаңа жыл
Жаңа жылды қыс ортасында, қатты аязды кезде тойлайды. Бұл кезде үйлер, ағаштар, жер ақ қар жамылады. Ауа райы аязды болса, қар жауса, адамдар қуанады. Көшелерге, алаңдарға, үйлерге, дүкендерге, спорт кешендеріне шыршалар орнатады. Оларға түрлі түсті ойыншықтар іледі. Жаңа жылды балалар асыға күтеді. Оларға сыйлықтар береді. Бұл күнді адамдар өз отбасында немесе достарымен, туыстарымен бірге мерекелейд
Грамматикалық тапсырмалар
1. Берілген зат есімдерді Ілік септігіне қойып жазыңыз
( ағаштар, қыс,үйлер,алаң,адамдар)
2. Берілген етістікті өткен шаққа қойып жіктеңіз.
(жамылады, тойлайды,береді,қуанады)
Қазақ тілі пәні бойынша 6-сыныпқа арналған диктант жұмысы
Мақсаты: Оқушылардың қазақ тілі пәнінен жартыжылдықта алған білімдерінің деңгейін тексеру,біліктілік,білімділік дағдылардың қалыптасуын және мемлекеттік стандартқа сай болуын тексеру.
Астана- болашағы үлкен қала.
Астана-болашағы үлкен қала. Ол- әлемдегі көрікті қалалардың бірі. Астана қаласы Есіл өзенінің екі жағында орналасқан. Өзеннің бір жағалауында - бұрынғы қала. Ол да жедел жаңарып жатыр. Екінші жағалауында- жаңа қала. Жаңа қаланың жалпы көрінісі Қазақстанның тарихын, мәдениетін, халықтық салт- дәстүрді білдір еді. Біздің еліміз үшін ең қымбат құндылық – Қазақстан халықтарының ынтымағын, түсіністігін бейнелеуге арналған құрылыстар.Астана қаласы- жаңа Қазақстанның белгісі.(60 сөз)
Грамматикалық тапсырмалар
1.Бастауыш пен баяндауыштың арасына тиісті тыныс белгісін қойыңыздар.
Мектеп кеме білім теңіз. Қазақстанның астанасы Астана қаласы
2.Мәтіннен сын есімдерді теріп жазыңыздар
Мақсаты: Оқушылардың ая бойынша алған білімі мен сауаттылығын тексеру.
Біздің отбасымыз
Біздің отбасымыз онша үлкен емес. Көпшілігіміз жұмыс істейміз. Кішкентайымыз биыл мектепке барады. Бұрын біраз уақыт әжесінде болған, әжесінен көп ертегі үйреніпті. Үйде әрқайсымыздың атқаратын жұмыстарымыз бар. Еңбек туралы әкемнің « Оқыңдар, адам боласыңдар. Еңбек етіп үлкенді сыйлау керек. Біреуге жамандық ойламандар» деген сөздерін өз балаларыма айтып отырамын. Әрқашан бір-бірімізге көмектесеміз. Демалыс күндері қырға шығып серуендейміз. Бұл біздің көңілімізді көтеріп, отбасымыздағы татулықты нығайтады.( 62 сөз)
Грамматикалық тапсырмалар
1. «Демалыс» сөзіне фонетикалық талдау жасаңыздар.
2. Берілген сөйлемге морфологиялық талдау жасаңыздар
Ойыншық тарихынан
Ойыншық тарихи кезеңдерден ойынмен байланысты. Ол сәбидің қарапайым жүзін, ақылын және танымдық қасиеттерін білдіретін. да наным сенімдері болған. Ежелден пайда болған және белгілі ойыншықтың түрі бұл – қуыршақ. Ең көне мысырлық қуыршаққа 4 мың жылдай. Қуыршақтардың бастары ағаш және жіптен істелінген моншақтардан жасалған жасанды шаштармен безендірілді.Адам қуыршақта өзін көретін болғандықтан, қуыршаққа маңызды орын бөлінді. Қуыршақ көпке дейін бет - әлпетсіз болды, өйткені адамдар кісіге ұқсатуға қорықты.Уақыт өте қуыршаққа көз, ауыз, мұрын салып тіге бастады(64 сөз)
Грамматикалық тапсырмалар
1. Мәтіннен өткен шақта тұрған етістіктерді теріп жазыңдар.
2. «Тарих» сөзін септеңдер
Қазақ тілі пәні бойынша 7 -сыныпқа арналған диктант жұмысы
Ер қанаты -ат
Қазақ халқы жылқыны ерекше қадірлеген. Жылқының қымызы –шипалы сусын ,еті құнарлы ,ал мінсе, пырақ деп бағалаған. Жылқының терісінен түрлі бұйымдар жасалады. Қазақ халқы өзінің ата-баба жерін сақтап қалу үшін ат үстінде көп шайқасқан. Сондай жаугершілік заманда елді қорғаушы ерлерге зор пайдасы тиген. Сондықтан қазақ жылқыны «ер қанаты» деп жанындай жақсы көреді. Жылқы –төзімді мал. Қазақстанның көп жерлерінде жылқы қыс бойы далада жайылады. Ол қасқырдан да қорғана біледі. Айғырлар қасқырды тістеп ,теуіп ,маңайына жолатпайды. Олар өз үйірінен қасқырға бірде-бір жылқы бермейді. (82сөз)
Грамматикалық тапсырмалар
1. «Қазақ халқы» сөз тіркесін септеңіздер.
2. Берілген сөйлемге синтаксистік талдау жасаңыздар. Қазақ халқы жылқыны ерекше қадірлеген.
Асханада
Біз мектепте үзілісте асханаға барып тамақ ішеміз. Біздің асханамыз бірінші қабатта. Асхана кең, тап-таза,жарық. Асхананың кіреберісінде ас мәзірі ілулі тұрады. Ас мәзірінде қою тағамдар, сұйық тағамдар, салат түрлері, тәттілер жазылып қойылған. Бүгінгі ас мәзірінде қандай тағамдар бар екен? Түскі асқа біріншіге сорпа, кеспе көже, борщ бар екен. Екіншіге : палау,қуырдақ, қуырылған картоп, дүнген кеспесі, мәнті, тұшпара. Әрине ,қалауың бойынша сүт қатқан шай, кофе,сусындар алуға болады. Біз не аламыз? Мен біріншіге еш нәрсе алмаймын. Екіншіге мәнті аламын. Ол өте дәмді. Достарым да өздеріне ұнайтын тағамдарын алады.(82сөз)
Грамматикалық тапсырмалар
1. Берілген сөздерге морфологиялық талдау жасаңыздар.
Асхананың, қуырылған,достарым,тағамдарын.
2. Берілген сөйлемге синтаксистік талдау жасаңыздар. Асхананың кіреберісінде ас мәзірі ілулі тұрады.
Қазақ тілі пәні бойынша 8 -сыныпқа арналған диктант жұмысы
Таза бұлақ
Үш жолаушы бір бұлақтың басында бір-біріне кез болыпты. Бұлақ суы мұздай ,салқын, таза екен. Бұлақтың басындағы таста мынадай жазу бар екен: «Ей, жолаушы , болсаң, осы бұлақтай бол!» Үш жолаушы бұлақтан су ішіп қанған соң, жазуды оқыды, Біреуі саудагер екен,ол айтты: Бұл жазылған ақыл сөз екен .Бұлақ күн-түн ағып, алыс жерлерге барады. Бара-бара кеңейіп, үлкейеді, бұған бөтен бұлақтар құйып, үлкен өзен болып кетеді. Мұнан мұрат сол: сен де, адам, тынбай қызмет қыл. Еш уақытта жалқауланып тоқтап қалма. Сонда сен де үлкейіп мұратыңа жетесің дегені ме деп білемін,-деді. (86сөз)
2.Мәтіндегі жай сөйлемдермен 1 құрмалас сөйлем құрастырыңдар.
Тұз
Тұзды ештеңемен ауыстыруға болмайды. Дәрігерлер тұз болмаса адам ағзасында зат алмасуды, бұзылатынын анықтады. Табиғатта тұздың қоры жеткілікті. Біздің елімізде тас тұзы Донбаста, Қазақстанда ,Оралда тағы басқа жерлерде өндіріліп келеді.Жер астындағы тұзды алу үшін терең шахталар қазылады. Тұз қабаттарының қалындығы бір шақырымнан асады. Жер астында ұзақ жатқандықтан тұз әбден нығыздалған Ол қатты кристалға айналған . Сондықтан оны тас тұзы деп атайды. Тұзды кеуіп қалған көлдердең де өндіреді. Машиналар тұзды көлдің суын сорады. Сонан соң оны буға айналдырады. Содан аппақ тұз алынады. (86сөз)
Грамматикалық тапсырмалар
1.Мәтіннен септелген сөздерді теріп шығыңыз. (септік түрін жазыңыз)
2. Берілген сөздерді сөз құрамына талдаңдар. (қабаттарының, жатқандықтан)
Астана – бас қала
Мақсаты: Оқушылардың алған білімдерін жинақтап, сауаттылығын тексеру, білімдерін анықтау.
1998 жылдың 6 мамырда Ақмола қаласын Елбасының жарлығымен ҚР-ның астанасы — Астана қаласы болып аталды.
Астана қаласында Президент сарайы, Парламент ғимараты, «Интерконтиненталь» қонақ үйі, Еуразия университетінің жаңа корпусы, Жастар сарайы, көп қабатты жаңа үйлер мен ғимараттар бар. Парламент үйінің алдында Төле би, Қазбек би, Әйтеке бидің ескерткіштері орнатылған. Әсем Есілдің оң жағасында салынып жатқан жаңа сұлулығы ерекше. Мұндағы салынып жатқан құрылыстар алыстан көз тартады. «Бәйтерек» ғимараты Астана тұрғындарын, жақын, алыс шетелдерден келген қонақтарды таң қалдырады.
Қазір Астана – Егеменді Қазақстан Республикасының астанасы болып саналады.. Ол - өте көркем қала. (83 сөз)
Аналарды ардақтау , жан-жақты қамқорлық жасау- парызымыз . Ана үшін бала - бауыр ет , бақыт десек ,оны жеткізу ,өсіру оңай емес. Баланың қуанышын да азап пен қиындығын да тартатын –ана. Оның бәріне көніп, төзімділік жасайтын да –ана . Жер басып жүрген адам баласын жаратушы да, оның ұрпағын жалғастырушы да- құдіретті Ана! «Ана» сөзі әрқашан да табынып өтетін тәңіріндей естілетіні де содан . «Ананды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсын» деген даналық сөз әділ айтылған. Анаға қандай жылы лебіз білдірсек те жарасымды , қандай қамқорлық жасасақ та, қарызымызды қайтарудың ширегіне де тұрмайды.
(90 сөз)
Грамматикалық тапсырмалар
1. Мәтіннен құрмалас сөйлемдерді табыңыздар.
2. Берілген етістіктерді жіктеңіздер.
(жаса, бар,арқала)
3. Мәтіннен тұйық етістіктерді теріп жазыңдар.
Қазақ тілі пәні бойынша 9 -сыныпқа арналған диктант жұмысы
Мақсаты: Оқушылардың сауаттылығын, грамматикадан жыл бойы алған білімдерін тексеру.
Үміт
Осы оқу жылы мен үшін бір белес асар жылым. Өйткені мен училищені бітіріп, бір басқыш аттаймын. Ілгері қарай оқуға мүмкіндік бола ма, жоқ па? Ол жағы әзір жұмбақ. Ал, мына училищені жақсы бітірсем, ілгері ұмтылуға жол ашық тәрізденеді. Бірақ, ілгері тарта берердей мүмкіндік алдымда аз елестейді. Өйткені, ауылда әкенің бар тапқан, таянғанын беріп, тілеп отырған ақ тілеуі бар. Осы жылға маған рұқсат бергенде, "Шырағым, жолыңды бөгемейін. Бірақ, біздің тілегімізді де ұмытпа" деген. Ол әшейін айтыла салған сөз емес, атаның, ананың ақ пейілінен, мейірбан жүрегінен айтылған сөз. Оны елемей кетер ойдан да аулақпын.(92сөз)
Лексика-грамматикалық тапсырмалар :
1.Мына сөздерден жұрнақтар арқылы сын есім жасап, сөз тіркестерін құрастырыңыздар.
Адам, өнер, қабілет, білім, бала, қанат.
2.Берілген сөздерге фонетикалық талдау жасаңыздар
(Әзір, тілеуі)
Сусыз тіршілік жоқ
Сусыз тіршілік жоқ. Тамақсыз бірнеше күн өмір сүруге болады.Ал сусыз сонша уақыт өмір сүру мүмкін емес. Жер бетінің үштен бірі құрлық. Ал үштен екісін су алып жатыр. Мұхиттар, теңіздер, өзендер,көлдерде су бар. Сонымен қатар жер астында да,топырақта да су бар. Мұздықтармен айсбергтер де қатып қалған су болып табылады. Су атмосферада бұлт,тұман, бу, жаңбыр, қар түрінде болады. Су сұйық, қатты және газ тәрізді үш түрлі күйде кезігеді. Судың көптеген заттарды оңай ерітетін қасиеті бар. Табиғатта қоспасы жоқ таза су кездеспейді. Таза суды тек лабороторияда ғана алуға болады. Ондай судың ешбір дәмі жоқ. Теңіз суының құрамында еріген тұздар бар. Сондықтан ішуге болмайды.(100сөз)
Грамматикалық тапсырмалар
1. Төмендегі сөйлемдерге синтаксистік талдау жасаңыздар
Мұздықтармен айсбергтер де қатып қалған су болып табылады.
2. Берілген сөздерді септеңдер ( тіршілік, табиғат)
Наурыз
Наурыз-қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы .Наурызды Қазақстан басқа Күншығыс жұрттарының көбі,мәселен ,Иран,Үндістан, Ауган ,Бұхар, Кавказ, түркістандықтар да мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда, Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-ында, жаңаша 22-інде күн мен түн теңеседі. Қыс өтіп,жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретін анық. Наурыз ел-елде қуанышпен қарсы алынып, шаруаның бір малы екеу болып, көңілі өсіп, жасы үлкендер құшақтасып көрісіп, жаңа өспірім жас буын қуанысып ,күлісіп,жанның бәрі дүниеге жаңа келгендей мәз-мейрам болса керек. Дүниеге көрік берген, шырайлы, жылы жыл басы-Наурыз ,қош келдің!(106сөз)
Грамматикалық тапсырмалар
1.Берілген сөздерді септеңіздер
Наурыз, Күншығыс
2. Берілген сөйлемге морфологиялық талдау жасаңыз. Қыс бойы жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретін анық.
Қазақ тілі пәні бойынша 10 -сыныпқа арналған диктант жұмысы
Мақсаты: тоқсан бойынша өтілген лексика-грамматикалық тақырыптарды оқушылардың қандай деңгейде игергенін тексеру.
Қаныш Сәтбаев.
Академик Қаныш Имантайұлының өмірі, қызметі, ғылыми еңбектері туралы біраз кітаптар бар. Бес томдық таңдамалы еңбектері 1967-1970 жылдары жарық көрді. «Өнегелі өмір» сериясында Мәскеуде «Сәтбаев» ғұмырнамасы орысша, кейін қазақша шықты. Ғылыми еңбектерінің көпшілігі минералдық ресурстарды зерттеуге арналған.
Сәтбаев еліміздің қай ұлтының өкілі болса да, бәріне адал қарайтын. Түрлі қиыншылықтарға ешқашан мұңаюды білмейтін. Үнемі жылы жүзді, жан дүниесі кең, дарынды. Ірі ғалым соғыстың ауыртпалығына дұшар болып, Қазақстанға келген көптеген мамандар мен ғалымдарға рухани және материалдық көмек көрсеткен.
Қ.И.Сәтбаев құрметіне Жоңғар Алатауы жотасындағы мұздық пен шың аталған. «Сәтбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолус гүлі, кіші планеталардың бірі, Жезқазған облысында қала аталған. (96 сөз)
Лексика-грамматикалық тапсырмалар:
Сызбаға сәйкес сөз тіркесін теріп жазыңыздар.
Зат есім+етістік .Сын есім+зат есім
2.Берілген сөздердің синонимін, омонимін жазыңыздар.
(Белгілі, көмек, жүз, аты, жаз)
3. Мына сөздерден жұрнақтар арқылы сын есім жасап, олармен сөйлем құраңыздар.
Ұлт, өнеге , білім, атақ
Соқыр теке
«Соқыр теке» ойыны тапқырлыққа, ептілікке үйретеді. Бұл ойынды балалармен қатар жастар да ойнай береді. Бұл қазақтың ұлттық ойыны. Оны жазды күні кешке айлы түнде ойнайды. Ойын ашық алаңда, жазықтау жерде өтеді. Ойын бастаушыны анықтау үшін өзара жеребе салады. Жеребе шыққан ойыншы «Соқыр теке» болуға тиіс.Соларада оның көзі таңылады. Басқалары көзі таңылған ойыншыны түртіп қалып қаша жөнеледі.Соқыр теке өзін түртушілердің біреуін ұстауға тырысады. Егер ол біреуін ұстап қалса, көзін ашпай тұрып, оның атын айтуы керек. Кім екенін тани алмаса, ойын әрі қарай жалғасады. Алқолға түскен адам тақпақ айтады, ән салады. Сонан соң оның көзі таңылады. (98сөз)
Грамматикалық тапсырмалар
1. Берілген сөйлемге синтаксистік талдау жасаңыздар. Ойын ашық алаңда, жазықтау жерде өтеді.
2.Мәтіннен сын есімдерді теріп жазыңыздар.
Қазақ тілі пәні бойынша 11-сыныпқа арналған диктант жұмысы
Біздің дәстүр
Қазақ халқында туған елін өзінің туған үйін де артық сүйетін дәстүр бар. Отансүйгіштік қазақтар үшін ең жоғары қасиет саналады. Жас ұрпақты Отанын сүюге тәрбиелеген . Туған елге сүйіспеншілік туралы көптеген мақалдар ,өсиет сөздер бар. Мысалы ,белгілі жазушы Бауыржан Момышұлының төмендегі өсиет бұған дәлел. «Отанға сүйіспеншілік-әрбір азаматқа керек ұлы қасиет. Өз Отанын, өз халқын сүймейтін адамдар елінің қорғаны бола алмайды. Отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде кім ата-анасын ардақтаса, бірге туған бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын,туған ұлтын сыйлап, қадірлесе, сол адам отаншыл болады». Иә,«Отан отбасынан басталады» деген мақал бәрімізге белгілі. Ата-анасын құрметтеген бала ғана туған елін өз үйіндей сүйетін болады. Содықтан туған үйінді, туған елінді, Отанынды сүйетінінді іс жүзінде дәлелдеу-үлкен абырой.(115сөз)
Грамматикалық тапсырмалар
1. Берілген зат есімдерден өзара тәуелдік формалы сөз тіркестерін жасаңыздар. (Дәстүр, қасиет, ұрпақ, ата-ана,абырой)
2. Сөйлемдерді салалас құрмалас етіп аяқтаңыздар.
Марат әнді жақсы айтады, ... . Бүгін демалыс, сондықтан ... .
Көкті жұлма
Экология, алдымен ,адамның өз басынан басталыды. Яғни, адам жанынан экологиялық тазалығы сақталуы керек. Ол үшін табиғат пен адамның бөлінбейтін біртұтас дүние екендігі жайлы ұмытпағанымыз дұрыс. Кішкене кезімізде әр көктем сайын аталарымыз ауылдағы ойын балаларын тегіс жинайтын. Оларға бірнеше ересек жігіттерді басшы етіп, бұлақтардың көзін ашуға жіберетін. Сонда ата-әжелеріміз: «Бұлақтың көзін ашыңдар. Су бар жерде –тіршілік бар, бұлақтың көзі ашылса, су мол болады. Су мол болса, астық та, шөп те, гүл де жайқалып өседі. Бұлақтың көзін ашсаңдар, тіршіліктің де көзін ашқаңдарың», - дейтін. Үлкендер: «Жаңа шыққан көк шөпті, жабайы гүлдерді көктей жұлма, көктей соласың», - деп, жұлуға, таптауға тыйым салатын. Ата-бабаларымыз жақсылықтың да, жамандықтың да адамға айналып соғатынын жақсы түсінген.(110сөз)
Грамматикалық тапсырмалар
1. Мәтін бойынша 3 сұрақ құрастырыңыздар.
2. Берілген тақырып бойынша диалог құрастырыңыздар.
Ұлы Жібек жолы
Ұлы Жібек жолы- біздің заманымызға дейінгі II ғасырдан бастап , ХVI ғасырға дейін қолданылған сауда жолы. Қытайдың жібегі осы жолмен тасымалданған. Сондықтан ол «Жібек жолы» деп аталған. Бұл жол Қытайдың орталығынан басталған. Ол қазақтың кең даласын басып өтіп, Самарқанд, Бағдад қалалары арқылы Жерорта теңізіне дейін созылып жатты. Оның жалпы ұзындығы 7 мың шақырымға жетті. Ұлы Жібек жолы әр түрлі елдердің арасында экономикалық және мәдени байланыстардың дамуына ықпал етті. Қазақстанды Алтай, Монғолия, Ресей, Орта Азия, Шығыс елдерімен байланыстырған да осы жол. Қазір Ұлы Жібек жолы өтетін елдер мен қалалар арасында сауда байланыстары қайта қалпына келтірілуде. Қазақстан Республикасы Жібек жолының дамуына көп үлес қосуда. Жібек жолы нарық экономикасы үшін бірде-бір сауда көзі болып табылады.(111сөз)
Грамматикалық тапсырмалар
1. Сөз тіркестерден салалас құрмалас сөйлем жазыңыздар.