Кіріктірілген ашық сабақ
(өзін-өзі тану және сурет сабағы)
Құрастырушылар:
Есмағұлова Г.М.
өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі
Салықова А.С
сурет пәнінің мұғалімі
Cабақтың тақырыбы: Табиғат ғажаптары
Мақсаты: Оқушылардың «табиғат», «туған жер» ұғымдарына байланысты түсініктерін кеңейту.
Міндеттері:
Білімділік: Табиғаттың адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру.
Дамытушылық: Табиғатқа қамқорлық жасай білу іскерліктерін дамыту;
Тәрбиешілік: Табиғат ғажаптарын тани білуге және онымен үйлесімді өмір сүруге тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер: Әңгімелесу, мәнерлеп оқу, топпен жұмыс, жұппен жұмыс, сұрақ-жауаптар, шығармашылық тапсырмалар.
Сабақтың түрі: саяхат сабақ (2 сабақ жалғастыру)
Пән аралық байланыс: сурет сабағы, география, музыка, экология, еңбек сабағы, қазақ тілі.
Көрнекі құрал- жабдықтар: компьютер, мольберттер, үнтаспалар, слайдтар,қолданбалы материалдар, жетондар,құтқару желеткелері, құтқару дөңгелектері.
Сабақтың барысы
І. Ұйымдастыру кезеңі
Гүлдана Мұратқызы: Сәлеметсіздерме, біздің кішкентай теңізшілеріміз! Бурабай ауданындағы ең керемет көлдердің бірі Шортан көліне қош келдіңіздер! Біз сіздермен балалар арманының аралы «Балдәурен» кемесімен осы көлді саяхаттап, табиғаттың көркемділігін сөз етпекпіз.
Ең бірінші саяхаттамастан бұрын қауіпсіздік ережелерімен таныстыруға рұқсат етіңіздер:
Әр жолаушы кеме жетекшісіне бағынуы тиіс.
Әр жолаушы құтқару желеткелерін киюі керек.
Келеңсіз жағдайлар болып қалатын болса құтқару дөңгелектерін қолдану қажет.
Кеменің шетінен еңкейіп қарауға болмайды, себебі бас айналып, суға түсіп кетулеріңіз мүмкін.
Кішкентай теңізшілер ыңғайланып отырып алыңыздар!
Алтынай Сағынайқызы кемені жүргізуді бастаңыз!Жылдамдығын күшейтіңіз!
Алтынай Сағынайқызы: Құп болады (Кеме дыбысы қосылады)
Шаттық шеңбері: Табиғат , сен – тіршілік, тұнып тұрған,
Сен – күнсің, көтерілген күліп қырдан,
Сен – көлсің,
Сен – ормансың,
Сен – бұлбұлсың,
Адамға сұлулықты шын ұқтырған, -
деп ақын ағамыз Садықбек Хангелдин жырлағандай табиғат күллі тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, алтын ұя бесігі, құт-берекесі. Адам үшін табиғат – ең қасиетті де қастерлі ұғым. Ал енді жолаушы балалар саяхатқа аттанайық.
Гүлдана Мұратқызы: Көңіл-күйлеріңіз қалай? Қолдарыңызда көңіл-күй жетондары бар(жақсы, онша емес).Сол жетондардың біреуін таңдап, көрсетулеріңді сұраймын.
Көңіл- күй жақсы болса кеттік!
ІІ Жаңа білім беру кезеңі
Гүлдана Мұратқызы: Кішкентай теңізшілер, бізбен сонымен қатар экология магистрі, география пәнінің мұғалімі Сайран Дәуренұлы қонақта.
-Сайран Дәуренұлы осы өлкедегі табиғатымыздың әсем жерлерін, жалпы Шортан көлі жайлы кішкентай жолаушыларға қысқаша әңгімелеп өтсеңіз.
Өлке ғажаптары айтылады
Гүлдана Мұратқызы: Өте жақсы. Рахмет сізге.
Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі. Сондықтан халқымызда «Жер-Ана» деген егіз үғым қалыптаскан. Жерді өз Анасындай, Анасын Күндей қастерлеу Ата қостаған салтымыз. «Жер шоқтығы – Көкшетау», «Жер жаннаты – Жетісу» деп, бабаларымыз туған жерге, табиғатқа деген ыстық махаббатын білдірген.
1. Табиғат аясында ненің үнін, қандай дыбыстарды естуге болады?
2. Табиғат ғажаптары дегенді қалай түсінесіңдер?
3. Табиғаттан қандай әсер аласыңдар?
4. Табиғаттың жақсаруына адамдар қандай көмек көрсете алады?
Кішкентай теңізшілер! Біздің кемеміздің жылдамдығы мына алдарыңызда тұрған кеменің тапсырмаларын орындасақ, ұлғая түседі, артады. Тапсырмаларды орындай отырып, табиғаттың әсемдігін тамашалаймыз. Әрине белсенді болған топтарды жетондармен бағалап отырамыз.
Алтынай Сағынайқызы: Кеменің тапсырмаларын орындау үшін «Атомдар мен молекулалар» ойыны арқылы топтарға бөлініп алайық.(Атомдар мен молекулалар «1», «2», «5»)
Гүлдана Мұратқызы: Ал енді кеменің тапсырмаларына көшсек қалай қарайсыңдар?
ІІІ.Шығармашылық жұмыстар
1 тапсырма: Табиғат жайлы қандай мақал- мәтелдер білесіңдер?
Жер, су туралы мақал-мәтелдер
Сулы жер құрақсыз болмас.
Ел жүрген жер мереке.
Қара жер қартаймайды.
Мал сүтті болады.
Жерге еткен жақсылық жерде қалмайды.
Ат жемді жақсы көреді.
Түн патшасы – шырақ.
Жердегі ылғал – елге ырыс.
Шошқасына қарай торайы.
Батамен ел көгереді.
Ел арасын қу бұзар.
-Тапсырма орындалды, Гүлдана Мұратқызы жылдамдықты күшейтіңіз.
(Кеме дыбысы қосылады)
2 тапсырма: Қолданбалы материалдардан табиғат ғажаптарын бейнелей аласыңдар ма?
(Оқушыларға плакат пен қолданбалы материалдар беріледі,
желіммен жабыстыру арқылы табиғат әсемдігін бейнелейді)
Алтынай Сағынайқызы: Енді өздеріңіздің жұмыстарыңыз жайлы қысқаша айтып өтсеңіздер?
Релаксация (музыка ойнайды)
Гульдана Мұратқызы: Кішкентай жетекшілер, қолдарыңды тізелеріңе қойып, терең дем алыңдар. Көздеріңді жұмыңдар. Жап-жасыл табиғат әлеміне еніп барамыз. Біреуіміз қып-қызыл гүл секілді жайнап тұрмыз. Біреуіміз тұп-тұнық мөлдір су тәрізді таза жанбыз. Енді біреуіміз көк аспанда еркін ұшып жүрген құстар сияқтымыз, ойымызды еркін айтып келеміз. Қыздар болса, көлдегі аққудай сызылып билеп барады. Ұлдар болса, қыран бүркіттей биіктерге самғап барады. Біз өзіміздің табиғатпен үйлесіп тұрғанымызға айрықша қуанып тұрмыз. Табиғаттың түстері мен реңктері, әрекеттері мен құбылыстары, аңдары мен құстары «Бізбен бірге» екендігін сезініп келеміз. Ал енді жолаушы балалар көзімізді ашып, назарымызды кемеге аударайық.
3 тапсырма: Қызыл кітапқа енген құстар мен аңдарды атап бере аласыңдар ма?
Қызыл кітапқа енген құстар: Қалғабай, ақ ләйлек, кіші аққу, қоңыр кептер, қызыл кептер, қабылан, қоқиқаз, қызғылт бірқазан, жолақ қара шұбар жылан, сары жылан, қызылаяқ бақа т.б.
- Жарайсыңдар, кішкентай теңізшілер!
Алтынай Сағынайқызы: Балалар, алдарыңызда шыны мен құм тұр. Шыныға жаңағы қызыл кітапқа енген құстардың, жануарлардың біреуін таңдап құммен бейнелеулеріңізді сұраймыз.
(Кеме дыбысы қосылады)
ІY. Рефлексия
-Алдарыңызда жапырақтар берілген. Сол жапырақтарға сабақтан алған әсерлеріңізді жазып, ағашқа ілулеріңді сұраймыз..
Не ұнады?
Не үйрендік?
Қандай әсер алдыңдар?
Y.Сабақты қорытындылау
Біз бүгін сіздермен табиғатымыз жайлы ойымызды толықтырдық, ой өрбіттік. Әсем жерімізбен таныстық.
Табиғат – адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын ұялататын сұлулық пен әсемдік әлемі. Сол сұлулық пен әсемдікті талай ақын жырға қосып, небір әншілер ән арнаған. Сол сұлулықты, әсемдікті жоғалтпай қастерлеуіміз керек. Табиғаттың ең ұлы перзенті болумен бірге, ең ұлы қамқоршысы да екендеріңізді ешқашан естен шығармауымыз керек .
Жүректен-жүрекке Хормен өлең шумағы айтылады
Біз жолаушы баламыз,
Жайнай берсін даламыз.
Табиғатқа қамқор боп,
Сүйіспеншілікпен қараймыз.
Табиғаттың әсем болуына қандай ниет, тілектерін білдіретіндіктерін шарға жазады да, аспанға ұшырады.