2011 жылдың 10 маусымында Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының штаб-пәтерінде EXPO-2017 жобасының ұлттық үйлестірушісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рапиль Жошыбаев ХКБ-нің Бас хатшысы Винсенте Гонсалес Лоссерталеспен кездесті. Кездесу барысында Рапиль Жошыбаев ҚР Премьер-Министрі қол қойылған Қазақстан Республикасының ресми өтінішін тапсырды. Сөйтіп 10 маусымда Қазақстан Астанада ЕХРО-2017 көрмесін өткізу бойынша сайлау науқанына кірісті. Жыл соңына дейін Қазақстан Республикасының экономикалық даму және сауда Министрлігі өтініш құжаттамасын (көрмені өткізу тұжырымдамасы, техникалық-экономикалық негіздеме, көрмені өткізу жоспары, қонақтардың қауіпсіздігі мен оларды қарсы алу туралы инфрақұрылымдық шешімдер) дайындап оны Халықаралық көрмелер бюросына тапсырады деп күтілуде. ХҚБ талаптарына сай көремені өткізуге белгіленген үш ай ішінде Астана қаласының әлемнің 100 мемлекетінен 3-4 млн адамды қабылдайтындай шамасы болу керек.