Мұғалім сыйы: Мейірімділік туралы өсиет әңгіме Дүкен сатушысы айналаны бақылап, терезеге ұзақ қарап тұрды. Осы сәтте дүкенге сүйкімді бүлдіршін кіріп келіп, сөредегі заттарға көз жүгіртті. Қаздай тізілген моншақтарды көргенде көздері жайнай түсті. Арада біраз уақыт өткен соң қолын созып, көгілдір інжу жасалған моншақты нұсқады. - Мұны әпкеме сыйлағым келеді. Оны маған гүл суреті бар қағазға орап бересіз бе? – деп сұрады бүлдіршін. Сатушы көзі жәудіреген бүлдіршіннің ақшасы бар екеніне күмән танытып: - Сенің қанша ақшаң бар? – деп сұрады. Бүлдіршін қалтасынан ақша ораған орамалын алып, үстелдің үстіне бірнеше тиын қойды. - Бұл жете ме? – деп сұрады. Дауысынан үміт оты ұшқындай түсті. Бүлдіршін ұсынған ақша моншақтың қорабына да жетпейтін еді. - Білесіз бе, мен сүйікті әпкеме сыйлық жасағым келеді. Әпкем анамыз қайтыс болғалы бізге қарайлап келеді. Ол өзіне мүлдем назар аудармайды. Бүгін оның туған күні. Мына моншақты сыйлағым келеді. Інжу моншақтың түсі көзінің түсімен жақсы үйлесетін еді, - деп бүлдіршін мақтана түсті. Сатушы бүлдіршіннің мына сөздерін естіп, жүрегі елжірей түсті. Моншақты қаптамаға салып, сыртын лентамен байлады. - Ала ғой, құлыным! Жолда абайлап жүр. Жоғалтып алма, - деп моншақты ұсынды. Қуаныштан жүрегі жарылардай болған бүлдіршін сыйлықты ала салысымен үйіне бет алды. Сатушының жұмыс күні аяқталуға таяп қалған кезде дүкенге жас бойжеткен кіріп келді. Бірден сатушының үстелінің үстіне моншақты, қаптаманы және лентаны бөлек-бөлек қойды. - Бұл моншақ осы жерден сатып алынды ма? Оның бағасы қанша? – деп сұрады бойжеткен. - А! – деді сатушы, - Мен кез келген бұйымымды келісімді бағамен сатамын. - Менің сіңілімнің бірнеше тиыны ғана бар болатын. Ал мына моншақ таза ақықтан жасалған емес пе? Оның бағасы да қымбат болу керек. Мұны қалтамыз көтермейді, - деп ағынан жарылды бойжеткен. Сатушының жүзіне күлкі үйіріліп, бойжеткенге моншақты қайта ұсынды. - Ол ең қымбат бағаны төледі. Қолында бардың барлығын берді. Ал мұны мына заманда ересек адамдар да жасай алмас еді... Дүкеннің ішінде үнсіздік орнап, екі көзден мөлтілдеп жас ағылды. Сұрақтар: 1. Бүлдіршін қандай дүкенге келді? 2. Ол не сатып алғысы келді? 3. Моншақты кімге, не себепті алғысы келді? 4. Не себепті әпкесі моншақты сатушыға қайтарып әкелді? 5. Сатушы баланың іс-әрекетін қалай бағалады? 6. Бүлдіршіннің бойындағы қандай қасиеттері әпкесіне сыйлық жасауға итермеледі? 7. Бұл әңгімедегі кейіпкерлердің бойынан қандай қасиеттерді байқауға болады? 8. Сатушы бүлдіршінге көмек қолын созғанда қандай сезімде болды деп ойлайсыңдар? 9. Өздерің күнделікті өмірде қандай жақсылықтар жасайсыңдар? |