Просмотр содержимого документа
«Ш?мші ?алдая?ов шы?амашылы?ы»
Ұлы тұлға, ән өнерімізге жарық жұлдыздай сәуле шашып, айрықша із қалдырған,
«Вальс падишасы» атанған Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығынаарналған«Әнім-халқымның жүрегінде...» атты әдеби кештің сценарийі
Мақсаты: Ш. Қалдаяқовтың шығармашылығын насихаттау, әндерінің сырын сезініп, құрметтеу және де сазгердің әндерін көпшілік назарына ұсыну, сазды әуенге деген сүйіспеншіліктерін арттыру .
Кештің барысы:
І Жүргізуші: Қайырлы күн! Қымбатты ұстаздар мен оқушылар, ата - аналар! Ән әлемінің падишасы, қазақ вальсінің королі атанған, Қазақстанның халық артисі, ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Әнім-халқымның жүрегінде» атты ән кешіне қош келдіңіздер!
ІІ Жүргізуші:
Туған жерінің әрбір қуанышы мен шаттығына ән болып, жыр болып төгілген, шашу болып шашылған Шәмші жүрегі, Шәмші тілегі, Шәмші әуені үнемі халқымен бірге. Сағыныш пен сағымға айналған асыл ағаны ән әлемі ақ тілектің, тәтті үміттің құсына балайды.
І Жүргізуші:
Бар қазақты тамсандырған, Таңнан таңға ән салдырған, Өзін әнмен қарсы алдырған, Ән өмірінде жарық жұлдыздай сәуле шашып, айрықша із қалдырған, күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған Шәмші Қалдаяқовтың қазақ халқына сіңірген еңбегі орасан зор.
Бүгін сіздердің алдарыңызда 11 класс оқушылары мен мектеп мұғалімдері дайындаған Шәмші әндері шырқалады. Ендеше «Ақ Ерке – Ақ Жайықтың» жағасында шалқып, «Бақыт құшағында» балқып, айдын көлде жүзгендей «Қайықтың» сазында тербеліп, әсем ән мерекесін бірге тамашалайық.
ІІ Жүргізуші:(Слайд көрсетіледі)
Арыс өзенінің Сырдарияға құяр жеріндегі қойнауында «Сарыкөл» деген шағын көл бар. Осы көлдің жағасында қазақтың қобызы мен домбырасын құйқылжыта тартып, гармонын қолынан тастамайтын сері Қалдаяқтың қамыс күркесінде 1930 жылы бір бала дүниеге келеді. Бұл - баладан басқа байлығы жоқ, өзі кедей, бірақ өнерпаз әкенің алғашқы қуанышы еді. Баласының Жәмшиид деген атпен аталып, аттай 30 жыл өткен соң Шәмші Қалдаяқов болып өсіп, жетіліп, «Вальс королі» атанатынын ол тұрғанда білген жоқ. Ия, оған табиғат ана әннен қанат бітірді. Әні шарықтап, бүкіл қазақ даласына самғады. Ол әнді өміріне серік етті, әні халқына өмір бойы рухани азық болды. (Фильм көрсетіледі)
Шәмшіге арнау (Мұқағали Мақатаев) – Казиев Жанат-11 класс оқушысы
Шәмші туралы айтқанда оның өмірі әнмен өрілген десек артық болмас. Әр әні оның өмірінің бөлшегі іспеттес. Бір күні Шәмшіге қараторы жігіт келіп: Мен-Қалқожа Жолдықожаевпын, — дейді. «Е, оны неге айтып тұрсың?», — дейді Шәмші. «Екеуіміз де Арыс бойында туыппыз. Бір өзеннің суын ішіппіз. Артымда Арыс тұрғанда, ештеңеден сескенбеймін. Әндеріңізде неге Арыс жоқ. Ерке өзеннің аруларын неге ән етпейсіз? Мен соны айтуға келдім», — дейді де, кетіп қалады. Жерлесінің орынды ескертуінен кейін сазгердің «Арыс жағасында» әні дүниеге келеді.
Қазіргі тыңдайтындарыңыз «Арыс жағасында» әнін орындайтын 11 класс оқушысы Викторияны ду қол шапалақпен ортаға шақырайық.
ІІ Жүргізуші: Шәмшіге ән шығару қасиеті анасынан дарыған. Анасы өнерді бағалайтын, жақсы ән айтатын адам болса керек. Шәмші өзінің аяулы анасына әндерінің ең асылын арнады. Ол -«Ана туралы жыр». Бұл әннің туу тарихы былай екен:- Бірде анасы қатты ауырып, өзінің о дүниелік боларына көзі жетті. Алматыдан Шәмші баласын шақырып, өзінің соңғы сөздерін айтып келіп: - Балам, - деді көзіне жас алып, - жалғыз тілегім - сен аман бол. Бұл өмірде салған әнің айтылмай жатып, үзілмесін. Ол әнің ұзаққа жетсін. Бақытты бол, балам! Шәмші анасынан бұл дүниеде шын айрылғалы тұрғанын біліп, анасының кеудесіне басын төсеп, өксіп жылап жібереді. - Апа, қарыздармын саған.... Қарыздармын, апа!... Сенің басыңа кесенеден ескерткіш орнату менің қолымнан келе қоймас. Бірақ саған әсем әннің ең асылынан ешқашан ұмыт болмайтын ескерткіш қалдырамын, - деді Шәмші Бұл 1959 жылы 4 қыркүйек болатын. Шәмші уәдесінде тұрып, 1961 жылы «Ана туралы жыр» әні дүниеге келді. Бұл ән - ана алдындағы ешқашан өтелмейтін борышын сезінген баланың төгілген көз жасы еді. Бұл ән аналар туралы Әнұран болатын. Ән: «Ана туралы жыр» орындайтындар Батенова Айгуль Бақытжановна мен Батенова Сабина
І Жүргізуші:
Халық Шәмшіні «Қазақ вальсінің королі» деп бекер айтпаса керек. Оның көптеген әндері вальс ырғағына жазылған. Шәмші әндеріне вальс билемеген жан бар ма? Біздің әке - шешелеріміз осы вальстің ырғағында жүріп бір - бірімен танысып табысты емес пе? Сонымен «Сыр сұлуы» әнінің ырғағында вальсті тамашалайық.
ІІ Жүргізуші: Студент кезінде шығарған әндері «Қайдасың», «Қайықта» әндері студент жастар арасында кеңінен таралып, сол әндері осы күндерге дейін орындалуда. Ендігі тыңдайтын әндеріңіз «Қайдасың» , қабыл алыңыздар!
ІІ Жүргізуші: Жаңа ғана бойжеткен Жас күнімді еске алам Шәмші ағаның жазатын Кездері ғой асқақ ән - деп Күләш апамыз жырлағандай келесі кезектегі «Әнім сен едің» әнін де ұстаздар тарапынан қарсы алайық.
І Жүргізуші: Сазгер Шәмшіге көрсетілген алғашқы да соңғы құрмет 1991 жылдың 29 желтоқсанында Алматы қалалық әкімшілігі атынан, «Қазақстан халық әртісі» деген атақ берілді. Бұл күндері Шәмші ауруханада еді. 1992 жылы 29 ақпанда соңғы сапарға аттанды. Шәмші бұл атақты небәрі 60 күн ғана алып жүрді. Артында өнер өшпес мұра қалды, Әніне табындырып барша жанды. Қазақтың сазгер ұлы, сал – сері, Ғасырдың ұлы едің маңдай алды.
Шәмшіге бірі аға, бірі іні болып ән арнаған Мұқағали Мақатаев пен Мұхтар Шахановтың арнаулы өлеңдері де бар. Аспанынан қазақтың ән боп ұшқан, дара туған дарын Шәмші Қалдаяқовқа 83 өлең арналыпты. Қазақтың Шәмші ағасы - ән ағаға айналып барады.
Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған «Шәмшіге арнау» оқушы: Отырарда туып-өсіп, ержетіп Жалауын әннің көтердің аға өрге тік. Сіз де өттіңіз опасыз мына жалғаннан Ғашықтардың жүрегін әнмен тербетіп. Кетті, аға, әнің қазақтың жерін шарықтап, Көгершін болып көк аспанында қалықтап. Байлық пен мансап бақытқа бастар жол емес, Қоныпты сол кез басыңа аға, анық бақ. Әніңе қосып Ақжайық, Каспий, Арқа елің Ғашықтардың жүрегін, аға, өртедің. Жалаң аяқ көбелек қуған сәбиін Іздейді бүгін кіндік қан тамған Сарыкөлің. Ол рас, аға, өмірден сыйды аз көрдің, Қиындыққа сыр бермей өтті жаз көңілің. Қайыққа мінген Сыр сұлу күтіп жүр ме екен Бір соғар деп оралмай кеткен сазгерін. Жабыны жоқтап, тұлпарды көзге ілмеген, Санасыздар қызғаныш отын үрлеген. Бүгіндер жүр бармағын шайнап өкініп, Уағында қадіріңізді білмеген. Әніңе бөлеп бозторғай ұшқан қырқаны, Ән салдың, аға, таңға ұрып тағы бір таңды. Әлемнің қазір төрінен биік дауыспен, Әніңіз сіздің Ән ұран болып шырқалды. Күніңіз туды төріне өнер өрлейтін, Ерлер де шықты, намысын ердің тербейтін Өлді деп сізді кім айта алар, жан аға, Ән салдырған мәңгілікке өлмейтін.
ІІ Жүргізуші:
Әр адамның өз өмірі секілді, әр әннің өз тарихы бар – деп, Шәмші бір жолдасына «Менің Қазақстаным» әнінің қалай туғанын еске алады. Ол кезде Ақмоланы (қазіргі Астана) «Целиноград» деп атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Қазақ жері осылай бөлшектенгелі жатқанда оның асқақтаған жырлайтын ән қажеттігін сезінді. «Менің Қазақстаным» әні осылай туды. «Менің Қазақстаным» әнін елімнің ұраны болар деп Шәмші біліп айтқан екен. 1986 жылы 17 желтоқсанда бостандықты аңсаған қазақ жастары Алматыдағы Республика алаңына «Елім - ай» мен бірге осы әнді де айтып шықты. «Менің Қазақстаным» деп шырқаған жастардың армандары орындалды. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды. Шәмші Қалдаяқовтың ХХІ ғасырдың басында «Менің Қазақстаным» атты әні Мемлекеттік Гимнге айналып, ол алтын әріппен ел тарихында қалды...
І Жүргізуші:
Елің мен әнің салмайды бөлек іргесін, Болашаққа барасың, бастап жыр көшін «Менің Қазақстанымменен», жан аға, Қазақтың көк байрағыменен біргесің! Әндеріңменен айдынды шалқар көлдейсің Көңілімде әлі отырған күліп сол кейпің Жер бетінде қазағым аман тұрғанда Өлмейсіз аға, өлмейсіз аға, өлмейсің!
ІІ Жүргізуші: Шырқалса әнің қалада, дархан далада, Тыңдайды ұйып, бесікте жатқан балада. Соңына өшпес рухани мұра қалдырдың, Тірісің мәңгі, тірісің мәңгі жан аға!
«Менің Қазақстаным» әнінің түпнұсқасы орындалады.
І Жүргізуші:
Өмір жолы сан тарау, қиын да күрделі, аты аңыз, ел жүрегінде қалған Отырар өлкесінің ұланы, сазгер Шәмші Қалдаяқовтың өнегесі ешқашан ұмтылмайды, сүйікті ағамыздың өнер жолын ары қарай жалғастырушы сіздерсіздер, жас түлектер!
ІІ Жүргізуші:
Шәмші ағаның әндері, Жүректерді тербеді. Көңілдегі жақсы үміт, Әнмен бірге жаңғырып, Болашаққа беттеді Жақсы әндердей мәңгілік, Ұрпақтарды таң қылып, Тозбасын тарих беттері – дей келе бүгінгі Шәмші шығармашылығына арналған «Әнім-халқымның жүрегінде...» атты ән кешіміз аяқтаймыз.