Мақсаты: 1. «Қайырымдылық», «Мейірімділік», адамгершілік құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.
2. Әңгімелесе отырып, қамқорлық жасауға жетелеу. Сабақ барысында құстарға жемсауыт дайындап, оларды мектеп ауласына ілу, суреттер салу.
3. Мейірімділікке тәрбиелеу.
Қолданылған құрал – жабдықтар: Сюжетті суреттер, жағдаяттар, болжау үлестірме қағаздары.
Сабақтың барысы:
1. Психологиялық дайындық.
Жан-жағына нұр шашып
Арайлап жарқын таң атса,
Жер бетінде жайқалып,
Көгеріп өссе көк майса,
Жүрегім жыли бастайды.
Оралғанда сапардан
Алдымнан жақын жан шықса,
Кездескенде достарым
Құшағын маған кең ашса,
Жүрегім жыли бастайды.
2. Қызығушылықты ояту.
Оқушыларға сұрақтар қойылады.
- Үлкендер еркелеткенде қандай күйде боласыңдар?
- Жақсы көретін адамдарға қандай тілек айтқың келеді?
- Басқаларға жақсылық жасаған кездерің болды ма?
3. Әжем айтқан ертегі айдарымен әңгіме, ертегілер тыңдау.
Жақсылық пен жамандық.
Мысал ертегі.
Жасы үлкен ата мен оның немересі үйдің алдында ырсылдап арпалысып жатқан екі итке қарап отырыпты. Иттердің біреуі – ақ, екіншісі – қара. Он екі жастағы немере көзін ашқалы, осы иттер үнемі атасының үй алдында арпалысып жататын. Атасының бұл иттерінің үлкендігін айтсаңшы.
- Ата, иттеріңіз соншалықты үлкен, үй күзетуге біреуі де жетпей ме? Екеуін қайтесіз? Сосын біреуі –ақ, екіншісі – қара түсті болуын әдейі таңдадыңыз ба?- дейді немересі.
Жасы жетпістен асқан ата немересіне ойлы көзбен қарап: «Ол иттерім» - деді, «Мен үшін мәні зор екі таңба, балам!»
- Ненің таңбасы, ата?
- Жақсылық пен жамандықтың. Тура осы иттер сияқты ішіміздегі жақсылық пен жамандық үнемі күресіп жатады. Иттерге қараған сайын соны ойлаймын. Сол үшін оларды үнемі қасымда ұстаймын.
Немересінің көзі оттай жанып: «Күресте қайсысы көп жеңеді, қайсысы көп жеңіледі» - дейді. Атасы риза болып, немересінің арқасынан қағып:
- Қайсысы дейсің, балам?.. Мен қайсысына күтім жасап, жақсы көрсем, сол итім жеңетініне көзім жетеді.
4. Суреттерге қарап, жағдаяттар шешу.
1. Сен бір құшақ газет –журнал көтеріп келе жатқан пошташыны кездестірдің..............
2. Сен аулаға ролик тебуге шықтың, ал досыңның ролигі жоқ..........
3. Анаң ас пісіріп жатыр, ал інің мазасызданып кетті........
Біз қандай мейірімділік, қамқорлық жасай аламыз?
Оқушылардың ойларын тыңдау. Мысалдар келтіру.
Бірде мектепке бір кішкене торғай кіріп кетіп, шыға алмады. Біз оған көмектеспек болсақ, ол бізден қорқып, ұстатпайды. Ал, егерде ол мектепте жүре берсе, ашығып өліп қалуы мүмкін. Өйткені шошып тіптен тамақ берсең де ішпейді. Әр сыныптардан көптеген оқушылар келіп, зорға деген де аулаға шығарып жібердік.
Бөлме өсімдіктеріне қандай мейірімділікпен қарау керек. Неге? Мысал келтіре отырып, әңгімеле.
Сергітейік жанымызды.
Гүлдер әнін барлығы орындайды.
Біздің әсем аулада
Гүлдер көктеп келеді.
Күн сәулесі оларға
Алтын нұрын төгеді.
Гүлім менің өзімнен,
Айнымауын қарашы.
Гүлдер кімнің баласы,
Мен анамның баласы.
5 . Тапсырма орындау.
Құстарға жемсауыттар дайындап, мектеп ауласындағы ағаштарға ілейік. Ол үшін бізге мынадай заттар қажет: шырынның бос ыдысы, қайшы, жіптер, салатын жемдер.
Жемсауыттың дайындалу жолдарын үйрете отырып, жасату. Техникалық қауіпсіздіктерді еске түсіріп, қадағалау. Жасалған жемсауытты аулаға апарып ілу.
6. Жан-жануарларға да қамқорлық жасай біл!
Мейірім әңгімесін оқып беру.
Күздің жайма шуақ күндерінің бірі еді. Сабақ тстен кейін басталатын болғандықтан, асықпай келе жаттым. Бір үйдің бұрышынан өте бергенімде үрейлене жылаған баланың дауысын естідім. Жалт қарасам, басы үлкен, құлағы салпиған қара күшік 3-4 жасар қыздың жолын бөгеп, шәуілдеп жүргізер емес.күшікті қуып жібердім. Қыз қатты қорқыпты. Денесі дірілдеп, өксігін баса алмай солқ-солқ етеді.
7. Сабақты бекіту.
Мейірімді бол! Кестесін толтыру.
Сұрақтарға жауап алу.
- Талға мысық мініп түсе алмаса не істер едің?
- Сырқат жанға сенің қолыңнан қандай жақсылық жасау келеді?