Сабақтың мақсаты: 1. Ана тілін құрметтеуге, тіл туралы білімдерін кеңейту.
2. Оқушылардың топ алдында еркін сөйлеуін, мәнерлеп оқуын, өз ойларын анық жеткізу,шығармашылық қабілеттерін дамыту, сөздік қорын молайту.
3.Өз халқына, Отанына ана тіліне деген мақтаныш сезімін ояту. Оқушыларды елін, жерін сүюге, қадірлеуге тәрбиелеу.
Көрнекілік: ана тілі оқулығы, президенттің портреті, ұлағатты сөздер.
Әділқазылар алқасымен таныстыру.
1-айналым: «Зерделі болсаң, биік шыңға жетесің»
2- айналым: Шығармашылық
3- айналым: Поэзия минуты
4- айналым: Қорытынды түйін.
І- топ «Өнер» тобы.
Біздің ұран: «Өнер алды қызыл тіл»
Өлең: Әуеге асқақтаған өлеңіміз,
Бақытты байтақ елдің бөбегіміз.
Жорыққа, тауларына жиі шықсақ
Сол таудай асқақ болсақ дегеніміз.
ІІ –топ: «Тіл» тобы.
Ұран: «Тілім менің тірлігімнің айғағы»
Өлең: Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.
Мұғалім: Бүгінгі тіл туралы сайыста, баршаңызға жұлдызды сәт тілеймін.
1 – айналым: «Зерделі болсаң, биік шыңға жетесің»
Сұрақ – жауап: (екі топқа кезекпен 3 сұрақтан)
Ана тілі деген не?
Ана тілін құрметтеу дегенді қалай ұғасың?
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қазақ қазақпен қазақша сөйлессін дегенін қалай түсінесің?
Орыс тілін білу қажет пе?
Ағылшын тілін оқығың келе ме?
Тіл туралы қандай мақал-мәтел білесіңдер?
2-айналым:Шығармашылық айналым
(үйге берілген тапсырманы орындау).
мысал: «Қаңбақ пен Бидай» І- топ оқушылары рөлге бөліп мысалды мәнерлеп оқиды.
мысал: «Шегіртке мен Құмырсқа» ІІ – топ оқушылары рөлге бөліп мысалды мәнерлеп оқиды.
Оқушылар тіл туралы мазмұнды ойлар айтады.
І-топ:
1оқушы. Халық бар жерде тіл бар, тіл бар жерде өнер бар. Өнер бар жерде жанкүйелер бар. Әр халықтың ана тілі – оның бақыты, оның қуанышы.
2. Өз тіліңді білу өз тіліңде сөйлеп ер жету, ел қатарына қосылу –өмірден алған ең үлкен –сыйың.
3.Ана тілінде елдігіңді, ерлігіңді жырлайсың.
4. Туған тілін мақтан ету, оны таза сақтау, оның өрлеп, өсе түсуіне еңбек сіңіру- әрбір қазақ отбасының жүрегінде.
ІІ – топ:
1оқушы. Халықтың қуаты- тілдің қуаты. Біз ана тілімізді ең айтқыш, ең білгір, ең бай тілдердің біріне айналдыруымыз керек.
2. Сөйлей білу – үлкен өнер. Әсем сөйлеуге көп тыңдап, көп оқып, мақал- мәтелдерді жақсы біліп, сырына үңілу арқылы, кітапты көп оқу арқылы жаттығып төселеді.
3. Ана тілін сүйемін, Отан үшін күйемін.
4. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке киімі көк, тамағы тоқ болсын деп емес, ұлттық қасиетін, мәдениетін, тілін, дінін, сақтап қалу үшін ұмытылады.
5. Ана тілінде сөйлеу, мәдениеттіліктің әдептілік өлшемі болып табылады.
Мұғалім: Өнердің нәр береді шапағаты,
Әркімнің өнерге бар махаббаты
Талпынып қыздар шықшы кәне,
Қонақтар қошеметпен қол соғады (қыздар қазақша би билейді).
3-айналым: Поэзия минуты.
Топ жетекшілері үйден дайындап келген тіл туралы өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтады.
І-топ: Ана тілім – ар тілім
Жанардағы жарқыным
Жүрегіңде сақталған,
Ән жыры бол халқымның.
Айналайын халқымнан,
Айналайын данқыңнан
Ана тілдің бағасы
Қымбат екен алтыннан.
ІІ – топ: Құндағында бесіктің,
Ана тілін үйрендім.
Сол арқылы бой жазып,
Азамат боп өсіппім.
Туған тілім тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін.
4- айналым: Қорытынды – түйін.
(Топ мүшелері мақал –мәтел айтады. Кім көп біледі уақыты 1 минут).
І- топ: 1 Өнер алды қызыл тіл.
2. Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады.
3. Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ.
4. Тіл буынсыз, ой түпсіз.
5. Шешеннің тілі – шебердің бізі.
ІІ – топ: 1. Тіл қылыштан өткір.
2. Бал тамған тілден у тамар.
3. Басқа пәле тілден.
4. Тіл тиексіз.
5. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ.
Мұғалім: Тәуелсіз Қазақстан ұланы өз елі, өз жері, Отаны туралы не айтар екен?
«Менің Қазақстаным» әні хормен айтылады.
Мұғалім: Қалың елім қазағыңа қорған бол!
Жеткіншегім жайқала өсіп орман бол.
Шет тіл мен компьютерді меңгеріп,
Елге тірек, нағыз ұлттық тұлға бол.
Сөз әділқазылар алқасына беріледі.
«Тілім менің - өмірімнің айғағы» атты ашық сабағымыз аяқталды. Назарларыңызға рахмет.
Айсары негізгі мектебі
Қазақ тілі пәнінен ашық сабақ.
(3 сынып).
тақырыбы: «Қайталау сабағы. Экологиялық – ертегі сабақ.»
(дәстүрлі емес сабақ)
өткізген: Негметова К.Р.(бастауыш сынып мұғалімі)
Сабақтың тақырыбы: Қайталау сабағы. Экологиялық – ертегі сабақ. (дәстүрлі емес сабақ).
Сабақтың мақсаты: 1. Оқушылардың өткен сабақтарда алған білімдерін тиянақтай түсу, сөз таптарын, сөйлем мүшелерің, сөйлемдегі сөздердің байланысы, жай сөйлемнің түрлері туралы алған білімдерін жалпылау.
2. Қазақ тілінің байлығы арқылы оқушының тілін дамыту, сауатты көркем жазу дағдыларын қалыптастыру.
3. Оқушыларға экологиялық тәрбие беру, табиғат – ананы, ондағы өсімдіктер дүниесі, құстар тіршілігіне деген сүйіспеншілік сезімдерін тәрбиелеу.
Сабақта қолданған жаңа технологиялар: сын тұрғысынан ойлау бағдарламасы.
Қызығушылықты ояту.
Мағынаны тану.
Ой-толғаныс.
Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Оқушыларды білімді сапалы түрде меңгеруге дайындау.
ІІІ. Білімді жан-жақты тексеру кезеңі.
а) әр түрлі әдістер қолдану арқылы тақырыпты меңгеру сапасы мен көлемін тексеру.
ә) Қызығушылықты ояту.
Мұғалім: Балалар, біз бүгін қазақ тілі пәні бойынша дәстүрлі емес, экологиялық- ертегі сабағын өткіземіз. Өткен сабақтарда алған білімді қайталаймыз. Сендер ертегі тыңдағанды жақсы көресіңдер ме?
Балалардың жауаптары: Иә,иә.
Мұғалім: Олай болса мені жақсылап тыңдаңдар.
1) Ертеде жануарлар да, құстар да, ағаштар да, айналадағы қоршаған табиғаттың бәрі де сөйлеп кетеді. Ертегі кейіпкерлермен бірге бүгін біз де сөйлесеміз, пікірлесеміз, бір-бірімізге көмектесеміз. Олай болса ертегімді бастайын.
2)Қызығушылықты ояту кезеңінің екінші түрі:
( оқушылардың белсенділіктерін ояту).
Ерте – ерте – ертеде жапан түзде жалғыз терек өмір сүріпті. 20 жасында ер жетіп, 30ында бұғанасы бекіп, 40та кемеліне келіпті де, 50ден асқан соң қартая бастапты. Кейбір бұтақтары сынып, қотыр қабығының әр жеріне құрт түсіпті. Құрт көбейіп оның әр жерін тесіпті. Тұла бойы қақсап ауырған соң амал бар ма?
Ух, жаным –ай, жаным-ай! Енді не қыламын? Құрт ауруына шалдықтым. Тесіп жеп барады, бұтақтарым сырқылдайды, жапырақтарым сыздайды, жәрдем ете көріңдер – деп, терек күні-түні зарлай береді. Оның дауысын естіп бір күні Ақ көгершін ұшып келеді:
Терек ата, ауырыуыңыз жаман екен. Мен дәрігердің кім екенін білмеймін, дегенмен іздеп көрейін-деп ұша жөнеледі.
Мұғалім: -Балалар, көгершін мен бірге теректің ауруын емдейтін дәрігер іздеп жолға шығайық. Ол үшін мына тапсырманы орындап жіберейік.
І- тапсырма: 1) Сөз таптарын ата.
Зат есім деген не? Сын есім, сан есім, етістік туралы білімдерін тексеру.
2) Тірек сызбалар бойынша бір-бір сөйлем құрап жазу.
Мысалы: Мынау терек. Терек әдемі ағаш. Біздің сыныпта тоғыз оқушы бар. Марат жүгірді. т.б.
Мұғалім: Біз теректі емдейтін дәрігер іздеп келе жатырмыз, алғашқы тапсырманы орындадық. Енді көгершінмен бірге әрі аттанайық.
(мағынаны тану кезеңі)
Мұғалім: Көгершін ұшып келе жатып бір төбенің басында отырған сауысқанды көреді де, оған келіп болған жағдайды баяндайды.
«Терекке жақсылық жасай көр» -деп өтінеді.
Әркімнің өз жұмысы бар ғой, менің көмектесуге уақытым жоқ –дейді. Сауысқанның уақыты жоқ болса, онда біз көмектесіп мына тапсырманы орындап жіберейік:
ІІ- тапсырма: 1. Жылқы кісінеді. Ит үрді. Қой маңырады. Сиыр мөңіреді.
Жалаң сөйлемдерді жайылма сөйлемдерге айналдырып жаз.
Мұғалім: Ақ көгершін одан әрі ұшып кетіпті. Қалың тоғайдың маңына жақындағанда Қырғауылды кездестіреді. Оған да мән-жайды хабарлайды.
Ол бірақ көгершіннің ұсынысына өзінің көмектесе алмайтынын айтады. Қырғауыл үшін біз көмектесіп жіберейік.
ІІІ –тапсырма: «Көңілді санамақтар» бойынша жұмыс.
Баласына ж2-ріп,
Ұрысып жатыр к2-лік
2леніп, с2ріп,
Алып қапсың 2-лік,
2ншілей 2-ңді,
Көрсетпе деп ж2-ді.
Мұғалім: «Көңілді санамақта» қандай құс туралы айтылады?
Оқушылардың жауаптары: Кекілік.
Мұғалім: Балалар құстар да балалары жаман баға алса ренжиді екен ғой. Сендер де нашар баға алсаңдар аналарың ренжиді. Сондықтан жақсы баға алу керек.
Сергіту сәті:
Орнымыздан тұрайық,
қолды қолға соғайық,
бір отырып, бір тұрып
демімізді алайық.
Көгершін одан әрі ұшып кетіпті. Қалың тоғайдың ішінен құйқылжыта ән салған Бұлбұлдың үнін естиді. Ол Бұлбұлға да Теректі емде дегенді айтады.
Кешір, Көгершін! Маған ренжіме менің өз кәсібім бар ғой. Менің әнімді ормандағы аңдар, құстар түгелі адамдар да жақсы көреді. Мен үшін адамдардан көмек сұра дейді. Кәне Бұлбұлдың тілегін орындап тапсырманы орындайық.
4 –тапсырма: «Сөз қуаласпақ» ойынын ойнайық.
Сөз қандай дыбысқа аяқталса, келесі сөз сол дыбыстан басталуы керек.
Мысалы: Жапалақ, қарлығаш, шағала, аққу т.б.
Әрбір сөздің қай сөз табы екенін ауызша талдау.
Мұғалім: Көгершін ілгері қарай ұшып кетеді. Айдың көлде сыланып жүзіп жүрген Аққуға келеді. Оған да Теректі емдей көр деп өтініш айтады. Сонда Аққу: -мен қасиетті де киелі құспын ғой. Мен бұл жерден кете алмаймын. Маған көп құстар келеді, ақыл-кеңес сұрайды, мен саған да ақыл айтайын. Сен осы тоғайда үйсіз-күйсіз жұмыссыз жүрген құстар бар, солардың бірін тапта өтініп көр. Мүмкін солардың біреуі саған ілесіп, Теректі емдеп қалар, -дейді. Аққу бізге де ақыл сөздер айтыпты. Енді соны орындап жіберейік.
5- тапсырма: Мына тыйым сөздерді оқып, етістіктерді тап, оның қандай етістік екенін айт. (үлестірмелі карточкалармен жұмыс).
Асты сызылған сөздерге дыбыстық талдау жаса.
Аққуды атпа.
Құс ұясын бұзба, құмырсқа илеуін бұзба.
Көк шөпті жұлма.
Жалғыз ағашты шаппа.
Мұғалім: Көгершін Аққудың ақылын тыңдап, ормандағы сенделіп жүрген құстардың ішінен бір құсқа кез болады. Ол құс Көгершіннің тілегін орындап, онымен бірге Терекке келіп, оның құрт ауруын жазған екен.
Проблемалық сұрақ: Ол қандай құс деп ойлайсыңдар?
Оқушылардың жауаптары: Тоқылдақ- Тоқылдақ.
Мұғалім: Дұрыс айтасыңдар, бұл тоқылдақ еді.
Проблемалық сұрақ: Олай болса бүгінгі ертегімізге қандай тақырып қоюға болады?
Оқушылар: Тоқылдақ – орман дәрігері.
Мұғалім: Содан бері әлгі Терек жайқалып өсіп тұр екен. Тоқылдақтар ағаштарды құрттардан, шіруден сақтайды екен. Ал жасыл өсімдіктерді, ағаштарды күтсек, біздің денсаулығымызға пайдалы екенін білесіңдер.