Оқиға айту (Мұғалім сыйы). МӘШҺҮР-ЖҮСІП КӨПЕЙҰЛЫ (1858 - 1931) А.И. Ахметова Мәшһүр Жүсіп 1858, қой жылы, қыс мезгілінде қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданының Қызылтау өңірінде Найзатас деген жерде дүниеге келген. Оның шын есімі Жүсіп, бірақ халық оны Мәшхүр (араб тілінен аударғанда «атақты, әйгілі, даңқты, бақытты») деп атаған. Бұл жөнінде ақын кейіннен «Өмірбаян» атты өлеңінде былай жазады: Жасымда қойылған ат адам Жүсіп, Жұрт кеткен сүйгенінен Мәшһүр Жүсіп. Қолыма қағаз ,қалам алған шақта, Кетемін қара сөзге желдей есіп. Бес жаста «бісміллә» айтып жаздым хатты, Бұл дүние жастай маған тиді қатты. Сегізден тоғызға аяқ басқан сәтте, Мұса еді қосақтаған «Мәшһүр» атты! Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы ақын, ойшыл, тарихшы, этнограф, шығыстанушы ретінде адамзат бақытының мәнін түсіндіруде өз үлесін қосқан. Ол адамзат болмысының және бақыттың мәнін, адам қылығы мен мінез-құлығы түрткілерін түсінуге ұмтылып, руханилық пен адамгершіліктің мән-мағынасын зерттеген. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы мен Шәкәрімнің дүниетанымдық көзқарастары жалпыадамзаттық құндылықтардың мәңгі табиғатына негізделіп, ұқсас болып келеді. Олар - замандастар, өз заманының жұлдыздары. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлы тіпті бір уақытта туылып, бір уақытта дүниеден озады. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы ілімінің негізінде адамның қоршаған дүниеге жауапкершілігін қалыптастыру және осы дүниеде өз орнын анықтау идеясы қарастырылады. Көпейұлы адамзат болмысының мәнін түсіндіруде келесі тұжырымды ұсынады: руханилық – бұл адамды мейірімді істерге бағыттайтын адамгершілікпен көрінетін жанның жарығы, ал мейірімділік адамның өз өмірі мен қоршаған дүние үшін жауапкершілік қатынасын айқындайтын оның маңызды қасиеті1. Сонымен қатар, ол жүрек пен ақылдың бірлігін сипаттайды, яғни әлемге деген адамның жолы руханилық пен ақыл-ойдың бірлігі жолындағы үнемі ізденістердің болуымен айқындалады2. М.Ж. Көпейұлының тұжырымдамасында арлы адамның үлгісі үлкен маңыздылыққа ие. Өйткені адамгершілік негізіндегі жауапкершіліктік қатынас ар-ұжданның болуымен айқындалады. Арлы адам әлемге деген өзінің терең рухани көзқарасымен әлемнің үйлемсімділігін сақтап қалады. Осы тұжырымдаманың негізінде кемелденген адам – бұл адамгершіліктік жауапкершілігінің ақиқатын ашуға қабілетті адам. Өзін-өзі танудың басты шарты ретінде адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын қарастырған, оның барысында адамдар бір-біріне мейірімді қатынас орнатып, ақиқат жолына бағытталатын болған. Көпейұлының пікірінше, адамзаттың руханилығы риясыз сүйіспеншілікпен айқындалады, жүрегінде риясыз сүйіспеншілігі бар адамдар бір-біріне риясыз қызмет көрсетеді. Осылайша, Көпейұлының пікірі бойынша, әр адам үздіксіз кемелдену жолындағы істерге өзі жауапты саналады. Көпейұлы адамдар тұлғааралық қатынастарының үйлесімділігін өздері бұзатынын айтқан, өйткені олар өздерінің бейнесін басқа адамның бойынан көре алмай, өз өздерімен алпарысып, күресетін болған. Ол «адам өзіндегі ақиқатты көре алмағандықтан өмір жолында көп қателесетін болған» деген пікірді қалдырады. Сонымен бірге, мейірімділікке және зұлымдыққа бағыттылық әр адамда болады, ол жолды таңдауға өзі құқылы. Сонымен, қанағатшылық ұстанымы негізінде, адамгершіліктік таңдауда адам өзіндегі рухани тұтастылықты сақтап қалады. Рухани кемелдену жолындағы биік шыңға жалпыадамзаттық құндылықтарды бойымыздан жарыққа шығару арқылы жете аламыз. Сұрақтар: Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы «жанның жарығы» деп нені айтқан? Неліктен? Әлемдегі үйлесімділікті сақтап қалу үшін адам нені ұғыну керек? Сендердің пікірлеріңше, жүрек пен ақылдың бірлігі болғанда адамның іс-әрекеті қандай болады? Ақиқатты ұғынумен байланысты өз тәжірибелеріңнен мысалдарды сипаттау арқылы адамдар қарым-қатынасындағы үйлесімділіктің табиғатын түсіндіріңдер. |