Серік боп құрқылтаймен қылдым сауда, Айналды серіктіктің арты дауға. Борсыққа жарап жүрген міне шауып, Ұрандап, бір бүйірден тидім жауға.
Дарияға тоған бастым ебелектен, Жаратып, қасқыр қудым көбелекпен. Жығылып тас кенеден мойны үзіліп, Бір кемпір «ә» дегенде өле кеткен.
Аспанға алты жерден тіреу қойдым, Борышыма жел жемісін бере қойдым. Жүрегін құрқылтайдың төрт бөліп жеп, Нансаңыз, өмірімде бір-ақ тойдым!
Сауысқан елден асты аққуды іліп, Елімді қызғыш шауып, салды бүлік. Қақалып кеше кешке жеген етке, Қолқамда бес жыл тұрды кәрі жілік.
Күмістен ақ тышқанға таға қылдым, Құйрығын көр тышқанның жаға қылдым. Терісін он бес маса теспей сойып, Жиынға он бес қарыс саба қылдым. Жабылып тоғыз жігіт көтере алмай, Қылмасқа ондай саба тоба қылдым.
Өтірік айтпағаннан жұртқа жақтым, Құмырсқаны қайырып, қойдай бақтым. Ел қыдырған кешегі есер кезде Бөгелектің басына тана тақтым.
Бір қоянды міндім де, аспанға ұштым, Екпініне шыдамай, жерге түстім. Алты күндей ақ боран соғып еді, Жалғыз қурай ығында ас қып іштім.
Дүниенің ауыры үрген қуық, Жалғыз өзім көтердім аузын буып. Үлкеніне шіркейдің арба жектім, Ондай мықты көрмедім өзім туып.
Бес қарсақты күнінде баса жектім, Жүргізе алмай, шіркінді азап шектім: Екі теңді үстіне теңдеп алып, Қара жолдың үстінде борт-борт шаптым.
Үлкеніне шіркейдің арба салдым, Басқа, көзге төпелеп, зорға салдым. Мені мықты дегенге жұрт нанбайды, Қойдай битті көтеріп отқа салдым!
Өтірікті айтпаймын ең басынан, Арқан естім бозторғай шудасынан. Алты инелік, бес торғай той қылыпты, Киіт кидік солардың құдасынан.
Өтірік өлең айтпаймын ең басынан, Шылым қылдым шымшықтың қу басынан, Қара шіркей етіне қазан толды, Астау-астау ет қалды әр басынан.
Маса деген бірталай бақыр екен, Сона деген қансорғыш пақыр екен, Екеуінің қылығы асқынған соң, Құмырсқалар жазалап жатыр екен.
Бүгелектің терісі — ер-тұрманым, Қоян мініп, мен өзім жау қуғанмын. Шегірткенің айғырын ұстап мініп, Тұра қашқан түлкіні бір бұрмаймын.
Көлбақаның көнектей сүйегі бар, Көртышқанның қырық құлаш үйегі бар. Өзім барып, жерінен алып келдім, Бір түлкінің қырық арба сүйегі бар!