Просмотр содержимого документа
«БАСТАУЫШ СЫНЫПТАРДА АНА ТІЛІН О?ЫТУДЫ? БЕЛСЕНДІ ШЫ?АРМАШЫЛЫ? ІС-?РЕКЕТ НЕГІЗДЕРІ »
БАСТАУЫШ СЫНЫПТАРДА АНА ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ БЕЛСЕНДІ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ІС-ӘРЕКЕТ НЕГІЗДЕРІ
Тунгатова Райкүл Биебаевна
№264 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі. Қызылорда қаласы.
Болашақта өркениетті дамыған елдер қатарына ену үшін заман талабына сай білім керек. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанды дамыған бәсекеге қабілетті елу елдің қатарында, терезесін тең ететін – білім.
Ана тілінің қоғамдық-әлеуметтік мәні туралы Ж.Аймауытов: “Ана тілі-халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы мол халықтың тілі”,-деген.
Ана тіліне деген сүйіспеншілік, өз халқының тарихына қызығушылық ана тілін оқытудың басты міндетінің бірі болғандықтан білім беру жүйесінде келесі өзгерістер аясында бұл мәселеге баса мән беріліп отыр. Ана тілі оқу пәні ретінде оқушылардың көркемдік-эстетикалық талғамын, қоршаған ортадағы әсемдік пен үйлесімділікті, жалпыадамзаттық және рухани құндылықтарды, туған жер байлықтарын танып біліп, оны дұрыс бағалауға, құндауға баулиды.
Ана тілі пәні барлық пәндердің ішіндегі жетекші пән болып табылады. Көркем өнердің бір саласы ретінде оның басты құралы сөз өнері. Белгілі ғалым Т.Ақшолақовтың пікірінше: көркем шығарманың кішкентай клеткасы сөз. Шығарманың шаңырағы сол арқылы көтеріледі деген тұжырым жасаған. Қазақ халқының ұлы ағартушы педагогтары А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаевтар жеке тұлғаның қалыптасуындағы ана тілінің зор тәрбиелік –білімдік маңызына үлкен мән берді.
Қазіргі білімділік үрдіс ана тілін белсенділік пен шығармашылық іс-әрекеттері негізінде оқытуды көздеп отыр. Белсенді шығармашылық іс-әрекет оқушының сапалы жаңа нәтиже шығаруға бағыттаған іс-әрекеті. Бұл оқыту үрдісіне қабілеттерінің негізінде көрінген тәсілдер мен амалдарды енгізуге мүмкіншілік береді.
ТМД елдерінің психологтары Д.Б.Эльконин, Л.И.Кашина және отандық зерттеушілер Т.Тәжібаев, Е.Суфиев, М.Мұқанов, Қ.Жарықбаев және басқалар танымдық қажеттілікті ойлау белсенділігін шығармашылық іс-әрекетті ой-өрісті дамытудың алғы шарты деп есептейді.Сондықтан оқу үрдісін ғылыми әдістемелік негізде, оқушылардың белсенділігімен өзіндік дамуын қамтамасыз ететін технологияларды пайдалана құруы қажет. Психологиялық-педагогикалық зерттеулерде В.В.Давыдов, Е.И.Унт, А.А.Кирсанов) белсенділіктің үш деңгейін көрсетіп берді. Олар:
- жаңғыртушылық-еліктеушілік белсенділік мұнда іс-әрекет тәжірибесі басқаның тәжірибесі арқылы толығады,себебі өзінділік белсенділігі бұл деңгейде төмен жеткіліксіз;
- ізденіс-орындаушылық белсенділігі орта деңгей, мұнда дербестік дәрежесі орын алады. Бұл деңгейде алдыға міндет қойылады да, оның шешу жолын оқушы өзі іздейді;
– шығармашылық белсенділік жоғары деңгей, бұл деңгейде оқушы міндетті өзі қойып, оның шешу жолын да өзі табады.
Кез келген тәжірибені оқушы екі жолмен игереді. Біріншісі, дамыта оқыту жолы, оның негізінде бұрыннан қалыптасқан амал әрекеттерді оқушының белсенді меңгеруі жатыр. Екіншісі-шығармашылық бейнелерді, амалдарды жасау. Ана тілі сабағында оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытатын және іске асыруға ықпал ететін түрлі жолдар қажет. Біздіңше, оқытудың төмендегі принциптерін ана тілі сабағында басшылыққа алу өте тиімді. Атап айтсақ: жанрлық және авторлық, көркемдік-эстетикалық әдебиеттану, қарым-қатынас тілдік, даралау ынталандыру, кіріктіру, гуманизациялау, әр түрлі деңгейде оқыту мен тәрбиелеу жүйесінде бала тұлғасын дербес дамыту, нәтижелі-шығармашылық қызмет және т.б.
Жанрлық және авторлық принциптерді пайдалану әртүрлі жанрда жазатын бір автордың бірнеше шығармасын бір уақытта қарастыруды көздейді. Мысалы:
Ы. Алтынсарин, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, С.Көбеев, Ж.Жабаев, Қ.Аманжолов, М.Әуэзовтардың көркемдік-сюжеттік әңгімелері, өлеңдері, ертегілері. Сонымен қатар түрлі авторлардың бір жанрда жазған шығармалары салыстырмалы түрде қарастырылады.
Көркемдік-эстетикалық принцип бастауыш сыныптардың ана тілі оқулығымен хрестоматиясына енгізілген шығармаларды оқу мақсатында таңдап алуға негіз болды. XX ғасырдағы қазақ ағартушылары А.Құнанбаев, Ы. Алтынсарин, М.Жұмабаев және қазақ әдебиетінің классиктері С.Мұқанов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, О.Сүлейменов, Б.Соқпақбаев, С.Бегалин, Ә.Кекілбай, Ө.Тұрманжанов, Ш.Мұртаза, Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев,
Ә.Дүйсенбиев,С.Қалиевтардың шығармалары. Халық ауыз әдебиеті оқушылар алдында қоршаған орта дүниенің байлығын және адамдардың қарым-қатынасын ашады, эстетикалық сезімдерін ұштайды, болмысқа деген өзіндік көзқарасын қалыптастырады.
Балалардың көңілі, олардың алдында тек қарапайым танымдық мәтіндер емес, қоршаған дүние және адамдар қарым-қатынас байлықтарын ашатын, үйлесімділік сезімдерін туыратын,өмірдегі сұлулықты түсінуге жетектейтін,баланың болмысқа деген қарым-қатынасын қалыптастыратын сөз өнері шығармалары екендігіне аударылады.Бұл принцип өнердің барлық басқа түрлерінің арасындағы байланыстың белсенді тұрақтылығын қарастырады.
Әдебиеттану принципі әдеби шығармамен танысып оны талдағанда іске асады, сөзге ерекше көңіл бөлінеді, себебі ол көркемдік бейне жасаудың құралы, оның арқасында автор өзінің ойын, сезімін, көңіл-күйін, көзқарасын жеткізеді. Оқушылардың көркемдік бейнені түсінуі ана тілінің бейнелік құралын талдау арқылы іске асады. Көркем шағарманы талдау барысында онда келтірілген проблемалар, адамгершілік және эстетикалық идеялар көркемдік формалар, Отан туралы,бейбітшілік, дүние туралы оқушылардың түсінігін толықтыруға мүмкіндік туады.
Әдебиеттану принципі оқытудың бастапқы кезеңінің ерекшеліктерін ескере әдеби шығарманы талдағанда іске асады, көркем образ жасаудың құралы ретінде қабылданады,сөз арқылы автор өзінің ойын, сезімін, идеяларын жеткізеді.
Әдебиеттану принципі оқытудың басында орын алған, мәтінді лингвистикалық талдаудың орнына жүреді, онда шығарманың жалпы сұлбасынан бөлініп алынып,көркемдік мәнерлік құралдарының тек жекеленген түрлері ретінде қарастырылады.
Сөз жеке бөлініп алынбай, шығарманың бейнелік жүйесінде бірге қарастарылады, ол бейнелік сөздерді ғана емес,басқа сөздерді де мән, мазмұнымен толықтырады.
Көркемдік шығармамен жұмыс көркемдік мәнерлік эпитет, теңеулерді талдаумен шектелмеуі тиіс. Бастауыш мектепте тілдің бейнелік құралдарын талдау балалаларға көркем образдың бүтіндігін сезінуге көмектесуі керек.
Әдебиеттану принципінің көрінетін бағзы бір жері,бағдарламада негізгі әдеби жанрларды қамтиды: ертегілер, өлеңдер, әңгімелер, мысалдар, драмалық жанрдан үзінділер.Оқушылар адамгершілік-эстетикалық идея көркем форма, композиция сияқты ұғымдардың алғашқы түсініктерін меңгереді.
Әдебиеттік оқу курсы балаларды жазушылардың шығармашылығымен таныстыруды қарастырмайды, себебі кіші мектеп балаларында жеткілікті оқығандық, қажетті өмірден түйгендері,бақылағандары жоқ. Қарым-қатынастық тілдік принцип сөйлеу мәдениетінің, сөйлеу дағдыларының дамуын көздейді, олардың бастысы оқу дағдысын қалыптастырады. Ол әдеби оқу бағдарламасында оқу материалдары маусымдық тараулар бойынша берілген. Мысалы “Көктем” тарауы мұнда балалардың оқу мүмкіншілігін бірте-бірте кеңейтетін, қоршаған дүние, елдің өмірі,туған елдің табиғаты, көктемгі адамдар еңбегі жәйлі шығармалар берілген, олар балалардың рухани-адамгершілік тәжірибелерін байытып, оқуға деген қызығушылығын дамытады.
Қарым-қатынастық тілдік принципі оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту, кіші мектеп балаларының оқу дағдыларын қалыптастыру мақсатында қолданылады. Әдебиеттік оқу сабақтарының міндеттері сөйлеу әрекетінің түрі, оқу дағдыларын тездетіп дамыту: ақыл-ой әрекеті болып есептелінетін дауыстап оқудан іштей оқуға дейін жеткізу.
Оқу дағдыларын дамыту мыналарды қамтиды: 1- сынып - сөзді құрастырып оқу тәсілдерін қалыптастыру, сөзді сөз тіркестеріне, сөйлемге біріктіру, жүгіртіп оқудың қарқынын арттыру; 2-сыныпта - іштен оқуды бірте-бірте енгізу; 3-4 сыныптарда-жүгіртіп оқу қарқынын ұлғайту және тиімді оқу тәсілдерін меңгеру.
Бастауыш сыныптарда жүгіртіп оқуды қалыптастырумен қатар, оқығанды түсіну жалпылау және негізгіні бөліп алу біліктерін дамытуға байланысты жұмыстар жүргізіледі.
Оқу дағдылары мен тілтану біліктерінен (мәтінді бөліктерге бөлу, тақырып қою, жоспар құру, оқығанды қысқартып және толық айтып беру) және тағы басқа, оқушылар оқығанда кездесетін әртүрлі қарым-қатынастық міндеттерді шеше отырып, мәнерлеп оқу тәсілдерін меңгереді, шығарманы талдай отырып, олар ауызекі тілдегі мәнерлік тәсілдегі мәтінді оқығанда пайдалануға дағдыланады.
Ана тілінде даралап оқыту маңызды принциптердің бірі ретінде қарастырылады. Әр оқушының жеке тұлғалық қайталанбайтын ерекшеліктерін жүйелі түрде ескеруді қажет етеді. Даралап оқыту белсенді, қалыптастырушы, дамытушы принцип,баланың өзіндік шығармашылығын тез түрде дамытады. Даралап оқыту дегеніміз - оқу материалын саралау қиындығы және көлемі әртүрлі деңгейдегі тапсырмалар жүйесін жасау. Оқу топтарындағы оқу үрдісін ұйымдастыру, іс-шараларының жүйесін жасау; әр оқушының жеке бас ерекшелігін ескеру.
Дидактикада оқушының жеке бас ерекшеліктері ескерілсе мұны саралап оқыту дейді. Педагогикалық әдебиеттерде ішкі және сыртқы саралау ұғымдары келтірілген. Ішкі саралауда оқу үрдісін ұйымдастыру яғни мұнда сабақтарда оқу іс- әрекетін ұйымдастыруда оқушылардың жеке бас ерекшеліктері ескеріледі.Сыртқы саралауда оқушылар арнайы топтарға біріктіріледі. Мұғалімнің міндеті оқыту процесінде әрбір оқушы ішкі мүмкіншіліктерін пайдалана алу үшін жағдай туғызу.Бұл практикалық міндетті шешу саралап және даралап оқытумен тығыз байланысты яғни ішкі саралау және даралау ұғымдарының мәні өте жақын деуге болады.
Әр түрлі деңгейде оқыту мен тәрбиелеу жүйесінде бала тұлғасын дербес дамыту принципі. Ана тілі сабағында бұл принципті іске асыруда төмендегідей шарттарды орындау қажет.Атап айтсақ: физикалық және ақыл ой қабілеттерінің дербес даму деңгейлеріне, оқушының мүддесі мен бейімділігі дамуына оқу материалдарының сәйкес келуі; оқытудың қорытынды нәтижелеріне қол жеткізу және нақтылаудың ең озық формалары ретінде әр түрлі деңгейдегі оқыту жүйесін пайдалану; міндетті білім көлемінен оның мүмкін деңгейіне, білімді меңгерудің репродуктивтік құралдарынан продуктивтік түрлеріне; жекеден жалпыға және керісінше көшу. Сонымен әр деңгейдегі оқыту принципін жүзеге асыру оқушылардың дербес міндеттерді шешу тәсілдерін өз бетінше таңдау қабілетін дамытуға, алға қойған мақсаттарына жетудегі ілгерілеу қарқыны ерекшеліктерін айқындауға септігін тигізеді. Әр түрлі деңгейде оқытуда:
Оқушылар еркіндікке ие болады;
Жеке пәндерге көп уақыт бөледі;
Шағын топтарда оқушылардың жеке бас ерекшелігін ескере біркелкі дамуына жағдай жасалады;
Жеке басқа бағытталған технологиялар танымдық іс-әрекетте белсенділік көрсетуде әр оқушыға мүмкіншілік тудырады;
Сынақтар жүйесі әр оқушының өсу қарқынын жүйелі түрде байқап, мониторинг жасауға мүмкіншілік туғызады;
Оқушы өзінің және жолдастарының жетістіктеріне жауапкершілікпен қарап, өз іс-әрекетін еркін жоспарлауға мүмкіндік алады.
Нәтижелі шығармашылық қызмет принципі. Әдебиеттік оқу пәнінің бағдарламасының мазмұны тек пән бойынша дайындау мен білімді меңгеруге ғана емес, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық қызметін диалектикалық дамытуға бағытталған. Қазіргі жағдайда мектептер базалық білім беру стандарттарын меңгерумен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Басқа пәндер сияқты әдебиеттік оқу сабағында алған кез келген білім мұғалім ұйымдастыратын және бағыттайтын балалар шығармашылығы тұрғысынан қарастырылуы керек. Мұғалім білімді қалыптастыру процесінде баланың эвристикалық қабілеттерін дамыта отырып, оқу іс-әрекетін оқушының қызығушылығы мен бейімділігін дамыту, ойлан тап,ойдан шығар, әңгіме құрастыр, мәтін бойынша сурет сал, қиялда, дайында, жоспар құр, өз көзқарасыңды білдір, сен мәтінді қалай аяқтар едің? деген сияқты жаңа нәтижелер жасауға бағыттайды.
Ынталандыру принципі. Бастауыш сынып оқушыларының оқуға деген ынта ықыласы болса, олардың оқу таным әрекеті сенімді болады. Ынталандыру принципі оқушыларға жеке дара қарауды керек етеді. Осыған орай В.А.Сухомлинский төмендегідей кеңестер берген:
Балалардың ақыл-ой күштері мен мүмкіндіктері бірдей емес.
Оқыту мен тәрбиелеудің барлық заңдарын қолдана алатын абстрактылы оқушы жоқ. Оқушы әрқашан дара, өзінше ерекше.
Оқуда барлық мектеп балалары үшін табысқа жетудің бірыңғай алғы шарттары жоқ.
Оқу қызметінің берілген сәтінде әр оқушының неге қабілетті екенін анықтаудың маңызы зор.
Оның ақыл ой қабілетін одан әрі қарай дамытуға болатындығын анықтау маңызды.
Оқушыдан мүмкін еместі талап етуге болмайды.
Бағдарламада қаралған деңгейге әр оқушы қандай жолмен, қандай кірістермен және қиыншылықтармен келетінін дұрыс анықтап алу керек.
Әрбір оқушының ақыл-ой еңбегінде бағдарламаны қалай жүзеге асыру керек.
Әрбір баланың күші мен мүмкіндігін ашып, оны ақыл-ой еңбегінде қуанышқа кенелту.
Әрбір оқушының оқудағы және ақыл-ой еңбегіндегі дара сүрлеуін анықтау керек. Осы сүрлеуді және жақсылық жалынының отын сақтау.
Кіріктіру принципін білім мазмұнын анықтауда, оқу бағдарламалары мен
оқулықтарын жазуда басшылыққа алынады. Кіріктіру әртүрлі пәндердегі негізгі принциптер мен заңдылықтарды өзара тығыз диалектикалық бірлікте қарастыруды көздейді. Сондай-ақ мазмұны жағынан бір-біріне жақын пәндердің тіл мен әдебиет, тіл мен математика және т.б.өз ара жеке пәндердің ішіндегі материалдардың арасындағы байланыстарын анықтап, оқушылардың білімін тереңдетуге болады. Осы тұрғыдан алғанда бастауыш сыныптарда ана тілі пәнін қазақ тілі, дүниетану, бейнелеу пәндерімен кіріктіре оқытудың маңызы зор.
Гуманизациялау, ізгілендіру принципі оқушының жеке басына деген
ерекше құрметті сүйіспеншілікті талап етеді. Балаға сенім артып,оның жеке басының қасиеттерін ескеріп, оқу таным әрекетінің жемісті болуына қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасау керек. Оқу процесінде сабақтарда балаларды қорықпай, қысымшылық жасамай, керісінше, олармен жылы қарым-қатынас жасау міндет. Бұл принцип гуманитарлық бағдарды жүзеге асыруды керек етеді. Бастауыш сыныптарда білім мазмұнын жалпыадамзаттық және ұлттық рухани игіліктеріне қарай бағыттап, халқымыздың тарихын, тілін, мәдениетін, дәстүрін терең оқып үйрену міндетін жүзеге асыру керек.
Проблемалық принцип оқу процесінің мазмұнын, әдістерін, технологияларын, ұйымдастыру формаларын проблемалы сипатта болуын қамтамасыз етеді. Проблемалы оқыту білімді дайын түрде бермей,оқушылардың ізденуін, дербестігін, шығармашылық ойлауын дамытуға бағытталады. Проблемалық принцип оқушылардың ойлау процесінің психологиясына негізделеді. Өйткені, ойлаудың басталуы проблеманың болуына байланысты, басқаша айтқанда ойлау проблемалық сұрақ немесе міндеттен басталады.
Сонымен, бастауыш сыныптарда ана тілін белсенді шығармашылық іс- әрекет негізінде оқыту үшін мұғалімдер басшылыққа алатын принциптер ұсынылды. Оларды оқыту процесінде дұрыс пайдаланудың мәні мен маңыздылығы оқушының алған білімінің нәтижелілігіне байланысты болмақ.