Просмотр содержимого документа
«баяндама "4- сыныпта ?аза? тілін дамыта о?ытуды? ?ылыми-?дістемелік негіздері" »
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігі
Тараз қаласы
№17 Ғани Мұратбаев орта мектебі
4- сыныпта қазақ тілін дамыта оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері
Мукатова Мереке Қайртақызы
Бастауыш сынып мұғалімі
Жоспары:
1.Кіріспе
2. Негізгі бөлім :
а) Оқыту үдерісіндегі жаңа технологиялар
ә) Дамыта оқытудың басқа білім беру
технологияларынан айырмашылығы
б) 4- сыныпта қазақ тілін дамыта оқытудың
ғылыми-әдістемелік негіздері
3. Қорытынды
Аннотация
«4- сыныпта қазақ тілін дамыта оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында жазылған бұл баяндамада автор негізгі зерттеу мәселесі етіп ,оқытудағы жаңа технологиялардың білім берудегі тиімділігі мен дамыта оқытудың нәтижелілігін арқау етіп алған.
Жаңа технологиялар ішінде дамыта оқыту теориясының ерекше атауға себеп болатын көптеген қыры бар. Оларды әдіснамалық, ғылыми-теориялық, әдістемелік тұрғыдан тану арқылы ғана дамыта оқыту әдістемесін 5-сыныпта «Қазақ тілі» пәнін оқыту үдерісіне енгізіп, одан көздеген нәтижелер алуға болатындығын өз тәжірибесінде қолдана білген.
.
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Ғасырлар тоғысында өзінің жаңа даму жолы мен болмысын айқындап алған Қазақстан Республикасы ХХІ ғасырда болашақ буын ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеудің жаңа парадигмаларын қалыптастыруды алдыңғы кезектегі міндет етіп қойып отыр. Егеменді еліміздің бүгінгі таңдағы ең басты мақсаты – жан-жақты дамыған, алдыңғы қатарлы елдермен теңесу. Ал оған жетудің басты жолдарының бірі – әлемдік білім кеңістігінен орын алу. Мұның өзі ұлттық білім беру жүйесінің даму бағыттарын айқындап, оны тың арнаға, жаңа сапаға жеткізу қажеттілігін міндеттейді. Сондықтан да білім мазмұнын байыту, оқыту үдерісін жетілдіру, инновациялық технологияларды дүниеге әкелу, жан-жақты дамыған, рухани бай, өз елін, халқын жанымен сүйетін тұлға қалыптастыру өз шешімін қажет ететін, кезек күттірмей, іс жүзіне асыратын мәселе болып отыр.
Білім – қазақ халқының болашаққа бару жолындағы үлкен стратегиялық қоры. Білім беру жүйесін заман талабына қарай өзгерту, дамыту, жаңа талаптарға бейімдеу – қоғамдық мәні үлкен мәселе. Қазақстандық білім беру жүйесі тарихының жаңа кезеңі оқытудың жаңа жүйелері мен жаңа технологияларын зерттеуді, тиімділігін анықтап, оқу үдерісіне енгізумен ерекшеленеді.
Жаңа білім беру жүйесі дәстүрлі оқыту үдерісін түбегейлі өзгертуді және оқытудың жаңа технологияларын оқыту үдерісіне тиімділікпен енгізу жолын негіздейді. Бұл жаңа бағыт оқудың нәтижесін алдын-ала болжап және сол арқылы оқушылардың өзін-өзі дамытуға қатысуын мүмкін етеді. Жаңа педагогикалық технологиялар жүйесін қалыптастырған еңбектер мен зерттеулерде қазақстандық мектептердің болашағына игі ықпалын тигізер жолдар мен бағыттар да айқын танылады. Оқушыны білім беру үдерісінің нысаны ғана емес, сол үдеріске қатысушы маңызды субъектісі деп санап, оның ана тілінде терең ойлай алуы мен шебер сөйлеуін, сауатты жазу тілін дамытып, оқу барысында алған білімі мен игерген машық-дағдыларын өмірдің қажетті жағдаяттарына сай әрі дұрыс қолдана алатын дәрежеге жеткізу – жаңа педагогикалық технологиялардың негізгі мақсаты.
Осы мақсат дәстүрлі оқыту жүйесіндегі пассив объекті мен жаңа педагогикалық жүйелердегі белсенді субъектінің арасындағы басты айырмашылықты көрсетеді.
Қазіргі кезеңде сапалы нәтижеге қол жеткізудің уақыт пен тиімділігін көрсетіп жүрген бірнеше педагогикалық технологияның ішінде дамыта оқыту жүйесінің өзіндік орны анықталған.
Жаңа технологиялар ішінде дамыта оқыту теориясының ерекше атауға себеп болатын көптеген қыры бар. Оларды әдіснамалық, ғылыми-теориялық, әдістемелік тұрғыдан тану арқылы ғана дамыта оқыту әдістемесін 5-сыныпта «Қазақ тілі» пәнін оқыту үдерісіне енгізіп, одан көздеген нәтижелер алуға болады.
Дамыта оқыту жүйесі қазіргі таңда ТМД елдерінің бірқатарында негізгі оқыту технологиясы ретінде бекітілгені белгілі. Ал қазақстандық білім беру жүйесінде бұл мәселе енді ғана күн тәртібіне қойылып, қолға алынып келеді. Осындай келелі мәселенің дамуын оң жүйелілікпен басқарудың жолы қазақ тілін дамыта оқыту әдістемесін арнайы зерттеу арқылы ғана айқындалады.
Зерттеу нысаны – 4- сыныпта қазақ тілі пәнін дамыта оқыту үдерісі.
Зерттеу пәні – 4- сыныпта қазақ тілі пәнін дамыта оқыту әдістемесі.
Зерттеу жұмысының мақсаты – мектепте қазақ тілін дамыта оқытудың ғылыми-теориялық, әдіснамалық негіздерін тұжырымдай отырып, әдістемелік жүйесін жасау; оның тиімділігі мен сапалылығын анықтау.
Зерттеу міндеттері:
–мектепте қазақ тілін дамыта оқытудың әдіснамасын айқындап, ғылыми-теориялық негіздерін тұжырымдау;
–мектепте қазақ тілін дамыта оқыту әдістемесін жүйелік-құрылымдық тұрғыдан анықтау;
– мектепте қазақ тілін дамыта оқыту ұстанымдарын белгілеу;
–мектепте дамыта оқыту көзделіп отырған қазақ тілі бойынша берілетін білім мазмұнын анықтау;
–мектепте қазақ тілін дамыта оқыту әдістемесінің бағдарламасын ұсыну;
–мектепте қазақ тілін дамыта оқытуды жүзеге асыруға мүмкіндік жасайтын оқу-әдістемелік кешен ұсыну;
–мектепте қазақ тілін дамыта оқыту әдістемесіндегі ақыл-ойды кезеңдікпен қалыптастыру жүйесін анықтау;
–мектепте қазақ тілін дамыта оқыту әдістемесінде оқушыларға берілетін эмпирикалық білім мен теориялық білімнің өзара тепе-теңдігі мен сәйкестігін сақтай отырып,тәжірибелік жұмыс жүргізу,жұмыс нәтижелеріне талдау жасау.
Зерттеу болжамы. Егер мектепте қазақ тілін дамыта оқытудың ғылыми-теориялық және ғылыми-әдіснамалық негіздері айқындалып, ол дамыта оқытудың біртұтас әдістемелік жүйесі түрінде жүзеге асырылса; оқыту материалдарын дамыта оқытуды оқушының өзіндік әрекетіне негіздеп, олардың теориялық ойлауы мен тілін дамыта оқытудың арнайы әдістерін қолдануға басымдылық берілсе; күтілетін нәтиженің моделі 4- сынып оқушыларының даму қабілетіне сай іріктелінген білім мазмұнына негізделіп ұйымдастырылса, онда 4- сынып оқушысының теориялық ойлауы мен тілін дамыту мүмкін болып, түпкілікті нәтижесінде тілдік қабілеті жетілген жеке тұлға ретінде қалыптасу жолы анықталады.
Зерттеудің жетекші идеясы: мектеп оқушыларының теориялық ойлауы мен тілін дамытуда оқушыларға берілетін эмпирикалық білім мен теориялық білімнің өзара тепе-теңдігі мен сәйкестігі ескеріліп, эмпирикалық деңгей өз дәрежесінде ұйымдастырылып, ол келесі деңгейге өту сатысы дәрежесінде танылады, оқушының ойлауы жүзеге асып, білімі тереңдейді.
Зерттеу әдістері. Зерттеудің әдіснамалық және теориялық-әдістемелік негіздерін айқындауда: талдау, жинақтау, жекеден жалпыға, жалпыдан жекеге, модельдеу, салыстыру, бақылау әдістері; тәжірибелік жұмыстар жүргізуге байланысты: бақылау, сауалнама, әңгіме, интервьюлер алу, диагностикалық әдістер; зерттеу нәтижелерін қорытындылау барысында талдау, қорыту аналитикалық әдістері; жинақталған мәліметтерді сапалық және сандық тұрғыда сараптау, модельдеу, жинақтау әдістері қолданылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
– қазақ тілін оқыту әдістемесінде алғаш рет мектепте тілді дамыта оқыту жүйесі ғылыми-теориялық және әдіснамалық тұрғыдан негізделді; бас қазақ тілін дамыта оқыту арқылы оқушылардың теориялық ойлауы мен тілін дамытудың философиялық, іс-әрекет теориясы, психологиялық, лингвистикалық, дидактикалық, тәрбиелік бастау көздері жүйеленді;
– қазақ тілін дамыта оқытудың негізгі ұстанымдары анықталып, тұжырымдамасы жасалды;
–мектепте дамыта оқытудың түбегейлі мақсаттары жаңа білім мазмұнын, оны оқыту әдістерін анықтаудың негізіне оқушыны оқу әрекетінің субъектісі ретінде, әртүрлі мәдениет элементтерімен өз көзқарас тұрғысынан диалогқа түсетін ой-пікірі бар автор ретінде, айналадағы дүниемен (табиғатпен, басқа адамдармен, өз-өзімен т.б. ) өз жасына лайық сауатты қарым-қатынас жасау біліктері бар әлеуметтік тұлға ретінде, адамзат тәжірибесінде қалыптасқан білім мен іс-әрекеттің дайын үлгілерін дәл игеріп, өмірге қайталап қолдана алатын құзырет иесі ретінде қарастыруды міндеттейтін қағида анықталып, ол мектепте қазақ тілін дамыта оқыту негізі ретінде танылды;
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Оқыту үдерісіндегі жаңа технологиялар
Мектепте қазақ тілін оқытудың мақсатына сай дәстүрлі дидактикалық ұстанымдар: оқытудың өмірмен байланыстылығы ұстанымы, оқу матералының ғылымилық ұстанымы, оқушылардың танымдық мотивациясын қалыптастыру ұстанымы, оқушының саналылықпен, белсенділікпен білім алу ұстанымы, оқушының жас, дара ерекшелігін ескеру ұстанымы, түрлі әдістер мен тәсілдердің, көрнекілік пен оқыту құралдарының үйлесімді қолдану ұстанымы, білімнің беріктілігі ұстанымы, оқытудың оқушыны тәрбиелеу ұстанымдары алынды. Дидактиканың аталған дәстүрлі ұстанымдарымен бірге дамыта оқытудың өзіндік ұстанымдары жүйесі айқындалды: Оқу әрекетін қалыптастыруды оқушы дамуының басты шарты ретінде қарастыратын дамыта оқыту қағидасы; білімнің теориялық деңгейін көтеру; ойлаудың барлық түрлерін диалектикалық бірлікте дамыту;мазмұнның интегративті сипатын сақтау; оқушыны жасына қарай ұжымдық іс-әрекетке түсіру; мәдени-танымдық ұстанымдары. Осы ұстанымдар негізінде дамыта оқыту тұжырымдамасы, әдіс-тәсілдері, құралдар, сабақ пен сабақтан тыс жұмыстардың құрылымы,5-сынып оқушыларының ізденімдік қабілетін дамытуға арналған басқа да жұмыс түрлері анықталды.
Мектепте дамыта оқытудың түбегейлі мақсаттары жаңа білім мазмұнын, оны оқыту әдістерін анықтаудың негізіне оқушыны оқу әрекетінің субъектісі ретінде, әртүрлі мәдениет элементтерімен өз көзқарас тұрғысынан диалогқа түсетін ой-пікірі бар автор ретінде, айналадағы дүниемен (табиғатпен, басқа адамдармен, өз-өзімен т.б. ) өз жасына лайық сауатты қарым-қатынас жасау біліктері бар әлеуметтік тұлға ретінде, адамзат тәжірибесінде қалыптасқан білім мен іс-әрекеттің дайын үлгілерін дәл игеріп, өмірге қайталап қолдана алатын құзырет иесі ретінде қарастыруды міндеттейді. Сондықтан дамыта оқыту логикасында оқушының интеллектуалдық дамуы (оқу әрекеті арқылы), іскерлігі (дағды, құзыреттілік қалыптастыру арқылы), адамгершілік-этикалық (балалар бірлестігіндегі ұжымдық еңбек, қарым-қатынас) және рухани тәрбиесі (өз халқының мәдениетінің иесі, басқа мәдениеттер құндылығын түсіну) мақсаттары біртұтас педагогикалық үдеріске ерекше үйлесімділікпен синтезделіп, солардың жүзеге асырылу желісі мен тетіктері және жүзеге асырылу ізі қамтамасыз етілетін мектепте қазақ тілін дамыта оқыту тұжырымдамасын жасау зерттеу мәселесін тиімді шешуге мүмкіндік берді.
Оқу үдерісінің іс-әрекет жағдайына,мектептегі сабақтардың осы жүйеге көшуі жүзеге асқанда және өзіне тән ұстанымдардың кешенділігін, бір-біріне байланыстылығын, үйлесімділігін қамтамасыз еткен жағдайда ғана іске асырылады. Тілді дамыта оқыту нәтижесінде:
– тілдік құзыретті – негізгі ұғым қалыптасқан, өтілген емле ережелеріне сай сауатты және көркем жаза алатын, тілдік фактілерді ажыратып, талдай алатын және оларды топтастыра, салыстыра білетін, мәтін құрауда өтілген тілдік фактілерді пайдалана алатын, түрлі өмір жағдайында қажетті сөздерді орынды пайдалана білетін;
– қатысымдық құзыретті – сөйлесім әрекетінің барлық түрлерін (тыңдалым, оқылым, сөйлесім, жазылым, тілдесім) өзара бірлікте меңгеретін, сөйлеу ортасына, сөйлеу мақсаты мен тақырыбына сәйкес диалог, монолог құрай алатын, түрлі жағдаяттарда әңгімелесе, пікірлесе, өз ойын түсінікті жеткізе алатын;
– мәдени-танымдық құзыретті – ұлттық салт-дәстүрді, ана тілін құрметтейтін, өзінің өмір салтында ұлттық және жалпыадамзаттық әдеп нормаларын ұштастыра қолданатын білімді оқушы бейнесі көрінеді.
Осы аталған тілдік, қатысымдық, мәдени-танымдық құзыреттердің негізінде «Қазақ тілі» пәнінен берілетін білім мазмұны қажетті тілдік білім, білік, дағды жүйесін меңгертуді және проблемаларды шешу, ақпараттық, қатысымдық шешуші құзыреттіліктерді қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Осының нәтижесінде қазақ тілін дамыта оқыту барысында қол жеткізу көзделіп отырған
4- сынып оқушысының моделі ( 1-сурет)жасалды.
оқу іс-әрекетінің субъектісі
айналадағы дүниемен (табиғатпен, басқа адамдармен, өз-өзімен т.б.) өз жасына лайық сауатты қарым-қатынас жасау біліктері бар әлеуметтік тұлға
әр түрлі мәдениет элементтерімен өз көзқарас тұрғысынан диалогқа түсетін ой-пікірі бар автор
Қазақ тілін дамыта оқыту барысында қол жеткізу көзде-ліп отырған
5- сынып оқушысы
адамзат тәжірибесінде қалыптасқан
білім мен іс-әрекеттің дайын үлгілерін дәл игеріп,өмірге қайталап қолдана алатын құзырет иесі
1-сурет – 4- сынып оқушысының моделі
Дамыта оқытудың басқа білім беру
технологияларынан айырмашылығы
Дамыта оқытудағы сабақ құрылымының дәстүрлі қалыптасқан сабақ құрылымына қарағанда көптеген ерекшеліктері бар. Оқушының оқу-танымдық әрекетінің психологиялық құрылым ерекшеліктеріне байланысты сабақ үш кезеңге сай ұйымдастырылады:
1. Мотивациялық-бағдарлау кезең (мотивациялық-даярлық әдістері қолданылады).
2. Операционалдық-орындаушылық кезең (оқу-танымдық, ізденім, ішінара зерттеу, проблемалық әдістері қолданылады).
3. Рефлексиялық-бағалау кезеңі (өзіндік бақылау – өзін-өзі бағалау әдістері).
4- сыныпта қазақ тілін дамыта оқытудың
ғылыми-әдістемелік негіздері
4- сыныпта қазақ тілін оқыту барысындағы тілдің түрлі заңдылықтарын, тіл мен сөйлеудің ерекшеліктерін, өздерінің қазақ тілінің иегері ретіндегі, яғни тіл тасушысы ретіндегі болмыстарын танытуға арналған және дидактикалық міндеттермен ұштасып жататын міндеттер – танымдық міндеттер. Танымдық міндеттер, негізінен, дидактиканың мазмұнына, ал ұйымдастырушылық пен аксиологиялық міндеттер – тәрбие саласына енетіні белгілі. Бұл жерде дидактиканың тәрбиемен тікелей байланыстылығы – сөз бен тілдің біз ұстанып отырған бағыттағы негізгі тәрбие құралы болып отырғанымен танылады.
Оқушының жеке тұлғасын арнайы тілдік жағдаяттар ұйымдастыру арқылы тәрбиелеу жүйесінде адамзатқа ортақ адамгершілік құндылықтар негізінде тәрбиелеу мәселесі негізгі болады. Осы мәселелерден тілдік-проблемалық жағдайлар туғыза отырып, оқушылардың сол жағдайлардан және қойылған проблемадан шығу барысындағы тілдік шешімдері тілдік және тәрбиелік жағынан дұрыс болуы қадағаланады.. Мысалы, мынадай тапсырмалар орындау ұсынылады: 1. Алыс сапарда танысқан досыңа өз елің – Қазақстан туралы әңгімеле. 2. Көшеде сені бір тележурналист тоқтатып: «Қазақ ұлттық ойындары туралы не білесің?» – деп тосын сұрақ қойса, қалай жауап берер едің?
Бұл жағдайда балалар әрі тосын, әрі қызықты күйді басынан кешіреді. Мұндай сауал олардың ойына қозғау салып, белсенділіктерін арттырады. Бір жағынан, бала өз ойын дәлелді білдіру үшін тиісті сөздерді іріктейді, екінші жағынан, оны жеткізудің жолдарын қарастырады. Сөйлем түрлерінің қайсысын қалай қолдану жайын сараптап, сөзін жүйелейді. Өз сөздерінің қайда, кіммен, не үшін айтылуына қарай өзгешеленетінін бағамдайды.
Демек, мұндай тілдік жағдаяттар оқушыларды тапсырманы шешудің жалпы тәсілдерін өз бетінше таба білуге, өздік шығармашылық жұмыстарды сапалы орындай алуға, рефлексия мен өзін-өзі басқара алуға, логикалық ойлау заңдылықтарын қолдана алуға, өзгелермен бірлесе жұмыс жасай алуға, өзінің әрекетін дұрыс бағалап, бақылай алуға тәрбиелейді.
Тілді дамыта оқытудың әдістері мен тәсілдерінің негізін мына тұжырымдар құрады:
1. Теориялық білім мен соған қатысты біліктіліктер арнайы оқу тапсырмалары арқылы меңгертіледі.
2. Мұндай оқу тапсырмалары жалпы ұғымдар қалыптастырудың жолы мен әдістерін меңгертудің көзі болып табылады.
3. Баланың оқу-танымдық әрекетінің белсенділігі, дербес әрекеті оқу тапсырмалары негізінде ұйымдасады.
Демек, оқу тапсырмалары бала үшін тек қана білім мазмұнын бекітудің, меңгертудің жолы ғана емес, белгілі бір ойлау механизмдері мен әдістері негізінде игерілетін нәтижеге жетудің жолы болып табылады.
5-сынып оқушысының тіл туралы теориялық топтастырылған ұғымын қалыптастыруда таным нысаны оқушы тарапынан шығармашылық тұрғыдан меңгерілуі басты шарт. Сондықтан да 4- сынып оқушыларының тілі терең теориялық әдістер арқылы танып білуде әдістер былайша жіктеліп берілді:
Тілді теориялық деңгейде оқыту әдістері:
Танымдық қырынан анықтау: ақпараттық мәлімет беру, эвристикалық әдістер, ізденім-зерттеу әдістері, көрнекілік-ақпараттық әдістер, практикалық-ақпараттық әдістер
көрнекілік әдістер: иллюстрация, демонстарция, бақылау жасау; практикалық әдістер: жаттығу, тапсырмалар, лингвистикалық есептер, тілдік эксперимент
Психологиялық қырынан анықтау:
рефлексиялық әдіс, зейін, ес пен жадыны дамыту, қиялы мен қабылдауын дамыту, ойлауы мен сөйлеуін дамыту, тыңдауын дамыту.
2-сурет – 4- сынып оқушыларын тілдік ұғым жасауға
дағдыландыруға арналған теориялық әдістер жіктемесі
Тіл материалдарын меңгертуде орындалатын оқу әрекеттерін жаттығулар мен тапсырмалар жүйесі арқылы анықтайтын болсақ, онда орындалуы тиіс жаттығулардың білімдік және тәрбиелік, дамытушылық мазмұнының сапасына қойылатын талаптар да жоғары болатыны анық.
Сол себептен ,мектепте тілді меңгертуге арналған жаттығулардың деңгейлік ерекшеліктері грамматикалық-тілдік,танымдық,тіл дамыту, рефлексиялық жаттығулар түрінде берілді.
Грамматикалық-тілдік жаттығуларды орындау барысында 4 сынып оқушылары мынадай ізденімдік-зерттеу міндеттерін шешеді: сөйлемге байланысты тілдік қозғалыстар мен өзгерістерді бақылайды; сөйлемнің айтылу мақсаты мен құрылымына қарай бөліну қасиетін анықтау үшін тілдік бақылаулар жүргізеді; сөйлем құрауға қатысатын сөздердің тіркесімдік табиғатын тану мақсатында талдау жасайды; сөйлемге синтаксистік талдау жасайды.
Тіл дамыту жаттығуларында тілден – сөйлеуге қарай, сөйлеуден - тілге қарай үйрету жолы ұстанылады.Тілден сөйлеуге қарай үйрету жолын ұстанғанда, синтаксис жүйесінің ішкі тақырыптарын меңгерту сабақтарынан тіл дамыту жұмыстары ажыратылмай жүргізіледі. Ал сөйлеуден тілге қарай жүру сызбасы бойынша арнайы тіл дамыту сабақтары өткізіліп, онда «мәтін», «стилистика», «стиль» сөйлеу тілдерінің формалары деген ұғымдармен тығыз байланыс ұсталынады. Тілдік құралдардың барлығы өзінің шынайы қызметін, болмыс-табиғатын синтаксис деңгейінде айқын көрсете алады.
Оқушылардың танымдық қызығушылығы мен белсенділігін арттыруға байланысты жасалған жаттығулар жүйесі оқушының мұғалімнің бағыт-бағдар беріп отыруы арқылы өз бетімен орындайтын танымдық қызметіне сүйенеді. Оқушылардың түйсіну, қабылдау, ес, қиял, зейінін теориялық білім алу барысында дамытуда, жеке басының эмоциялық ерік сапаларын – ерік, сезім, психикалық қасиеттерін – темперамент, мінез ерекшеліктерін адамгершілік, гуманистік бағытта дамытуда ойын-жаттығулар, грамматикалық ребустар, танымдық викториналар, графикалық модельдер жасатуға үйрету жаттығулары ерекше орын алады.
Ойын-сергіту жаттығуы «Сатымен кім тез көтеріледі?»
Ойынның шарты: Тақтаға не қағазға саты сызылып, оның сол жағына лепті сөйлемнің көңіл-күйді білдіретін түрлері, ал оң жағына сөздер мен сөз тіркестері жазылған. Тиісті көңіл-күйді білдіретін сөзді тауып, қасындағы сөздермен байланыстырып лепті сөйлем құрап айтып шығып, сатының басына тез көтерілу керек.
Қуаныш әкем келді!
Бұйыру тезірек!
Өкіну кеше келсемші!
Таңдану әдемі сурет!
Рефлексиялық жаттығулар оқушының саналы, мазмұнды ойлау, сөйлеу әрекетіне жетелейді. Оқушы өзінің біліміне сын көзбен қарап, қатесін анықтап, өзіне баға беруге үйренеді. Рефлексиялық жаттығулар проблемалық жағдаятқа ұқсайды да, белгілі бір тапсырмаларды орындауда оқушы ойлану, іздену жолынан өтеді. Рефлексиялық жаттығулар көп жағдайда мәтін арқылы жүзеге асады. Үлгі ретінде бір жаттығу үлгісін ұсынып отырмыз:
Өзімді-өзім сынаймын
- Жай сөйлемнің қандай түрі болса да сөйлем мүшесіне мүдірмей талдап бере аламын. Кәне, айта қойыңдаршы сөйлемдеріңді!- дейді Миртай.
Балалар оған төмендегідей әр түрлі сөйлемдерді ұсынады: 1. Іздеген мұратына жетеді. 2. Әлемнің жарығын сыйладың сен маған. 3. Бала күн астындағы Күнекей қызды іздеп жөнелді.
Ерлан былай талдады:
- Алдымен сөйлемнің баяндауышын табамын, баяндауышы арқылы бастауышын тауып, сонан соң тұрлаусыз мүшелерді анықтаймын. Бұл сөйлемнің баяндауышы – сыйладың, бастауышы – сен. Кімге сыйладың? – маған – тұрлаусыз мүше. Нені сыйладың? – жарығын- тұрлаусыз мүше.
Тұтасынан алғанда, бұл – хабарлы, жайылма сөйлем.
- Миртай өзін-өзі қалай сынады? Сендер де өздеріңді өздерің осылай сынап көріңдер.
Міндеті: жай сөйлемнің түрлерін сөйлем мүшелеріне талдау жолдарын меңгерту. Нәтижесі: оқушы сөйлем мүшелеріне талдау арқылы өзін-өзі сынауға үйренеді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мәртебесіндегі қазақ тілі – қазақ халқының барлық тарихы мен мәдениетін кумулятивтік қазынасында сақтап келген, болашағына аманат етіп тапсыратын барлық ақпаратты бойына жинап алған теңдесі жоқ жүйелі тіл. Осындай мұраны оқып-игеріп, өзінің өмірінде тірек етіп, оны келер болашаққа алып бару міндеті – қазіргі мектепте отырған, әсіресе,4- сынып оқушыларына жүктеліп отырғаны белгілі. Оған дәлел – Қазақстан Республикасының рәміздері, ұлттық мерекелер, тарихи аталып өтілетін даталар – қазіргі мектепте отырған балалардың санасында берік орныққан құбылыстар.
Осындай игілікті жайды онан әрі дамыту мен өркенін жайғызу міндеті қазақ тілін қазақ баласына ана тілі ретінде, жаңа заман талабымен ұштастырып, дүниежүзілік тілдерді оқыту әдістемелерімен байланыстырып оқытатын жаңа педагогикалық технологияларды жасау, оны оқу үдерісіне енгізу міндеті уақытылы және сапалы шешілгенде ғана мүмкін болады.
Қазақ мектебінің қазіргі кездегі бастауыш сыныптарында оқып жатқан жас өркен ұрпаққа бүгінгі күн көзқарасымен емес, Л.С.Выготский айтқандай, «Ертеңгі күні бүршік жарып, ертеңгі күні жеміс берер алма ағашындай қарау» – дамыта оқыту технологиясының басты қағидасы зерттеу жұмысының тұтас логикасында сақталынып отырды. Дегенмен дамыта оқытудың өзіндік ерекшеліктері ғылыми-теориялық бөлімде терең талданып, сол негізде арнайы білім мазмұны іріктелініп, арнайы жаттығулар жүйесі жасалынып, арнайы оқу-әдістемелік кешен қолданылып, қазақ бастауыш мектебі оқушыларының теориялық ойлау қабілетінің биік әрі кең екендігіне
көз жеткізіліп, дамыта оқыту жүйесінің өзіне тән әдістемелік қоры мен базасы жасалуы керек екендігі анықталды.
Зерттеу жұмысы бойынша мынадай қорытынды тұжырымдар жасалынды:
1. Дамыта оқыту жаңа педагогикалық технологиялардың ішінде білім мазмұны мен білім үйрету үдерісіне, оқушының, мұғалімнің жеке тұлғалық болмысына тереңнен назар аударуды қажет ететін, тіпті талап ететін ерекше білім беру жүйесі болып табылады.
2. Мектепте қазақ тілін дамыта оқыту әдістемесін практикаға кеңінен енгізу өмірдің өзіндік талаптарынан туындап отыр, өйткені қазіргі кезең – болашақтың жаңа сүрлеуі. Ол жолдың барлығында қазіргі бала, келешек ересек адам өз бетімен білім іздей алатын, өзіндік шешімдер жасай алатын, өзінің жеке тұлғалық болмысын тани алатын, сол арқылы өзгені де өзіндей құрметтей алатын қазақ азаматы деп танылады.
Осындай жеке тұлғаны қалыптастыру – оқушының ана тілі болып саналатын қазақ тілін дамыта оқыту әдістемесінің басты өзегі ретінде анықталды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.Назарбаев Н.Ә. Қазақстан–2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі және әл-ауқатының артуы: Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. –Алматы: Білім, 1997. –256 б.
2.Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы. – Астана: Ақорда, 2007. –№319-ІІІ ҚРЗ.www.edu.gov.kz.
3.Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы // Егемен Қазақстан. –2003. –№332-333
4.Жұбанов Қ. Тіл ғылымы жөніндегі зерттеулер. Алматы: Ғылым, 1999. –221б.
5.Рахметова С. Қазақ тілі әдістемесінің теориясы мен технологиясы.– Алматы, 2007. –184 б.
Пікір
«5- сыныпта қазақ тілін дамыта оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында жазылған бұл жұмыста автор Бибайша Шайхстамова негізгі зерттеу мәселесі етіп ,оқытудағы жаңа технологиялардың білім берудегі тиімділігі мен дамыта оқытудың нәтижелілігін арқау етіп алған.
Жаңа технологиялар ішінде дамыта оқыту теориясының ерекше атауға себеп болатын көптеген қыры бар. Оларды әдіснамалық, ғылыми-теориялық, әдістемелік тұрғыдан тану арқылы ғана дамыта оқыту әдістемесін 5-сыныпта «Қазақ тілі» пәнін оқыту үдерісіне енгізіп, одан көздеген нәтижелер алуға болатындығын өз тәжірибесінде қолдана білген.
Дамыта оқыту мен басқа да білім беру технологиясының басты ерекшеліктерін аша отырып, оқушылардың жан- жақты дамуына жол ашатын дамыта оқыту технологиясының теориялық және практикалық мүмкіндіктерін өз тәжірибесінде қолдана келе ,оның нәтижесін де көрсете білген.