Тақырыбы: Желтоқсанның мұзда жанған алауы-азаттықтың желбіреген жалауы!
Мақсаты: Тәуелсіздік ұғымы арқылы қазақ халқының ғасырлар бойы басынын өткен қиыншылықтарын, 1986 жылғы желтоқсанда құрбан болған қаһарман ағаларымыз бен апайларымызды еске түсіре отырып тәуелсіздік туралы мағлұматтарын кеңейту.
Міндеттері:
Білімділік: Оқушылардың бойында жоғары патриоттық сананы,өз елі үшін мақтаныш сезімдерін, Отанның мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтық борыш пен конституциялық міндеттерді орындауға тәрбиелеу.
Дамытушылық: Оқушылардың шығармашылық, есте сақтау, сахналық қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік: Оқушыларға өздерінің елдің үміт артар келешегі екендіктерін, сондықтан отбасында, өзара дұрыс қарым-қатынаста болуға, үлкенді сыйлауға,құрметтей білуге,кішіге ізеттілікпен қарауға баулу,адамгершілікке,мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге өз елін, жерін,тілін, Отанын сүюге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: слайд,Ту, Елтаңба, Қазақстанның физикалық картасы,буклеттер, көрме, шарлар.
Мұғалім: Балалар міне 24 жыл болды біз тәуелсіз мемлекет болып өмір сүріп жатырмыз. Содан бері 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні деп аталады. Неге 16 желтоқсан, басқа күн емес және осы тәуелсіздікке қалай жеттік сол туралы біз 3-4 сынып оқушылары сіздерге айтып өтейік.Өлең шумағы оқылып, Мемлекеттік Әнұран шырқалады.
Диана:
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ-нағыз батыр халық екенін мойындайсың. Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшіп, қонып өмір сүрген ата-бабаларымыз үш нәрсені бойтұмардай сақтап қадірлеген. Ол- ел мен жер және ана тілі.Қандай халық болмасын осы үшеуінсіз егемен ел екенін дәлеледей алмайсың. Ал енді біз халқымыздың сан ғасырлар күресіп армандап жеткен Тәуелсіздік жолын жырлайық.
Дариға:
Еліміздің егемендік алуы, халқымыздың тарихында жаңа дәуірдің бетін ашты.Бүкіл қоғамдық өмірімізге жаңа леп, серпін ала келді. ол-баршамыз бейбіт өмірде, еркіндікті аңсаған ақ ниет, ақ тілеумен өзіміз тіккен ортақ шаңырағымыздың тәуелсіздігі.
Мұғалім.
Желтоқсан оқиғасынан тура 1 ай бұрын 17 қарашада КСРО жоғары кеңесінің кезекті алтыншы сессиясы болып өтті. Осы жылы мемлекетімізге Қазақстан 16 млн.600 мың тонна астық тапсырғандарын мақтанышпен мәлімдеді.Біздің депутаттарымыз Мәскеуден мақтау, жылдағыдай орден күтті. Бірақ олар жылдағыдай жаңбырдай жаумады. Мәскеу жақ үнсіз. Бұл 16 желтоқсанға дейін созылды.16-желтоқсан күні Қазақстанның жаңа тарихының басталуы болашағының жол айырығы болған республика Орталық Комитетінің 5 Пленумын осы партия ұйымын 26 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз басқарып келген Д.А.Қонаев ашып,сөзді Мәскеуден келген төтенше уәкіл Г.П.Разумовскииге берді. ол Д.А.Қонаев өтінішімен қысқаша таныстырып, енді қазақ еліне басшының орнына бұрын Қазақстанды көріп- білмеген, әрі, оның ішкі-сыртқы саясатынан, экономикасынан баспасөз дәрежесінде ғана үстірт мағлұматы бар Геннадии Васильевич Колбин бірауыздан сайланды. Сол күннің кешінде-ақ республика Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігінің қалалық басқармасына Пленум шешіміне жергілікті халық өкілдерінің жекелеген топтары наразылық білдіріп жатқандығы туралы алғашқы мәліметтер түсе бастады.
Бұл түн осылайша буырқанып өтті. Таңертеңгілік уақыт шамамен 7-8 аралағында 17- желтоқсан күні Брежнев атындағы алаңға (Бұл күнде «Республика алаңы» деп аталады) жастардың алғашқы тобы шоғырлана бастады.Шамасы 200-300 адамдай, қолдарына айқара көтерген ұрандары бар «Ешқандай ұлтқа артықшылық берілмесін!», «Әр Республикаға- өзінің басшысы!», «Қазақстан жасасын!». Жастардың бұл ереуілі ұлтшылдық емес еді.Олар тек халықты ақылдаспай, қазақ еліне, жеріне еш қатысы жоқ адамды әкеліп, өкімет басына отырғызғандарына наразы болды.Олар халық атынан шықты.Ал өкімет басындағылар олардың әрекетін өкіметке қарсы қауіпті қадам ретінде бағалап, шеруді басып-жаншу мақсаты алға қойылды.Міне, қантөгіс осыдан шығып, біздің қаншама ағаларымыз бен апайларымыз осы желтоқсанның құрбаны болды.
«Желтоқсан желі» әнінің әуенімен слайдтағы көтеріліс көріністері көрсетіледі.
Желтоқсан құрбандары:Ләззат Асанова,Қайрат Рысқұлбеков, Мырзағұл Әбдіқұлов, Ербол Сыпатаев (суреттері слайдтан көрсетіледі)
Көрініс: «Қара бауыр қасқалдақ»
Ортаға бір топ балалар шығады.
-Қыздар, мен газет әкелдім
-Қане, не жаңалық бар екен?
-Пленум болыпты.
-Қонаевты орнынан алды дейді.
-Онысы несі?
-Орнына кім болыпты?
-Колбин деген.Ульяновтан келіпті.
-Қазақтан-ақ біреу қойсашы!
Бір топ жастар «Менің Қазақстаным» әнін айтып шығады.
-Пленум шешіміне қарсымыз!
-Әр ұлтқа өз басшысы!
-Колбинді әкетсін!
-Қонаевтың өзі сөйлесін!
(Әскерилер Қайратты кісендеп әкетеді.)
-Қайрат!
-Қайрат! (Қайратты тергеуге әкетеді)
«Күнадан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең алыңдар,
Қайрат деген атым бар.
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты құрбандық,
Атам десең атыңдар!»
Нұржан:
Қайрат абақтыда отырған кезде қазақ тілінің тағдыры саяси саудаға түсіп, қызу айтыс-тартыс жүріп жатқан кез болатын. Ол кезде мемлекеттік тіл орыс тілі болып, орысша сөйлей білмесең білімсіз болп саналатынбыз. Осыны көріп, естіп отырған Қайрат мынадай өлең шумақтарын жазады.
Ақерке:
«Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген»,
Құшақ жая таныстым сан тілменен.
Жаман үйді қонағы билейді деп,
Қала жаздап айрылып өз тілімнен.
Өзге тілге еліктеп ел болмайық,
Қазағымның артық жоқ өз тілінен!
Мұғалім:
Міне балалар біздің қазағымыздың ішінен Әлия, Мәншүк апайларымыздай Ләззат апайымыз, батыр Бауржан аталарымыздай Қайрат атты ағаларымыз бен апайларымыз болмағанда біз дәл қазіргідей тәуелсіз мемлекет болып отырмас едік.
Бұл аға-апаларымыздың есімдері ешқашан ұмытылмайды.1986 жылдың Желтоқсан құрбандарына тағзым етіп, 1 мин. орнымыздан тұрып үнсіздікпен еске алайық.
1991 жылы елімізде Ұлы өзгеріс болды. Сол жылы 16-желтоқсанда «Қазақстанның тәуелсіздігі туралы» заң қабылданды.
«Елім менің» әнінің музыкасы ойналады.
(Слайдтан желбіреген тудың, президенттің, тәуелсіздік монументінің суреттері көрсетіледі)
Диана:
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді
Жұртым менің не қиындық көрмеді.
Жылап тұрып аналарым бұл жолда
Сан перзентін қара жерге жерледі.
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді
Асау аттай өз тізгінін бермеді
Қазағымның алтын басын иілтіп,
Талай дұшпан төрімізге төрледі.
Дұшпан басқа шықты-ау осы демедік
Біз де жүзген Қазақ атты кеме едік
Тәңір салған тағдырына бас иіп
Үш ғасырдай бодан болған ел едік
Қазақ дейтін бастау үшін бар көшті
Елі үшін жорық жасап жанкешті.
Бөгенбай да, Қабанбай да,Абылай,
тәуелсіздік жолын кешіп қан кешті.
Елге айналып Қазақ хандық құрғалы
Өтті өмірден небір қазақ тұлғалы.
Махамбет те, Исатай да, Шернияз,
Тәуелсіздік –ұлы жолдың құрбаны.
Мұғалім:
Сонда да өлмей Қазақ болып келемін,
Небір сұмдық, не көрмеген ел едім
Кешегі өткен аштықтың да құрбаны,
Тәуелсіздік садақасы дер едім.
Дариға:
«Бүгін емес, Ертең халқым қор болар!»-
Деген оймен таңдап алды жолды олар.
Бар батырым елдік үшін қырқысты,
Тәуелсіздік садақасы болды олар.
Жаңа ғана Қазағымның таңы атты,
Алу мақсат Ел деп алғыс, сауапты.
Әр отбасы, әрбір қазақ, әр адам,
Тәуелсіздік сақтау үшін жауапты.
Тұңғиық ой, шерге батып тұнғанбыз,
Сан сүрініп, құлап қайта тұрғанбыз.
Тәуелсіздік жолында енді жан пида,
Тәуелсіздік Туы үшін құрбанбыз!
Бақыттың құсы әр адамға қонып бір
О, Тәңірім, бізді баққа жолықтыр!
Бүгін, міне, ТӘЕУЛСІЗДІК, ағайын,
Әр ҚАЗАҚТЫҢ жүрегі боп соғып тұр!.
Мұғалім:
Қазақстан қасиетті ұғым бұл,
Ей, келешек, жан тәніңмен ұғын ұғын, біл.
Он бір әріп не мағына береді,
Ал толғайық жеткенінше қызыл тіл.
(слайдтан «ТӘУЕЛСІЗДІК» сөзі қызыл әріптермен көрсетіледі)
Ерсін:
Т-әріпі білдіреді теңдікті
Ә-әріпі әдептілік, әлдікті
У-әріпі уайымсыз уақытты
Е-әріпі егемендік елдікті
Л-әріпі дейді лағып лепірме
С-әріпі сенімділік секілді ең
І-әріпі ілтипат пен ізет қой
З-әріпі зиялылық тілек қой
Д-әріпі шақырады достыққа
І-әріпі дейді күн боп көктегі
К-әріпі көз алартпа, көршілерге қол сұқпа!
(Слайдтан «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші көрсетіледі.)
Мұғалім:
Бүгін Тәуелсіз ел деп Отанымыздың жасампаз болуын, ана тіліміздің киелі болуын, тарихымыздың жүйелі болуын ұлықтаймыз.Біз бүгін тәуелсіз ел деп ұлының ұлағатты,қызының инабатты, халқының салауатты болуына барлық мүмкіндіктерді жолдайтын мемлекетімізді мақтан етеміз. Ендеше, Тәуелсіздік- біздің бас ұранымыз, көгілдір Туымыз- біздің болашақ, нұрлы таңымыз.
(Сұрақ-жауап)
-Балалар,Қазақстан қандай ел?
-Егеменді, Тәуелсіз мемлекет.
-Еліміздің Рәміздерін кім атап береді?
-Елордамыз қалай аталады?
-Қазақ елін кім басқарады?
-Қазақстанда қандай ұлт өкілдері тұрады?
Енді Рәміздерімізге толық тоқталайық.
(Слайдтан рәміздер жеке-жеке көрсетіледі)
Дариға (ту):Туымызыдың авторы- Шәкен Ниязбеков
Туымыздың негізгі түсі- көгілді түс.Ортасында шұғылалы күн,оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тікбұрышты көгілдір мата. Ағаш сабына бекітілген тұста ұлттық оюлар кескінделген тік жолақ өрнектелген.Бұл өрнектердің барлығынының бейнесі-алтын түстес.Геральдика дәстүрінде әрбір түс бір-бір ұғымды білдіреді.Алтын-күш, құдіреттілік, байлық, тұрақтылық, атақтылық, сенімділік, әділеттілік, қайырымдылық,мейірімділік, адалдық белгісі. Көк түс- шыншылдық, даналық, адалдық,кіршіксіздіктің белгісі. Сонымен қатар бұл түс аспан мен ауаға сәйкес келеді.
Диана (елтаңба):Елтаңбаның авторлары-Жандарбек Мәлібеков, Шот-Аман Уәлиханов.
Елтаңбада шаңырақ, күн сәулесі, бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар.
Шаңырақ-бүкіл қазақ елі үшін тіршіліктің, шексіз өмірдің нышаны.
Қанатты тұлпар-мәңгіліктің бейнесі.Сонымен қатар бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан көп ұлтты Қазақстан халқының өсіп-өркендеуінің өміршеңдігін білдіреді.
Ал бес жұлдыз- мемлекетіміздің жұлдызы жарық әрі биік болсын деген мағынада қолданылады және «Бағымыз ашылып,Жұлдызымыз жарқырай берсін» дегенді білдіреді.
Барлық Қазақстанда тұратын азаматтар құрметтеуге міндетті.
Ақерке (әнұран):Авторлары:Жұмекен Нәжімеденов,Шәмші Қалдаяқов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Әнұран-мелекеттік егемендіктің музыкалық-поэтикалық рәмізі. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш әнұранының сөзі 2 шумақ пен қайырмадан тұрады. Бірінші шумақта Қазақстанның ерлікке толы өткені, екінші шумақта-сан алуан ұлт өкілдерінің ортақ тағдырына айналған бүгінгі Қазақстанға қатысты ойлар,Қайырмада Қазақстан халықтарының ынтымақтары, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді көздің қарашығындай сақтау қажет деген идея көзделген.
Мұғалім:
- Ал тіліміз туралы не айтамыз? Қазақстанда мемлекеттік тіл қай тіл?
Диана:
Хор: «Ана тілі»
Қорытынды: Кім жылдам?
Викториналық сұрақтар «Өзіңді өзің сынап көр»
1.Еліміздің ең басты ұлттық мерекесі. (Тәуелсіздік күні)
2. Еліміздің Ата Заңы қалай аталады? (Конституция)
3.Еліміздің Конституциясы қашан қабылданды?(1995 жыл 30 тамыз)
4. Заң шығарушы биліктің жоғарғы органы қалай аталады? (Парламент)
5. Үкімет басшысы кім? (Премьер- Министр)
6. Қазақстанда қанша ұлт өкілдері тұрады? (шамамен 130 ұлт өкілдері)
7. Елбасымыздың туған күнін, жылын ата. (1940 жыл 6 шілде)
8. 1 мамырда Қазақстанда қандай мемлекеттік мерекені атап өтеді? (Қазақстан халқының бірлігі мерекесі)
9. Конституция күні Қазақстанда қай кехде атап өтіледі? (30 тамызда)
10. ҚР рәміздері қай жылы қабылданды? (1992 жыл 4 маусым)
11. Төл теңге қай жылы қабылданды және қай жерде басылды? (1993 жылы 15 қарашада, Англияда)
12. Қазақстандағы мемлекеттік тіл қай тіл? (қазақ тілі)
(Оқушыларға смайликтер таратылады)
Мұғалім:
-Міне егемендік деген осы. Енді желбіреген көк байрағымыз, айбатты әнұранымыз, жарқыраған елтаңбамыз төрімізде ілулі тұр.Егемендік еліміздің келешегі өздерің сияқты ұрпақтарға байланысты. Осыны ұмытпай естеріңде сақтап жүріңдер балалар.
Сабағымыздың соңын мынадай тілекпен аяқтайын:
Басшыларымыз алысты көрсін,
Жекешелеріміз табысты болсын.
Қыздарымыз саналы, сұлу,
Ұлдарымыз намысты болсын.
Қалада мейлі ауылда болсын
Келген, кеткен ырза болсын
Халқымыз жаңа жыл табалдырығын
Татулықпен, бірлікпен аттайтын болсын.
«Құралай биі» қыздардың орындауында
Балалар қолдарына ту ұстап «Көк тудың желбірегені» әнімен сабақты аяқтайды.( слайдтан ту желбіреп тұрады)