СЕЙДІМБЕК Ақселеу Сланұлы 1942 жылы 12 желтоқсанда Жаңаарқа ауданы «Атасу» колхозында (кәзіргі Байдалы би атындағы ауыл) дүниеге келген. Әкесі Слан Отан соғысында қайтыс болған. Болашақ ғалым – жазушы әкесінің үлкен ағасы Аманбектің тәрбиесінде болған. 1959 жылы аудан орталығындағы 1 қазақ орта мектебін бітірген соң еңбек жолын «Қызылтау» совхозында шопан болудан бастаған. Сөйтіп үш жыл қой бағады да1962 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түседі. 1963 жылы міндетті әскер борышын өтеуге алып кетеді.
Одан оралған соң ҚазМУ-дегі оқуын әрі жалғастырып, 1968 жылы бітіріп шығады да одан ары еңбек жолын жалғастырады. «Лениншіл жас» (Жас Алаш) әдеби қызметкер болып орналасады. Содан бастап-ақ әр түрлі жауапты қызметтер атқара бастайды. 1968 жылы «Лениншіл жастың» «Орталық Қазақстан» өңіріндегі меншікті тілшісі, 1975 жылы Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» (Егеменді Қазақстан) газетінің бөлім меңгерушісі. 1983 «Білім және еңбек» (Зерде) журналының бас редакторы, 1988 жылы қазақша және орысша «Әлем» алманағының бас редакторы, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, одан Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының тұңғыш президенті, Астанадағы Гумилев атындағы университеттің ұстазы.
А.Сейдімбеков Қазақстан Жазушылар Одағы сыйлығының лауреаты (1989), Қазақстан Журналистер Одағының жүлдегері (1979). Отызға тарта көркем-әдеби, ғылыми-көпшілік қолды кітаптардың авторы. Солардың ішінде «Ақиық» (1972), «Қыр хикаялары» (1977), «Кеніш» (1979), «Тауға біткен жалбыз» (1979), «Алпамыс батыр» (1979) қазақ тілінде, 1981 жылы орыс тілінде, 1987 неміс тілінде, «Күңгір-күңгір күмбездер» (1981), «Серпер» (1982). «Поющие купола» (1985), «Всадник на белом коне» (1987), «Мың бір маржан» (1988), «Сонар» (1989), «Аққыз» (1991), «Күй шежіре» (1992), «Көшпелілер тарихы» (1992) т.б.
Жазушы-ғылым докторының көптеген шығармалары ағылшын, венгр, қарақалпақ, қырғыз, неміс, орыс, өзбек, шешен, эстон тілдеріне аударылған.
А.Сейдімбеков белгілі шебер аудармашы. Ақселеу туындатқан Гомердің «Илиада», «Одиссея» (1974, 1988), И.Можейконың «7 и 37 чудес» (1988) деген шығармаларын қазақ оқырмандары ана тілінде оқып, сусындады.
Мен тұңғыш рет қазақ ру-тайпаларының этникалық бөлік емес, бұл әкімшілік-аумақтық, территориялық бөлік екенін қолмен ұстатқандай дәлелдеп отырмын. Демек, жүзге бөліну деген сөз барып тұрған ақымақтық, төл тарихын білмеушілік болып шығады…
Ақселеу Сейдімбеков
Ақселеу Сейдімбек 8 монографияның, бірнеше ғылыми еңбектер мен оқу құралдарының және 400-ден астам мақаланың авторы.
«Қазақтың ауызша тарихы» деп аталатын ақырғы еңбегін жазуға Ақселеу Сейдімбек барлық күш-жігерін, қабілет қарымын, білімі мен білігін жұмсады. Қорыта айтқанда Ақселеу – ғалым, Ақселеу – этнограф, Ақселеу – күйші, Ақселеу – шежіреші, Ақселеу – зерттеуші, Ақселеу – журналист, Ақселеу – сазгер.
2009 жылдың 16 қыркүйегінде ұлт руханияты ауыр қазаға ұшырады. Қалың қазақ қауымы өзінің ұлтжанды азаматы Ақселеу Сейдімбегінен айрылды. Қайран Ахаң, қасиетті қадір түнінің таң бозында өмірден өтті.