Просмотр содержимого документа
«Саба?ты? та?ырыбы: "?АЗА?СТАНЫМ-ОТАНЫМ" »
Ақтөбе облысы,
Шалқар қаласы
№6 орта мектебі
«Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі
Рыщанова Дәмелі Қалдығұлқызы
Сабақтың тақырыбы: ҚАЗАҚСТАНЫМ-ОТАНЫМ
Мұғалім:
Сәлеметсіздер ме, құрметті ұстаздар, оқушылар! Еліміз тәуелсіздігінің 21 жылдығына арналған «Қазақстаным-Отаным» атты тәрбие сағатын бастаймыз.
Бүгінгі сабағымыздың мақсаты:
Оқушылар бойында өз Отанына, еліміздің қол жеткізген жетістіктеріне мақтаныш сезімдерін ояту, ел бірлігін түсінетін, ел игілігіне қызмет ететін елжанды ұрпақ тәрбиелеу, Қазақстанның жарқын болашағына деген сенімдерін қалыптастыру.
Бүгінгі сабағымызда мына бөлімдерге ой өрбітеміз:
І. Шаттық шеңбері
ІІ. Қазақ елінің жүріп өткен жолы
ІІІ. Қазақстан, сені жырлаймын
ІV. Отан туралы мақал-мәтелдер
V. «Қазақстан» сөзжұмбағы
VІ. Қортынды
І
Мұғалім:
Өзіңсің Қазақстан, ән, арманым да,
Аяулым, алтын бесік қара орманым да,
Бір нәрсе жетпейді деу қате болар,
Өзіңдей ұлан- байтақ дала барында,
Гүл дала-Қазақстаным,- дей отырып, оқушыларымды «Шаттық шеңберіне» шақырамын. Бүгінгі «Шаттық шеңберінде» біз өз елімізді қалай мақтан тұтатынымызды айтқымыз келеді.
Оқушы:Қазақстан жері көз жетпес кең байтақ.
Оқушы: Қазақ халқы қонақжай халық.
Оқушы: Қазақ жері тауымен, орман-көлімен көрікті.
Оқушы: Қазақстан- табиғаты таза ел
Оқушы: Қазақстан-берекелі, байлықты, ырысты ел.
Оқушы: Қазақстан- болашағы жарқын ел.
Оқушы:Қазақстан – көп ұлтты ел.
Оқушы:Қазақстан- қасиетті, киелі жер.
Бәрі бірге: «Қазақстан – тәуелсіз ел».
Мұғалім: Өте дұрыс айттыңдар Қазақ халқы үшін тәуелсіздік ұғымынан асқан қасиетті, киелі, қастерлі ұғым жоқ. Тәуелсіздік –халқымыздың ғасырлар бойы аңсап, шөлдеп, көп қиындықпен жеткен арманы .
ІІ.
Оқушы: Туған еліміздің алақандай жері үшін қазақтың небір нарқасқа ұлдары өз өмірін қиды.
Оқушы: Кенесары, Наурызбай, Исатай, Махамбет сияқты қазақ жері, қазақ елі үшін жанын шүберекке түйген ата-бабаларымыздың, қазақ елінің намысы үшін сөзден түйін түйген би, шешен аталарымыздың әрбір ісі, әрбір ұлағатты сөзі біз үшін өшпес өнеге.
Көрініс:
Сахнада қалмақ ханы Қоңтажы. Сырттан қазақ билері бір топ болып кіреді. Қалмақтар жарат паған сыңай білдіріп, хабарласпайды. Осы кезде бозбала Қазыбек рұхсат сұрап, сөз салады:
Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Бірақ ешкімге тиіспей жәй жатқан елміз,
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз.
Басымыздан сөзді асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз.
Дәм-тұзын ақтай білген елміз.
Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды.
Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды.
Ұл мен қызын қаматып отыра алмайтын елміз.
Сен қаламқ болсаң, біз қазақ- қарпысқалы келгенбіз.
Сен темір болсаң, біз- көмір еріткелі келгенбіз.
Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз.
Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз.
Танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз.
Ен қабылан болсаң мен арыстан –алысқалы келгенбіз.
Жаңа үйреткен жас тұлпар- жарысқалы келгенбіз.
Тұтқыр сары желіммін- жабысқалы келгенбіз.
Берсең жөндеп бітіміңді айт!
Бермесең дірілдемей жөніңді айт!
Не тұрасатын жеріңді айт!
Қоңтажы: Өзіңе сөз келген бала болсаң, отырған орның қандай төмен еді, жоғары шықшы, жоғары.
Қазыбек: Біздің қазақтың әдетінде жасына қарай отырып, жағына қарай сөз сөйлейді. Өзімнен үлкен ағаларым төрде отырса маған төбеде отырғанмен бірдей.
Қоңтажы: Қазақ елшілерін құрметтеп, қонақ қылыңдар, талаптарын орындаңдар.
Оқушы: Міне, осындай дана билеріміздің тапқырлығының арқасында қазақ елі бір сөзбен бітімге келіп екі ел арасындағы ушыққан дауды тоқтатқан.бұл да қазаққа тән қасиет, қазақ бірлігі, қазақ даналығы.
Тәттімбетті «Сарыжайлау» күйі тыңдалады.
Оқушы:
1986-жыл 16- желтоқсан. Тәуелсіздіктің түп тамыры желтоқсан оқиғасына байланысты десек те болады. Темір таяқпен, күрекпен, үйретілген иттермен қаруланған, өрт сөндіру машиналарымен жасақталған әскерлер бейбіт жолмен, қарусыз шеруге шыққан қазақ жастарына қол көтеріп, қазақ қыздарының шашынан сүйреп, , итке талатты. Сол күндері 8,5 мыңнан астам адам ұсталып, қамалып, азапталды, ұлтшыл деген атақ алды.
Сахнада желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков көрінеді.
Қайрат деген атым бар
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты құрбандық
Атам десең атыңдар.
Мен нетермін, нетермен.
Мен келмеске кетермін.
Көрмеген қош бол, таңдарым,
Көре алмай мен өтермін
Хош аман бол артымда,
Ағайын туған азамат,
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым саған аманат.
Хош, есен бол, халқым, қазағым...
Оқушы: Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы
Лаула, лаула желтоқсанның мұзға жаққан алауы!
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!
Оқушы:
Ұлтың үшін, тілің үшін өр бол
Өр болмасаң өр болғанға төр бол
Егер,егер... ұлтты сақтай алмасаң,
Сақтар күшті тіпті жақтай алмасаң,
Бүйтіп тірі жүргеніңше бар бол,
Рухын сатқан ұлтсыздараға қор бол.
«Желтоқсан желі » әні орындалады.
Оқушы:
Бабаларымыз ғасырлар бойы қан төгіп арпалысқан, бостандық үшін болған күрестің соңғы нүктесі осы желтоқсан оқиғасында қойылды. Ендігі ән бақытты Қазақстан, тәуелсіз Қазақстан, жарқын болашақты Қазақстан туралы болсын! Енді әнімі, тойымыз үзілмесін!
ІІІ.
«Елім менің» (сөзі Н.Назарбаев әні:Б.Тлеуханов)
«Өз елім» (сөзі Қ.Мырзалиев әні: Н.Тлендиев)
«Бейбітшілік сақталады» (сөзі Н.Шакенов әні Ә. Еспаев)
«Атамекен» (сөзі Ш.Сариев әні: Ж.Тұяқбаев) әндері орындалады.
ІV. Оқушылар Отан туралы мақал-мәтелдер айтады.
Оқушы: Отан елдің анасы, ел-ердің анасы.
Оқушы: Отан үшін күрес- ерге тиген үлес.
Оқушы: Ел іші- береке, көп ісі-мереке.
Ел елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен де жақсы.
Ер елінде, гүл жерінде.
Туған жердің тасы да болысады.
Жат жердің қаршығасынан өз еліңнің қарғасы артық.
Құрттақандай торғай да өз ұясын қорғайды.
Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын.
Елдің бірлігі ерінен танылар, елдің байлығы жерінен танылар.
Өзгеге ұл болғанша, өз еліңе құл бол.
V. «Қазақстан» сөзжұмбағы
( бұл сөзжұмбақты шешуге тәрбие сағатына қатысушылардың барлығы қатыса алады.)
1
қ
2
а
3
з
4
а
5
қ
6
с
7
т
8
а
9
н
Желтоқсан оқиғасының бас қаһарманы (Қайрат)
Қазақтың күй атасы (Құрманғазы)
Желтоқсан қарлығашы Ләззаттың туған күні
«Мен қазақпын» поэмасын жазған ақын (Жұбан)
«Алаш» партиясының басшыларының бірі (Міржақып)
Алтын жүректі ана (Сара)
Қазақстанды алғаш тәуелсіз деп таныған ел (Түркия)
Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген атақ (Ғасыр адамы)
1916 жылғы ұлт –азаттық көтерілістің сардарбасы (Амангелді)
VІ
Мұғалім:
Міне, биыл егемендігіміздің 20 жылдығын тойлап жатырмыз. Қазір Қазақстан 130ға жуық түрлі ұлттар мен ұлыстардың ортақ үйі болып отыр. Ұлтына, нәсіліне қарамастан, қазақстар басқа ұлт өкілдері Қазақстан халқын құрайды.
Оқушы:
Құтты мекенге қанатын көктен жайған күн,
Осынау жерге кіндігіммен байландым.
Байырғы қазақ бастарыңа кеп бақ қонған,
Мерекелеріңмен, берекелеріңнен айналдым.
Оқушы:
Қарттарын сыйлап, жастарын баулып түлеткен,
Қамысын сүйген, даласын сүйген жүрекпен.
Айналдым сенен, аяулы мекен, дархан ел!
Туған елінің тасына дағы гүл еккен.
Оқушы:
Тәуелсіздіктің тағдырын бізге тапсырып,
Бабалар кеткен ұрпаққа тілеп жақсылық.
Бақытқа елді жетелейтұғын ынтымақ.
Бақытсыздықтан құтқара алмас бақсылық.
Оқушы:
Көбейе берсін алашым деген нар ұлдар.
Болашақ ұрпақ алдында жүгің ауырлар.
Бағына кіріп бауырмалдықтың шырқайық!
Бірліктің әнін, тірліктің әнін, бауырлар!
Сабақ соңында «Атамекен» әнін (әні: Е.Хасанғалиевтің сөзі: Қ.Мырзалиев) бүкіл сабақ қатысушылары орынын тұрып, бірге орындайды.
Тәрбие сағатында К.Ахметова, М.Мақатаев, Е.Бағаевтың өлеңдері қолданылды.
Сабақтың тақырыбы: Отанын сүйген ұланбыз
Сабақтың мақсаты: Баланың бойына өз ұлтына, тілі мен туған жеріне деген сүйіспеншілігін дамыту, өзінің қазақ екендігімен мақтанатын ұлтжанды азаматты қалыптастыру, тәрбиелеу;
Міндеттері: Оқушыларды Отан сүйюге, қорғауға тәрбиелеу.
Өз халқының тарихын тануға, өз ұлты үшін адал қызмет еткендер есімін құрметтеуге, ұмытпауға тәрбиелеу.
Көрнекілік: интерактивті тақтада «Қазақстанның көрікті жерлері», тәуелсіздік, Отан туралы даналық сөздер, үнтаспалар.
Шаттық шеңбері.
Мұғалім оқушылармен амандасып, бүгінгі сабақтың тақырыбын, мақсатын түсіндіріп, оларды Шаттық шеңберінде барлығы үнтаспаға қосылып, «Өз елім» әнін айтады.
Өз елім
Сөзі: Қадір Мырза
Әні: Нұрғиса Тілендиев
Келгенде көктемі,
Көңілді гүл басқан.
Шырағы көктегі,
Жұлдызбен сырласқан.
Өз елім менің,
Өзегім менің,
Жырыма қосып жүремін.
Төрім деп менің,
Жерім деп менің,
Соғады мәңгі жүрегім.
Қайырмасы:
Түлегі сендер,
Тілегі сендер,
Тірегі сендер сол елдің.
Назары сендер,
Базары сендер,
Ажары сендер сол елдің.
Әңгімелесу:
Балалар, осы әнді айтқанда сендер қандай сезімде болдыңдар?
«Жерім менің деп
Соғады мәңгі жүрегім», - дегенді қалай түсінесіңдер?
Әнде айтылғандайдай сендер өздеріңді «ел тірегімін» деп ойлайсыңдар ма?
Мәтінмен жұмыс.С.Мәуленов. Мен елімді сүйемін
Мұғалім мәтінді мәнерлеп оқып шығады да, пікірлесу сұрақтарын қойып, өз ойларын білдіруді сұрайды.
Туған ел! Бұл кішкентай үйінің табалдырығынан басталады. Содан шетсіз-шексіз қиянға өрлеп кете барады. Оның жұпар атқан жусаны, оның жүректей болып желмен лүпілдей соққан гүлдері, оның кеудеңе құйылған мөлдір ауасы, жотаға өрлеген жалғыз аяқ жолдары- осының бәрі-бәрі сенің туған еліңді құрайды.
Туған ежрсіз адамның күні жоқ. Алыс кетсең өз үйіңнің мұржасына дейін сағынасың. Туған жерің түсіңе енеді. Алыстан сені қол бұлғап шақырады.туған ел мағынасы тереңде жатыр. Балғын балаалық шақ! Күлдір-күлдір кісінеп, айнала шапқылаған ала аяқты құлыншақ! Сәуірде бүршік атқан, қылтиып күн көзіне көрінген балауса көк шөп! Өзен үстіне үйіріліп ұшқан шағала! Кемеріне жайлап соққан көгілдір көл! Күннің қызғылт шапағына бөленген үйлер- осының бәрі тұтас тұрған туған ел! Ал енді анаңның бесікте жатқандағы әлдиі, әжеңнің тамылжыта төккен ертегілері, туғандарыңның мейірбанды күлкілері, жеңгелеріңнің тәтті әзілдері- осының бәрі туған елінің керемет сипаттары! Туған елдің тілі барша жанға түсінікті!
Мұғалім:
«Туған жерсіз, Отансыз адамның күні жоқ» -дегенді қалай түсінесіңдер?
Сендерге өз Отаның несімен ыстық?
Сендер өз еліңді сүйетіндеріңді қалай дәлелдей аласыңдар?
Назар аудар.
Алдын –ала берілген тапсырма бойынша оқушылар үйден жаттап келген өлеңдерін оқиды.
Оқушы: Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен,
Биік тау, орман, тоғай көлімізді.
Оқушы: Отан дейміз кең байтақ Астананы
Жасыл жайлау, жаңа жол , жас қаланы.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,
Ол бірақ өз үйіңнен басталады.
Оқушы: Мақтанамын мемлекетім барына
Терезең тең басқалармен тарылма.
Өз елінің жырын жырлап, мұңын мұңдап әр ұлан,
Өз елінің қорғаушысы болу керек қашанда.
Оқушы:Мен жас ұланмын,
Мемлекеттің қорғанымын ертеңгі.
Нұрға, гүлге толтырамын
Өзім туған өлкемді.
Оқушы: Отаным, кең далам, орманды ,
Болаттан соғылған қорғанды.
Бақыттың шаттықтың мекені
Қолдаймын, қорғаймын отанды.
Оқушы:Туған жер- алтын таң.
Кең далам, таулы орман.
Ұл мен қыз қорғаймыз
Бақытты ұлы Отан.
Мұғалім: Балалар «Өзін-өзі тану» пәнін оқуда бізге көмек көрсететін аяулы достарымыз естеріңде ма?
оқушылар: Ия, олар: Данышпан ата, Махаббат, Алпамыс және Ақбота ғой.
Ендеше біздің бүгінгі сабағымызға қонаққа келіпті. Қарсы алайық. Сыныпқа Данышпан ата, Махаббат әже, Алпамыс кіреді.
Данышпан ата: Сәлеметсіңдер ме балалар?
Оқушылар: Сәлеметсіздер ме! Төрге шығыңыздар!
Алпамыс:Достар, біз сендердің бүгінгі сабақтарыңа қонаққа келдік.
Данышпан ата: Балалар, сендер «Өзін-өзі тану» пәнін оқып жатырсыңдар ғой. Мен бүгін сендердің не үйренгендеріңді көрейін деп әдейі келдім. Білімдеріңді , өнерлеріңді көрейін. Сендер бабаларымыздың айтқан өсиеттерін білесіңдер ме?
Оқушылар: Білеміз. Ол ата-бабамыздан ұрпақтан –ұрпаққа жалғасып келе жатқан дана, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер жинағы.
Махаббат: Ендеше, балалар Данышпан атамызға өздерің білетін туған жер, отан туралы мақал- мәтелдердеріңд де сүйікті айтып беріңдерші.
Оқушы: Ел іші-алтын бесік.
Оқушы: Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол.
Оқушы: Туған жердей жер болмас,
Туған елдей ел болмас.
Оқушы: Отан үшін отқа түс, күймейсің.
Оқушы: Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық.
Үйіңде атаңның намысын қорға,
Шет жерде Отаныңның намысын қорға .
Алпамыс:Өте жақсы. Ал қазір балалар, мақал-мәтелдердің алғашқы бөлігін ғана айтамын. Ал сендер жалғасын айтасыңдар.
Отансыз адам... ( ормансыз бұлбұл)
Пәлен жерден пайда бар... (өз жеріңдей қайда бар)
Туған жердің жері де көрікті... (елі де сүйікті)
Данышпан ата: Жарайсыңдар, балалар! Бұл жолы да білімді екендеріңді көрсеттіңдер, ал енді жұмбақ жасырсақ шеше аласыңдар ма?
Оқушылар: шешеміз, ата, шешеміз.
Махаббат: 1. Таңмен көзін ашады
Әлемге нұрын шашады. (Күн)
2. Тұрады ылғи сөреде,
Іші толған өнеге (Кітап)
3.Тығыз белбеу, қос жібек,
Екі мұрын бір шүмек. (Домбыра)
Алпамыс: Мына балалар білгір, білімді екен.
Махаббат: Ендеше, балалардың өнерін тамашалайық.
Ән «Біз өмірдің гүліміз»
Сөзі: Ә.Дүйсенбиев
Әні: Б.Ғизатов
Зеңгін көктем
Нұрын төккен
Ортақ біздің күніміз
Жайнап өскен,
Жайдары өскен
Біз өмірдің гүліміз
Бал достыққа
Жолда стыққа
Шақырады әніміз.
Тыныштыққа
Нұр құшақта
Бақыттымыз бәріміз.
Шығармашылық жұмыс:- оқушылар үш топқа бөлінеді. Әр топқа тапсырмалар беріледі
топ. Отан, туған жерге деген сүйіспеншілігіңді жүрекшелерге жазу.
топ. Берілген суреттерді пайдалана отырып тақырыпты ашатын коллаж құрастыру.
топ Отан, туған жер туралы эссе жазу
орындаған жұмыстар тақтаға ілініп, әр топтың мүшелері арқылы таныстырылады.
Дәйексөз: Отан- елдің анасы.
Ел-ердің анасы.
Мұғалім: Енді, балалар, бәріміз еліміздің тамаша табиғаты мен көрікті жерлеріне сапар шегейік. Ол үшін интерактивті тақтаға назар аударайық.
Бұл видеослайд 3 бөлімді құрайды.
Бөлім «Арайланған Астанам». Бұл бөлімде ару астанамыздың бүгінгі келбеті бейнеленген.
Бөлім «Қазақстанның жеті кереметі». бөлімде қазақ жеріндегі ең керемет деген ұлттық мәдени мұралар мен тарихи ескерткіштер қамтылған.
1.Түркістан қаласында орналасқан, орта ғасырдан қалған, көгілдір күмбезді ғаламат ғимарат – Ахмет Иассауи кесенесі.
2. 1960 жылдары есік қаласынан табылған «Алтын киімді адам».
3. 1995 жылы салынған Абай-Шәкәрім бабаларымыздың кесенесі.
4. Ұлттық музыка аспабы- домбыра
5. Астанадағы «Бәйтерек» монументі.
6. Күлтегін ескерткіші
7. Тамғалы кешеніндегі тасқа салныған суреттер.
3- бөлім. «Қандай көркем, туған өлкем!» Бурабай, Алтай таулары. Алакөл туралы.
Назар аудар. «Туған ел, туған жер» деген сөздер әрдайым жүрекке жылы әсер етеді. Туған елін , өскен жерін сүю-әрбір ұрпақтың парызы. Сондықтан да әрбір адам туып -өскен жерін аялайды , қастерлейді, қорғайды, мақтан тұтады. Өйткені , Отан-алтын бесігіміз, ата-анамыз!
Жүректен-жүрекке.
Сабақты қорытындылау мақсатында мұғалім оқушыларды шеңберге тұрғызып, ән айтуға шақырады. Әнді барлығы бірге шырқайды.
Біз – туған ел баласы
Сөзін жазған: Қ.Ыдырысов.
Әнін жазған: Қ.Қуатбаев
Асыр салған таласып,
Біз- туған ел баласы.
Қандай байтақ Отаным,
Жан-жағыңа қарашы.
Отаным кең көсілген,
Төсінде ырыс өсірген.
Қаптаған мал, алып дән,
Бәрі менің несібем.
Бәрін көріп келеміз,
Болашаққа сенеміз.
Жақсы оқумен, еңбекпен,
Біздер жауап береміз
Сабақтың тақырыбы:Тәуелсіз Қазақстан
Мақсаты:
Білімділік: тәуелсіз мемлекетіміздің рәміздерін құрметтеуге баулу.
Дамытушылық: тілін дамыту, ойлау, сөйлеу қабілетін арттыру.
Тәрбиелік: өз Отанын сүюге баулу, патриоттық сезімін ояту.
Сабақтың түрі: білімді жинақтау, қорытындылау.
Әдісі: оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту