Астана қаласы, №32мектеп гимназиясы
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
Мажитова Айнакөз Амангелдіқызы
Сабақтың тақырыбы: «Жігітке жеті өнер де аз»
Мақсаты: Оқушыларды ұлттық салт— дәстүр негізінде білімін кеңейту. Адамгершілікке, ұлтжандылыққа, имандылыққа тәрбиелеу, ұлттық дүниетанымын қалыптастыру. Татулыққа, ынтымақтыққа, бірлікке шақыру.
Көрнекілігі: Тарихи тұлғалардың портреттері, қолөнер шеберлерінің бұйымдары, бес қару, ат әбзелі, қатысушылардың қолынан шыққан туындылары қойылады.
Барысы:
Мұғалім: Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Сіздер бүгін «Жігітке жеті өнер де аз» атты жігіт сұлтаны сайысына қош келдіңіздер. Жігіттеріміз өз өнерлерін ғана көрсетіп қана қоймай, біздің салт-дәстүрімізді, ұлттық ойындарымызды, шеберліктерін, онымен қоса білімділіктерін, шеберліктерін көрсетеді. Олай болса жігіттерімізге сәт-сапар тілей отырып, «Жігітке жеті өнер де аз» атты жігіт сұлтаны сайысын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!
1-жүргізуші:
Уа, халайық, халайық, Мұнда назар салайық. Ата жолын жалғамақ, Ел дәстүрін қолдамақ. Ел намысын қорғамақ. Жігіттер шықсын ортаға, Бүгін сұлтан атанбақ.
2-жүргізуші:
Қайсысы күйші, кім биші, Талабына қарайық. Кімдер зерек, кім жылдам, Таланттарын табайық.
1-жүргізуші: Құрметті көрермен қауым! Енді сайысқа түсетін жігіттерді қол соғып, қошеметтеп шақырайық.
2-жүргізуші:
Уа, жігіттер, жігіттер, Бар өнерді салындар. «Ер-сұлтандар» атты лайықтап, Тобыңмен жеңіп алындар.
1-жүргізуші:
Ал қанеки, қырандар! Босқа қарап тұрмандар, Бастап жігіт өнерін, Алыстарға самғаңдар!
2-жүргізуші:
Әр топты өзін таныстыруға шақырайық. Жігіттер келіп жетті танысуға, Бойындағы бар дарынды дамытуға. Жігерленіп сахнаға келіп жетті, Әдеппен, ізетпенен табысуға.
Әр топ өздерін таныстырады.
1-жүргізуші:
Қыран бүркіт көтерер елдің нарқын, Қыран асырар елдің даңқын,— демекші сегіз қырлы, бір сырлы жігіттеріміздің өнерлерін көрсетуге шақырамыз.
Әр топтан екі адам ортаға шығып өнер көрсетеді.
2-жүргізуші:
Ат өнері білінбес, Бәйгеге түсіп жарыспай. Ер өнері білінбес, Қоян-қолтық алыспай. «Ердің асылы күшімен білінеді» дегендей, келесі тапсырма күш сынасу болмақ.
Жігіттер арқан тартысады.
1-жүргізуші:
Талаптың мініп тұлпарын, Келдім міне жарысқа. Белгісіз кім ұтары, Түстік міне сайысқа.
Ата-бабаларымыздың ұлан асыр жерімізді білектің күші, найзаның ұшымен талай жаудан қорғап қалғаны мәлім. Ал, енді біздің бүгінгі жігіттеріміздің ел қорғауға қаншалықты әзір екенін көрелік.
Қол күрес. Екі адамнан ортаға шығады.
Жерден тартылу. Тобымен қатысады.
2-жүргізуші:
Жылдам-жылдар тарихтың мол бекеті, Сен әкелген жақсылықтар көп тегі. Көңілінді шат сезімге баурайды, Халқымыздың бүгіні мен өткені,— деп енді жігіттеріміз қоржыннан асықтар алып сұраққа жауап береді.
1-сұрақ: Қазақ халқының тарихында қандай хандар өткен?
Хандар: Абылай, Әбілқайыр, Тәуке, Жәңгір.
2-сұрақ: Қазақ халқының тарихында қандай батырлар өткен?
Батырлар: Сыпатай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Кенесары, Есет, Қайдауыл, Көтібар.
3-сұрақ: Қазақ халқының тарихында қандай билер өткен?
Билер: Қаз дауысты Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би.
4-сұрақ: Үш ұғымы туралы сұрақтар.
Үш жүз: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз.
Үш арсыз: Ұйқы, тамақ, күлкі.
Үш даусыз: Мінез, кәрілік, ажал.
5-сұрақ: Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ.
Бес асыл: Талап, еңбек, терең ой, қанағат ету, рақым жасау.
6-сұрақ:
Жеті жетімге нелер жатады? Таңдаусыз қалған сөз жетім, Киюсыз қалған бөз жетім, Иесіз қалған жер жетім, Басшысы жоқ ел жетім, Аққу-қазсыз көл жетім, Елінен айырылған ер жетім, Замандасы қалмаса, Бәрінен де сол жетім.
7-сұрақ: Ұлттық ойындардың түрлерін ата.
Ақсүйек, асау үйрету, арқан тарту, тымпи, сақина салу, көкпар.
8-сұрақ: Бес қаруды атаңыз.
Мылтық, садақ, найза, қылыш, айбалта.
9-сұрақ: Аттың ер-тұрмандарына нелер жатады?
Жүген, желдік, тоқым, ер құйысқан, өмілдірік, үзеңгі, аткөрпе, тартпа, қамшы.
10-сұрақ: Жігіттің үш жақын жұртын ата.
Ағайын жұрт, нағашы жұрт, қайын жұрт.
11-сұрақ: Үш арысты атаңыз.
С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров.
12-сұрақ: Төрт түліктің пірін атаңыз.
Түйе пірі— Ойсыл қара, жылқы пірі— Қамбар ата, сиыр пірі— Зеңгі баба, қой пірі— Шопан ата, ешкі пірі— Шекшек ата.
1-жүргізуші:
Қой асылы демеңіз, Қолға жақсы сақа ғой. Жақсы кіші демеңіз, Ақылы асса аға ғой,— дегендей әр топтан үш мықтыны шақырып, ана, Отан, ерлік тақырыбында мақал-мәтелді қаншалықты білетінін «Білімді мыңды жығар» сайысы барысында байқап көрейік.
1. Ағайын— алтау, ана— біреу.
2. Ағайынның алтын сарайынан Анаңның жыртық лашығы артық.
3. Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайда.
4. Ананды Мекеге үш арқалап барсаң да, Қарызыңнан құтыла алмайсың.
5. Отанға опасыздық еткенің, Өз түбіңе өзің жеткенің.
6. Жат жердің қаршығасынан, Өз еліңнің қарғасы артық.
7. Кісі елінде сұлтан болғанша, Өз елінде ұлтан бол.
8. Отан үшін күрес— Ерге тиген үлес.
9. Ерліктің шарты— өзіне сенгендік.
10. Ер жігітке өлім бар да, қорлық жоқ.
11. Ер жігіт үйде туып, түзде өлер.
12. Үйде шешен— дауға жоқ, Үйде батыр— жауға жоқ.
2-жүргізуші:
Ей, жігіттер! Сендерге артар міндет көп, Көтер биік ата салтын құрметтеп. Ақтай білсең ата-баба үмітін, Әрбір сөзі тәлімі бар бір мектеп.
Келесі сайысымыз «Ескірмейтін есті сөз».
1. Отқа су құйма, түкірме.
2. Мал сүйегін отқа жақпа, ақты төкпе.
3. Қазақ түнде мал, адам санамайды.
4. Пышақтың жүзін жалама, пышақтың жүзін езбе.
5. Үйге қарай, үйді айналып жүгірме.
6. Айға қарай қолыңды шошайтпа.
7. Күлді, тұзды баспа, шашпа.
8. Жағыңды, беліңді, таянба, тізеңді ұшақтама.
9. Бас киімді теппе, лақтырма.
10. Итті теппе, итке су шашпа.
11. Есікті керме, табалдырықты баспа.
12. Наны шашпа, баспа.
13. Түнде өзенге суға түспе, су алуға барма.
14. Мойныңа белбеу салма.
15. Жұма күні кір жұма.
16. Үш айтта кір жууға, тырнақ, шаш алуға болмайды.
17. Сыпырғышты көкке көтеріп баланы ұруға болмайды.
18. Кемтар адамға күлме.
1-жүргізуші:
Уа, халайық, халайық, Мұнда назар салайық. Топ басшысынан ауылдың, Аталы бата алайық. Екі түрлі әнші бар, Біреуі соның бата алған. Ешқашан артық болмайды. Атадан үлкен бата алған.
2-жүргізуші: «Жеті атасын білмеген жетесіз»— деп айтпақшы, кешіміздің соңында біздің қыран жігіттеріміздің топ басшысы жеті аталарын атап бата береді.
1-топ басшысы:
А, құдайым оңдасын, Оң жылына бастасын. Бастарына бақ силап, Қыдыр бабаң қолдасын. Бүгінгі мынау сынақта, Тұғырдан таймас қыран бол. Ел-жұртыңа ұран бол! Цицерондай шешен бол. Ескендірдей бекем бол, Атымтайдай жомарт бол, Айбаты асқан ұлан бол, Халқың сүйер Сұлтан бол. Еліңе ұнар Ару бол! А, құдай, жарылқа! Әумин!
2-топ басшысы:
Ләй, Аумин! Әлемнің бетін жарық ет, Ұл-қызды түгел білімді ет. Келесі оқу жылына Аман-есен түгел жет! Меккедегі Мұхаммет, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда Ер Бекет, Осы айтқан тілеуімді, Құдай қаласа қабыл ет! Әумин.
3-топ басшысы:
Сұрасаң бата берейін, Үстем болсын мерейің. Ықыласпен қол жайсаң, Ақ тілекті төгейін. Дастарханың мол болсын, Абыройың зор болсын! Көк жайлауды жайласан, Тай құлынды байласаң, Сабаң толсын қымызға, Шараң толсын уызға. Әумин десең маған, Құдай берсін саған!
2-жүргізуші:
Бойларыңда от бар екен байқадым, Жүректерде шоқ бар екен, байқадым. Әрқашанда осы шоқты өшірмей, Жалындатып шарықтаңдар әрдайым.
1-жүргізуші:
Достарым, түсініңдер сөздің нарқын, Әр кезде бола берсін жүздер жарқын. Мәңгілік жоғарылап жұлдыздарың, Бақытқа бөлеңдерші қазақ халқын,— дей отырып, ендігі сөз кезегін әділқазылар алқасына береміз.
«Ер сұлтаны», «Жігіт сұлтаны» деген атақты табыс етеді.
Ұлтымыздың ұлағатты дәстүрлерін, халқымыздың рухани байлығын игеруге, тындырымды, тиянақты талантты болуға тәрбие сағатының маңызы зор.
Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттықты оятуға, адамгершілікке, ұлтжандылыққа, имандылыққа тәрбиелеу мақсатында мұғалімдер де әрқашан үлкен ізденіспен үлес қосып келеді. Осындай тәрбие беру мақсатпен мектепте жарыс ойындарын ұйымдастыру оқушыларды бір серпілтіп тастары даусыз.
Әрі олардың ой өрісін кеңейтіп, ізденіске жұмылдырады.
Осы мақсаттарды негізге ала отырып мектеп ішінде «Жігітке жеті өнер де аз» атты жігіт сұлтаны сайысын өткіздім.
Өзімнің кіріспе сөзімнен кейін әділқазылар алқасы сайланды.
Сайысқа түсетін жігіттерді қол соғып, қошеметпен қарсы алдық.
Оқушылар үстелге айнала отырды. Екі кішкене сандыққа әр топқа арналған тапсырмалар салынып қойылды.
Әр топ өздерін таныстырып өткеннен кейін, кезек сайысқа берілді.
Сайысты бастау ( шарт бойынша жасырынған асықты табуы керек) бірінші топтың үлесіне тиді.
Сайыс 8 кезеңге бөлініп өткізілді. Өз сандықшаларынан сұрақ оқылды.
Бұл сайыста тек қана күш сынасу ғана емес, сонымен бірге мақал— мәтелдер айту, тыйым сөздерді қаншалықты білетіндерін айтты және өздерінің өнерлік қабілеттерін байқата білді.
Викториналық сұрақтарға жауап беруде де оқушылар белсенділіктерін көрсетті.
Үзіліс сәтінде магнитофоннан қазақтың халық әндері тыңдалды.
Сайыстың аяғында сөз кезегі әділқазылар алқасына берілді.
Әр топ мүшелерінің жауаптары есепке алынып, жеңіске жеткен оқушылар марапатталынды. «Ер сұлтаны», «Жігіт сұлтаны» деген атақтар табыс етілді.
Сайыстың соңында қатысқан мұғалімдерге құттықтау сөз берілді.