Тақырыбы:«Кітабы көп елдің рухы - биік, ғұмыры мәңгі»Өткізілетін күні: 24.12.2014жылӨткізілетін орны: Акт зал
Жүргізуші: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Қараша айынан бастап мектебіміздің кітапханасында оқушылардың танымдық, шығармашылық қабілеттерін дамыту, ой-өрісін кеңейту, рухани байлығын арттыру, эстетикалық талғамын қалыптастыру, кітап оқуға саналы түрде баулу мақсатында мектеп директорының 2014 жылғы 20 қарашадағы №174 бұйрығымен оқу сағаты ұйымдастырылған болатын. Оқу сағатына бекітілген кесте бойынша 2-10 сынып оқушыларын қатыстыру жоспарланды. Бүгінгі «Кітабы көп елдің рухы – биік, ғұмыры - мәңгі» тақырыбындағы өткізіліп отырған іс-шарамыздың мақсаты - оқушыларымыздың бір ай көлемінде алған білімдерін қорытындылау. Ендеше, іс-шарамызды ашық деп жариялаймыз.
Кітап та алма ағашы, Жемісін біздер теретін. Тәтті алмаға балашы,
Кітабыңның әр бетін, – деп Мұзафар Әлімбаев ағамыз жырлағандай әдеби кітаптар мен оқулықтар сендерге білім көзі, рухани қазына. Біз кітап арқылы бастауыш мектептің өзінде-ақ бүкіл адамзат өмірімен танысамыз.
Кітап білімімізді молайтады, кітаптан көп үлгі-өнеге мен тәрбие аламыз. Оқыған-тоқығаның көп болса, жеңбейтін жау, алынбайтын қамал жоқ. Дана халқымыз «Батыр бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаса керек. Күні кеше 21 желтоқсанда Отандық телеарналардың тілшілері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен келелі сұхбат өткізген болатын. Сол сұхбат кезінде Елбасымыз өскелең ұрпаққа кітаптың маңызы туралы тағы бір мәрте айтып өтті. Ендеше сол сұхбаттан үзінді тамашалайық.
Видео
1-оқушы: Кітап – заманымыздың өмірі. Ол кәріге де, жасқа да қажет. Біз кітаппен күн сайын кездесеміз. Кітап адамның дүниетанымын кеңейтіп, рухани дүниелерді оятады. Ертегі, әңгімелермен сыр шертіскен кітап – біздің ең жақын ақылшымыз.
Кітап: Балалар, мен білім көзі – кітаппын. Мені жасау үшін адам баласы көп еңбек сіңіреді. Алдымен адам орманнан ағаш кеседі. Оны фабрикаға апарады. Фабрика ол ағаштардан қағаз шығарады. Содан соң авторлар жазады, суретші ағайлар сурет салады. Баспахана суреттер мен жазуларды жазып шығарады.
Кітапханашы: Кітап, ендеше сен, бүгін бізде қонақта болып, балалардың өнерін тамашалап қайт.
Жүргізуші: Адамның досы кітап – өмір кілті, Тең келмес оған жиған мүлкі.
Ақылшы, жанға серік, жол бастаушы, Асыл ой – қазынасы, өмір көркі. Тұрады басын құрап әріп неден, Басталған білім басы әліппеден. Қарасақ – шалқар теңіз, түпсіз мұхит, Оқысаң кітап сырын ашып терең.
Қазақстан азаматтары білімді, мәдениетті және өнерлі болу керек. Ол үшін терең білім, ғылыми жаңалықтар, өткен тарихымызды, өнерімізді білу үшін кітаппен тынымсыз еңбек етеді.
Кітап оқу маңызды іс. Кітапты күнделікті оқу керек. Күніне 30 минут кітап оқысаң жақсы, ал 1 сағат оқысаң өте жақсы, одан екі есе оқысаң тамаша! Ғалымдардың зерттеулерінің нәтижесі бойынша әр адам ой өрісін өсіру үшін 100 кітап оқу керек дейді. Ендеше, балалар, тағы бір кітаптың маңыздылығы туралы сюжетке назар аударайықшы.
Видео
1-оқушы: Саған білім жемісін, Оқулығың береді. Талай адам сол үшін, Маңдай терін төгеді. Орманшының аялы, Алақаны өсірген. Сонау ағаш саялы, Қағаз үшін кесілген.
2-оқушы: Ағаш кесіп қанша адам, Ормандарда жүреді. Аға қанша шаршаған, Ағаш тиеп үнемі. Машинист боп жасынан, Дүбірлетіп даланы. Сол ағашты тасыған, Білер ме екен көп адам.
3-оқушы: Заводтарда күні-түні, Қағаз жасап бағалы. Қанша адам кім үшін, Маңдай тері тамады. Оқулықты баршаға, Талай ғалым қолға алып. Жылдар бойы қаншама, Жазады ұзақ толғанып.
4-оқушы: Бояу жағып не түрлі, Суретшілер көркемдеп. Қанша уақыт отырды, Әріп теру үшін де. Талай адам терледі, Баспахана ішінде Айлап тыным көрмеді.
5-оқушы: Оқулықты мектебің, Берер саған теп-тегін. Білмейсің-ау еш бірақ, Қаншама еңбек кеткенін. Оқулығың – құралың, Жағар білім шырағын. Баса алмайсың ешқашан, Онсыз алға бір қадам.
6-оқушы: Оқулықты құрметте, Күтіп ұста, кірлетпе. Кішілерге табыс ет, Дақ түсірмей бір бетке.
Кітапханашы: Кітап адам өмірінде аса маңызды рөл атқарады. Ол елді сүюге, талапты, кішіпейіл болуға, мейірімділікке, төзімділікке баулиды. Кітап жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады.
Бүгінгі іс-шарамызды «Кітабы көп елдің рухы-биік ғұмыры мәңгі» деп атауымыздың да бір себебі бар.
Кітапты біздің қоғамымыздың әрбір адамы күнделікті тұрмысында қолданады. Одан ақыл-кеңес, тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алады.
Ендеше кітапты көп оқитын 9 «а» сынып оқушысы Ермекқызы Динараны ортаға шақырайық.
А.Құнанбайұлы «Қалың елім Қазағым»
Кітап – біздің рухани жан азығымыз.Ендеше, балалар, оқу сағатының
1 айлық қортындысы бойынша алған білімдеріңді көрсететін кездерің келді, ортаға оқу сағатына үздік қатысқан оқушыларды шақырайық.
Үздік оқырмандар
№
Оқушының аты-жөні
Сыныбы
1
Базарбай Назгүл
2 «а»
2
Тұрғанбай Нұрасыл
3 «а»
3
Омарова Саяжан
3 «а»
4
Тұрақбай Саятжан
4 «а»
5
Қайратқызы Нұрсұлу
5 «а»
6
Мұхаммед Диас
7 «а»
Балалар, мына шарлардың ішінде сендердің оқыған кітаптарыңнан сұрақтар жасырылған осыған көрермендер алдында жауап беріңдерші.
Балалар, қыркүйек айында әп-әдемі, сыртының жаңа мұқабасы мен әдемі суреттерімен, небір асыл маржандай сөздерімен, қиын да, қызықты есептерімен күлімдеп, алдарыңа келген оқулықтар мамыр айының аяғында ренішпен, мұңлы болып кітапханаға келіп жатады. Енді, сол оқулықтардың ренішін көрініс арқылы тамашалап көрелік.
«Кітаптар мұңы».
- Ей, бауырым, тұрсаңшы! Біз қайда келдік өзі? - Ой, мазамды алмашы. Өйткені тірлігі бар болсын. Одан да парақтарымның жыртылып, желге ұшып кеткені дұрыс еді. - Не болды, не болды соншама? Жалғыз сен деймісің, осындай күйге түскен? - Өй, сен кімсің, сыртың бүп-бүтін ғой өзіңнің. - Сыртымды қайтесің? Сыртым бүтін болғанымен, ішім – түтін. Ана тілімін. Мені басып шығару үшін қаншама адам баласы еңбек етті. Балалар оқысын, сауат ашсын, адам болсын деген ниет қой бәрімізде. Мен де өзімнің білімімді беруге тырыстым. - Бәріміз де сондай ниетте едік. Артықбай деген баланың қолына түстім. - Мен Сотқарбай деген баланың кітабымын, Ол парақтарымды жыртып алып, кептер жасап, ұшырып ойнағанда «қой» демеді ғой үлкен ағасы, шіркін! - Онда мұңдас болдық қой, достым. Біздің Артықбай көзімді бақырайтып қойып, суретімді бастырып, бетімді шимайлады. - Адам өз мүлкіне ұқыпты болса ғой. Әдепті балалар көп. Мысалы, менің бір досым бар. Ол екеуміз парталас болдық. Соның иесін айт, оқушы деп! Бүлдірмек түгілі, шаң мен кір жуытпайды. - Ендігі алдағы күніміз не болар екен? Мүмкін бәрімізді жинап-жинап, отқа жағар? Кітап шығару үшін көп қаржы керек қой. - Иә, достар, қадірін білетін жақсы балалар көбейе берсе екен.
«Кітап емханасы».
Кітапханашы: Балалар, бүгін бізге дәрігер келіп отыр. Ол кісі бізге кітаптардың аурулары туралы біраз мағлұмат береді. Дәрігер апай, сізге сөз кезегі. Дәрігер: Сәлеметсіңдер ме, балалар. Адамдар мен жан-жануарлар сияқты кітаптар да ауырады. Кітаптарда мынандай ауру түрлері болады: 1. Туғаннан пайда болған аурулар (баспадан дұрыс басылмаған). 2. Қартайғаннан болатын аурулар (көп жыл ұсталғаннан). 3. Жұқпалы аурулар (жыртылып, сия төгіліп, май қолмен ұстаудан). 4. Дұрыс жағдай болмағандықтан болатын аурулар (терезенің алдында күнде көп тұру немесе ылғал, дымқыл жерде сақталу). 5. Бақытсыздықтан болатын аурулар (жығылып батпаққа бұлғану, жыртылу) Егер осылардан сақтасаңдар кітаптарың ешқашан ауырмайды.
Кітапты сақтау ережелері:
Кітаптың мұқабасы бүлінбес үшін, кітапты қапта.
Кітап парағының бұрыштарын қайырма.
Келесі бетті ашу үшін , кітаптың жоғарғы оң бұрышын пайдалан.
Кітапты майыстырма.
Кітаптың арасына қарындаш, ручка және басқа жуан заттарды салма.
Кітаптың арасына белгі (закладка) жаса.
Кітапқа сурет салма және кітапқа сызба.
Кітапқа ручкамен белгі салма.
Кір қолыңмен кітапты ұстама.
Оқулықтағы жаттығулардың номерін қоршама. Үй тапсырмасын күнделікке жазып ал.
Қорытынды: Міне, балалар, көрдіңдер ме, біз бүгін көптеген кітап туралы мағлұматтар алдық. Кітапхананың балаларға білім негіздерін сапалы меңгертуде, жан-жақты тәрбие беруде, әр түрлі әдеби шығармалармен таныстыруда атқаратын маңызы зор.
Ендеше, бүгінгі іс-шараны қорытындылап, үздік оқырмандарды марапаттау үшін сөз кезегі мектеп директоры Байдилдаева Мария Шыналықызына беріледі.