Просмотр содержимого документа
«?аза?ты тамсандыр?ан «Г?кку» »
Маханиязова Айнагул Узакбаевна
Актобе қаласы, №51 гимназия
музыка пәнінің мұғалімі
Класы: 5
Сабақтың тақырыбы: Қазақты тамсандырған «Гәкку»
Сабақтың мақсаты: Көне заманнан жеткен Үкілі Ыбырайдың «Гәкку»
әні жаңа заманда қайта жаңғырғаны туралы түсінуіне
ықпал жасау.
Әнші, ақын-композитор Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы және оның шығармалары туралы білім меңгерте отырып, көне музыка мен жаңа музыканың байланысын түсіндіру.
Халық композиторлары әндерінің ең озық үлгілерін түсініп, бағалай білуге тәрбиелеу.
Ән тыңдату арқылы музыкалық шығармаға жеке көзқарасы мен шығармашылық ойын дамыту.
Сабақтың түрі: аралас сабақ.
Әдіс-тәсілдері: топтастыру, СТО әдістері, бірін-бірі бағалау, сұрақ-жауап,
әңгімелеу, интерактивтік.
Көрнекіліктер: интерактивтік тақта, баян аспабы, үнтаспа
Пәнаралық байланыс: тарих, әдебиет
Сабақтың барысы:
1.Ұйымдастыру.
Психологиялық дайындық: Алтын күн, жарқын күн,
Шуағыңды төге бер.
Арайыңнан нәр алған,
Біз – бақытты балдырған!
2.Өтілген тақырыпты пысықтау.
Интерактивтік тақтада Абай Құнанбаевтың портреті.
Өткен сабақта қай ақын-композитормен таныстық?
Абай Құнанбаев кім?
Музыка пәнінде Абайды қай қырынан танимыз?
А б а й
Ақын Ойшыл Аудармашы Композитор
Күйлерін ата?
«Абайдың желдірмесі», «Торы жорға», «Май түні»
Абайдың әндерін мазмұнына сай сәйкестендіру (әр оқушыға тапсырманы таратып, жеке орындату).
Әндері
Мазмұны
Желсіз түнде жарық ай
Сүйіспеншілік туралы
Сегізаяқ
Көзімнің қарасы
Табиғат туралы
Бойы бұлғаң
Қараңғы түнде тау қалғып
Әлеуметтік жағдай туралы
Айттым сәлем, Қаламқас
Абайдың қай әні ғарышта шырқалды? «Көзімнің қарасы».
Бұл әнді ғарышта шырқаған кім?
Ғарышқа үш мәрте ұшқан, Халық қаһарманы, ғарышкер Талғат Мұсабаев (интерактивтік тақтадан портретін көрсету).
3.Ән орындау.
- Олай болса, Т.Мұсабаев шырқаған, ғарыш кеңістігі арқылы әлемге танылған осы «Көзімнің қарасы» әнін біз де орындайық.
Дауыс жаттығуын жасату:
дыбыс қатарын әр екпінде айту;
қысқа қайырымды әр тональностьте айту.
Абай «Көзімнің қарасы» хормен орындау.
4.Жаңа сабақ.
- Енді сабағымызда осы ән сияқты көне заманнан бүгінге жаңарып жеткен тағы бір әнмен танысамыз.
Ыбырай Сандыбайұлы 1856 жылы Ақмола облысының Көкшетау жерінде дүниеге келген. Әкесі Сандыбай ұсталықпен күн көрген шаруа болған. Ол баласы Ыбырайдың ерте жасынан бастап оқу мен өнер қууына кедергі жасамаған. Ыбырай – әнші, ақын, композитор. Ол халық арасына және кейінгі ұрпаққа Үкілі Ыбырай деген атпен таныс болды. 17 жасында өнерге деген құштарлығы басым болып, сал-серілік жолға түседі. Ақан сері, Біржан сал сияқты әнші, ақын-композиторлардан тәлім алып, өз өнерін шыңдайды.
Ыбырай Сандыбайұлының өмір жолы өзінің ән-өлеңдерінен айқын аңғарылып отырады. Жасы ұлғайып, қартайған шағына дейін ол ән шығарып, өлең жазуын бір де тоқтатқан емес. Сегіз қырлы өнерпаз 1932 жылы 76 жасында қайтыс болды. Әндері: «Мақпал», «Жиырма бес», «Қалдырған», «Қарақат көз», «Гәкку» т.б.
2). «Гәкку» әні.
Үкілі Ыбырай – сұлулық, сүйіспеншілік сезімдерді тамаша жырлаған. Сондай сұлу, әсем сазды, сырлы әндерінің бірі – «Гәкку». Әнші-сазгер бұл әнді Кәкима атты сұлу қызға арнайды. Үкілі Ыбырай өзінің сезімін жырмен және ғажайып әуенмен жеткізген. Қазақтың әдеті бойынша сыпайылылық сақтаған Ыбырай өзінің сезімін жеткізген әннің Кәкимаға арналғанын жасырып, әннің атын «Гәкку» деп атайды. Сол бойда ән халыққа кеңінен таралып кетеді. Әннің қайырмасында қайталанып келетін дыбыстар шын мәнінде айдын көлдің бетінде жүзіп бара жатқан сұлулықтың, махаббаттың белгісі болған аққу құстың бейнесін суреттейді. Қазақ халқы сұлу құс – аққудың дыбыстап сұңқылдағанын «гәккулетті» деп атайды. Бұл әнді алғаш рет кәсіби шеберлікпен орындаған КСРО – ның халық әртісі, опера әншісі Күләш Байсейітова болды (интерактивтік тақтада әншінің портреті).
5.Музыка тыңдау.
«Гәкку» әнінің әр түрлі орындалуы.
Әнді тыңдау мақсатымыз – әр түрлі орындаудағы әннің өзгеруін және айырмашылығын таба білу, талдау жасату.
1).Халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен К.Байсейітованың орындауы. Мұнда музыка дауысты қоштап отырады.
2).Симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Жібектің ариясы. Мұнда операдағы Жібектің образын ашады, қазақ қызының бейнесін суреттейді.
3).Қазіргі замандағы эстрадалық өңдеу жасалған әнді әнші М.Арынбаевтың орындауы. Мұнда жаңа заманға лайықты, ұрмалы аспаптар әнді жігерлендіре түседі.
6.Музыка сауаты.
«Гәкку» әні әр заманда қайтадан өңделіп, жаңаша музыкалық шығарма болды. Мұндай өңдеуді музыка тілінде аранжировка дейді.
Аранжировка – музыкалық шығармаларға өңдеу жасау.
Әнді сүйемелдеудегі аспаптардың дыбысы әр алуан естіледі. Мұны музыка тілінде тембр дейді.
Тембр – дыбыс бояуы. (Музыкалық сөздіктерді дәптерлеріне жазу).
7.Қорытынды.
Сабақ барысындағы «Білемін. Білгім келеді. Үйрендім.» кестесін толықтырады. Оқушылардан не туралы үйреніп-білгенін сұрап, «Үйрендім» бағанын толтырып жазу.
8.Бекіту сұрағы.
1).Ойлан да, айт!
Қалай ойлайсың, не себепті «Гәкку» әні көне заманнан танымал болып, қазіргі уақытқа дейін есте сақталып қалды? (Оқушылар өз ойларын, көзқарасын айтып, оны дәлелдейді).
2).Атап айт: «Құстар қалай дыбыстайды?»
Қазақ халқы аққуды «гәккулетті» десе, ендеше басқа құстардың да дыбыстауын қалай атады екен тауып көрейік.
Бүркіт ------------------------- (шаңқылдайды)
Сұңқар ------------------------ (саңқылдайды)
Қаз ------------------------- (қаңқылдайды)
Үйрек ------------------------- (барылдайды)
Кептер ------------------------- (пырылдайды)
Торғай ------------------------- (шырылдайды)
Қарға ------------------------- (қарқылдайды)
Тырна ------------------------- (тыраулайды)
Қарлығаш -------------------- (шықылдайды)
Көкек ------------------------ (көкектейді)
Тоты ------------------------ (сөйлейді)
Бұлбұл ----------------------- (сайрайды)
9.Үйге тапсырма беру.
«Гәкку» әні туралы шағын Эссе жазып келу.
10.Оқушыларды бағалау.
Кластағы екі оқушыға сабақ барысында барлық оқушының сабаққа қатысымын бағалап отыру үшін арнайы кесте беріледі. «Бірін-бірі бағалау», яғни олар оқушыларға қойған бағаларын дәлелдеп айтып береді.