Просмотр содержимого документа
«"Киелі ?обыз ?леміне сапар" о?ушылар мен ?стаздар?а арнал?ан ?дістемелік к?мекші ??рал»
А.Ргелова
Киелі қобыз
әлеміне сапар
(Балалар музыка мектебінің 1-сынып оқушылары мен ұстаздарына арналған әдістемелік көмекші құрал)
УДК 78 Қаз
Р 25
Балалар музыка мектебінің қобыз сыныбы бойынша 1-сынып оқушылары мен ұстаздарына арналған әдістемелік көмекші құрал.
Авторы: Семей қаласының Л.Хамиди атындағы «№1 Балалар музыка мектебінің» қобыз сыныбының ұстазы Ргелова Айгүл Биғазықызы.
Пікір жазғандар:
Семей қаласының Шәкәрім атындағы
мемлекеттік университетінің
«Музыкалық білім беру»
кафедрасының меңгерушісі,
педагогика ғылымының кандидаты, Бодауова Б.Қ.
М.Төлебаев атындағы музыка
училищесінің қобыз сыныбы
оқытушысы Омарова Б.Е.
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті «Музыкалық білім» кафедрасының оқу-әдістемелік кеңесінде бекітілген.
№5 хаттама 22-желтоқсан 2014 жыл.
Бүгінгі таңда музыка мектептерінде ұлттық аспаптарда оның ішінде қобыз аспабында оқытып, үйретуге арналған оқулықтар мен көмекші құралдар жоқтың қасы деуге болады. Халық әндері мен Қазақстан композиторларының балаларға арнап жазған шығармаларын жинақтап бірінші сынып оқушыларына арналған бұл алғашқы еңбегімді музыкант- ұстаздарға, осы мамандық жөніндегі педагогикалық практикада оқулық ретінде, әдістемелік сабақ кезінде нұсқаулық ретінде пайдалануға болады.
УДК 78 Қаз
Р 25
Автордан
Қазіргі өмір талапларына сай жас ұрпаққа білім және тәрбие беру, оларды жан-жақты дамыту қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Қазақ халқының ұлттық аспаптық музыкасы, оның ішінде қобыз аспабының сарыны- халқымыздың қайталанбас, қастерлі мұрасы. Осы мұраны танып, меңгеру - бүгінгі, келешек ұрпақтар үшін парыз десек, оны оқытып, үйрету- білікті ұстаз мамандардың міндеті. Ұсынылып отырған бұл көмекші құралды (хрестоматияны) дайындаудағы негізгі мақсатым- музыка мектептеріндегі арнаулы қобыз сыныптарының мұғалімдеріне қобыз тартуды үйрету әдістерімен I сынып оқушыларының музыкалық қабілетінің әр түрлі болып келетінін ескере отырып, сыныптың жалпы мүмкіндігіне сай репертуар таңдау. Үйретілген шығармалардың тональдік, формалық ерекшеліктерін талдап көрсету, динамикалық дамуы мен ырғағын, екпінін(темпін) айқындап, авторы туралы қысқаша мағлұмат беру. Репертуарлық көмекші құрал негізінен үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде – аспаты тартып уйренудің әдіс- тәсілдері, бірінші сыныпқа арналған халық әндері мен күйлерінен үзінді, Қазақстан композиторларының балаларға арналған шығармалары алынған. Екінші бөлімде – халық музыкасы туралы, осы кітапта шығармалары орындалатын Қазақстан композиторларының өмірі мен шығармашылығынан қысқаша деректер. Үшінші бөлімде осы көмекші құралда кездескен шығармалардағы музыкалық терминдерге сөздік анықтама. Бұл кітап қобыз тартып үйрену жөніндегі оқулықты көздемейді, десем де икемделудің бастапқы кезеңін меңгеруге көмектеспек ниеттемін. Кітап өзім сияқты жас маман ұстаздарға да, оқушыларға да білімділік пайдасын тигізетін оқулық болады деп ойлаймын.
Осынау ғажайып аспапты меңгеруге талпынған жас жеткіншектерге сәтті қадам, шығармашылық биіктер тілеймін.
Қобыз тартуды үйрету әдістері.
Музыка мектептерінің қобыз сыныбына оқушылар қабылдауда ең алдымен қойылатын талап – баланың дарынын, музыкаға деген ынтасын, есту қабілетін бұрын тыңдап көрмеген жаңа әуенді есте сақтап, дәл жеткізіп қайталап беру, оның ырғағын сезіне білу мүмкіндіктерін жете тексеру. Баланың дене құрлысына , әсіресе саусақтарымен қол буындарының қимылдау ерекшеліктеріне де назар аудару қажет. Арнаулы мамандық (қобыз) бойынша сабақ беретін оқытушы ұстаз алғашқы сабақтарда әр оқушының мінез-құлық ерекшеліктерін бақылап, олардың ынтасын, белсенділігін арттырып, ой-қиялын ұштап отыруы тиіс. Ол үшін өнерге байланысты әр түрлі тақырыпта, әсіресе қазақтың ұлттық музыка өнері жайында тартымды мағлұматтар беріп, таныстырған жөн. Халық музыка аспаптар жөнінде кеңірек тоқталып, олардың сыртқы құрлысы, дыбыс ерекшеліктері мен тартып, ойнау тәсілдерін де көрсетуге болады.
Қобыз сабағының алғашқы кезеңдер аспаппан таныстыру, оның құрлысын жете түсіндіріп, денені тік ұстап орындықта дұрыс отырудан басталады. Оқушы ең алғаш қобызды алып отырғанда, орындықтың ортаңғы бөлігінен алға таман жайғасып, сол аяғын сәл ілгері қойып аспаптың шанағын екі тізенің ортасына қысып ұстап, жоғарғы бөлігі (мойны) баланың иығы мен мойнының орта тұсына сүйеп қойылады.
Қобыз арша, үйеңкі, қарағай, шырша ағаштарынан тұтас ойылып жасалса, оның дыбысы қоңыр сазды келеді.
Қобыздың құрлысы қарапайым. Аспаптың мойны имектеліп келіп, кеудемен жалғасады. Кеуденің шанағы шұңғыл болып дөңгеленіп, төменгі жағы сүйірлене бітеді. Осы төменгі бөлігінің беті түйенің көң терісімен қапталады. Шанақтың тиегі болады. Мойнының жоғарғы жағында ішектерді қатайтып не босатып бұрайтын (құлақ күйін келтіретір) құлақтары орналасқан.
Қазіргі жаңартылған төрт ішекті прима қобыздың бұрауы(құлақ күйі) квинта тонына түсірілген. «Сол» - кіші октавада, «ре» , «ля»-бірінші октавада, «ми» екінші октавада.
Ысқышты оң қолмен дұрыс ұстау тәсілі
Ышқышты ұстай білу, оны ішекте жүргізу арқылы дыбыс шығару, оң қол мен сол қолдың дұрыс қойылуын үйрету бірте-бірте жүзеге асатын күрделі жұмыс. Оқушының қобыз тартып уйрену кезінде денені босатып, иық пен шынақтарын дұрыс ұстап, қол буындарын жұмсақ иілтіп, ішек үстінде еркін әрі батыл жүргізуін мұғалім үнемі қадағалап, түзетіп отыру қажет.
Ысқышты оқушыға дұрыс ұстап жүргізу тәсілдерін үйрету үшін, алдымен оқушыға оның жоғарғы, ортаңғы және төменгі бөліктері болып үшке бөлінетіні жайлы айтып түсіндіру керек. Ысқыштың үстіңгі жағы сәл иіліп келген ағаш таяқша,оның астыңғы жағында жарыса,жылқының біркелкі құйрық қылы керіледі.Таяқшаға бекітілген қылды тиісінше қатайтып не босаңсытып ұстап тұратын бұрандалы тетігі(қалып) болады.
Оң қолдың дұрыс қойылуын үйретуде бірінші,екінші,үшінші,төртінші саусақтардың буындарының икемділігін қалыптастыру үшін төрт саусақты төмен иілтіп,жоғары көтеріп,ысқышсыз жаттығу жасау керек. Сол қолдың алақанына қарандашты қойып,оны оң қолымен көтеріп алып көрсету арқылы да ысқышты ұстау тәсілін оңай үйретуге болады.
Ысқышты ұстағанда оң қолдың алақаны төмен қаратылып,ортаңғы саусақ бас бармаққа қарама-қарсы келіп,ысқыштың сабын (қалыбын) қысып тұрады. Қалыптың ағашы сұқ саусақтың бірінші буынында орналасады да, ортаңғы саусақтан кейінгі үшінші саусақ оған көмекші қызмет атқарады.Төртінші-ең кіші саусақ қалыптың үстінде дөңгелене иіліп ысқышты төмен басып,оны ішектің үстінде түзу жүргізуге септігін тигізіп тұрады.
Ысқышты ішекте жүргізу тәсілдері
Ысқышты қобыздың тиегінен екі елідей жоғары тұсында ішекке көлденең ұстап, қалыптың жанынан бастап, төменгі,жоғары бөліктерін айтып ескерте отырып,қол буындарының қимылымен (дыбыстың бір қалыпты әрі анық шығуын қадағалай отырып ) батыл жүргізу керек. Ысқышпен дыбыс шығаруды ортаңғы «ре», «ля» ішектерінен бастап алу ыңғайлы . Ал төмеңгі «соль» ішегінде ысқышты тиек деңгейінен төмен түсірмей, шынтақ пен білек буындарын иілте, оң жаққа қарай түзу жүргізіп отыруды ескерту қажет. Демек, ішек тиек үстінде бірі жоғары, бірі төмен орналасуына байланысты ысқышты жүргізу бағыттары әр түрлі болмақ. Ысқышты ішектің үстіне дұрыс қойып, оң қолмен салмақ түсіре жүргізіп, таза дыбыс шығара ойнауды бірден үйрену оңайлыққа түспейді. Ол үшін әр түлі ішектерде бірнеше қайтара тиісті жаттығулар жасап дағдылану керек.
Үйренуші алдымен дыбыс шығаруда жай екпінде (темп) ысқышпен ашық ішектерде жүргізуден бастау керек. Бірте-бірте ойын бір салаға келтіріп, нота ұзақтықтарын есеппен санап ойнауға машықтансын.
П – белгісі ысқышты төменнен жоғары қарай (оңға) ойнау бағытын көрсетеді.
V – белгісі ысқыштыңжоғарыдан төмен (солға) ойнау бағытын көрсетеді.
Сол қол саусақтарының дұрыс қойылуын үйрету.
Сол қол саусақтарының қимылы қобыз аспабының өзіндік ерекшелігіне қарай лайықталып қалыптасуы керек. Ішекті басуға саусақтарды жаттықтыру үшін, қолдың бас буынын білекпен бірдей, түзу қойып, иықтарды көтере, екі қолдың шынтақтарын екі жаққа жая, қолтықтырын аша денеден алшақ ұстап, орындыққа нық отыруға дағдыландыру керек. Бас бармақ қобыз мойнының сырт жағында еркін жылжып, үшінші саусаққа қарама-қарсы орналасады, ал қалған төрт саусақ бармаққа қарама-қарсы, ішектің үстінде тұрады. Ал ойнау кезінде саусақтардың тырнақ көбесімен ішектің жанынан басып отыру арқылы дыбыс шығару керек. Сол қол буынын қатайтпай бос ұстаған жөн.
Дыбыстың таза шығуына оқушының зейінің аудара отырып, саусақтарды ретімен, дұрыс қимыл жасауға дағдыландыру үшін мынадай әр түрлі әзірлік жаттығу жасатылады:
Бірінші, екінші, үшінші, төрттінші саусақтармен, біртіндеп алма-кезек басып шығаруға жаттықтыру. Ол үшін баспалдақтан төмен түскен тәрізді (1,2,3,4) саусақтарды рет-ретімен басуды талап ету керек. Бұл жағдайда саусақтардың қойылу реті мынадай болады:
0 – ашық ішек;
1 – бірінші саусақ;
2 – екінші саусақ;
3 – үшінші саусақ;
4 – төртінші саусақ.
Ойналып отырған ноталардың арақашықтығына, тональдік жағына оқушының есту қабілеті мен зейінін бағыттай отырып, саусақтарды дәл басуға, сөйтіп дыбыстарды таза шығаруға дағдыландыру қажет.
Қобыз тарудың үстінде екі түрлі жағдайды ескеру қажет; бірі – орындалатын шығарманың, не әуеннің көркемдік сапасы, екіншісі – техникалық өрістері.
Музыка мектептерінің оқу бағдарламасына сәйкес, алғашқы оқу жылында әр оқушы бірнеше жаттығу, гамманың мажорлық, минорлық, хроматикалық түрлерін, ішектен-ішекке, позициядан-позицияға көшуді, жеңіл этюдтарды, аспапқа арналған шағын шығармалармен бірнеше халық әндерімен күйлерін меңгеруі қажет. Менің бұл ұсынып отырған көмекші құрал ретіндегі кітабымда осы талаптарға сай орындалатын шығармалардың ойналу тәртібі мен оған көркемдік, техникалық талдау жасалады.
Халық әні «Еркем-ай» Бұл ән орташа екпінде, кең созыңқы. көңілді орындалады. Өлшемі-2/4, саналуы 1ге, 2ге.
Тональдігі - C-dur ( до мажор ) шығарманың диапазоны I- октаваның «до» нотасынан осы октаваның «ля» нотасына дейін. Кездесетін нота ұзақтығы: сегіздік, төрттік және жартылық. Шығармада төрттік үзіліс тактінің басында әлді үлесте және такт соңында әлсіз үлесте және сегіздік нүктелі нота кездеседі. Бұл ән өзінің аты айтып тұрғандай әр қилы, құбыла, еркелете орындалады.
Құрманғазының «Кісен ашқан» күйінен үзінді талдап көрелік. Тональдігі - ля минор. Өлшемі 3/4, саналуы 1ге, 2ге, 3ке. Кездесетін нота ұзақтығы біркелкі төрттік болғанымен, бір-бірімен байланыстыра үзбей орындау керек. Соңғы тактісінде жартылық нотамен төрттік үзіліс қатар келеді.
Халық әні «Заулатшы-ай». Асықпай, орташа екпінде орындалады. Тональдігі - соль мажор кілттік белгісі фа диез. Өлшемі 2/4. Кездесететін нота ұзақтығы жартылық, төрттік және сегіздік ноталарды лига- дыбыстарды үзбей бір ысқыштың бойында ойнайтын кездері бар. Диапазоны кіші октаваның «соль», бірінші октаваның «ля» дыбысының қашықтығында. Бұл әнде қобыз аспабының ең жуан «соль» ішегінде төменгі дыбыстар қою, қоңыр орындалады.
Халық әні «Әй-әй бөпем» Бұл ән терең сезіммен, асықпай, жүрекпен тербеліп орындалады.Тональдігі – соль мажор. Кілттік белгісі –фа диез. Өлшемі- 2/4. Шығармадағы жоғарғы дыбыстары нәзік, жіңішке, жұмсақ ойналады. Әлсіз үлесте кездесетін он алтылық ноталар жұмсақ және бір дыбыстан екінші дыбысқа көшу кезінде үзілмей орындалады. Диапазоны бірінші октаваның «соль», екінші октаваның «ми» ноталары.
Халық әні «Маусымжан» Бұл ән ойнақы, жеңіл, көңілді еркелете орындалады. Тональдігі - ре минор. Кілттік белгісі -си бемоль. Өлшемі -2/4. Дыбыстары легато болғандықтан үзбей өзара байланыса, жұмсақ, тегіс шығуы тиіс. Соңында реприза-қайталау бар. Диапазоны бірінші октава «ре», екінші октава «ре» дыбыстары.
Құрманғазының күй «Түрмеден қашқан» Бұл күйдің екпіні орташа болғанымен сегіздік ноталарды бірқалыпты өзгеріссіз, ысқышты төмен-жоғары қозғалта ойнау керек. Тональдігі –соль мажор. Кілттік белгісі – фа мажор. Өлшемі -2/4. Динамикалық белгілері форте – f, қатты және мецефорте mf ,қаттырақ орындалады.
Қазақтың халық әні «Әлди-әлди» Бұл ән өте баяу, жұмсақ асықпай орындалады. Өлшемі -2/4, саналуы 1ге, 2ге. Тональдігі ре мажор. Кілттік белгілері фа диез және до диез. Төрттік, сегіздік ноталармен орындалады. Әннің соңында созып ойнау белгісі қойылған.
Қазақтың халық әні «Алақай» ән өте көңілді, шаттықпен жайдары орындалады. Өлшемі -2/4, саналуы 1ге, 2ге. Тональдігі- фа мажор. Кілттік белгісі си бемоль.ән шумақпен қайырмадан тұрады. Қайырмасында реприза (қайталау) бар.
Қазақтың халық әні «Қазақ әні». Көңілді, жеңіл, ойнақы орындалады. Өлшемі -2/4, саналуы 1ге, 2ге. Тональдігі си минор, кілттік белгілері фа диез, до диез. Әннің басында екі такт фортепиано аспабының сүйемелдеуімен кіріспе орындалады. Кездесетін нота ұзақтығы сегіздік пен он алтылық лига, үзілмей жылдам орындалуы тиіс. Диапазоны кіші октава «си», екінші октава «ре».
Қазақ әні Қазақтың халық әні
қобыз бен фортепианоға өңдеп
түсірген Ғ.Болтаева
Абай «Желсіз түнде жарық ай»- естіген құлаққа жағымды, әуені жеңіл, сабырлы кең лирикалық ән. Тональдігі - ми минор. Кілттік белгісі фа мажор. Өлшемі 4/4. Кездесетін нота ұзақтығы сегіздік, төрттік нүктесімен, жартылық. Қайырмасы репризамен орындалады. Шығарма соңындағы жартылық нотасы фермато.
К. Қуатбаев «Ақ әжем» . Бұл ән нәзік, сезіммен, әндете, жұмсақ орындалады. Өлшемі 2/4, саналуы 1ге, 2ге. Тональдігі ре минор, кілттік белгісі фа диез, до диез. Әннің басында екі такт фортепиано аспабының сүйемелдеуімен кіріспе орындалады. Қайырмасы реприза-қайталау, соңы Р- пиано, ақырын ойналады.
Б.Ғизатов «Біз өмірдің гүліміз» ән өте көңілді жүрдек, жылдам, жеңіл орындалады. Өлшемі – 2/4, саналуы 1ге, 2ге. Тональдігі ре минор, кілттік белгісі фа диез, до диез. Диапазоны бірінші октаваның «ре», «ля» дыбыстары.
Біз өмірдің гүліміз
Б.Ғизатов
К.Қуатбаев «Біздің атай» ән көңілді, ойнақы, жеңіл, шырқата орындалады. Өлшемі-2/4, саналуы 1ге, 2ге. Тональдігі ре минор, кілттік белгісі си бемоль. Әннің басында бір такт фортепиано аспабының сүйемелдеуімен кіріспе болады. Такт соңында соңғы дыбыстарды созып, жеке дауыстағы қобыз аспабының f- форте, қатты, фермато –созып орындалатын дыбысынан басталады. Кездейсоқ белгі- си бекар. Шығарма шумақ пен қайырманы екі қайталаудан тұрады.
Біздің атай
И.Нүсіпбаев «Бейбітшілік сақшысы» Ән асықпай , баяу, сабырлы орындалады. Өлшемі -2/4 Тональдігі -до мажор. Төрт такт фортепиано аспабының суйемелдеуімен кіріспе болады. Әндегі ең қиын жерлер төрттік ноталардың нүктелі болып келуі.
Н.Тілендиев «Құттықтаймын мама, туған күніңмен» Ән көңілді, жарқын, жылдам, ойнақы орындалады. Өлшемі -2/4, саналуы 1ге, 2ге. Тональдігі ре мажор, кілттік белгісі фа диез, до диез. Шығарма шумақ пен қайырмадан тұрады. Динамикалық белгілері mf- қаттырақ, f-қатты ойналады.
Құттықтаймын мама, туған күніңмен.
Н.Тілендиев
Қазақтың халық әні «Қошақаным» Бұл ән ойнақы, жеңіл, жылдам орындалады. Өлшемі -4/4, саналуы 1ге, 2ге, 3ке, 4ке. Тональдігі – соль мажор. Кілттік белгісі фа диез. Әннің басында алты такт фортепиано аспабының сүйемелдеуімен кіріспе болады. Шығармада кездесетін бүтін ноталарды ысқыштың бойында толық, созып ойнау керек.
К.Қуатбаев «Каникулда» Ән өте көңілді, ойнақы, жеңіл орындалады. Өлшемі -2/4, саналуы 1ге, 2ге. Тональдігі соль мажор. Кілттік белгісі – фа диез. Әннің басында төрт такт фортепиано аспабының сүйемелдеуімен кіріспе болады. Кездесетін нота ұзақтығы сегіздік пен он алтылық қос ноталарды үзбей жалғастыра ойнау.
Дәулеткерейдің күйі «Қосалқа» Екпіні орташа, жеңіл, ойнақы орындалады. Өлшемі – 2/4, саналуы 1ге, 2ге. Тональдігі соль мажор. Кілттік белгісі фа мажор. Бұл күй негізінен әр бөлікті реприза – қайталаудан тұрады. Ал қиын жерлері ол ұзақтығында. Он алтылық ноталарды бір ысқыштың бойында сегіздікпен жалғастыра үзбей орындау қажет. Ысқышты жүргізу бағытында екі жоғары қайталанып келіп отырады.
К.Қуатбаев «Біз туған ел баласы». Ән өте көңілді, жеңіл, жылдам орындалады. Өлшемі -2/4, саналуы 1ге, 2ге. Тональдігі ре мажор. Кілттік белгісі фа диез, до диез Әннің басында екі такт фортепиано аспабының сүйемелдеуімен кіріспе және орта бөлігінде екі такт суйемелдеушінің ойыны бар.Кездесетін қиындықтар он алтылық қос ноталарды бір ысқыштың бойында лига, үзбей орындау, нүктелі сегіздікті дұрыс санауға дағдыландыру қажет.
Көмекші құралға енген музыкалық шығармалардың авторлар жайлы қысқаша мәлімет.
Халық әні мен халық күйі. Ежелден қазақ халқы өнерді ерекше қасиет деп есептеген. Қазақ халқының басынан өткен қилы замандар, тіршілігі мен тағдыры, салт-дәстүрі, өмір сүрген ортасы мен әдет-ғұрыптары ұлттық өнері арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, тарих арнасына айналды. Қазақ музыка өнерінің халықпен бірге жасасып, тарихи әлеуметтік өмірі мен толғаныс-тебіреністерін үздіксіз баян етіп келе жатқан саласы – ән мен күйі.Осы баға жетпес өнер арқылы ел аузынан, халықтың айтуымен көптеген әндер мен күйлер дүниеге келген. Сондай шығамаларды , халық аузынан тараған ән мен күйді халық әні немесе халық күй деп атап кеткен. Бұл өнер ұрпақтан-ұрпаққа тек орындаушылар арқылы жетіп, мұра болып келеді.
Қуатбаев Күнсайын
ҚУАТБАЕВ Күнсайын (1935, Алматы облысы Сарқант қаласы – 1991, Алматы) – композитор. Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. Республикалық “Мектеп”, “Өнер” баспаларының муыкалық-ноталық басылым салаларында ұзақ жылдар қызмет етті. Оның “Аяулы ақ сұңқарым”, “Таң сәріде”, “Қарындас”, “Таң самалы”, “Шолпаным”, “Күтемін”, т.б. өлеңдерге жазған әндері халық арасына кең тараған. Қуатбаев “Музыка сауаты”, “Музыкалық ойындар, әндер, билер”, “Қоңырау”, “Моншақтар” атты балалар мен жасөспірімдерге арналған әдістемелік оқу құралдарының, әндер жинағының авторы.
Ибрагим Нүсіпбаев
Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, балалар композиторы Ибрагим Нүсіпбаевтың "Мектеп вальсі" жинағына көпшілік арасына кең тараған әндерінен бірнеше әндер еңгізіліп отыр. Композитор әндерінің негізігі арқауы - бүгінгі жас ұрпақтың Отанға, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі, білімге, еңбекке деген құштарлығы. Оның шығармалары өнер сүйген жас өркендерге, балалар бақшаларындағы бүлдіршіндерге, мектептер мен кәсіптік-техникалық училищелердегі көркемөнерпаздар коллективтеріне арналады. Композитордың шығармалары балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты өте жеңіл, әуендері тез есте қалатын, әуенді болып келеді. Бұл шығармаларды тек дауыстап, әндетіп айтпай, музыкалық аспаптарда орындау да өте жеңіл, қызықты.
Құрманғазы Сағырбайұлы (1818-1889) — қазақтың ұлы күйші-композиторы.Қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі. Туып-өскен жері Бөкей хандығы, қазіргі Орал облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жер.Ол жастайынан қолына домбыра алып, қазақ елінің тұрмыс тіршілігін, сол кезеңдегі халықтың басынан кешкен тарихын, өзінің құдіретті домбырасына күй қылып түсіріп,осы өнерді ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра ретінде қалдырған. Күйшінің«Қызыл қайың», «Ақжелең», «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Назым», «Балқаймақ», «Бұлбұлдың құрғыры», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Қуаныш» «Кішкентай», «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», тағы да басқа күйлері бар.
Абай Құнанбаев (1845- 1904) – қазақ халқының ұлы ақыны. Ақын қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты Абай ауданында туған.Әжесі Зере сүйкімді де сүйікті немересін Абай деп еркелеткен. Осыдан кейін Ибрахим дейтін шын аты аталмай, ел арасында Абай атанып кетеді . Ақын атамыздың көптеген өлеңдері бар. Балаларға таңымал жылдың төрт мезгіліне байланысты шығарған ; «Қыс», «Күз», «Жазғытұрым», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», т.б. Өлеңдерімен бірге әндері де халық арасына кеңінен тараған. Мысалы, «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Желсіз түнде жарық ай», т.б. Абай композитор ретінде қазақ музыкасына теңдесі жоқ үлес қосты.
Шығайұлы Дәулеткерей (1814-1887) –қазақтың әйгілі ұлы күйші композиторы, төкпе күйлерінің негізін қалаушы. Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарасты Қарамола деген жерде дүниеге келген. Дәулеткерей алғаш рет «Ақжелең», «Қосалқа» сияқты күйлерін шығарған. Дарынды күйшінің жарқын сезімге, сұлу суреттерге бай өзіндік қолтаңбасы осы күйлерінің өзінен-ақ айқындалады. Күйлері: «Қыз Ақжелең», «Қосалқа», «Ысқырма», «Желдірме»,»Желдірме», т.б.Ұлы күйші қиын заманның қасірет қамауына тап болған бейбақ халқын домбырасымен жұбатқан.
Тілендиев Нұрғиса Атабайұлы (1 сәуір, 1925 ж - 15 қазан, 1998 ж) – қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы. Қазақ КСР халық әртісі (1975 жыл), КСРО халық әртісі (1984 жыл), халық қаһарманы (1998 жыл).Туып өскен жері - Алматы облысының Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылы. Топырақ бұйырған жері Жамбыл кесенесінің іргесі. Тілендіұлы Нұрғиса қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет. Сүйікті шығармаларынан «Достық жолымен», «Менің Қазақстаным» контатасын . Қ.Қожамяровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсын ,«Ата толғауы» және оркестр үшін жазылған шығармаларын , «Халық қуанышы», «Қайрат» ,«Жеңіс солдаты» сияқты увертюраларын атауға болады. Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» сияқты күйлері мен «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым», «Өз елім» сияқты ондаған әндері халықтық бояу нақышының қанықтығымен, өзіндік қолтаңбасының айқындығымен жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған.
Музыкалық терминологияларға түсініктеме.
Ойналып отырған шығарманың динамикалық өзгерістерін, яғни кейде, қатты- форте- (f), кейде жұмсақ пиано –(P), немесе дыбысты біртіндеп күшейте –крещендо ˂ f ˃, не біртіндеп бәсендете -дименуендо мазмұнын түсініп,ұғына орындауға мән беру қажет. Ал орындаудың техникалық өрістеуіндегі негізгі мақсат - нота ширектерінің өзгеруіне байланысты ысқышты дұрыс әрі үнемді пайдалана білу болып табылады.
Ойын техникасының негізі болып табылатын нәрсе – штрих. Музыкалық аспапты. Оның ішінде қобыз аспабын кәсіби меңгеруде кездесетін штрихтардың ең көп таралған, жиі қолданылатын тәсілдерін қарастырып көрейін:
Аккомпанамент (accompagnement – сүйемел) –айтылатын ән, жеке музыканы фортепиано немесе оркестрмен сүйемелдеу.Аккомпанамент орындалатын ән –музыканың мәнерлі, әдемі, құлаққа жағымды және орындалып жатқан әуеннің тоальдігінен шығып кетпес үшін де қажет.
Аккорд (accord – үндестік, үйлесі)терция интервалымен құрылған үш немесе одан да көп дыбыстардың бір мезгілде үндесуі.
Әуен – өлеңнің ән сазы, ән әуені, күй әуені. Яғни, әр түрлі ырғақ пен лад арқылы құрылған ән мен күйдің көркем мелодиясы.
Гамма - бір октава маңындағы дыбысқатары, дәлірек айтқанда, бір дыбыстың екінші аттас дыбысқа шейін, ереже бойынша, тізбектеліп құрылған дыбысқатарын гамма дейді.
Деташе-detashe- латын штрихты орындау кезінде әр дыбыс ысқыштың қимыл-қозғалысын ішектерден айырмай ойнаған сәтте қол жеткізілетін әуен. Штрих ойнаған кезде ысқышты біркелкі байсалды қарқынмен жоғары-төмен жүргізу арқылы сапалы үн шығара аламыз. Осы штрихты беогілеу үшін ноталардың үстіне немесе астына сызықша қойылады.
Динамика (dynamika - дюнамикос) – күш, қозғаушы. Музыкада дыбыстың шығу күшін, орындалуын көрсетеді.
Лиго- lega- бір ысқыштың бойында екі бірдей нотаның үзілмей, жұмсақ орындалуы.
Легато-legato-сыбайлас,әндеткіш әуен,оның басты шарты-ысқыштың басқа шекке ауысар кезіндегі щұғыл әрекетте күрт үзілетін дыбыстардың жымын жатықтыру.Яғни, әуен мінсіздігі үшін,ысқыш келесі шекке ауысқанға дейін бармақтар алдыңғы шек үстінде аз-кем аялдайды.Егер бармақты шектен кенет көтеіп,келесі шекке апарар болсақ, дыбыс үздіксіздене нұқсан келеді де, «тұтығу»болады.
Спикатто- spikatto (үзік-үзік) Бұл штрихты ұшпалы, қатқыл деп атаса да болады. Ұшпалы штрих кезінде ысқыш әр нотаны тартқан сайын білектің серпін күшімен ішектен «ыршиды».
Стакатто-staccato(секірмелі)-әуенді қысқа,шолақ орындау тәсілі.Яғни дыбыстар бір-бірінен паузамен бөлініп,қысқа-қысқа орындалады.
Фермато – fermato белгілі бір дыбыстың созылып, кең , ысқыштың толық, әлді дыбыс шығаруынан пайда болатын дыбыс. Ол көбіне шығарманың шыңырау шегінде(кульминация) немесе соңында кездеседі.
Түйіндеу
Бұл кітапта қобызшылық өнердің қайнар бастаулары, қобыз тарту мектебін қалыптастырудағы орындау мәдениетімен жөнінде. Жаңа ғана тай-тай басып келе жатқан жас жеткіншек ұрпақтарымыздың осынау қасиетті де киелі қобыз аспабын үйренудегі көмекші құралы ретінде қолданылады. Сөзімді түйіндей келе айтарым, шығармашылық тұрғыда өскен сайын өзіңе деген талап жоғарылай түссе ләзім. Демек, ең басты қасиет – еңбекқорлық, музыканың ғаламат әлеміне қадам басарда сол әлемдегі өз орныңды табуың керектігін естен шығармау. Аса көрнекті скрипкашы Давид Ойстархтың: «Оқушыға ештеңе үйрете алмайтын сияқтымын, бірақ онымен тізе қоса шұғылдану арқылы көп нәрсені үйреніп және үйретіп, бірге алға баса аламыз» деген ұлағатын айта отырып ескерткім келетіні, музыканттың бойындағы мүмкіндігін қалыптастырған әдет-дағдыларынан айнымау болып табылады. Ал тізе қоса, бірлесе музыка ойнау принципіндегі маңызды мән музыкант шеберлігін қалыптастыру үшін игілікті, лайықты жағдай туғыза білуде жатыр.
Кітап сабақ беруде педагогтарға, тынымсыз еңбекпен өзі таңдаған мамандыққа деген сүйіспеншілік жетегінде аспапты жалықпай үйренгісі келетін оқушыға көмектеседі деп сенемін!!!
... Мелодияның жан-әлемін қағазға жазып көрсету мүмкін емес.
П.Казальс
Ргелова Айгүл Биғазықызы 1977 жылы 24 қарашада Семей облысы Мақаншы ауданы Мақаншы ауылында дүниеге келген. 4 сыныптан Мақаншы ауылындағы балалар музыка мектебіне келіп, қобыз аспабы бойынша Зейнеп Иманбаеваның сыныбынан дәріс алады. 1992 жылы сегізінші сыныпты аяқтап, Семейдің М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің ұстазы Омарова Бақытгүл Елемесқызының классына келіп түседі. 1996 жылы осы оқу орында жақсы аяқтап, Алматы қаласындағы қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтына оқуға түсіп К. Намазова дәріс алады. 2000жылы Семейдің М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжіне музыка пәні бойынша ұстаздық қызмет етеді.
Педагогикалық колледжбен қатар Ә.Қашаубаев атындағы филормонияның қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің мүшесі болып жұмыс істеді.
2013 жылдан бастап қаламыздағы Л.Хамиди атындағы «№1 Балалар музыка мектебінің» қобыз сыныбы бойынша ұстаздық қызмет етуде. Музыкалық мектепте қазақ халқының киелі қобыз аспабын дәріптей отырып, оқушылардан қобызшылар ансамблін құрды.Дәріс берген оқушылары Республикалық байқауға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.
Пайдаланылған қайнар көздер тізімі
Б.Сарыбаев. Қазақтың музыкалық аспаптары.
С.Аязбекова Этнос әлемінің картинасы. Қорқыт ата және қазақтардың музыкалық философиясы.
Ысқышты оң қолмен дұрыс ұстау тәсілі.............................................................................................................4
Ысқышты ішекте жүргізу тәсілдері.....................................................................................................................5
Сол қол саусақтарының дұрыс қойылуын үйрету..............................................................................................5
Халық әні «Еркем-ай»...........................................................................................................................................7
Халық әні «Заулатшы-ай».....................................................................................................................................8
Халық әні «Әй-әй бөпем»......................................................................................................................................8
Халық әні «Маусымжан».......................................................................................................................................9
Құрманғазының күй «Түрмеден қашқан»............................................................................................................9
Қазақтың халық әні «Әлди-әлди».......................................................................................................................10
Қазақтың халық әні «Алақай» ...........................................................................................................................11
Қазақтың халық әні «Қазақ әні». .......................................................................................................................12
Абай «Желсіз түнде жарық ай»-..........................................................................................................................13
К. Қуатбаев «Ақ әжем».........................................................................................................................................14
Б.Ғизатов «Біз өмірдің гүліміз»............................................................................................................................15
К.Қуатбаев «Біз туған ел баласы...........................................................................................................................23
Көмекші құралға енген музыкалық шығармалардың.........................................................................................25
Музыкалық терминологияларға түсініктеме.......................................................................................................27
авторлар жайлы қысқаша мәлімет.........................................................................................................................29
Пайдаланылған қайнар көздер тізімі.....................................................................................................................30