Просмотр содержимого документа
«"Бастауыш сыныптарда?ы сыныптан тыс ж?мыстар"»
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
«М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі» КМҚК
Бастауыш сыныптарда математикадан жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстар.
(1-3 сыныптарға арналған әдістемелік құрал)
Мазмұны
Алғы сөз.……………………………………………………………………3
Сыныптан тыс жұмыс түрлері. ……………………………………………4
Үйірме отырыстары. ………………………………………………………9
І сынып …………………………………………………………………….-
ІІсынып…………………………………………………………………….11
ІІІ сынып…………………………………………………………………..14
Кеш. «Қызықты математика» ……………………………………………20
Қосымша материалдар санмен ойындар…………………………………23
Сен білесің бе? ……………………………………………………………24
Пайдаланған әдебиеттер......................................................................25
АЛҒЫ СӨЗ
Құралда бастауыш сыныптар оқушыларымен ұйымдастырылатын сыныптан тыс жұмыстарға тоқталып, оларды ұйымдастыру тәртібі келтірілген. Бастауыш мектеп оқушыларымен жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстар жөніндегі алғашқы құрал болғандықтан, мұнда жалпы сипаттағы материалдармен қатар нақты мәселені қалай ұйымдастыру керектігі талқыланып, қажетті деген қосымша материалдар берілген. Атап айтқанда, сыныптан тыс жұмыс түрлері —есептерге, викториналарға, математикалық монтаж, өлеңге, экскурсияларға, жұмбақ, жаңылтпаштарға, ребустарға, турнирге, сайысқа, кешке, газетке, ойындарға, үйірмеге түсініктеме беріліп, кейбіреулеріне нақтылы фактілермен мысалдар келтірілді. Олардың үлгілері көрсетілді. Газетті шығарудың әдістемелік нұсқауы, мазмұны айтылып, ашылған. Ойындардың түрлері – санмен, әр түрлі заттармен ойындар, фокустар шешу, топологиялық ойындар (бірден сызып шығу), сөзжұмбақтар ұсынылған. Олардың көбісі практикалық мазмұн алып, өмірмен байланыстырылған. Үйірме жоспары жеке отырыстар арқылы берілген. Отырыстар бірінші, екінші және үшінші сыныптарға арнап белініп, оларды ұйымдастырудың әдістемелік нұсқаулары мен оқу-тәрбиелік сипаты келтірілген. Әрбір отырыстардың мазмұны және материалдары берілген. «Қызықты математика» атты кешті ұйымдастыру үлгісі көрсетілген.
Материалдарды таңдауда пәнаралық байланыстар ескерілді. Сондай-ақ келтірілген сыныптан тыс жұмыс түрлерін жүргізуге қажетті қосымша материалдар — ойындар (жүз ойыны, 18 таяқша ойыны, ойша өшірілген цифр ойыны) берілген. Ойынның ережесі, қажет әдістемелік нұсқаулар көрсетіліп, материалдың оқу-тәрбиелік сипаты ашылды. Жаттығулардың, есептердің, жұмбақтар мен викториналардың жауаптары келтірілген.
Ұсынылып отырған құрал бастауыш мектеп мұғалімдеріне, педагогикалық колледж студенттері мен оқытушыларына арналады.
СЫНЫПТАН ТЫС ЖҰМЫС ТҮРЛЕРІ
«Математикадан сыныптан тыс жұмыстар» деп қатысуға еріктілік принципіне негізделген және идеялық-саяси тәрбие сипатында мектепте жүргізілетін оқу-тәрбие жұмысын тереңдететін, сондай-ақ оқушылардың математикалық оқу-тәрбие дәрежесін арттыратын сабақтан тыс уақытта жүргізілетін жұмыстарды түсінеміз.
Сыныптан тыс жұмыстарды жүргізу үшін мұғалімнің білімі терең, жан-жақты дамыған, педагогикалық шеберлігі болуы — басты мәселе. Сабақтан тыс уақытта жұмыстарды жүргізу кезінде мұғалім оқушының талап-тілегін, қызығатын мәселелерін жан-жақты қамтуға мүмкіндік табады [4].
Математикадан үлгірмеудің, бір себебі — оқушылардың пәнге аз қызығатындығы. Әрине, сабаққа деген қызығуды мұғалім оны жүргізу үстінде тудырса, ал жүйелі түрде жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстар бұны одан әрі дамытуға себепші болады.
Оқушылар сабақта, ойын немесе жұмыс үстінде ойлау, өлшеу, есептеу, табу, зерттеу сияқты процестермен кездеседі. Оларды ұштау, жетілдіру — мұғалім мін-деттерінің, бірі. Осы мағынада түрлі жаттығулардың — математикалық есептердің, математикалық сөзжұмбақтардың, ойындардың рөлі зор. Белгілі педагог В. А. Сухомлинскийдің басқаруындағы мектеп тәжірибесі көрсеткендей, оқушыларды еліктетіп, жігерлендірмейінше, тәрбиенің нағыз өз мәнінде болуы мүмкін емес. Міне, сондықтан да сабақ үстінде іздену мәселесін міндет етіп қойып, оны шешуде түрлі ойындарды пайдалансақ, сабақтан тыс шұғылданыстар бұларды толықтыра түсуге арналады.
Алдымен математикадан жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру және оны өткізудің әдістемелік негіздері мынада екендігін ескерген жөн:
Сыныптан тыс жұмыс оқушылардың сабақта алған білімдері мен дағдылары негізінде ұйымдастырылады.
Сыныптан тыс жұмыс оқушы инициативасынан басталып, олардың жеке қажеттіліктерін өтейтіндей бағытта жүргізілуі тиіс.
Сыныптан тыс жұмыс оқушыларды математикаға қызықтыру мақсатын көздеуі тиіс.
Мұғалім ол үшін жүйелі, әрі жоспарлы жұмыстар жүргізеді..
Сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстардың түрлері де көздеген мақсаттарына қарай: сергіту минуттарындағы қызықты математика элементтері, математикалық газет, математикалық бұрыш, математикалық үйірме, математикалық кеш ұйымдастыру, математикалық жарыстар, экскурсиялар, математикалық ойындар болып бөліне береді.
Сыныптан тыс жұмыстардың әдістемелік негіздері мен мақсаттары айқындалғаннан кейін, оқушылар коллективімен жүргізілетін жұмыстың түрлері таңдалады. Ол мәселені мұғалім сынып тілегі, материалдың көлемі, оқушылардың қатысымдылығы сияқты фактілермен айқындайды. Енді жұмыс түрлеріне, оларды ұйымдастыру мәселелеріне, оқу-тәрбиелік сипаттарына тоқтайық.
Қызықты есептер. Сыныптан тыс жұмыстар кезінде шешілетін есептер мына бағытта болуы керек. Математикадан бастауыш сыныпта етілетін, бірақ қиын шығарылатын есептер мен тапқырлықты талап ететін логикалық есептер астарласып келуі тиіс. Берілетін есептер оқушылардың жас шамасына шақталып, оқушыны жасытпай, қайта жігерлендіретін, математикалық инициативасын артыратындай, түсіндіруі жеңіл, тұжырымдалуы қысқа болғаны жөн. Есеп зерделікке, қиялдауға, логикалық ойлауға, тапқырлыққа, байқампаздыққа, есепті шешу тәсілдерін меңгеруге тәрбиелейтіндей болуы керек. Сондай-ақ есеп өмірден алынатындығын таны-татындай болуы қажет [7].
Қызықты есептер өлең, әзіл, ермек, викторина түрінде де жазыла береді.
Өлең есепте өлеңді жазу заңдылығын пайдалана отырып, математикалық есеп құрастырылады. Онда не белгілі, белгісізі не екендігі айтылады. Олар есепті ше-шуде байланыстырылады. Табылған жауаптың дүрыстығы тексеріледі. Кейде есепті өлең түрінде тұжырымдау, оқушыны әдеттегіден тыс күйге түсіріп, өзіне баурап алады. Өлең есеп оқушыларды ұжымдыққа, адамгершілік қасиеттерге, математикалық заңдылықты байқауға, тыңдай білуге, негізгіні қосымшадан ажырата білуге тәрбиелейді. Өйткені математикалық ұғымның, өлеңде тұрмыстық мағынасы кеңірек ашылады.
Әзіл есептер өлең түрінде де, қара сөз түрінде де кездеседі. Есеп шарты дұрыс берілгенімен, қорытындысы әзіл түрінде ұшқары айтылады. Алайда, есеп-дұрыс есеп болғандықтан, оның астарлы сыры болады. Сондықтан жауап тез талап етіледі. Соңынан жауап талданып, жауаптың дұрыстығы дәлелденіп керсетіледі.
Логикалық есептер – кеңірек ойлануды қажет етеді. Есеп жауабы бір немесе бірнешеу болуы мүмкін. Есептің бұл түрі мұғалімнен де, оқушыдан да аңғарым-паз болуды талап етеді. Логикалық есепті шешу қатаң дәлелге сүйеніледі. Сондықтан мұнда қысқа есептей салу, көрнекілікпен астарластыру болуы ықтимал. Мұндай есептер логикалық ойлауға, қиялдауға, ұстамдылыққа, еңбектене білуге тәрбиелейді.
Математикалық тақпақ мәнерлеп оқылады. Оны оқудың үлгісін мұғалімнің өзі көрсетеді. Сондықтан мұғалім тақпақ сөзін оқушыға жаттатқаннан кейін, дұрыстап оқуды үйретеді. Тақпақ арқылы математиканың өмірден алатын орнын, қоғамды дамытудағы ролін сипаттаймыз. Кейде ол арқылы оқушының мінезқұл-қын, оның кемшілігі мен жетістіктерін сынаймыз. Мұндай әдіс нәтижесі әсерлі келеді, оқушыларды ұжымдыққа, ұстамдылыққа, адамгершілік қасиетке, Отанды сүюге, математиканы кұрметтеуге, адал еңбекті бағалауға, достыққа тәрбиелейміз.
Математикалық жұмбақ жауабына немесе оның тұжырымдалуына математикалық ұғымдар, символдар, терминдер енеді. Жұмбаққа қойылатын талаптар мұнда да сақталады. Жұмбақтар өлең-ұйқас түрінде де, ребустар, викториналар түрінде де келтіріледі. Жұмбақтар салыстыру, теңеу және сипаттау арқылы ұғымны қасиеттерін ажыратуға тәрбиелейді. Оқушы қиялының дамуына елеулі әсер етеді. Жұмбақ жауабы да, осыдан, түрліше болуы ықтимал.
Математикалық жаңылтпаш үйірме отырыстарында тіл ұстарту үшін қолданылады. Тіл — ой көркі. Сөйтіп, әр нәрсеге байыппен қарап, батыл сөйлеуге, сөйлеу мәдениетіне жаттықтырады. Халық тілін меңгеруге, халық қазынасына құрметпен қарауға тәрбиелейді.
Математикалық монтажды бір сыныпта немесе сыныпаралық кеште ұйымдастыруға болады. Математикалық монтаж әдеби монтаж сияқты белгілі тақырыпқа арналып өткізіледі. Монтажға қатысушылар тақырыпты жан-жақты ашу мақсатында өлеңді, қара сөзді кезектесіп, мәнерлі, көтеріңкі, ырғақты дауыспен орындайды. Бұлай орындау, екінші жағынан, ойдың мазмұнын ашу үшін де керек. Осындай жаттығу, орындау үстінде, оқушы ойды түсінуге, дұрыс сөйлеуге, ұстамдылыққа, сыпайылыққа үйренеді. Математиканы құрметтеуге басқаларды үгіттейді.
Математикалық турнир – командалық жарыс. Турнир бір сыныптағы жұлдызшалар немесе параллель сыныптар арасында ұйымдастырылады. Турнир болатындығы алдын ала хабарланады. Оған команда мүшелері бірігіп даярланады. Турнир белгілі бір тақырыпқа арналады. Мәселен, жануарлар мен жәндіктер, өміріне транспорт түрлерінің техникалық сипаттарына, халық шаруашылығындағы табыстарға, кейде есептерге арналады. Турнирде талданған тақырып оқушыларды қызықтырып, олардың білімін толықтыруға тиіс. Турнирді ұйымдастырудың тәрбиелік мағынасы да ұмытылмауы тиіс. Турнир болатын күн хабарланып, оны салтанатты ашу турнирдің ұйымшылдықпен өтуіне көмектеседі. Командаларды қамқорлыққа алған сынып оқушылары даярлайды. Командаларға берілетін сұрақтар, есептер алдын ала іріктеледі. Оны мұғалім анықтайды. Турнирге қатысатындар команда бойынша нөмірленіп, бірегей нөмірлер өзара жарысады. Көп ұпай жинаған команда озады. Жеңімпаздар суреті газеттен орын алады. Турнирге берілген есептер, сұрақтар үйірме отырысында талданады. Әдетте турнирді жабу кезеңінде қорытынды жасалады.
Математикалық сайыстар турнирмен мазмұндас. Тек мұнда қарсы командаға берілетін есептерді, сүрақтарды оқушылар даярлайды. Бірақ оны мұғалім қарап шығып, толықтырады. Бұл жарысушыларға бірыңғай талап қоюга мүмкіндік жасайды. Екіншіден, сайысқа қатысушылар біріне-бірі тапсырманы күні бұрын береді. Тапсырманы орындау мерзімін мұғалім тағайындайды. Тапсырма тексеріліп, соның нәтижесі бойынша жеңімпаз команда айқындалады. Кей жағдайда сайысқа қатысушылардың математика дәптері де үлгі ретінде қарастырылып, оған ұпай белгіленеді. Мұндай жағда оны мұғалім жыл басында-ақ хабарлап қояды. Сайыстар оқушыларды қиындыққа төзуге, ұстамдылыққа, жауапкершілікке, өз бетімен жұмыс істеуге, ұжымдыққа тәрбиелейді.
Математикалық экскурсия арнайы үйымдастырылмайды. Алайда, дүниетану пәнінен ұйымдастырылатын экскурсия кезінде математика элементтеріне көңіл аударылады. Мәселен, ағаштың жасын анықтауға, жапырақ пішініне, гүлдің пішініне, клумбадағы өрнекке, құрт-құмырсқаның пайдасы мен зиянына, колхоз-совхоз, өндіріс орындарының табысына т. т. Экскурсияда ойға түйгендер викториналар құрастыруда, оны шешуде ойға түсіріледі. Мәселен:
Шортан — жыртқыш балық. Ол 1 кг салмақ жинау үшін 22 килограмдай ұсақ балықтармен қоректенеді. Шортан 300 жылдай өмір сүреді.
Дала көкегі орта есеппен күніне 40 шақты қырық-аяқ, 40 шақты шапшыма, 5 зауза қоңызы личинкасын жейді. Сондықтан ол пайдалы.
Қайың 250 жылдай, қарағай 600 жылдай өмір сүреді. Қайыңның сөлі пайдалы. Қарағай қылқан жапырақтылар класына жатады. Одан желім даярланады.
Математикалық викторина — жарыстың түрі. Оны кеште, жиында, үйірме отырысында пайдалануға болады. Ол сұрақ түрінде де, есеп түрінде де өткізіледі. Басқарушы есепті, не сұрақты дауыстап көпшілікке оқиды. Сондықтан оны жиынға қатысушының кез келгенінің шешуге мүмкіндігі бар. Кім бұрын қолын көтерсе, содан жауап алынады. Егер жауап дәл немесе толық болмаса, онда басқадан сұралады. Жауаптарға байланысты ұпай қойылады. Дұрыс жауапқа комиссия 2 ұпай, толық емес жауапқа 1 ұпай береді. Көп ұпай жинаушы жеңімпаз атанады. Сұрақтардың саны 3-4 -тен аспағаны жөн. Егер сұраққа ешкім жауап бере алмаса, оның жауабын басқарушы немесе мұғалім айтады. Викторина түрлі мазмұнды материалды қамтиды. Сондықтан ол оқушының білімі мен даярлығы болуын талап етеді. Мұғалім осыны ескеріп, газет бетінде материалдар жариялап, не жеке параққа жазып шығарып отырады. Параққа әуелі сұрақтар, кейін оның жауаптары жазылады. Оқушының викторинаға арналған дәптерінің болғаны да артық емес.
Викторинанық кейбір есептерін жазу үшін тақта, плакаттар да қажет. Викторинаға тұжырымдалуы қысқа, көп есептеуді талап етпейтін, ауызша шешуге ыңғайлы, қарапайым есептер беріледі.
Оқушы викторинаны шешу арқылы білімін кеңейтіп, жан-жақты дамитын болады. Сұрақ қойып, сөйлеу мәдениетіне үйренеді. Көзқарасын жақтауға баулынып, өз бетінше жұмыс істеуге, аңғарымпаздыққа тәрбиеленеді.
Математикалық кеш – сыныптан тыс жұмыстардың көбін қамтитын жұмыс түрі. Сондықтан ол ойластырылып, жоспарлы түрде өткізіледі. Кешке мұғалімдерді, ата-аналарды, қамқорлыққа алған сынып оқушыларын шақыруға болады. Математикалық кешті, негізінен, үйірме мүшелері даярлайды. Үйірме мүшелігіне басқа оқушыларды тарту мақсатында оларға да азды-көпті тап-сырмалар беріледі. Өздерін жақсы жақтарымен көрсеткен оқушылар үйірме мүшелігіне алынғандығы кеш соңында хабарланады. Мұндай игі істер үйірме мүшелерінің беделін көтеріп, оқушылардың математикаға деген қызығушылығын арттырады. Көпшілік алдында өз баласының табысын керген ата-ана да мектеппен жиі байланыс жасайтын болады. Математикалық кешті жарты жылдық қорытындыға ұйымдастыруға болады.
Кеш еткізу — күрделі мәселе. Сондықтан оған даярлық 2 айдай бұрын жүргізілгенімен, материал жинау жыл бойы болады. Кешті өткізудің негізгі мақсаты — оқушылардың математикаға деген ынтасы мен ықыласын, қызығушылығын арттыру болғандықтан, оған оқушыларды көбірек тарту керек.
Залды жабдықтау үшін фотомонтаж шығарылып, оқушылар дәптерлерінің көрмесі ұйымдастырылады. Ребустар, есептер, суреттер ілінеді. Иллюстрацияларды эпидиаскоп арқылы кітаптан, журналдан түсіріп алуға болады.
Кеш мазмұны түрліше болады. Онда тақпақ, хабар, монтаж, сөзжұмбақ, есеп, скеч, интермедия, фокустар болуы мүмкін. Кітапшада бір кештің өткізілуін келті-реміз.
Математикалық газет – математикаға қызығушылардың, сондай-ақ бүкіл мектеп окушыларының айнасы. Оның бетінен тәуір үлгірімді оқушылар суреттерін, әр звеноның үлгірімдік диаграммасын, оқушылар шығармашылығын, қызықты есептерді, математикалық жарыстар нәтижелерін, математика тарихы элементтерін, дидактикалық және басқа ойындарды табуға болады. Аталған мәселелер қысқа, қызықты, әрі көрнекі етіліп, түрлі шрифтерді пайдаланып, бояу, тущь және пламастермен өрнектеледі. Кейде иллюстрациялық материалды газет-журналдардан қиып алуға болады. Тек оларды жапсырғанда білдірмей, орынды пайдалану керек. Газет материалдары үйірме отырысы және кеш материалдары-мен қабысып, астарласып жатады. Тақырыптары да «Ойлан да тап!», «Сен білесің бе?», «Сөзжұмбақ», «Есептер», «Бүл не?», «Ребус», «Қайсысы дұрыс?» деген сияқты материалдың мазмұнына сәйкес, қысқаша қойылуы дұрыс. Газет атауы да «Жұлдызша», «Өрнек», «Икс», «Плюс», «Куб», «Архимед», «Альфа» тәрізді айтуға жеңіл, әрі қысқа, әрі нұсқа болуы тиіс. Әсіресе бірінші шығарылған газет қызықты, оқуға жеңіл, көз тартарлықтай, жазуы аз, иллюстрациясы көп, шрифтісі мазмұнына сай, өмірмен тығыз байланысты болғаны жөн. Осындай газетті әрбір оқушы оқиды. Әрі газеттің тәрбиелік мәні бар. Сонда ғана оны қызыға оқиды. Газет оқушыны тартуы үшін ондағы жазу ірі, әдемі әріппен жазылғаны дұрыс.
Газетті оқушы бойы жететін жерге ілу керек. Егер газетті жоғары ілсек, ондағы жазуды оқушы оқи алмайы. Газетті таза сақтау үшін фанерге не қатты картонға кнопкамен бекітіп, бетін әйнектеп қою керек. Әйнекті бекіту үшін фанерге жұмсақ қаңылтырдан құлақшалар қағып, оны қайырып бекітсе болады.
Газет үшін сурет альбомының парағы жарайды. Егер оны ұзыннан желімдесек, бір жарым парағы, ал тігінен желімдесек, екі парағы жеткілікті. Әдетте бір парақ та жетеді. Газеттің мұндай көлемі ықшам, суретті газет шығаруға әрі оны папкада сақтауға ыңғайлы келеді. Папкада сақталған газеттер үйірме журналы міндетін атқарады. Сондықтан оны керек кезінде қайыра пайдалануға мүмкіндік туады. Әсіресе, үйірменің соңғы отырысында немесе жылдық қорытынды кезінде көрме ұйымдастыруға, математикалық кеш үстінде сыныпты безендіруге жарамды әрі даяр материал екендігі аян.
Газеттің материалын мұғалімнің өзі таңдап даярласа, оны шығарысуға қамқорлыққа алған жоғары сынып оқушылары көмектеседі.
Математикалық ойындар. Санмен ойындар, әр түрлі заттармен ойындар, фокустар шешу, топологиялық ойындар (бірден сызып шық), басқатырғылар (түрлі фигуралар құрастыру) болып бөлінеді. Ойындардың оқу-тәрбиелік сипаты да тереңірек. Ойындар арқылы оқушылар талдау мен салыстыруға, индукция мен дедукцияға, аналогияға, математикалық заңдылықты ашуға, зейін мен есті дамытуға, ұжымдыққа, жігерілікке, ұстамдылыққа, кейінге көз тастауға, тапқырлыққа тәрбиеленеді. Сондықтан да біз кітапшада келтірілген ойынның көпшілігіне әдістемелік нұсқау мен оның оқу-тәрбиелік сипатын келтіреміз.
Математикалық үйірме. Сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстардың кең тараған түрі — үйірме жұмысы. Жас буын түрліше құбылыстың сырына құмартып, әр нәрсеге әуестене, жауап іздейді. Осы құштарлықты арттыруға, ой-өрісін бағыттап, кеңейтуге үйірмеде қаралатын жұмыс түрлері жауап береді. Үйірмеде математика тілін пайдалану арқылы тіл мәдениетін дамытуға, салыстыру, талдау, синтездеу, индукция мен дедукция, аналогия арқылы тұжырым жасауға үйренеді. Үйірмеге қатыстыру арқылы оқушыларды ұйымшылдыққа, ұжым намысы үшін күресуге баулимыз. Әсіресе бұл қасиеттер көрнекі құралдарды даярлауда, газет шығаруда, экскурсияға барғанда, жарыстарды ұйымдастырғанда айқынырақ байқалады.
Үйірме жұмысына әр оқушы еркімен қатысады. Бірақ оқушыны 1—2 үйірмеге ғана қатыстыру тиімді. Оған қатысатындарды жігерлендіріп, қолдап, қызығушылығын оятып отыру керек. Ол үшін үйірме отырысын ұйымдастырмас бұрын, мұғалім сабақ кезінде оқушыларды пәнге қызықтырып, ынталандырып отырғаны жөн. Осы мақсатта жұмбақтарды, өлең есептерді, ребустарды, фокус-тарды, таяқшалар мен ойындарды пайдалану тиімдірек келеді[.
Егер мектепте параллель сыныптар болса, бірнеше үйірме ұйымдастыруға болады. Күні бұрын үйірме жоспары жасалып, бекітіледі. Кезінде оқушылардың талап-тілектеріне байланысты, оның кейбір пункттері өзгеруі мүмкін. Жоспар құрғанда оқушылардың өздерін үйірме жұмысына тікелей қатыстыру жағы ойластырылады. Мұғалім оқушының жұмысын бағыттап, оған көмектесіп отырады. Үйірме жоспары жеке отырыстарға бөлінеді. Ол әр сыныпқа бөлек жасалады. Отырыс екі-үш жетіде, қысқа уақытқа арналып, мұғалімнің басшылырымен тікелей даярланып өткізіледі. Үйірме отырысында тақпақтар, жұмбақтар айтылып, ребустар, есептер, викториналар шешіледі. Жарыстар ұйымдастырылып, түрлі ойындар ойналады, газет шығарылады. Отырысқа қажет жабдықтар, көрнекіліктер, материалдар алдын ала даярланады. Бұл тұста оқушы көмегі айтарлықтай болғаны жөн. Әрбір отырыстың оқу-тәрбиелік сипатын мұғалім күні бұрын ойластырады. Әдістемелік нұсқау қажет болатын жұмыстар түріне алдын ала дайындық, ескертулер жасалынады. Анықтық үшін тек үш отырыстың оқу-тәрбиелік сипатын келтіреміз, өйткені оны әрбір мүғалім айқындай алады. Әрбір отырыс соңында қорытындыны мұғалім жасайды. Үйге тапсырмалар береді. Қорытынды кезінде негізгі мәселелер қайталанып, ес-кертулер жасалады. Белсенді қатысқандар аталып, келесі отырыс қашан болатыны хабарланады. Сондай-ақ әрбір жыл аяғында үйірменің соңғы отырысы ұйымдас-тырылады. Ойланылған жүйелі бекіту болса ғана окушы есінде үйірме жұмысының нәтижелері көбірек қалады. Ол үшін үйірме отырысының жабдықтары, журнал-газеті сақталады. Үйірмеде қарастырылған есептер, викториналар түрлі жарыстарда ұсынылады. «Мен неге үйрендім?» тақырыбы бойынша жыл бойындағы материалдарды мүғалім қайталайды. Осы тұста кейбір есептер, фокустар еске түсірілуі, есепті шешу тәсілдері айтылуы мүмкін. Үйірме мүшелері өзара пікір алысып, білімдерін жүйелеп, толықтырады. Мұғалім кейбір материалдың пайдасын бағалауы тиіс. Осы мағынада математикалық заңдылықтық пайдасы туралы да айтады. Соңында, келесі жылдың жоспарына қысқаша тоқтап, жазға тапсырма береді [5].
ҮЙІРМЕ ОТЫРЫСТАРЫ
I сынып
(II жарты жылдық)
1 — о т ы р ы с.
Өлең есеп «Қосу».
Дүкеннен кеп сабын алдым,
Оның және қабын алдым.
Екі дәптер, бір қарындаш,
Тіс ысқышты тағы да алдым.
Есептеші,
Сонда бәрі,
Қанша болды,
Қолда бары?
(Жауабы:Алты)
(Б. Тәжіметов)
Математикалық жұмбақ «Бұл не?»
Егіз қайың,
Бой-бастары тең өскен.
Іске дайын,
Бұтақтары бес-бестен.
(Қос қол)
Математикалық тақпак «Екеу дегенше, бекем де».
Бірді бірге қосқанда,
Екеу болады.
Жалғызсырап, жасқанбай,
Бекем болады.
Екі қолды қосқанда,
Құшақ емес пе?
Екі қанат аспандап,
Ұшады емес пе?
Тіркелсе екі дөңгелек,
Өзің тебетін,
Зырылдайтын дөңгелеп,
Велосипедің…
(М. Әлімбаев)
Ойын «Көңілді санау».
Әдістемелік нұсқау. Бұл математикалық жарысқа жатады. Сондықтан екі немесе бірнеше команда звено бойынша қырағылығын сынасады. Қай команда тапсырманы тез орындаса, сол команда жеңімпаз атанады. Жеңімпаз командаға үлкен жалауша, ал жеңілгендерге кіші жалауша беріледі. Тақтада төмендегі 1,а-суреттегідей толтырылған және бір-бірден бос таблицалар күні бұрын сызылып даярланады. Таблица тор көздерінде бірден он алтыға дейінгі сандар жазылған. Ойынды екі команда басшылары бастап, толтырылған таблицадағы сандарды сызып ретімен бос таблицаға қайта толтыруы керек. Командадағы оқушы екі-екі саннан жазуы тиіс. «Кірісіңдер!» сөзі жарыстың басталғанын білдіреді. Қай команда шатаспай, бос таблицаны тез толтырса, сол жеңеді.
Отырыстың оқу-тәрбиелік сипаты. Отырыс материалдары оқушыны тыңдай білуге, аңғарымпаздыққа, ұжымдыққа, ортақ заңдылықты байқауға тәрбиелейді. Мәселен, «Көңілді санауда» сандар тор көзде белгілі тәртіппен орналасқан. Оны байқау — таблицаны тез толтырудың кілті. Егер мұндай заңдылықты оқушылар аша алмаса, отырыс қорытындысында мұғалім айтып, оқушылардың көңілін аударады. Келешекте ескерулері керектігін нұсқайды.
2 — о т ы р ы с.
Математикалық тақпақ «Кім қаншада?».
Салтанат екіде,
Бақытжан жетіде,
Екеуін қосып шыққаның
Сәулеттің жасын ұққаның.
Білгің келсе егер сен,
Сәулеттен үш жас шегерсең,
Қиын емес онша да
Сағаттың жасы соншада.
(С. Әлімқұлов)
Математикалық жұмбақ.
Үш шырпыдан бір есік,
Құрастырып көр шешіп.
(П әрпі)
Математикалық жаңылтпаш.
Ұшып кетті үш құс
Ұшып келді ұшқыш.
(С. Көшекбаев)
Математикалық өлең есеп «Санамақ».
Әдістемелік нұсқау. Өлең алдын ала плакатқа көрнекі етіліп жазылады. Мұндағы 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10 сандарын қызыл түспен жазса, негізгі ой қосымшадан ажыратылып есепті тез шешуге көмектеседі. Есептеудіқ тез әдісі топтау көрсетіледі және артықшылығы айтылады. Әрі бұл оқу бағдарламасына сай. Ш е шу і. Барлығы:
1 + 2 + 3 + 4 + 5 + 6 + 7 + 8 + 9+10
(1 + 10) + (2+9) + (3+8) + (4 + 7) + (5 + 6)
11 + 11 + 11 + 11 + 11
Бұл бес ондық және бес бірлік, яғни 55.
Отырыстың оқу-тәрбиелік сипаты. Тақпақ материалы еңбек зейнеті рахатқа бөлейтіндігін байқатса, жұмбақ салыстыру арқылы қорытынды жасауга баулиды. «Санамақ» қызығушылыққа, ұстамдылыққа, аңғарымпаздыққа, негізгіні қосымшадан ажыратуға үйретеді. Оны мәнерлеп оқу дұрыс сөйлеуге, есепті талдау математикалық заңдылықты байқауға тәрбиелейді.
3 — о т ы р ы с.
Математикалық санамақ «Бәрі қанша құс болды?»
Мынау да бір санамақ,
Өздерің кер саралап:
Төбеден төрт бектергі,
Аңдыпты қос кептерді.
Шаңқылдаса көк қарға,
Үн қоспапты көп қарға.
Секем ап бір дауыстан,
Безектеп бес сауысқан
Алты белден асыпты,
Тым-тырақай қашыпты.
Үш үкі үркіп ұшыпты,
Тасқа құлап түсіпті.
Жарда жеті жапалақ
Отырғанда қаталап,
Топ-топ тоғыз тоқылдақ,
Қарғып кеткен топырлап.
Сөйтіп, қызық іс болды,
Бәрі қанша құс болды?
(Ж а у а б ы: 31 құс)
Математикалық тақпақ «Есеп».
– Бес алманың үшеуін
Досың сұрап алады.
Айтшы, сонда нешеуі
Өз қолыңда қалады?
– Сол досым сол алманың
Бәрін алсын!— дей салдым.
(Қ. Мырзалиев)
Математикалық жұмбақ «Бұл не?»
а) Жоқ өзінде бас та,
Қас та,
Мойын да.
Ұзындығы жазулы түр бойында.
(Сызғыш)
б) Алпыс төрт тең бөлмеде
Отыз екі тұрғын бар:
Ақ, қара қып бөлгенде
Бірін-бірі қуғындар.
Ханы үшін де, жаны үшін де
Бермейді ойлар намысын.
(Шахмат)
(Қ. Мырзалиев)
Математикалық жаңылтпаш.
Жоғалды бес шыбыш,
Жоқ әлі еш сыбыс,
Жоқ әлі еш сыбыс,
Жоғалды бес шыбыш.
(Қ. Мырзалиев)
II сынып
1 – о т ы р ы с.
Математикалық өлең — есеп «Бәрін бірге ойлап қой».
Түйе, бота маң басқан,
Төрт аяғын тең басқан.
Шұнақ құлақ бес ешкі,
Қос лақты қос ешкі,
Төрт қозылы екі қой,
Бәрін бірге ойлап қой.
(Ж а у а б ы:Он жеті бас мал)
Математикалық жұмбақ «Бұл не?»
а) Жиырма төрт батыр,
Бірін-бірі жеп жатыр.
(Дойбы)
(Қ. Мырзалиев)
б) Екі аяқты бір ізді,
Үстіне адам мінгізді.
(Велосипед)
Тапқырлықты талап ететін логикалық есеп «Сүт сату».
8, 5 және 3 литрлік бидон бар, 8 литрлік бидоннан 6 л сүтті қалай құйып алуға болады?
Математикалық жаңылтпаш.
Ұшы үшкір ұшқыр үш
жебе алдым,
Үшеуі де үшкір, үшқыр
деп алдым.
(М. Әлімбаев)
2 — о т ы р ы с.
Әзіл есеп «Топ үйрек».
Бір топ үйрек ұшып барады. Олар барлығы бесеу. Біреуі жерге қонса, нешеуі қалады?
(Жауабы:Біреуі, өйткені қалғандары ұшып кетеді.)
Математикалық фокус. «Сан ойла».
Әркім өзінше бір сан ойлап, оған менен бес қоссын. Одан ойлаған санын алып тастасын. Сонда нәтижеде бес қалады. Мен қалай таптым, кім айтады?
Фокустың сырын тапқан оқушы ойынды жүргізеді. Егер ондай оқушы табылмаса, мұғалімнің өзі жүргізіп, соңынан фокус сырын түсіндіреді.
Фокус сыры. Нәтижені табу қосындыдан санды азайту қасиетіне негізделген:
(х + а) — х = а,
мұндағы а – ойын жетекшісінің қосуға ұсынатын саны.
Тапқырлықты талап ететін логикалық есеп «Фигура құрастыру».
Тоғыз шырпыдан 5 үшбұрыш құрастыру керек.
Математикалық жұмбақ.
а) Тышқаннан басқа батпаған,
Бір шланг, төрт баған.
(Піл)
б) Мың найзалы жалғыз батыр
Жауларына алғызбай тұр.
(Кірпі)
(Қ. Мырзалиев)
3 — о т ы р ы с.
Математикалық викториналар.
Қосындысы мен көбейтіндісі бірдей болатын сандарды табыңдар.
(Жауабы: 2-2 = 2+2, 1*2*3 = 1+2+3)
Математикалық жұмбақ «Бұл не?»
Жүз төрт түйме,
Он бір ине.
(Есеп шот)
(М. Әлімбаев)
Математикалық ойын «Қызықты квадрат»
Методикалық нұсқау. Екі командаға бірдей тапсырма беріліп, әр командадан бір-бір оқушы шақырылып, 1, 2 және 3 сандарын пайдаланып тақтадағы квадратты толтырту керек. Берілген квадраттың жолдары мен бағандарындағы сан-дардың қосындысы, сол сияқты суретте көрсетілген үзік сызықтар бойынша орналастырылған сандардың да қосындысы 6 болсын. Квадратты қай команда бұрын толтырса, сол ұтады. Әр командаға а – суреттегідей жеке квадрат сызылады.
Тапқырлықты талап ететін логикалық есеп «Үш қоян».
Бір торда үш қоян отыр еді. Үш оқушы оларды бір-бірден таратып алды. Сонда торда әлі де бір қоян қалып қойды. Ол қалай?
(Ж а у а б ы: бір оқушы қоянды торымен алған.)
4 — о т ы р ы с.
Әзіл есеп. «Кітап саудасы».
Рауан мен Ержан кітап дүкеніне кіріп, кітап қарады. «Әзіл» есеп кітабын сатып алғысы келген Рауан Ержаннан бір тиын сұрады. Ержан бұл кітапты сатып алуға оның 19 тиыны жетпей тұрғанын айтты. Олар екеуіндегі ақшаларын қосса да бұл кітапты сатып ала алмайтынын білді. Сонда кітап неше тиын тұрады? Олардың қанша ақшасы болды?
1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9 цифрларынан бес тоғыз шығатындай етіп топтап, олардың қосындысын ықшам әдіспен табыңдар.
Шешуі. Қосындысын табу.
1+8, 2+7, З + б, 4+5 және 9,9 x 5 = 45.
(Жауабы: 9×5=45.)
5 — о т ы р ы с.
1. Математикалық жаңылтпаш.
Есет ағам ет асатар
Ет асатса, бес асатар.
(Қазақ ауыз эдебиетінен.)
Жүздің жартысы екіге бөлгенде неше болады?
(Жауабы: 25.)
Тапқырлықты талап ететін логикалық есеп «Алма ал». 7-суретте 16 алма көрсетілген. Алтауын алғанда баған мен жатық жолда екі немесе төрт алма қалатындай болсын.
Әдістемелік нұсқау. Алдын-ала плакатқа тор көз көрнекі етіліп сызылады. Алма суреті жеке карточкаларға салынады да, олар кнопкамен бекітіледі. Бұл алманы қозғауға мүмкіндік береді. Әрі нәтиженін дұрыс немесе қате екендігін бірден байқатады.
Математикалық тақпақ «Бес»
Қарсы алғанда мамасы,
Мектебінен Қошайды,
«Бес» алған-ау шамасы,
Бес саусағы шошайды.
(Т. Бердияров)
III сынып
1 — о т ы р ы с.
Математикалық ребус шешу
Математикалық жұмбақ.
а) Қатар жазып саусақты,
ТТ Түйістір екі бармақты.
Екі қолдың арасы,
Қандай әріп қарашы?
(М)
ә) Төрт әріптен тұрамын,
Түрлі сөзді құрамын.
Т-ны кесіп тастасаң,
Биігірек жер болам.
Қайта ойланып қарасаң,
Сый-құрметі — төр болам.
Жарты Т-дан бастасаң
Лаулап жанған от болам.
Бұл қай сөз?
(Төрт)
Математикалық жаңылтпаш.
Қырық үш қызғыш құсқа,
Қырық үш қызғыш құс қосса,
Қанша қызғыш құс болады?
(О. Әубәкіров)
Математикалық фокус. «Ойлаған санды табу».
Сан ойла. Оны екі еселеп, 5-ті қос. 5-ке көбейт. 10-ды қосып, 10-ға көбейт, Нәтижең қанша? Ойлаған саныңды табамын.
Мысалы. 9*2=18. 18+5-23. 23*5=115.
115+10 = 125. 125*10 = 1250.
Фокус сыры. Нәтижеден 350-ді азайту керек. Айырманың жүздігі ойлаған сан болады:
1250—350 = 900. 9 — ойлаған сан.
2 — о т ы р ы с.
Математикалық ойын «Қызықты квадрат»
Ойын ережесі. Екі команда өкілдеріне қиындығы бірдей тапсырма беріледі. Олар 2, 3, 6, 8, 9 цифрларын пайдаланып, квадраттық бос көздерін жатық жол, тік жол және үзік сызықтар бойынша есептегенде, цифрлар қосындысы 15 болатындай етіп толтыруы керек. Қай команда бұрын толтырса, сол команда ұтады. Команда өкілдері класқа карап тұрып, бастаушының «Кірісіңдер!» деген белгісі бойынша бастайды.
Математикалық викторина.
Жұлдызшаның орнында қандай сан тұр?
* * * * – * * * = 1.
(Жауабы: 1000—999 = 1.)
Геометриялық басқатырғы.
Қарындаштың ұшын көтермей, үш кесінді жүргізу арқылы үш квадратты алты үшбұрышқа бөлу керек.
Математикалық жұмбақ «Бұл не?»
Айқасқан екі таяк,
Тұрады жоқты сұрап.
(Икс)
Тапқырлықты талап ететін логикалық есептер.
а) Үш май шам жанып тұрды. Екеуін сөндірсе, нешеуі қалады?
(Жауабы: екеуі, өйткені сөндірмеген біреуі жанып кетеді)
б) 11-суретте неше үшбұрыш сызылып көрсетілген?
(Жауабы: 8.)
3-отырыс
Математикалық викториналар.
а) Сегіздікпен 1000. Тек қосу таңбасын пайдаланып сегіз сегіздіктен 1000-ды құрастыру керек.
(Жауабы: 888+88 + 8+8+8 = 1000.)
б) Неше беттік дәптерлер болады?
(Ж а у а б ы: 12, 18, 24, 32, 36, 48, 96.)
Кім қырағы? Цифрларының қосындысы 18 болатындай етіп, карточкаларды үш топқа жікте:
2637 1638 1368 2376 1395 2367 2673 1863
Жауабы: 1, 2 және 3 цифрларының орны бойынша топтаймыз:
1638 2637 1368
1368 2376 2376
1395 2367 1395
1863 2673 2367
3. Геометриялық басқатырғы «Тоғыз нүкте»
9 нүктені қарындаштың ұшын көтермей, төрт кесіндімен қосу керек.
Тапқырлықты талап ететін логикалық есеп «Мысықтар».
Үйдің әрбір бұрышында бір-
бір мысық отыр. Әрқайсысына үш мысық қарсы отыр. Үйде барлығы неше мысық отыр?
(Ж а у а б ы: төрт, сурет арқылы түсіндіріледі.)
Математикалық ойын «Таңқаларлық цифрлар»
Мұнда келтірілген жазбалардың тамаша сыры бар. Бұған кітаптық сол жақтағы төменгі бұрышынан қараңдар. Қосуға берілген дұрыс мысалды көресіңдер. Енді оң жақ төменгі бұрыштан қараңдар. Мұнда да қосуға берілген дұрыс мысалды көресіңдер. Оның үстіне барлық бірден тоғызға дейінгі цифрлар пайдаланылған. Осындай тағы бір жазбаны келтіріңдер.
4 — о т ы р ы с.
Ойын. Шығыршықты үшбұрыш. Дөңгелек бойында қосындысы 39 болатындай етіп 1, 2, 3, … 9 сандарын үшбұрыш бойына орналастыру керек (14-сурет). Ш е шу і. 1-ден 10-ға дейінгі сандардың қосындысын табайық:
1 + 2 + 3 + 4 + 5 + 6 + 7 + 8 + 9 = 45.
Мұнан дөңгелек бойындағы сандар қосындысын азайтсақ, үшбұрыштар төбесінде тұратын сандар қосындысы табылады. 45 – 39 = 6. Әр төбедегі санды табу үшін 6-ны үш қосылғышқа жіктеуіміз керек. Жіктеп 6=1+2+3 екенін табамыз. Қалған 4, 5, 6, 7, 8, 9 цифрларды дөңгелек бойына еркін түрде орналастырамыз. Е с к е р т у. Есепті ойын түрінде ұйымдастыруға да болады. Ол үшін плакат даярланады. 1, 2, …, 9 цифры жазылған дөңгелекшелер картоннан ойылып алынады. 4—5 минут оқушылар кезекпе-кезек ойнап көргеннен кейін, есепті шешу мәселесі қойылады. Есеп шешіледі.
Математикалық ребус шешу (15-сурет).
(Ж а у а б ы:Азайту.)
Математикалық викториналар. «Табиғат әлемінен».
а) Неше туыс? 7 туыстың бір-бірден қарындасы бар. Олар барлығы нешеу? (Жауабы: 7 ағасы, бір қарындасы бар. Барлығы 8 туыс).
б) Неше машина керек? Әр машина 5 тонна жүк көтерсе, 20 тонна 200 кг жүкті тасу үшін неше машина керек? (Ж а у а б ы: 5 машина, себебі 4 машинаға жук сыймайды.)
Тапқырлықты талап ететін логикалық есептер.
а) Қандай сан барлық санға қалдықсыз бөлінеді?
(Ж а у а б ы:Нөл.)
б) Көшедегі өткелді жолақтап ақпен бояп қояды. Егер олардың арасында 30 боялмаған жолақ болса, ақ жолақтар саны қанша болғаны?
(Ж а у а б ы: Отыз бір.)
Таяқшамен жаттығу.
Таяқшадан фигура құрастырылған. 5 таяқшаны алып тастап, уш квадрат құрастыру керек,
5 — о т ы р ы с.
Математикалық викториналар.
а) 12-беттік оқушы дәптерінің салмағы қанша?
(Жауабы: 35 г.)
б) Құны әр түрлі 10 монета бар. Олардың арасында бірдейі бар ма?
(Жауабы: — Иә, себебі монеталар 1, 2, 3, 5, 10, 15, 20, 50 және 1 сомдық болады. Бұлардың барлығы 9. Демек, монеталардың біреуі құны жағынан қайталанады.)
Таяқшамен жаттығулар.
а) Алты квадрат. 12 таяқшадан бірдей 6 квадрат құрастыру керек.
(Ж а у а б ы: Таяқшаларды куб түрінде орналастырамыз.}
б) Бокал және шие
5 таяқшадан «бокал» құрастырылған. Ішінде шие бар. Екі таяқшаны қозғалту арқылы шиені бокал сыртында қалдыру керек.
Тапқырлықты талап ететін логикалық есептер.
б) Цифрларды қозғап дұрыс теңдік шығар:
а) 83 – 17 = 21 б) 31+2=33
б) 13 + 2 = 33,
Жауабы: а) 83 – 71 = 12,
Фокус деген 5 сөзден 7 рет фокус сөзі шығатындай етіп жаз.
Ж а у а б ы: Фокус деген сөзді бірінің астына бірін бес рет жазып, қиғаштап оқысақ тағы екі рет фокус деп оқитын боламыз. Сонда небары ол сөз жетеу болады.
6 — о т ы р ы с.
Математикалық викториналар.
а)Үш пар ат 30 км шапса, әр ат неше кмшабады?
б) 66 санын ешбір амал қолданбай оны жартысына арттыру керек.
Е с к е р т у. 66 саны карточкаға алдын ала жазылады.
(Ж а у а б ы: 66-ны 99 шығатындай етіп аударып көрсету керек.)
в) Екі жарым килограмм ет екі жарым сағатта піссе, жарты килограмм ет неше сағатта піседі?
г) Ер баланың ағалары жоқ, ал оның қарындасының сіңілісі қанша болса, сонша ағасы бар. Осы семьяда неше ер бала, неше қыз бала бар?
(Ж а у а б ы: 1 ұл, 2 қыз бар.)
Тапқырлықты талап ететін логикалық есептер.
а) Екі әкесі мен екі баласы үш алманы бір-бірден бөліп қалай бөліскені?
(Ж а у а б ы: Әкенің баласы және оның баласы болғаны. Сонда небары үш адам. Олардың үш алманы бір-бірден бөлісуіне болады.)
б) Квадрат тәрізді алаңның төрт бұрышының әрқайсысында бір-бір ағаш өсіп тұр. Ағашты кеспей, алаңды қалайша кеңейтуге болады?
Геометриялық басқатырғы «Бірден сызып шық».
Қарындаштың ұшын қағаздан алмай бірден сызып шық
Таяқшымен жаттығу.
а) Екі шырпыны ауыстырып, сиырды артына қарату керек.
б) Үш шырпыны қозғап, өрмекшіге ұқсас фигураны қарама-қарсы бағытқа қаратыңдар
Ескерту. Шешудің мүмкін бір жағдайы келтірілген.
Математикалық ойындар.
а) Үш пешка ойыны.Әдістемелік нұсқау. Тақтадағы (24-сурет) көрсетілген ақ және қара пешкалардың орнын өзара ауыстыру керек. Олар бірінен бірі аттап кете алмағанымен, жолда не қуыста кідіре алады. Пешкалар орнын бұрын ауыстырған жеңімпаз атанады. Ойын звенолар арасында ұйымдастырылады. Ол үшін әр звеноның өз алдына ойын жабдығы болуы тиіс. Оны картоннан алдын ала даярлап алу қажет.
Оқу-тәрбиелік сипаты. Ойын оқушының ой-өрісін кеңейтіп, көз алдына елестету қабілетін дамытады. Ұстамдылыққа, коллектившілдікке үйретеді.
б) 9-ға көбейту. Бір таңбалы санды 9-ға көбейту үшін пайдаланылады. Алақанды жайып, солдан оңға қарай саусақты санаймыз да қажет көбейткішті бүгеміз. Берілген саусақтың сол жағы ондықтарды, ал оң жағы бірліктерді білдіреді.
I б а с т а у ш ы: — Сәлеметсіздер ме, жиналған көпшілік (басын иеді).
II бастаушы – Кешті ұйымдастырушылар атынан жалынды сәлем! «Қызықты математика» атты кешімізді ашық деп жариялаймыз.
I бастаушы: — Мұнда Сіздер математикалық монтаж, қызықты есептердің, фокустардың куәсі боласыздар.
II бастаушы: – Сіздер тек көруші, тыңдаушы ғана емес, кешке белсене қатысушылар болсаңыздар, біздер оған еселеп қуанамыз.
I бастаушы:
Бірігіп бас қостық осында,
Ойланып, көңілді көтеріп.
Бір есеп жүрсе егер басыңда,
Оны да шешіп бір кетелік.
II б а ст а у ш ы:
Бұл жерден естірміз талайды,
Есеппен сап басып не шуды,
Сол есеп әрқашан қалайды,
Өз мәнін дұрыстап шешуді.
I б а с т а у ш ы:
Есептің қызығын көретін,
Боламыз десеңдер білімгер.
(Екеуі қосылып:)
Ең дұрыс шешімді беретін,
Жауапты дәл таба біліңдер.
(Бастарын иіп, көпшілікке тәжім етеді. I бастаушы кетеді).
II бастаушы: Қазір сіздер «Математика өмірде» атты математикалық монтаж тыңдайсыздар. Монтажға қатысушылар I—II класс оқушылары (II бастаушы ке-теді, монтажды орындаушылар көпшілік алдына шығады).
1- оқушы (1 сынып):
Сан мен таңба тұр сап түзеп,
Орындап формула әмірін.
Кім айтсын ән-жырдан жақсы деп,
Есептің қоңырқай өмірін.
2-оқушы (Псынып):
Болмаша ойға алаң, сәл сабыр,
Мен айтсам, ағымнан жарылам,
Сенің бар айналаң, емірің,
Есептік заңына бағынған.
3-оқушы (1сынып):
Заводтар салынып нуларда,
Шын оттар жанар ма жалынсыз.
Тепловоз рельспен зулар ма,
Математиканың заңынсыз.
4-оқушы (II класс);
Ұшқыштар дыбыспен қоса өрлеп,
Космостық сапарды мықтасақ.
Осының бәрін біз жасар ма ек,
Алдымен есептеп шықпасақ.
(Бастарын иіп, көпшілікке құрмет көрсетеді. Оқушылар сахнадан кетеді.)
II бастаушы көтеріңкі дауыспен: —Енді есептер шешелік (сәл кідіріп):
— Бір килограмм түбіт ауыр ма, әлде бір килограмм қорғасын ауыр ма?
(Ж а у а б ы: Салмағы бойынша екеуі де бірдей, ал алып тұрған көлемдері әр түрлі.)
I бастаушы: 26-ны 6 екі арқылы жазу керек.
(Ж а у а б ы: 26 = 2 • 22 : 2 + 2 • 2.)
II бастаушы тақтадағы жазылған төрт нүктені көрсетіп: Қаламның ұшын дәптерден көтермей төрт нүктені үш кесіндімен қос.
(Жауабы: нуктелердің арасын екі бағытта қосуға болады.)
Есептер сұрағы оқушылар түсінгенше қайталанып, түрлі жауаптар алынады. Жұмыстардың дұрыстығын, құндылығын, оқушылар тапқырлығын мұғалім баға-лайды.
I бастаушы: — Енді математикалық тақпақ тыңдаңыздар. Орындаушылар III класс оқушылары.
І-оқушы:
Сонау-сонау алысқа, жүзсін десең кемелер,
Тылсым-сырлы ғарышқа, ұшсын десең денелер,
Жасау үшін бәрін де
Математика —
Ең маңызды ғылым бұл,
Сондықтан да, сондықтан да сол ғылымның
тілін біл.
2-оқушы:
Жүзген кеме тұманда, неге адасып кетпейді?
Немесе ол бір маңда, неге төмен шөкпейді?
Оны сақтап қалатын
Математика —
Ең манызды ғылым бұл,
Сондықтан да, сондықтан да сол ғылымның
тілін біл.
3-оқушы:
Болам десең теңізші, не ұшқышты қаласаң,
Дәрігерлік те жақсы ғой, қызметке жарасаң,
Ал сол үшін біздерге
Математика —
Ең маңызды ғылым бұл.
Сондықтан да, сондықтан да сол ғылымның тілін біл.
II бастаушы: Қазір сіздер «сиқыршыны» көресіздер (фокусшы тақта алдына шығады).
Фокусшы: 1 — фокус. Лезде қосу. Тақтаға сендермен кезектесіп, бірінің астына бірі жазылған, цифрлар саны бірдей үш сан жазамыз. Мен жауабын бірден айтамын. Сенбесеңдер, көріңдер. Тақтаға бірнеше оқушы шығып, төмендегі сандар қосындысын табу керек болсын.
156 — тақтаға шыққан оқушы
843 — фокусшы
372 = 1+371 — тақтаға шыққан оқушы
(Ж а у а б ы: 1 371 — фокусшы.)
Тағы да көрсетейін.
645 — тақтаға шыққан оқушы
354 — фокусшы
187=1 + 186 — тақтаға шыққан оқушы.
Ж а у а б ы: 1 186 — фокусшы.
Т а б у ә д і с і. Фокусшы тақтаға шыққан оқушының жазған санының әрбір цифрын (1, 5, 6) тоғызға дейін (8, 4, 3) толтырып отырады да, оқушыға соңғы санды (372) жаздырып, өзгеріссіз қалдырады. Енді қосындыны (1 371) табу ушін соңғы саннан 372 бірді шегеріп, (.372—1) пайда болған сан (371) алдына бір жаз-сақ (1 371) болады.
2-фокус. Белгісіз сандардың қосындысын табу. Тақтаға сіздермен кезектесіп, әрқайсысы мыңнан аспайтын бірнеше сандар жазамыз. Қосындысы неше болатындығы конверт ішіндегі қаразда жазулы. Оны фокусшы жазып, есіне сақтайды. Тексеріп көріңіздер. Тақтаға төмендегі сандар жазылсын. Әрине, ол екі, үш, төрт, т. т. парлар болуы мүмкін. Қалай болғанда да жазылған сандар жолы тақ болып шығып отырады.
345 — тақтаға шыққан оқушы
2 пар сан,
барлығы 5 жол
654 — фокусшы
127 — тақтаға шыққан оқушы
872 — фокусшы
349 = 2 + 347 — фокусшының қосымша жолы
(Ж а у а б ы: 2 347 — конверттегі сан.)
Тағы көрсетейін, қараңыздар!
456 — тақтаға шыққан оқушы
543 — фокусшы
567 — тақтаға шыққан оқушы
3 пар сан,
барлығы 7 жол
432 — фокусшы
671 — тақтаға шыққан оқушы
328 — фокусшы
701 = 3 + 698 — фокусшының қосымша жолы
(Ж а у а б ы: 3 698 — конверттегі сан.)
Табу әдісі. Конверт ішіндегіалдын ала жазылған сан шығу үшін фокусшы тақтаға шыққан оқушы жазған санды 999-ға дейін толықтыратын сан жазып отырады. Әуелі оқушы жазып, фокусшы оны толықтырады. Бұған қосымша соңғы жолды тағы да фокусшы жазады. Фокусшының ақырғы жазатын саны қалай болса солай таңдалмай, конверт-ішіндегі санның (мысалы, 3 698) мыңдық разрядын көрсететін цифрмен (3) бұл цифрсыз (3) жазылатын санның қосындысына (698 + 3 = 701) теқ болады. Кезектесіп жазылатын парлар саны қанша болса, конверт ішіндегі фокусшының жазып қойған санының мыңдар саны да сонша болады. Біздің мысалымызда 2 пар болса, жауапта екі мың, 3 пар болса, жауапта 3 мың т. т. Фокусшы нәтижесін тақтаға шыққан окушыға немесе кешке қатысушылардың біреуіне тексертіп көру фокустың әсерлілігін күшейтеді. Көрсетілген фокус бірнеше рет қайталанып, окушылардың өз бетінше фокустың сырын ашуына жағдай жасау керек. Мұндай мақсатты оқушылар алдына қойып, оқушылар шеше алмаған күнде мұғалім түсіндіріп беруі тиіс.
I бастаушы: — Сонымен, кешіміз аяқталды. Сау болыңыздар!
Кешті аяқтау. Оны мұғалім жабады. Кеште белсенділік көрсеткендер атап өтіледі де, кешті даярлаушыларға алғыс айтылады.
ҚОСЫМША МАТЕРИАЛДАР. САНМЕН ОЙЫНДАР
Жүз ойыны.Ойын ережесі. Ойынды екі оқушы кезектесіп ойнайды. Біріншісі 1-ден 10-ға дейінгі бір санды атайды. Екіншісі оған 10-нан аспайтын бір санды қосады да, қосындыны айтады. Біріншісі оған 1-ден 10-ға дейінгі бір санды қосып, қосындысын атайды. Осылай кезекпе-кезек ойнау арқылы, кім 100-ді бұрын атаса, сол ойында ұтып шығады.
Әдістемелік нұсқау. Әуелі ойынды кезектесіп 2—3 пар оқушы ойнайды. Одан әрі мұғалім бірінші оқушы қарсыласын ұту үшін алғашқыда қандай санды атауы керек еді? — деген сұраққа тірейді. Оқушыларды ойландырады. Жауапты мұғалім төмендегіше түсіндіру арқылы өзі береді.
Ұтыс сыры. Оны ойынның соңғы кезеңін талдау ашады. Бірінші оқушы қарсыласын ұту үшін соңғы жүрісінін, алдында 89 = 100—(10+1) жүрісін жасауы тиіс, өйткені екінші ойыншы енді 100-ді бір жүріс арқылы шығара алмайды. Бірінші ойыншы бұрын 89—(10 + + 1)=78 санын атайды. Осылай талдау барысында бірінші ойыншы үшін ұтудын, тиімді сандары табылады. Олар: 100, 89, 78, 67, 56, 45, 34, 23, 12 және 1. Бұл сандарға зер салып қарасақ, олар бірінен-бірі 11-ге артық. Бұдан бірінші ойыншы 1-ді атайтындығы көрінеді. Ол екінші ойыншыны 12, 23, 34, … сандарына дейін толықтырып отырады. Мысалы, екінші ойыншы нәтижесі 7 болса, бірінші ойыншы оны 12-ге дейін толтыруы үшін 5-ті қосуы тиіс. Бірінші ойыншы бұдан басқа сандарды атаса, екінші ойыншы жүрісті ұтуына болады. Ол үшін екінші ойыншы жоғарыда аталған сандарға толтыруы тиіс. Ұтыс әдісін үйренгеннен кейін де жаттықтырулар жүргізіледі.
Оқу-тәрбиелік сипаты. Талдау мен салыстыру арқылы оқушыларды қорытынды шығаруға, есін дамытуға тәрбиелейді.
18 таяқша ойыны. 0 й ы н е р е ж е с і. Ойынды екі оқушы ойнайды. 18 таяқша үймесінен кезекпе-кезек 1, 2, 3 және 4 таяқша алуға болады. Әркім қанша таяқша алатынын өзі біледі. Соңғы таяқшаны кім алса, сол ұтады. Қалай жеңімпаз атануға болады. Ойлан.
Н ұ с қ а у. Алдыңғы ойындағыдай талдау арқылы қарсыласыңда 5 таяқша қалатындай жағдайға келтіруің керек. Сонда соңғы таяқшаны өзің аласың.
О қ у – т ә р б и е л і к сипаты. Талдау, салыстыру арқылы ой қорытындысын жасауға үйренеді.
Ойша өшірілген цифр ойыны
Ойын ережесі. Алдымен 1 – ден 9-ға дейін цифр жазылған таблица жасап алу керек. Ойынға бірнеше бала қатыса алады. Ойынды бірінші бастаушы дауыстап таблицадағы әрбір цифрды ретімен көрсетіп, 11-ге дейін санауы тиіс. Санақ басталатын цифрды басқарушы айтады. Таблицада барлығы 9 цифр болғандықтан, ал санау 11-ге дейін жүргізілетіндіктен, ойнаушы таблицаның соңғы 9 деген цифрына жеткеннен соң, таблицадағы бірінші тұрған цифрдан бастап санауды жалғастырады. Айталық, басқарушы 4 цифрын көрсетсе, онда ойнаушы 11-ге дейін санап 5 цифрына келеді. Бұл 5 цифры таблицадан ойша өшірілді деген сөз. Оны әркім ұмытпауы тиіс. Енді 11-ге дейін санау қатардағы келесі цифрдан (6-дан) басталады, бірақ өшірілген цифр санаққа қосылмай, одан аттап өтіледі. Санауда мұны ескермегендер ойыннан шығарылады.
Екінші айналымда екі цифр өшірілетін болады. Ойын өшірілмеген бір цифр қалғанша жалғастырылады. Ойыншыға таблицада ешбір белгі қоюға болмайды, ондай белгіні тек басқарушы жасайды. Басқарушыда әрбір ойыншыға арналған бақылау таблицасы болады. Кім өшірілген цифрды көп аттаса, сол жеңімпаз атана-ды. Оны басқарушы айтады.
О қ у – т ә р б и е л і к с и п а т ы. Ойын зейін мен есті тәрбиелеуге көмектеседі.
Екі санды өзара көбейту. Әдісті бір орынды екі санды өзара көбейту үшін қолдануға болады. Бірақ санды өз-өзіне көбейтуге болмайды. 7-8-ді түсіндірейік. Көбейткіштерден әрқашанда 5-ті азайтамыз. Сонда қалдық 2 және 3 болады. Солдан оңға қарай бірінші қолдан 2-саусақты, ал екінші қолдан 3 саусақты бүгеміз. Бүгілген саусақты қоса есептегенде сол жағы ондықты, ал оң жағы бірлікті көрсетеді. Бірліктерді өзара көбейтіп, ондықтарға қосамыз. Сонда:
20 + 30 = 50, 3*2 = 6,
50 + 6 = 56, 7*8 = 56
СЕН БІЛЕСІҢ БЕ!
Дека грек сөзі. Мағынасы 10.
Санти латын сөзі. Ол 100 дегенді білдіреді.
Нашар жабылған краннан минутына 110 тамшы, 1 сағатта 600 грамм, ал күніне 14,4 л су ағады. Мектепте 30 кран осылай дұрыс жабылмаса, онда күніне 432 л су босқа төгіледі.
Инелік сағатына 100—150 км ұша алады.
Ара салмағы 0,2 грамнан кішкене көбірек.
Ең ұшқыш құстардың бірі – шымшық. Ол жайшылықта сағатына 70—80 км алады. Самғап кетсе, сағатына 320 км алады.
Тез көбейту.
37*3 = 111
37*6 = 222
37*9 = 333
37*12 = 444
Мысалды жалғастыр да, неліктен осылай екеніне жауап бер.
(Жауабы: 37*3 = 111, 37*6 = 37. (3 + 3) = 111 + 111 = 222. Әрбір келесі сан алдыңғы санды 111-ге арттырғанға тең.)
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1. Ахметов Н.К«Игра как процесс обучения», Алматы, 1985ж.
2. В.Г Коваленко «Дидактические игры на уроках математики», М. 1990
3.Бейсенбаева К.Бастауыш мектеп: әдістемелік журнал.//- 2004.- № 8.-7-10 бет.
4.Құрманалина.С.Қ..«Математиканы бастауыш сыныпта оқыту әдістемесі».- Орал, 2001.
5. Нұржігітова Г. «Қазіргі педагогикалық технологиялар: оқу – әдістемелік құрал», Алматы, 2008.
6. «Өрлеу» білім-ғылым технология порталы
Н.Б.Истомина. Методика обучения математике в начальных классах. – М., 2000.
Т.Қ.Оспанов, Ш.Х.Құрманалина, С.Қ.Құрманалина. Бастауыш мектепте математиканы оқыту әдістемесі. – Астана, Фолиант, 2007.
Бастауыш мектепте бірнеше сыныпты бір уақытта оқыту туралы: мақалалар жинағы (ред. басқарған Ғ.Бегалиев). – А., 1950.