Научная работа ученицы 7 класса Аскаровой Жулдыз. Ученица показывает в своей работе старинные измерения которые были использованы в старину в казахском народе. При этом она ведет анкетирование с учащимися своего класса. Встречается с пожилыми людьми которые знают старинные измерения. Всё это показывает в презентации.
Вы уже знаете о суперспособностях современного учителя?
Тратить минимум сил на подготовку и проведение уроков.
Быстро и объективно проверять знания учащихся.
Сделать изучение нового материала максимально понятным.
Избавить себя от подбора заданий и их проверки после уроков.
Просмотр содержимого документа
«Зерттеу ж?мысы "?аза? хал?ыны? ескі ?лшемдері"»
Ақмола облысы
Бурабай ауданы
Щучинск қаласының
№4 орта мектебі
Асқарова Жұлдыз
8 «Ә» сынып оқушысы
Қазақ халқының ескі өлшемдері.
Бағыт: Экономикалық және әлеуметтік үрдістің математикалық моделі.
секция: Математика
Жетекші: Хаметова Алтынбибі Маратқызы математика
пәнінің мұғалімі.
Көкшетау қаласы.
2013 ж.
Мазмұны
Абстракт 3-4
Кіріспе 5-6
I. Жұмыстың зерттеу бөлімі.
I.1. Ескі өлшемдердің шығу тарихы. 7-10
I.2. Ескі өлшем атаулары мен түрлері. 10-27
I.3. Ескі өлшемдер қолланылатын есептер. 27-29
II. Эксперименттік бөлім.
II.1. Мектептегі оқушылар мен ата-аналардың ескі өлшемге деген көз-қарастарын анықтау. 30-32
II.2. Ескі өлшедердің қазіргі кездегі сұранысы .
Қария адамдармен кездесу және сұхбат. 33-40
Қорытынды 41-42
Қолданылған әдебиеттер тізімі 43
Жетекшінің сын пікірі 44
Абстракт
«Қазақ халқының ескі өлшемдері»
Мақсаты: Қазақтың ескі өлшемдерінің түрлері, шығу тарихы жайлы мағлұмат бере отырып, мағынасын ашу. Қазіргі заманда ескі өлшемдердің пайдалылығын, маңыздылығын дәлелдеп көрсету. Қазақтың ұлттық өлшемдерінің мағынасын ашып, қазіргі өлшем бірліктердегі баламасын анықтау.
Гипотеза: Егер де, ескі өлшемдерді тереңірек жетілдіріп, оқулықтарға енгізсе , біз сияқты жас балалардың, жасөспірімдердің, ересек адамдардың бос уақыттарында ескі өлшемдерді терең танып білуге мүмкіндіктер болар еді.
Зерттеу кезендері:
-Тақырып бойынша әдебиеттерге шолу жасау, жинақтау, жүйелеу.
- Сұхбат, Щучинск қаласының тұрғыны Утепов Асқар және Утепова Үміт.
- «Үлгі » ауылының тұрғыны Игликов Мараттың үйіне бару.
- Әжемнің ескі өлшемдерді үйде жұмыс істеу барысында қолдануын бақылау, сұхбат.
- Интернет жүйесімен жұмыс
- Жұмыс презентациясы.
Зерттеу әдістері: Бақылау, әнгімелесу, оқушылар арасында сауалнама,
ата-аналар арасында сауалнама, эксперимент жүргізу,сурет салғызу.
Зерттеу жұмысының құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен, эксперимент бөлімнен, қорытынды бөлімнен және әдебиеттер тізімінен тұрады.
Abstract.
Aim: to uncover the history of origin and meaning of the ancient measurements of the Kazakh people, views of the ancient measurements of the Kazakh people, to show the usefulness and importance of ancient measurements of the Kazakh people.
Hypothesis: if you make the ancient measurements of the Kazakh people in textbooks that students would have to learn more about the history of the opportunity.
Stages of research:
- work with literature,
- conversation with residents of the town of Shuchinsk of Utepov A. and Utepova U.,
- a trip to a resident of the village “Ulgy” of Iglikov M.,
- work on the internet,
- work with the presentation.
Methods of research: the monitoring, the conversation, the questionnairedesign with students and parents, the experiment, the painting.
Structure of the scientific work: the introduction, the main part, the experimental part, the conclusion and list of references.
Кіріспе:
Білім мен тәрбие – егіз. Қазақ халқы баланы тәрбиелей отырып, олардың танымын кеңейткен. Халық өз бойындағы ең жақсы қасиеттерін жеткіншек ұрпаққа күнделікті тұрмыста үйретіп, бала бойына сіңіріп отырған. Қазақ халқының өмірі мал шаруашылығы, егін егу болғандықтан ертеректе осы шаруашылықтарға сай өлшем бірліктерін дене мүшелері: саусақпен, аяқпен, қолмен, буынмен өлшеудің әдістерін меңгерді. Бұнымен бірге судың тереңдігін,көлем өлшемдерін, уақытты өлшей білген.
Мысалы: 1) Жылдамдықты: қас-қағым сәт, бір жылт еткен ғұмыр, көзді-ашып жұмғанша.
2) Уақытты: сүт пісірім, шәй қайнатым, бие сауым, ат шаптырым,
қозы көш жер, кешке дейін, түнге дейін деп білген.
4) Семіздік, яғни жылқы малын өлшем бірлігімен: кере қазы, сере қазы, табан қазы, би қазы, шынтақ қазы – деп анықтап отырған.
Айтылғандардан мынадай қорытынды шығаруға болады: ескі өлшемдерді білу, шамасы келгенінше ескі өлшемдерді танып өсу – ұлттық сана-сезімімізді сергітер, жасыған жадымызды серпілтер, тектілігімізбен табыстырар тағылым-танымдықтың ең қуатты құралының бірі болса керек. Сол себепті қазақ өзінің ұлттық тәлім-тәрбиесін, тарихын жоғалтпау керек. Яғни тақырыпты «Қазақтың ескі өлшемдері» деп алуыма осы себеп болды.
Негізгі бөлім:
Қазір барлық нәрсенің арнаулы өлшеуіші бар, өлшеуішсіз өмір жоқ.
Өлшеудің және өлшеуіштің қажеттігі тіпті ерте кезде туды, бірақ өлшеу аспаптары мен өлшеу тәсілдері қазіргідей болып бірден қалыптасқан жоқ.
Адам әуалі өлшеуіш етіп өз мүшесін не оның қозғңалыстағы белгілі бір қалып немесе айналадағы жұртқа таныс бір нәрсені алып, сонымен өлшейді. Бұл қарапайым өлшеуіштер қазіргідей дәл өлшеу үшін қолданылмады, адамның сол кездегі өмір талабына жеткілікті болған жуық өлшеу үшін немесе таныс бір нәрсемен салыстыра отырып өлшенетін нәрсенің қандай екенін шамамен білу үшін қолданылады.
Ұзындық өлшеуіштер: қазақ, ертеден келе жатқан әдет бойынша, бір нәрсенің қалыңдығы мен ұзындығы туралы айтқысы келгенде, өзінің «қол өлшеуіштерін» пайдаланып: «шынтақ елі», «бір елі», «екі елі», «үш елі», «сере қарыс», (қазы), «бір тұтам» (жіп) , «сынық сүйем» (бұдан қазақта ерте кезде бөлшек ұғымы болғаны байқалады). «Сүйем» дейді қолдың белгілі бір қозғалыс қалпын өлшеуіш етіп алып: «қарыс», «құлаш» дейді, немесе аяқ өлшеуіштерін пайдаланып: «табан» (бір табан) «қадам» дейді. Ал жол, арақашықтық туралы айтқанда ешбір өлшеуіштік белгісі жоқ, бірақ көпшілікке таныс аралықпен салыстырып, мөлшермен: «Таяқ тастам жер», «көз көрім жер», «бір көш жер», «ат шаптырым жер», «түстік, күндік жер» дейді.
Ерте кезде бір нәрсенің ұзындығын арнаулы өлшеуішпен не оның бірнешеге тең бөлінген үлесімен өлшеу тәсілі болған жоқ. Ондай өлшеуіштер арқылы өлшеу тәсілдері кейін, елдер арасында сауда саттық жұмысы күшейген кезде шықты. Ал қарыс, қолдың қары, қадам т.с.с.
Қарапайым өлшеуіштер тек қазақ арасында ғана емес, адам саналы өмір сүре бастағаннан бері барлық елдерде қолданылады. Халықтар арасында көп тараған қарапайым өлшеуіштердің бірі- қолдың қары(орысша-”локоть”). Ерте кезде, алаша, басқұр сияқты енсіз,тоқыма бұйымдардың, жіп арқандардың ұзындықтарын қолдың қарына орап жіберіп өлшейтін болған. Мұндай қарапайым өлшеуіштер әр елдің өзіне тән тұрмыс-кәсіп ерекшелігіне қарай әр түрлі болып келеді: жапондықтар атқа таға орнына кигізген ши башмақ жыртылғанша атпен жүретін қашықтықты “ат башымағы” деп атап, кейінгі кезге дейін өлшеуіш етіп қолданған, испандар ауыл арасын “бір сиғар”, “екі сиғар” деп өлшеген (ол жаяу адам бір сиғар тартқанша жүретін жол деген сөз): ағылшын каролі Генрих 1101 жылы указ шығарып, “ярд” деп аталған ұзындық өлшеуіш тағайындаған.
Бұл өлшеуіштің алғашқы ұзындығы карольдің мұрынының ұшынан бастап созылған қолының ұшына дейінгі аралыққа тең болған, ал Англияда қазіргі ярд =0,9144 м.
Ерте кезден бері халықтардың көпшілігі қолданып келе жатқан, ал Россияда І Петр заманынан бастап Октябрь революциясына дейін қолданылған қарапайым екі өлшеуіне:”фут” (ағылшынша-“foot” немесе”fuss”) - табан және ”дюйм” (голландия-“duim”)-бас бармақ буыны.
Тіпті ерте кезде тұрмыс талабынан туған осындай қарапайым өлшеуіштер қазір ғылыми өлшеуіштер системасы қалыптасқан кездің өзінде де, әдет бойынша халық арасында қолданыла береді.
Аудан, көлем және салмақ өлшеуіштері. Ертедегі адам бір нәрсенің ауданын, үлкендігін (көлемін) сөз еткенде, оны да өзіне таныс басқа нәрсенің ауданымен, үлкендігімен (көлемімен) салыстырып, мысалы, аудан туралы айтқанда: ”түймедей”, “теңгедей”, “ат төбеліндей”, “алақандай”, “туырлықтай”, “ауыл”, “ауыл аумағындай”, деп албір нәрсенің үлкендігін: “жұдырықтай”, “ат басындай”, “үйдей”, “таудай” деп ұсынған. Әдет бойынша қазір де қолданылатын өлшеуіштердің алғашқы нышаны болған, осы сөздер өлшеу мен өлшеуіштер тарихы жөнінде және халықтың өмірі, кәсібі туралы едәуір мәліметтер береді.
Ауданды қазіргідей өлшеу мәселесі, кейін егіншілікті кәсіп етіп, жер участоктарының аудандарын өлшеу жұмыстарын жүргізген вавилондықтар, мысырлықтар т.б.с. сияқты елдерден басталады. Ал көлем өлшеу мәселесі обсерваториялар, храмдар, пирамидалар т.б. күрделі құрылыстар салынып, әр түрлі нәрселердің көлемдерін өлшеу қажет болған кезде басталады.
Ертедегі адамда заттардың салмағын өлшейтін қазіргідей таразы мен гирлер болған жоқ, нәрсенің ауыр – жеңілін көрсететін “зілдей”, “қаңбақтай” деген сияқты салыстырма ұғым ғана болды.
Кейін адамдар азық-түлік сияқты салмақты заттарды айырбастап алыс-беріс жасағанда, оларды өлшеу (таразыға тарту) керек болды, бірақ таразыны және онымен өлшеу тәсілін табу оңай болмады. Таразының алғашқы түрі – рычагты таразы, ал адам рычагпен пайдалануды білді. Вавилондықтар біздің эрамызға дейінгі 3 000 жылдар шамасында рычагпен пайдалануды білді, ал мысырлықтардың біздің эрамызға дейінгі 2 000 жылдар шамасында пайдаланған рычагты таразысының суреті табылған.
Уақыт өлшеуіштері: Адам тіпті ерте кезден бастап өлшеумен қатар уақытта да өлшеуді, бірақ алғашқы уақыт өлшеудің дәлдігі аз болды. Табиғат құбылыстарының мысалы, күн мен түннің, қыс пен жаздың ауысып, Ай формасының өзгеріп отыратындығын және бұл өзгерістерге белгілі мерзімінде қайталап келіп отыратын периодтылық бар екендігін байқап, адам оларды өлшеуіш етіп қолданды.
Уақыт өлшеуіштері: Адам тіпті ерте кезден бастап түрлі шамаларды (ұзындықты, ауданды т.б) өлшеумен қатар уақытты да өлшеді, бірақ алғашқы уақыт өлшеуіштерінің дәлдігі аз болды. Табиғат құбылыстарының, мысалы күн мен түннің, қыс пен жаздың ауысып, Ай формасының өзгеріп отыратындығын және бұл өзгерістерде белгілі бір мерзімде қайталап келіп отыратын периодтылық бар екендігін байқап, адам оларды өлшеуіш етіп қолданды.
Тәуілік: Ең алдымен адам не күннің, не түннің ұзындығын уақыт өлшеуіші етіп алды, содан кейін күннің де, түннің де ұзындығы үнемі өзгеріп отыратындығын байқап, олардан гөрі тұрақты өлшеуіш ретінде тәулікті күн мен түннің ұзындығын алды. Бірақ тәулікті әр ел әр түрлі есептеді: ирандар мен гректер тәулікті күннің шыққан кезінен бастап, ал еврейлер мен түріктер күннің батқан уақытынан бастап есептеді. Сонымен қатар тәулікті не күндізгі, не түнгі сағат он екіден бастап есептеу мәселесі көтеріледі, өйткені алғашқы екеуі жұмыс мерзімін екіге бөліп, есептеу жұмыстарында қолайсыздық туғызды.
Сөйтіп, тәулік түнгі сағат 12-ден бастап есептелінетін болды. Бір күн мен бір түннен құралатын тәулік, ертеден келе жатқан әдет бойынша, қазір де бір күн деп аталады.
Бүгінгі таңда қазақ өлшемдері көпшілік ортада жиі қолданыла бермейді. Себеп те бар шығар. Алайда, көркем әдебиетті оқып жатып, кейде түсінбей қалып жататын жайымыз бар. Ондағы жазылатын өлшем бірліктері көнерген сияқты болып көрінуі де мүмкін. Шын мәнінде қазақ халқында өлшем бірлікке байланысты айтылатын әдемі сөздер жеткілікті.
Қазақтың өлшем бірліктерінің бәрі - халықтың тұрмыс-салт ерекшеліктеріне, кәсіптік қажеттілігіне байланысты қалыптасып отырған. Мәселен, көшіп-қонып жүрген халық жолды өлшеуде айшылық, күндік, түстік дегендей бірліктерді қолданған. Қазақта дене өлшемдері де кең қолданыста болған. Оған елі, табан, қарыс, кісі бойы деген тектес өлшем бірліктер дәлел. Шынына келгенде, бұлайша өлшеу әлемнің көптеген елдеріне тән дүние. Айталық, ағылшын футы (foot - табан) дене мүшесіне сәйкес алынған. Кең қолданыстағы «дюйм» де - үлкен саусақ деген мағынаны береді. Айта берсек, қазақтың байырғы өлшем бірліктерінің шығу тарихтары әркелкі де қызықты.
Өкініштісі, тарихи өлшем бірліктердің бәрі бүгінгі ұрпаққа тек әдеби еңбектер арқылы ғана жетіп отыр. Өйткені олардың көбі қолданыстан мүлде шығып қалған. Тұрмыс-салттың өзгеруі ол өлшем бірліктердің бәрін пайдаланудан ығыстырып шығарды. « Қазақ халқының байырғы өлшем бірліктері » тақырыбын зерттеген Аягөз Жүсіпқызының жазуынша, қазақ халқының мақал-мәтелдерінде өлшем бірлік атаулары молынан кездеседі. Мәселен, «Екі елі ауызға - төрт елі қақпақ», «Ауру батпандап кіреді, мысқалдап шығады», «Көңіл азып, тон тозса, берген көйлек кез болар» және басқалар. «Халық ауыз әдебиетіндегі «Батырлар жырында» алып батырлардың күрзісі үнемі батпан өлшемімен көрсетіледі. Егер Бұхарада бір батпан 7 пұт не 32 фунтқа тең болса, Талас өңірінде 12 пұтқа тең болған. Батпанға ұқсас қазақта «дыр» деген сөз бар. Дыр - үлкен, ірі, зор деген мағына береді. Батпан да, дыр да - өлшем. Өлшем - өлшеу бірлігі мөлшер, шама. Заттың көлемін, салмағын, қысымын, ыстық-суықтығын, басқа да сапаларын белгілі өлшем арқылы анықтайды. «Батпан», «дыр» - көлемдік өлшемдер. Көлем - белгілі бір заттың аумағы, мөлшері, бір нәрсенің шегі, аясы. Көлемдік өлшемдер - көлемге лайықты, аумақтық, мөлшерлік өлшемдер. Өте аз көлемдік өлшемді білдіретін өлшем сөздердің бірі - шынашақ. Шынашақ саусақтың кішкентайы. Оның бұлай аталуы бітіміне байланысты туған. Түркі халықтарының бірі - құмық тілінде «шинчеки» сөзі қазақ тіліндегі «болмашы, өте кішкентай» мағынасында қолданылады. Осы «шинчеки» сөзі енді «шынашақ» тұлғасында өз тілімізде аталып жүр. Ал «Әшмөңке», «түйірдей», «тырнақтай», «кенедей», «тұрымтайдай», «тарыдай», «титімдей», «титтей», «уыстай», «тоқымдай», «мытым», «шымшым», «ұлтарақтай», «тілдей», «тістем», «мысқал» және тағы басқа сөздер кішкене деген өлшемді білдіре
Батпан — Қазақстан, Орта Азия халықтары арасында қолданылған байырғы салмақ өлшемі. Ол әр жерде әр түрлі мөлшерленген. Халық ауыз әдебиеті мен жазба деректерде Батпан бірде 6 пұттан 12 пұтқа дейінгі өлшем, бірде бірнеше пұттан ондаған пұтқа дейінгі салмақ мөлшері ретінде көрсетіледі. Ауыз әдебиетінде “бес батпан шоқпар”, “он екі батпан күрзі” деген сияқты соққы қаруларының салмақтары да кездеседі. Бірақ бұл қарудың емес, оның соққы күшін көрсететін салмақ мөлшері болса керек. Жазба деректерге сүйенсек, 19 ғасырда Ходжентте Батпан 12 пұтқа тең, яғни 196,56 кг мөлшерінде болған. Тағы бір мәліметтерде 432 ағылшын фунтына тең, яғни 196,016 кг. Кейбір этнографиялық деректер бойынша, Батпан 16 пұт; қосымша Байырғы қазақ өлшемдері.
Қадақ . Тіліміздің 10 томдық түсіндірме сөздігінде бұл сөздің мағынасына — екі жүз грамға тең салмақ өлшемі деген анықтама берілген. Қырғыз, өзбек тілінде тек «фунт» деген түсінік берілген де, қазақ, түрікмен тілдерінде бұған қоса, мұндай салмақ өлшемі — 409,5 грамға теңдігін және бурынғы орыс өлшемі екенін көрсеткен. Фунттың 409,5 грамға, ал қадақтың 200 грамға тең болуы таңдандырмаса керек. Өйткені фунттың алғаш шыққан тегі — латынның «салмақ», «ауырлық» мағынасында қолданған «pondus» сөзі. Осы сөз Европа елдеріне тарағанда «бір фунт» деген сөз түрліше өлшем ұғымына ие болған (ағылшындарда — 453,6 грамға, орыстарда — 409,5 грамға тең болса, аптекалар өлшемінде — 373,2 грамм.
Осындай есептерден де екі тілдік сөздіктерде «фунттың» аудармасын «қадак» деп түсіндіру шартты түрде алынған деу жөн.
Тіліміздегі « қадақ » сезі ертедегі түркі жазба ескерткіштерінде де «қадаһ» тұлғасында кездеседі. Бірақ түркі тілдеріне меншікті сөз емес, араб тілінен ауысқандығы белгіленген. Алайда, кейбір түркі тілдеріне етене болып, сіңіп кеткен. «Қадаһ» сөзінің араб тіліндегі мағынасы — сопақша келген метал ыдыс (кубок), тостаған (чаша) .
Біздің ойымызша, қазақ арасына жайылған қадақ өлшемі арабтардын, осы сөзімен байланысты болса керек те, ал салмақ жағы сол ыдыс ішіне сиған затпен өлшенген деуге болады. Демек, ыдыс ішіне 200 грамм зат сыйса, ол бір қадақ болып қалыптасқан.
Қашықтық өлшемдері:
Ара қоным жер - 200-250 км; Күншілік жер - 90-100 км;Түстік жер - 30-40 км;
Ат шаптырым жер - 20-35 км; Бір көш жер - 10-15 км; Қозы көш жер - 6-7 км;
Қой өрісіндей жер - 5-6 км; Тай шаптырым жер - 4-5 км;
Бір бауыр жер - 4-5 км; Көз ұшындағы жер - 2,5-3 км;
Дауыс жететін жер - 250-300 м; «Әй » дейтін жер - 100 м;
Қазақ тіліндегі математикалық шамалардың өлшем бірліктері
Қазақ тілінде тұрмыс пен іс-тәжірибеде көп қолданылатын математикалық шамаларға мыналарды жатқызуға болады: ұзындық (қашықтық), салмақ немесе ауырлық (масса), күш, уақыт, аудан, көлем т.б. Тақырыбымызда осы айтылған шамалардың ішінен ұзындықтың, ауданның және көлемнің бірліктеріне тоқталып, олардың математикалық сипаттамалары мен өзара байланысын көрсетеміз.
Ұзындықтың (қашықтықтың) бірліктері.
Тіліміздің сөздік құрамында ұзындықтың көптеген бірліктері қолданыста болған. Олардың көбі әлі күнге дейін қолданыстан түскен емес. Мысалы: елі, қарыс, сүйем, құлаш, арқан бойы, шақырым және т.б.
Бір елі – бұл шамамен ересек адамның сұқ саусағының диаметріне тең ұзындық бірлігі. Шамалап алғанда 2-2,5 см.
Бір қарыс – шамамен ересек адамның қолын жазғанда бас бармағының ұшынан шынашағының ұшына дейінгі ұзындыққа тең бірлік. Шамамен 15 – 18 см.
Бір құлаш – ересек адамның екі қолын бір түзудің бойымен кере созғанда бір қолының ұшынан екінші қолының ұшына дейінгі ұзындыққа тең шама. Шамамен 1,5 – 1,8 метр.
Бір арқан – арқанның ұзындығына тең шама. Шамамен 15 – 18 метр.
Бұдан басқа пышақ сыртындай деген бірлік бар. Пышақ сырты – ас үй пышағының қалыңдығына тең бірлік деп бағалауға болады, шамамен 1,5 – 1,8 мм.
Тілімізде ондық санау жүйесі қолданысыта екені белгілі. Бұл есептеуге өте қолайлы, әрі өркениетке жақын барлық тілдерге тән құбылыс. Сондықтан қазақ тіліндегі қолданыстағы бірліктер де ондық жүйеге, заңдылығына бағынуға тиісті. Егер жоғарыда аталған шамаларды ондық жүйе (метрлік жүйе) бойынша жүйелесек:
1 елі = 10 пышақ сырты; 1 қарыс = 10 елі;
1 құлаш = 10 қарыс; 1 арқан =10 құлаш .
Жоғарыдағы мысалдардан қазақ тіліндегі бірлік атаулардың қатаң ондық жүйеге бағынатынын көруге болады. Олай болса шақырым бірлігі де осы жүйеге бағынуы тиіс.
1 шақырым = 1000 құлаш немесе 1 шақырым = 100 арқан
Сонда шақырым дегеніміз қазіргі айтып жүргеніміздей 1000 метр емес, 1500 – 1800 метр аралығындағы қашықтыққа тең.
Бұдан басқа қашықтықтың түстік жер, күншілік жер, айшылық жер деген сияқты қосымша бірліктері болған.
Түстік жер деген шамамен атты адамның таңертеңнен түске дейін барып қайтып келе алатын жері болу керек, шамамен 10 шақырым (15 – 18 км)
Күндік жер дегені атты адамның бір күнде жүре алар қашықтығы, бұл шамамен 100 шақырым (150 – 180 км).
Айшылық жер деген шамамен 10 күндік жер деп бағалауға болады. Себебі ат деген техника емес, егер ол бір күнде 100 шақырым жүре алса бұдан кейін кем дегенде екі күндей тынығуы керек. Бұндай жүріспен ат айына он күн ғана жүре алады. Сонда: 1 айшылық жер = 10 күншілік жер
Немесе 1 айшылық жер =1000 шақырым (1500 – 1800 км)
Бұдан басқа қылдай деген де бірлік бар. Бұл шамамен пышақ сыртының 1/10-не немесе елінің 1/100-не тең шама. Жалпы қазақ тілінде ұзындықтың негізгі бірліктері елі, қарыс, құлаш және шақырым. Бұл айтылған бірліктер өлшемдердің метрлік жүйесі бойынша жіктеле алады және математикалық есептеулерге қолдануға жарайды. Енді жоғарыдағы айтылған бірліктердің өзара байланысын жүйелеп, кестемен көрсетсек:
Бұлардан басқа да қазақ тілінде ұзындық бірліктері көптеп кездеседі. Мысалы: сүйем (адамның бас бармағы мен сұқ саусағының ұшына дейінгі ұзындық, шамамамен жарты қарыс), қадам (ересек адамның бір қадам жасағанына тең ұзындық, шамамен жарты құлаш). Бұл бірліктердің жоғарыда көрсетілген бірліктермен байланысы ондық жүйеге жатпайды, сондықтан оларды ұзындықтың негізгі бірліктері етіп алуға келмейді, есептеуде оларды тек негізгі бірліктер арқылы өрнектеуге болады.
Тереңдік өлшемдері:
Оқ бойы - 1-1,5 м (жебе ұзындығы); Найза бойы - 3-5 м;
Шара - 1,5-2 л; Аяқ - 1 л; Тостаған - 0,5 л; Ожау - 0,5 л; Қасық - 50 г.
Байырғы қазақ өлшемдері – қазақ халқының тұрмыс-салт ерекшеліктеріне, кәсіптік қажеттілігіне байланысты қалыптасқан өлшем бірліктері. Мысалы, «бір қыдыру жер», «түстік жер», «айшылық жол» деген сөз тіркестері қашықтықты білдіреді. Шығыс халықтарының көбісінде ең кіші салмақ өлшеміне арпа дәні алынған. Кейбір жазба әдебиеттерде сақталған мәліметтер бойынша арпа дәні алтын мен асыл тастардың салмағын теңеуге арналған қазыналық өлшем ретінде қолданылған. Оған қарағанда бір арпа дәні шамамен 45 мг болған. Басқа жерде осы арпа дәні ұзындық өлшемі ретінде де пайдаланылған. Ал арпаның алты дәнінің еніне тең өлшем бармақ деп аталған. Сондай-ақ уақыт мөлшерін болжауға Күннің, Айдың немесе басқа да аспан шырақтарының көкжиекпен салыстырғандағы орны алынған. Егін шаруашылығымен айналысатын аймақтарда уақыт мөлшерін судың белгілі бір ыдыстан ығысып шығу мерзімі бойынша анықтаған. Жетілдіріле келе бұл ыдыстар су сағатына айналған. Мұндай бірліктердің басым көпшілігі адамның көзбен шамалауымен, жұмсалған күш сезімімен, белгілі бір қашықтықты жүріп өту мерзімімен мөлшерленген. Сондықтан халық арасында жылқыға байланысты «ат шаптырым жер», «бие сауым уақыт», «екі елі қазы» тәрізді қашықтықты, уақытты, қалыңдықты білдіретін өлшемдік мәні бар сөздер жиі айтылады. Халық арасында сұйықтықты (қымыз, шұбат, т.б.) сақтайтын көнек, жанторсық, торсық, мес, саба тәрізді мал терісінен жасалған ыдыстар сол сұйықтықтың мөлшерін шамалауға жиі қолданылған. Мысалы, торсыққа жеті – сегіз аяқ (литр) қымыз сыйса, местің сыйымдылығы екі жарым – үш торсыққа тең. Заманында ата-бабаларымыздың кеңінен қолданған «қолдың қары» өлшемі ағылшын «ярдымен» шамалас. Ал Ресейде 17 – 20 ғасырларда қолданылып келген ағылшын футы (foot – табан) байырғы қазақ өлшемі «табанға» жуықтау келеді: «табан» өлшеміне қазақ табанның енін алса, ағылшын футы – табан тұрқына тең. Сондай-ақ ағылшынның дюйм (голландша – үлкен саусақ) өлшемі қазақ халқының байырғы «бармақ» өлшеміне («Бармақ елі қазы») сәйкес келеді. Орыстың «верстасы» мен қазақтың «шақырымы», орыстың «долясы» мен қазақтың «мысқалы», сондай-ақ ағылшынның «фунты» мен қазақтың «қадағы» шығу төркіні, атқаратын қызметі жағынан төркіндес, тектес деуге әбден болады. Орта Азия мен Қазақстанда ұзындықтың ең көп тараған байырғы өлшемдері қолдың қары немесе қары – кеуденің орта тұсынан кере созылған қолдың ортаңғы саусағының ұшына дейінгі аралыққа (80 – 85 см шамасы) тең ұзындық бірлігі. Кейде оң иықтан бүкіл кеудені бойлай өтіп, кере созылған сол қолдың ортаңғы саусағының ұшына дейінгі аралық та (шамамен 1 м) қары ретінде алынады. Қарыс – толық жазғандағы бас бармақ пен шынашақ ұштарының арасына тең ұзындық (шамамен 19 – 20 см) бірлігі. Ол тұрмыста, құрылыс жұмыстарында пайдаланылған. Мысалы, киіз үйдің уығы он екі – он алты қарыс мөлшерінде жасалады. Қарыстың туынды бірлігі – сүйем, ол кере созылған бас бармақ пен сұқ саусақ ұштарының арасына тең (шамамен 17 – 18 см). Ал бармақ пен бүгілген сұқ саусақтың арасына тең өлшемді сынық сүйем дейді. Сүйем – шамамен аршынның ширегіне (төрттен бір бөлігіне) тең. Елі – сұқ саусақтың еніне тең ұзындық бірлігі (шамамен 2 см). Қазы майының қалыңдығы, ою-өрнектің мөлшері, т.б. елімен өлшенген. Буын – ортаңғы саусақтың ұшынан оның ортаңғы буынына дейінгі аралыққа тең ұзындық (шамамен 5 – 6 см) бірлігі. Сәулетті сарайлар мен түрлі ғимараттардағы ою-өрнектің мөлшері осы буынмен өлшенген. Ол тігін, киім пішу жұмыстарында да қолданылған. Қадам – адамның бір адымына тең ұзындық (шамамен 60 – 70 см) бірлігі. Құлаш – иық деңгейіне сәйкес кере созылған екі қол ұшының арасына тең ұзындық бірлігі. Орта Азия мен Қазақстанда кеңінен тараған кейбір салмақ өлшемдері: Табақ – шамамен он екі орыс фунтына тең салмақ бірлігі. Ол үлкен табақ (шамамен 11,7 – 12 кг) және кіші табақ (шамамен 3,9 – 4 кг) болып екіге бөлінеді. Үлкен табақ астық салығын төлеу кезінде, ал кіші табақ сауда-саттық, алыс-беріс жұмыстарында қолданылған. Қап – негізінен астық мөлшерін өлшеуге арналған салмақ бірлігі. Ол Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс аудандарында шамамен 65 – 66 кг-ға, ал кей жерлерінде алты пұтқа (96 кг), тең болған. Батпан – Ресейдің шет аймақтарында (негізінен азиялық бөлігінде) пайдаланылған салмақ бірлігі. Көне орыс жазбаларында ол 10 фунтқа тең делінеді. Қадақ – ертедегі шығыс елдерінің көбісінде қолданылған салмақ бірлігі. Ол Еуропада кең тараған фунт өлшеміне сәйкес келеді. Мысқал – Шығыс елдерінде кең тараған салмақ бірлігі. Мысқал араб елдерінде, Үндістанда, Шығыс Африкада, Орта Азия мен Қазақстанда қазыналық өлшем ретінде пайдаланылған. Мысқал 4,31 г-ға тең болған, алтын мен күміс ақшалардың, бағалы заттар, дәрі-дәрмектер мен бояулардың өлшемі ретінде қолданылған. Қазақ халқының егін шаруашылығымен айналысқан жерлерінде жер аумағын өлшеу үшін қолданған өлшем бірліктерінің ішінде ең көп тарағаны – танап. Қазақстанның суармалы егіншілік аудандарында (Тараз, Қазалы, Шымкент, т.б.) 1820,83 шаршы метрге тең. Алайда түрлі тарихи себептерге байланысты өлшемдік мәні бар терминдеріміз нақты мәнге ие бола алмаған. Мұның үстіне уақытпен бірге өлшемдер жиі өзгеріске ұшырап отырған.
Аудан бірліктері.
Қазақ тілінде бет ауданын сипаттайтын мынадай бірліктерді көптеп кездестіруге болады: оймақтай, алақандай, тулақтай, сырмақтай, үй орнындай, қораның аумағындай, ат шаптырым. Енді осы бірліктердің әр қайсысына жеке тоқталып көрсек:
Оймақтай. Оймақ деген қолға ине кірмес үшін сұқ саусақтың басына кигізілетін зат екені белгілі. Сұқ саусақтың жуандығы бір еліге тең. Ондай болса оймақтай дегеніміз жан-жағы бір еліге тең бет ауданына тең шама. Бет ауданын есептегенде бірлік шаманы шаршы түрінде аламыз. Онда, оймақтай дегеніміз – қабырғасы бір елі болатын шаршының ауданына тең шама.
1 оймақ = 1 шаршы елі немесе 1 оймақ = 1 елі2
Алақандай. Алақандай деген өлшем бірлік ауданы адам қолының алақанымен шамалас шаршының ауданына тең шама деп қарастыруға болады. (Бет ауданын есептегенде бірлік шаманы шаршы түрінде алатынын ескеруіміз қажет). Алақанның ұзындығы шамамен бір қарыс. Сонда бір алақан дегеніміз – қабырғасы бір қарысқа тең шаршының ауданына тең шама деп қарастыруға болады.
1 алақан = 1 шаршы қарыс немесе 1 алақан = 1 қарыс2
Сырмақтай. Сырмақ дегеніміз кигізден ойылып, өрнектеліп жасалынған қазақтың ұлттық төсеніштерінің бірі. Сырмақтай деген өлшем бірлік – аумағы сырмақтың аумағымен шамалас шаршының ауданына тең шама. Сырмақтың ұзындығы – шамамен бір құлашқа тең. Бірлік шаманы шаршы түрінде алатынымызды ескерсек, бір сырмақтай дегеніміз бір шаршы құлашқа тең шама екенін есептеуге болады.
1 сырмақ = 1 шаршы құлаш немесе 1 сырмақ = 1 кұлаш2
Үй орнындай. Жоғарыда аталған бірлік шамаларға қарап отырып бұл өлшем бірліктердің өзара ондық жүйеде байланысатын ұзындық бірліктері елі, қарыс, құлаш өлшем бірліктеріне сәйкес келетінін көреміз. Олай болса осыдан кейін кездесетін аудан бірліктері үй орнындай деген шаманы өлшемі бір арқанға тең шаршы түрінде алуға болады.
1 үй орнындай = 1 шаршы арқан немесе 1 үй орнындай = 1 арқан2
Шаршы шақырым. Қабырғасы бір шақырымға тең шаршы.
1 шаршы шақырым = 1 шақырым2
Ат шаптырым. Аумағы 10 шақырымға тең шаршының ауданына тең өлшем бірлік деп қарастыруға болады. Сонда:
1 ат шаптырым = (10 шақырым)2 = 100 шақырым2 екенін есептеуге болады.
1 ат шаптырым = 100 шаршы шақырым
немесе 1 ат шаптырым = 100 шақырым2
Аудан бірлік өлшемдерінің байланысы
1 алақан == 100 оймақ
1 сырмақ = 100 алақан = 1 сырмақ = 10000 оймақ
1 үй орны =100 тулақ
Көлем бірліктері
Қазақтың ауызекі тілінде көптеген көлем бірліктерін кездестіруге болады. Атап көрсетсек: биттей, тарыдай, көздің жасындай, бір жұтым, бір ұрттам, ауыз толтырым, бармақ басындай, қолдың басындай, аяқ, мес, қарын, торсық, қап, тең, көлдей, т.б. көптеген көлем бірліктерін атай беруге болады. Бұндай бірлік атаулар тіл қолданыста өте көп кездеседі. Бірақ біз бұлардың ішінен жоғарыда атап көрсеткен метрлік жүйеге жататын елі, қарыс, құлаш сияқты өлшем бірліктерге сәйкес келетіндерін ғана теріп көрсетеміз.
Бармақ басындай: Ересек адамның бармағының басының көлеміне тең бірлік шама. Көлем бірліктерін есептегенде бірлік шаманы текше (куб) түрінде аламыз. Онда 1 бармақ басындай деген шама өлшемі 1 еліге тең текшенің көлеміне тең шама деп қарастыруға болады.
1 бармақ басы = 1 текше елі немесе 1 бармақ басы = 1 елі3
Торсық. Көлем бірліктерінің ішінде өлшемі бір қарысқа тең текшеге тең келетін шама ретінде торсықты алуға болады. Қазақтар сұйықтар мен сусындарды алып жүруге торсықты пайдаланған. Торсық көлемі жағынан ықшам әрі ыңғайлы болғандықтан үнемі қолданыста болған, әрі өлшем бірлігі ретінде қолданылған. Торсық шамамен 3 – 5 литр көлемге тең, бұл шамамен бір текше қарысқа тең.
Тең. Өлшемі бір құлаш текшеге сай келетін көлем бірлігі ретінде тең шамасын алуға болады. Ертеде қазақтар көшіп қонуға, жүк артуға түйе көлігін пайдаланғаны белгілі. Ыңғайлы болу үшін түйеге артылатын жүктерді, қаптарды буып біріктіріп, өзара көлемі мен салмағы сәйкес келетін екі бөлік жасаған. Бұл бөліктердің өлшемі шамамен бір құлашқа сай келетін текшеге тең болады.
1 тең = 1 текше құлаш немесе 1 тең = 1 құлаш
Ескі өлшемдер қолданылған бірнеше есептер.
«Балық» есебі.
Балықтың ұзындығы 30 қарыс. Басының тұрқы кұйрығының ұзындығына тең. Егер басы екі есе ұзарса, онда басы мен құйрығының ұзындығының қосындысы қара кесек етінің ұзындығына тең болар еді. Балық басының құйрығының және қара етінің ұзындығын табу керек.
Балық жеген тоқ болар, әл-дермені жоқ болар. Балық торсылдағы не үшін керек? Жауабы. 6 қарыс. Шешуі.
Балық басының ұзындығын құйрығына тең деп, екеуінің қосындысын 2х десек, есептің бірінші шарты бойынша, балықтың қара кесек еті 30-2х болады. Есептің кейінгі шарты бойынша 2х+х. Демек, 30-2х=2х+х. Бұдан х=6 (қарыс)
Қарыс бас бармақ пен шынашықтың керіп ұстаған арасы.
«Шырылдауық шегіртке» есебі.
Шегіртке түзу бойымен қатты және жай ырғиды. Қатты ыршыса үш елі жерге, ал жай ыршыса екі елі жерге түседі. Бірінші қарақшыдан қарғығанда одан бір елі жердегі екінші қарақшыға дәл қалай түседі?
Шешуі.
Айталық, шегіртке бірінші қарақшыдан екінші қарақшыға түсу үшін х рет қатты, у рет жай ыршулар жасасын. Сонда шегіртке Зх+2у аралыққа қарғиды. Бүл аралық 1 елі. Демек, Зх+2у=1.
Бұдан У =(1-3x)/2
X орнына 0, 1, 2, бүтін сандарын қояйық. Шегіртке артқа қарғыса х пен у теріс сан, ал алға қарғыса х пен у оң мэн қабылдайды деп түсіндіріп, х=1 у=-1 және х=-1 у=2 екенін табамыз.
Бүл есепке қарағанда қазақ халқы теріс сандармен де амалдар қолдана алған деген қорытындыға келуге болады.
Эксперименттік бөлім
II.1. Мектептегі оқушылар мен ата-аналардың ескі өлшемдеріне деген көз- қарастарын анықтау.
Алдыңғы тарауларда ескі өлшемдердің шығу тарихы мен түрлері және қазақ халқы үшін ескі өлшемдердің маңыздылығы туралы айтып өттік. Енді келесі тарауларда оқушылардың ескі өлшемдер жайлы білімдерін, түсініктерін анықтап, білімдерін жетілдіру жолдарына тоқталамыз. Бұл мақсатты іске асыру үшін біз оқушылар арасында диагностикалық жұмыстарды Щучинск қаласының 4 орта мектебінің 5«Ә», 6«Ә», 7 «Ә» сыныптар оқушылары мен ата-аналар арасында «Ескі өлшемдер туралы не білесің?» атты пікір-сайыс сабағын өткіздік.
Қатысқаны: оқушы саны-25; ата-аналар-18
1.«Қандай ескі өлшемдер білесіз?» атты пікір-талас әңгіме жүргізілді. Бұл тапсырмада ата-аналар мен оқушылар өздерінің ескі өлшедер жайлы білетін пікірлерін ортаға салды.
2. «Ескі өлшемдер не үшін керек ?» атты сауалнама жүргіздік.
Сұрағы
Иә
Жоқ
1.Ескі өлшемдерді тұрмыста пайдаланасыз ба?
2.Ескі өлшемдерді оқулыққа енгізуіне қарсы емессіз бе?
3. Ескі өлшемдерді көп білесіз бе?
4. Ескі өлшемдерді жиі қоланасыз ба?
5.Қандай ескі өлшемдер білесіз?
Қорытынды: Сауалнама бойынша ата-аналар ескі өлшемдерді көбірек білетіні анықталды.
3. Сонан соң қоржыннан сұрақтар алып, жауап беріп отырдық. Соның бірімыналар.
• Ескі ұзындық өлшемдері ( Құлаш, аршын, сүйем...)
• Ескі салмақ өлшемдері ( Пұт,батпан...)
• Ескі аудан бірліктері ( Оймақтай,алақандай)......
4 -Келесі біздің жүргізген тапсырмамыз оқушыларға сурет салдырту болған. Мұнда біз сыныпқа кіріп, елі, сүйем және басқа ескі өлшемдер көмегімен геометриялық фигуралар салыңдар деп тапсырма бердік. Бұл тапсырмаға
5 «Ә», 6 «Ә» 7 «Ә» сыныптары қатысты, саны-25. Бұдан біз оқушылардың ескі өлшемдерді білмейтіндерін байқадық.
Үйге тапсырма ретінде ескі өлшемдер туралы ескі есептер жаттап келу болды. Кейбір балалар бұл тапсырманы кітапша ретінде жасап та әкелді. Соныңбірі осындай есептер:
Жылқыға жем беру
1. Біреу алты жылқысына күн сайын он қадақ сұлы беріп жүреді. Жем жылқының жасына қарай бөлінеді: биеге – үш қадақ, құнандарына – екі қадақтан, ал тай басына бір қадақтан жем береді. Мал иесі үйіне алыстан келіп, қонақ болып отырған жекжатына әңгіме арасында өзінің осы тіршілігін айтып қалады
Сәске кез болатын. Анам кесеге шәйді толтырып қоя салды. Кенже інім қолындағы қантын сол кесеге түсіріп алды. Алайда қант құп-құрғақ күйінде қалды. Неліктен деп ойлайсың?
ІІ.2 Қария адамдармен кездесу және сұхбат.
Біз Еңбешілдер ауданындағы ескі кітаптарды көп оқитын және оның көбін жатқа білетін, үнемі аудандық, облыстық газеттерде мақалаларын жариялап отыратын «Үлгі» ауылының тұрғыны Игіліков Мараттың үйіне барып, ескі өлшемдер туралы көп мәліметтер алдық.
Мысалы : сүйем (адамның бас бармағы мен сұқ саусағының ұшына дейінгі ұзындық, шамамамен жарты қарыс), қадам (ересек адамның бір қадам жасағанына тең ұзындық, шамамен жарты құлаш), ат шаптырым жер(25-30км),шақырым -бір километр, дауыс жететін жер- 250-300метр,
Бұл тақырыпты зерттеуіме бір оқиға себеп болды.Соғым сою-қазақ халқының ертеден келе жатқан салттарының бірі. Қыстың бір айы еді . Атам мен әжәм үйіне барсам, соғым сойғалы жатыр екен. Бір уақытта далаға шықсам, ата мен қасапшы қазыны сұқ саусақтарымен өлшей бастады. Сол кезде маған бір ой келді : ол не қылған өлшем ? Ол нешеге тең?... Біраз уақыттан кейін үйде әжемнен «Бір елі дегеніміз не? Ол қандай өлшем ?» деп сұрадым. Сонда әжем «елі» өшемінің мағынасы туралы айтып берді.
Щучинск қаласының тұрғындары менің атам мен әжем Утепов Асқар және Утепова Үмітпен сұхбат жүргіздік. Сұхбаттың барысында « шөкім»-12-13грамм, «Әудем жер»-100метр, «Қадақ»-400грамм «елі»-2-2,5см , «Сүйем»17-20см , «көнек»6-7литр , «аяқ»-1литр, «тұтам»-8-10 см,«Құлаш»-1,8метр...деген өлшемдер туралы білдік.
Осыдан кейін мен кітапханаларға , қаладағы мұражайларға, Жылқы етін сататын адамдарға барып ескі өлшемдер туралы мағлұматтар іздеуге кірісіп те кеттім. Математика пәнінің мұғалімі Хаметова Алтын Маратовнадан ескі өлшемдер туралы сұрап едім, ол кісі осы тақырып бойынша ғылыми жоба жазуға болатынын айтты.
ІІІ. Қортынды.
Қазақ тіліндегі математикалық өлшем бірліктерді жүйелеуден не түйеміз. Біз бұл тақырыбымызда ұзындық, аудан, көлем сияқты математикалық шамалардың қазақ тілінде көптеп кездесетін өлшем бірліктерін жүйелеп, математикалық мағынасын ашып көрсеттік. Тақырыпты түйіндей келе мынандай қортындыға келуге болады:
Ø қазақ тіліндегі бірлік атаулар жайдан-жай атала салмаған, ол халықтың тұрмыс тіршілігінде тығыз орын алатын нақты бір нысанға негізделіп аталған;
Ø бұл бірлік атаулардың барлығы бір-бірімен тығыз байланыста болады;
Ø және, бірлік шамалардың арасындағы байланыстар кездейсоқ емес қатаң тәртіпке бағынады, өз арасынан ондық жүйемен байланысады, бірлік шамалардың қатынастары 10-ның еселіктеріне 10-ға, 100-ге, 1000-ға немесе 0,1-ге, 0,001, 0,001, т.б үлестерге тең;
Ø бірлік атаулардың арасындағы байланыс ондық жүйеге сәйкес келетіндіктен бұл бірліктер математикалық есептеулерге қолдануға әбден жарайды.
Бұған қоса айтарымыз көптеген халықтарда өздерінің ұлттық тілдеріндегі бірлік атауларды қолданыстан қалдырмай, тұрмыста және техникада әлі күнге дейін қолданып келеді. Мысалы: ағылшындарда фут, ярд, дюм сияқты өлшем бірліктері, батыс елдерінде аталатын қашықтық бірлігі миль, т.с.сс көптеген бірліктерді атауға болады. Сол себептен біздің де өз тіліміздегі ежелден келе жатқан бірлік атауларын қолдануға не болмаса кейбір ұлттық дәстүрімізге байланысты атауларды сипаттауға қолдануға хақымыз бар. Бұл бірлік шамалардың көбі тіл қолданысынан баяғыда шығып, архаизмге айналып кеткендіктен кейбір адамдарға күлкілі көрінуі де мүмкін. Бірақ қазіргі күнге дейін қолданыстан түспей жүрген бірліктер бар. Мысалы, қазының қалыңдығын елімен өлшейміз, мал бағумен айналысатын көшпелі шаруалар сары майды қарынмен өлшейді, арқанның өлшемін, немесе киіз үйдің белдеулерін құлашпен, уықтың өлшемін қарыспен өлшейді. Біздің мақсатымыз тілімізде бар өлшем бірліктерін уақыт ағымына сай тіл қолданысынан шығып, құрып кетуден сақтау. Жоғарыда аталған өлшем бірліктер әлі де кез келген салада қолдануға жарайды. Осы еңбегімізде біз оны көрсетіп бере алдық деп ойлаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. С.Елубаев «Қазақтың байырғы қара есептері» Алматы Қазақстан 1996ж.
2. Қырық қазына.Ә.Доспамбетов-Алматы 1997
3. Қазақ халқының салт-дәстүрі.С.Қалие, М.Оразаев-Алматы 1994.
4. А.Көбесов, «Математика тарихы».
5. Қожаметова К. Ж. “Теоретико – методологические основы казахской этнопедагогики” – Алматы. Дәуір,1994.
6. Марғұлан А.Х. “Орталық Қазақстандағы Беғазы – Дандыбай мәдениетінің куәлары”.
7. Әбу Насыр Әл - Фараби “Ғалымдардың шығуы”.
Байырғы қазақ өлшемдері 8. Интернет желісі.
Щучинск қаласындағы №4 орта мектебінің
7 - «ә»сынып оқушысы
Асқарова Жұлдыздың
«Қазақ халқының ескі өлшемдері»
атты зерттеу жұысына сын пікір.
Тақырыбы: «Қазақ халқының ескі өлшемдері»
Зерттеу жұмысының мағынасы толық ашылды. Жұлдыз бұл тақырыпты зерттеу жұмысына бірден қызыға қатысты. Ол өздігінше көптеген жұмыстар жүргізді, яғни кітапханаларға барып ескі өлшемнің шығу тарихынан бастап осы күнге барлық бар мәліметтерді жинастырды, қарастырды, зерттеді.
Жұлдыз бұл тақырыпты зерттеу барысында өте көп ізденді, ескі өлшемдер жайлы білетін қария адамдармен кездесіп, пікірлесті;мұражайларға,кітапханаларға барды, сыныптағы оқушылармен және олардың ата-аналарымен түрлі жұмыстар жүргізді.
Жұлдыз бұл тапсырмаға толық жауапкершілікпен, тиянақтылықпен қарап, зерттеді. Осы зерттеу жұмысын орындау барысында өзімен бірге оқушыларды да, ата-аналарды да қызықтыра алды.
Менің ойымша, бұл шығармашылық жұмыс оның бойындағы патриоттық, ұлтжандық сезімдерін оятады. Мұндай зерттеу жұмыстарын жүргізу балалар үшін қажет, өйткені бала жауапкершілікке, өз танымын жетілдіруге, ізденімпаздыққа, өз ойын толық жеткізе білуге үйренеді .