Просмотр содержимого документа
«тақырыбы : «НУМЕРОЛОГИЯНЫҢ АДАМ ӨМІРІНДЕГІ МАҢЫЗЫ»»
Қостанай ауданы әкімдігінің « Білім бөлімі » ММ
«Семенов орта мектебі» ММ
Тақырыбы: «НУМЕРОЛОГИЯНЫҢ АДАМ ӨМІРІНДЕГІ МАҢЫЗЫ»
секция: математика
ғылыми жоба авторы
10 «А» сынып
Баймағанбетов Дастан
Ғылыми жобаның жетекшісі
математика пәнінің мұғалімі: Бекеева Э.Қ.
КІРІСПЕ
Бүгінгі адам сандарсыз өмірін елесте алмайтыны анық. Адамның тұла бойынан бастап, жүріп-тұруы, ішіп-жемі, еңбегі мен демалысы барлығы да сандарға тәуелді. Бүгінде есепсіз күнімізді елестету мүмкін емес. Сандардың дәурені жүріп тұр. Тіпті тауарларды айтпағанда адамдардың өзіне ғана тән жеке сандары болады дегенді біраз жыл бұрын айтқанда ешкім сенбес пе еді. Бүгінде тауарды сатып алу, қарыз алу т.т. белгілі сандармен бекітілген нөмірлер арқылы жүзеге асырылады. Ақпараттық заманда кез келген хабар, мәтін белгілі сандардан құралған код арқылы жеткізіледі. Әр аттам жерде біз сандармен кездесеміз. Оларға көзіміз үйреніп, жауырынымызға жазылғаны соншалық оларға мән де бермейтін болғанбыз. Сандардың біздің өмірдегі атқарар жүгінің ауырлығы нешік?
Қазақ халқының өмірінде түрлі мәнді ерекше сипат бере отырып жиі қолданылатын сандар тізбегі көп. «3, 7, 9, 0» сандар тізбегін өзіміздің салт-дәстүрімізден, ырым-тыйымдарымыздан, нақыл-сөздерімізден мақал-мәтелдерімізден анық көруге болады. Біз бүгін сандар әлеміне саяхат жасаймыз. Бұл саяхатта біз көптеген сандардың сырларын ашып, олардың қасиеттерін пайда болу кезеңін тамашалаймыз. Жан-жағымызға қарасақ сандар тек қана математикада емес, тағы басқа көптеген ғылымдарда да маңызы зор. Қарап отырсақ осы керекті 10 сан болмаса , біз телефон да соға алмаймыз.
Наным-сенімге қатысты «киелі ұғымдар» негізінде пайда болған құбылыс. Сан атауы сәбидің ана құрсағында болу уақытымен байланысты ерекше қолданысқа ие болған. Сандар адам баласының ертедегі өмірінде уақыт өлшемі, көлемдік өлшемі жағынан ерекше қызмет атқарған. Мысалы о баста 5 күндік апта, бертін келе 7 күндік апта болған.
1,2,3,4,5,6,7,8,9,10 сандарының қадір-қасиетін біле отырып, әрбір сан жайлы ой толғанысын тудыру, білімге құштарлықты оятады. Қазақ халқының киелі сандарын оқи отырып, сандар мен олардың сырларын терең ұғындыру арқылы өз бойымызға сіңіріп, әрі қарай дамытамыз. Ал осы киелі сандар жай сандар қатарынан да орын алады. Әр санның өз қадірі мен қасиетін салмақтап, өзіне тән ерекшелегін саралай білген, орнына, маңызына сай қолданған. Әр санда өзіндік кие болатынын мақсаты мен мағынасы болатынын сезе, түйсіне білген.
Сандарды зерттеуге жаңа бағыт тұрғысынан келген ізденістерге тоқталатын болсақ олардың лингвокультурология, этнолингвистика, когнитивті лингвистика аспектісінде жүргізіліп келетінін айту керек. Осындай зерттеулердің бірінде мынадай тұжырымдар жасалған:
-1, 2, 3, 4, 7 сан атауларының символдық мәні ғаламдық модель туралы көне мифологиядан бастау алады;
-7, 9, 40 сан атауларының символдық қасиеті магия өнерінің туумен бірге қалыптасқан;
-Сандар алғашында ерекше қолданылып, соның барысында, кейіннен сиқырлы сандар ретінде семантикалық жағынан дамыған;
-Сандық символдар жүйесінде қалыптасып, философиялық, логикалық, психологиялық т.б негіздермен сабақтасып, сандар арқылы көрнектеген этномәдени, рухани ескіліктердің күрделі де кешенді мазмұны – тілдік сананың түп негіздері;
-Сандар жүйесінде қалыптасқан қазақ ескіліктерінің пайда болуы ұлттық танымға сай о бастағы сандарға тағылған ерекше қасиет пен жұмбақ ұғымдарға байланысты;
-Қазақ тіліндегі бір, екі, үш, төрт, тоғыз, он екі, қырық сандары адамзаттық жалпы дүниетаным жүйесіне негізделген.
1. Нумерология ғылымының дамуы
«Ғылымның былайғы көпшілікке беймәлім салалары аз емес. Солардың бірі ретінде нумерология ғылымын айтуға болады» Форд мырза математикаға әуес еді. Бірде ол Пифагордың сыйқырлы шаршы кестесіне көзі түседі. Көне грек ойшылы «әлемді сандар билейді» деген екен.
Нумерологияға ерте заманда пифогоршылар өте күшті қызығушылықтар танытқан. Бірақ қазіргі кезде нумерологияны математикалық білім беретін ғылым саласы деп есептемейді. Дегенмен де біздер математика ғылымының ерте кездері тарихи бастауларының бірі ретінде зерттеу нысанасына алуды басты мақсат етіп отырған.
Нумерология – қазіргі таңда әсіресе, астрологиямен байланысты. Нумерологияны танып-білудің бір жағынан психологтар үшін де қажеттілігі бар. Өйткені, адамның туған жылы мен айына қарап, адам тағдырына қатысты белгілі бір жорамалдар жасауға болады. Нумерология арқылы адамның табиғи дарындылықты, таланттылықты адам баласының мінезінің күшті және әлсіз жақтарын біле отырып, тәрбие процесінде дұрыс шешім қабылдауға болады.
Математиктің айтуынша дүниедегінің барлығын есептеп шығуға әрі математикалық анықтама беруге болады екен. Тіпті оның сандарға деген қызығушылығы сандар (нумерология) ғылымның құрылуына себепші болады. Сандар қатарын, негізгі тоғыз сандарының құрамын, қалғандарын құрамдас екенін дәлелдеп шыққан осы грек ғалымы. Ол тоғыз саннан тұратын ерекше сиқырлы шаршы құрап, сол сандардың ішіне әлемнің үйлесімділігін сыйғыза білген бірден-бір ғалым. Шаршы құрылымы өте қарапайым құрастырылған. Форд мырза көне шаршының қызығына ене берді. Олардың ерекше сиқыры барына бірте-бірте оның көзі жете түсті. Ежелгі гректердің жазбаларында Пифагордың шаршы кестесін олар алтын, күміс, бидай басқа да қазыналары бар қоймаларға қазынасы одан бетер молайсын деген ниетпен іліп қояды деген деректер бар. Ал американдық Форд мырза Пифагордың сандар шаршы кестесін доллар банкнотына сызып алып, әмиян түбіне салып, ел көзінен таса ұстаған көрінеді. Міне қызық, жұмысы жүре бастады. Уақытынан бұрын қаржысы көбейген үстіне көбейе түсті.
Математика тарихында сиқырлы сан шаршы кестелері көп көрінеді. Сандардан құралған адам денесінің эволюциясы мен түзету жасауына бағытталған шаршы авторы емші, дәрігер Парацельс. Бұл сандар құдіреті науқастың жастығының астында болған кезде күшіне еніп, саулық береді екен. Бұдан өзге таңғажайып сандар құрамынан құрылған Юпитер шаршысы бар. Мұны тағы даңқ пен биліктің шаршысы деп атайды. Бұл сандар тізімін қызыл жібекке жазып алып бөлмеңіздің оңтүстік бұрышына қойсаңыз болғаны дәулетіңіз арта түседі екен. Қай жағынан санасаңыз да 34 санына тең келетін шаршы алдыңғы шаршылардан мәртебелі саналады. Себебі, нәтижесі 7 санына тең келгендіктен, демек, материалдық (6) емес рухани (7) күшке ие.
Бар ғылымның атасы – математика болса, математика өмірді сан арқылы бейнелейді. Адам баласы өмір сүре бастаған алғашқы кезеңнің өзінде – ақ жазу-сызудан бұрын санауды үйренген дейді ұлы ғұламалар. Санның адам өміріндегі ролінің маңыздылығын ешкім де жоққа шығара алмайды. Ал осы сандардың қайдан, қалай шыққандығына және ол сандардың әрқайсысының өзінше бір мағынаны білдіретіндігіне күнделікті тіршілікте біз аса мән бере бермейміз. Ал біздің ата-бабамыз 1 санынан бастап әр санның қадірі мен қасиетін салмақтап, өзіне тән ерекшелерін саралай білген, орнына, маңызына сай қолданған.
«Әлемнің әміршісі сандар» деп бекіткен болатын өз ойын философ және математик Пифагор. Біздің заманымызға дейін ІV ғасырда ол өз жақтастарымен мектеп ашқан болатын. Бұл мектеп діни мектепке ұқсас болды. Пифагоршылар сандардың мистикалық өміріне сенді. Әрбір нәрсенің артында белгілі бір сан тұрады деп ойлады. Сандар өздерімен бірге қайырымдылық пен зұлымдылық, бақыт пен бақытсыздық ала келеді деп сенді. Бізге тек бұл сандардың не әкелетінін білу керек деп ойлады.
Пифагоршылар барлық сандардан 1 санын, бірлікті жоғары қойды. Себебі бүкіл әлем 1 санынан басталады. Бірлік – бүкіл әлемнің бастауы. Екілік өзімен бірге махаббат ала келеді, сонымен бірге тұрақсыздық әкеледі. Үштік қарапайым емес сан, себебі ол жоғарыдағы екі санның қосындысынан шықты. Ал, алты саны таңғажайып сан болып есептеледі. Себебі ол бұған дейінгі сандардың қосындысы мен көбейтіндісінен тұрады. Алтылық 1, 2, 3 сандарына бөлінеді. Жеті саны киелі де, қасиетті де сан болып есептеледі.
Қазақ халқы тілге бай. Әр сөзді талдай білген, әр сөзіне мән берген халық. «Қазақ үшін әр сөздің ғана емес, әр санның өзіндік қасиеті шариғатқа қатысты, тәрбиелік мәні, саналы орны болған»
Жай сандардың құпия қасиеттері жайында алғаш пікір айтып, нумерология ғылымының негізін қалаған Платон, Аристотель болды. Кейіннен неміс дәрігері, философ Генрих Корнелий Агриппа Неттесгеймский, Н.Л.Гильбрайт, австралиялық нумеролог Дэвида Филлипс, А.Ф.Александров, т.б зерттеу еңбектерін жазған. Ал киелі сандардың қазақ тіл білімі тұрғысынан зерттеуші-ғалымдар І.Кеңесбавтың, сонымен бірге Ә.Хасенов, Ә.Қайдар, Н.Уәлиұлы, Т.Жанұзақов, Е.Қойшыбаев, Н.Оралбаева,Т.Сайрамбаев, Ж.Байзақов, А.Машанов, А.Елешева, Қ.Ғабитханұлы, Г.Шаһарман, Қ.Тажиев, Қ.Дүсіпбаеваның еңбектеріне қарастырылған.
«Математика - адамзат тарихында ең ерте қалыптасқан ғылымдардың бірі. Математиканың алғашқы бесіктерінің бірі Мысыр елі болды. Адамзат даналығының ойлап тапқан жаңалығы ол-жазу. Қазіргі әлем халықтары жазуды жоғарыдан төмен, солдан оңға қарай жазып жүр. Неге? Өйткені олар бұл әдісті соқаның қозғалысынан алған екен. Осы жазулардың негізінде пайда болған таңбалардың бірі цифр»
Цифр дегеніміз – сөздерді қағаз бетіне қондыру үшін қолданылатын әріптер қандай қажет болса, сандарды жазу үшін керекті таңбалар. Әуелі сандар сызықшамен белгіленген. Кейін қалыптаса келе қазіргі біздер қолданып жүрген сандар пайда болды. Ал осы киелі сандар жай сандар қатарынан да орын алады.
Адам баласы қазіргі біз түсінетін сандарды үйренуге талай ғасырларды бастан кешірген. Әуелі олар табиғи сандарды (1, 2, 3, 4.,5, 6, 7, 8.,9) меңгерсе, нөлдің пайда болуынан сандарға революция жасалған, сөйтіп сандарды игеруге жаңа жүйелерді өмірге әкелді. 0 «цифр» деген мағынаны береді.
Адам-баласы дүниенің қыр-сырын енді түсінуге ұмтылған уақытта әр цифрмен, санмен байланысты түрлі магиялық құбылыстар жатыр деп түсінді. Осындай кезеңде негізін ежелгі грек ғалымы, ойшыл, математик Пифагор қалаған «нумерология» ғылымы дүниеге келді. Пифагор заманынан жай цифрлардың өздеріне тән белгілері және ерекшеліктері бар деп есептелді.
Қытай ғалымдары нумерологиядағы өз болжамдарын былай дейді: 1 саны – ар мен ұтыс, 2 – жеңілдік, 3 – өсу, 4 – өлім, 5 – жоқтық, 6 – байлық, 7 – белгісіздік, 8 – өркендеу, 9 – көп жасау. Оларға сенсек, әрбір санның өз мәні, энергиясы бар, біз оны сезбеуіміз де мүмкін. Қазірдің өзінде қытайлар үй сатып алу, көлік, телефон номерінде міндетті түрде санға қарайды. Олар «4» санын ең бақытсыздық әкелетін сан деп біліп, ауруханаларда 4 қабат деген белгінің орнына 3 «а» деп таңбалайды. Ал, 4 саны белгіленген бөлмелерге, ауруханаларға науқастар емделуден бас тартады. Олар еуропалықтар жын-шайтанмен байланыстыратын 13 санын шетелдіктер жиналатын жерлерден көбіне алып тастаған, мысалы, лифтіде 12-ден кейін бірден 15 саны көрсетіледі. Және 13 санына жақсы қарамайтын тағы бір себебі, мына математикалық өрнекте жатса керек: 1+3= 4. Қытайлықтар 8 санын ерекше құрметтейді. 8 санының өзі шексіздікті білдіретініне мән береді. 8 – қытайша “фа” – «байлық» (сәттілік, гүлдену) дегенді білдіреді. Сондықтан осы сандардан тұратын телефон мен машина нөмірлері сәттілік әкеледі деп сенеді. Қытайлықтар жақсылыққа ырымдап 8.08.2008 күні кешкі сағат 8-де Пекинде 29-шы жазғы Олимпиада ойындарын бастады.
2. Нумерология не сырды жасырып тұр?
Жалпы сандар сиқыры көне антикалық дәуірден бері адам өмірінде маңызға ие болып келеді. Ежелгі ғалымдар сандардың ерекше әрі таңғажайып қасиетке ие екенін зерттеп шыққан. Бұл үрдіс діни нанымдарда да көрініс тапты. Киелі жазбаларда болашақта болатын оқиғалар мен қилы тағдырлар жайын сандар құпиясымен жеткізілген. Алғаш рет сандардың сиқырлы қасиетін ежелгі мысырлықтар, үндістер және халдейлер зерттеген. Олар өздерінің жаңалықтарының бәрін көзайым ете бермеген. Антикалық иудейлердің «Жаратылыстың бастауы» кітабындағы бейнелеулерге құлақ ассақ сандар мен әріптер арқылы әлем жаратылған.
Сандардың айтары мол
Сандар белгісі зат қасиетінің көрінісі. Асылында, сандар сиқыры іс жүзінде бар және оны ешкім жоққа шығара алмасы хақ. Мәселен, 1 және 3, яғни 13 қауіп қатерге толы сан. Әсіресе ол жұмаға дәл келсе, батыстықтар одан сайын үрейлене түседі. Өйткені жұмаға түскен он үші күні 1307 тамплиер рыцарьлері өлім жазасына қиылған екен. Орыс халқының сенгіштері 13-ті «бақытсыздыққа» балап, бұл күні тағдырынан жақсылық күтуге болмайды десе, ағылшындар: сенімі күштілер үй салып, үйленуге болмайды, тіпті автобус, поезд, ұшақ, автокөлікке отырып жол жүруге болмайды, олар бақытсыздық әкеледі деп, ешқайда шықпай үйлерінде болады екен. Ал, 7 санының сиқырлық қасиеті – көңіл бөлудің шегі. 666 – шайтандық сан. Ол өте сирек кездеседі, ал кездесіп жатса жамандықтың шақыруы деп жориды сандардың сиқырына сенетіндер. Мәселен олар 28 - нөмерлі үйге ақша жеңіл жолмен келеді десе, 58 өркендеу- дің, алға жылжудың жоқтығын білдіреді дейді. Олар 4 санынан өлердей қорқады екен, бірақ 48 - ге жуық деген құрметтері ерекше, шамасы «өлердей ақша» дегенді білдіретіндіктен болар. Тіпті 2828 нөмерлі үйдің құны қанша шарықтап тұрса да оны сатып алушылардың санында шек болмайды.
Егер сіздің үйдің нөмері 2457 болса, онда өміріңіз шат - шадыман (2), дегенмен шектелу де бола қоймайды (4). Өзгеріс көп болғанымен (5), білімділігіңіз, даналығыңыз сізді биіктетіп тұрады (7).
Олар сандардың жоғарыдағы сипаттамасына мынадай анықтамалар береді:
БІР – тәуелсіздік пен жетістік;
ЕКІ – әдеп, дипломатиялық және жеке қарым - қатынас;
ҮШ – шығармашылық жетістік, әрі өмір қызығы;
ТӨРТ – шектелу, бір орында қалу;
БЕС – жолсапарлар, өзгерістер, әртүрлілік;
АЛТЫ – қызмет, үй, түрлі міндеттер;
ЖЕТІ – талдау, рухани өмір, білімнің өсуі, даналық;
СЕГІЗ – ақша мен билік;
ТОҒЫЗ – махаббат, берік байлам.
ҚЫРЫҚ – бак, дәулет.
Қазақтардың қасиетті сандары
Әр ұлт халқы сандарды тек сандық ұғымда қолданбай, оларға өзінше киелі мән берген. Сандық нышандар сырын тек сандық тұрғыдан емес, сол халықтың жаратылыс болмысына, өмірге деген пәлсапалық көзқарастарына, діни наным-сенімдеріне және олардың мәдениетіне терең үңілгенде ғана ашуға болады. Қазақ халқында үш, жеті, тоғыз, қырық сандары қасиетті, киелі сандар деп есептелген. Ал, 7 қазақ халқының ұғымында қалыптасқан киелі сан. Ұлттық рең алған көне мәдениет құбылысы. Бұл құбылыстың басқа халықтарда да кездесуін олардың бір-біріне тигізген әсерінен гөрі әр қайсысының өзіндік дүние танымынан туындаған ортақ құбылыс деп қараған жөн.
7 санының сиқыры неде?
Жеті саны сандардың ішіндегі ең таңғажайыбы десек қателеспейміз. Неліктен жеті санын жаһан жұрты әспеттеп, қасиетке теңейді? Ең бірінші ойға келетіні көне адамдардың жеті ғалам шардың барына сенім артқаны. Көне мәдениетте аспан денелерінің барлығы да құдайлық қасиетке баланды. Басқа да ғаламшарларды тапқанша жеті саны адамдардың түсініктеріне бекіп орын алып, мәдениеттеріне сіңіп кеткен сыңайлы. Жеті саны тек аңыз, ертегі, салт-дәстүрлер, мерекелер, сиқыршылық, көріпкелдік бағытында ғана емес діни жазбалардан да көрініс тауып жатты. Жалпы діни мағынада бұл сан уақыттар мен кеңістіктерді билейді екен. Бұл санды зерттей келе, осы бір ерекше сан әлемнің барша халқы үшін белгілі маңызға ие болғандығын білуге болады. «Құдай әлемді жеті күнде жаратты». Дүниежүзілік тарихта жеті санына байланысты әр халықтардың аңыздары көп-ақ. Мысырлықтар үшін өмірді, көне гректер үшін шығармашылықты, исламда жеті пайғамбар, Кааба тасын жеті рет айналу, жеті күнә сияқты ұғымдары ескерілсе, христиандық діни ұғымда жеті саны аяқталғанды, толыққандылықты білдіреді. Жаратқаннан түскен қасиетті кітаптардың бірі – Тауратта жеті саны 500 рет қайталанады.
7 саны – жылдам есте сақтау көлемінің эквиваленті.
Мәселен, Калифорнияның BioCircuits Institute at the University of California, Institute for Nonlinear Science ғылыми институтының зерттеулері 7 санының адам санасына ерек әсер ететін сиқырлы сан екенін дәлелдеді. Сарапшылардың айтуынша 7 – адам миындағы «жылдам есте сақтау» көлемінің максималды эквиваленті. Сондықтан, жетімен байланысты кез келген белгілер есте жылдам сақталады. Әсіресе, жеті сандық телефон номерлері есте мейлінше сақталып қалады екен. 7 санының құпиялығын нақтылау үшін досыңызға он сөзден тұратын тізім жасау 7 санымен адам санасы арасында нендей байланыс бар? Адам бас ми қабатының синапс саны мен олардың негізгі араларын жеті саны байланыстарды екен. Оған дәлел осы теорияның авторы Михаил Рабинович адамның нервтік жүйесіндегі математикалық күрделілікке қарамастан барлығының нәтижесі жеті болады депті.
Қазіргі өркениетті елдердің халықтары арасында «13» санын әзірейілдей көрсететіндер әлі де баршылық. Ал, көптеген халықтар, әсіресе, мұсылман елдерінің халықтары, соның ішінде қазақ халқы «7» санын киелі деп таныған. Аңыз бойынша жер-жаһанда жеті күн (біреулер жеті ай дейді) бойы топан су қаптаған. «Жеті жоқ жерде Аллада бауыр жоқ, аққуда сүт жоқ, жылқыда өт жоқ», «Жеті жоқ жерде өлшем (өлшеуіш) жоқ», - делінген нақыл сөзде. Жеті санының киелік ұғымынан гөрі эмоциялық мәні жоғары.
Әлемге әйгілі шығыс жұлдыздары-ның атасы Әбу Насыр Мұхаммед Дархан би ұзлақ ат - Түрки әл-Хаким әл-Мәшүр әл-Мұғаллим Сәни әл-Фараби (Әбу Әли ибн Сина – Авицена) соңғы демі таусылып бара жатқанда алты дәріден шипа болмаған соң, «жетінші дәріні әкел», - деп киелі жетінші дәріден үміттенген екен. Сол сияқты, бүкіл батыс поэзиясының аспанында ай болып туған И.Гетенің шығыстың жеті жұлдызына қызыға қарап, ынтасын қоюы жайдан-жай болмас. Ол: «Тыңдалмаған сөз жетім, қиюсыз қалған бөз жетім, иесіз қалған жер жетім, басшысыз қалған ел жетім, аққу-қазсыз көл жетім, туған жерінен айрылған ер жетім». Сондай-ақ, халық арасында «Жұт - жеті ағайынды» дейді. Олар: қантөгіс, соғыс, өрт, оба кесел, зілзала (жер сілкініс), құрғақшылық, мал жұтап ашаршылыққа тап болу. Қазақ халқында жетіге байланысты атаулар, нақыл сөздер көп..Тәуке ханның Жеті жарғысы, сияқты есепсіз сөз тізбектері тілімізде жиі кездеседі.
Киелі сандарға халық 3,5,9,40 сандарын да қосады. Баланы 40 күн толған соң 40 қасық сумен шомылдырып, қырқынан шығарады. Қызға қырық үйден тыйым, ертеде қыз сүйген жігітіне орамал шетіне 7, немесе 9 түрлі нәрсені түйіп беру әдеті, марқұм болғандардың жетісін, қырқын, жылдығын беру.
Ертедегі Вавилон мұнарасы жеті қабат болып салынған. Осындай мұнаралар Римде жеті төбенің биік шоқысына орналастырылған. Будда дін басы жеті түрлі жеміс беретін ағаш көлеңкесінде отырған деседі қытай-тибет аңызы. Ертедегі гректер де әлемнің жеті кереметі мен жеті данышпанын сөз еткен.
Сондай-ақ, Ислам дінінің бірінші талабы бойынша жасы жетіден асқан мұсылмандар үшін бес мәрте намаз оқу парыз. Тұрмысқа шығатын қазақ қыздарының сәукелесі жеті нәрседен тұруы шарт.
Ақыртас жөніндегі аңыз бойынша, аса зор денелі де күшті құрылысшы кетпенімен жеті жерге тастаған топырағынан жеті төбе пайда болған. Ал, «Алпамыс батыр» эпосында Байбөрі мен Аналық бір бала көтеру үшін дүниенің жарымын аралап, жеті әулиенің зираттарына түнеп жүріп армандарына жеткен...
3. Әр санда адам тағдыры
«Сан туралы ілім» біздің мінезімізді, болмысымызды, табиғи ерекшелігімізді, тағы басқа қасиеттерімізді қандай планета билеп, әсер етіп отырғанына түсініктеме жасайды. Мәселен былай: сіз өз тағдырыңыздың санын білгіңіз келеді дейік. Ал сол әр санның (тоғызға шейін, әрине), аржағында тоғыз планета тұрады. Мысалы «27-шілде, 1962 жылы» дейік. Олай болса, осы сандарды бір-біріне қосыңыз. Қосындыны тағы бір-біріне қосыңыз. Шыққан жалғыз сан-сіздің Тағдыр саныңыз.
Мысалы: 2+7+0+7+1+9+6+2=34. 3+4=7. «7» - Сол кісінің тағдыр саны.
Кейде қосынды екі саннан тұрады. Ондайда оларды қашан жалғыз таңбалы сан қалғанша бір-біріне қосу керек,
Егер сіз «1» санының астында дүниеге келсеңіз- онда сізді жебеп-желейтін планета -Күн. Олай болса, осы санның астында туған кісінің өмірі қиыншылық пен қайшылыққа толы. Қол жеткізген атақ-даңқ, табыстар тек тамшылатып төгілген термен, табандылықпен келген. Ол үшін талай-талай нәрселерді құрбандыққа шаласыз. Тым өзімшілдік, бірбеткейлік, менмендік сізді көп ортадан шеттетеді. Шын берілген дос адамның өзін тек жеке бастың қамы үшін пайдаланып кетесіз. Қандай жағдайда да жеңіп шығуға, үстем, өктем болуға тырысу - «1» санына орайлас туғандардың басты қасиеті. Олардың ылғи да шоқтығы биік тұрады. Егер ойланғандары іске аспай қалса, «таз ашуын тырнап алады» дегендей, төңірегіндегілерді жүндей түтеді.
Егер «2» санына орайлас тусаңыз...қорғайтын нысаныңыз (планета) – Ай. Ай жарығындай жүзіңіз нұрлы, әрдайым көңілдісіз. Тек достық шыраймен қарайсыз. Өміршеңдік, қиынның өзін қиыстырып жіберетін мизам шуақтай мінезіңіз айналаңызда көп адамды жинайды. Бәрі сізге ұмтылады. Соған орай ылғи да жолы болғыш, ештеңкені күшпен, зорлықпен алуға, белден басуға тырыспайды. Өзінен-өзі-ақ келеді.
Егер «3» санына орайлас дүниеге келсеңіз, онда - планетаңыз Юпитер. Басты қасиеті - кісіге үйірсектік. Ешкімге залалы жоқ. Жамандық тілемейді. Қайта өзімде емес, өзгеде болса екен дейтін. Шеттерінен шешен, сөзге ағып тұрады, зерделі әрі сақтар. Аяғы тайып кеткен жағдайда, қайтадан қаз тұра қойғыш, жүні жығылып, бәзбіреулерше еңсесі езіліп кетпейді. өн бойы желі оңынан соғады, қиын проблемаларды шешемін деп бас қатырып жатпайды, ал жұмыс істесе, ынта-шынтасымен беріліп істейді. Махаббат - ол үшін ауадай қажет. Көптеген белгілі әртістер осы «3» санының астында туған.
Егер сіз «4» санына орайлас тусаңыз, мәселенки, атақты киноактриса Брижит Бардо сияқты. Ол 28.04. 1934 жылы дүниеге келген. Сізді желеп-жебеп қолдайтын планета - Сатурн. Егер «4» тез байлыққа ие болса, қолдаушысы оны қашанда қуаттағаны. Еңбекте жетістікке жетсе, өз маңдай тері, табан ақысы. Жұрт қашанда оған сенім артады, бірақ достарының көбі - бәтуасыз. «Төрттіктер» - ырымшыл жандар, отбасында мәйін де жұмсақ. өйткені, өздерін ең жақын адамдарынсыз бейшара сезінеді. өмірге реалистік көзқараспен қарайды.
«5» санына орайлас туған болсаңыз... Онда сізді желеп-жебейтін планета - Меркурий. Ол планета астында туған адамдардың айырықша мінезі - тас бұлақтай шамырқанған, күш-қажыры бойында буырқанған болып келуі мүмкін. Өмір деген олар үшін - кітаптағыдай қым-қуат оқиға. Біркелкі қалыпты өмірге, мидай тірлікке төзімсіз. Сезімтал, интелектісі бай, бір қиын мәселе шешу керек болса, құлшына кіріседі. Бірақ мойнына көп жауапкершілікті ала бермейді. Жеке өз басы жауап беретін шаруа болса, жалтарып кетуге әзір. Өмірі тек қана қозғалыстан, алға жылжудан тұратын секілді. Қызметте менменсіп, шірене бергенді онша қаламайды.
Егер сіздің Тағдыр саныңыз - «6» деген сан болып келсе... Онда Венера планетасының астында туғансыз. Сіздің жебеушіңіз мықты, мақсатты іске өне бойы жетелейді. Арман-аңсар, биік мұраттарға жеткізбей қоймайды. Өмірлік мән - сұлулық, гармония - үйлесімділік. Осыдан өнерге, музыкаға, жалпы әдемілікке ұмтылыс. Сүйсіну, әуестену. Сөйте тұра, өзін сынағанды ұнатпайды, алда-жалда біреуге мін таққысы келсе, оның өзінің тігісін жатқызып, «тістерін сындырып» барып жеткізеді. «6»-ның астында туғандар - әсілі консультанттар, өз жеке өміріне үстірт қарайтындар. Бірақ айналасына үлкен сенім артады.
Егер сіз «7» санына орайлас тусаңыз, сізді қолдаушы планета - Уран. Көбіне-көп сізді ойлануға, философиялық, толғаныстарға бастайды. Ойшылықта жақсы, бірақ өз өзіңмен болып, оңашаланып қалатын да мезеттер аз емес. Жалғыздыққа да бейім тұрасыз. Техника, ғылыми-зерттеу жұмыстарында зор табыстарға жетуіңіз. «7» санының астында туғандардан таудағы ұлардай, тек жалғыз-дара тұлғалар, ұлы философтар, өнер мен сахна шеберлері, белгілі қайраткерлер шығады.
«8» санының астында жарық дүниеге келсеңіз. Қолдаушыңыз Меркурий планетасы. Осы жебеушілеріңіздің арқасында қалтаңыз толы ақша, өмірде жолыңыз болып, үлкен табыстарға қол жеткізесіз. Бай бола тұра дүниеқоңыз, ақшаның құлы болмайсыз. Егер жақын адамдарыңыздың басына күн туса, алдымен қол созатын өзіңіз...
«9» санының астында тусаңыз егер... Желеп-жебеушіңіз - Нептун. Мінезіңіз, осы айбынды су Құдайындай сан-құбылады, аумалы-төкпелі. Жеке басының жағдайына онша-мұнша мән бермейтіндері де бар. Көшкен қаңбақтай, өмір толқынында домалай береді. Кейде аспандағы айға шауып әлек. Онысынан түк шықпайды, өз ортасынан бөлініп, сопайып жалғыз қалады.
4. Жұмбағы көп, құпиялы сандар
Сырғанаған уақытты не тоқтата алмайды немесе оның шеңберінен тыс өмір сүре алмайды. Яғни өмірінің ұзақтығы, ішіп-жегені барлығы да санмен өлшенеді. Тіпті ағзасының әрбір клеткасы, қанының құрамы мен сүйегінің салмағына дейін есептеулі. Міне, осы секундтармен, ай, жылдармен өлшенетін адамның өмірінде сандардың атқарар өз рөлі бар. Осы сан алуан сандардың сіз білмеген, біз білмеген сырлары көп екен.
Тұлғалар тағдырының ұқсастығы
Фашизмге дем берген Гитлер мен Наполеонның өзара ұқсастықтары бар. Екеуі де жаулаушы, екеуі де Ресейге қарсы соғыс ашып, жеңе алмаған. Түрлі төңкерістер кезінде тарих сахнасына шыққан екі тұлғаның әрбір іс-қимылы мен өмір оқиғаларының арасы дәлме-дәл 129 жылды құрайды екен. Наполеон ел көзіне 1789 жылы Үлкен француз төңкерісі кезінде түссе, Гитлер 1918 жылғы төңкерістер қарсаңында таныла бастаған. Адольф Гитлер сол жылы Эвре и Мондидье түбінде ерен ерлікпен күрес жүргізгені үшін арнайы марапатқа да ие болған. Осы екі төңкерістің арасы 129 жыл. Наполеон 1804 жылы өзін император етіп жариялайды. Ал Гитлер 129 жылдан кейін, яғни 1933 жылы рейхсканцлер болып тағайындалады. Дәл сондай 129 жылдық айырмашылықпен екеуінің өмірінде мынадай оқиғалар болған. Наполеон Венаны 1809 жылы, Гитлер Австрияны 1938 жылы алады. Француз әміршісі Ресейге 1812 жылы соғыс ашса, неміс ұлтшылы КСРО-ға 1941 жылы соғыс ашты. Біріншісі 1815 жылы Ватерлоо түбінде жеңіліс тапса, немістер 1944 жылдан бастап шегіне бастаған. Міне, осындай ірі оқиғаларының арасы артық-кемі жоқ 129 жылды құрайды. Екі тұлғаның өміріндегі бұл оқиғалардың 129 жылдан кейін қайталанып отыруы кездейсоқ болмаса керек.
Бір қызығы, олардың туған жылдары мен өлген жылдарына бұл санның еш қатысы жоқ. Десе де, екеуінің мінездері ұқсас болған көрінеді. Екеуі жас кезінен түрлі қозғалыстарға қатысып, алға қойған мақсаттарына жетпей қоймайтын, әр нәрсеге салқын-қандылықпен қарайтын, қатыгез жан болған. Сондай-ақ екеуін де кезінде өз ортасы қабылдай қоймаған екен. 129 санының кездейсоқ түспегеніне шын сенгендер «Гитлер қайтыс болған соң тура 129 жылдан кейін тағы бір жаулаушы дүниеге келуі әбден мүмкін» деп болжап отыр. Бірақ Наполеон мен Гитлердің қайтыс болған жылдарының арасы 129 жылға жетпейді, екеуінің туған жылдары да әртүрлі. Демек, тағы бір қатал жаулаушы диктатор дүниеге келеді деп алаңдаудың еш реті жоқ. Мұндай ұқсастық кезінде билік еткен Франция корольдері Әулие Людвик пен ХVI Людовикте да болған екен. Ол екеуін байланыстыратын сан - 539. Әулие Людовик 1215 жылы туса, 1754 жылы ХVI Людовик дүниеге келген. Екеуі де 16 жасында үйленіп, 20 жасқа шыққанда таққа отырған. Алғашқысы өз еркімен 39 жасында тақтан бас тартқан болса, екіншісі 39 жасында қайтыс болған. Міне, осы жылдардың арасы 539 жыл. Дәл осылайша тағдыры егіз екі билеуші бар. Олар АҚШ президенттері - Авраам Линкольн мен Фицджеральд Кеннеди. Олардың тағдырындағы айырмашылық - 100 жыл. Бұл тұлғалардың өмірінде де таңғажайып бір-біріне ұқсас оқиғалар көп. Мысалы, Линкольн сайлауға 1846 жылдары түссе, Кеннеди сайлау науқанына 1946 жылдан бастап қатыса бастаған. Ел билігіне біріншісі 1860 жылы, Кеннеди 1960 жылы келіпті. Бір қызығы, Линкольннің хатшысының есімі Кеннеди болса, Кеннедидің хатшысының аты керісінше, Линкольн болған екен. Екеуі де әйелдерінің көзінше, жұма күні оққа ұшқан. Тіпті олардың өміріне қатысты адамдардың өзара ұқсастықтары бар көрінеді. Мысалы, билеушілердің қазасынан кейін билікке келген екі президенттің тегі Джонсон болған. Линкольннан кейін таққа отырған Эндрю Джонсон 1808 жылы дүниеге келген болса, Кеннедидің ізбасары - Линдон Джонсон 1908 жылы туған. Ал бірінші билеушіні оққа ұшырған Джон Уилкс 1839 жылы туса, Ли Харви Освальд 1939 жылы туған. Қастандық жасаған екеуі де театрға тығылған және екеуі де соттан бұрын өлтірілген. «Екі президенттің өмірінің егіз болуы қарапайым сәйкестік емес. Мұндай сандардың бұққан сыры бар» дейді кейбір зерттеушілер. Бірақ кім біледі, екеуінің ізін басар болашақ президент туып қойған да болар. Ендеше, 2060 жылды күтейік. Алайда АҚШ билігіне келетін ол мұрагердің тағдыры алдыңғы екеуінікіндей болмай-ақ қойсын деп тілейік.
Сондай құпиялы санның бірі - 11
Ежелгі Мысыр жерінде тұрған әйгілі Сфинкс пирамидасы 11 санының өлшем бірлігімен салынған екен. Егер ғимараттың аумағы мен биіктігі, қабырғаларының ұзындығы мен енін өлшесе, 11-ге қалдықсыз бөлінетін сан шығатын көрінеді. «Сфинкс жұмбағы» атты кітапта зерттеушілер Г.Хенкок пен Р.Бьювел «Сфинкспен бірге Гизада орналасқан пирамидалар өлшемінің 11 санына тікелей қатысы бар» дегенді жазады. Он бір демекші, осы сан - америкалықтар үшін ең қаралы сан. 2001 жылы, тоғызыншы айдың 11-де болған трагедия бүкіл әлемді қан жылатты. Бұл қастандықтың дәл 11 қыркүйекке жоспарлануын көпшілік қарапайым сәйкестік деп есептемейді. Өйткені 11 қыркүйектен кейін жылдың аяқталуына 111 күн қалатын көрінеді. Ал бірінші болып ғимаратқа соғылған ұшақ 11-рейспен ұшқан. Сондай-ақ егіздерін мақтан тұтқан Нью-Йорк қаласы кезінде Америка Құрама Штаттарына 11 болып, дәл 11 қыркүйек күні қосылыпты. Өзі де он бірге ұқсап тұрған егіз ғимарат 11-этажға дейін қопарылған. Ал теракт болған жерге бірінші болып көмекке келген от сөндіруші көліктің 11 адамы қаза болыпты. Аңғарсаңыз, осындай құпиялы сандар көп. Бірақ ғалымдар мен зерттеушілер мұндайға көп сене бермей, бұған тек кездейсоқтық деп қарайды. Десе де, «кездейсоқтықтың өзі кездейсоқ емес» деген сөз бар емес пе?! Иә, өмірдің өз формуласы мен уақыттың өз есебі бар. Адам өмірінің өлшеуішіне айналған уақыт өзінің жүрісінен жаңыла қоймас.
5. Мүшел жас
Ата-бабаларымыз туған күннен бастап, өсіп-өркендеуде қауіпті жылдар деп, мүшел жылды ерекше атаған. Бұны мүшел жас деп те атайды. Мүшеліге байланысты Өтейбойдақ бабаның "Шипагерлік баянында":
Мүшел тектеп құшқаны он екі жыл,
Он үш жастық қосылғы мерзеттік қыр.
Мақұлұқат атауымен айтылғанмен,
Түпкілігі пенделік мінездік сыр.
Кейбіреулер шенеуді шелдей көріп,
Елді арбап, кеудесін көрсетіп жүр.
Миың болса басыңда көзің жеткіз,
Ата-баба атына келтірме кір,-
деп қисынын таппағы шарт дей келе, мүшелі жас жәй уақытта да, науқас-танса да қауіпті екенін, одан сақтануды ескертеді ("Ш.Б.". 174-6).
Алғашқы мүшел – он үш жас, бұл адамның балалық шағы. Одан кейінгі 25 жас – жігіттіктің алғашқы сатысы, 37 жас – адам өміріндегі ең басты мүшел, 49 жас – бұл адамның даналыққа аяқ басатын кезеңі, 61 жас – адамның даналығы артып, өзінен туған балаға сын көзбен қарап, өзі де тәубеге келетін кезең. Бұл мүшеліге толған адам кәрілікті мойындауға аз да болса, көңіл бөледі. 73 жас – бұл мүшел кәріліктің мойынға мініп, аяғын тұсап, отырса – тұруы, тұрса – отыруы мұң, жатса ұйқы жоқ, адамның діңкесі құрып "айхай, жас кезім-ай" деп көкірегі қарс айырыла күрсініп, дөңбекшіп барып ұйықтайтын кезең. 85 жас – бүл мүшел де адамның айдай басы қатып, өзінен кейінгілерге бала құсап ұрсып, жеген тамағын жеген жоқпын дейтін өкпелегіш кезең. Сол үшін де халық «күлсең кәріге күл, бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар» деген. Бұдан ары 97, 109 т.с.с. болып мүшел жас жалғаса береді.
Адам пендесіне ризық теруіне сай, несіптік ризықтық мүшел жас – 25, 37, 49, 61, 73 жас болып есептелінген. 13, 85, 97, 109 т.с. жасты – еркелік мүшелік жасқа есептеп, күнәсіз жасқа балаған. «Қартайшақ бір балалық, туылғанда нақ балалық» (Ө.Т."Ш.Б.". 172-бет) деп бағалады. Ал 61 мен 73 жас жарты күнәлік деп есептелінді.
Өтейбойдақ баба, егер жас айырмасы үш жастан аспаса – тумалас, бес жастан аспаса – құрбылас немесе замандас деу керек депті.
Әр адам мүшелі жасқа толған сайын садақа беруді, елге қайырымды болуды, ата-баба әруағына дұға оқытуды білгені дұрыс. Құдай жолында жесір-жетімдерге құдайы тамақ беріп, әруақтарына дұға арнап окыту сауаптың сауабы болмақ. Алла тағаланың "Сақтансаңдар мен де сақтаймын" дегеніндей, сақ болыңыздар. Жұлдыздар құдіретін білген көшпенді халык өздеріне тән жұлдызнамалық кестесін жасап отырды. Қазір біз Балық дәуірінен ақыл-ой дәуірі Суқұйғыш дәуіріне қадам тастауға жақындап келеміз. Ақыл-ойдың құдірет жұлдызы арам пиғылдардың бәрін жарық сәулесімен күйдіріп жоғалтпақ. Арам ниеттер күрып, оңкей таза ниетті ақыл-ой иелері омірге келмек. Сондықтан да, мына сан ғасырлық көшпенділердің тәжірибесі негізінде жасалған жұлдыз-намалық кестені де білген артықтық етпейді.
Қорытынды
Аңызға қарағанда, Пифогор заманында жасалған тағдырнама кестесін - сол заманындағы таңдаулы аз ғана адамдарға белгілі ілімнің осы кезге бізге жеткізуі қайран қалдырады. Пифогордың кестесінде біздің әрқайсымыздың қандай адам екенімізді, тайға таңба басқандай айқын көрінеді. Біздің әрбіріміздің қасиет-дарынымыз сол туған күніміз бен жылымызда жатыр. Бірақ туғаннан бізге табиғат сыйлаған қасиетті қалай жүзеге асыруымызға, адамның қандай ортаға, қандай жағдайға тап болуына байланысты болады. Егер ата-анамыздың қолында осы кесте болған болса, онда олар өз балаларын табиғи жаратылысына лайық тәрбиелеп, дүниеде біркелкі болып, талантсыз адамдар аз болған болар еді. Барлық адамдар туғаннан өз номерін алып туып, белгілі бір мінез-құлыққа ие болады. өз сандарыңызды есептеп, кестені пайдалана отырып, сіз өзіңізге табиғаттың қандай қасиет сыйлағанын біле аласыз.
Қазақ халқы нумерология ғылымына бей-жай қарамайды. Керісінше нумерология ғылымына қызыға карайды. Нумерология математика саласының бір тармағы болып табылады. Нумерологияның-адам өміріндегі маңызы зор. Түсінікті тілмен айтсақ адам өмірінде зор роль атқарады.
«Сандар әлемді басқармайды, бірақ қалай басқару керектігін үйретеді», - деп ойшыл әрі ақын Гете айтқандай, сандар төңірегінде үлкен сыр бар екені шын. Әр санның астарында белгілі бір ойдың барына шүбә келтіре қоймаспыз. Дегенмен, сандардың құпиясын ашуға ұмтылып, тек сол сырдың жетегінде жүру жөн бола қоймас.
Мен, нумерология ғылымы туралы түсінік беріп кеттім. Осы ғылыми-жобанының арқасында өзім де нумерология ғылымы туралы ақпараттар жинап,түсіндім. Алдағы уақытта нумерология ғылымы дамып, одан әрі көркейе береді деп сенемін!
Ұсыныстар:
1. Сандар жайлы киелі ұғым бар екені баршаға аян, олай болса олар жайлы жорамал жасау қолға алынса;
2. Ұлттық ерекшелігімізге байланысты қолданылатын сандық ұғымдар құиясы мектептің тәрбие саласына арнайы енгізілсе.
3. Қазақстан Республикасында «нумерология» ғылымы дамымаған, осы ғылымды біздің елімізде дамытуды қолға алса.
Қолданылған әдебиеттер
Аюбай Құралұлы. Ұлттық дүниетаным. Алматы, 2002 78б
С.Елбаев, Н.Шәкуов. Математикалық кеш. Алматы, 2001
В.Серпинский. Жай сандар туралы білетіндеріміз бен білмейтіндеріміз. Алматы, 2007
Уәлиев Н. Жұмбақ сандар/Жалын.1988.108б
Киелі сан есімдер әлемі «Шоқан тағлымы»-8.2003. 33б
Ахметжанова Ф.Р.,Дүсіпбаева Қ.С. «Қасиетті сандар қатысқан қазақ ескіліктері» 2001
Қырық қазына. Ә.Доспанбетов Алматы 1987
Бақытбек М «Жас Алаш» газеті Алматы 2001
Математикада жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстар. Абдуллаев И.М., Көкенова Ж Алматы – 1974
Қайдар Ә.Т. Халық даналығы-Алматы- 2004,565б
А.Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі – Алматы 1958,340б
Дүсіпбаева Қ.С Қазақ ескіліктерінің сандар жүйесіндегі тілдік көріністері Фил.ғыл.канд.алу үшін дайынд.дисс.авторефераты А,2001