Просмотр содержимого документа
«?аза? хал?ыны? ?лшемдері »
Қазақ халқының өлшемдері.
Өлшем – мөлшер, мөлшердің сандық бірлігі. Мөлшерсіз дүние жоқ. Әлемнің де, табиғаттың да өзіндік жарасымды өлшемі, мөлшері бар. Өлшем - өндірілетін өнімдердің, күнделікті тіршілік-тұрмысқа қажетті заттардың сандық және сапалық көрсеткіші, оның ұзындық, қалыңдық, көлемдік, сондай-ақ жол сапарға байланысты оның қашықтық мөлшері бар. Бұл замандағыдай дәлдік өлшем аспап-жабдықтары жоқ ертеде мөлшер негіздеріне қоршаған орта көріністері, төңіректегі табиғи заттардың, бүтін бітімі немесе бөлігі, еңбек құралдарының үлгісі, мал өрісі көші-қон шегі, өзге де материалдар сандық және салыстырмалы түрде, сондай-ақ адамның дене тұрқы да алынған. Қазақ даласының ерте дәуірінде бастау алған байырғы өлшем бірліктерінің атаулары бүгінгі ұрпақ құлағына жат естіліп, ұғымына қабыспауы мүмкін. Әйтсе де ата-бабалар өткен жол – тарихи тәлім, өнеге.
1) Жылдамдықты: қас-қағым сәт, бір жылт еткен ғұмыр, көзді-ашып жұмғанша.
2) Уақытты: сүт пісірім, шәй қайнатым, бие сауым, ат шаптырым, қозы көш жер, кешке дейін, түнге дейін деп білген.
4) Семіздік, яғни жылқы малын өлшем бірлігімен: кере қазы, сере қазы, табан қазы, би қазы, шынтақ қазы – деп анықтап отырған.
Мысалы:«бір қыдыру жер», «түстік жер», «айшылық жол» деген сөз тіркестері қашықтықты білдіреді. Шығыс халықтарының көбісінде ең кіші салмақ өлшеміне арпа дәні алынған. Кейбір жазба әдебиеттерде сақталған мәліметтер бойынша арпа дәні алтын мен асыл тастардың салмағын теңеуге арналған қазыналық өлшем ретінде қолданылған. Оған қарағанда бір арпа дәні шамамен 45 мг болған. Басқа жерде осы арпа дәні ұзындық өлшемі ретінде де пайдаланылған. Ал арпаның алты дәнінің еніне тең өлшем бармақ деп аталған.
Сондай-ақ уақыт мөлшерін болжауға Күннің, Айдың немесе басқа да аспан шырақтарының көкжиекпен салыстырғандағы орны алынған. Егін шаруашылығымен айналысатын аймақтарда уақыт мөлшерін судың белгілі бір ыдыстан ығысып шығу мерзімі бойынша анықтаған. Жетілдіріле келе бұл ыдыстар су сағатына айналған. Мұндай бірліктердің басым көпшілігі адамның көзбен шамалауымен, жұмсалған күш сезімімен, белгілі бір қашықтықты жүріп өту мерзімімен мөлшерленген. Сондықтан халық арасында жылқыға байланысты «ат шаптырым жер», «бие сауым уақыт», «екі елі қазы» тәрізді қашықтықты, уақытты, қалыңдықты білдіретін өлшемдік мәні бар сөздер жиі айтылады. Халық арасында сұйықтықты (қымыз,шұбат, т.б.) сақтайтын көнек, жанторсық, торсық, мес, саба тәрізді мал терісінен жасалған ыдыстар сол сұйықтықтың мөлшерін шамалауға жиі қолданылған. Мысалы, торсыққа жеті – сегіз аяқ (литр) қымыз сыйса, местің сыйымдылығы екі жарым – үш торсыққа тең.
Орта Азия мен Қазақстанда ұзындықтың ең көп тараған байырғы өлшемдері қолдың қары немесе қары – кеуденің орта тұсынан кере созылған қолдың ортаңғы саусағының ұшына дейінгі аралыққа (80 – 85 см шамасы) тең ұзындық бірлігі. Кейде оң иықтан бүкіл кеудені бойлай өтіп, кере созылған сол қолдың ортаңғы саусағының ұшына дейінгі аралық та (шамамен 1 м) қары ретінде алынады.
Қарыс – толық жазғандағы бас бармақ пен шынашақ ұштарының арасына тең ұзындық (шамамен 19 – 20 см) бірлігі. Ол тұрмыста, құрылыс жұмыстарында пайдаланылған. Мысалы, киіз үйдің уығы он екі – он алты қарыс мөлшерінде жасалады.
Қарыстың туынды бірлігі – сүйем, ол кере созылған бас бармақ пен сұқ саусақ ұштарының арасына тең (шамамен 17 – 18 см). Ал бармақ пен бүгілген сұқ саусақтың арасына тең өлшемді сынық сүйем дейді. Сүйем – шамамен аршынның ширегіне (төрттен бір бөлігіне) тең. Елі – сұқ саусақтың еніне тең ұзындық бірлігі (шамамен 2 см). Қазы майының қалыңдығы, ою-өрнектің мөлшері, т.б. елімен өлшенген.
Буын – ортаңғы саусақтың ұшынан оның ортаңғы буынына дейінгі аралыққа тең ұзындық (шамамен 5 – 6 см) бірлігі. Сәулетті сарайлар мен түрлі ғимараттардағы ою-өрнектің мөлшері осы буынмен өлшенген. Ол тігін, киім пішу жұмыстарында да қолданылған.
Қадам – адамның бір адымына тең ұзындық (шамамен 60 – 70 см) бірлігі. Құлаш – иық деңгейіне сәйкес кере созылған екі қол ұшының арасына тең ұзындық бірлігі.
Орта Азия мен Қазақстанда кеңінен тараған кейбір салмақ өлшемдері:
Табақ – шамамен он екі орыс фунтына тең салмақ бірлігі. Ол үлкен табақ (шамамен 11,7 – 12 кг) және кіші табақ (шамамен 3,9 – 4 кг) болып екіге бөлінеді. Үлкен табақ астық салығын төлеу кезінде, ал кіші табақ сауда-саттық, алыс-беріс жұмыстарында қолданылған. Қап – негізінен астық мөлшерін өлшеуге арналған салмақ бірлігі. Ол Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс аудандарында шамамен 65 – 66 кг-ға, ал кей жерлерінде алты пұтқа (96 кг), тең болған.
Батпан – Ресейдің шет аймақтарында (негізінен азиялық бөлігінде) пайдаланылған салмақ бірлігі. Көне орыс жазбаларында ол 10 фунтқа тең делінеді.
Қадақ – ертедегі шығыс елдерінің көбісінде қолданылған салмақ бірлігі. Ол Еуропада кең тараған фунт өлшеміне сәйкес келеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақ жұмбақтары.-Алматы,Қазақ мемлекеттік көркем-әдеби баспа.1959.
2. Дүйсембінова Р.Қ. Мектеп этнопедагогикасын мектеп практикасына
ендіру.-Алматы: «Ғылым» 2000.
3. Қазақтың көне тарихы.(Дайындаған М.Қани) – Алматы.«Жалын»,1993
4. Қазақтың байырғы қара есептері.С.Елубаев-Алматы 1996
5. Қырық қазына.Ә.Доспамбетов-Алматы 1997
6. Қазақ халқының салт-дәстүрі.С.Қалие,М.Оразаев-Алматы 1994.