Просмотр содержимого документа
«Мұхтар Шаханов шығармаларындағы тарихи оқиғалардың суреттелуі»
Сахарада сайран салып, ұшқан құстай еркіндікте бұла өскен, ерлікті тірлігіне ту еткен намысқой жырауларға ел үшін өлу бір тамаша бақыт, мұрат секілді. Елдің бірлігін ойлап күңіренген де, азаттықты аңсап айқасқа шақырған да ақындар, хандарға ақыл берген де ақындар. Уақыт, заман өзгерді. Абайдан бастау алып, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев секілді жанкешті ұлтжанды ақындар тұтас бір дәуірдің қоғамдық ой-санасын қалыптастырды. Мең-зең ұйқыда жатқан халықты оятып, азаттыққа шақырды. Рас, бұл өте қатерлі жол еді. Гомердің «Иллиадасындағы» біркелкі ұзақ ғұмырдан бас тартып, қатерлі де даңқты қысқа ғұмырды таңдап алған Ахилес секілді, олар да осы бір тар жол тайғақ кешуді өз еріктерімен таңдап алды. Алайда, 1937 жылғы қанды репрессия өзінің қаскүнем рақымсыздығымен ет пен сүйектен жаралған өзекті жанның иманына қысым қылған, тарихта теңдесі жоқ нәубет еді. Осы кезден бастап бір халықтың жүрегін ұшырған ұлттық үрей басталды. Ол санаға, қанға сіңіп, өзіңді ешқашан тастамайтын ғашық жарыңдай күндіз қасыңда, түнде құшағында болды. «Ұлтшыл» деген ат жер бетіндегі ең үлкен қарғыс болып қалыптасты.
Содан кейінгі жағдай баршамызға белгілі. Жалаң қылыш идеалогиясының тұсында поэия өзінің ұлттық нәрінен айырылып, жағымпаз жарапазаншы кейпіне түсті.
Бірақ осы тұста поэзия мүлде болмады десек, тарихқа қиянат болар. Соқыр шырақтай жалп-жалп еткен киелі өлең әлі біржола сөнген жоқ еді. Әр тұстан, әркімнен, әр жылдары әрқалай қылаң беріп қалып жүрді. Шындықты айту оңайға түскен жоқ. Қадыр ақынның «Өткізу үшін шындықты, өтірік қостым ішіне», - деуі осындай қиындықты бастан кешіргендіктен болар.
Үш жүз жыл отарлау саясатының қанды шеңгелінде күн кешкен, «жан менікі дей алмай, мал менікі дей алмай» тілін, дінін, ділін ұмыта бастаған халқымыздың зарын айту – басты бәйгеге тігумен бірдей еді.
Бұл күнге азаматтығын, поэзиясын күллі әлем мойындаған Мұхтар Шаханов – осындай басын бәйгеге тіккен ақындардың бірі.
Қоғам тіршілігін майданға теңесек, Мұхтар ең алдыңғы шепте, оқтың өтінде, өлімге бас тіккен жанкешті жауынгер секілді.
Ұлтының өр рухты ұлдарының бірі М.Шаханов жайлы сыр шертпеген, ой толғамаған қаламгерлер кемде-кем шығар. Шабыты дария, шығармалары сан-саланы қамтыған Мұхтар аға жайлы қанша мадақ сөздер айтсаң да, жыр шумақтарын арнасаң да аздық етері сөзсіз.
М.Шаханов халқы үшін түймедағы өсімдігі секілді. Өткені түймедағы өте шипалы, емдік қасиеті көп өсімдік. Ол бір жылдық, көп жылдық болып өседі. Түсі ақ, сары, қызғылт. Гүл шоғырын жасап сыйлауға да болады. Дәрілік қасиеті де өте жоғары: тер шығарады, сіреспе, асқазан, бас ауруларына мың да бір ем. Бұл гүлді тектен-тек Мұхтар ағаға теңеп отырған жоқпын. Мұхтар да елдің қай жері ауырады, қай жағы ақсап жатыр, сол жерден табылады. Емші ауруды емдесе, Мұхтар аға – халық толғандырған мәселені дөп басып, елдің мұңын емдейді.
М.Шаханов орта ғасырда өмір сүрген Әмір-Темірдің пендешілік істерін, алты ай бойы Отырарды ала алмай қаһарына мінген Шыңғысханның зорлық-зомбылығын, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының халқымызға тигізген орасан зор зардабын, кешегі 1986 жылғы қазақ жастары бас көтерген Желтоқсан көтерілісінің тарихи мән-мазмұнын көптеген шығармаларына арқау етті. Оқырман қауымға тарих беттерін парақтай отырып, дұрыс жолды көрсетіп тарихи тұлғалардың шынайы бет-пердесін отты жырларымен суреттеп берді.
Дарын танылды. Адал күш танылды. Ар-намыс танылды. Бұл ақынымыздың әрбір шығармасын оқығаннан кейін, азды-көпті ойланбай қала алмайсың... Ой мен сезімге недәуір жүк түседі... Тек автобуста келе жатып оқыма, шай ішіп отырып оқыма, басыңды жастыққа сала беріп оқыма, өйткені оның әрбір жолы қадағалап оқуды керек етеді» - деп өз кезінде айтып өткен Ғабит Мүсіреповтың даналық сөзі бүгінгі күнмен де үндесіп жатқандай.
Мұхтар Шаханов поэзиясының арқауы - ана тілінің тағдыры, ұлтының, халқының тағдыры. Ақынның:
«Тарихың тұр санаңа өткел тастап,
Өз тілінде ойлау, сөйлеу тоқталған сәттен бастап.
Бүкіл баба рухымен байланысың кесілер,
Тағдырыңнан ата ғасыр шамын солай өшірер.
Қатеңді әбжіл түзетпесең, толыққанды жоқ тірлік.
Біз бабалар сүйегіне, сеніміне бас құрдық.
Бас құрдық та ұлтсыздық кеңістікке ат бұрдық.
Өз тіліңді жерсінбеудің, өз анаңды менсінбеудің,
Арсыздығы қай дәуірде болып еді тапқырлық?
Ол – рухани мүгедектік әрі ұлттық сатқындық» -деген жолдарын әлемнің жиырмаға тарта елдердің алдыңғы қатарлы гуманистері қолдап, қуаттаған.
Шындығында да, «Сейхундария», «Күретамырды іздеу», «Нарынқұм трагедиясы», «Жеңілген жеңімпаз хақындағы Отырар дастаны немесе Шыңғыс ханның қателігі» поэмаларының қай-қайсының да негізгі идеясы, өзегі – халқының тарихын қорғау, ұлыларын ұлықтау, адамшылық қасиеттерден арылмау. Мұхтар Шахановтың сөзімен айтсақ: «Өйткені қай елде болса да, ана тілін, туған тарихын сыйлау – туған анасының жүрегіне жол табумен бірдей».
М.Шаханов қоғамда болып жатқан оқиғалардан, саяси, әлеуметтік мәселелерден шет қала алмайды.
М.Шаханов қазақ тарихына бойлай отырып, ақ пен қараның аражігін ажыратуға жанын сала кіріседі. Кеңестік идеология әсерінен оң бағаланбай келген кейбір тарихи кезеңдерді, тарихи тұлғаларды шынайы бейнелеуге барынша күш салады. Мысалы, «Әмір-Темірдің соңғы өсиеті» өлеңінде
...Бас қолбасшы Самарқанның бас көшесі бойында
Ескерткіш боп биіктеп тұр, берілгендей пайымға,
Берілгендей уайымға,
Ғасырыңда есепсіз көп қан төккені жайында,
Бірақ ұлы бір мінезді салт еткені жайында...
Нән бәйтерек әлдене деп сыбырлайды қайыңға...
Ханның соңғы өсиеті,
Сөзге айналған қасиеті
Алты жүз жыл өткеннен соң, кәне, кімнің ойында? – деп Әмір-Темірдің қазақ үшін есепсіз шығын келтіргенін ашына жырлайды.
«Аңыз адам» журналында № 04 (16) ақпан 2011 ж. берген сұхбатында осы ойын нақты дәлелдермен келтіреді. «Бүгінгі күн тұрғысынан саралағанда Әмір-Темірдің екі бағыттағы қадамының түркі әлемі болашағына елеулі деңгейде залалын тигізгендігін жоққа шығаруға болмайды. Оның біріншісі Мәскеуді шабуға бет алған Тоқтамыс ханға ту сыртынан келіп соққы беруі. Ақсақ Темір жорығының соңы Алтын Орданың әлсіреуіне оған кереғар, Ресейдің аяғынан тік тұруына алып келді. Кейіннен қазақ халқының және басқа ұлттардың ұзық жылдар бойына бодандық қамытын киюіне ұласты. Екіншіден, Еуропаға қамшы үйіріп тұрған Йылдырым Баязидті талқандап, түркілерді билеу ниетіндегі соңғы қадамына біржолата балта шапты. Соның зардабын біз әлі күнге дейін тартып келеміз.
Қазақ тарихында қазақтың зиялы қауымында кімнің кім екенін айқындайын 1986 жылдың желтоқсаны еді.
Бұл шын мәнінде бұрынғы кеңестер одағындағы демократиялық қозғалыстардың алғашқы қарлығашы еді. Жылдар бойғы іште жиналған төзім запыраны бір-ақ күнде бөгетті бұзған тасқын судай ақтарылды. Студент жастар ұлт мүддесін тұңғыш рет күн тәртібіне ашып қойды. Бірақ әміршіл-әкімшіл үкімет бейбіт демонстрацияны армия күшімен жаныштай басты да, тап баяғы 30 жылдардағыдай сұмдығына наза бойламайтын репрессия аппаратын іске қосты. Бір ауыз сөз бүкіл тағдырыңды айқындайын, бір ауыз өсек болашағыңды талқандайтын заман болды. Үрей қайта оралды. Осындай бір қиын кезде, қара бастың қамын ойлағаны үшін ешкімді де кіналауға болмайтын кезде желтоқсан оқиғасының құрбаны боған жазықсыз жандардың жоқшысы болып, өз тағдырын қылыштың жүзіндей қатерге байлап, халық назарының биігіне ақын Мұхтар Шаханов көтерілді. Оның бұл ерлігін қазақтың белгілі ақыны Есенбай Дүйсенбаев былай деп жырлап еді:
Ұлылықты үндемеу деп ұққан бар,
Ұлт перзенті бола алмайды бұққандар.
Жалаңаштап тартып алға жүрегін,
Ақиқатты айтып өткен Мұхтарлар.
Рас, қазақ халқының тарихында 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінің орны бөлек екені ақиқат. Ащы қасіретті алғаш рет 1988 жылы 2 қыркүйекте Қазақстан Жазушылар Одағының пленумында, сосын 1989 жылы 2 маусымда Кремльдің Съездер сарайында бүкіл әлемнің назарын аудартып, әлемдік деңгейде көтере білген де Мұхтар Шаханов еді. Егер Мұхтар ағамыз осы мәселені шырылдай көтермегенде «жабулы қазан жабулы күйінде» қалуы әбден мүмкін еді...
М.Шахановтың жан айқайы жырларында да көрініс тапқан. «Желтоқсан тағлымы» атты ән–өлеңінде қазақ жастарының үніне үн қосып, ағалық қолдау көрсетеді.
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, жас қайратым, жас өркені халқымның!-деп жүрек толғанысын өлеңмен жеткізеді.
Күрескер ақын Желтоқсан көтерілісінен түйген ой қорытындысын былайша түйіндеген екен: «Өкінішке орай Желтоқсан шындығы үшін болған «шайқастар» біздің әлі де үлкен ұлттық мүдденің төңірегіндей бір кісідей тізе қосып, қауымдық ортақ мінез көрсете алмайтынымызды дәлелдеді. Әсіресе, аға буын өкілдері арасында ел мүддесінен өз мансабын жоғары қоятын сөзі мен ісінің арасындағы елеулі айырмашылық жүретін, әрі онысын керемет шеберлікпен жұрттан жасыра білетін адамдардың көптігі мені қайран қалдырды. Егер біз заман саясаты тудырған осы жалтақ, қорғаншақ мінездің тамырын балталамасақ, бұдан да зұлмат күндеріміз алда болмақ.» Ақынның «Желтоқсан алаңы» өлеңінде
Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер...
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер... – дей келе Желтоқсан құрбандарының ешкім, ешқашан үркіте алмайтынын, оны есімізге мәңгілік салып тұрушы – өршіл рухпен жырлайды.
Бұл күндер Мұхтар өз талантын алыс–жақынға түгел танытқан беделді де белді ақын, белсенді қоғам қайраткері – халық депутаты. Оның Аралды құтқару тұрғысында, ұлтымыздың басқа да көкейтесті мәселелелері жайында көрсеткен қажыр–қайратын қалың қауым жоғары бағалады. 1992 жылы Бразилияның Рио де Жанейро қаласында дүние жүзі мемлекет басшыларының үлкен жиынында Мұхтар Шахановқа Біріккен Ұлттар Ұйымы Қоршаған Орта Бағдарламасының «Ғалам – 500» сыйлығы беріліп, есімінің алтын кітапқа енгізілуі күрескер ақынымыздың, оның азаматтық істерінің әлемдік деңгейде мойындалуы еді. Жақында газеттер Жапонияда Мұхтар Шахановтың екі томдық шығармалары ХХ ғасырдың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың алғы сөзімен жарық көргенін, осы оқиғаға орай өткізілген поэззия кешінде бір топ жапон оқырмандарының Шаханов өлеңдерін жатқа айтқанын жазды. Мұны қазақ ұлтының, қала берді қазақ өлеңінің абыройы демеске хақымыз бар ма?
М.Шахановтың заманымыздың өр рухты, қайсар да батыл ұлы ақын екендігіне көз жеткізе отырып, оның шығармаларымен үнемі сырлас болуға деген құштарлық сезімін дарыту арқылы ғылыми тұрғыда жүргізген ізденісіме алып келуге болады. М.Шаханов – сан қырлы талант, елінің ардақтысы, тарихының жанашыры, нағыз «сегіз қырлы, бір сырлының» өзі. Демек, жылылықты сезінген жер ана, тылсым дүние, тіршілік иелері дарынды мойындап, поэзия тілінің тәлімін еңкейген қария мен еңбектеген балаға дейін сезінгені шындық.
Еңбекпен келген даңқ – ақын үшін үлкен бақ. Бірақ нағыз ақын қашанда халқы бақытты болғанда ғана өзін бақыттымын деп ойлайды.
Ақын болу оңай деймісің қарағым,
Аузында жүру бұл өзі сыздаған барлық жараның – деп оның үзеңгілес ағасы Төлеген Айбергенов айтқандай Мұтар Шаханов өз халқының барлық сыздаған жарасының аузында жүрген ақын. Қалың қауымның ол дегенде ішкен асын жерге қоятыны да сондықтан. Қаламгер үшін де бұдан үлкен бақыт болуы мүмкін емес.