Просмотр содержимого документа
«Калиева С.С. "Шәкәрімнің прозалық туындылары"»
Шәкәрімнің прозалық туындылары
Сабақтың тақырыбы: Шәкәрімнің прозалық туындылары
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Білім алушылардың Ш. Құдайбердіұлы туралы білімдерін тексеру, дамыту, рухани - адамгершілік қағидаларымен танысу, Шәкәрімнің өмірбаянын тереңірек біліп, Абай шығармашылығы ұқсастықтарымен ұштастыру.Шәкәрім шығармашылығының табиғатын таныту, тұлғасын толыққанды қарастыруға күш салу, ақынның қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында алатын орнын, маңызын терең таныту.
Дамытушылық: Білім алушылардың қоғамға деген өзіндік көзқарастарының қалыптасуына ықпал ету, өз ойларын еркін, нақты жеткізе білуге баулу, тіл байлықтарын шыңдау, өзін - өзі дамыту арқылы, өз ісіне жауап бере алатын адал қызмет атқаратын, бәсекеге қаблетті тұлға тәрбиелеу.Оқушылар дүниетанымын кеңейту, ой ұшқырлығына баулу. Оларды шығармашылыққа, өз ойын әдеби тілмен өрнектей білуге жетелеу, әр шығарманың тақырыбын, идеясын ашып эстетикалық, идеялық мәнін түсіне білугеұмтылдыру.
Тәрбиелік: Ақын шығармалары арқылы білім алушылардың рухани байлығын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, жаман мінезден аулақ болу, адами сезімді қастерлеу, сүйіспеншілік ішкі рухани тазалыққа үйрету.Көркем әдебиетті сүюге, адамгершілікке, мейірімділікке, жанашырлыққа, шыншылдыққа деген отты маздату. Оқушыларды ұлтжандылық рухқа, ізгілік пен ізденімпаздыққа үндеу.
Сабақ типі: Білімді жинақтау және жүйелеу, дағдыны бекіту
Сабақтың түрі: Семинар сабағы
Әдіс-тәсіл: Түсіндіру, ойтолғау, салыстыру, пікірталас, әңгімелесу, сұрақ-жауап, СТО стратегиялары («Блум таксономиясы», топтастыру, семантикалық кесте,«Екі жақты түсініктеме күнделігі», «Жолаушының қойын дәптері», «Автор орындығы» стратегиялары), іздендіру, ой қорыту.
Пәнаралық байланыс: Әдеп, өзін-өзі тану,тарих,музыка, география, орыс әдебиеті
Көрнекіліктер: интерактивті тақта, слайд, кітап көрмесі
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Шәкәрім. І, ІІ, ІІІ том. «Халықаралық Абай клубы», Жидебай -2008
6. Е.Сыдықов. «Шәкәрім»: ғылыми-танымдық басылым. – Алматы, 2013.
7. А.Омаров. Шәкәрімнің өмірбаяны (Монографиялық зерттеу). Алматы, 2008.
8. Д.Сейсенұлы. Шәкәрім (ғұмырнамалық деректер хикаят). Алматы. «Қазақстан», 2009.
9. Шәкәрiм Құдайбердіұлы. Үш анық. - Алматы «Қазақстан» және «Ғақлия» ғылыми-әдістемелік орталығы, 1991.
10. Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары. Алматы «Жазушы», 1988.
Сабақтың құрылымы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Мұғалімнің кіріспе сөзі:-«Адам болып тудым, адам атымды ақтайын, көп үшін, халық үшін, келешек ұрпақ үшін еңбек етейін. Кейінгіге үлгі аларлық із-белгі қалдырайын, адам атым өшпесін, тарихқа аз да болса үлес қосайын деген ойда болдым.Келешектің ойын ашайын деп жаздым.
.....Өз заманым үшін жазғам жоқ. Келер дәуірдің адамы үшін жаздым», -дейді Ш.Құдайбердіұлы. Әрі ақын, әрі тарихшы, философ, өз заманының үлкен ойшылы Шәкәрім қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерген, қазақ халқының көркемдік ойының үздік үлгілерін туғызған, қазақ өлеңдерін түрлендіре түскен бірегей қаламгер еді. Туыстық жөнінен ғана емес, ұстанған жолы тұрғысынан алып қарағанда да Абайға ең жақын адам еді.
Шәкәрімнің қаламгерлік қызметі тек ақындықпен, аудармашылықпен шектелмейді. Ғұлама еңбегі сан салалы. Оның суреткер ретіндегі мұрасының бір тармағы — проза болса, автор мүлде басқа тұрғыдан көрінетін тағы бір мол арна — тарих пен философия.
Бір сабақта Шәкәрім туралы бәрін қамту, бәрін айту мүмкін емес. Біраз да болса ғалам болмысы, замана тұрпаты, адам табиғаты һәм мұсылмандық шарты, ар, иман, ұждан сынды үш анық, хандар шежіресі, ел тарихы туралы көп толғанған Шәкәрімнің өмірдің мәні, дүниенің баянсыздығы жайындағы ойларына тоқтала кетсек.
Бүгін ғылыми кітапханада үлкен семинар! Семинарға жан-жақтан жиналған кітапханашылар қауымы.
«Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге» – деп Абай бабамыз айтпақшы адам баласы үшін кітап рухани азық.
Ендеше кітапханадағы семинарға қош келдіңіздер!
Семинар тақырыбы: Шәкәрімнің прозалық шығармаларының қазіргі таңдағы өзектілігі.
Мақсаты: Кітапханашы ретінде Шәкәрімнің прозалық шығармаларын насихаттау.
Кітапхана жұмысының негізгі бағыттары мен міндеттері:
Пайдаланушыларға қызмет көрсетуде жаңалықтар енгізу, кітапхана қызметінің ассортименттерін кеңейту;
Жастар арасында халқымыздың тарихын, салт–дәстүрін, тілін, дінін насихаттай отырып, имандылыққа тәрбиелеу;
Оқырмандардың мүдделері мен қажеттіліктерін жүйелі зерттеп, оны қанағаттандыру;
Кітапханалардағы бай мұраларды халыққа жүйелі, кәсіби түрде жеткізу;
Қазақ тілінде әдебиеттер қорын оқырмандар қажетіне сәйкес толықтыру;
Дәстүрлі мәдениетімізді бүкіл әлем мәдениетінің озық үлгілерімен өрнектеп жаңғыртуға үлес қосу;
Тұрғындарды кітап оқуға тарту үшін олардың арасында көрнекті насихат жұмысын жандандыру;
Оқырмандардың шығармашылық, интеллектуалды қабілеттерін дамытуда, белсенді жұмыс түрлерін енгізу.
«Кітапханашылар» Шәкәрімнің үлгі тұтқан бастау-бұлақтары бойынша 3 топшаға бөлінді. Әр топтың өз эпиграфы болады:
Өскен орта тағлымы
«Шәкәрім – Абай мектебінен шыққан үздік шәкірт. Абайдың мектебін әрі қарай жаңа сапаға алып шыққан адам да – Шәкәрім» Ғарифолла Есім
Орыс әдебиетінің озықтары.
«Орыс, қазақ – адамның бірі бірдей, Ешкімді алалама
оны білмей, Кем-кетікке болысу – ар міндеті, Халқыңа пайда тигіз босқа жүрмей». Шәкәрім
Шығыс жұлдыздары.
«Шәкәрімнің мейір мен зорлық, әділет пен зұлымдық, ғылым мен мораль, адам мен заман туралы толғаныстары екі ғасыр шегіндегі қазақ қоғамдық ойының марқайған қалпын, бүкіл түркі әлеміндегі биік өресін айғақтаса керек». Мұхтар Мағауин
Күтілетін нәтижелер:
А. Ш.Құдайбердіұлы шығармаларының әдебиет саласындағы орны туралы айтылады.
Ә. Ақын шығармаларына баға береді, салыстырады.
ІІ.Семинар барысы:
Кіріспе сөз:
Мен кетермін сөз қалар,
Ақ қағазға басылып.
Бозбалалар қолға алар
Әр ауылға шашылып.
Ш.Құдайбердиев
(«Анадан алғаш туғанымда» әні ойнап тұрады).
Сейлбекова Гүлжан: - Кәрі Шыңғыс тау! Адам жерге ие болғаннан бері қарай сенің көрмегенің жоқ. Шыңғыс, Темір сияқты талай-талай сайыпқырандарды қолыңнан жөнелттің. Сенде талай адамның құмары қанып, қуанғаны да болды, жүрегі жанып, суалғаны да болды. Талай-талай талпынған жас жүрек мұратына да жетті. Талай бақытсыздың жарық күндей үміті үзіліп те кетті. Сенде неше түрлі ел дәурен сүріп, аң аулап, мал да бақты. Сенде талай-талай сабаздың қаны судай да ақты. Ай мен күндей ажарлы сұлу, қыршын жастарды да, арыстан жүректі айнымас батырларды да, әлемнен озған алаяқ, аузынан бал тамған шешен билерді де жерошақтай жер қазып, үңірейтіп бауырыңа көміп жатсаң да, бақайыңнан келмей түк көрмегендей-ақ маңқиып тұра бересің-ау! Онымен де қоймай, қысқа күнгі күн шығыстан ұзақ күнгі күн батысқа қарай керегедей жайылған кең қолтығыңды ашып үңірейтіп: «Кел, кел! Тағы менің қолтығыма кіріп, біресе рақат, біресе бейнет көріп, аз күн арпалысып өтетінің келіңдер!» - деп үнсіз дауысыңмен шақырып тұратыныңды қайтемін!...[1].
І. Қызығушылықты ояту:
«Тапсырмалар себеті». Бүгінгі семинарда талқыланатын зерттеу тақырыптары:
ІV. «Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі», «Әділ – Мария», «Мен жетпіс екі жасқа келгенде» шығармалары бойынша тексеру. «Семантикалық кесте» стратегиясы.
V. Шәкәрім мен Толстойдың үндестігі. «Екі жақты түсініктеме күнделігі» стратегиясы.
VІІ. «Эссе» немесе «Үшбу хат жолдадым бүгін сізге...». «Автор орындығы».
І. Озық білімнің қайнар көздері:
Шәкәрімнің үлгі тұтқан бастау-бұлақтары.
«Өскен орта тағлымы»
Шәкәрім Абайды ту етіп ұстады. Шәкәрім өзінің екінші ұстазы, ең ақылшы ұстазы, өмірдегі үлгісі Абай екенін, бірінші ұстазы – Құнанбай қажы, үшінші ұстазы Исмаил Гаспринский екенін Шежіре кітабында өз қолымен жазып кеткен. «Ұлы атамыз Құнанбай қажыдан кейінгі ұстазым «әкеміздің бір шешесінен туған – Ибраһим мырза болатын, қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді. Ер жеткен соң сол кісіден тәлім алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім. Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, хакім, философ кісі еді. Қор елде туды да, қорлықпен өтті» деп өкінішін білдірді. Бұл екеуінен кейінгі ұстазым деп Шәкәрім «Тәржіман» газетінің иесі Исмаил Гаспринскийді атаған: «...сол кісінің газетін оқып, бек көп пайдаландым», - дейді[5].
ЖоғарыдағыИ.Гаспринскийдегенкім?
– ИсмайлГаспринский – қырым татары. Османлы (қазіргіТүркия) мемлекетінде 1839-1878 жылдарыжүргізілгенжаңарукезеңі «Танзимат» реформасыменжақсытанысболған.Қысқасы, «Танзимат» реформасыГаспринскийгеүлкен ой саладыдеугеболады. Ол – Ресейдегімұсылман жұртының оқу-ағартужүйесінтүбегейліжаңартуүшінжұмысістегенадам. Солсебепті, 1883 жылыБақшасарайдажаңаүлгідегімектепашып, «Тәржіман» атты газет шығарған. ӨззаманындаозықойлысаналғаноқымыстыШ.Маржанигежолығып, көпақыл, кеңесалған адам[5].
Шәкәрім өзіне үлгі тұтып өскен ұлы Абайдан басқа да бастау-бұлақтары бар. Ол алдымен қазақтың ауыз әдебиеті.
Шығыс жұлдыздары
Халық ауыз поэзиясы мен өскен орта тәлімінен кейінгі екінші тұрған – шығыс әдебиетінің озықтарының шығармалары. Шәкәрім шығыс жұлдыздарының шығармаларынан молынан сусындаған, өйткені ол түрік, араб, парсы тілдерін жетік білген.Ол Хафиздың лирикалары мен Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын қазақша тәржімалаған.
Орыс әдебиетінің озықтары
Үшіншісі – орыс әдебиеті. Орыстың ақындары мен жазушылары Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой шығармаларымен жете таныс болған, кейбірін қазақ тіліне аударған.
Ақын пайдаланған қосымша дереккөздер.
(Сұрақ: -Жоғарыда аталғандардан басқа қандай дереккөздерін пайдалануы мүмкін?)
Орыс әдебиетінің озықтары
– Бұдан басқа қандай дереккөздерін пайдаланғаны туралы автордың өзінің жазғаны бар. Мысалы, мұсылман тарихшылары – ат-Табари және Нажиб Ғасымбектің еңбектерін пайдаландым дейді. Орыс тарихшылары Радлов пен Аристовтың дүниелерінен көп мағлұмат таптым дейді. Тіпті «Қоша-цайдам» дейтін ескі жазуды қажетіме жараттым дейді. Бұл – байырғы «Орхон» жазуы. Соған қарағанда, Шәкәрім қажы көне түркі деректерінен де хабары болған ғой[5].
– Радловтың 1893 жылыПетербордабасылыпшыққан «К вопросу об уйгурах» дегенкітабынпайдаланғаныанық. Оданкейінорыстыңшығыстанушығалымы, тарихшы, этнограф Н.А.Аристовтың «Түркiтайпа-ұлыстарыныңэтникалыққұрамы мен саны туралымағлұматтар» дегензерттеуеңбегiПетерборқаласындашығыптұрған “Живая старина” аттыжурналға 1894-1896 жылдараралығындабасылғанекен. Шәкәрімосыларды оқып, пайдаланған.
Шәкәрімнің өміріндегі кітапхананың алатын орны.
(Сұрақ: -Шәкәрім қажы мол деректерді қайдан тауып, оқып жүр?)
– Шәкәрім қажы 1903 жылы Семей қалалық Орыс география қоғамына мүше болып кірген. Радлов пен Аристовтың еңбектері осы қоғамның кітапханасында болған.Қалаға келген сайын қажы өз атына жаздырып, кітаптар алып тұрған.
«Өскен орта тағлымы»
Ол туралы баласы Ахат ақсақалдың естелігінде: «Мен әкейдің кітапханасындай мол кітаптары бар кітапхана көрмедім» дейді.
(Сұрақ: -Абай ағасы Шәкәрiмге үлкен үмiт артып, өзi бiр кезде көксеген арманын Шәкәрiм арқылы жүзеге асырмаққа ниет қылады. «Адам қырық жасына дейiн бiлiм жинап, қырық жасында камил толады, ақыл-ойы, жiгер-қайраты жетiледi. Ендi үш жылда сен қырыққа толасың. Шығыс тiлiне жетiк болдың» дептi Абай Шәкәрiм шәкiртiне. Сонда Шәкәрiм: «Барлық қаражат сiзден болса, бiлiм алуға барайын. Бiрақ, қай жерге барамын» десе керек. Сонда ұстазы: «Афин – Грек бiлiмi Стамболға жиналған, содан табылады. Араб бiлiмi Меккеде, бiрақ менiңше Меккеден гөрi Мединадан көбiрек табылуы керек, және Мысырдағы Александр атындағы кiтапханаға барасың. Осы төрт жерге барып, тарихи орындарды аралап, керек кiтаптарыңды алып, бiлiмiңдi толықтырып қайтасың. Сатып алатын кiтаптарыңа, жол қаражатыңа жiберелiк пұлды өзiм берем. Осыған келiссең, қолыңды әкел» деп Абай шәкiртiне қол ұсынған екен).
Шығыс жұлдыздары
1901 жылы Абайдың жақсы көретiн ағасы Шәке, 1892 жылы Оспан дүниеден озады, 1904 жылы Мағаш кетедi. Мағаштың қырқында Абай қайтыс болады. Көп қайғыдан кейiн, Шәкәрiм барлық туғандарынан рұқсат алып, 1906 жылы жолға шығады. Ендi бiр сәт Шәкәрiм атамыздың өзiне сөз берейiк. «Сол сапарда, неше ұлттың ғалымдарымен сөйлесiп, пiкiр алысып, керек кiтаптарды алдым. Ол кiтаптарды посылка етiп, Семейдегi Әниярдың атына жiберiп отырдым. Стамболда тарих қорларын сақтайтын орындарда болып, ары бара жатқанда 13 күн тарих ақтардым. Ертедегi Шығыс ақын – жазушы, ойшылдарын түгелдей алдым. Гомерден бастап Грек халқының ойшыл-философтарының шығармаларын, Батыс философтарының шығармаларын, ертедегi Түрiк ғалымдарының жазған шығармаларын, әр елдiң лұғаттарын, Америка жазушыларының шығармаларын алдым. Демек, менiң бұл сапарым көкiрек көзiмдi ашып, аңсаған арманыма қолым жеткен сапарым болды! Бұ да Абайдың маған ақыл-кеңесiнiң жемiсi. Стамболдан Меккеге бардым, оның тарихи орындарында болып, көп қажеттерiмдi таптым. Мединаға бардым. Одан Араб халқының ескi замандағы Мұхаммед пайғамбардан 200 жылдай бұрын болған Абу Суфиян сияқты ғалымдардың шығармаларымен танысып, кiтаптарын алдым» дейдiШәкәрiм.[5, 171].
«Өскен орта тағлымы»
Шәкәрімнің өзіне ұқсап туған ұлы Ахат (1900-1984). Шәкәрім мұрасын зерттеуші, жинақтаушы. Шәкәрім өлерден төрт жыл бұрын Семейдегі педагогикалық техникумды бітіріп, Шыңғыстауда мұғалім болған. Сол күндері Шәкәрімнің басқа балалары секілді тергеу, қамау, абақты, айдауды басынан кешірген. «Менiң әкем, халық ұлы – Шәкәрiм» деп аталатын естелiгiнде Ахат Шәкәрiмұлы былай дедi: ... Шәкәрiм жасынан «Мың бiр түн» әңгiмелерiн оқып, ертек қып айтып, парсы, араб ақындарының бәйттерiн жатқа төгiлдiретiн болған». Шәкәрiм өз әкесi жайлы: «Түрiкше әңгiме кiтаптарды оқуын қойған жоқ» дейдi [5, 152].
«Өскен орта тағлымы»
- Мұқаң айтады екен: «Сол кезде Шығыс әдебиеттерiнде Шәкәрiмдей жүйрiк адам көргем жоқ. Шығыс әдебиетiне берiлуiме себеп болған ұстазым Шәкәрiм! Шәкәрiмнiң Шығыс шайырларының арғы жағынан келе жатқан әдеби жәдiгерлер жайында да бiлетiнi салмақты болғанға ұқсайды. Мысалы, Шәкәрiм қажы Иранның үлкен кiтаптарының бiрi «Авестаны», соның негiзiнде қаланған зороастризм дiнiнен, бастаушысы Заратуштрадан хабары мол болған. Ал, «Қорқыт, Қожа, Ғафиз түсiме ендi де» деп басталатын өлеңiне әндер шығарғанын көрдiм» деп жазады баласы Ахат ағай[5, 210].
«Өскен орта тағлымы»
Қажы атамыз кiтаптарына адал қарап, мұқият болса керек. Жыл сайын кiтаптарын тазалықтан өткiзiп отырыпты. Құран, Iнжiл, Таурат Забур, «Мың бiр түннiң» барлық томдары, Будда, зороастризм дiндерi жайлы кiтаптар, тарихқа, философияға байланысты шығармалар, Аристотель, Платон, Сократ, Авиценна, Ұлықбек, Шопенгауэр, Кант, Луи Пастер, Гомер поэмалары, Бичер Стоу, Байрон, Шедрин, Крылов, Гоголь, Некрасов, Пушкин, Лермонтов, Толстой, Фердоуси, Науаи, Сағди, Низами, Физули секiлдi даңқтылардың дастандарын Шәкәрiм қажы көз қарашығындай сақтаған.
Орыс әдебиетінің озықтары
«Марқұм әкеммен болған бір әңгімесінде: «Сіз Толстой туралы жай әңгімеңізде де, Толстой туралы жазған өлеңіңізде де оны өте жоғары бағалайсыз», - дедім. Сонда әкей айтты: «Мен Толстойды бұрында да бағалайтынмын. Әсіресе, мен Толстойдан үш сұрақ сұрадым. Сол сұрақтарыма Толстой маған өте қымбатты жауап қайтарды. Сол жауаптары мені толғандырып, ғибадат алатын сабақ болып, көңіліме орнап қалды. «Адамның арына тиетін жағымсыз қылықтардың ішінде және Сіз білетін арға ең ауыр тиетіні не?» - дедім. Толстой бұған: «Осы тізіп тұрғандарыңның барлығы да адамшылық арға тиетін нәрселер. Меніңше, арға ең ауыр тиетін бір іс бар. Ол адам көпшілікке не қоғамға зиян келетін хақиқат істі біліп, соны бір нәрседен қорғанып, сол хақиқатты айтпай қалса, сол арға өте ауыр тиеді. Бірінші: сен өте бай болып, сол хақиқатты айтсаң, малыңа зиян тисе, екінші: сен мансап иесі болып, сол хақиқатты айтсаң, мансабыңнан айрылатын болсаң, үшінші: сол хақиқатты айтсаң, басың жазаланатын болса, міне осы үш түрлі зардаптардан қорғанып, көпке зиян келетін хақиқатты айтпай қалсаң, арға ең ауыр тиетіні осы», - деді. Екінші: «Ірі шығармалар жазуға бет алдым. Бұған қандай кеңес бересіз?» - дедім. Бұған ол кісі: «Көп адамдар қатысатын шығарма болсын, не әңгіме болсын, алдымен, сол әңгіменің уақиғасына, іс-әрекетіне жазушы өзі араласқандай жетік болуы керек. Сол уақиғаның жайы жазушыға айнадай айқындай айқындалып, сезініп тұрғандай болуы керек. Олай болмаған күнде әңгіме дәл, қызықты болып шықпайды. «Көлеңкеге пішкен тон бойға шақ келмейді» деген мәтелді жазушы ойдан шығармауы керек. Ішіне араласпай, сырттай ой–жотамен жазылған шығарма шындыққа жанаспай, қызықты болып шықпайды», - деді. Үшінші: «Өз жазғанымның дұрыс, терісін сынау қиын, өз шығармамның қатесін қандай әдіспен көріп, сынап түзеуге болады?» - деген сұрағыма ұлы жазушы: «Жазушының артық қасиеті - өз қатесін көріп, соны түзей алуы. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді. «Біреудің қатесін біреу көреді», - деген де бар. Бәрінен адам өз қатесін өзі көріп, өзі түзеген артық, өз қатесін түзей алатын қажет адамның өз бойында бар. Ол – адамға біткен ақ жүрек. Егер адам істеген өз ісін, жазған сөзін ақ жүрегіне сыната білсе, ақ жүректің сезімі оны ашып бере алады. Ақыл толғауынан өткен қорытындыны жүрек елегінен өткізу керек. Жүрек ымбалына беріліп дағдыланған адам өз мінін де біреудің мінін де көре алады, сондықтан әділ сыншы – ақ жүрек», - деді» (Ахат Құдайбердіұлы. Шәкәрім жайындағы естелік. 64-б.).
VІІ. «Эссе» немесе «Үшбу хат жолдадым бүгін сізге...». «Автор орындығы» стратегиясы.
Бекіту.
...«Кейінгілер сөзімді оқыр. Бірі ұнатар, бірі сынап күлер. Сонда менің зарланумен
өткенімді түсінер. Дүниенің рахатына сенім жоқ екенін түсінгелі басымды тауға да,
тасқа да ұрып, ғаделет іздеп алқынғанымды білер. Қайран қу дүние, барлық арманыма
жеткізбесіңді білгем. Әттең! Тағы да әттең! Абай ағам секілденіп «қолымды кеш
сермеппін». Ырду-дырдумен, ел ішінің ұсақ-түйегімен, ата жолы деп билікке араласып, алтын уақытымды босқа өткеріппін. Енді амал нешік. Менен кейінгілер қаулап өсіп кел жатқаны ғана көңілге медет. Мен жетпегенге солар жетеді деп үміттенем. Уақытым тарлығынан кейінгі жылдары ойыма келгеннің бәрін, нақ сол сәттегі көңіл-күймен қағаз бетіне түсіре бердім. Оным ала да, құла да шыққан болар. Менің бүгінгі жеткенім осы болды. Ақтығыма, қазағыма адалдығыма, оған жарқын күндер тілегеніме сеніңдер халқым» деп өкінішін де, күйінішін де, үмітін де ақтарыла айтқан екен дана Шәкәрім.Иә, Шәкәрім, ең алдымен, ақын. Ақын болғанда да, XІX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында Абайдан кейінгі тұлғалы ақын. Өз халқының болашағы үшін жанын ауыртып, тұйықтан шығар жол іздеумен болған. Келешек жастарға үлкен үмітпен қарап, сенім білдірген. Сондықтан сабағымызды Шәкәрім атамыздың өз сөзімен қорытындылаймыз.
« Адам үшін – еңбегім,
Өмірден барлық тергенім.
Қалағанын қалап ал,
Мұрам сол, жастар, бергенім!»
Кері байланыс.
1. Бүгінгі сабақта не білдіңіз?
2. Сіздер үшін пайдалы болғаны не?
3. Қандай ақпарат сіз үшін күтпеген болды?
4. Бүгін алған біліміңді қалай пайдаланар едіңіздер?
Бағалау парағы
Үй тапсырмасын беру.
Рефлексия
ШӘКӘРІМНІҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ
НЕГІЗГІ КЕЗЕҢДЕРІ
Жылдар
ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
1858
Ақын, аудармашы, музыкант, тарихшы және философ Шәкәрім Құдайбердіұлы 11 шілдеде сырт Шыңғыстың жайлауында, Бала Шақпақта дүниеге келді.
1863-67 жж.
Ауыл молдасынан сабақ алады.
1866
Мамыр айында әкесі Құдайберді қайтыс болады.
1866
Сегіз жасар болашақ ақынның жауынқұртқа арнаған алғашқы өлеңі туады.
1875
17 жасар бозбала ақынның өлеңге әуестенуінің басы.
1876
Шәкәрім Мәуенге үйленді.
1878-80
Шыңғыс (бұрынғы Күшік-Тобықты) болысының болысы.
1879
Тұңғыш ұлы Сүфиян (Әбусүфиян) дүниеге келді.
1881
Абай Шәкәрімді Е.П. Михаэлиспен таныстырды.
1882
Шәкәрім Айғаншаға (лақап аты Майапаң)сүйіп үйленеді (байырғы дәстүр бойынша тоқал алуға рұқсат беріледі).
1883
Ғафур атты ұлы дүниеге келеді.
1903
- Шәкәрім мен Айғаншаның кенже ұлы, ақын, драматург, журналист, Қарауылда 1931 жылы болған ереуілге белсене қатысқан Зият дүниеге келді.
- Шәкәрім Орыстың императорлық географиялық қоғамы Батыс-Сібірлік бөлімі Семей бөлімшесінің мүшелігіне қабылданды.
1905 наурыз
Шәкәрім Әлихан Бөкейханмен кездесті: Абай өлеңдерінің кітабын басып шығару мәселесін талқылады.
1905 қазан – 1906 наурыз
Шәкәрімнің қажылық сапары.
1907-1909
Ақынның Л.Н. Толстойдың діни-философиялық еңбектерін зерттеп, оның өзін-өзі жетілдірудің ізгілікті жолы атты концепциясын қабылдаған кездері.
1908
Ақын Семей түрмесінде жатқан Әлихан Бөкейханмен дидарласты.
1909
Ақын Л.Н. Толстойға хат жазды.
1911
«Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» мен «Мұсылмандық шарты» еңбектері басылып шықты.
Шәкәрім болыс болып тағайындалды.
1912
Ақынның «Қазақ айнасы» атты философиялық поэтикалық жинағы, «Қалқаман – Мамыр», «Еңлік - Кебек» кітаптары басылып шықты.
Шәкәрім туыстарына Кеңқоныс жайлауында оңаша қалатынын жариялады.
1913
Әлихан Бөкейханов «Қазақ» газетінде (28 сәуір №12) Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегі жайында «Ерекше сөз» атты тілеулес мақаласын жариялады.
1916
Ж.Аймауытов «Желкек» атты бүркеніш есіммен «Қазақ» газетіне (1916 жылдың 9 ақпаны, № 168) «Түрік, қырғыз, һәм хандар шежіресі» еңбегіне арналған «Шәкәрім ақсақалға» мақаласын шығарды.
1918
«Шын бақыттың айнасы» эссе-шығармасы басылып шықты.
1922-1923
Ташкенттегі «Шолпан» журналында ақынның «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы басылып шықты.
1923
Ақын «Қазақ тілі» газетінің редакторынан мақала жазып жіберуді өтінген хат алды.
1924
А.С. Пушкиннің «Дубровский» повесінің аудармасы, яғни «Дубровский жайлы әңгіме» басылып шықты; «Қазақ тілі» газетінде әдебиеттану мәселелеріне қатысты «Газет редакторына үндеу», «Сынау һәм сынауды сынау» атты мақалалары жарияланды.
Шәкәрімнің Бақанастағы үйіне Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұлан қонаққа келді.
1925
Үлкен ұлы Сүфиян қайтыс болды.
Бақанастан Шақпаққа жаңа «Саятқораға» қоныс аударды.
Ақынның ұлы Ахат тұтқындалды. Ұлы Ғафур сотталып, түсініксіз себептермен қайтыс болды.
1931
Шәкәрім чекист қолынан қаза тапты.
1932
Ахат Семей түрмесінен босатылды.
1936
«Әдебиет майданы» журналында Шәкәрімнің «Дубровский» аудармасы жарық көрді.
1937
Ахат халық жауының баласы ретінде ұсталып, Сібірге жер аударылды.
1939
Ахат Сібірден қайтып келді.
1958
Шәкәрімнің аты мен шығармашылығы ресми түрде ақталды.
1961
Ахат Құдайбердиев әкесінің мәйітінен қалған сүйек қалдықтарын қайта жерледі.
1963
Алматыда Шәкәрімнің шығармашылығы мен биографиясын зерттейтін комиссия құрылды. Коммиссияның жетекшісі болып Хамит Ерғалиев тағайындалды.
1978
Шәкәрімнің өлеңдері орыс тіліне аударылып, «Советский писатель» баспасының Ленинград бөлімінде «Қазақстан ақындары» атты жинақта жарық көрді, жинақты құрастырушы – әдебиет тарихшысы, ғалым, публицист, жазушы М.Мағауин.
1988
«Жалын» баспасынан М.Мағауиннің құрастыруымен Шәкәрімнің «Жолсыз жаза» жинағы жарық көрді.
«Жазушы» баспасынан Шәкәрімнің «Шығармалары» басылып шықты.
14 сәуірде ҚР Орталық комитеті Шәкәрім Құдайбердіұлын толықтай ақтау туралы шешім қабылдайды.
1990
«Семей таңы» газетінде (17-24 қараша) «Қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі» басылды.
1991
«Ғақлия» орталығынан Шәкәрімнің «Үш анық» кітабы жарық көрді.
2007
«Раритет» баспасынан 5 томдық «Шәкәрімтану мәселелері»
жинағы шықты. Жауапты редакторы – Е.Сыдықов, құрастырушы – Т.Шаңбай.
2008
Семейде «Шәкәрім» энциклопедиясы түзіліп, оқырманға ұсынылды (Бас редакторы Е.Сыдықов).
2012
Ресейдегі «Молодая гвардия» баспасынан (Мәскеу) «ЖЗЛ» сериясымен Е.Б. Сыдықовтың «Шакарим» кітабы жарық көрді (1).
Семантикалық кесте
Шәкәрім Құдайбердіұлы
Шығармалардың атауы
«Әділ-Мария» романы
«Шын бақыттың айнасы»
«Мұсылмандық шарты»
Шығармадан үзінді
...Біраз уақыттан соң қарасам, бізден жасы үлкеніректер асыр салып, асық ойнап ұтысып жатыр. Ай жарықта «ақсүйек» ойнап, жарысып, күрес салып алысып жатыр. Оны көрген соң, бұрынғы жер шұқып «құдық» деп, тас үйіп «қора» деген ойынымнан мынау тіпті қызық көрініп, мен де соларға араласып кеткенім ғой.
Таза махаббатқа құрбан болған екі асықтың қадірлі моласын халық алтынмен жазылуға лайық ақ бостандықты туғызған, адал жүректі азаматтардың арқасында ғана білді.
Жаңа ғана аяғымды басып, тілім жаңа шыққан кезде, өзіме құрбы балаларды бауырымнан жақсы көріп, ойнаушы едім. Ойнап жүріп қарным ашқанын, күннің батқанын білмей қалушы едім.
Уа достар, адам өлгеннен кейін мүңкір-нәңкір деген періштелер келіп, сұрау алады. Сонда құдайың кім, дінің қай дін, пайғамбарың кім деп, сондайларды сұрайды. Мұның жауабын осы күннен ұғып, жатқа үйрену керек.
Сіз ол махаббат пен ақ жүректі жолдағы жалған атақтарға айырбастап кеткенсіз. Бұдан былайғы түрлі өміріңізде осыны қатты ескерерсіз. Өкініштен пайда жоқ, енді иманыңызды айтыңыз!-дегенде, талып қалыппын.
Уа достар, кімде-кімнің көңіліне осы иман ықтиқат туралы бір күдік шүбә кірсе – оны кідірмей тез сұрап, ғалымдардан ізденіп, білу керек. Олай қылмаса, иманға салақтық қылған болады. Салақ кісі түбі жоқ шелекпенен бірдей, оған құйған ас тоқтамаған сықылды салақ кісінің иманын берік деп айта алмаймыз.
Еркімбек:
Жоқ,жоқ, жібермейім! Мен сені айттырып қойғам! Үсен ағаңа құлақ сүйіншіні беріп те қойғам! Сен менің қалыңдығымсың. Әлден менің көңілімді қалдырма, отыр, қарағым!
+
+
+
+
+
+
+
+
Семантикалық кесте № 1
Шығармалардың атауы
«Әділ-Мария» романы
«Шын бақыттың айнасы»
«Мұсылмандық шарты»
Шығармадан үзінді
...Біраз уақыттан соң қарасам, бізден жасы үлкеніректер асыр салып, асық ойнап ұтысып жатыр. Ай жарықта «ақсүйек» ойнап, жарысып, күрес салып алысып жатыр. Оны көрген соң, бұрынғы жер шұқып «құдық» деп, тас үйіп «қора» деген ойынымнан мынау тіпті қызық көрініп, мен де соларға араласып кеткенім ғой.
Семантикалық кесте № 2
Шығармалардың атауы
«Әділ-Мария» романы
«Шын бақыттың айнасы»
«Мұсылмандық шарты»
Шығармадан үзінді
Таза махаббатқа құрбан болған екі асықтың қадірлі моласын халық алтынмен жазылуға лайық ақ бостандықты туғызған, адал жүректі азаматтардың арқасында ғана білді.
Семантикалық кесте № 3
Шығармалардың атауы
«Әділ-Мария» романы
«Шын бақыттың айнасы»
«Мұсылмандық шарты»
Шығармадан үзінді
Жаңа ғана аяғымды басып, тілім жаңа шыққан кезде, өзіме құрбы балаларды бауырымнан жақсы көріп, ойнаушы едім. Ойнап жүріп қарным ашқанын, күннің батқанын білмей қалушы едім.
Семантикалық кесте № 4
Шығармалардың атауы
«Әділ-Мария» романы
«Шын бақыттың айнасы»
«Мұсылмандық шарты»
Шығармадан үзінді
Уа достар, адам өлгеннен кейін мүңкір-нәңкір деген періштелер келіп, сұрау алады. Сонда құдайың кім, дінің қай дін, пайғамбарың кім деп, сондайларды сұрайды. Мұның жауабын осы күннен ұғып, жатқа үйрену керек.
Сіз ол махаббат пен ақ жүректі жолдағы жалған атақтарға айырбастап кеткенсіз. Бұдан былайғы түрлі өміріңізде осыны қатты ескерерсіз. Өкініштен пайда жоқ, енді иманыңызды айтыңыз!-дегенде, талып қалыппын.
Семантикалық кесте № 7
Шығармалардың атауы
«Әділ-Мария» романы
«Шын бақыттың айнасы»
«Мұсылмандық шарты»
Шығармадан үзінді
Уа достар, кімде-кімнің көңіліне осы иман ықтиқат туралы бір күдік шүбә кірсе – оны кідірмей тез сұрап, ғалымдардан ізденіп, білу керек. Олай қылмаса, иманға салақтық қылған болады. Салақ кісі түбі жоқ шелекпенен бірдей, оған құйған ас тоқтамаған сықылды салақ кісінің иманын берік деп айта алмаймыз.
Семантикалық кесте № 8
Шығармалардың атауы
«Әділ-Мария» романы
«Шын бақыттың айнасы»
«Мұсылмандық шарты»
Шығармадан үзінді
Еркімбек:
Жоқ, жоқ, жібермейім! Мен сені айттырып қойғам! Үсен ағаңа құлақ сүйіншіні беріп те қойғам! Сен менің қалыңдығымсың. Әлден менің көңілімді қалдырма, отыр, қарағым!