1) Білімділік: Жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы» әңгімесінің мазмұнын толық меңгерте отырып, кейіпкерлер бейнесін ашу, жазушының суреттеу тіліне және әңгіменің композициялық құрылысына талдау жасау.
2) Дамытушылық: Өз ойларын еркін жеткізе білу дағдысын қалыптастыру, түрлі әдістер арқылы шығармашылық қабілеттерін арттыру, сөздік қорын молайту.
3) Тәрбиелік: Ананың баласына деген киелі махаббатын ұғындыра отырып, ананы құрметтеуге, сыйлауға, адамгершілік ізгі қасиеттерге тәрбиелеу, оқушы бойындағы жақсы қасиеттермен ұштастыру.
Балалар, біз бүгінгі сабақта топтық жұмыс жасау үшін 4 топқа бөлініп отырмыз. Топтармен танысып алайық.
І топ: Мейірімділер
ІІ топ: Қамқоршылар
ІІІ топ: Ақ жүректілер
IV топ: Ақылдылар
Балалар, сендердің қолдарыңа өлең жолдарын беремін, солардың ұйқасын тауып, ретімен қойып, әнімен айтасыңдар!
І топ:
Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған.
Сен берген құстардың
Қанаты самғаған
Балалық құштарым
Өзіңе арналған.
ІІ топ:
Әлдилеп, аялап,
Өсірген жемісін.
Самал жел, сая бақ,
Құшағың мен үшін.
Есейіп кетсем де,
Мен саған сәбимін.
Көңіліңді көктемдей,
Көзіңнен танимын.
ІІІ топ:
Ағарған сенің шашыңа қарап уайымдаймын күнде мен Жастық бар жерде қартаю барын мен осы неге білмегем Немерелерің арқаңда бәрі қарамай белге бүгілген Бақыт дегеннің балада екенін түсіндім ана бүгін мен.
IV топ: Тұрса да дауыл майыса көрме, ұсташы тіктеп бойыңды Анашым сенің көргім келеді, жүз жасқа келген тойыңды Ақ тілектерді қабыл ет, АЛЛА, қабыл ет, АЛЛА ойымды Анашым сенің көргім келеді, жүз жасқа келген тойыңды.
Үй тапсырмасын тексермес бұрын күнделікті дағдымыз бойынша өлеңді мәнерлеп оқуға кезек берейік. Бүгін өлеңді кім мәнерлеп оқиды?
4. Ергенекті елінен бірінші рет жеңілгенде Жалпақ балуан нешеде еді? (Алтыда)
5. Ергенекті елінде Жалпақ балуанның қандай құнды дүниесі бар деп ойлайсыңдар? (Атастырған қалыңдығы)
6. Жалпақ балуанның қасында қанша жігіт бар еді? (40 жігіт)
7. Батырдың тілегі қандай? (Жауда кеткен кегін қайтару)
8. Байдың тілегі қандай? (Жауда кеткен малын қайтару)
9. Жылқының бір шетін төңкеріп, қиқулап келе жатқан барымташыларға кім кездеседі? (Тезек теріп келе жатқан жылқышының қызы)
10. Тұтқынға түскен қызды бірінші болып кім қуып келеді? (Жылқышы әкесі)
ІІІ топ: «Үш сөйлем» әдісі. Әңгіме мазмұнын 3 сөйлеммен айтады.
Бұл әңгіме аңыз түрінде жазылған, бұрынғы кезде болған суреттеледі. Бала би, Жалпақ балуан, Әйел – Аналардың арасында болған оқиға туралы айтылады. Қанша жерден батыр болса да, Әйел – Ананың соңғы сөзіне Жалпақ батыр тоқтайды, ақылдылығын мойындайды.
ІV топ: Кестемен жұмыс
Пікір
Дәлел
Мысал
Қорытынды
Бұл әңгіме аңыз түрінде жазылған. Аңызда ертеректе болған оқиға суреттеледі. Жалпақ балуанның адамгершілігі сөз болады.
Әйтілес қарттың ескі аңыздарды жаңартып айтуы, аңыздың түбінде шындық оқиға жатады.
Жалпақ балуанның анасы мен қызына бостандық беру.
Қазақ халқы қызын, анасын құрметтеген халық. Анамен ешкім соғыспайды, қарсы шықпайды. Анамызды қорғауымыз керек.
ІІІ. Үй тапсырмасын пысықтау. Үй тапсырмасын пысықтау мақсатында сендерге жазушы Ғабит Мүсіреповтің мұражайын таныстырғым келеді. Интерактивті тақтаға назар аударайық.
IV. Жаңа сабаққа дайындық.
- Балалар, алдыңғы сабақта біз Ғ.Мүсіреповтің «Ананың анасы» әңгімесімен танысқан болатынбыз. Жазушының «Ананың анасы» (1934) атты әңгімесінің мазмұны ел арасына кең тараған аңыздан алынған. Мұнда елді шауып, жазықсыз жас қызды зорлап алып бара жатқан батырды қыз анасының сөзбен тоқтатып, жеңгені, сөйтіп, оның қызын жау қолынан азат етуі баяндалған. Шығарманың мазмұны, Әйтілес ақсақалдың «етектей сақалын балуан саусақтарымен салалап тарап» қойып өткен өмір оқиғасын баяндауынан басталады. Әңгімеде намысқа шабар білегі, әділетті таныр жүрегі бар, бірақ ел әкімдерінің алдауына түскен аңғал батыр Жалпақ балуанның Бала бидің қолшоқпары болуы, жүрегін жарып шыққан қызының тағдырына шырылдап арашашы бола білген абзал ананың өжеттілігі айтылады.
Интерактивті тақтадан «Ата – ана» туралы бейнефильм көрсету.
- Балалар, бұл бейнефильмнен не көрдік? Бұл бейнефильм сендерге қалай әсер етті? Өз ойларыңды айтып көріңдерші?
V. Жаңа сабақ.
Ғабит Мүсіреповтің ана тақырыбында жазылған басқа да шығармаларына тоқталу.
Жазушы көркем шығармада бізге адамдар туралы және оларға байланысты оқиғалар туралы әңгімелейді. Соның бәрі белгілі бір жүйеде, бір – бірімен байланысты суреттеледі, яғни оқиғалар бір – бірінен туындап, жалғасып отырады. Композиция – әдеби шығарманың құрылысы, оның бөлім – бөлшектерінің бір – бірімен қиюласа байланысуы.
Шығарманың экспозициясы дегеніміз – баяндалғалы отырған әңгіменің басталуы.
Оқиғаның байланысуы – көркем шығармада баяндалатын оқиғалардың басталуы және олардың бірімен – бірінің сабақтасып отыруы.
Шарықтау шегі – әңгіме аяқталуға айналғанда оқиға өрістей келе мүлде шиеленісе түсуі.
Оқиғаның шешімі – әңгімедегі оқиғалардың қорытындысы, соңы.
Көркем шығармадағы оқиғаның басталуы, олардың байланысы, шиеленісуі, шарықтау шегі, шешімішығарманың құрылысы болып шығады. Ал оқиға желісін, оның дамуын шығарманың арқауы дейді.
Осыған байланысты оқиғалы шығармаларды сюжетті шығармалар деп атайды. Батырлар жыры, ертегілер, әңгімелер, хикаяттар мен романдар сюжетті шығармаларға жатады. Көңіл күйіне байланысты жазылған өлеңдерде көбіне оқиға болмайды. Сондықтан оларды сюжетсіз шығармалар дейді. Бірақ мұндай өлеңдердің де өзіндік құрылысы, яғни композициясы болады.
Эпостың көне түрлерінің бірі – аңыз. Бұл да миф секілді әсіре – қиял аралас фантастикалық хикая. Бірақ мифтен өзгешелігі – аңыздың негізінде шындыққа жанасымды, көбіне тіпті өмірде болған, халық жадында сақталған оқшау оқиғалар жатады. Әр халықтың тарихындағы әлдебір абзал адамдар, аса көрнекті қайраткерлер хақында да талай аңыздар туған.
Тапсырмалармен жұмыс.
«Білім көкжиегі»
І топ: Әңгіменің композициялық құрылысына талдау жасау.
ІІ топ: Әңгімеге жоспар құру.
ІІІ топ: Әңгімедегі кейіпкерлерге тоқталу.
IV топ: Әңгіменің тақырыбы мен идеясын анықтау.
І топ: Композициялық құрылысына талдау.
Басталуы – Жалпақ балуанның Ергенекті елін шабуға аттануы. Қалың жылқыны барымталап айдап келе жатуы.
Байланысуы – тезек арқалап келе жатқан қызды олжалап, аттарына мінгестіріп алуы.
Шиеленісуі – қыз әкесінің мерт болуы, анасының барымташылардың алдын орап алуы.
Шарықтау шегі – Кейкінің қызды шешесімен бірге күңдікке алып кетуді ұсынуы.
Шешімі – Жалпақ балуанның ана мен қызына бостандық беруі. Әйелді аттандырған Жалпақ балуанның құлауы, оны елге жеткізу.
ІІ топ: Жоспар құру
1.Әйтілестің әңгімесі
2.Жалпақ Ергенекті елінде
3.Қуғыншы ана
4.Бостандық. Ана сәлемі.
ІІІ топ: Әңгіме кейіпкерлері
Әйтілес қарт
Ана
Жалпақ балуан
Бала би
Қайрақ жылқышы
Жанай балуан
Қыз
Кейкі батыр
IVтоп: Тақырыбы мен идеясы
Тақырыбы: Қазақ анасының ұлттық бейнесін жасауы.
Идеясы: Ананың балаға, адамзатқа деген ұлы махаббатының шексіз екенін паш ету.
2. «Жазушы шеберлігі»
І топ: Диалог дегеніміз не? Ана мен Жалпақ балуанның диалогын тауып оқу.
ІІ топ: Әңгімедегі теңеу сөздерді табу.
ІІІ топ: Дисфемизм сөздерді табу.
IV топ: Көнерген сөздерді табу.
І топ: Екі немесе одан да көп адамның сөйлесуін диалог дейміз.
ІІ топ:Теңеу – затты немесе құбылысты екінші зат құбылыспен салыстыру арқылы сипаттау тәсілі.
Әйтілес аппақ, ақ бас, соқыр қарт етектей сақалын балуан бармақтарымен салалай тарап отыр еді.
Іркіт сабасындай іркілдеген молда мен саудагер Рамазанға соқыр Әйтілес ескі күндердің әңгімесін шертіп отыр.
Жалпақ жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, сыртынан қарағанда құйған пештей болып, оқ бойы алдымызда отырады.
ІІІ топ:Дисфемизм – әдепті сөзді әдепсіз, дөрекі сөзге айналдырып айту. Әңгімедегі дисфемизмдер: Қар қатыны, байым өліп, елсізде туғыр т.б.
IV топ:Көнерген сөздер – қоғам дамуына орай тіліміздегі қолданыстан шыққан сөздер.
Әңгімедегі көнерген сөздер: Күпі, құл, күң, құн, барымта, сауға т.б.
3. «Адами қасиеттер». Шығармадағы басты кейіпкерлер бейнесін ашу.
І топ:Ана – Сонар дегеннің қызы, он бес жасында бас бостандығынан айырылған, күңдікке берілген. Көргені қорлық, әділетсіздік. Он бес жасардың қызының артынан қорықпай, именбей қуып, өзінің құдіретті сөздерімен, батырларды тізеге бүктіріп, қызын аман есен алып, ауылына қайтады.
ІІ топ:Жалпақ – Керей руының батыры, Ергенектіден кегін алуға намыстана аттанады, алдын болжай біледі, даланың ессіз ері ананың сөзін адамгершілікпен түсініп, мейірімдік жасайды.
ІІІ топ:Кейкі – адамшылығы жоқ, аяушылық пен мейірімнен жұрдай байдың қолшоқпары, ұшқары ойлайтын жеңіл мінезді адам.
IV топ:Бала би – көпті көрген би, адамгершілік қасиеттен, ар – намыстан малды жоғары қояды.
- Балалар, біз өмір сүріп жатқан қоғамда осындай кейіпкерлер бар деп ойлайсыңдар ма? Оларға деген көзқарастарың қандай?
VІ. Бекіту және қорытындылау. «Ана» сөзіне топтастыру жұмысын жасату.
мейірім шапағат тәрбие
қамқорлық Ана өмір
жылылық махаббат ақыл
VІІ. Үй тапсырмасы. «Ана – сарқылмайтын күш», «Ана – мөлдір бұлақ» тақырыбында шығарма жазу. Ғабит Мүсіреповтің ана тақырыбында жазған басқа әңгімесін оқып келу.
VІІІ. Бағалау. Оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігіне, тапсырмаларды орындау сауаттылығына қарай бағалау.