Блум таксономиясымен оқыту
(мақала)
Оқыту мақсатым – оқушыларды өз бетімен оқуға, оқыған тақырыптарындағы негізгі ойды ашатын сұрақтар құрастыра білуге, негізгі ойды түсінуге, өзара сөйлесе білуге, ойлау қабілеттерін дамытуға, тақырыпты талдай білуге, анықтама жаза білуге, сипаттай білуге, салыстыра білуге, алған білімдерін қолдана білуге, тақырыпты критерилермен бағалай білуге, тақырыпқа сәйкес жаңаны құрастыра білуге үйрету. Оқушыларға қызықты шығармаларды оқыта отырып, сауатты оқуға, жазуға, ойларын еркін жеткізе білуге үйрету.
Қазіргі оқытудағы негізгі мәселе оқушылардың өз бетімен оқуға қызығушылығын арттыру, қабілетіне қарай керегін кітаптан ала білуге, түрлі әдістермен тапсырмалар бере отырып, бойындағы қабілетін дамытуға қолдау көрсету.
Ақпаратты оқушыға дайын күйінде бермей, оқушы өзін дамыту үшін, өз бетімен жұмыс істеу үшін түрлі әдістермен тақырыптағы негізгі ойды түсініп, ол туралы ой қорытуға, алған білімін өмірде қолдануға үйретемін.
Қазіргі қоғамға, күнде өзгеріп жатқан өмірге бейім, шығармашыл, белсенді, мәселені шеше білетін, сыни тұрғыдан ойлайтын, командамен, топпен жұмыс жасай алатын, идеясын басқалармен бөлісе алатын тұлға қажет.
Оқушыларға білімді меңгерту барысында ойлауын, есте сақтау қабілетін дамыту үшін Блум таксономиясын пайдаланамын.
Әр тақырыпты өтерде оқушылар сол тақырыпқа қатысты білетін ойларын айтады, кейін жаңа тақырыпты оқып, жаңа ақпараттарды ғана есте сақтайды. Тақырып бойынша ойларын нақты айтып, өздерінің білетін мақал-мәтелдерімен, ақын-жазушылардың нақыл сөздерімен дәлелдеп, қорытынды жасай алуға бағыт беріп отырамын.
Оқушылардың қабілетіне қарай (әңгіме, сурет салу, басқа жұмыс түрлері) тапсырмалар беремін. Барлық оқушылардың бойындағы қабілетін дамыту үшін жұмыс жоспарыма жаңа әдістерді пайдаланамын. Соның бірі Блум кубигі – Блум таксономиясы негізінде құрылған әдістердің бірі. Кубтың әрбір жағына «Не үшін?», «Түсіндір», «Атап бер», «Ұсын», «Ойластыр», «Бөліс» деген тапсырмалар жазылған. Оқушылар оқыған тақырыбына байланысты кубикті әр топқа лақтыру арқылы топтың қандай тапсырмалар орындайтыны белгілі болады. Оқушылар «Не үшін?.» деген сұрақтың себебін түсіндіреді. «Түсіндір.» дегенді оқушы алған білімін практикада пайдаланғанын түсіндіреді. Ал, “Ұсын…”, “Ойластыр…”, “Бөліс…” жағы оқушылардың белсенді ойлау әрекеттеріне бағытталған.
Блум таксономиясымен сұрақтар қоя білуге үйрету мақсатым: «Ашық», «жабық», «жуан», «жіңішке» сұрақтар туралы мағлұмат беру. Ашық, жабық, жуан, жіңішке сұрақтар қойып, сол сұрақтарға жауап бере білуге үйрету. «Блум таксономиясы» сұрақтарын қарастырып, әр деңгейдегі қойылатын сұрақтарға жауап беріп және сол деңгейлерге сұрақ қоя білуге үйрету. Оқушылар кім?/ не? /қайда? /қашан? /қалай?/ неше?/ неге? деген негізгі сұрақтарға жауап бере алса, тақырыпты түсінгені. Тақырыпты ретімен айтып, кейіпкерге мінездеме беріп, әрекетін айта алады. Нәрсенің қасиетін айтып, сипаттай алады. Тақырыптың жақсы/құнды/пайдалы болып саналатынын бағалай алады.
Мысалы: Ы.Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгімесі (бейнематериал көреді, тыңдайды). «Әке» және «Бала» болып, 2 топқа бөлінеді. Әр топ әңгімедегі кейіпкердің жағымды жағын айтады. І топқа тапсырма: Жоғары, төменгі деңгелі сұрақтарды талқылау? ІІ топқа тапсырма: Жуан, жіңішке сұрақтарды талқылау. 1-2 топқа тапсырма. постер қорғау.
Оқушылар Блум таксономиясы сұрақтарымен танысады.
№2 тапсырма. «Әке мен бала» әңгімесіне сұрақтар таратылып беріледі. Топтар барлық сұрақтарды Блум таксономиясының деңгейіне қарай бөліп қойуы керек.
№3 тапсырма. Топтар Блум таксономиясының сұрақтарын басқа тақырыпқа қояды.
Топтарға: Талқылауға сұрақтар беремін. Қандай сұрақ түрлері пайдаланылды?
Бұрынғы қоятын сұрақтарыңнан ерекшелігі қандай?
Қандай сұрақ қойған оңай болды? Неге?
Үйге «Дұрыс сұрақ қойып, терең білім аламын» атты тақырыпта эссе жазуға беремін.
Берілетін қосымша тапсырмалар.
№1 Қосымша
Дұрыс қойылған сұрақ назар аудартады, ой қозғайды, тыңдауға үйретеді, белсенді сөйлеуге үйретеді. Сабақта оқушыларды жүйелі оқыту үшін (ашық және жабық) Блум таксономиясындағы сұрақтарын қоямын. Мысалы: Ы.Алтынсарин кім? (жабық сұрақ)
Жоғары деңгейлі сұрақтар (ашық сұрақтар) білімді қолдануға, қайта ұйымдастыруға, кеңейтуге, ақпаратты талдауға және бағалауға арналған.
№2 қосымша
Оқығаны туралы ойлауға, түсінуге жуан, жіңішке сұрақтар көмектеседі. "Дұрыс сұрақ — бұл оқушының жартылай алған білімі”, — деп Ф.Бекон жазған. Кесте"жуан” және "жіңішке” сұрақтары. Сұрақтарды сабақтың әр кезеңінде пайдалануға болады
"Жіңішке” сұрақтар. Бір сөзбен жауап беруге болатын сұрақтар. Мысалы: «Әке мен бала» әңгімесінің авторы кім? Не? Қашан?
"Жуан” сұрақтар. Ойландыратын, қосымша білім алуға тартатын, талдай білуге үйрететін сұрақтар. Мысалы: Сипаттама бер, неге.? Түсіндір, неге.? Неге, қалай ойлайсың.? Айырмашылығы неде.? Айтып бер, егер . ? Егер. болса, не болады.? Мүмкін.?
Болады.? Сіз келісесіз бе.? Дұрыс па.?
Сұрақ қоя отырып, оқушылардың шығарманы оқығанын, талдай білулерін тексеремін. Кесте арқылы оқушыларға "жуан” және "жіңішке” сұрақтарын және Блум таксономиясының сұрақтарын қоя білуді үйреттім.
№3 қосымша
«Таксономия білім мақсатында». Танымдық мақсат білімді алу, білімді дамыту дағдысын қамтиды.
1.Білу
Оқушы терминді, негізгі түсінікті, нақты деректі, әдісті біледі.
2.Түсіну
Оқушы мәтінді, ережені түсінеді, сызба, кестемен материалды айта алады.
3.Қолдану
Оқушы түсінік пен ережені жаңа жағдайда, практикада пайдалана алады. Қолдану әдісін көрсетеді.
4.Талдау
Оқушы мәтінді бөліктерге бөледі, бөліктердің арасындағы байланысты анықтайды. Бүтіннің қалай ұйымдастырылғанын, қателігін, кемшілігін, логикалық ойлауын сезінеді. Мәселенің себеп-салдарын айра алады.
5.Жинақтау
Оқушы шығарма, эссе жазады. Тәжірибе жасау жоспарын ұсынады. Түрлі салаға байланысты білімі негізінде мәселені шешу үшін жоспар құрастырады.
6.Бағалау
Оқушы материал жүйесінің логикасын (көркем шығарманың, мәтіннің) бағалайды. Қорытындының сәйкестігін, мәтіннің маңыздылығын бағалайды.
№4 қосымша
Блум таксономиясы» бойынша «Әке мен бала» әңгімесіне сұрақтар.
Білу
- «Әке мен бала» - әңгіме, себебі…
- Әңгімеде әрекеттер өтті (қашан?) …
- Әңгімедегі негізгі кейіпкерлерді тауып, сипаттама бер.
Түсіну
- Әңгіменің соңында не болды (қорытындыны айтып бер).
- Келесі сөйлемді түсіндір: «Аз жұмысты қиынсынсаң – көп жұмысқа тап боларсың; азға қанағат ете білмесең – көптен құр қаларсың».
- Неге әңгіме «Әке мен бала» деп аталған?
Қолдану
- Әңгіме тақырыбының саған қатынасы қандай?
- Егер сен баланың қасында болсаң, еңбек етудің қажеттілігін айтып түсіндіре алар ма едің?
- Бала өзін қорғау үшін не айта алады?
Талдау
- Әкесі шиені неге баласына бермеді (әкесінің әрекетін талда)?
- Баланың өміріндегі көңіл-күй өзгерісін салыстыр.
- Әңгімедегі әкесінің өмірді түсінуін айтып бер.
Жинақтау
- Баланы басқаша қалай жазалауға болады? Тәсілін көрсет.
- Әкесінің орнында болсаң сен не істер едің?
- «Әке мен бала» әңгімесіне ұқсас әңгіме жаз.
Бағалау
- Неге баласы әкесінің тілін алмады?
- Әкесі баласына не үйретті? Әкесінің пікірімен келісесіңдер ме?
- Әңгіме туралы пікіріңмен авторға хат жаз.
Сабағымды өткізген соң сабақ қай оқушыға жағымды әсер еткенін, кімнің қызығушылығын арттырғанын ой елегінен өткіземін. Сабақта нашар жұмыс жасаған оқушылармен алдағы уақытта қалай жұмыс жасау керектігін жоспарыма енгіземін.
Мақаланы жазған:
№14 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Сыздыкова Айслу Габденовна