Просмотр содержимого документа
«Баяндама "Әдебиет пәнінің басқа ғылымдармен байланысы"»
Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті
Филология факультеті
Қазақ филологиясы кафедрасы
Баяндама
Тақырыбы:Әдебиет пәнінің басқа ғылымдармен байланысы
Орындаған:Жақсылыққызы Т.
Тобы:ҚТӘ-31
Тексерген: Турганалиева Г.Г.
Орал,2022
Әдебиет – сөз өнері. Көркем шығарманың идеялық-тақырыптық мазмұнын, оқиғаны дамыту, адам характерін ашу, күйініш-сүйінішін жеткізу, шындықпен астастыра суреттей білу, т.б. барлығы тілдің күші арқылы іске асырылады.
Адам тілінің басты қасиеті – айтылған ойды білдіретін, адамдардың бір-бірімен түсінісетін құралы. «Тіл – көркем әдебиеттің бірінші элементі» болғандықтан, әр жазушы оны өзінің ой-өрісіне сай пайдаланады. Тілдің қызметі шексіз, ақын, жазушы шығармасында өзінің идеялары мен образдарын тіл арқылы суреттеп, бейнелейді. Тіл көркем туындының талдауға жататын құрамды элементтерінің бірі болғандықтан, жазушы тілі де, кейіпкер тілі де шығарманың идеялық-көркемдік мазмұнын ашудың басты құралы болып табылады.
Адам санасында шындықты бейнелеу мен жинақтау құралы – тіл болса, сөйлеу – адамның интеллектуалдық әрекетінің ерекше түрі. Демек, әдебиетке лингвистиканың қосар үлесі ерекше. Себебі, көркем шығармадағы сөздердің қай-қайсысы болмасын көркемдік қызмет атқарады.
Әр жазушы өзіне тән стилін қалыптастыруда тіл шеберлігіне келіп саяды. Көркем туындыда да көркемдік қызмет атқармай тұрған бірде-бір сөз кездеспейді, олардың барлығы да көркем бейнелі, өрнекті сөздердің қатарында болады. Ал ақын-жазушының өз шығармасында бұларды қолдануы суреткердің шеберлігіне байланысты іске асады. Сондай-ақ жазушының тіл шеберлігі суреттеп отырған құбылысына керекті сөздерді, көркем сөз құралдарын қиыстырып сөйлем арқылы да көрінеді.
Көркем туындының сөйлемдерінің құрылу ерекшеліктері шығармада айтылатын ойға сәйкес берілуі, сөздердің үйлесімі, сөйлемдердің синтаксистік жағынан әр түрлі болып келуі, синоним сөздердің қолданылуы жазушының тіл шеберлігіне байланысты көрініс табады.
Көркем шығарманың тілі жазушының суреттеп отырған құбылысына керекті сөздерді орынды қолдануымен бірге, іріктеп, екшеп, таңдап алған сөздерін қиыстырып сөйлем құрауымен байланысты айқындала түседі. Жалпы, адам баласының ғасырлар бойы жинаған тарихи-мәдени, рухани мұраларды тіл арқылы меңгерудің, өз ойын жеткізіп, өзін-өзі тану мен өзгені танудың да бірден-бір құралы тіл екенін ұғына отырып, әдебиеттің тіл білімімен бірлікте дамитынын түсінеміз.
Қай халықтың көркем әдебиеті болмасын, сол халықтың көркем тарихы болып табылады.
Мектепте қолданылып жүрген пән бағдарламасында берілген әдеби шығармалар тарихи-хронологиялық ретпен орналастырылған. Тарихи-әдебиеттік түсініктер ақын-жазушының өмірбаянын өтумен байланысты толықтырылып отырылады.
Сынып жоғарылаған сайын оқушылардың тарих жөніндегі ұғым-түсініктері бірте-бірте күрделене түседі. Қазақ әдебиетінің әр дәуір, әр кезеңдегі әдеби құбылыстарын жан-жақты ашып көрсетуде, дұрыс мағлұматтар беруде Қазақстан тарихы ғылымының орны ерекше. Әдебиетімізге негіз болатын да тарих екені даусыз. Жоғары сыныптарда қазақ әдебиетінің жеке дәуірі кезеңдеріне байланысты тарихи-әдебиеттік шолу тақырыптар баршылық. Бұларды түсіндіру барысында міндетті түрде тарихи және саяси-әлеуметтік жағдайлар сөз болады.
Әдебиетті тарихи тұрғыдан түсіндіру мәселесі сөз өнеріне енді ғана қадам басқан жас талапкерлерге біршама қиындық туғызуы мүмкін. Жалпы, кейде әдеби шығармамен шектеліп қалмай, тарихи құжаттар мен деректерге жүгінгенде ғана мәтіннің бұған дейінгі белгісіз қырлары ашылуы мүмкін. Әрине, тарихи тұрғыдан зерттелген әдеби-ғылыми кітаптарды таза тарихи еңбектермен салыстыруға келмейді. Өйткені тарихи тұрғыдан алып қарағанда тарихшы мамандардың еңбектері әлдеқайда салмақты әрі сенімді болуы кәдік. Әдебиет туралы тарихи ғылымдардың бәрі бірдей әдеби шығарманың саяси немесе әлеуметтік мәнін қаузай бермейді. Әдетте, тарих ғылымы әдебиеттің өзін және оның уақыт ағысымен қалай көркейіп отыратынын зерделейді. Тарихи, әдеби білім негізінде жастардың отансүйгіштік рухани құндылық бағдарлары мен көзқарасы қалыптасады. Әдебиет пәні оқушыны тарих ғылымын жан-жақты зерделеп, жақсы түсініп білуге бағыттайды.
Географиямен байланысына келер болсақ, әдебиет тек қазақ әдебиетімен шектеліп қалмайды. Қаншама ұлт, мемлекет болса, солардың әрқайсысының бай көркем әдеби мұрасы бар. Ойлау көкжиегімізді кеңейту керек. Өзгелердің де әдебиетінен хабардар болған артық етпейді. Мұны ысырып тастасақ та, сонымен қатар көркем шығармаларда жер-су атаулары кездескенде, олардың шамамен болсын қай тұста орналасқанын білу керек емес пе?!
Оқушының оқу материалын қабылдауы, есінде сақтауы, түсінуі, ойлауының дамуы олардың жан дүниесінің ерекшелігімен байланысты. Әдебиеттік оқу сабақтарында мұғалімнің басты міндеті – оқушыларды күнбе-күн жүйелі бақылап, зерттеп отырудың негізінде олардың кітап оқуға құмарлығы қандай, қай тақырыпта жазылған шығармаларды оқығанды ұнатады, қаншалықты оны түсінеді, оқушылардың әдеби шығарманы оқу, талдау үдерісі кезіндегі ойлау өзгешеліктері неде, шығарманы оқуда, оқып үйренудегі түйсіктің рөлі, олардың моральдық, эстетикалық жақтары, оқушылардың ауызша және жазбаша тіл дамыту жұмыстарының психологиялық негіздері сияқты мәселелердің бетін ашады.
Эстетикалық жақтарын сөз еткенде, кез келген көркем шығарма – ол суреткердің көркемдік ойлау қиялынан, сезім дүниесінен туған сөз өнерінің жемісі, туындысы. Л.Н.Толстой: «Адамның психологиялық көңіл-күйіне сезім мүшелері арқылы әсер ету әдебиетке тән қасиет», - дейді. Көркем шығармадағы айтылмақ ой-сезімді шәкірттеріне шеберлікпен ұғындыру үшін әрі білім көлемін олардың қаншалықты меңгергенін қадағалап, бақылау мақсатында мұғалім өзара психологиялық қатынастың кілтін табуы керек. Әр сыныптың, әр оқушының мүмкіндіктерін, эмоциялық қабылдауын ескереді. Сайып келгенде, әдебиет психологиямен де байланыста болып, біріне-бірі көмекке келеді.
Әдебиет педагогикамен сабақтағы оқу-тәрбиелік үдеріс және әдебиеттік оқудан жүргізілетін сыныптан тыс, мектептен тыс уақыттағы жұмыстар арқылы байланысады. Өйткені әрбір сыныптың бағдарламасына сәйкес білім беру, соның негізінде тәрбие беру мектептің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Мектептегі өзге оқу пәндері сияқты, әдебиеттік оқудың да өзіне тән ерекшеліктері болады. Оқулық тек білім беру емес, тәрбие беру құралы болып есептеледі. Оқулықта берілген көркем шығармалар балаларды имандылыққа, адамгершілікке, еңбекке тәрбиелейді.
Осының барлығын ескере отырып, қандай қорытынды жасауға болады? Қазіргі таңда әр пәнді жеке-жеке оқысақ та, бәрі бір-бірімен тығыз байланыста екенін түсінеміз. Сондықтан мына пәннің маған керегі жоқ деп немқұрайлы қарауға болмайды. Өйткені осындай бірліктің арқасында бұл ілгері дамып келе жатқан үлкен жүйе десек те артық етпейтін шығар.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Сәдуақас Г.Т. Әдебиеттік оқуды оқыту әдістемесі. – Қарағанды, 2019
Жұмақаева Б.Д. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі. – Алматы, 2015
Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі мен технологиясы. – Алматы, 1997