Просмотр содержимого документа
«Ана тілім-айбыным»
Ана тілім – ардағым
«Қазақ тілі – рухани байлығымыздың қайнар бұлағы» деп бекер айтылмайды. Қазақ елінде, қазақ жерінде қазақ тілі өркендеуі тиіс. Оған қазақ халқының ұрпағы ғана емес, Қазақстанды мекендеп жатқан барлық халық үлес қосуға тиіс. Ол үшін ана тіліміздің қадір-қасиетін өзіміз білуіміз, дәріптеуіміз, насихаттауымыз керек.
Тілге деген құрмет- халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болуы үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуге міндеттіміз. Қазақ тілі- қазақ халқының ана тілі, яғни қазақ баласына ананың сүтімен сіңген тіл.
«Қазақ тілі – өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Оған қысылып-қымтырылу, ерін ұшынан шүлдірлеп былдырлау мүлде жат. Қазақ нені айтса да аузын толтырып айтады. Қазақ сөзі қашан да даланың қоңыр желіндей еркін есіп тұрады. Жалпы халықтық қасиеті күшті, жатық та түсінікті қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқақ әуенділігі шырқап салар әніндей. Шешендерден шыққан қара сөздің өзінде өлеңге бергісіз келісім, іштей үйлескен ырғақ болады. Өзінің тыңдаушысын бірдей ұйытып әкететін осы үндестік пен әсем ырғақ қазақ тілін сұлу да сиқырлы етіп көрсетеді. Кейде қазақ болып туғаның үшін және әлемдегі ең бай, кең сұлу тілде сөйлегенің үшін өзіңді бақытты сезінесің», - дейді жазушы Қабдеш Жұмаділов.
Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. «Өнер алды- қызыл тіл», «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» сөздері халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қареткетсіз болған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл тәуелсіздігін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс- соның айғағы.
Ата-бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз – ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру.
Жасыратыны жоқ, кешегі кеңестік дәуірде шетқақпай болған тілімізге ілесе халқымыздың ұлттық рух, дәстүр- салтының өңі қашып, өзегі толып отырғаны- ақиқат. Ең жаманы еліміздің ертеңі-төл ұрпағымыз орыс тілінде сөйлеп, ана тілін жатырқауды шығарды. Әлемдегі ең бай да сұлу, әуезді де салтанатты тіліміздің қасиетін менсінбейтін мәңгүрттік кеселге шалдықты. «Тілімізді кристалдай таза ұстап, қыз жасауындай жайнатуға тиістіміз» деген Ш.Уәлихановтың сөзі дәл бүгінгі ұрпаққа айтылғандай.
Тіліміздің мемлекеттік дәреже алуына байланысты қазіргі кезде практикалық жағынан да, теориялық жағына да көптеген нәтижелерге жетіп жатырмыз. Тіл халықпен бірге өмір сүріп, дамиды. Себебі, әр ұлттың тілі- оның бақыты, тірегі.
Ана тіліңді қадірлеу- мемлекетіңді, ұлтыңды, өзіңді қадірлеу. Қазақстан егемендігін баянды етіп, оны әлемдегі озық елдердің қатарына қосу үшін мемлекеттік тілдің жетекші рөл атқаратындығын жас ұрпақтың санасына сіңіріп, өз Отанының нағыз патриоты етіп тәрбиелеу-бәрімізге ортақ, қасиетті парыз.
Май ауданы
Көктөбе орта мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Иманбаева Зауреш Жұмабайқызы