kopilkaurokov.ru - сайт для учителей

Создайте Ваш сайт учителя Курсы ПК и ППК Видеоуроки Олимпиады Вебинары для учителей

Орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнінен 9 - сыныпқа арналған диктанттар жинағы

Нажмите, чтобы узнать подробности

орыс мектептеріндегі 9-сынып оқушыларына арналған мәтіндер. Жинақта әр түрлі тақырыпқа мәтіндер берілген.

Вы уже знаете о суперспособностях современного учителя?
Тратить минимум сил на подготовку и проведение уроков.
Быстро и объективно проверять знания учащихся.
Сделать изучение нового материала максимально понятным.
Избавить себя от подбора заданий и их проверки после уроков.
Наладить дисциплину на своих уроках.
Получить возможность работать творчески.

Просмотр содержимого документа
«Орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнінен 9 - сыныпқа арналған диктанттар жинағы»



9 – сыныпқа арналған диктанттар

Желтоқсан

Желтоқсан айы-қыстың басы. Солтүстікте ақ түтек боран басталады. Түздегі аңдардың, құстардың күн көрісі қиындайды. Қасқыр, сілеусін, бұғы, бұлан, бөкен, сайғақ ықтасын іздеп бүрсеңдейді. Ашыққан қасқыр топ-тобымен жосып жүреді де, тебінде жүрген малды, жылқыны ториды.

Қурай сабақтары қалың қардан әзер қылтияды. Орманда ақ мамық қар жапқан ағаштар үлпілдейді.

Желтоқсан – қыстың суық айларының бірі. Қырдағы ауыл шаруашылығының еңбеккерлері еш бөгелместен қуатты тракторлармен мал базаларына жемшөп жеткізіп береді. Ашыққан қояндар бұталар мен ағаштардың қабығын кеміреді. Ақ тиін түрлі жемісті, саңырауқұлақты жазда жинап алады да, қыста соны қорек етеді. Айласы жеткен аң да қыста өз азығын тауып жейді.

Қыста мол әзірлік жасаған адам аяз да да, боранда да қысылмайды (Ж.Өмірбеков. 106 сөз)


.

Қаңтар

Қаңтар айы – жыл басы, қыс ортасы. Қаңтардың суығы қатты, даланы орманды аппақ қар басады. Құстың, аңдардың ізі қардан анық көрінеді. Жемтік іздеген қасқыр, түлкі тынбай жортады. Қасқыр жайылымдағы жылқы, сиырды аңдиды. Жылқы тепкілеп, қасқырды қуады, үйірін қоғайды.

Түлкі қулық жасап, ағаш арасында тышқан інін, қоянның жымын аңдып, қылт етіп далаға шыққандарын бас салады. Аю болса, ештеңеге алаңдамай, апанында жатып, ұзақ ұйқыға кетеді.

Ормандағы бұлғын ізін жасырып, алдыңғы аяғы басқан жерге артқы аяғын дәл түсіреді. Ол екі аяқтың ізі сияқты боп көрінеді. Осы әдіспен бұлғын қоян, құр, шіл сияқты құстарды аулайды.

Қыста көп жортатын қасқыр, бұлғын, түлкі, ақкіс, ақ тиін, қоян, тышқан іздері далада сайрап жатады.

Қар астынан қылтиып көрінген қурай мен шөптерді қырау басып, үлпілдеп тұрады. (Ж.Өмірбеков. 116 сөз)

Ақпан

Жылдың аязы қатты, бораны аздау айы – ақпан. Февраль дейтініміз – осы ай. Бұл айда жан-жануарлар қыстан қысылады.

Ақпан айының жылы күндерінде қар ептеп еріп, түнде қатып, қатқақ болады. Қар астындағы тышқандар жұқа мұзды тұмсықтарымен бұзып шығады. Тебіндегі жылқының тұяғы жұқарып, ақсап та қалады. Сондықтан малшылар малды жылы қорада ұстайды. Далаға күндіз, күн жылығанда ғана шығарады. Диқандар көктемге әзірленіп, қарбалас жұмыс басталады. Трактор, сеялкаларды жөндеуден өткізеді. Қар астында қалған жидек, сарымсақ, қымыздық, жоңышқа дәнін, түйе құлақ сұр тышқан да, кейде құстар да тауып жейді. Оңтүстікте күн жылы шырай білдіріп, күндіз қар ери бастайды. Бұл – көктемнің белгісі. (Ж.Өмірбеков. 96 сөз)


Жылан мен құс

Көлеңке қаннен-каперсіз ұйықтап жатқан жеті-сегіз жасар балаға қарай айыр тілін сумаңдатып улы жылан жақындап келеді. Күтпеген жерден қайдан шыға келгені белгісіз бір құс бала мен жыланның арасына түсіп кес-кестей берді. Жылан да атылуға айналғандай , шиыршық атып, айбат шегіп ысқырып жіберді. Құс аяғын санап басып жақындай түсті. Бірақ құс тез жалтарып, оның тісін бойына дарытар емес. Міне, жылан тағы да шап берді. Құс құйрығымен жер тіреп жалтара берді де, жылан басын қайтып тартып аламын дегенше, өткір тұмсығымен оны төбесінен шоқып-шоқып алды. Жылан жан сауғалап, жиырыла кейін шегінді. Бірақ ашулы құс шаңқылдап үсті-үстіне шоқи берді, шоқи берді. (А.Сейдімбеков. 100 сөз)



Жайлауда

Кең көгалға жайыла қонған үлкен ауылдың оң жақ шеті өңшең үлкен ақ үйлер. Бүлар мал қотанынан, иіс-қоныстан, мазасыздықтан әдейі қашаңдап, шалқая қонған. Ауылдың екінші шеті мен мал иірілетін тұсында отырған өңшең қоңыр үй. Бұл шетте жыртық, шоқпыт лашықтар, құрым қара қостар, кішкене күркелер бар. Қойшы шал, қозышы бала, түйеші, сауыншы, жылқышы да осы жақтан шығады.

Қазір үлкен ауылдың бұл шетіндегі қолы бос жас-желең де, шүйке есіп, ұршық иірген кексе қатын, кәрі кемпір де түгелімен ауылдың екінші жағына құлақ салады. Тегіс алаңдап, солай жүргілері келеді де тұрады. Олардың бәрін еліктіріп, қызықтырған – асқақ үн. Ол- ән. Ауыл үстінде шаңқай түсте, бұлтсыз көк аспанға шаншылып шырқалған әсем үн. Әйгерім әні. (М.Әуезов. 109 сөз)

Қыс

Желтоқсан жұлдызы. Қар көптеп жауып, нағыз қыс болды. Күн әбден қысқарған. Күннің көзі көрінсе де жылынбайды. Өзенді, көлді мұз қаптап, жұрт үстімен жүре бастады. Қалың қардан шөптің басы көрінбейді. Қыс күні аяз күшті болып, үскірік борандар да аз емес.

Орман қарайған, ішінде құстарды көре алмайсың, қоян күндіз жасырынып, түнде ғана жүгіріп жас ағаштарды кеміріп жүр. Иелері жылы қораға шөп салып бағып-қақса да, қысты күні үй хайуанаттарының да бабы болмайды. Адамның өзі де суықтан қорғалып, үй салып, жылы киім киіп, үйлеріне от жағып, дайын жұмыстарынан қала алмайды. Қыстыгүні жылқышыларға қиын-ақ: қандай суық борандарда күні-түні далада жүргені, қасқырдан бір қорқып, бораннан екі қорқып, бейшараларда тіпті рақат жоқ. Ызғарлы аяз көбінің беттерін қарыған. Сабаққа мезгілімен жүретін баланың да ертеңгі аяз есінен көпке дейін шығатын емес. («Атамекен» кітабынан.124сөз)



Киіз үй

Киіз үй – көшпелі мәдениет тудырған бірегей құбылыстардың бірі. Оның құрылысы өте қарапайым. Негізгі қаңқасы түгелдей ағаштан жасалып, сырты киізбен жабылады, іші күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдармен жабдықталады. Үй іші жасау-жабдықтарын жасауға негізінен қой жүні пайдаланылады. Күзгі қой қырқымынан алынған тығыз, ширақ жүннен текемет, сырмақ, ыдыс-аяқ, зат салатын аяққап, керме шамадан жасалып, қалпақ етіктің ішінен киетін байпақ, күз бен қыста киюге ыңғайлы кебенек тігіледі. Көктемгі жұмсақ жүннен жір иіріліп, алаша, түкті және түксіз кілемдер, тұскиіз, төсек жапқыштарға кесте жүргізуге қолданылды. Түрлі түсті жібек жіптерден киіз үйдің қабырғаларына тұтылған шилер өрілді.

Ғасырлар бойы ата-бабаларымызға жайлы баспана болған киіз үйдің жиһаз-жабдықтары әсемдігімен, тұрмыс-тіршілікке аса қолайлығымен таңғалдырады. («Атамекен» кітабынан.105 сөз)

Дастарқан

Қазақ –ежелден пейілі кең, қонақжай, дарқан халық. Олар қонақты құдайдың жіберген елшісі санап, онымен еріп құт-береке келеді деп білген. Қонақты қуана қарсы алып, төріне отырғызған, ең дәмді тағамын алдына қойып, сый-құрметпен аттандырған. Құдайы қонақты қадірлеп-қастерлегені соншалық, оның қауіпсіздігіне

бүкіл ауыл жауапты болған.

Қазақ өз үйіне ат басын тіреген кез келген жолаушыны жылы қабақпен қабылдап, ыстық ықылас көрсеткен. Дәстүр бойынша, киіз үйдің босағасын аттаған әрбір адам үйден құр ауыз шықпай, тамақ ауыз тиюі тиіс. Көне даланың қасиетті қағидалары жолаушының өзінің де тілегі оң, ниеті дұрыс болуын талап еткен. Халқымыздың қонақжайлылық қасиетінің жазылмаған заңы заманалар бойы дами отырып, ұлттық мәдениеттің негізгі өзегінің біріне айналды. Қазақ даласы жеке адамдарға емес, соғыстың ауыр жылдары мен әлеуметтік аласапырандар кезінде өз атамекенінен, туып-өскен жерінен қуылып, жапа шеккен тұтас халықтарға да бауырмал құшағын ашып, баспана болды. («Атамекен» кітабынан.133 сөз)


Домбыра

Эпос жыршыларының орындаушылық шеберлігі көне әскери магиядан тамыр алатын эпостық шығармаларды айту дәстүрі арқылы қалыптасып, шыңдалды. Қазақтың қара домбырасы әншілер мен жыраулардың негізгі аспабына айналғалы, міне, үшінші ғасырға аяқ басты. Жыраулар эпостық дастандарды жырлағанда табиғаттағы сан алуан дыбыстарды, жан-жануарлардың, кейде қобыз бен сыбызғының үнін домбырада айнытпай келтіретін болған. Домбыра сазы жырау даусының өзгеріп, құбылып отыратын иірім-нақыштарымен де шебер үндесетін.

Домбыра – көне аспаптардың бірі. Екі немесе үш ішекті, мойны ұзын, шертіп ойналатын аспап құрылымының мүлтіксіз жетілгені соншалық, біздің ғасырға еш өзгеріссіз, баз-баяғы қалпында жетті. Қазақ музыкасында домбыра күйлері әлденеше жүздеп саналады. Олардың ішінде музыка мен сөз қоса қабат келетін көне күйлерді бөліп атауға болмайды. Бұл күйлерде әуен-саз аңыз эпизодтарын – құстардың ұшқанын, қанат қағысын, аттардың шабысын, қуанышты әндер мен жоқтауды, жаумен жекпе-жек айқасты бейнелейді. («Атамекен» кітабынан.127 сөз)



Дастарқан

Қазақтар әдетте тамаққа жылқы, қой, ешкі, түйе, етін пайдаланды, кейінірек дастарқан мәзіріне сиыр еті де енді. Ет тағамдары құндылығына байланысты әр түрге бөлінді. Қазақтардың сүйікті асы жылқы еті болғандықтан, одан жаслған тағамдар жоғары бағаланды. Ет негізінен пісіру дайындалды, сондай-ақ ет өнімдерін мұздату, кептіру және қақтауға аса зор мән берілді. Қақталған ет тағамдарына жылқы етінен жасалатын шұжық, қазы, жал, жая қарта, қой етінен дайындалатын жөргем, бұжыны жатқызуға болады.

Дәстүрлі ет тағамдарының құрамында адам ағзасына қажетті қоректік заттардың барлығы дерлік қамтылады, ол жоғары калориялығымен, жұғымдылығымен, диеталық қасиетімен ерекшеленеді.

Сандаған ғасырлар бойы мал шаруашылығымен айналысу тәжірибесі сүт өнімдерінің мол түрлерін дайындауды меңгеріп, пайдалануға мүмкіндік туғызды. Бұлар негізінен мал төлдеп, ақ көбейген көктем мен жаз мезгілінде

қолданылды, сонымен бірге олардан мал сүті азайып, суалатын қыс маусымына арнап түрлі тағамдар дайындалды. («Атамекен» кітабынан.129 сөз)


Ана жыры

Жидебайдағы қыстаудың ең үлкен бөлмесі. Кілемді, текеметті, алашалы, көрпелі, меймандос, мол үй.

Абайдың кәрі әжесімен, өз шешесімен бірге тұратын үйі осы еді.

Әлі шам жағылған жоқ, жұрттың көбі тыста мал жайлап жүр. Шыңғыс жаққа қараған терезенің алдында қос тізерлеп, екі шынтағын терезенің алдына салып, иегін қолдарының үстіне қойып, Абай отыр. Бұдан басқа оң жақта жер төсектің үстінде бала уатқан Зере бар. Кәрі әже күндегі машығы бойынша бесік жырын айтуда. Өте бір өзгеше, ескі жыр. Кішкентай күнінде Абай өзі де кеш сайын осы жырдың тербеуімен ұйықтайтын. Сол күндерден бір ырғағы ауыспаған, бір сөзі өзгермеген, ана жүрегіндей айнымас жыр.

Құлағы әжесінде, екі көзі сонау алыс көктау, кешкі шақта, ымырт жабыла, көкшілденіп, суық тартып, алыстай береді.

Таудан соққан салқын ызғар, қатал мінездердің ызғары тәрізді. Ызылдаған суық лептің қарсаңына ана жыры, мейір-шапқат жыры үн қосады.

(М. Әуезов. 132 сөз)

Қорқыт ата

Тарихи деректер мен халық шежіресі бойынша, Қорқыт-сегізінші ғасырда Сыр бойында өмір сүрген батыр, атақты ақын, асқан күйші, аңыз кейіпкері. Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасынан, әкесі Қарақожа оғыздарынан екені мәлім. Міне, сондықтан да Қорқыт қыпшақтар мен сол кезде Сырдария бойын жайлаған оғыздар арасында екі жаққа бірдей ел ағасы атанған. Данышпан қарттың ұзақ жылдар бойы ел басқарған көсем болғанын, өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарғанын дәлелдейтін тарихи деректер бар.

Ал, оның теңдесі жоқ күйші-композитор болғандығын халық жадында сақталған «Қорқыт ата күйі », «Қорқыт сарыны», тағы басқа музыкалық шығармалары дәлелдейді. Қазақ арасынан шыққан атақты күйші-бақсылар, ақын-жыраулар өздеріне Қорқыт атаны пір-ұстаз тұтқан. Олар өздерінің өлең жырларын бастар алдында, алдымен Қорқыт атаның есімін ауызға алуды шарт деп білген.

Ел аузындағы аңыздардан Қорқыт ата өзінің жүйрік желмаясына мініп алып, халқына мәңгі жасайтын жерұйық іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші, өлім дегенді білмейтін ғажайып қайсар жан ретінде суреттеледі. Әйтсе де ол өмірінің соңында «өлмейтін нәрсе жоқ екен» деген пікірге келеді. Енді Қорқыт ата мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді. Ұлы күйші, кемеңгер жырау өзі іздеген мәңгілік өмірді шынында да тапқан секілді. (Н. Келімбетов 176 сөз)



Бауыржан туралы

Бауыржанның бойында Исатайдың айлакерлігі, Махамбеттің ақындығы, Амангелдінің өрлігі, Қажымұқанның қайраты бар. Баукең – осы бес батырдың тоғысқан нүктесі. Әскери, әдеби, саяси даналық бір басында түйіскен бірегей тұлға.

Бауыржан – ұстазын ұмытпайтын адал шәкірт. Ол Панфиловты ешқашан аузынан тастаған емес. Ол туралы кітап та жазды. Соғыс туралы сөйлесе, ұстазын атамай кетпейді. Ұстазын ұмытқан оңбайды дегенді ол осылай ұқтырып келді.

Батыр да әр түрлі болады. Олардың көпшілігі дарақы, даңғой, даңғаза келеді. Бауыржан – қазақтың бұрынғы батырларынан өзгеше боп туған дана батыр, дара батыр.

Ақындық сияқты батырлық та шамырқанған шабыттан туады. Тегі бұл екі шабыттың түбі бір болуы да ықтимал. Өйткені оның екеуі де бір жүректің қазы-насы, бірақ екі түрлі жолмен шығып, жария болады. Бірі қарумен өрнектеліп, екіншісі қаламман жазылады. Бауыржан – батырлық пен ақындық деген қос таланттың қожасы, маузер мен қалам деген қос қарудың иесі.

(Ә. Нұршайықов. 127 сөз)

Тырна

Қар еріп, сай-сала бұлақ сылдырына толғанда, көгілдір көктемнің көктегі жаршысындай болып тыраулап тырналар келеді. Оның алыстан талып жеткен үнін естігеніңмен, көзіңе бірден шалына қоймайды.

Көк аспандағы әсем үн бірте-бірте айқындала түседі. Сонау көз ұшында тізбектеле ұшқан тырналарды сонда ғана көресің, Олар өткен күзде тастап кеткен мекеніне қарай бір-бірімен тыраулай, қалықтап бара жататды.

Күн ұясына қона, тырналар аялдама жасайды. Ұзақ жолдан шарашаған олар түні бойы қонақтап, ертеңгі сапарға күш жинайды. Бәріміз осындамыз ба дегендей-ақ таңертең бір-біріне дауыс беріп, түгендеп, хабарласып алады да, аспанға қайта көтеріліп, сап түзеп, кете барады.

Шыршаның арасынан сызат беріп келе жатқан ең алғашқы таң рауанын тырна қалт жібермейді.. Ол таңның атқанын бар дауысымен орманның басқа тұрғындарына жария етеді. Оны өзге құстар іліп әкетеді. Сөйтіп, әп-сәтте жаңа туған күн құрметіне ғажайып ән мерекесі басталады да кетеді.(«Ол кім? Бұл не?» кітабынан 133 сөз)



Получите в подарок сайт учителя

Предмет: Литература

Категория: Планирование

Целевая аудитория: 9 класс

Скачать
Орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнінен 9 - сыныпқа арналған диктанттар жинағы

Автор: Тохметова Эльмира Тишбековна

Дата: 22.11.2016

Номер свидетельства: 361559


Получите в подарок сайт учителя

Видеоуроки для учителей

Курсы для учителей

ПОЛУЧИТЕ СВИДЕТЕЛЬСТВО МГНОВЕННО

Добавить свою работу

* Свидетельство о публикации выдается БЕСПЛАТНО, СРАЗУ же после добавления Вами Вашей работы на сайт

Удобный поиск материалов для учителей

Ваш личный кабинет
Проверка свидетельства