Сабақтың көрнекілігі: көркем әдебиеттер, бейнелі суреттер, рефераттар, бүктемелер.
Сабақтың формалары: жеке баламен, топпен, сынып ұжымымен жұмыс жүргізу.
Сабақтың типтері: ұйымдастыру кезеңі, үй тапсырмасын сұрау, жаңа сабақты түсіндіру, бекіті, бағалау, қорытындылау,
Сабақтың барысы:
І Ұйымдастыру кезеңі:
1. Оқушылармен амандасу, түгелдеу;
2. Оқу құралдарын, сабаққа дайындығын тексеру;
3. Сыныптың тазалығына көңіл бөлу;
4. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару;
5. Cабақтың мақсатымен таныстыру;
ІІ Үй тапсырмасын пысықтау: Абайтану курс туралы түсінік.
Сұрақтар арқылы өткен сабақты пысықтау:
Абай өмір сүрген дәуір қандай кезеңге тұспа-тұс келді?
Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деп жырлауының себебі неде?
Абай өмір сүрген дәуірдің ерекшелігі неде?
ІІІ Жаңа сабақты түсіндіру.
Абайтану мәселесіне қатысты әр алуан көзқарастар
Қазіргі әдебиеттану ғылымында абайтану ғылымының бір тармағы болып абайтану тарихы да өрісін кеңейтіп келе жатыр десек қателесе қоймаймыз. Сол себепті абайтану мәселесін сөз еткенде абайтану тарихына да тоқталмай өту мүмкін емес. Осы ретте «Абайтану ғылымының бел-белестері» деп аталатын ғылыми еңбек жазған академик, филология ғылымдарының докторы, профессоры Серік Смайылұлы Қирабаевтың келесі бір пікіріне назар аударсақ, ол төмендегідей: «Абайтану — қазақ әдебиеттану ғылымының ең көп зерттелген өнімді саласының бірі. Ақын шығармаларының алғаш баспасөз бетінде жарық көріп, оқырман жүрегіне жол табуынан бастасақ, оның бүгін жүз жылдан астам тарихы бар. Абай өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми мәні бар алғашқы ой-пікірлердің жарық көруі де осы ғасырдың бас кезінен басталады. Бірақ Абайдың алғашқы зерттеушілерінің аты-жөні мен еңбектері соңғы кезге дейін жабық саналып, Абайтанудың алғашқы кезеңі ақтаңдақ күйінде қалып келді. Тек еліміздің тәуелсіздік алуы жағдайында ғана бұл мәселені ашық әңгімелеуге мүмкіндік туды».
Абайтану тарихына қатысты ғалым Зәки Ахметов былай деп бағамдайды: «Абайтанудың арғы бастау бұлағы, қайнар көзі жайында айтқанда, алдымен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтың мақалаларын ауызға аламыз. А.Байтұрсынов, 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай — қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», — деп Абайды аса жоғары бағалады».
Абай шығармаларын жинап, қағазға түсіріп, реттеп баспаға дайындау ісі ақын қайтыс болғаннан соң ұзамай-ақ қолға алынғанын дәлелдейтін нақтылы деректер жетерлік. Жарық көруінен бірнеше жыл бұрын құрастырылып, 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңдері (аударма өлеңдерін қосып санағанда) және «Ескендір» мен «Масғұт» поэмасы басылған, яғни, осы күнгі белгілі поэзиялық шығармаларының көрнектілері түгелге жуық қамтылғаны айрықша атап айтарлық. Бұл тұңғыш жинақты дайындаған, бастырып шығарған Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл болатын.
Абайтанудың бастамасы, алғашқы деректік арнасы ретінде осы 1909 жылы жарық көрген Абай шығармаларының тұңғыш жинағын, оған кірген Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаев жазған ақынның тұңғыш өмірбаянын айтуымыз қажет. Абайдың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары бірлі-екілі ғана екенін және ақын өзі қолмен жазған қолжазбалары сақталмай, шығармалары түгелдей дерлік Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары арқылы жеткенін ескерсек, бұл тұңғыш жинақтың мәні зор екені анық. Басқа жекелеген қолжазбалардың көлемі шағын, оларда Мүрсейіт қолжазбасында жоқ өлеңдер өте аз, сондықтан олар қосымша деректер ретінде бағалануы орынды. Ал кейінгі жинақтарды айтсақ, бір топ бұрын жарық көрмеген жаңа өлеңдер 1916 жылы Орынборда Самат Әбішұлы бастырған «Абай термесі» атты кітапта жарияланды. 1922 жылы Ташкентте, Қазанда басылған жинақтар сол 1909 жылы жинақта жария болған шығармаларды қамтиды.
І.Жансүгіров 1923 жылы «Тілші» газетінде Ташкентте шыққан жинаққа сын пікір ретінде «Абай кітабы» атты мақала жазып, бір алуан қате басылған сөздерді қалай дұрыстап оқу керек екендігін нанымды көрсетті.
Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтарға ілесе Абай шығармашылығы жайында үлкенді-кішілі мақала жазып, ақын шығармаларын жұртшылыққа танытуға Н.Рамазанов, Ғабдрахман Сағди және Н.Н.Белослюдов т. б. атсалысты. Бұлардың еңбектерінің Абай шығармашылығын сипаттап, бағалаудағы мәні әркелкі болса да, ақын шығармаларын насихаттауға қалайда үлес қосқанын мойындаған жөн.
Абай шығармашылығына қайтадан жүйелі, дәйекті түрдегі дұрыс көзқарастың қалыптаса бастағанын 1933 жылы М.Әуезов бастырған жинақтан және 1934 жылы жарық көрген І.Жансүгіров, Қ.Жұбанов секілді белгілі әдебиет, ғылым қайраткерлерінің мақалаларынан байқауға болады.
Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерген М.Әуезов болды. Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүниежүзі оқырмандарына толық танымал әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек етті. М.Әуезовтің Абай жөніндегі зерттеулері осы ғылымның мызғымас негізі боп табылады. М.Әуезов 1933 жылдан 1957 жылға дейін ақын шығармаларын жариялауда, олардың ғылыми басылымын жасауда орасан зор еңбек етті. Бұл басылымдар ақынның 1909 жылғы жинағы мен Мүрсейіттің бірнеше қолжазбасы негізінде жүзеге асырылды. Әсіресе, 1957 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген, М.Әуезовтің басшылығымен және тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының абайтану ғылымындағы елеулі табыс болғанын атап айту қажет. Алдағы уақытта осы ғылыми басылым үнемі негізге алынуға тиіс. М.Әуезов ұзақ жылдар бойы ізденіп, саналуан деректерді зерттеп, жүйеге түсіріп, Абайдың ғылыми өмірбаянын жазып шықты.
40-50 жылдарда Абай өмірі мен шығармашылығын зерттеу ісі кең көлемде жүргізіліп, жаңа белеске көтерілді. Абайдың қоғамдық, эстетикалық, философиялық көзқарасын, психологиялық және педагогикалық пікірлерін, ақындық тілін, композиторлық өнерін, аудармаларын тереңдеп тексерген еңбектер жарық көрді. Абайтану ғылымына Қ.Жұмалиев, Т.Тәжібаев, Қ.Мұхамедханов, М.Сильченко, Ы.Дүйсенбаев, Б.Ерзакович, Х.Сүйінішәлиев, М.Мырзахметов, А.Ысқақов, Р.Сыздықова секілді ғалымдар салмақты үлес қосты.
Абайтану тарихында тың серпіліс жасаған, жаңа сарын қалыптастырған, ең бастысы қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану тарихын жасаған ғалым М.Мырзахметұлы. Белгілі абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ұзақ жылдар бойы абайтану ғылымына қосқан орасан зор еңбегі үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алған М.Мырзахметұлының бұл кітабында ұлы Абай мұрасы, оның зерттелуі туралы жазылған құнды деректер мен архив қазыналары егжей-тегжейлі екшеленіп, Абайтану тарихының қалыптасу жағдайы сала-салаға бөлініп баяндалған. Бір ғасырдан бастам уақыттағы ұлы ақын мұрасын танып, бағалау жолындағы жетістіктеріміз бен кемшіліктеріміз бүгінгі күн тұрғысынан жан-жақты таразыланды, ой елегінен өткізіледі, баяндалады.
Ұлы Абай мұрасын тануда, танытуда, дәлірек айтқанда абайтану тарихын жасауда ерекше роль атқаратын зерттеулердің бірі монографиялық зерттеулер десек қателесе қоймаймыз. М.Мырзахметұлы өзінің бұл мәселелерге арнаған еңбегін «Абай мұрасы монографиялық зерттеулер желісінде» деп атапты. Демек ғалым Абай мұраларын там-тұмдап зерттеудің нәтижелері уақыт өте келе үлкен, көлемді іргелі зерттеуге ұласқан тарихын атап көрсетеді.
Абайтану тарихын сөз етіп отырғанда ұлы Абайдың әдеби мектебі жайында айтпай кету мүмкін емес. Сол себепті профессор Мырзахметұлы бұл мәселелерге де ерекше көңіл бөліп, зерттеу нысанасы етеді.
Қазіргі кезде, әдебиеттану және басқа қоғамдық ғылымдар идеологиялық қатаң қағидалардың тар шеңберінен шығып, кең құлаш жаюға мүмкіндік алған жағдайда абайтану ғылымы жаңа белеске көтеріліп, жалғаса, толыға беруі керек. Абай творчествосының танымдық, көркемдік, тәрбиелік мәнін жаңа қырларынан қарап, терең ашып көрсететін еңбектер ғана абайтану ғылымын байыта түспек.
ІV Сабақты қорытындылау: Сабақ соңында сұрақ қою арқылы жаңа тақырыпты қорытындылаймын.
1. Серік Сымайылұлы Қирабаев абайтану ғылымына қатысты қандай пікір айтты?
2. «Абайтанудың арғы бастау бұлағы, қайнар көзі жайында айтқанда, алдымен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтың мақалаларын ауызға аламыз. А.Байтұрсынов, 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай — қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», — деп Абайды аса жоғары бағалады». Пікірді айтқан ғалым.
3. 40-50 жылдарда Абайтану ғылымыныңжаңа белеске көтерілуіне үлес қосқан ғалымдарды атаңыз.
4. Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерген ғалымды атаңыз.
V Бағалау: оқушылардың берген жауаптарына қарай білімдерін бағалаймын.
VІ Үйге тапсырма:
Абайтану мәселесіне қатысты әр алуан көзқарастар туралы түсінік.