Просмотр содержимого документа
«Ж?регімні? т?біне тере? бойла.»
« Атбасар ауданы білім бөлімінің Атбасар қаласы № 7 қазақ орта мектебі» КММ
Абайтану
Сынып: 9 «Б»
Мұғалім: Конысбаева Атылас Конысбаевна
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Атбасар қаласы
2015-2016 оқу жылы
Кештің жоспары
Абай туралы сазды кештің тақырыбы: Жүрегімнің түбіне терең бойла.
Негізгі мақсаты: 1.Абайдың терең ойлы, мәнді өлеңдерінің ішкі сырын ұқтыру.
2.Абай шығармаларын оқушыларға асылдандыра жеткізу.
3.Ұлы ақын, данышпан Абайды кеңінен таныту.
Көрнекіліктер: киіз үй, сахна төрінде Абай портреті, шығармалары, нақыл сөздер.
Кештің барысы.
1-жүргізуші: -Қайырлы кеш, құрметті көрермендер. Бүгін осы бір кішкене залда қазақ сахарасының өзіндей алып, өзіндей ұлы ғажайып талант иесі, қасиетті де аруақты, әлем әдебиетінің жарық жұлдыздарының бірі – Абай туралы сіздермен сыр шертпекпіз.
2-жүргізуші: -Қай елдің болса да тәңірдей табынып, сыйлайтын киелілері болады ғой. Абайдың сөзі – халқымыздың, ұлтымыздың ұраны. Абай алты алаштың, исі қазақтың пайғамбары. Данышпан Абайға биыл 170 жыл. Ұлы ақынның мерейтойы қарсаңында тартқан сыйымыз – бүгін ақын туралы тебіреніп, толғанып, ақынның дара тұлғасын, біздерге қалдырған қасиетті мұрасы туралы сыр шертпекпіз.
1-жүргізуші: -Жас ұрпақ үшін Абай өнердің, өнегенің, әділеттің, адамгершіліктің, адам ұлы бола білудің, халық үшін күресудің үлгісі.
О,ұлы бабам, атыңнан айналайын Абай атам, біз сіздің шөберелеріңіз боламыз.
2-жүргізуші: Қабыл ал, жас өрендеріңді, ақ батаңды бер, аруақты бабам. Жер бесігіңнен, торқалы топырағыңнан шығып, бір сәт болса да біздің ортамызға орал. (жарық сахнадағы Абай суретіне түседі, жүргізушілер бай суретінің алдына келіп, тағзым етеді) Сол кезде Жамбылдың «Абайдың суретіне» деген (күй) өлеңі оқылады. Сахна біртіндеп жарық бола бастайды.
Жамбыл бала: Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең – сөздің ұқсаған құдіретіне.
Ақыл – қайрат, білімді тең ұстаған,
Өр Абайдың төтеген кім бетіне?
Ақын атын таратқан әрбір тұсқа,
Өлеңменен өлмейтін салған нұсқа.
Қол бастар ер, ел сүйген ақын болған,
Қандай арман бар дейсің бұл туыста.
Терең айдың түбінде теңізі бар,
Тесіле көп қарасаң көңілі бар.
Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей,
Есіл сабаз ызамен өткен шығар.
(Сахнаға жүргізушілер шығады)
1-жүргізуші: -Тарих қана, халық қана туатын,
Алыптардың арқа тұтпас кім атын?
Ұлы арманын жырлау үшін қазаққа,
Керек болды, Абай сынды, Ұлы ақын!
Көкірегін намыс кернеп, кек қарып,
Жанарынан жасын құлап, шоқ жанып,
Абай өтті мың адамның міндетін,
Мыңқ етпестен жалғыз өзі атқарып.
2-жүргізуші: -Ақын еді ол елдің мұңын жыр еткен,
Ақын еді ол күйінішпен күй өткен.
Ақын еді ол мыңмен жалғыз алысқан,
Халқын алып шығу үшін түнектен.
1-жүргізуші: -Ақынның ата қоныс жері қандай?
Ата-баба, әулеті, тегң қандай?
Ақынды тебіренткен, күңіренткен,
Ұшқан ұя, ортасы, елі қандай?
2-жүргізуші: -Қасиетті Шыңғыс тауыныңбауырында, Жидебай-Қарауылда Орта жүз Тобықты руының атақты билері – Ырғызбай, Өскенбай, Құнанбай әулетінде 1845 жылы, бұдан 170 жыл бұрын Ибрагим (Абай) дүниеге келді. Ақынның ағар бұлақ анасы – мейірімді Ұлжан, көкірегі күмбірлеген зерек те парасатты әңгімешіл әжесі Зере, асқар таудай әкесә Құнанбай өз заманының озық ойлы, көреген, қатал да қайсар белді биі, аға сұлтаны болған адам. Халқы үшін Қарқаралыда мешіт салдырып, 1870 жылдары Меккеге барған сапарында «Тәхия» деп аталатын 100 кісілік қонақ үй салдырған, ел билеген көсем, әрі шешен, әрі мырза, табанды, шешімді адам болған.
1-жүргізуші: Тобықтыны ел қылып,
Басын жиып құрапты.
Меккеде уақап үй салып,
Бір құдайдың жолына,
Малды аямай бұлапты.
(Сахнаға мырзаша киініп, Құнанбай шығады, келіп сәлем береді. Сахнада жас Абай – шәкірт жазу жазып отыр. Әкесі Құнанбай шығады)
Құнанбай: -Орайы келгенде айтармын деп жүр едім. Сенің басыңнан үш түрлі мін көремін. Соны тыңда, балам.
Абай: Айтыңыз, әке!
Құнанбай: -Ең әуелі арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Өзіңдегі барыңды арзан ұстайсың. Бұлдай білмейсің. Көп күлкіге, болымсыз ермекке асылыңды шашасың. Жайдақсың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды.
Екінші, дос пен қасты сараптамайсың. Досыңа досша, қасыңа қасша қырың жоқ. Жұрт бастайтын адам ондай болмайды. Басыңа ел үйірілмейді.
Үшінші, орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. Дін, мұсылман жат санайтынын ескермейсің.
Абай: -Осы үш айтқаныңыздың үшеуіне де дау айтам, әке. Өзімдікі дұрыс деп айтам. Ең әуелі жайдақ суға теңгердіңіз. Қолында құралы бар жалғыз – жарымға ғана пайдасы тиетіншыңыраудағы су болғанша, құралды, құралсыз кәрі-жасқа түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды артық санаймын.
Екінші, ел алатын тәсілді айттыңыз. Ел билейтіндердің мінезін айттыңыз. Менің білуімше, ел бір кезде қой сияқты болған. Бір қора қойды жалғыз қойшы «әйт» десе өргізіп, «шәйт» десе жусататын болған. Бертін келе ел түйе сияқты болды. Алдына тас лақтырып, «шөк» десең, аңырап барып қана бұрылады. Ал қазіргі ел бұрынғы көр балалықтан, нашар момындықтан сейіліп, көзін ашып келеді. Ендігі ел жылқы сияқты болды. Аяз бен боранда, жауын-шашында топ не көрсе, соны көруге шыдаған, жанын аямаған, қар төсеніп, мұз жастанған,етегін төсек, жеңін жастық қылған бақташы ғана баға алады. Жанашыры бар, жақсылық пайдасы бар кісі ғана бағады.
Үшінші, орысты айтасыз. Халық үшін де, дүниенің ең асылы – білім, өнер. Сол өнер - орыста. Мен барлық тірліктен ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма? Жатырқап қашықтауға надандық болса болар, бірақ қасиет болмас.
(Құнанбай шығып кетеді)
2-жүргізуші: -Әкеден, әке айналасынан осылай айырыла бастаған жас ақын бірте-бірте ескі мен жаңа, көктеп келе жатқан ескі қауым арасындағы тартысқа араласады.
1-жүргізуші: -Ғылым бір – ақыл – ойдың шамшырағы,
Парасат, адамдықтың ол – тұрағы.
Абай атам білім ап сусындаған,
Даналық қайнарының үш бұлағы не дер ең?
2-жүргізуші: -Абай даналығының 1-ші нәрлі арнасы – әжесі Зере арқылы бойына сіңген туған халқының сарқылмас бай ауыз әдебиетінің қайнар көзі дер ем.
Екінші нәрлі арнасы – Шығыс поэзиясының алтын қазынасы дер ем.
Үшінші нәрлі арна – орыс және Батыс Еуропа классиктерінің алтын қазынасы дер ем.
(Абайдың үйі. Төрде Абай. Жасы 48 шамасында. Үстінде ақ жейде, басында тақия. Жұқа шапанын желегей жамылған. Алдында дөңгелек үстел үстінде жаңа жазылған, әлі сиясы кеппеген қағаз. Абай үлкен ой құшағында толғанып, тебіреніп отыр)
Абай: -Иә, әрі де өлеңіме бас изеп мақтайды – ау, ішкі мәніне әлі өрелері жетпей жүр. Ең болмаса, көкірегінде оты бар, құлағы ойлы бір-екеуі түсінсе, менің сөзімнің желге ұшпағаны. Халқыма ұстаздық ету парызым, ішінен әркім өз керегін алар. Ұстаздық еткен жалықпас...
(Осы кезде сахнаға Шәкәрім бастаған бір топ жастар Әріп, Ақылбай, Көкбай, Мағауия, Тұрағұл шығады)
Шәкәрім: -Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берелік,
Бір білімді данышпан жан табалық.
Ал енді олай болса кімді алалық?
Қазақта қай жақсы бар көз саларлық.
Жүз айтқанмен өзгенің бәрі надан,
Жалыналық Абайға, жүр баралық.
(Шәкәрім бастаған жастар Абай үйіне беттейді)
-Ассалаумағалейкум, Абай аға! – деп қол қусырып тағзым етеді. Абай шәкірттері Абайдың екі жағынан отырады.
Көкбай: -Өткенде «Адам болудың» жолдарына қанықтық, Абай аға. Енді бүгін сізден «Толық адам болу» қағидаларын білсек деп келіп отырмыз.
Абай: -Оларың жөн. «Толық адам» бола алмасаңдар да, оған қойылар талапты білгендерің жөн.
Әріп: -Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Шәкәрім: -Абай аға, осы жаңа ғана сізден бір керемет өлең туғанға ұқсайды.
Абай: -Дәл таптың Шәкәрім, көптен бері толғандырып жүрген ой толғағы осы жаңа ғана сыртқа шығып, көңілімді басып тұрған көк бұлт серпіліп, жүрегімнің көзі шайдай ашылып, рақат тауып отырмын.
Шәкәрім: -Сіздің жүрегіңізді шайдай ашып отырған ол қандай өлең болды екен, Абай аға!
Абай: -Міне, оқып көр.
(Шәкәрім 1-2 жолын іштей оқиды)
Көкбай: -Дауыстап оқы, ішіңнен оқығанша, біздің тағатымыз таусылар.
Әріп: -Е, сөйтші, батыр-ау, бәріміз де тыңдалық.
Шәкәрім: -Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан!
Меніңше осы өлеңнің мен оқыған шумағы «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің бірінші шумағымен мағыналас. Нағыз өнер ғылым арқылы табылады.
Шәкәрім: -Әріп, сен алғашқы шумағын дұрыс түсініпсің, өте орынды айттың, әрі қарай оқышы. Сол өнерге, ғылымға адамның қолын жеткізетін қайрат пен ақыл деп тұрған жоқ па?
Кәкітай: -Абай аға, маған әділет пен шапқат кімде бар, сол жарасар туғанға, - деген жолдар қиын соғып тұр.
Абай: -Әділет пен шапқат адамның қай қасиетінен шығушы еді?
Шәкәрім: -17 сөзде жүрек, әділет,нысап, ұят, рақым, мейірбандылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады демеуші ме еді?
Абай: -Олай болса бұл жерде «әділет, шапқат» жылы жүректің баламасы ретінде алынып отыр.
Шәкәрім: -Кімде әділет пен шапқат6 яғни жылы жүрек болса, сол өзінің бойындағы қайрат пен ақыл арқылы тапқандарын адамдар үшін игілікті істерге жұмсайды. Адамзатқа керегі әділет пен шапқат деген сөз екен ғой.
Абай: -Ақыл мен қайрат жол табар,
Қашқанға да қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа.
Алдың – жалын, артың – мұз,
Барар едің қай жаққа.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
(Сахнаға кеудесінде жүрек ілінген сыпайы, ізетті қыз бала шығады, қасында Ақыл мен Қайрат бар)
Жүрек: -Мен адам баласын бөлмеймін. Жақсылыққа елжіреп еритұғын - Мен, жаманшылықтан жиреніп, тулап кететұғын – Мен, Әділет, ынсап, ұят, рақым, мейірбандылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен табылады.
-Ей, Ақыл! Амал да, айла да бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның – екеуінің де сүйенгені – Сен, екеуінің де іздегенін тауып беріп жүресің – соның жаман.
-Ей, Қайрат! Кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің – соның жаман. (Ортаға әділ төрелік айтуға Ғалым шығады)
Ғалым: -Сенің үшеуіңнің басыңды қоспақ менің ісім. Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Адамға ең бастысы мейірім, жүрегі нұрлы адам нағыз толық адам болатыны сөзсіз. Осы үшеуің басыңды қос. Соның ішінде жүрекке билет. Осы үшеуің бір кісідей менің айтқанымнан табылсаңдар – ең қасиетті адам сол. (бастарын иіп шығып кетеді.)
2-жүргізуші: -Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғалым сол үшеуінің жөнін білмек.
1-жүргізуші: -Абай халықты надандықтан алып шығудың бірден- бір жолы оқу, өнер деп білді. Оның осы тақырыпқа жазған бірнеше өлеңдері ақынның ағартушылық, адамгершілік көзқарасын ерекше танытқандай. Енді ақынның өнер, білім туралы өлеңдеріне кезек берелік.
Өлеңі: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім»
«Ғылым таппай мақтанба»
2-жүргізуші: -абайды азамат ақын дейміз. Абай халықшыл болды. Ұлы ақынның өткір сатирасы, ащы шындыққа толы өлеңдері сабырсыз, арсыздарды түйреді. Абай осы өлеңдерімен халық атынан сөйледі. Ел ішіндегі келеңсіз жайға жүрегі ауырған, жаны күйзелген Абайды көреміз.
1-жүргізуші: -Абай қазақ әдебиетінде лирика жанрының негізін қалаған классик ақын. Оның лирикаларын табиғат, махаббат, көңіл күй лирикалары деп бөлуге болады. Көптеген сыншылар да ақындар да махаббатты Абайдан артық жырлаған жоқ.
2-жүргізуші: -Абай – әдебиет сыншысы, сөз өнерінің сарапшысы да бола білді. Өзінің ақындық мақсаты – жастарға үлгі беру, тәрбиелеу екендігін жыр етеді.
Өлеңі: «Өлең – сөздің патшасы», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»
1-жүргізуші: -Өзгеге көңілім тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың.
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың, - дейді ақын атамыз.
2-жүргізуші: -Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй, - деп Абай атамыз айтқандай, әнге кезек берелік.
Ән: «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы»
1-жүргізуші: -Абай тамаша аудармашы болды. Ол Лермонтовтың 30-ға тарта өлеңін, Крыловтың көптеген мысалдарын аударды.
2-жүргізуші: -Абай Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасынан үзінділерді аударды. Бұған орыс достары, Петербургте оқыған баласы Әбдрахманның орыс халқы әуендерімен таныс болуы көп ісер етті. Пушкиннің «Евгений Онегин» дастанынан үзінді тамашалаңыздар.
Татьяна: - Амал жоқ қайттім білдірмей,
Япырмау, қайтіп айтамын.
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын.
Тәңір қосқан жар едің сен,
Ол кезімде бала едім мен,
Аямасқа бекіп ең.
Онегин:
- Тіл буынсыз, бай-таза гүл,
Ақылы артық, ары зор.
Ол – перизат, ойла, өзің біл,
Не болады болса қор.
Ішім өлген, құр денем сау,
Босқа үрейім жүр менің.
Жарамайды басқа алдау,
Теңің емес мен сенің.
Татьяна:
-Елжіреп жас емес пе ем,
Ептеп айтып жұбатып.
Мен ғашыққа мас емес пе ем,
Кетсең еді ұзатып.
Онегин:
Мен жаралы жолбарыспын,
Жұрттың атқан оғы өтіп,
Сен есірке сорлы жаспын,
Шын сөзіме рақым ғып.
Татьяна:
-Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем.
Тірі қалдым, өлмей әрең,
Қатты батты тырнағың.
Онегин:
-Сенің өмірің гүлденіп тұр,
Есігін тап, көр қызық.
Менің өмірім-бір суық сұр,
Күзгі күндей тұр бұзық.
Татьяна:
-Ғашық-ақпын еш күмәнсіз,
Ырыс емес сор үшін
Көрісуге шыдамаспыз,
Айырылайық сол үшін.
Ысқақ: -Қайран Татьяна! Қазақ қызыңнан мұңыңды таптың ба? Талай шыншыл жасқа тіл бітірерсің-ау! (Күй тартылады)
Абай: -Ей,сорлы заман, менен алмаған қай қыстағың қалды? Мен ішпеген у бар ма? Жүрегімді көрші, міне, жарадан сау жер қалды ма? Сорымның да куәсі, көгерген гүл атқан шағымның да куәсі сен едің – көк аспан!
-Сен ғана айтшы, мен өлейін, сол бір жылдарда сенің желдерің қуып кеткен гүлдерім, дәндерімнен ұрпақ, нәсіп қалды ма? Ол да бір, тағы бір замандарда сол гүлдердің бір тобынан саялы тоғай, мәуелі бақ өсер ме?
Мен мынау өмір көшінен өтіп бара жатып, кейінгі ұрпаққа, сендерге:
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсызжерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма! – дегім келеді. Мен мынау өмір көшінен өтіп бара жатып, болашаққа, келер ұрпағыма үлкен сенім, арманымды қалдырып барамын.
2-жүргізуші: -Міне, Абай дәнін сепкен оқу, білім, өнер, адамгершілік, әдеп, мораль мәселелері қазақ халқының әр кезеңінде де рухани азығына айнала бермек.
1-жүргізуші: -«Жүрегімнің түбіне терең бойла», - деп ақын атамыз айтқандай бүгінгі кеште барынша Абай мұрасына арнадық. Абай қалдырған асыл мұра біз үшін таусылмайтын мәңгі-бақи жырымыз.
Екеуі: Абай тойы тойға ұлассын демекпіз. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға дән ризамыз. Келгендеріңізге рахмет!