Просмотр содержимого документа
«Аяла, сен деп со??ан ж?ректі»
Сынып: 7 «а» Күні: 27.11.15 Сабақтың тақырыбы: Аялай біл, сен деп соққан жүректі Сабақтың мақсаты: Жаныңда жүрген жақын адамдарды сыйлауға, құрметтеуге үйрету. Сабақтың міндеті:
Адамдардың бір-біріне деген мейірім-шапағатының мән – мағынасын түсіндіру; Жаныңда жүрген жақын адамдарға деген сүйіспеншіліктерін дамыту; Жақын адамдарды сыйлай, қадірлей білуге үйрету.
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін. Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек — қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты. Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды. Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді. Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын. Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын… Ғаламның барлық түпкір — түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен Нұрмын».
Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз… Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет. Оқушылар өз әсерлерімен бөліседі.
Үй тапсырмасын тексеру ( Мәтінмен жұмыс)
Оқулықтың 65- бетіндегі Р.Ақдемірдің «Ана махаббаты» атты мәтінді үйден оқу және өз ұсыныстарын жинақтап, осы әңгімедегі ерекше естеріңде қалған , риясыз сүйіспеншіліктің көріністерін суретке салып келу тапсырылады. (Оқушылардың үйден салып келген суреттерін талқылау).
Мәтін бойынша пікір алмасу сұрақтары:
— Ана неліктен балалардың көңіл күйін бұзғысы келмеді?
— Балалар саяхатқа жиналғанда анаға қандай ой келді?
— Балалардың саяхаттан бас тартуына олардың қандай қасиеттері себеп
болды?
Сабақ барысын талқылау:
Дәйексөз
Өзінің айналасындағы жора-жолдастарының, бауырларының жан дүниесіне үңіліп қарамаған адам өмірде үлкен қиыншылықтарға кезігеді және айналасына зиянын тигізеді.
А.Адлер
1. Дәйексөзді қалай түсіндіңіздер?
2.«Аялау», «қадіріне жету», «қадірін білу» деген сөздерді қалай түсінесіңдер?
3. Өзің жақсы көрген адамның саған немқұрайдылық танытқан кездері болды ма? Солкезде не сезіндің?
Әңгімелеу
Адамды сүйе біл
С. Байжанов
Біз жайшылықта көп нәрсені елемейміз. Көбіне мән бермейміз. Мысалы, күнде таңертең қызарып күн шығады, күн кешкілікте қызарып барып батады. Оған, әрине, ешқайсымыз таңданбаймыз. Өйткені ол үйреншікті нәрсе. Ал енді біреулер сол күннің қыр басынан қылтиып, қызарып шығуының өзінен аса бір сүйкімділік, сұлулық табады, ләззат алады. Сүйсініп жырға қосады. Суретші сұлу күннің көркіне табынып, тамсана отырып сурет салады. Композитор сол сұлу күннің, мейірлі күннің аспан аясына көтерілуінен аса бір нәзік сырлы әуен сазын аулап, ән толғайды.
Әлгі адамдардың жазғанын оқып, салған суретін көріп, шығарған әнін тыңдағаннан кейін барып, күнде көріп жүрген елеусіз күнге қарап көрсем, күнім баяғыдай емес, сұлу да сымбатты, сырлы да сазды, қылықты да сүйкімді көрінеді. Тіптен өзіме қарап, күлім қаққандай, жымың еткендей юолады. Мен де еріксіз езу тартып, өз-өзімнен жымиямын...
Немесе таңғы шық, сыңғырлаған бұлақ үні, сыбдырлаған жапырақ, ұшы қиырсыз кең дала... «Иә оларда тұрған не бар?..» Ойсыз көзбен қараған жанға бәрі де елеусіз, жай ғана жапырақ, баяғы бір дала... Ал енді бір адамдар солардың бәрінен сыр ұғады, әркім байқай қоймайтын үн, бояу табады. Солардың көзімен қарасаң, расында да әлгі елеусіз құбылыстардан әсем сырлар ұғады екенсің. Бұл қандай керемет, мұнда не сиқыр бар? Ойлап-ойлап, әр нәрсенің қадіріне жетіп, көре білу үшін, бағалай білу үшін көрген көз, сергек сезім керек екен-ау деп таң-тамаша қалдым.
Дәл солай, кейде біз, адамдар, бір-бірімізді түсінбейміз, айналамыздағы адамдардың жақсысын көре білмейміз, асылын жасығынан, алтынын жезінен ажырата алмай қаламыз. Сондықтан да адамдар мұхитынан асылы мен жақсысын ажыратып тани білу үшін де адам жаратылысының тұңғиық тереңіне сүңги білетін көреген көз, сезімтал жүрек керек.
Жақсы адам... Жақын адам... Жанашыр адам...
Қандай жақсы ұғымдар. Тек солар жайлы ойлағанның өзінде жаныңды әлде бір жылы сезімдер байрап өткендей болады.
Жақсы адам, жақын адам, жанашыр адам деп кімдерді айтуға болады?
Былай қарасаң, бұл сұрақ өте оңай, қарапайым сияқты көрінеді. Бірақ ол алғашқы, алдамшы әсер ғана. Ойланып, толғанып, нақты жауап іздей бастасаң, бұлардың оңайлығы да, қарапайымдылығы да сағымдай бұлдырап, алуан ойлардың жетегіне әкетеді. Кейде, біз жақсы адам дегенде айналамызға, төңірегімізге қарамай, әлдебір алыстан, ғайыптан іздеп, бөгде бөтен жаққа көз тігетініміз бар.
Қасымыздағының бәрі қарапайым, елеусіз, ешқандай кереметі жоқ дегендей қомсанамыз ба, қайткенде оны аттап өтуге бейім тұратынымыз бар. Шынтуайттап келсек, бағдарлап, бағалап көре білсек, әлгі біз іздеп жүрген кереметтердің бәрі тап өзіміздің қасымызда, көз алдымызда болып жатады. Айтып жүрген жақсы адамдарымыз жанымызда, өз арамызда жүреді.
Бұл жерде менің айтайын деп отырғаным – біздің айналамыздың, өміріміздің тамаша адамдарға толы екендігі. Тек соларды көріп, танып, сүйе білу керек екен.
1. Мәтінді оқығанда қандай сезімде болдыңдар?
2. Жанымыздағы жақсылықты байқамаудың, сезінбеудің себебі неде деп ойлайсыңдар?
( Бақытты отбасының бейнесін жасау. Отбасы мүшелері арасындағы қарым – қатынас қандай болуы қажет?)
ІІтопқа: « Іздегенде табылатын қасыңнан»
( Достық бізге қажет па? Достықтың кілті неде?)
ІІІтопқа: Гүлдей әдемі болайық
Күндей мейірімді болайық!
( мейірімділікті үндеу, жарнамалау, насихаттау. Мейірімділік белгісі не?)
Топпен ән айту
Дос туралы жыр
Сөзі Т.Молдағалиевтікі
Әні С. Бәйтерековтікі
Іздегенде табылатын қасыңнан,
Көңілі бар қызғалдақтай ашылған.
Көріспесек сағыныштан жүдейтін,
Кім бар екен бала күнгі досыңнан!
Қайырмасы:
Жан досым, үстем болсын мерейің,
Әрқашан жеңісіңді көрейін,
Сырымыз да бітпесін,
Жырымыз да бітпесін, жырымыз да бітпесін!
Қос бұтағы секілденіп ағаштың,
Қатар жүріп сырымызды сан аштық.
Жол тапсақ та бірге жүріп жол таптық,
Адассақ та бірге жүріп адастық.
Қайырмасы:
Жан досым, үстем болсын мерейің,
Әрқашан жеңісіңді көрейін,
Сырымыз да бітпесін,
Жырымыз да бітпесін, жырымыз да бітпес
Үй тапсырмасы
№ 16- сабақ: Мәтінмен жұмыс. С. Байжановтың «Адамды сүйе біл» әңгімесін оқып келу.
Дәптермен жұмыс. № 15 -сабақ «Өздеріңнің жақындарыңды қалай қуантар едіңдер?» ойтолғау жазып келу.
Соңғы тыныштық сәті
Баяу музыкақосылады.
Көзімізді жұмып, тыныштықта бүгінгі сабақты есімізге түсірейік. Енді, бүгінгі өткен сабағымыздан нені түсіндік, қандай жақсы нәрселерді үйрендік, өзімізге нені алдық сол жөнінде ойланайық. Осының барлығын жүрегімізге салып, көкейімізге түйіп алайық. Жайлап, көздеріңізді ашуға болады. Бүгінгі керемет сабақ үшін сіздерге көп рахмет!