Білімділік: Оқушыларды халықтың тіршілік – істерімен таныстыру, мал атауларын, ерекше қасиеттерін, пайдасын, күтім - бағымын түсіндіру. Оқушылардың төрт түлік туралы түсініктерін кеңейтіп, әр малдың ерекшеліктері, пайдасы туралы білімдерін тексере отырып, толықтыру.
Дамытушылық: Төрт түлік туралы өлең, жұмбақ, мақал – мәтел айтқызу арқылы танымын кеңейту, сөйлеу шеберліктерін, ой - өрістерін дамыту, шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру.
Тәрбиелік: Оқушыларды төрт түлікке деген құрметке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Қазір, балалар біз сендермен бірге жайлауға саяхатқа барамыз. Жайлау алыс қой, сондықтан асықпай поездге мінеміз де (оқушылар бірінің артынан брі ұстап, «поезд» әнін айта отыра, орындарына дейін барады).
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.
Сұрақтар:
Көшпелілік дегенді қалай түсінесің?
Көшпелі мал шаруашылығының түрлері?
Дәстүрлі мал шаруашылығы дегеніміз не?
Жайылымның неше түрі бар? Оларға анықтама бер.
Малды алысқа ұзатып жаятын жайылым?
ІІІ. Жаңа сабақ
«Төрт түлік мал»
Оқушылар тақтадағы стикерді таңдау арқылы малдардың пірі болып сабақ бойы жұмыс атқарады.
1 – оқушы: «Шопан ата»
2 – оқушы: «Қамбар ата»
3 – оқушы: «Зеңгі баба»
Мұғалім: Қазақ ежелден мал шаруашылығымен айналысқан халық. Ғасырлар бойы қалыптасқан бай тәжірибесі бойынша олар малдың өрісін, тіршілік табиғатын, қадір - қасиетін әбден зерттеп білген. Малдың еті, сүті, жүні, терісі, мүйізі, сүйегіне дейін өз қажетіне пайдаланып отырған. Мінсе - көлігі, тұтынса бұйымы да осы мал болған. Кең даланы еркін шарлап, көшіп - қонған халқымыздың тұрмыс - тіршілігі төрт түлікпен байланысты. «Малым - жаным садағасы, жаным – арымның садағасы» деген ата - бабаларымыз. Қазақстан жері мал өсіруге аса қолайлы. Біздің жерімізді малсыз елестету мүмкін емес.
Миға шабуыл. Ой шақыру.
Төрт түлік туралы не айтаcыңдар? ( Топтастыру)
1. Қой – төрт түліктің ұсағы. Күзгі терісінен - тон, қысқы терісінен тұлып тігеді. Жүнінен киіз басады. Жіп иіріп, қолғап, шұлық тоқиды. Қойдың сүті қою, жағымды болады.
2. Сиыр ірі қараға жатады. Оны көбіне - көп сүті үшін ұстайды. Сиырдың сүтінен қаймақ, май, айран, құрт, сүзбе, ірімшік дайындайды.
3. Жылқы – төрт түліктің бірі. Саусаң - қымызы сусын, мінсең - көлік. Суыққа төзімді. Оның майы салқында тоңазымайды. Еті де, қымызы да ем.
4. Түйе – түлік басы. Түйе – көштің көлігі. Оған көбінесе жүк артады. Сүтінен шұбат, қымыран дайындайды. Жүнінен жылы киім тоқиды.
5. Ешкі – қазына. Ешкіден тарап алатын өте биязы жүн «түбіт» деп аталады.
Дарынды оқушымен жұмыс (Жалмағанбетова Кенжегүл)
«Ер қанаты – ат» жайында оқушыларға қысқаша баяндайды.
2. «Мықты болсаң, тауып көр» ойыны.
Тақтамен жұмыс.
Төрт түлік пірлері туралы не білесіңдер? Сәйкестендіру:
Қойдың пірі Шопан ата
Сиырдың пірі Зеңгі баба
Жылқының пірі Қамбар ата
Түйенің пірі Ойсылқара.
Ешкінің пірі Сексек ата
Қой – қазына, мырзалық,
Қой атасы – Шопан ата.
Сиыр – қанағат, ақтық,
Сиыр атасы – Зеңгі баба.
Жылқы – сәндік, мақтан
Жылқы атасы – Қамбар ата.
Түйе – байлық, салтанат
Түйе атасы – Ойсылқара.
Оқушыларға төрт түліктің пірлерінің суретін көрсету.
«Кім көп біледі?» ойыны
Дәптермен жұмыс.
Қазақ халқында төрт түлік туралы мақал – мәтелдері көп. Оқушылар асық таңдай отырып, сол асықта жазылған түлікке байланысты мақал-мәтелдерді еске түсіріп, дәптерге білетін мақал-мәтелдерін жазады.
Қой
1. Құтты қонақ келсе,
Қой егіз табады.
Қойдың сүті - қорғасын,
Қойды соққан оңбасын.
Қошқар болар қозының, маңдай жағы дөң боп келер,
Жақсы болар жігіттің етек-жеңі кең келер.
Сиыр
Сиырлының үйі – айран.
Сиырды теппейді,
Сүтті төкпейді.
3. Сиырдың сүті – тілінде.
Жылқы
Жылқы - жаным, қымыз - қымыраным.
Ат - адамның қанаты.
Жалғыз шапқан ат жүйрік.
Түйе
Түйе атасы - нар,
Ағаш атасы - шынар.
Түйе көп болса, жүк сыймас.
Ешкі
Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады.
Қасапшыға мал қайғы. Қара ешкіге жан қайғы.
Ешкілі қой өреген.
4. «Кім тапқыр?» ойыны.
Жұмбақтар жасырайық.
1. Кішкене ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар.
(Қой)
2. Мүйізі айдай иірген
Мұрнын көкке шүйірген
Ірімшік пен құрт майы
Жегенде тілді үйірген.
(Сиыр)
3. Қамыс құлақ
Тостаған тұқ.
Мінсең - қанат.
Сүті - дәрі,
Еті - тамақ.
(Жылқы)
4. Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар.
(Түйе)
5. Өтірік өлеңдер құрастырайық.
1. Сарымсақ, сәбіз бөлмеде
Өскенін көп ел көріпті.
Қой мен ешкі төлдерге
Тамақ жасап беріпті.
2. Қарағаштың басына
Қауын, қарбыз өсіпті.
Түйе мен сиыр қызығып,
Қыста жейміз десіпті.
3. Жануарлар бақшаға
Жеміс жеуге келіпті.
Суда өскен жүзімді,
Жылқы мен есек теріпті.
Бейнематериал «Төрт түлік мал»
5. «Сен білесің бе?» ойыны
Тыйым сөздер.
1. Қой қырқатын қырықтықты иесіне бос қайтармайды. Жүнге орап береді.
2. Малдың алдынан бос ыдыспен шығуға болмайды.
3. Малға дауыс көтеріп ұрсуға, балағаттап тіл тигізуге болмайды.
Иесі өкпелейді.
4. Жас малдың тістерін санамайды.
5. Мал қораның сыртында және ішінде ысқырмайды.
6. Түнде мал санамайды және ешкімге мал бермейді.
7. Малды біреуге сыйлағанда яки сатқанда, ноқта - жүген, бас жібі берілмейді.
8. Жас ботаны бірден көзге түсірмейді. Ол бір ай шымылдықтың не ши қоршаудың ішінде ұсталады.
IV.Сергіту сәті «Көңілді күн»
6. «Алтын сандық» ойыны.
Оқушылар сандық ішіндегі сұрақтарға жауап береді.
Үлгерімі төмен оқушымен жұмыс – «Тест тапсырмасы».
V. Бекіту кезеңі.
7. Жарнамалау
Оқулықпен жұмыс.
Оқушылар тақтадағы суреттерді таңдай отыра, бір төрт түлікке жарнама жасап, оның өнімдерінің пайдасы, маңызы жайлы айта отыра, басқа оқушыларға сол түлікті сатуы керек.
Қорытындылау.
Балалар төрт түлік туралы не біліп үйрендіңдер?
Сендерге төрт түлік турасында нелер ұнады?
Рефлексия.
Оқушылар, біз жақында ғана тәуелсіздік күнін тойладық. Қазір, сіздер мына ағашқа бүгінгі сабақ жайлы, жалпы өз ел, жерлеріне деген тілектеріңді жазып, қолдарыңдағы лентаны ағашқа байлайсыңдар.
VI. Бағалау.
Бағалау парағымен оқушылар бағаланады.
VII. Үй тапсырмасы: «Түлік төресі – түйе» туралы мәлімет жинастыру.