Сабақ жоспарын құру барысында мақсаттың күтілетін нәтижемен ұштасып жатуына мән бердім. Ал күтілетін нәтижені блуммен байланыстырдым. Бағдарламаның ұсынған жеті модулін өз сабағымда қалай қолданып жүзеге асыру керектігін ойластырдым. Сыныптағы бірлескен жұмыс оқытылатын пәннің мазмұнын берумен шектеліп қана қоймайды, ол сонымен қатар мұғалімнің ынтымақтастық атмосферасында оқуды қамтамасыз етуіне бағытталған. Табысты оқу мен оқытудың мәні оқыту үдерісіне жеке тұлғалар өздерін еркін және қауіпсіз сезінуіне жағдай жасаудан тұрады. Сыныптағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында сабақты «Тілек айту» тренингінен бастадым. Байқағаным оқушыларда көтеріңкі көңіл күймен жайлы атмосфера қалыптасты. Топқа бөлу мақсатында тренингтен соң қорапша ішінен түрлі-түсті әртүрлі тілек жазылған қағаз қималарын алуларын өтіндім, қағаз түсіне байланысты 6 топқа бөлініп, орындарына жайғасты. Тұсаукесер бөлімінде e-history.kz сандық білім беру порталынан алынып дайындалып қойылған «Абылай хан» атты бейне жазбаны көрсеттім. АҚШ-тың Мэн штатының Ұлттық оқу зертханалары зерттеуінің нәтижелері бойынша аудио-визуалды қабылдау арқылы ақпараттың 20 % , көрсетілім 30%, практика барысында 75 % есте сақтай аламыз. Бейне жазба көрсетіліп болған соң оқушыларға түрткі болу техникасы бойынша сұрақтар қойдым. Оқушылар өз деңгейіне байланысты пікірлерін білдірді. Жаңа сабақтың мақсатын айқындаған соң «ойлаудың алты қалпақ» әдісі бойынша жаңа сабақты меңгерту мақсатында тапсырмалар бердім. «Ойлаудың алты қалпағы» әдісі арқылы топтық жұмыстар. Мәтін мазмұнын, идеясын меңгерту мақсатында 6 топқа тапсырма беру. 1. Ақ қалпақ (тарихи фактілерді, жаңа мәліметтерді объективті санамалау). Абылай хан тұсындағы қазақ хандығы туралы ақпарат береді. 2. Қызыл қалпақ (зерттелетін материалға жекелей талдау жасау). 3. Қара қалпақ (теріс салдары проблемаларды бөліп қарастыру). Абылай хан саясатының осал тұстарын немесе жағымсыз жақтарын айту. 4. Сары қалпақ (барлық оң атауларын жазу). Абылай хан саясатының жағымды жақтарын айту. 5. Жасыл қалпақ (зерттелетін нәтижелерді шығармашылық формада ұсыну). Абылай хан есімін бүгінгі елбасының саясатымен салыстыру, байланыстыру. Мадақтау, эссе, өлең шығару. 6. Көк қалпақ (оқу материалы жалпы рефлексті ойларды, идеяларды, тұжырымдарды қалыптастыру). Оқу жұмыс барысында «Ойлан-Жұптас-Бөліс» тәсілі бойынша оқушылар жұмыстанды. Бұл тәсілдің тиімді жақтары оқушылар бір-біріне түсіндіру барысында бірдей дәрежеде жұмыстана отырып, бір-біріне деген сенімдері артатыны байқалды. Әр топ өз жұмыстарын қорғап, пікірлерін айтып, дәлелдер келтіріп ұмтылып жатты. Мектептегі тәжірибе кезінде бақылауға алған С деңгейлі оқушым Рысханым Абылай хан туралы негізгі факторларға сүйеніп дәлелдер келтірсе, қара қалпақ тобының жұмысыда ұтымды шыққаны байқалды. Тақырып мәтінін терең меңгеріп Абылай хан саясатының осал тұстарын айқындап Тәуке хан ел билеген кезіндегі негізгі тірегі болған билердің құқтарын шектеу арқылы қазақ қоғамындағы ішкі тәртіпке тосқауыл болғанын дәлелдеуге тырысты. Сонымен қатар сабақ үстінде телефон арқылы интернет материалын пайдалана отырып Абылай ханның соншалықты биік абыройға ие болмағаның Тарихшы Құрбанғали Халиди жазған нұсқасы бойынша ел аузынан жинаған тарихи деректерді мысалға келтіріп, үзінді оқыды. Абылай, Ботақанды сен өлтірдің, Есіл ер жазығы жоқ, не өлтірдің? Хан басың қарашамен даулы болып, Үстіне Ақ Орданың қол келтірдің. Жасыл қалпақ тобындағы А,В деңгейлі оқушыларым Абылайдың үш арманың мысалға келтіре отырып, бүгінгі елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың саясатымен байланыстыра салыстырды. Қазақ тарихындағы Абылайдың қазақ халқының біріктіру мақсатындағы тарихта алар орны зор екенін айтып үлгі өнеге алар тұстары жеткілікті екенін сонымен қатар Абылай ханға арнап «Абылай хан» өлең жолдарын шығарды. Арнаған өлең жолдарынан еліне деген сүйіспеншілікпен қатар, ерлігін мақтан тұтып мақтанышпен жырлағаны байқадым. Үзінді келтіре кетсем: Сенің рухын әрқашанда еңселі, Жырға қосып жүремін ғой мен сені. Ұрпақтардың амандығын ойладың, Біз едік сол болашақтың ертеңі. Бұдан шығатын қорытынды ойлаудың алты қалпақ әдісіне негізделген осы сабағымда оқушылар сыни тұрғыдан ойлай отырып, орынды сұрақтар қоя білді, проблемалық сұрақтар төңірегінде ой қозғады, фактілер мен пікірлерді айыра білді, дәлелдер іздеді, өзге топтардың пікірін тыңдай алды, жаңа шешімдер қабылдай алады, шығармашылық белсенділіктері арта отырып мәселе түйінің шешуге тырысты және де дағдыланады. Тапсырманы оқушылар әртүрлі деңгейде орындады. Тақырыпты берілген тапсырма бойынша дұрыс ашып жеткізе алмаған топтарда болды. Топтар өзара «екі жұлдыз, бір ұсыныс» арқылы бағалады. Сынып оқушыларының көңіл-күйін көтеру мақсатында «Музыкалық жанр» сергіту сәтін ұйымдастырдым. Бұқар жыраудың Абылай ханға арнаған жыр толғауынан үзінді келтіріп, 1-топ: Опера, 2-топ: Рэп, 3-топ: Патриоттық ән нақышында орындау тапсырылды. Мейірхан атты оқушымның рэп нақышында орындаған толғауы сәтті шығып, орындауына риза болдым. Қызығушылығы оянып белсенділік таныта бастағанын Абылай хан саясатының оң жақтарын түсінікті етіп жеткізгенінен байқағанмын. Сынып оқушылары ризашылықтарын білдіріп, шапалақтап, қошемет көрсетті. Көзбен көретін айғақтар негізінде сыни тұрғысынан ойлау үшін сабақты қорытындылап бекіту мақсатында «Топтастыру» әдісін қолдандым. Оқушылар алдына әр кезендегі хандар, батырлар мен Кеңес Одағы тұсындағы Қазақстанды басқарған басшылар суреттерін үлестірдім. Оқушылар түрліше ойлап, белгілі ретпен топтастыруға көшті. Жұмыстану барысында оқушылар төменгі сыныптағы білімдеріне сүйенгенін, С деңгейлі Қайсар атты оқушымның көшбасшылық танытып отырғанын байқадым. Өзі нақты жауабын білмеседе, ел басқарған басшыларды ретімен орналастыруға тырысты. Әр топтан баяндамашылар өздерінің постерлерін қорғап шықты. Топтар өзара басбармақ арқылы бағаланды. |