Кіріспе Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасы тарихи даму жағдайында көп ұлтты мемлекет ретінде қалыптасты. Тарихтың әр кезеңінде біздің республикамыз түрлі себептермен көптеген ұлттар мен ұлыстардың Отанына айналды. Яғни Қазақстан қоғамы этникалық әртектілігімен ерекшеленеді. Ал жыныстық, жастық, кәсіптік, конфессионалдық және этникалық әртектіліктің адамдар мен әлеуметтік топтар арасындағы өзара қарым-қатынастың сипатына өз әсерін тигізетіні түсінікті. Кей уақытта ол ашық түсінбестікке, тіпті қарсы тұруға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда ондай қайшылықтарды болдырмайтын, олардың алдын алатын механизмдер жасау қажеттігі туады. Міне, мұның бәрі қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтардың алдын алудың мүмкін жолдарының бірі – толеранттылық құбылысын терең қарастыруға жол ашады. Қазіргі кездегі әлемде орын алған әлеуметтік, дінаралық, ұлтаралық, т.б. қақтығыстар өршіп тұрған жағдайда ғалымдар тарапынан оны қалыптастырудың жолдарын іздеуге ерекше көңіл бөлінуі заңды.
Жалпы тұлғада толеранттылықтың қалыптасуы үшін ол рухани дамудың белгілі бір сатыларынан өтуі тиіс, ал ол педагогикалық проблема болып табылады. Сондықтан 1995 жылғы 16 қарашада ЮНЕСКО-ға мүше елдер қабылдаған «Толеранттылық принциптерінің Декларациясында» білім беру саласында толеранттылық идеясын насихаттауға басымдық берілген. Педагогика ғылымында оның саласы ретінде «толеранттылық педагогикасы» даму үстінде, онда толеранттылықтың мәнін зерттеу және оны әлеуметтік норма, әлеуметтік құндылық ретінде практикаға ендіруге негізгі көңіл бөлінеді.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында, «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында» қазақстандық патриотизмге, толеранттылыққа, биiк мәдениетке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу отандық білім беру жүйесінің негізгі міндеттері ретінде көрсетіледі. Яғни, білім беру мазмұны адамдардың нәсілі мен ұлтынан, мәдени және конфессиональдық белгілерінен тәуелсіз олардың арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа, тұлғаның жалпыадамзаттық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етуі тиіс. «Менталитет» және «толеранттылық» категориялары білім беру жүйесіне тікелей қатысты. Өйткені ол адам мен социумның менталдық қасиеттерін белсенді әрі мақсатты қалыптастырады.
Қоғамдық өмірдегі толеранттылықтың орны мен ролі туралы қағидалар Б.С. Гершунский, В.А. Лекторский, А.Н. Леонтьев, М. Мчедлов, А.В. Петровский, В.А. Тишков, О. Хеффе, т.б. еңбектерінде кездеседі. Бұл авторлар негізінен толеранттылықтың әлеуметтік-мәдени және этникалық сипаттарына көңіл бөледі.
Педагогикалық зерттеулердің бірқатарында толеранттылық проблемасымен астасып жататын мәселелерге назар аударылады: ұлтаралық қарым-қатынастар, ұлтаралық қарым-қатынастарды тәрбиелеу, т.б.
Толеранттылықтың жекелеген аспектілері қазақстандық ғалымдардың зерттеулеріне де арқау болды: Г.К.Искакова, М.А. Кучерова, П.И. Мамедова, Б.А. Тұрғынбаева, т.б. толеранттылықты қалыптастырудың жалпы мәселелерін қарастырса, С. Әмірғазин еңбектерінде дінаралық толеранттылық мәселелерінің әр жақтары ашылған. Г.А. Уманов ұлтаралық қатынастар педагогикасының теориялық негіздерін қарастырды.
Этникалық тәрбие мен оның әдіснамалық мәселелері, этномәдени білім беру, патриоттық тәрбие беру отандық (З. Абетова, Ш.И. Джанзакова, Қ. Жарықбаев, Е. Жұматаева, С. Қалиев, К.Ж. Қожахметова, Н.А. Мыңжанов, Ж.Ж. Наурызбай, Ә.Қ. Нұрғалиева, Т. Суюнова, С.А. Ұзақбаева) және шетелдік (Е.А. Балашова, Г.Н. Волков, Дж. Деверо, Г.Д. Дмитриев, Г.В. Иванченко, Дж. Лорсен, Р. Льюис, Т. Моррисон, Н.М. Лебедева, Т.Г. Стефаненко, Э.Р. Хакимов, М. Уолцер, т.б.) ғалымдардың зерттеу объектісі болып табылады.
Мен этникалық толеранттылықтың мәнін ашуға және оқушылардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың жүйесін жасауға бағытталған зерттеу жүргізу керектігін көрсеткен проблеманы есепке алып, зерттеу жұмысының тақырыбын «Зайырлылық және дін тану негіздері сабағында оқушыларды этникалық толеранттылыққа тәрбиелеу» деп айқындауға мүмкіндік берді.
Зерттеу мақсаты - білім беру үдерісінде әр тұлғаны ел ішіндегі тұрақтылық пен бейбітшілікті,ұлтаралық келісімді сақтай білуге тәрбиелеу.
- діни сенім бостандығы, әлемдік және дәстүрлі діндердің, жаңа діни қозғалыстардың тарихы мен қазіргі жай-күйі, теріс пиғылды діни ағымдар мен тыйым салынған діни ұйымдар туралы жан-жақты білім беру;
- білім алушыларды экстремизм, терроризм және діни радикализм идеологияларын қабылдамауға үйрету, рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде толеранттылық қасиетке тәрбиелеу және олардың гуманистік дүниетанымын қалыптастыру.
Зерттеудің мақсатын іске асырып, болжамды тексеру үшін төмендегі зерттеу міндеттері анықталды:
1) ұлттық тәрбие үлгілері мен әлемдік идеяларды қабылдай отырып, қазақ халқының ұлылығын таныту.
2) білім алушыларды діни сенім бостандығын құрметтеуге, толеранттылыққа баулу арқылы қазіргі қоғамдағы діни ағымдарға зайырлылық принципі негізінде баға беру дағдысын қалыптастыру;
3) Қазақстандағы этнос-аралық, конфессияаралық келісімді зайырлылық нәтижесі ретінде таныта отырып, білім алушылардың бойында азаматтық мінез бен жауапкершілік қасиетті тәрбиелеу;
4) экстремизм, терроризм, діни радикализм секілді жаһандық жағымсыз құбылыстардың теріс идеологияларының ұлттық қауіпсіздікке, зайырлылық принципіне, қоғам тұрақтылығына төндіретін қауіп-қатерін түсіндіре отырып, зайырлы мемлекет принципіне құрмет сезімін тәрбиелеу;
5) құқықтық сауаттылықтың қоғам өміріндегі маңызын түсіндіру, осы тұрғыдағы білімін арттыру.
6) Жас ұрпақтың толеранттылық пен ұлтаралық мәдениетін дамыту;
7) Оқушыларды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу;
Зерттеу объектісі – Мектеп қабырғасынан оқушыларымызды діни, саяси сауатты, толыққанды жетілген тұлға етіп тәрбиелеп, оқушыларғаэтномәдени білім беру.Діни сауаттылықты қалыптастыру – заман талабы екендігін естен шығармағанымыз абзал. Зерттеу пәні: оқушылардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың педагогикалық жүйесі. Зерттеу болжамы: Егер оқушыларға білім беру процесінде олардың этникалық толеранттылығын қалыптастырудың жүйесі енгізілсе, онда жалпы алғанда оқу орындарында педагогикалық процесінің тиімділігі артады, өйткені бұл жағдайда осы процесс субъектілерінің тұлғалық қасиеттерінің дамуының тұтастығы, жүйелілігі қамтамасыз етіледі.
Жобаның құрылымы: кіріспеден, екі бөлімнен , қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Негізгі бөлім .
Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білікті, алғыр әрі жалынды жастар қолында екені даусыз. Қай заманда да қоғамның негізгі қозғаушы күші – кейінгі ұрпақ. Бүгінде тәуелсіз еліміздің іргесін нығайту жолында жас ұрпақты заман көшіне сай қалыптастыру, рухани және адами қасиеттерді орнықтыру басты мәселелердің бірі болып отыр. Бүгін жұртшылық арасында діннің беделі артуда, діни нанымдар мен діни бірлестіктердің саны өсуде. Біз конфессиялық сан алуандығымен ерекшеленетін әлемдегі санаулы елдің біріміз. Сондықтан, азаматтарымыздың діни сауатты болғаны қоғамның тұтастығы мен тұрақты дамуының кепілі болып табылады.
Діни сауаттылықтың негізі мектептен қалануы тиіс. Себебі, бүгінгі оқушы ертеңгі азамат, ел ертеңінің кемелді келешегі. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер-бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады» деген еді. Сондықтан да, мектептегі тәрбие жүйесінің құрамдас маңызды бір бөлшегі ретінде оқушылардың діни сауаттылығын қалыптастыру міндетін бөліп көрсетуге болады. Бүгінгі оқушылардың діни сауаттылығы – ертеңгі қоғамның қауіпсіздігінің кепілі болады. Біз діни сауаттылық деңгейін көтеру арқылы жастарымыздың діни идеологиялар мен деструктивті ағымдардың шырмауына түсіп қалудан сақтай аламыз. Діни сауаттылықтың төмендігі және оның болмауының салдары жастардың діни экстремистік қауымдарға қосылу үрдісіне кеңірек жол ашады. Жастардың діни санасы мен діни білімін қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі ретінде қалып отыр.
Діни сауаттылықты қалыптастыру үдерісінде 2009 жылдан бастап орта мектептердің 9 сыныптарына енгізілген «Дінтану негіздері» факультативтік сабағының орны ерекше. Пәннің енгізілуінің біршама жағымды жақтарын айқындауға болады. Алайда, «Дінтану негіздері» курсы 6,7,8 сыныптардан бастап енгізілсе оқушылардың діни сауаттылығының қалыптасуына едәуір пәрменді ықпал беретіні ақиқат. Оқушылар курстың соңында әлем халықтары арасында діни сенімдер мен діндердің пайда болуы, орнығуы мен дамуы, діннің мәнін, оның адам өмірі мен қоғамдағы алатын орнын, мақсаты мен мұратын түсіне, ажырата алу, өзін және жақындарын деструктивті және радикалды діни ағымдардың ықпалынан қорғай алу, өзгенің діни танымына құрмет сезімі мен өз сеніміне құндылық қатынасы және жоғары адамгершілік қасиеттер мен ізгілікті дүниетанымға ие тұлға болып қалыптасып шығуы тиіс.
Бүгiнде Қазақстандағы жалған дiни ұйымдар балалар мен жастарды шетел тiлiн үйрету курстарына, экологиялық форумдарға, «қарым-қатынас мектебi» деп аталатынға, психологиялық семинарларға, қайырымдылық және сауықтыру курстарына, жастар конференцияларына, демалыс лагерлерiне шақыру және тағы басқалар арқылы өз қатарларына қосып алу әрекетіне көшкен. Имандылыққа бет бұрған жастарды мешіттерден де жиі кездестіреміз. Жас азаматтарымыздың діни санасы мен діни білімдерінің қалыптасуына бүгінгі мешіт имамдарының біліктілік деңгейі сай келуі тиіс.
Соңғы кездері кейбір мектептерге оқушылар діни киіммен (хиджаб) келіп жүргені жасырын емес. Білім беру мекемелеріне діни киіммен келу жағдайлары орын алып алып жатқан мектептер бар екенін де жоққа шығаруға болмас. Орта мектепте оқушылардың діни киіммен (хиджаб) келуіне жол беруге болмайды, себебі, Қазақстандағы 18 конфессияның өкілдері мектепте өзінің діни атрибутикасымен айқындалуға ұмтылады. Оған қоса Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі зайырлы сипатқа ие. 2011 жылы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3 бабы, 4 тармағында «діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады» деп көрсетілген. «Білім туралы» Заңының 3 бабы 1-4 тармағында «білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерінің бірі білім берудің зайырлы сипаты болып табылады» деп нақтыланған. Біз, яғни білім беру мекемелері ешқандайда діни ұйымдардың ішкі ісіне араласпаймыз, ал діни ұйымдар неге зайырлы болып табылатын білім ошақтарының ішкі ісіне араласып, өздерінің діни атрибуикасын қолдануда.
Жастар бойындағы жаман қылықтарға қарсы күресетін иммунитет – діни, рухани-адамгершілік және моральдық ұғымдар. Діни тәрбие адам бойындағы ар-намыс, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін оятады. Мектеп қабырғасынан оқушыларымызды діни, саяси сауатты, толыққанды жетілген тұлға етіп тәрбиелеп шығарған жағдайда ғана діни фанатизмнің қауіпінен арашалауға болады. Діни сауаттылықты қалыптастыру – заман талабы екендігін естен шығармағанымыз абзал.
Ислам – адам өмірін сақтаушы, денсаулықтың қорғаны, адамның өзін - өзі құртып,бітіруіне тосқауыл болатын ғажайып нәтижелер жиынтығы. Ислам мемлекеттерінде тұрмыс жағдайы төмен болса да, қылмыс деңгейі мен ажырасу саны ең аз, рухани бақыт көрсеткіші мен денсаулық деңгейі әжептәуір жоғары. Дамыған елдерден қанша төмен тұрса да жоғары деңгейдегі мораль мен тәртіп сақталған. Ислам – өмірдегі ең ұсақ құбылыс бөлшегін түсіндіретін жетілген қоғамдық құрылым жүйесі. Ислам – қайрымдылық пен зұлымдықтың не екенін нақты түсіндіре алады, қалай дұрыс өмір сүру, қалай дұрыс тамақтану, қалай бала тәрбиелеу, әйелді қалай қастерлеу, қалай киіну, қоғамдық өмірдегі қатынас сияқты т. б. маңызды сұрақтарға жауап бере алады. Исламда, мемлекетті басқару ұйымы үшін, қалай салық жыйнау, салық мөлшерін белгілеу, қаржыны реттеу, қоғамдық тәртіпті белгілеу және қадағалау, халық қажеттілігін қамтамасыз ету, ресурстарды адамдар арасында әділ бөлу сияқты т. б. нұсқаулар бар.
Сонымен бірге «Ислам – дін ғана емес, ол біздің мәдениетіміз».деген Н. Ә.Назарбаев-тың сөзінің мәнін аша білді. Дін халықтың өткені және тарихи екеніне ешбір күмән келтіруге болмайтындығына оқушылар сенімді болды. Дін дегеніміз сенім - нанымның ұйымдасқан түрдегі жүйесі әрі рухани дәстүр, Сонымен қатар ол жаратушы жайында қалыптасқан жоғары деңгейдегі киелі ұғым. Адамдар арасында өзінің жеке ұғымын, өмір сүру тәсілін, дүниетанымын дін ретінде түсіндірушілерде кездеседі. Алайда ортақ бір мәселе бар: дінге сенетін барлық пенде өзіне әсер ететін белгілі бір құпия күштің барекендігіне сенеді. Толеранттылық латын тілінен аударғанда tolerantia – шыдамдылық, өзге көзқарастарға, мінез-құлықтарға, әдеттерге төзімділік таныту, қолайсыз әсерлердің ықпалын бастан өткізе алушылық деген мағынаны білдіреді. «Толеранттық» деген атауы халықаралық термин сөз болғанымен, мазмұн-мағынасы қазақтың төл сөзі — кәдімгі төзімділік дегеннің баламасы. Ол қарапайым тұрмыста көршінің көршіге деген төзімділігінен бастап, кең ауқымда мәдениеттер арасындағы, діни конфессиялар арасындағы, ұлттар, ұлыстар, тілдер арасындағы өзара төзімділікті, ымыраласуды білдіреді. Толеранттық яғни өзінен өзгенің айырмашылықтарын мойындау, сыйлау; өзінен өзге сенімдегі, көзқарастағы, мінез-құлықтағы басқаның құқын мойындау арқылы қақтығыстардың шешімін табу мүмкіндігін іздестіруге апаратын адамның күнделікті тұрмыста басшылыққа алып отыратын өнегелік жүріс-тұрыс ережесі. Көбіне толеранттық ретінде өзгелердің кемшілігіне кешіріммен қарау, төзе білу, басқаны қабылдай білу түсініледі.
Толеранттылықты қалыптастыру күрделі үрдіс. Мұнда да мектеп психологы мен сынып жетекшінің көмегінсіз болмайды. Ең алдымен психологтың көмегіне жүгінеріміз анық. Яғни тұлғаның толеранттылық деңгейін диагностикасыз оны қалыптастыру жұмысын жоспарлау мүмкін емес. Сондықтан психолог түрлі әдістерді пайдалана отырып тұлға толеранттылығының қалыптасу деңгейін анықтап беруі шарт. Және де толеранттылық принциптеріне негізделген білімділікке айрықша көңіл бөлінуі қажет. Оқушының толерантты ақыл-есі өзінің ұлттық, халықтық мәдениетін уағыздай алу үрдісінде және басқа да этностар мен халықтардың мәдениетінің даму және жүру құқығын мойындау үрдісінде қалыптасады. Оның кең көлемде болуы балалардың біртекті этникалық ортада, мемлекеттік тілде оқытатын мектептерде дамып және өсуіне тәуелді.
Бала бойында толеранттылықты қалыптастырудағы педагогтардың ата-аналармен жүргізілетін жұмыстары отбасы қарым-қатынасы мен отбасы ерекшеліктерін ескеру негізінде іске асады.
Әрбір ата-ана өз балаларының тұңғыш тәрбиешілері. Бала- ата –ананың адамгершілік өмірінің айнасы. Адамгершілік қасиет отбасы мүшелерінің бірін – бірі қадірлеуінен, олардың өзара бірлігі мен түсінушілігінен, ата- ана мен балалар арасындағы мейрімді, қарым- қатынастың қатынасуынан, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді толып жатқан жазылмаған заңдылықтар арқылы көрініс табады. Баланың жаны мен тәні таза, рухани бай, дені сау етіп өсірумен бірге еңбекке деген сүйіспеншілікке, ұлтжандылыққа, адалдыққа, жинақылыққа баулып өсіріу шарт. Осы тамаша қасиеттердің бәрін ата - ана бойынан тауып, соған еліктеп өссе және әрбір ата - ана баласының жүрегіне жол тауып, оның өміріндегі шынайы досына айналса, тер төккен еңбегінің жанғаны.
Ал мектеп баланы болашаққа дайындап, келешек өмірін қай бағытпен жүрсе дұрыс екенін, өзідерінің керекті, бейім мамандық таңдауға жол, бағыт беретін ұя. Отбасынан кейінгі, үйміз мектеп осы мектепте, отбасының тәрбие бағыт беріп келген жерінен бастап, сол тәлім –тәрбиені, бағыт беруші. Мектеп пен отбасы арасында саналы да тәрбиелі бала тәрбиелеу үшін өте тығыз байланыста болуы керек. Бірлік арқылы біз көздеген мақсатымызға жетеміз. Және де адамға тән жақсы қасиеттердің бәрі бойына алған саналы ұрпақ тәрбиелеп шығарамыз. Жақсы әке –шеше болуда қандай да бір әрекет түрінде қателіктер, сенімсіздіктер, сәтсіздіктер
жеңілістер сонымен қатар жеңістер де болуы мүмкін. Отбасындағы тәрбие сол өмірдің өзі болып табылады . Және де біздің жүріс –тұрысымыз, тіпті біздің балаға деген сеніміміздің өзі де күрделі , бірқалыпсыз, кейде қарама –қайшылықта болып келеді .
Толеранттылыққа тәрбиелеу ең бірінші отбасынан басталады. Отбасы жас ұрпақтарды жеке тұлға ретінде қалыптастырудың қайнар бастауы. Бала үшін отбасы бір жағынан - тіршілік қоршауы болса, екінші жағынан - тәрбиелік орта. Отбасындағы қарым-қатынастың дұрыс болып қалыптаспауы мұғалімдерді де, ата-аналарды да ойландыратын ортақ мәселелер. Қазіргі ғалымдар отбасындағы қарым-қатынасты ерлі зайыптылар арасындағы қарым-қатынас, орта буын мен аға буын арасындағы қарым-қатынас, әке-шеше мен бала арасындағы қарым-қатынас, ынтымақтастық қарым қатынас деп қарастырады.
Соның ішінде ынтымақтастық – идеалды қатынас түрі, балаға деген сүйіспеншілік, баланы түсіну, құрмет көрсету талап бірлігімен ұштасады. Ынтымақтастық толеранттылыққа тәрбиелеудің ең қолайлы қатынас түрі болып саналады. Сондықтан толеранттылыққа тәрбиелеу әрбір отбасында өз бастауын алуы бүгінде басты мәселеге айналуы тиіс.
Балалар бір –біріне қаншалықты ұқсамайтын болса , әке мен шеше де бір –біріне соншалқыты ұқсас емес. Баламен қарым –қатынас та терең индивидуалды және бір –біріне ұқсамайтын болып келеді .Педагог ата-ананы қайта тәрбиелей алмайды, бірақ ата-анамен бала арасындағы өзара қатынасқа әсер ете алады және де арнайы жұмыс негізінде баланың өзгелерге деген қатынасын түзетуге болады.
Отбасындағы психологиялық саулық сақталмай, кикілжіңнің, зорлық-зомбылықтың әсерінен балалар бойында жағымсыз сезімдер мен эмоциялар туындайды.
Отбасы балаға адамдармен өзара әрекеттесуге қатысты маңызды тәжірибе береді, мұнда ол қарым-қатынас жасауға, басқаларды тыңдауға және олардың көзқарастарын сыйлауға, туған туысқандарына шыдамдылықпен қарауға үйренеді. Ата-ана – толеранттылықтың үлгісі бола білу керек. Толерантты мінез-құлықтың тәжірибесін меңгеру кезінде ата-анамен туыстардың берген үлгілері үлкен мәнге ие. Ең негізгісі бұл бала бойында толеранттылықтың қалыптасуына отбасындағы қарым-қатынас, ата-аналар мен туысқандар арасындағы әрекет жасау стилі жатады.Сонымен,жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, отбасында оқушыларды толеранттылыққа тәрбиелеудің қажеттілігі бүгінгі күнде шешімін қажет ететін өзекті мәселелердің бірі екенін дәлелдеп отыр.
Этносаралық толеранттылық пен саяси қоғамдық келісімге тәрбиелеу Қазақстан Республикасының мәдени құндылықтары негізінде ұлттық мәдени мұраны танып, халықтық педагогика құндылықтарынан тағылым алуды және үйренуді, дамытуды жетілдіру мақсатында оқушыларға тәрбие беріледі. Оқушылармен жүргізілген ұлттық тәрбие, халықтық педагогиканы қалыптастырудағы іс-шаралар оқу жылының қыркүйек айынан басталып жүргізіледі.
Толеранттылыққа қарама-қарсы қайшылықтардың (интолеранттылық) адамзат тарихының барлық кезеңінде де болғаны рас. Интолеранттылық шыдамсыз, үрейлі адам, кінәні өзінен емес басқа адамнан іздейді. Сондай адамдардың өмірде жиі кездесуі қоғамда түрлі проблемаларды тудыруға ықпал етеді. Соның салдарынан түрлі соғыс, діни қудалаушылықтар мен идеологиялық қақтығыстар, ажырасулар, тастанды балалар, жасөспірімдер арасында суицидтар туындайтынын дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.
Индивид пен қоғамның мәдениетінің даму деңгейінің сипаттамасы ретінде, адамның өзімен және өзгелерімен үйлесімді қатынаста өмір сүруін сипаттайтын мәселе – толеранттылық болып табылады. Қоғамның еркін дамуы мен жалпы өмір сүруіне деген күреске қажетті принциптер мен құндылықтарды алға қою бүгінгі таңда толеранттылыққа тәрбиелеу мәселелерімен тікелей байланысты.
Астанада өткен Қазақстан халқының Ассамблеясының 15-ші сессиясында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қоғамда білім беру жүйесі мен тәрбие арқылы азаматтық сәйкестендіру, толеранттылықты дамыту қажеттілігі жайында сөз айтып республикамыздың мектептеріне толеранттылық негіздері атты курстар енгізуді ұсынды. Саяси мәдениеті жаңа қалыптасып келе жатқан біздің мемлекетімізде саяси толеранттылық орнығып болды деу қиын. “Бізде демократиялық мәдениеттің терең дәстүрлерінің жоқтығы, еркіндікті ойыңа келгенді істеуге болады деп түйсіну елді тұрақсыздыққа ұрындыруы, біздің болашаққа арналған барлық жоспарларымызды белінен басып, өзімізді алысқа кері серпіп тастауы әбден мүмкін екенін мойындауымыз керек”, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында . Отбасында толеранттылыққа тәрбиелеу жолдарына келетін болсақ, М.И.Рожков пен М.А Ковальчук толеранттылыққа тәрбиелеуде оқушылармен ата-аналардың өзара қарым қатынасының сәтті шешу үшін педагог-психологқа субъектілік, тепе-теңдік, жекелеу, рефлексивтік көзқарас, толерантты орта жасау принциптерін ұсынды. Отбасындағы қарым-қатынастың дұрыс болып қалыптаспауы мұғалімдерді де, ата-аналарды да ойландыратын ортақ мәселелер.
Толерантты парасаттың үлгісі қазақ билерінде көп кездеседі. Мысалы, Қазыбек бидің қалмақ ханы Қоңтайшыға айтқан “біз қазақ деген мал баққан елміз” деп басталып, “досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз”, “…берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!” деп аяқталатын сөздері өзара сыйластыққа шақырады.
Қарама-қарсы беталыс, бағыт, пікір, идеялар қай мемлекет пен қоғамда да бар. Халықтың даналығы, ел басқарудың өнері осы үрдістерді белгілі мәмілеге келтіріп, асауға тұсау салып, үйлесім, жарасым таптыруда. Толеранттылық, келісім тарихтың мәңгілік сыйы емес, себебі күнделікті дамудан туып отыратын қайшылықтар біржола шешілмейді: күніге, ай сайын, жылдар бойы, үздіксіз, ешкімге бұра тартпай, шынайы жанашырлықпен, халықпен ақылдаса отырып, олардың шешімін табуды талап етеді. Сондықтан “толеранттылы”, “тұрақты қоғам” деген ұғымдар шартты түрде ғана қолданылып, жайбарақаттылыққа жол берілмеуге тиіс.
Толеранттылық XXI ғасырда экономикалық дамудың маңызды факторы және әлемдік экономиканы рецессия жағдайынан алып шығушы тұтқа болып отыр. Қазақстанда бұл тәсіл уақытпен тексеріліп, сынақтан өткізілген, сондай-ақ оның тиімділігі тарихпен дәлелденген. Қазақстан осында өмір сүріп жатқан әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың шынайы Отаны бола білді. Олардың жалпы тарихи тағдырлары ұқсас және біздің бәріміз үшін бейбітшілік пен достықты, ұлтаралық және конфессияаралық татулықты сақтау маңызды болып қала бермек. Тек өзінің ұлттық шығу тегін сыйлаған адам ғана басқалардың мәдениетін сыйлай алады. Басқа этностардың рухани дүниесін терең түсіне білгенде ғана сол түрлі ұлт адамдарының басын біріктіре алады.
Көптеген этностардың Қазақстанға өз еріктерімен қоныс аудармағаны мәлім. Ұлан-байтақ Қазақстанның кең жазира даласы жер аудару орны болды. Басқа этностардың өмірі туралы неғұрлым көбірек білуге, ортақ тамыр табуға ұмтылу азаматтардың басын біріктіре отырып, ұлтаралық жанжалдар мен өзара өкпе-реніштерге жол бермейді.
Бірыңғай жалпықазақстандық мәдениетке тоғысқан, өзінің қайталанбас қырларымен көзге ұрарлық әртүрлі этностардың өнері мен салт-дәстүрлері Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың жүргізіп отырған ұлттық саясатына алып келді. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің барлық баяндамаларында ең бастысы – ел ішіндегі тұрақтылық пен бейбітшілік, ұлтаралық келісім екенін баса айтуы тегіннен тегін емес.
Адамзаттың көптеген мыңжылдықтар бойы жинақтаған тарихи бай тәжірибесі барлық күрделі әлеуметтік мәселелердің түп-тамыры мен кез келген қоғамдағы ұлтаралық қарама-қайшылықтың шешімін таба алмаудың бірден-бір себебі – адамдардың мәдени артта қалушылығы мен надандығында екенін көрсетіп берді. Бұдан шығар қорытынды, мемлекеттің ішкі саясаты азаматтардың жан-жақты және үздіксіз білім алуының дамуына, қоғамның ғылыми және кәсіби деңгейге көтерілуіне сүйенуі тиіс.
Ата – бабамыз ғасырлар бойы бақытты ел болуға талпынды. Азаттықты аңсап, тәуелсіздікті, теңдікті, елдікті көкседі. Сан жылдық аласапыран шайқас, күрес, қақтығыстардан арылып, татулықтың туы желбіреген бейбіт ел болуды армандады. Соның бәрін артқа тастап, тәуелсіздік таңына талып жеткен қазақ елі бүгінде бейбітшілік бесігінде тербеліп отыр десек артық емес. Көптеген елдерде ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар толастамай тұрғанда біздің береке – бірлігіміз өзге елдерге үлгі болатындай. Ертеден еркіндік пен елдікті, бейбітшілік пен берекені тілеген еліміз ешқашан өзгені өзекке теппеген. Сонау күндері елінен еріксіз және ерікті түрде қуылғандар мен қашқындардың да нәсіліне қарамай, бір үзім нанын бөліп беріп, бір жастықты жастанған қазақ қашанда қайырымдылық пен қамқорлықтан қашқан емес.
Қазақ халқы тарихтың жазуыменен елімізге кіріккен көптеген ұлттарға бауырмалдық танытып қана қойған жоқ, оларға барынша демеу болып, қолдау көрсетті. Біздің байтақ даламызда өсіп, өркендеуіне жол ашты. Бүгінгі көп ұлтты Қазақстандағы татулық пен келісімнің болуы да, ең алдымен, қазақ халқының ұлылығын танытса керек. Қазақтың қонақжайлығы мен дарқан мінезіне өзге ұлттар үнемі өз алғыстарын айтып, өздерінің жоғары бағасын беріп келеді.
Тәуелсіздіктің 25 жылдық тарихында Қазақстан халқы достық мен келісімнің, тұрақтылықтың, этносаралық және конфессияаралық татулықтың шынайы үлгісін көрсетті. Бұл – болашақтың байыпты белесін айқындайтын негізгі фактор екені анық. Осындай ауқымды жұмыстарды атқаруда Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы ерекше. Кезінде Елбасы Қазақстан халықтарының Форумында Ассамблея құру туралы идеяны көтерген еді. Ал қазір конституциялық мәртебеге ие болған Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің еліміздегі ұлтаралық келісімнің арқаулық институтына айналып отыр.
Фордхэм университетінің профессоры П.Мордвидж “Қазақстан көп ұлтты мемлекеттердің ішінде жоғары жетістікке жеткен алғашқы ел, сондықтан ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделін әлемдік тәжірибеде қолдану керек” дей отырып, еліміздегі бүгінгі жағдайға жоғары баға берді. Ал Ресейде біздің Ассамблеяның үлгісімен Ресей халықтарының Ассамблеясының құрылуы қазақстандық тәжірибенің маңыздылығының айқын дәлелі болып табылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының алдындағы ең бірінші міндет ұлттар мен ұлыстар арасындағы өзара ынтымақтастық пен түсіністікті қалыптастыру болып табылады. Ал, біздің ортақ міндетіміз – Қазақстандағы этносаралық, конфессияаралық татулық пен бірлікті сақтау. Бұл елдің әлем алдындағы беделін нығайтуға сеп болатынын ұмытпауға тиіспіз. «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік». Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет. «Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, бұл жолда да ел тұтастығы мен татулығының ықпалы мол. Қазақстанның қарымды қадамы қарыштап, бедел-абыройы шарықтап, шаңырағы шайқалмай, өзгелерден тайсалмай, теңдігі мен тұрақтылығының баянды болғаны – осы бірліктің арқасы.
Біздің елімізде әрбір ұлтқа деген қамқорлық шексіз. 18-ге толған азаматтар – тегіне, нәсіліне, ұлтына, тіліне қарамай сайлауға қатыса алады. Ата Заңымызда атап көрсетілгендей кез – келген ұлт өкілі тең құқылы. Ұлы Абайдың «Азаматтың бәрін сүй бауырым» деп айтқан өсиетін, кемеңгер,ойшыл Пифагордың «Жердің жемісін жылына бір көрсек, достың жемісін күнде көреміз»деген даналық сөзін басшылыққа алған елбасымыз «Көп ұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз» дейді.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың “Тарих толқынында” деген еңбегінде негізінен халықтардың, оның ішінде түркі мәдениетіне, қазақ топырағында түрлі діндердің болғанын айтқан. Бұл еңбек қазақстандық ұлттық, ұлтаралық татулықтың, қазақстандық патриотизмнің темірқазығы іспеттес. Отаншылдық сезімді тәрбиелеу мәселесі білім берудің барлық ұйымдарында көкейкесті болып табылады. Жастарды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу – аға ұрпақтың аса маңызды әрі жауапты да қадірменді парызы болып саналады.
Әр дәуірдің тарихи кезеңдерінде Отансүйгіштікке тәрбиелеудің өзіндік мүдделері болады. Ол ең алдымен, “ұлтжандылық”, отансүйгіштік”, “патриотизм”, ұғымдары өмір сүріп отырған заманның наным – сенімінен туындайды. Еліміз егемендік алғаннан бері жас ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы – қазақстандық патриотизм болып табылады. “Қазақстандық патриотизм” ұғымы біздің тәуелсіздігімізбен қоса туған жаңа сөз болып, еліміздегі саяси-әлеуметтік ахуалдың ерекшелігін білдіреді.
«Отансыз адам болмас, ормансыз бұлбұл болмас» деген халық нақылы тегіннен-тегін айтыла салмаған. Өйткені, Отан деген киелі ұғымды түсіну әр адамның туған жерінен, өз еліне деген сүйіспеншілігінен бастау алады. Отансүйгіштік пен патриотизм бір-бірімен егіз ұғымдар. Ұрпақ тәрбиесі қашаннан өз мәнін биік ұстайды. Сондықтан қай заман, қай қоғамда болсын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән берген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен, келешек ұрпаққа оқу- білім және тәрбие беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Толық жетіліп қалыптасқан ұлттың сана- қабілетінде, түсінік- талғамында, мінез- құлқында, өзіне тән ерекшелік менталитеті болатынын ғылым дәлелдеген. Қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтарына жан-жақты өнегелі тәрбие беру- қоғамымыздың алға қойып отырған басты мақсаттарының бірі. Мектеп жеке тұлғаның рухани жан дүниесі мен адамгершілік қасиетінің қалыптасуына жүйелі жолға қойылған тәрбие беру негізінде қол жеткізеді. «Отан- от басынан басталады» дейді халық даналығы. Демек, бала тәрбиесі- Отан мен ел мүддесі. Бүгінгі өскелең ұрпаққа ғаламдастыру дәуірінде өз халқының төл мәдениеті, тілі мен салт- дәстүрін әр оқушының бойына сіңіре отырып, отансүйгіштікке баулу қазіргі тәрбие жүйесінің өзекті мәселесі. Егеменді еліміздің болашағы жас ұрпақты шыңдап өсіру, білікті азамат болып қалыптасуын қамтамасыз ету- бүгінгі таңда ең басты мақсат болып табылады. Өйткені еліміздің болашағы жас ұрпақ – ұлттық сана- сезімі оянған, адамгершілігі және рухани ойлау дәрежесі жоғары дамыған, мәдениетті, парасатты, ар- ожданы мол, салауатты, бойында жоғары патриоттық санасы, өз елі үшін мақтаныш сезімі қалыптасқан азамат етіп тәрбиеленуі тиіс.
«Патриотизм»- ғасырлар бойы жинақталған ең терең сезімдердің бірі. Отанға деген сезім болмаса, патриот болу мүмкін емес. Біздің ата- бабаларымыз Отанын сондай сүйіп, оны барлық жаулардан қорғап, бүгінгі ұрпаққа сый ретінде ұсынды десек болардай. Отанның гүлденуіне және оны қорғауға деген патриоттық сезім адам жүрегінде өмір сүрген, өмір сүре бермек. Бірақ патриоттық сезім адамда өзінен өзі не болмаса туа пайда болмайды. Ол ерте жастан адамға әсер ететін, ұзақ мақсатты түрде бағытталған тәрбиенің қорытындысы. Патриотизм ортаның, отбасындағы тәрбиенің, мектептің, мектепке дейінгі мекеменің және түрлі қоғамдық ой- пікірлердің әсер етуімен қалыптасады. Патриоттық тәрбие берудің басты бағыты – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен еліміздің мемлекеттік нышандарын: Әнұранын, Туын, Елтаңбасын оқушыларға үйрету және орындату мәселелері. Еліміздің Конституциясын бұлжытпай орындау, мемлекеттік нышандарға құрметпен қарап орындау, құқықтық- саяси және этикалық әдет- ғұрып мәдениетін тәрбие беруде оқушы бойына сіңіруді қалыптастырады.
Қазақстандық отаншылдықтың тарихи негізі бар: бірқатар түркі тілдес халықтар қазақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр т.б ежелден Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендесе, славян тілдес халықтар түрлі тарихи себептерге байланысты жерімізді мекендейді. Осындай ой түйіндей отырып, жердің де, елдің де түп негізі – қазақ халқы екендігіне оқушылардың көзін жеткізу ата-аналар мен әрбір шығармашыл ұстаздың міндеті. Қазақ халқы ұлттар арасындағы ынтымақтастыққа ерекше мән беріп отыруы тиіс, сонда ғана елімізде тыныштық, береке бірлік сақталады. Көпұлтты Қазақстан халқы үшін отансүйгіштік сезімнің рухани саладағы тату-тәтті тірлік, азаматтық келісімге ғана емес, мемлекеттің әлемдік өркениетті елдер көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтың негізін нығайтуға да тікелей ықпалы бар.
Қазақ тарихын зерттеуші ғалым Ш.Уәлиханов отансүйгіштік сезімнің қалыптасуы туралы «менің патриоттық сезімім ірбіт сандығындай, мен ең алдымен, өз отбасымды, туған-туыстарымды қадірлеймін, одан соң ауыл-аймақ, ел жұртымды, руластарымды, одан соң халқымды қадірлеймін», – деген еді.
«Патриотизм, – дейді ұлтымыздың батыры Б.Момышұлы, – Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы, қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзінің мемлекетке тәуелді екенін мойындау, яғни патриотизм дегеніміз – мемлекет деген ұғымды, оның жеке адаммен барлық жағынан өткені мен бүгінгі күні және болашағымен қарым-қатынасын білдіреді». Мектеп оқушыларын қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу ұстаздар алдына үлкен міндеттер жүктейді. Тарих сабағында халықтық педагогика қағидаларын ұстана отырып, оқушыларды өз елі мен жерін сүюге баулу жүзеге асады. Бүгінгі таңда халықтық педагогика негізінде оқушыларды тәрбиелеу мүмкіндіктеріне жол ашылуда, этнопедагогиканың қағидаларын оқу-тәрбие үрдісіне тиімді пайдаланудың жолдары ғылыми-әдістемелік тұрғыдан ашып көрсетілуде.
Қазақ халқының өткені мен бүгінін таразыға сала отырып, келешегіне отаншылдық туын арқау еткен асқақ, жандары таза жас ұрпақты тәрбиелеу мен қасиетті отанның қадірін ұғындыру, ар, намыс, ождан сөздерін ұлт, атамекен, халық сияқты киелі түсініктермен байланыстыру арқылы болашаққа бағыт сілтеу әрбір ұстаздың міндеті. Қорыта айтқанда тарих сабағында оқушылардың елін, отанын сүю сезімін қалыптастыру, ерлік рухын ояту – тарих пәні мұғалімінің басты борышы. Қазақстандық патриотизм ұғымы күнделікті өмірде жиі қолданылып, кеңіненқалыптасып келеді. Бұл ұғымның педагогикалық жүгіне келер болсақ, ол Қазақстан азаматтарын патриоттық рухта тәрбиелеумен тығыз байланысты. Қазақстандық патриотизм – Отан-анаға деген сүйіспеншілік пен азаматтық ерлік, өнеге көрсетушілік, бойдағы білім пен білікті, ақыл-парасататты ел игілігіне жұмсау, ата-мекен мүддесіне арнаумен анықталады. Өз елінің өткенін, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін құрметтей білу де осы қазақстандық патриотизм ұғымының құрамын білдіреді.
Қазақстандық патриотизмнің негізі – ежелгі ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, аңыз, ертегілер, жырлар, кешегі кеңестік ортақ дәуір, Ұлы Отан соғысындағы түрлі ұлт өкілдері-қазақстандық батырлардың ерліктері туралы тарихи деректер болып табылады.
Тәрбиенің негізі, оның мақсаты, міндеті, мазмұны, түрі, құрылымы, әдісі, тәсілі, заңдылықтары, принциптері, құралдары бар. Сол сияқты қазақстандық патриотизмнің мақсаты, міндеті, түрі, әдіс-тәсілі бар. Егер патриоттық тәлім-тәрбиемізде осы негіздер болмаса, ол жәй сөз болып қалуы мүмкін. Өзін-өзі білмеген адам өзінің кім екенін түсінбейді.
Кез келген мемлекеттің білім беру жүйесі сол мемлекеттің жүргізіп отырған саясатымен анықталады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Еліміздің ұлттық білім беру жүйесінде «Қазақстандық патриотизм» ұғымы қолданылып келеді. «Қазақстандық патриотизм» арқылы Отан, туған жер, ел, атамекен, мемлекет, туған өлке, халқы туралы түсініктер оқу – тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс – шараларда Отансүйгіштік сезімді дамыту, ұлттық салт – дәстүрді сақтау, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, ана тілін қадірлеу сияқты сезімдерді оқушылар бойында қалыптастыру жүзеге асырылады. Бұл ұғымның педагогикалық жүгіне келер болсақ, ол болашақ Қазақстан азаматтарын тәрбиелеумен тығыз байланысты.
Қазақстандық патриоттық тәрбие бүгінгі өмірден оқшауланбайды, қайта жаңа өмірмен қауышып ұлттық тәрбиеге жаңа мән береді. Ұлттық тәрбие дегеніміз ол оқшаулану емес, керісінше ұлттық тәрбие үлгілерімен әлемдік идеяларды қабылдап, ненің тозық, ненің озық екенін тани білу, өрісі, дүнитанымы кең азаматтарды тәрбиелеуге мүмкіндік болады деп түсіну қажет және солай да.
Таза біржақты ұлттық тәрбие – ұлтаралық аразға соқтыруы мүмкін. Әсіресе патриоттық тәрбиеде бұл ерекше білінеді. Әрине, ұлттық тәрбиені әркім әртүрлі түсінеді. Кейбіреулер “ұлттық нақыштар сол күйінде болса екен” десе, ал кейбіреулер “ұлттық тәрбие қазіргі өмірмен байланысты болса екен”, дейді. Шындығында ескінің жаңамен қауышып жатқаны өміршең келеді.
Бүгінгі Егеменді Қазақстанның жағдайында патриотизм, ұлтаралық татулық жаңа мағынаға ие болып отыр. Себебі Қазақстанды Отаным деп білетін әрбір Қазақстан азаматы Қазақстанды сүйіп, соның азаматы болу, қазақстанды қорғау, Қазақстанның дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосу міндетті. Мұны, әсіресе, қазақ ұлт өкілдерінен басқа ұлт өкілдері жақсы ұғынуы тиіс. “Қос азаматтық”, “Қос тілдік” деген ұғымнан арылу. Біз мұнда түгелдей орыс тілінен бас тартып отырғанымыз жоқ. Орыс тілі арқылы батыс мәдениетін игеруіміз тиіс. Осы мәселеге байланысты қазақ азаматтарына келетін болсақ, олар қазақстандық патриотизм, ұлтаралық татулықтың көш бастаушысы болуы тиіс.
Бүгінде байтақ елімізді мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстар патриотизм ұғымын жаңаша түсіне бастады. Олар бұл ұғымды тек ата тегімен ғана байланыстырып қоймай, Қазақстанның мемлекеттілігі, басқа ұлттың мәдениеті мен дәстүріне деген толерантты көзқарас сияқты қасиеттер арқылы қарастыруда.
Толеранттылық қазіргі ғылымда әр түрлі аспектіде қарастырылады: әлеуметтік, діни, саяси, жыныстық, этникалық, т.б. Осылардың ішінен біздің зерттеу пәнімізге байланысты этникалық толеранттылықты жеке бөліп қарастырайық.
«Этникалық толеранттылық» басқа ұлт өкілдерінің сыртқы түрін, ойлау жүйесін, өзіндік ұлттық, мәдени ерекшеліктерін, іс-әрекетін принципті түрде қабылдай алу қабілеті ретінде көрінеді. Яғни этникалық толеранттылық – ұлтаралық өзара сыйластық, ынтымақтастық деген ұғымды білдіреді.
Жетекші сарапшылардың пікіріне сүйенсек, қазақстандық қоғамдағы қалыптасқан толеранттылықтың негізінде бірнеше фактор жатыр.
Бірінші фактор – адамдардың елдің болашағына сеніммен қарауы. Қазақстанның 2030 жылға дейін даму Стратегиясы нақ өмірлік болашаққа деген сенімділікті, түсінушілікті арттырған құжатқа айналып, қоғамымыздың қарқынды түрде дамуын алға жетелеудің болжамды жоспарын ұсынды. Ал Стратегияда айтылған жоспарларды сатылай жүзеге асыру ел азаматтарының әлеуетін жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер береді. Екінші фактор – еліміздің өткен тарихы. Халқымыз бірде кең байтақ елінің ен даласынан көз алартқан сырт дұшпанға ұлтарақтай да жерін қимай, жауымен қасық қаны қалғанша шайқасатын қаһарлы қазақ болса, енді бірде табалдырығын аттаған қонағын құдайдай күтіп, оған дастархан боп жайылуға, төсек боп төселуге дайын дархан қазақ. Толеранттылық сөзінің бір синонимі “қазақы мінез” болар, сірә.
Үшінші фактор – мемлекет құраушы жергілікті халықтың өзіндік ерекшелігі. Қазақтар мыңдаған жылдар бойы сыртқы жағдайлардың өзгеріп тұруында өзіндік бейімделу мүмкіндіктерін көрсете алған ұлы көшпенділер мәдениетінің мұрагерлері. Қазақ жері арқылы өткен Ұлы Жібек жолы Батыс пен Шығыс өркениетін байланыстырушы алтын көпір іспеттес қызмет атқарып, керуен жолдары мәдениет және біліммен екі бағытты да сусындатты. Көне қазақ жеріне өзіндік зор ықпалын тигізді. Жалпы, Жібек жолының қазақ жерінен өтуінің өзі мәдениет әртүрлілігін, басқалар мәдениетіне, тіліне және діни көзқарасына деген түсінушілігін қалыптастырғаны белгілі.
Төртінші фактор – қазақтың ұрпағын кек сақтамайтын етіп тәрбиелей алу қасиеті. Қазақ басынан тағдырдың талай қатал сынын кешірді. Беріден қайырғанның өзінде, ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы Жоңғар шапқыншылығы, Ресей империясының езгісі мен кешегі Кеңес өкіметі заманындағы зобалаң аштықты басынан кешіріп, саяси қуғын-сүргіннің де құрбаны болған халық. Алайда, қылышынан қан тамған замандарда таңдары азаппен атса да, басқадан кек алу мақсатында қылышын қайрамаған, тағдырдың ауыртпалығына қайсарлық танытқан халық. Өткенге бой ұсынбай, келешекті аңсап ел бірлігі мен молшылығын бата тілегіне қосып ұрпағына аманат ретінде қалдырып отырған халық.
Бесіншіден, жазба әдебиеті кешірек дамығанмен, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде жеткен, сарқылмас мол қазына болып табылатын ауыз әдебиеті, батырлар жырлары, Қазтуған, Шалкиіз толғаулары мен Доспамбет, Бұқар жырау, Дулат, Махамбет сынды жауынгер ақын-жыраулардың отаншыл шығармашылығы арқылы бүгінгі ұрпағына Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеп, қазақ болып туғанын мақтанышпен ауыз толтыра айтуға мүмкіндік беріп отыр. Тарихы бар халық қана – ұлы халық.
Алтыншы– халықтың ұлылығын танытатын тағы бір белгі – оның тілі. Сонау ХІХ ғасырда қазақ мәдениеті мен тілін зерттеген Еуропа ғалымдары түркітанушылар В.Радлов, П.Мелиоранскийлер “түркі тілдерінің ішінде ең таза тіл – қазақ тілі” екенін атап кетеді. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы А.Байтұрсынов қазақ тілін былай деп бағалайды: “түркі тілін ХХ ғасырға дейін аздырмай, қаз-қалпында сақтап келген алғыс пен абырой қазаққа тиіс”. Тілге деген бұдан асқан баға болмаса керек. Қандай қиын кезеңдерді бастан кешірсе де, қиыннан қиыстыра алатын тілінің байлығын, оның тазалығын кейінгі ұрпағына жеткізе алған халық ұлы халық емес пе?!
Жетінші– жаугершілік замандарды басынан кешіріп, халық ретінде жойылудың аз-ақ алдында болған қазақ “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” заманды аңсап, бейбіт өмірді қалаған халық екенін танытып, бауырына сан ұлттың баласын басып, дастарқанын бөлісіп, талайға баспана беріп отыр. Бүгінгі көп этносты Қазақстандағы татулық пен келісімнің болуы да, ең алдымен қазақтың ұлылығын танытса керек.
Мемлекет құраушы халық ретінде қазақ халқы елдегі этносаралық бірлік пен келісімнің сақталуына қалай жауапты болса, басқа этностар да мемлекеттің алдында өз жауапкершілігін соншалықты сезінуі қажет деп ойлаймыз.
Ұлтына қарамастан Қазақстанда тұратын әрбір азамат Қазақстанды туған Отаным деп түсінуі қажет. Сонда ғана адамның жүрегінде қазақстандық патриотизм сезімінің, өз Отанына деген перзенттік мақтаныш сезімнің өркен ғажайып тамырлануына негіз қаланады. Яғни, этносаралық интеграцияның базасы емес, адамдардың өзін-өзі азаматтық билеуі, Қазақстан халқының бір бөлшегі ретінде сезімі дамып қалыптасады.
2.Практикалық материалдар
1тапсырма. Белсенді тыңдау: Есту және тыңдау.
Шағын топтардағы жұмыс:
Тыңдап отырған адамның күйін көрсету.
Қағаз бетінің сол жақ бағанасына «мұқият», белсенді тыңдаудың белгісін жазу.
Оң жақ бағанаға тыңдамай отырған адамның күйін бейнелеу.
Топтың ұсынған нұсқаларын талқылау.
Қағаздың орта жағына белсенді тыңдау кезінде жасауға болмайтын, немесе осындай тыңдау кезінде кедергі келтіретін іс-әрекеттерді жазу.
*Кеңес беру
*Әңгіме тақырыбынан ауытқу
*Сөйлеп отырған адамға, сын, баға беру
*Сөзін бөлу
*Өз тәжірибесі туралы айту Пікірталастың нәтижелерін жалпылау.
Белсенді тыңдаудың негізгі қағидаттары:
Дене тілі: сөйлесіп отырған адамдарға қарап отырасыз,алға қарай сәл иіліп,көзбен байланысорнатасыз.
Құптауды білдіру дыбыстары мен дене қимылдары:басты изеу,жымию, «дәл солай»жәнет.б
Айқындау сұрақтары: «Сіз......дегіңіз келіп тұр ма?»
Ойды қайта тұжырымдау: естіген ақпараттың мәнін жоғалтып алмай оны басқа сөзбенқайталау.
2 тапсырма. Қайсысы қиындау – сөйлеу, тыңдау немесе қайта айтума?
Жұппен жұмыс жасау
Жұптағының біреуі екіншісіне 2 минут бойына өзінің басынан өткен соңғы жағымды
өмірлік/кәсіби/тұрмыстық жағдайларды айтады. Екінші адам айтылғандарды қайта айтып береді. Сонан-соң екі жақ рөлдерін ауыстырады.
Шарттарды сақтау
*Өзі туралы жаман айтпау
*Дене қимылдары туралы ұмытпау
Талқылауға арналған сұрақтар
*Жаттығулардан қандай әсер мен сезім алдыңыз?
*Іс-әрекеттердің қайсысын жасау жеңілдеу болды – сөйлеу, тыңдау немесе қайта айту ма?
*Барлығы да Белсенді тыңдау қағидатын ұстанды ма?
*Сіз өміріңізде осы қағидаттарды ұстанасыз ба?
*Айтылған қағидаттардың бұзылуы шиеленіске әкелуі мүмкін бе
3.тапсырма. Әңгімелесу барысында ақпаратты дәл жеткізу неліктен қажет
2.шағын топпен жұмыс.
1-топ мынадай мақалдан тұратын қағазды алады: «Тілі ұзынның ақылы қысқа».
2-топ «Ағысқа қарсы тек мықты балық жүзер. Ал ағыс бойымен өлі балық та жүзе алады». Осы мақалдардың мазмұнын сақтай тұра қайта тұжырымдап, топшадағы бірінші адамнан
бастап соңғы адамға дейін тізбекпен сыбырлап қайта айту керек. Топшадағы соңғы қатысушының нұсқасын мақалдың түпнұсқасымен салыстырыңыздар.
Талқылауға арналған сұрақтар:
*Осы жаттығуға қарап қандай қорытынды жасауға болады?
*Ақпаратты дәл жеткізбеу неге әкелуі мүмкін?
*Мұндай жағдайдың алдын қалай алуға болады?
*Адекватты қайта тұжырымдау қандай жағдайларда маңыздырақ болып келеді?
*Өміріңізде сіздің сөздеріңіз біреуге дұрыс жеткізілмеген жағдай болды ма? Оның салдары қандай болды?
*Сіз біреудің сөзін дұрыс жеткізбеген жағдай болды ма? Не себептен? Оның салдары қандай болды?
Жалпылау: Әр адам тарататын ақпаратына жауапты
4.тапсырма. Мен/Сен – қатынастары» шиеленіске қалай әсер етеді?
Кіші топтардағы жұмыс
Шиеленіс жағдайын еске түсіру немесе ұқсату (имитация) ұсынылады.
Талқылауға арналған сұрақтар:
*Ұрыс-керіс әдетте қалай басталады, қандай сөздерден?
*Қандай есімдіктер жиі естіледі? («сен», «сенің», «сендердің»…- «хабарлама-СЕН» -үкім сияқты естіледі; сирек – «хабарлама-МЕН»: «Егер мен сен секілді көрсем\естісем … «Мен ойлаймын…, )
*Мына хабарламалар түрлерінің арасында қандай айырмашылық бар және қарым-қатынастың әр түрі ұрыс-керіске қалай әсер етеді? Оны не күшейтеді және тездетеді? Не тоқтатады?
*Ұрыс-керісті қалай шешуге болады?
Жалпылау:
*«СЕН-хабарламаларын»-да үкімдер болжамдарға негізделеді (нақтылауды сұрау,әсіресе қайсысы). Басқа адамдар, егерде олардың пікірлері ортақ болмаса, бұл болжамдармен жұмыс жасауға міндетті емес.
*«МЕН-хабарламаларын»-да, егер сіз мәселені анықтауға және оларды шешуге тырыссаңыз, басқа адамның үстінен бақылау орнатқыңыз келмесе, ол іске асады.
*Ұрыс-керістің шешілуі қарым-қатынастан басталады, яғни, бір-біріне деген сұрақтар және шынайы жауаптар.
Бұл жағдайда маңызды:
*шынымен мәселені шешуді қалау
*бір-бірін сөздермен және әрекеттермен ренжітпеу
*бір-бірінің сөзін бөлмеу
*адамға және оның мәселесіне ортақ болу
*ұстанымдарға емес, қызығушылықтарға жинақталу, екі жақты ұтыстың жолдарын іздеу
*тараптар тәртібінің бағаларының әділ, шынайы белгілерін қолдану.
Қорытынды
Адамның жақсылыққа не жамандыққа ұмтылуы сәби кезімен келеді және жылдар өте не ол, не бұл бағытқа қарай дамиды. Және өз балаларының шығармашылық қуатын керек арнаға бағыттауы тек ата-аналардың жауапкершілігінде, оларға оны өзінің және басқаның игілігіне жұмсауға көмектеседі. Біздің соғысқа, зорлыққа, азғындауға толы әлемде, бұны іске асыру оңай емес. Ата-аналарға балаларының психологиялық, эмоционалдық және адамгершілік дамуына әсер ететін нәрсенің бәріне үлкен ұқыптылық, сақтық, сезгіштік, түсіністік керек. Балаларын жақсылыққа ұмтылуға, өзара сыйластыққа, махаббатқа, аяушылық пен рақымшылыққа тәрбиелеуде ата-аналар балаларына болашақ өмірдің бейнесін жасайды. Балаларымыз өздігінен толерантты, жоғары адамгершілікті тұлғалар болады және біздің күш-жігерімізсіз қоршаған әлем дұшпанды, адамгершіліксіз болуын тоқтатады деп күту мүмкін емес. Сондықтан осы себепке байланысты ата-аналар балаларының шығармашылығына ерте жастан белсенді қатысып, оның толерантты тұлға болуына тәрбиелеу керек.
Жанұя балаға әлеуметтік-тарихи және эмоционалды тәжірибе беруде, әсіресе адамдар арасында іскерлік өзара қарым-қатынаста жанамалық бөлігі, қайнар көзі болып табылады. Осыдан жанұяны баланы әлеуметтендірудің, тәрбиелеудің маңызды институты деп толық айтуға болады. Әлеуметтік жоспарда бала өзінің беделді, ақылды, күшті, мейірімді және жақсы көретін адамының орнына өзін қойып, жетіледі. Бала осындай құнды қасиеттерді иеленіп, ата-аналарына ұқсағысы, солардай болғысы келеді. Тек балаларына беделді ата-ана ғана, осындай үлгі бола алады. Маңыздысы, үлкен тәжірибеге, ақыл мен қайырымдылыққа негізделген шынайы беделдің болуы және балалары ерікті, саналы түрде тыңдауы керек. Балаға шынайы және қажет бедел, мәртебе - ол анасымен көп уақыт өткізуі болып саналады. Ержеткен бала жанұя құрылымын және ата-аналарының қосымша рөлдерін түсінуге қабілетті болады. Сонымен, жанұя қарым-қатынасында ең бастысы, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас, олардың өзара қосымша рөльдері және олардың ешқайсысының сенімді, махаббатты кетірмей, бала тәрбиесінде біртұтас болуы.
Бала тәрбиесі қазір жәй дайын білімді, ептілікті, дағдыны және тәрбие стильдері бағдарламаларынан да маңыздырақ болып тұр. Қазір тәрбиенің дұрысы – бұл баламен тәрбиешінің тұрақты сөйлесуі (диалогы) және баланың дербес шешімдерін барынша игеру үдерісінде өмірін мәнді ететіндей, қоғамның толық құқылы мүшесі болуына көмектеседі. Баланың дамуын бақылау барысында туындаған кейбір қиындықтар, бұл жанұя мәселелерінің бейнеленуі, қалыпты жанұялық қарым-қатынастардың бұзылуы. Және балаға көмектесу үшін, ең алдымен, оның жанұясына көмектесу керек. Педагогикалық және психологиялық білім беру семинарлары осы кезде нағыз «жедел жәрдем» бола алады. Ұсынылған материалдар тек бұл жетіспеушілікке ғана бағытталмай, мүмкіндігінше, бұдан мұнан былай ата-аналар мен балалардың тиісті тәрбиесі мен толеранттылық жанұялық қарым-қатынастар сұрақтарына қызығушылық танытқан басқа да тұлғалар мен мекемелер толық бағдарламалар мен іс-шаралар желісін құруы керек.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Назарбаев Н. Қазақстан – 2030. Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы.
2.Кенжалин Ж. Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз. – Алматы, 2005.
3.Шаяхметова М. Жоғары білім беру жүйесінде болашақ педагог маманның этникалық толеранттылығын қалыптастырудың моделі // Ұлт тағылымы. -Алматы, 2009.
4.«Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006
2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы». Қ.Р. Президентінің Жарлығы Астана, Ақорда, 2006 ж. қазанның 10-ы. №200
5. А.Қ.Құсайынов Білім және Реформа. Алматы 2006.
6.Жастарға отаншылдық тәрбие берудің кейбір өзекті мәселелері. //Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ хабаршысы. – Түркістан, 2006
7. Ақпараттық- методикалық материалдар. Материалдар Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, Ғылым және Мәдениет Жөніндегі Ұйымының (БҰҰБҒМҰ) Алматы «Жергілікті қоғамдастықты оқыту орталықтарының (ЖҚОО) фасилитаторлары ата-аналарды балаларын толеранттылық тәліміне тәрбиелеуін үйрету дағдылары» жобасы аясында жасалған.Алматы, 2014