Алматы облысы Көксу ауданы
«Рахметолла Толқымбекұлы атындағы орта мектеп» КММ
Ғылыми жоба
Тақырыбы:
«Таңғажайып таңбалы тастар»
Орындаған: Бекежан Ж.Б.
Жетекшісі: Марденов А.Ж
2015-2016
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ............................................................................................................................3
«ТАҢБАЛЫ ТАС» – ТАРИХ БАСТАУЫ.....................................................................5
ТАҢБАЛЫ ӨТКЕН ДӘУІР БЕЛГІСІ..........................................................................11
АЛТУАЙТ ТАУЛАРЫНДАҒЫ «ТАҢБАЛЫ ТАСТАР»..........................................21
ҚОРЫТЫНДЫ...............................................................................................................25
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.............................................................26
КІРІСПЕ
Іздену жұмысының өзектілігі.
Ерте күнде отты күннен Ғұн туған
Отты Ғұннан от боп ойнап мен туғам.
Мағжан Жұмабаев
«Оян, қазақ!» деп күңіренген алаштың абзал азаматы Мыржақып Дулатұлы ел үшін еңсе тіктер уақыттың жеткенін, ұлт санасын ояту мәселесін көтеріп, өткен ғасырдың басында-ақ шырылдаған еді. Кеңестік жүйенің қамытын киген қазақ елі Міржақып үндеуінен сырт айналуға мәжбүр болды. Ұлтымыздың бет-бейнесін танытар ұлттық құндылықтар ескерусіз, елеусіз күйде қалып, келешек ұрпақ санасына басқа сипатта сіңірілді. Мұның бәрі ұлттық санамыздың дамуына кері әсерін тигізгені хақ. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру ұлттық санамызды ояту арқылы жүзеге асатынын түсінген қазақтың зиялы қауымы дабыл қағуда. Ел тағдырына жайбарақат қарау осы ұлттық санамыздың төмендігінен болса керек. Үкіметіміздің осындай енжарлықтың алдын алу мақсатында қабылданған «Интеллектуалды ұлт-2020» бағдарламасы осы түйінді шешуге бағытталар деп ойлаймыз. Ел келешегін кемел етер білімді, ойлы, ұлты үшін қабырғасы сөгілер ұлтжанды азаматтардың көбеюіне бек сенеміз.
Көшпелі дала руларының бірлік-пәтуасына айғақ, тұтастығына белгі, ант беріп, ауыз біріктірген, қазақ тарихындағы Мәртөбе, Ордабасы, Күлтөбе сынды ұлы жиындарға негіз болған «Таңбалы тас» тарихы ел жадынан елеусіздеу күйде қалып барады. Ата-бабаларымыздың ерте заманда-ақ ел болып, бас құрап, пәтуа-бірлікке тұтқа болған орынды қасиетті мекен демеске болмайды. Өкініштісі, дала руларының таңбасы басылған белгі-ескерткіш күні бүгінге дейін тарихшы ғалымдардың назарынан тыс қалып келеді.
«Таңбалы тас» тарихы – қазақ халқының тарихы. Тақырыбымыздың негізгі арқауы «Таңбалы тас» тарихын зерттеп білу үшін алдымен «Таңбалы тас» қай дәуірде пайда болған?. Ол алдына қандай мақсат қойған еді? Алдымен осы сауалдарға жауап іздеп көрелік. «Қазақ» атауы ұлттық ұлылығымыздың, халықтық қасиетіміздің айшықты белгісі, бірден-бір үлкен «Төлқұжаты» деп ұғынуымыз керек. Бір ұлттың ұлттық атының шығу тегін, мән-мағынасын анықтау сол ұлттың арғы тегі мен алғашқы кездегі тарихын түсінуге көмегі көп маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан «Таңбалы тас» тарихын баяндаудан алдын бұрын-соңды «қазақ» атауы жайлы айтылған болжам-пікірлер мен дәлел-деректердің басты-бастыларына тоқталуды тиімді көрдік.
Өкінішке қарай, әлі күнге «қазақ» жеке сөз ретінде де, халықтың атауы етінде де сараланып, шыққан тегі анықталған жоқ. Тізбектелген түйелі көш қайтқан қазға ұқсап тізіліп бара жатқан жұртты көріп, көршілер: «Мыналар қалай қаздай тізіледі, қаз-ақ екен» деп тамсаныпты-мыс. Содан кейін олар осы жұртты «қазақ» деп атап кетіпті.
Парсы әдебиетінің әйгілі классиктерінің бірі – Әбілқасым Фердоуси (940-1020) өзінің «Шахнама» эпосында: «Қазақ», «Қазақ хандығы» деген ел көк теңізді (Арал теңізі) мекен етіп тұрған күшті және көп санды ел» деп Тұранның жауы Иранды «қорқытпақ» болған. Енді бір желі қазақтарды көне сақтардың шынайы мұагерлері етіп көрсетеді де «қазақ» сөзін «нағыз сақ» деген ұғымды білдіретін «қас» және «сақ» деген екі сөзден қосылып, бірігуінен пайда болған дейді. Бұл пікірді ұлы Абай және С.Мұқанов, тарихшы М.Ақынжанов қолдайды.
Іздену жұмысының мақсаты.
Таңбалы тас – қазақ елінің тарихының бір бөлшегі ретінде өте көне жәдігер болып есептелгендіктен қазіргі таңдағы оның орны мен маңыздылығын талдап көрсетуді, осы мәселені зерттеуде толағай табыстарға жеткен қазақстандық модулдың ерекшелігін айқындауды мақсат еттік.
Осы мақсатқа жету жолында мынадай міндеттерді алдымызға қойдық:
Қазіргі таңдағы Қазақстандағы табиғи қорықтарға, олардың жай-күйін ашып көрсету;
Елбасымыздың жүргізіп жатқан салиқалы саясатын ашып көрсету;
Қазақстан жеріндегі таңбалы тастары бар табиғи қорықтарды қорғауға алуына байланысты оның еліміздің тарихындағы рөлі мен орнын айқындау;
Қоғамның өміріндегі, адамдардың күнделікті тіршілігіндегі ешбір теңдесі жоқ аса қуатты құрал – өз тарихынан хабардар болып, оны құрметтеу. Сондықтан қазақстандағы таңбалы тастары бар өңірлерді қорғауға алу мәселесіне көңіл аударып, оған талдау жасау.
«ТАҢБАЛЫ ТАС» – ТАРИХ БАСТАУЫ
Өзіміз шығармаларын қызыға оқитын керемет жазушы Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының негізгі арқауы – «Таңбалы тастағы» тарихи оқиғалармен өріледі. Одан бөлек «Таңбалы тас» шежіресі жайлы 1941 жылы академик, ғалым Қаныш Сәтбаев та тілге тиек еткен. Ғылыми мақала «Жезқазған өңіріндегі көне ескерткіштер» аталады.
– Қазақтың қазақ болған, ту тіккен жері – осы «Таңбалы тас» өңірі, – деп жазады. Ал тарихшы, академик Манаш Қозыбаев: «Ұлытауда үш жүз тайпалары өкілдерінің қол қойған «Таңбалы тас» шын мәніндегі қазақтың тұңғыш Конституциясы еді» – деген.
Академик Әлкей Марғұлан атамыз: «Қазақ сахарасындағы мәдениеттің бір жарқын түрі – ежелгі дәуірлерде осы араны қоныстанып келген тайпалардың тас бетіне жазып қалдырған белгілері» депті. Бүкіл қазақ тарихына куә Нұрадағы «Таңбалы тас» шежіресі бізді де қызықтырды. Ел аузындағы аңыз желілерінде түпкі атамыз – оғыз тайпасы деп айтылады. Алғашқы ханы – Алаша хан. Қазақ хандығы ту тігіп, Қазақ елінің дүниеге келгенін жария еткен орын осы – «Таңбалы тас». Алғаш құрылған кезде үлкен той өтеді. Онда барлық тайпа бас қосады.Әр тайпаға белгілі көлемде қыстау, жайлау бөлініп беріледі. Әрбір тайпаға меншікті таңба таратылады. Содан бастап дәстүрлі кеңестер, жиындар осы «Таңбалы таста» өткізілетін болған. Осы өңірде кейін Керей мен Жәнібек хандар да билік етіп, таңба үлестірген. Әйгілі Майқы бидің даңқы шыққан кез де «Таңбалы тас» дәуірлеген заманға тұспа-тұс келеді.
Қасиетті Түркістан мен Ұлытау арасын жалғаған шежірелі «Таңбалы тасты» көрген ел шағын жыраның қос қапталына орналасқан деп суреттейді. Кезінде ернеуінен су лықсып аққан жыра табаны бүгінде қаңсып жатса керек. Арнаның ішкі бойы шеңгел мен қамыстан көрінбейді. Жыра беткейіндегі, сай бойындағы жартастарды тас деп айтуға болмайтындай тас-талқан күйде екен. Көзі көргендер шежірелі «Таңбалы тастың» қараусыз қалған аянышты халін, көңілсіз күйін жаны ауыра әңгімелейді.
Көлденеңі – 3, ұзындығы 25 шақырым келетін «Таңбалы тастағы» бей-берекет шашылған тастардан әріптерді тізіп, сөз құрастыру мүмкін емес көрінеді. Ол маңда биіктігі екі метрге жуық көне қорымдар да бар. Әр дәуірдегі тарихи тұлғалар жерленген. Одан бөлек биіктігі – 4 метр, көлденеңі 3 метр ескерткіш зораяды. Ескерткіштің батыс бөлігінде диаметрі – 1,3 метрге жуық қазанның аузындай табақша бетінде оншақты рудың таңбасы салынған. Ескерткіш тұғыр жамбастай қисайып, құлауға шақ тұр…
«Таңбалы тастың» іргесі қаланғалы бері мыңдаған жылдар өткен. Төңірегі үлкен табиғи өзгерістерге ұшыраған. Кезінде Асанқайғы бабамыз келіп көргендей «арнасынан асқан көлдері, қаңқылдаған қаз-үйрегі, атты адам көрінбейтін нар қамыстары…» бүгінде тып-типыл. Үш жүздің малына жайылым, дауылы мен боранына ықтасын болған, халқына жайлы қоныс болған өңірдің жай-күйі адам аярлықтай көрінеді.
Ерте күнде отты күннен Ғұн туған,
Отты Ғұннан от боп ойнап мен туғам, – деп мақтанған бес арысымыздың бірі Мағжан Жұмабаев айтпақшы, Ұлы дала өркениетінің тарихи белгісі – «Таңбалы тас» үлкен жүректі, жомарт көңілді қазақ азаматтарынан қайырым күтеді.
Ә.Марғұланның пікірінше «қазақ» сөзінің түбі-қаз тұру, тік тұру, мықты, берік тұру. Кішкене балалардың жүруіне талапынып аяғы шығып келе жатқанда қазақтар «қаз, қаз, қаз тұр» деп тікесінен тұрғызады. «Қазға» қосып айтатын «ақ» сөзі күшейтілген жалғасы. «Қазақ» мықты, алып, жойқын, берік деген сөз деп түсінеді. Демек, ғалымдарымыздың «Қазақ» атауы жайлы «қазақ – мықты, жүректі, тік тұратын, батыл адамдар болғандығын көрсетеді» деуінде нақты дәлелді дерегі болмағанымен, өмір шындығының жаңғырығы жатқан секілді.
Және күні бүгінге дейін қазақ арасында Алаша хан, Алаша есіміне қатысты аңыз-әңгіме сан-алуан. Ал жазба еңбектерде жарық көрген болжам түрлері тіпті көп. Бірақ осы жөн деп, табан тіреген байламды пікір жоқтың қасы. Алаша хан ежелгі көшпелі тайпаларды біріктіріп, байтақ далада тұңғыш рет ірі мемлекет құрған деген сөз бар. Жайлауы Ұлытау, Кіші тауда, ал қыстауы Борсыққұм мен Қарақұмда болған. Ордасы Ұлытаудан ағатын Жаңғабыл өзенінің жағасында. Сағанасы Қаракеңгір бойында.
«Атамыз - Алаш, керегеміз – ағаш!» деп ұрандаған иісі қазаққа мәшһүр болған Алаш ұғымы қазақтың түпкі атасы Алаша ханмен тікелей байланысты. Алаша атауы «қазақ» сөзінің синонимі, яғни Алаш сөзін қазақ сөзінің орнына пайдаланған. Ел жадында ұмтыла бастаған Алаш ұғымы түрік тектес рулардың бас қосуына ұйытқы болғанын Құрбанғали Халид жазбаларындағы деректер растайды.
Мейлі сан тарау болып айтылатын аңыз-әңгімелердің бірінде алапес болып туылған баланы, екіншісінде алашаға отырғызып көтерген ханды, үшіншісінде Ұлы-тау, Кішітаудан асырып тастаған баланың әскер басы болғаны, төртіншісінде қалмақты қоқыу үшін «Алаш» сөзін ұран еткені жайлы әр түрлі аңызбен астарлана берсін. Соның қай-қайсысы да Алаша ханның болғанын, қара халықты соңынан ертіп, абыройының асқандығын айтады.
Алайда осы келтірілген деректедің өзінен-ақ бір мәнді арқау назар аударарлықтай. Ол «қазақ» этнонимінің дүниеге келуі ұдайы Алаша хан оқиғаларымен қосақтала айтылатыны. Мұнан соң үш жүздің жіктеле танылуы да Алаша хан есімімен сабақтасып жататыны наза аудартады.
Бізге жеткен халық аңыздарындағы, оның ішінде қағаз жүзін көрген Ә.Диваев, Г.Н.Потанин, Ш.Уәлиханов, А.Янукович, А.И.Левшин, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев және басқалар жазып алған аңыздардағы «Алаша хан» жөніндеі деректерге қарағанда тарихта «Алаша хан» деп аталған адам жалғыз болмағанын, әр заманның өз Алаша ханы болғанға ұқсайды. Әр аңыздың астарына терең үңіліп, олардың шығу тегіне назар салсаңыз, қай заманда туып, өмір сүргені нақты белгілі болмағанымен, Алаша хан түркі тілдес халықтардың тарихында болған нақты тарихи тұлға деуге болады.
Егер біз аңыздардағы Алаша хан елінің тұтастығы мен бірлігін қорғап, оның салт-дәстүрін құрметтеп, атақ-даңқын әлемге паш еткен дарынды басшы, әрі хас батыр болып-бірінші Алаша ханға тән қасиет десек, кейінгі Алаша хан да осы Бірінші Алаша ханға ұқсатудан туындаған болады. Олардың қай-қайсысының туғанда берілген төл аттары болған. Бірақ кейін ерлік ісімен елді біріктіріп, абырой-атағын, байлығын арттырудағы еңбегі, ұлтын жан-тәнімен сүйіп, оған билік жүргізгеннен қызмет еткенді артық көрген Бірінші Алаша ханға ұқсаған соң оларды да Алаша хан деп атағанға ұқсайды.
Қазақта елге қамқор болған қадірменді адамдарын «Алаш азаматтары» деген екен. Ешкімді де жат көрмейтін халқымыз танымаған адамын да «Алаш азаматының жаттығы жоқ» деп құрметтеп қарсы алып келген. Демек «Алаш» ұраны қайсыбір дәуірде, қайсы бір кезеңдее болсын халқымызды бірлікке тұтастыққа үндейтін, бойына күш-қуат беретін қасиетті рухани тылсым күш болған.
1917 жылы патша үкіметі құлаған қиын-қыстау кезеңде қазақтың зиялы қауымы алдында қарапайым халықты құрып кету қаупінен аман алып қалу міндеті тұрды. Осы міндетті орындау үшін Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов бастаған «Алаш» азаматтары қысқа мерзімде 1917 – 1919 жылдары Алаш партиясы, Алаш автономиясы, Алаш Орда үкіметі сынды құрылымдарды дүниеге әкелді. «Алаш азаматтарының» бұл әрекетін кеңестік жүйе кешірмейтінін олар білді де, бірақ олар алған бетінен шегінбеді. Халық мүддесі жолында «Алаш азаматтары» кеңестік озбырлық саясаттың құрбаны болды.
Қазақтың қасиетті қорық мекені «Таңбалы тас» жайлы әңгімелердің бір бөлігі жоңғар шапқыншылығы кезеңіне байланыстырыла баяндалады. Шындығына келсек, бұл-тіпті Шыңғысхан заманынан да әріден келе жатқан, мәні мен маңызы жағынан Күлтегін ескерткіштеріне теңеуге тұратын аса құнды жәдігер. Аты аңызға айналған ескерткішті XVIII-XIX ғасырларда Ресейден қазақ даласын зерттеуге шыққандардың арасынан арнайы барып көргендер аз емес.
Көне дәуірлерден қалған осы тарихи мұраны алғаш рет барып көрген және оны өзінің жолсапар жазбаларында атап көрсеткен Д.Телятников. Орта жүздің сұлтаны Бөкейді өздеріне қосып алған А.Безносиков пен Я.Быковтардың Омбыдан Ташкентке шыққан елшілігінің құрамында болған осы подпоручик шеніндегі қазақ офицерінің «Таңбалы тас» жайлы жазба мәліметтері Омбы архивінде сақтаулы. Сапар 1796 жылы болған.
Атақты әскери тарихшы генерал-лейтенант М.И.Иванин 1835-1836 жылдары Орынбор және Батыс Сібір губернаторлықтары арасындағы Телікөлге дейін созылатын шекара сызығы белгіленгенде «Таңбалы тастағы» белгі-жазуларды көріп, маңызды тарихи ескерткіш ретінде картаға түсіреді.
Петербургтен арнайы келіп, 1840 жылдарда Жезқазған аймағындағы Басқамыр, Аяққамыр, Талмас-ата, Болған-ана, Айтболат және т.б. архитектуралық ескерткіштерді зерттеген профессор А.И.Ширенк «Таңбалы тасқа» арнайы барып, түбегейлі зерделеп, оны «ежелгі тарихтың сирек куәлігі» деп атаған.
«Таңбалы таста» 1890 жылдардың басында болған Омбылық топограф Ю.А.Шмидт: «Биіктігі 47 метрдей терең аңғарда ауданы алты шаршы метр болатын жартас бар. Соның бетінде 445 рудың таңбалары ойылған. Одан сәл жоғарырақта бұлақ ағып жатыр»,- деп мәнді дерек қалдырған.
«Таңбалы тас» ескерткішін терең зерттегендер қатарында осы Жезқазған жерінің өз тумасы Асанқожа Бекхожин да бар. Атбасар ояздық басқармасында тілмаш болған ол 1895 жылы әскери дәрігер Л.И.Кузнецовпен бірге «Таңбалы тасқа» келіп, жазулар мен белгілерді суретке түсіріп, кейіннен 1927 жылы Орыс географиялық қоғамының жазбаларында «Ақмола губерниясы Атбасар оязындағы Бетпақдала шөліндегі «Таңбалы тастағы жазулар» атты мақаласын жариялаған.
Таңбалы тасты» 1928 жылы ғұлама ғалым Қ,И,Сәтбаевтың арнайы іздеп баруына А.Бекхожин мен Л.И.Кузнецовтың осы еңбегі басты себеп болған секілді. Оның 1941 жылы жарияланған «Жезқазған ауданының ежелгі тарихи ескерткіштері» атты мақаласында: «Сарысу өзенінің төменгі ағысында, Жезқазған ауданының Таңбалы Нұра деген жерінде, Төсбұлақ атты қайнардың қасында, өзеннің бойынан шығыстан батысқа қарай 20 шақырым жерде тұрған тік жартастың бетінде қазақ халқының құрамына енген барлық рулардың дерлік таңбалары қашалған. Ел аузындағы аңыз дәл осы Төсбұлақ қайнарының қасында рулардың қазақ елін құрған алғашқы тарихи құрылтайы болған дейді. Сол жиынның шешімімен жалпақ жартастың бетіне құрылтайға қатысқан барлық рулар таңбаларын салған», - деп жазылған.
Академик Манаш Қозыбаев: «... Ұлытауда үш жүз тайпалары өкілдерінің қол қойған «Таңбалы тасы» шын мәнінде қазақтың тұңғыш Конституциясы еді»,- деп жазуында да осындай қасиет-қастерге негізделген маңызды мағына, шырайлы шындық жатыр. Сондықтан, қазақтың тұңғыш Конституциясы – Ата Заңы Ұлытауда жазылған деп ауыз толтырып айта аламыз.
Тарих өткен мен бүгінгінің арасындағы алтын көпір деп тегін айтылмаған. Осылайша ежелгі адамдардың табиғатпен ара қатынасы, тұрмысынан, өмір тіршілігінен хабар беретін жәдігерлер тас дәуірінен (палеолит) бастап, қола дәуірін қамтитынын тарихшылар айтып та, жазып та жүр.
Ел тарихының терең тамыры болған құнды жәдігер ата-бабалардың кезінде жазба белгілері болғанының дәлелі. Осынау көне тарихымыз туралы тарихшылармен қатар кейбір көкірек көзі ояу жандар ғана білетін. Керісінше, жастар ғана емес, ересектер үшін де бағалы мұрағаттың үлкен ағартушылық мәнге ие екендігін атап айтқан парыз.
Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының Қарабастау кентінде «Таңбалы» сапаршы орталығы кешенінде Қазақстанның туризм саласының дамуына үлес қосып жүрген біраз ғалымдар мен БАҚ өкілдері өз жобаларын ұсынған кəсіпкерлер мен шетелден келген қонақтар қатыстып, «Тарихымыздан сыр шертетін «Таңбалы тас» қасиетті мекенін көркейту, зерттеушілерге оның тұнғиықта тұнып жатқан сырларын анықтауына мүмкіндік жасау» деген мақсатпен тұсаукесер рəсімі өткізген еді. Жиналған қауым «Таңбалы тас» қорығына экскурсияға шықпастан бұрын, сол мекен туралы қысқаша ақпарат беретін жаңа ашылған мұражайды аралап, танысқан еді. Көрмеге тасқа ойылып жазылған таңбалардың макеті және табылған қыш ыдыстар қойылған. Бір кездері қараусыз жатқан, көп жерлердің бірі болып қала берген бұл мекен тәуелсіздігімізді алғаннан бастап, қайта қамқорлыққа алына бастады.
2003 жылдың 14 қазанында «Таңбалы» тарихи-мәдени, табиғи мұражайы ашылды.
2004 жылы Юнесконың бүкіләлемдік мұралар тізіміне кірген бұл қорықта қола мен сақ дәуіріндегі тарихи ескерткіштер, петроглифтер, тұрақтар мен қабірлер сақталған. Бұл қорықтың жалпы ауданы — 3800 гектар, ал визит орталығы үшін 24 гектарды құрайды. Сол жерден 5-6 шақырым қашықтықта орналасқан «Таңбалы тас» мекенінде XIII ғасырдың қола дәуірі қорғандары табылған көріністі тамашалауға болады. Мұнда адамдардың қол-аяғы бүгіліп, басы батысқа қаратылып, ана құрсағында жатқандай жер-анаға жерленгені анықталған. Сондай-ақ, кейбір қорғандардан адамдардың күйдірілген сүйегі табылғанына қарағанда, әркім сол ықылым заман салт-дәстүріне орай жерленген бе деген болжамдар да айтылған.
Таңбалы тастағы ойылып жазылған суреттердің бір легі осы қорғандардың ішінде де кездескен. Осыған қарап, ғалымдар бұл жазуларды қола дәуірімен сәйкестендіреді. Таңбалар алғаш рет 1957 жылы табылды.
Экскурсия барысында тастарға ойылып жазылған сан түрлі суреттердің куәсі болуға болады. Мәселен, петроглифтердің бірінші тобынан қола дәуірінің эксиздері мен аяқталмаған жануарлардың суретін байқауға болады. Ал ірі, терең және мұқият қашап жасалынған екінші петроглифтерде бейнеленген шайтан киімін киген адамның бейнесі бар сурет те таң қалдырары сөзсіз.
Сондай-ақ, бұқа, жылқы, ит, қоян, бұзаулы сиыр, тауешкі, арқар, түйе, құланға аңшылық жасап жатқан адам бейнесі, шоқпар ұстаған адамдардың суреттері көптеген тастарда салынғанына қарап, ертедегі халықтардың аң шаруашылығын кәсіп еткенін анық көрсетілген. Себебі, тасқа жазу — ол дәуірдің қаламы мен қағазы, бір-бірімен байланыс құралы емес пе?
Мұражайдың оңтүстік-батысқа қарай аймағында жер макетін сомдайтын төртке бөлінген шеңбердің бейнесі салынған. Сонымен қатар, жыл сайын өтетін «Азия дауысы» байқауының нышанына айналған белгі осы қасиетті тастардағы таңба бар.
Таңбалы тастардың қасиетті саналған бөлігінде жеті күн құдайларының, босанып жатқан әйел мен оны қорғап тұрған ер адам бейнесі бар суреттер шоғырланған. Осындай дәйектерге және дәл осы жерден бұқа малының сүйектерінің табылғанына қарап, сол дәуірдегі құрбандық шалатын, Тәңірге табынатын киелі мекені болған деген пікірге тоқталады зерттеушілер. Тауешкілерді қатар-қатар орналастырған, төрт қолы мен құйрығы бар мифологиялық тіршілік иесі бар таңбаларды көргенде таң қаларыңыз сөзсіз.
5 мыңнан астам таңбалы тастағы суреттердің кейбіреуінің символикалық сырын түсінсек, кейбіреуін мүлде түсіне қоймайтынымыз шындық. Әркім әртүрлі пікірлер, болжамдар айтады. Дегенмен, әр суреттің айтар ойын, өткен дәуірдің келбетін жетік түсіну үшін мықты мамандар қажет екеніне көзім жетті.
Міне, осы салада мамандар тәрбиелеп жатқан, Қазақстан туризмінің дамуына зор үлес қосып жүрген ғалымдардың бірі Мазбаев Орданбек ағамыз: «Қазақстандағы туризмді дамытудың гeографиялық, экологиялық, тарихи-архeологиялық мәселелеріне назар аударуымыз керек. Киелі тастағы суреттер бұл архeологиялық заң ретінде туристік іс-әрекеттерде пайдалануға мүмкіндік туып отыр. Көне замандағы таңбалы тастарды қазіргі жастарымызға, шетел қонақтарына көрсете білуіміз керек. Ол үшін инфрақұрылымды (жол, қонақ үй, кадрлар) жақсартпаса болмайды. Бұл жаңадан ашылып жатқан мұражай болғанымен, мұның тарихы өте ертеде. Басталуы жаман емес, тек оны ары қарай жандандырсақ. Ғылыми зертханалардың пайдалану концепциясын жасау керек. Сонымен қатар білікті маман-кадрлар дайындау мәселесіне назар аударайық. Бүгінгі таңда біраз жоғарғы оқу орындары туризм мамандарын даярлап жатқанымен, олардың архeологияға, таңбалы тастарға, көне тарих куәлеріне байланысты хабарлары шамалы болып отыр. Сондықтан бұл мамандарды дайындауда ашық аспан аясындағы мұражайлардың тәжірибесін, нақты іс-әрекеттерін пайдалана отырып оқушыларды осы жерден тәжірибеден өткізуіміз қажет» — дейді.
2. ТАҢБАЛЫ ӨТКЕН ДӘУІР БЕЛГІСІ
Таңбалы – өткен дәуiр белгiсi . Қазақстанның бай табиғи және мәдени мұраларының айқын куәсi, ежелгi жартас бейне ескерткiштерiнiң шоғырланған орны Таңбалы тас шатқалы болып табылады.
Ол қола ғасырдан бастап (б.з.д ХIV-ХIII ғғ. ортасы) ХХ ғ. басына дейiнгi бiртұтас археологиялық кешен құрайтын дiни наным-сенiм ғимараттары, қорымдар және қоныстар мен петроглифтер.
Таңбалы тас аймағында негiзiнен ерте темiр (б.з.д I м.ж.) ғасырындағы мал өсiрумен күнелткен тайпалар мен қазақтың Ұлы жүз рулары қоныстанған. Дала көрiнiсiндегi тас үйiндiлер мен ғимараттар қирандылары, қоныс және қорғандар түрiндегi археологиялық ескерткiштердiң басым бөлiгi жақсы сақталынған.
Таңбалыдағы жартас бейнелерiнiң жалпы саны бес мыңға жетедi. Таңбалы археологиялық картасына қарап отырып, қоныстар мен қорымдар, петроглифтер тәрiздi әр түрлi ескерткiштердiң дала аймағында қызметтiк сәйкестiгiне қарай топтастырылғанын байқауға болады.
Таңбалы тас шатқалындағы петроглифтердi ең алғаш 1957 жылы 19 қыркүйекте археолог А.Г. Максимова бастаған ғылыми зерттеу тобының фотографы А.А. Попов тапқан. Ғылыми экспедицияда Қарақұдық шатқалындағы қола дәуiрiндегi ежелгi қорымдарға қазба жұмыстары жүргiзiлген болатын. Бiрнеше күндер көлемiнде Таңбалы (I-V топтар) петроглифтерiнiң ең басты орналасқан жерлерi зерттелiнiп, ең құнды деген композициялары суретке түсiрiледi. 1977-1978 жылдары зерттеу жұмыстары жалғаса бередi.
Тұңғыш рет Таңбалы территориясы тұтас зерттелiнiп петроглифтердiң негiзгi шоғырланған жерлерiнiң схемасы құрылады. 1980-шi жылдардың соңында ғылыми мақалалар топтамалары басылымдары мен жартас бейнелерiнiң альбомдары шығуының арқасында Таңбалы кеңiнен танымал болып, отандық және шетелдiк мамандар назарына жиi iлiгедi.
1990-1994 жылдар аралығында Таңбалы тас ескерткiштерiне ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргiзу кешендi сипатқа ие болып, петроглифтердi сақтау және консервациялау мақсаттарымен тығыз байланыста дамиды.
«Таңбалы шатқалындағы жартас бейнелерiн консервациялау» атты Мемлекеттiк жоба негiзiнде ақпараттық база құрылымы құрастырылып, петроглифтердiң даладағы сипаттамалық формасы дайындалып, үш мыңнан астам бейнелер ресми түрде белгiленедi. 1994 жылдан кейiн петроглифтердi зерттеу жұмыстары қаржыландыру мүмкiндiктерiнiң болмауына байланысты тоқтатылады.
1998 жылы Таңбалы кешенiнде ғылыми зерттеу жұмыстары қайта қолға алынады. Қазақстан мәдениет министрлiгiнiң қолдауымен Таңбалыны кешендi түрде зерттеу және сақтау бағдарламасының құрылуы басталады.
2003 жылдың 14 қыркүйегiндегi ҚР өкiметiнiң №1052 арнайы Қаулысымен Мәдениет министрлiгi жанынан жалпы көлемi 3,8 га «Мемлекеттiк тарихи-мәдени және табиғи қорық – Таңбалы мұражайы» құрылады. 2004 жылы 30 шiлдеде Таңбалы археологиялық аймағының петроглифтерi ЮНЕСКО әлемдiк мәдени мұралар тiзiмiне енгiзiледi.
Таңбалы кешенi Қожа Ахмет Иассауи мавзолейiнен кейiнгi дүние жүзiндегi ең атақты мәдени ескерткiштерi мен табиғаты әсем жерлер санатына кiрген Қазақстанның екiншi обьектiсi.
Таңбалы жартастық бейнелерiнiң тақырыптары әр алуан. Олар: күнбасты құдайлар, дөңгелектi арбалар, адамдар, жануарлар, аңшылық көрiнiстерi, құрбандық шалу, рәсiмдiк билер, түйелер мен бұқалар бейнелерi.
Ежелгi шеберлер жартас бетi жазықтықтарын өте шебер пайдалана бiлген. Бейнелерге түсетiн тәулiктiң әр кезеңiндегi күн сәулесi түсуiнiң ерекшелiгiн ескере отырып, жарық түсу жақтарына қатысты нақты бағытын тауып отырған. Шатқал беткейiнде бiрнеше петроглифтер мен күрделi композицияға бiрiктiрiлген бейнелi жартастардың тұтас топтары көрiнетiн нүктелер де бар. Бұл жердегi бейнелердiң орналасуы, ондағы акустикалық қасиеттер, орындалатын киелi рәсiмдерде қолданылуы әбден мүмкiн.
Петроглифтер негiзiнен үлкен аймақты қамтып (3 км х 10 км) б.з.д ХIVғ. – б.з VI – VIII ғғ. уақытымен белгiленедi, яғни қола дәуiрiнен бастап түркi халықтарының Ұлы Даланы игерген уақытына дейiн. Олардың едәуiр бөлiгi (шамамен 2000) 250м х 500м ауданында шоғырланған. Таңбалыда петроглифтердiң жалпы саны 5000-ға жуық деп есептелiнедi.
Бұл Жетiсу және Балқаш бассейнi аймағындағы 50 жартастық бейнелер орталығының iшiндегi ең танымалы. Таңбалы шатқалына жақын маңда қола дәуiрiнiң (б.з.д ХI – Х ғғ.) және ерте кездегi көшпендiлердiң (б.з.д III ғ. мен б.з II ғ.) қорымдары мен қоныстары орналасқан.
Таңбалының ежелгi тұрғындары петроглифтердi орындай отырып, тұрғын орындарын көркемдеу мен тас мазарларын тұрғызу арқылы шатқал даласына қайталанбас көркем келбет беру арқылы қоршаған әлемдi әсемдеген.
Таңбалы петроглифтерiнiң шамамен жарты ғасырлық зерттеу тарихы мен оған қатысты үш буын зерттеушiлердiң қосқан үлесi, бүгiнде көптеген сұрақтарға жауап табуға мүмкiндiк бередi.
Әр зерттеу жұмысының сәттiлiгi қызықты жартастық өнер ескерткiштерiнiң әлемдiк бай тәжiрибесiн пайымдай отырып, оны өз кезегiнде қолдана және ұйымдастыра бiлуiмен байланысты. Петроглифтердiң киелiлiк, қасиеттiлiк маңызы жайлы осы тақырыптағы әдебиеттердiң сыни шолуында айтылады.
Киелi орындарға арнайы жер таңдалу оның архитектоникасы мен табиғи обьектiлердiң орналасуы тәрiздi негiзгi компоненттердiң өзара байланысу жүйесiмен, дiни рәсiмдiк қызмет тәжiрибесi себептерiмен және басқа да дүниетанымдық көзқарастарымен байланысты болды. Сонымен қатар, табиғи және астрономиялық көрсеткiштерi обьектiнiң күнге немесе айға қатысты орналасуын, жартастық геологиялық құрылымын және тектоникалық аймақтағы биофизикалық аномалиялардың болу мүмкiндiгiн ескерiп отырған.
Тастың бетiне бейнелер салу үрдiсi қасиеттi ғибадат орнында өтетiн көпсатылы күрделi рәсiмнiң бiр бөлiгi болуы да мүмкiн. Сонымен бiрге тас материалы сияқты қатты жазықтықта әр бейненiң қашалып салынуына белгiлi бiр тәжiрибелiк машық-дағдылар мен қандай мақсатта, не нәрсе салынып жатқаны жайлы бiлiм қажет етiлдi.
Тамғалыда шатқалдың екi аймағы дiни ғибадат орны болып табылады (IV және V топтар). Сай-сай болып ағып жатқан бұлақтармен бөлiнiп жатқан далада табиғи акустикалық ерекшелiк байқалады. Ол жерде жартастық баспалдақты шығу жолдары – «амфитеатрлар» көрiнiсiне «күнбастылардың» салынған екi мехрабтық кешенi сәттi бiрiктiрiлген.
Тамғалыдағы басқа бейнелiк топтар алшақ аймақ ретiнде есептелiнедi, мұндай жерлерде маңызды табиғи компоненттердiң болмауы себебiнен екiншi орындағы дiни қызметтер атқарылған. Ғибадатхана және дiни ғибадат орны бiр мағынадағы құбылыс болғанымен де, кейде әр түрлi қолданыс мақсатын айқындайды.
Тамғалы петрголифтерiнiң шығу тегi әр түрлi уақытты қамтиды. Бұл туралы көптеген фактiлердi келтiруге болады. Бұған мысал ретiнде, әрине бiрiншi кезекте көптеген зерттеушiлерiмiздiң алғашқы қауым өнерiне жатқызатын қола дәуiрiнiң бейнелерiн айтамыз. Олар: дөңгелектi арбалар; скиф-сiбiрлiк стильде орындалған арқар, бұғылар бейнелерi, шынайы, реалистiк көрiнiстер арқылы уақыттарын жеңiл ажыратуға болатын ортағасырлық ту ұстаған түркi жауынгерлерi бейнелерi.
Тамғалыда көпқабатты, бiрiнiң үстiне бiрi салынған бейнелер – палимпсесттер де көп кездеседi. Мәселен, шатқалдағы бiр тастың бетiндегi бұғы бейнесi күнбасты құдай мен адам бейнелерiнiң үстiне бейнеленген. Мұның өзi үлкен мүйiздi бұғыларды күнбасты құдайлардан кейiн қашаған деп айтуға негiз бередi.
Шатқалдың төменгi бөлiгiнде орналасқан Тамғалының әр алуан жартастық бейнелерi қола дәуiрiне жатқызылады. Мұнда құнарлылық пен күнге жоғары құдай ретiнде табынудың дамуы кезеңiндегi гравюраларда күнге табыну көрiнiстерi көптеп орын алған. Тамғалы жартастық бейнелерiнiң iшiнде күн бейнесi таңбалары тәңiрлiк символдарын бiлдiредi.
Дөңгелектi арба бейнеленген сюжеттердiң басым көпшiлiгi ежелгi адамдардың мифтiк және дiни көзқарастарымен байланысынан хабардар етедi. Сол сияқты күнбасты антропоморфтық құдайлар бейнелерi де кездеседi. Олардың бейнеленуiнде тұрақты ереже жоқ. Тұлғалардың пiшiндерi мен өлшемдерi әр түрлi, бастарында диск немесе күн сәулесi шашқан тұлға кейпiнде бейнеленедi. Мұндай бейнелердiң шығыс елдерiнде кеңiнен жайылған ежелгi құдайлар бейнелерi де болуы мүмкiндiгi жоққа шығарылмайды.
Тамғалыда күнбасты құдайлардың зооморфтық өзгерiске ұшыраған түрлерi де кездеседi. Рәсiмдiк билер бейнелерi қола дәуiрi уақытымен белгiленедi. Зерттеушiлер оларды аңшылық, жауынгершiлiк, рәсiмдiк және құнарлылыққа табыну рәсiмдерi түрлерiне бөледi. Соңғыларына шеңбер құрған бишiлер тобы жатады. Олар адамдардан сәл iрiлеу бейнеленген күнбасты құдайларды айнала қоршаған он екi адамның бейнесi. Мүмкiн бишiлер жылдың он екi ай мезгiлi белгiсiн бiлдiрiп, қола дәуiрi адамының космогониялық және календарлық таным-түсiнiгiн жеткiзетiн болар.
Екiншi бишiлер жұбынан тұратын композициядағы бейнелер құйрығы бар аң терiсiн киген антропомофтық кейiпте берiлген. Бұл аң аулау көрiнiсiнiң имитациясы немесе дiни-рәсiмдiк қызмет атқарған шаман бейнелерi болуы мүмкiн. Тамғалы петроглифтерiнде құс тұмсықты құйрықты құбыжық бейнелерi, түрлi эротикалық көрiнiстер және көптеген дiни-рәсiмдiк ұғымдағы таңбалық бейнелер көптеп орын алады.
Тамғалы шатқалының төменгi бөлiгiнде көне петроглифтер орын алса, жоғарғы бөлiктерде, сайлар мен жота төбелерiнде сақ дәуiрi уақытымен белгiленген бейнелер табылған. Олардың iшiндегi осы кезге тән графикалық нақтылықпен және стилизация мәнерiнде орындалған үш бұғы бейнесiндегi композицияны дәлелге келтiруге болады. Көптеген зерттеушiлер бұғы тастарды б.з.д VIII-VI ғасырларға жатқызады.
Алдыңғы екi аяғын бауырына тартып, секiруге дайындалған сәтi көрсетiлген жануарлардың бейнелерi сақ дәуiрiне тән деп саналады. Сонымен, қарастырылған бейнелердiң iшiнде ерте (б.з.д VIII-IV ғғ.) және кейiнгi (б.з.д V ғ.) уақыттарын айқындауға болады.
Осы ғасырлар бойында Жетiсу өңiрi территориясында мекендеген сақ тайпалары, қарастырылған гравюраларды мұраға қалдырған деп айтылады. Алайда, бейнелердiң бiршама бөлiгi осы аймақты б.з.д VII ғ. мен б.з III ғ. аралығында мекендеген үйсiн тайпаларына тән екендiгi жоққа шығарылмайды. Оған Тамғалы шатқалы жанындағы қорымдар мен қоныстар куә бола алады.
Түркi уақытына байланысты жартастық шығармашылықтың басты тақырыбы – салт атты жауынгер бейнесi, дала эпосының айқын көрiнiсi ретiнде ғана емес, сонымен бiрге сол кездегi шынайы оқиғалар мен белгiлi бiр күнделiктi өмiр көрiнiсiн айқындайды. Көшпендiлер өмiрiнде аттардың маңызының ерекшелiгiн тағы да айшықтап көрсетедi. Жылқы малы қасиеттi деп саналып, оны тек қана ең басты құдай саналатын Тәңiр ханға арнаған.
Хазар қағанатында қағанның өзi мен мазарына табыну аспандағы салт аттыға және Тәңiр ханға табыну деп саналған. Қаған көсемге және оның тәңiрлiк күшiне табыну белгiлi бiр деңгейде антропоморфтанған аспан-күн құдайына табынуға ұласады және оны да өз кезегiнде киелi күш дарыған көсем санатында қабылдаған.
Қазақстанның шығыс және оңтүстiк-шығыс ауданы тайпалары VI ғасырда Түркi, содан кейiн Батыс Түркi қағанаты құрамына енедi. Сол кезде Түркi мемлекетi «ұзын найза мен өткiр қылыш» күшiмен құрылады. Ал «түрiк кавалериясына» ешқандай қарсылас тең келмейдi деп айтылған.
Бұл халықтардың бұдан кейiнгi тарихы қарлұқ, қимақ, қыпшақ ертефеодалдық мемлекеттердiң бiрiгуiмен байланысты болады. Түркi кезеңiнiң петроглифтерi Тува мен Сiбiр жерлерiнде жан-жақты зерттелiнген. Қазақстанда жуық уақытқа дейiн мұндай бейнелер аса көп табыла қоймаған. Соңғы жылдары Тамғалы шатқалы мен оған көршiлес аймақтарда және Шолақ тауларында бiрнеше ондаған ту ұстаған салт атты жауынгерлер бейнелерi табылған.
Тамғалы жылқылар бейнелерiнiң жалдарының ұштары үшкiр үшбұрышты пiшiндi болып келедi. Ту мен найза ұстаған салт атты жауынгерлер бейнелерiнiң түркi мәдениетiне жататыны олардың қару-жарақтарының сипаты берiлген жазба дереккөздермен расталады. Тас тақталардың бiрiнде сұңқармен саятқа шыққан көрiнiс бейнеленедi. Мұндай көрiнiстер ортағасырлық бейнелер iшiнде кездеседi. Олар мұның алдыңғы кезеңдердегi петроглифтерден сюжет желiсi мен орындалу техникаларының ақшыл түсiмен, қашауларының саяздығымен ажыратылады.
Тамғалы кешенi Қазақстандағы ашық аспан аясындағы бiрегей мұражай. Кешеннiң табиғи әсемдiгi мен тарихи маңыздылығын осы аймақтағы қоныстанған халықтардың теңдессiз көркем шығармалары мен көптеген ұрпақ өкiлдерiнiң соңында қалдырған өмiр салты мен еңбек қызметтерi, мәдениетi мен эстетикалық таным-талғамдарын танытады.
Осынау адамзаттың жасампаздылығы мен табиғаттың шын мәнiсiндегi сыйлығы, сирек кездесетiн бiрегей рухани байлығымызды сақтау мемлекет пен заманауи қоғамның мiндетi. Кешеннiң бүгiнгi күндегi өзектiлiгi Тамғалының дәстүрлi функционалды топографиясының бұзылуымен байланысты болып табылады. Ол кейiнгi кездегi Тамғалыдағы бақылаусыз ағылып жатқан туристер тобы мен автомобиль жолдарын салу, жол бойындағы тас тақталардағы көне бейнелердiң үстiне жаңа суреттер салу мен қорымдар территориясына тұрғын үй және шаруашылық обьектiлерiн тұрғызып, ондағы петроглифтер салынған тастарды құрылысқа қолдану тәрiздi көптеген келеңсiз себептермен айқындалады.
Таңбалы шатқалы ең алғаш рет 1957 жылы А.Максимованың тікелей жетекшілігімен зерттеле бастаған. Археолог-ғалым қорық аумағындағы қорымдарға баса назар аударып, қола дәуіріндегі жерлеу рәсіміне, мәйітпен бірге қатар қойылып көмілген қыш құмыраларға куә болады. Кейіннен көне дәуірдің жаршысы атанған тарихи мекенді мемлекет өз қамқорлығына алып, петроглифтерді зерттеушілердің саны артады. Тасқа қашалып, бүгінге жетіп отырған қола дәуірінің таңбалары тек бір кезеңмен ғана түгесіліп қалмайды. Сондай-ақ, ол маңдағы жартас беттерінде ерте темір дәуіріндегі шаруашылықтар да бедерленген. Қазақ халқының арғы тегі саналатын сақ тайпалары салған суреттер де жиі кездеседі. Түркі заманындағы жаугершілік уақыт, алапат шайқас бейнелері, бертінгі кездегі қазақ-қалмақ соғыстары да тасқа қашалып түсіп отырған. Бұл туралы «Таңбалы» табиғи қорық-мұражайының директоры Елеусіз Жанпейісұлы былай әңгімелейді:
-Біздің тұтас тарихымыздың бас-аяғы түгелімен осында жинақталған деуге негіз бар. Қорықтың аумағы 3800 га жерді құрайды. Шатқал жақтауларында шамамен 3000-нан астам петроглифтер кездеседі. Ол бейнелердің әрқайсысын сол заманның жаршысы, сол дәуірдегі ата-бабаларымыздың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпы деп қарастырамыз. Мәселенки, жазық жартас қабырғасында ойылған кезекті Күн мен Ай «құдайлары» және оларды қоршап, билеп жүрген адамдар сұлбасы нені меңзейді? Әрине, қола дәуіріндегі діни наным-сенімдерді, жоралғыларды баяндап тұрсе керек-ті. Күнді ұлы жаратушы, құдіреті күшті алып ие деп сиынған адамдар саны – 12. Ол ненің белгісі? Мүмкін жыл он екі ай, әлде қазақ түсінігіндегі бір мүшел сол кезеңнің сарқыншағы болар. Шындығында, болжам мол, ғылыми пайымдар да жеткілікті. Барлығы да қола дәуіріндегі мәдениеттің жоғары екендігін айғақтай түседі.
Тұтас қазақтың тарихы бір арнаға тоғысып, кең даланың әр замандағы тынысы тасқа қашалып, ойылып отырған тәрізді. XX ғасырдың орта шенінде жақын маңдағы «Отар» гарнизонының жауынгерлері Таңбалының айналасын әскери сынақ алаңына айналдырады. Олардың өзге жазбаларға кедергі келтірмейтін әдемі суреттері бүгінде тарих беттерінде қалып үлгерген. Жолай соғып, қызық қуған көлденең көк аттылардың талайы қола дәуіріндегі таңбаларға еліктеп, суреттер салып, көнерген мұраларға зиянын тигізген. Олар мыңдаған жыл тарихы бар, аңшылық өнерді дәріптеген таңбалардың үстіне бастырмалатып, әскери ұшақтардың, соғыс техникаларының бейнелерін салыпты. Малшылар өз есімдерін қашап, туған жылдарын жазып кеткен. Алайда бүгінгі ғалымдардың тікелей ат салысуымен тастағы жазулардың басым көпшілігі қалпына келтіріліп, химиялық арнайы қоспалар негізінде петроглифтердің беймәлім беттері тазартылып, анықталып жатыр.
-Таңбалыны тамашалауға келген туристер тастағы жазуларды көріп, шыны керек, өз қолтаңбаларын қалдыруға тырысады. Сондықтан, біздің ұжым қатаң бақылауға мәжбүрміз, — дейді қорық директоры. – Алайда бұл мәселені де қолға алуға әбден болады. Мәселен, арнайы келушілердің құрметіне аллея ашып, орын белгілеп, өздерінің ойындағы суреттерін салатын жақпар тастар қойсақ деген ой да жоқ емес. Себебі, ол да ертеңгі күні тарих. Ұрпағымызға қалдырған қолтаңба.
Журналистер тарапынан осы сәтте «Жақпар тастың жақтауындағы таңбалар жасанды емес пе?», «Бұрын салынғанын немесе бертінгі дәуірде әлдекімнің техника құралымен жасаған «шимайы» екенін қалай ажыратуға болады?» деген заңды сауалдар туындаған екен.
-Мұндағы таңбалар қола дәуіріндегі петроглифтер болып табылатынына дәйектер жеткілікті. Зерттелгеніне жарты ғасыр уақыт өтті. Бұрын салынған сурет пен кейін түскен шимайдың айырмасы жер мен көктей, — дейді Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкері, «Таңбалы» табиғи қорығының ғылыми зерттеушісі, археолог Станислав Потапов. – Таңбалардың тереңдігі, көлемі, түр-түсі жағынан зерделеп қараушыға айырма болады. Түскен іздің тұнықтығы мен кәсіби суретшінің салған бейнесі кез-келген қызықтаушыға байқалып тұрады. Біз көшіріп салған бертінгі дәуірдегі таңба мен түпнұсқасын қатар алып, археологиянын студенттеріне, мектеп оқуышыларына көрсеткен кезде, жазбай танып, ажырата алатындардың саны басым болды.
Рас, түпнұсқа тастағы суреттердің тура жанына салынған көшірмелер біріншіден, түсінен, екіншіден, ұқсастығынан мүлде сәйкес емес. Бұрынғы таңбалардың зер сала жасалынғаны, өлшеп-пішіп істелгені, сонымен қатар терең ойылғаны айдан анық байқалады.
Шатқал ішіндегі жазықтау алаңқайларды қалың шеңгел бұталары жапқан. Жер бауырлай өскен аласа тікенекті шөптер бұл маңайдың бар құпиясын жасырғысы келгендей, тығыз орналасып, арасынан ит тұмсығы өтпестей ну екен. Зерттеушілердің айтуынша, ол тұста көптеген тарихи жәдігерлер бар секілді. Оны келешекте тағы да қарастыру қажет. Шағын елді-мекен немесе нөпір адам тұратын үлкен кент болуы ғажап емес. Себебі Таңбалы шатқалы қола дәуіріндегі адамдардың сиынатын қасиетті мекені болғанға ұқсайды. Шатқал маңайын жағалай ескі қорымдардың белгілері бар. Елді-мекен жанында қорым болуы заңды. Археологтар қорым ішінен тізесін бүгіп жерлеген мүрделерді қолданған бұйымдарымен бірге тапқан. Қола дәуіріндегі жерлеу дәстүрі бүкіләлемдік тарихи пайымдауларға сәйкес келеді. Олардың бәрі бір заңдылықты пайдаланған. Бір ғұрыпты ұстанған. Ежелгі Грек заманындағы «құдайлар» кезеңі, «раның» дәуірі мен сонау Азия жеріндегі мына Таңбалы тастарынан табылған «күн басты құдайлардың» ұқсастықтарына мән берген жөн сықылды. Таңданатын бұл жайт туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың археология және этнология мамандығының магистранты, ғылыми зерттеуші Руслан Бақытжан былай деп түсіндіреді:
-Әлем мәдениеті, әлем дәстүрі ежелгі тайпаларда өте ұқсас болған. Наным-сенімдерінде де бірегейлік басым. Грекиядағы «құдайлар» өз адамдарына күш сыйлады. Олар оған имандай сенді. Табиғатта қолы жетпейтін нәрселердің бәрін ең құдіретті күшті құдай деп санады. Күннің көзі, күннің жарық сәулесі болмаса, тіршіліктің тоқтап қалатынын олар айқын түсінді. Сондықтан адамдардың ең ұлы билеушісі аспандағы Күн, оған табыну керек, ризашылығын алу қажет деп болжады. Таңбалыдағы тарихи ескерткіштерде де тура осы теорияның дәлелі. Олар бір-бірін білмесе де, түсініктері, ұғымдары ортақ еді.
Ал маңайымыздағы сан мыңдаған петроглифтердің бажайлап қарамаса, жарқ етіп көзге түсе қоюы екіталай. Ашық аспан астындағы мұражайдың аға ғылыми қызметкері Қайсар Қосмұратовтың мәлімдеуінше, жартастағы таңбалар белгілі бір уақытта, бірдей мезетте ғана көрінетіндей жасалған. Сонымен қатар, петроглифтер бір бағытта ғана салынған. Оның да өзіндік себебі бар болуға тиіс. Күннің көзі жартас бетіне түсіп, белгілі бір уақыт белдеуінде жарықтанған тұста, аңшылықпен айналысып жатқан адамдар бейнесі, бұғылар, мүйізді жан-жануарлар суреті тұтас айқын көрінеді.
Жақпар көк тастарды бойлай көтеріліп, келесі бір тарихи орынға ат басын бұрсаңыз, бұл алаңқай үлкен мінберге ұқсайды. Көсемдерінің әлде бір жетекшілерінің отыратын жері. Иек асты түгелімен көрініп тұрады. Ат шаптырым аймақ алақаныңда. Дүйім жұрт биіктегі тайпа көсемінің даусын анық естіп, әрбір бұйрығын бұлжытпай орындауға лайықталған сияқты. Дауыс та жаңғырып, қырат маңайын еркін аралап кетеді. Мінбердің төменгі тұсын жағалай, құрбандық шалатын орын бар екен. Дөңгелектей орналасқан қозы тастардың ортасы шұңқыр. Мал соятын жер екені білінеді. Бұл жердегі қазба жұмыстары кезінде шұңқыр түбінен мал сүйектері өте көп кездескен. Жартастағы суреттерді байланыстыра отырып түсініктеме берсек, бұл маңда үлкен жиын жиі өткізілген. Ұлы жаратушыға бағышталып құрбан шалынып, толғатқан жүкті әйелдер нәрестелерін өмірге әкелген. Ерсілі-қарсылы билеп, қол ұстасып, құдайларын мадақтаған. Жорамал осыған саяды. Жүкті әйелдің туыт үстіндегі сәті, қасындағы ерінің қолдау білдіріп тұрған бейнесінен бөлек, көбею, ұрпақ жалғастығы мәселесі де назардан тысқары қалмаған. Тасқа ойылып салынған ер мен әйелдің, жан-жануарлардың жанасу суреттері бізге көп нәрсені түсіндіргендей болды. Қазіргі кезде ашық насихатталып, кейбір халықтардың ермегіне айналған төсек қатынасы ол дәуірде кие саналыпты. Қастерлі ұғым деп есептеліпті. Қандай ғаламат түсінік. Нәпсінің жетегінде кетіп, жанасуды жеңіл ләззәт деп қарайтын жандарға лайықты тәрбие. Бұрынғы бабаларымыз келешекке ұрпақ көбейтуді аманаттап, кие тұтуды тасқа қашап салып кеткендей. Қазақ халқының ықылым заманнан ерлі-зайыптылардың жеке қарым-қатынасын ардақтап келгені – асыл аманатты жерге тастамағаны деп білген жөн.
"Таңбалыдағы" 11 "құдайдың" біреуі
Тарихи орынды еркін аралауымызға жақсы жағдай туғызғысы келді ме екен әлде ыстық күннің сәулесі мазамызды кетіретінін байқады ма, – ауа райы да күрт салқындап, көктемнің жылы жаңбыры сіркіреп сала берді. Талай туристерді тамсандырып, ғалам тарихына өлшеусіз үлес қосып тұрған Таңбалы қорық-мұражайы бүгінгі таңда жаңа қадамдарға барып отырған сыңайлы. Ізденістер нәтижелі, қыруар жоспар кезең-кезеңімен жүзеге асқан. Аспан асты мұражайының басшысы Е.Жанпейісұлы солардың бір парасы ретінде визит орталығының қайта күрделі жөндеуден өткенін, жаппай жасыл желекті орманға айналдыру мақсатымен талдар егіліп жатқанын, жергілікті және шетелдік туристерді тарту үшін, соңғы үлгідегі қонақүйдің іргетасы қаланып, жақын арада пайдалануға берілгенін алға тартты. Қорық-мұражай 2005 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне қабылданып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзырына өткен-ді. Содан бері тарихи мұралар қатаң бақылауға алынып, табиғат зардаптарынан болатын өзгерістерді қағаз бетіне түсіріп, тез арада көмек қолы созылып отырады. Әр мезгілде тарихи мұралардың көмескілене бастаған жерлері, сынған тұстары қалпына келтіріледі.
Этномәдени шараны дамытуды қолға алған «Таңбалы» табиғи қорығының ұжымы қос ақ шаңқан киіз үйдің шаңырағын көтеріп, меймандардың қазақы әдет-ғұрып дәстүрімен жүрулеріне бар жағдайды жасаған. Әрқашан саяхаттаушыларға осылай қызмет көрсетуді әдетке айналдырған екен. Қазақша әуен, күмбірлеген күй, ұлттық киімдегі биші қыздар. Тіпті мереке күндері қазан көтеріп, ет асып, қазақша мейман күтеді. Қазақстанда кенже қалған туризм саласын дамыту мүддесі бұл мекемеде де бар. Қыруар мәселенің шет жағасын шығаруды ұжым қызметкерлері ұмытқан жоқ. Туристерді тегіс емес қара жолдың азабы, ойдым-ойдым шұқырлар титықтатып жібереді. Ұялы байланыс желісі бұл маңайды қамтымаған. Байланыс сын көтермейді. Сондай-ақ жарнама аз. Шетелдік меймандарға бар тарихымызды мақтан етіп көрсету үшін қысқаша қабырға суреттері құрып, мұражайдың ғаламтордағы электронды мекен-жайын дамытып, жеке сайтын гүлдендіру қажет. Алайда ұжым қол қусырып қарап отырған жайы жоқ. Бұл олқылықтардың орнын мемлекет қамқорлығына арқа сүйемей-ақ, бүтіндеп жамап, кетігін бітеп жатыр.
Көзбен көріп, көңілге тоқығанға тең келер ештеңе жоқ. Тастағы күн басты «құдайлар», найза әлде құрық ұстап, құланды тұзаққа түсіруге ұмтылған аңшылар, жүкті әйелдің босану сәті, оны қорғаштап тұрған ер адам бейнесі, құрбандыққа шалынған мал, сол сәтте болатын рәсімдер – құдайды мадақтап тұрған яки көңіл көтеріп билеп жатқан халық. Тұнған көне мәдениет. Адамгершілік пен тәрбиеге негізделген жөн-жоралғы. Бір жаратушының бар екеніне иланып, ұлы күш иесін шарқ ұра іздеген жұрт.
Иә, бұдан 5 мың жыл бұрынғы адамдар өмірі көз алдымызға дәл осылай елестеді. Ежелгі адамдардың сана-сезімі, таным-түсінігі төмен, жабайы, жүйесіз, әр нәрсенің басын бір шалған қара күш иелері емес тәрізді. Олар да басшыларын сайлаған, олар да белгілі бір қағидаға бағынып, ар-ұят пен адамгершілік борыштарын сезіне білген. Оған мына тастағы жазулар бірден-бір дәлел. Бұрынғы ата-бабаларымыз жайлы данышпан Абайдың «Отыз тоғызыншы қара сөзі» еріксіз ойыма орала берді. Ойшыл ақынның түсінігінше, біз ежелде өмір сүрген адамдардан ең керекті екі мінезді жоғалтып алған сияқтымыз. «Ол екі мінез қайсы десең, әуелі ол заманда елбасы, топбасы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол елбасы, топбасылары қалай қылса, қалай бітірсе, халық та оны сынамақ, бірден-бірге жүгірмек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа ғой», «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп, мал айтып, тілеу қылып, «екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін» деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен (қараңыз: Абай. Қалың елім, қазағым. – Алматы, 1995, 339 бет)». Абайдың айтуынша, қол үзген екінші мінез – намысшылдық. «Ат аталып, әруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Ағайынның азары болса да, безері болмайды» десіп. Кәніки, осы мінез қайда? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықпен келеді. Бұлардан айырылдық», — дейді ақын. Абыз данагөй дұрыс толғанған. Терең тағылым, ғибратты өнеге. Тасқа түскен тарих та қазақ ойшылының пайымдамасын мақұлдағандай.
АЛТУАЙТ ТАУЛАРЫНДАҒЫ «ТАҢБАЛЫ ТАСТАР»
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері әлі толық ашылмаған өткен тарихымыз азды-көпті түгенделіп, олжамызға марқайып, айналаға асқан құмарлықпен қарайтын болдық. Осыдан болар, талай ғасыр ашық аспан астындағы қараусыз қалған тау мен үңгір қабырғаларындағы бедерленіп, қашалып жазылған суреттер мен белгілерге деген қызығушылық арқылы ата-бабалардың өткен өмірі мен тіршілігінен хабардар болғанымыз. Даламыз қандай кең болса, ондағы құнды жәдігерлер де жеткілікті. Және олардың жер жағдайына байланысты өз атаулары да бар.
Мысалға алатын болсақ, Жамбыл ауданының батысындағы шөлейтті және жартылай шөлейтті аймаққа жататын Қарабастау елді мекенінің жазықпен шектескен Таңбалы шатқалындағы талайды тамсандырған тастағы қашалған, бедерленген (петроглифтер) қазіргі кезде туризм көзіне айналып, халқымыздың бай мұрасы ретінде алыс-жақыннан келгендердің назарына ұсынылып, “біздерде мынадай бар, мынадай бар” деп ауыз толтырып айтуға, мақтанышымызға айналғаны да тәуелсіздікпен келген игілік.
Елбасының “Мәдени мұра” бағдарламасына байланысты көне жәдігерге деген қызығушылығым осындай таңбалы тас мекенге ат басын бұрғызды.
Таңбалы тас Көксу ауданы 10 жылдық Қазақстан ауылынан өтетін Мұқыры өзенінен оңтүстікке қарай 1,5 км-дей, Алтуайт тауының іргесінде орналасқан. Мұндағы тас өте жұмсақ болғандықтан, жазуға да сондай қолайлы. Көне дәуірден келе жатқан Таңбалы тас жазуында ғасырлар бойы Қазақстан өлкесін қоныстанған тайпалардың тасқа жазып түсірген мыңдаған танбалары және тасқа қиып түсірген әдемі өрнектер, мысалы, «қошқармүйіз», мал бағып жүрген адам және сонымен қатар, таутеке, жылқы, бұғы сияқты сурет-таңбалар көптеп кездеседі. Мұндай қалың жазулармен таңбалардың тұрған жерін қазақтар ерте заманнан бері қарай «Таңбалы тас», «Таңбалы жар » немесе «Таңбалы Нұра» деп атаған. Жартасқа түсірілген таңбалардың ең көнесі шамамен қола дәуірінен бастау алып орта ғасырларға дейін жалғасты. Таңбалы тастың зор атаққа ие болу себебі бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бір ел болып қосылған жері. Сондықтан бұл таңбалар Орхон -Енисей жазба есқерткіштері таңбаларымен ұқсас белгілер болып табылады.
Ізгі мақсатпен Таңбалыға жол тарттық. Жол ұзақ, әрі сағым ойнаған жазықтағы жусанның күзгі жауыннан соң көгі көтерілгені байқалады. Қураған шидің түбі де жап-жасыл. Бір қарағанда, көктем келгендей әсерге бөленесің. Қоңыр күзде де мұндай құбылыс қайталанатынына таңдандық. Тіпті, жатаған тау гүлдері бүршік атқан. Жер апшысын қуырған автокөлікті тау бөктеріне тастап, ары қарай жол тарттық. Жол-жөнекей сирек болса да тау бөктерлей орналасқан малшы қыстақтары болмаса айналада ұшқан құстан басқа тіршілік нышаны білінбейді.
Бабаларымыз еркіндік пен бостандық үшін осы өлкеде жастығын ала жатып, ұрпағына мұраға қалдырғаны бүгінгі буынға да зор жауапкершілік жүктейтіндей. Қазақ халқының мақтанышы Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Батыр Баян, Малайсары, Нарбота, Жәпек, тағы басқалары бүгінгі бақытты өмірдің шаңырағын көтеріп, уығын бекітуге өмірлерін арнағаны да осы сәтте еске түседі. Мұндайда ойға не келіп, не кетпейді дейсің.
Жолсерігіміз «Қазақстанның 10 жылдығы» атындағы орта мектебінің тарихшысы, әрі туған жер жайлы әңгімемен құлақ құрышыңды қандыратын Айдын Марденов Жомартұлы жол қысқартатындай әсерлі әңгімелер айтты.
“Таңбалы” шатқалының аумағында 100-ден астам әр уақыттағы ескерткіштер – қола дәуіріндегі қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, жартас суреттері және табыну ғимараттары (құрбан шалынатын жерлер) орналасса, ол еліміздің ертедегі және қазіргі кездегі халықтарының тарихын нақтылы көрсететін археологиялық кешен. Археологтардың айтуынша, Таңбалының көптеген жартас суреттері қола дәуіріндегі орталық Азияның жартастағы өнерінің бірегейлігі деуге болады. Сонымен бірге ежелгі Жібек жолының бір тармағы болғанын да тарихи орындар айғақтайды.
Қазіргі кезде Алтуайт таңбалы тастарына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, картаға, суретке түсіріп, тас суреттерінің жиынтығын жасап, геологиялық зерттеулер жүргізіліп, сала мамандарының қызығушылығын оятып, тарихи жәдігерлердің қатарына қосылса.
Нәтижесінде бұл жеріміз табиғи қорыққа айналып, жер қойнауынан қола дәуіріндегі адамдардың өмірінен мәлімет беретін заттар да табылуы мүмкін. қойылған. Мұнда келгендер музейді көріп, одан әрі Таңбалы шатқалын жаяу аралайды. Осылайша біз де тарихи орынға жол тарттық.
Таудағы суреттер 1000-ға жуықтайды. Негізінен суреттер ата-бабамыздың ой-санасы, тіршілігі, қоршаған ортамен байланысынан мағлұмат береді. Мәселен, шатқалдағы биік жазық жартастағы “Күн құдайы” мен “Ай құдайы”, көне замандағы аңдар мен аңшылықпен айналысып жүрген адамдардың өмірі бейнеленген. Сурет өте анық.
Жадағай ғана жартастың бетіндегі аша тұяқты аңдардың бейнесінде жан-жағына аса сақтықпен көз тіккен арқар, киік, бұғы мен қолына садақ ұстап, аң аулауға шыққан аңшы бейнесі, тағысын тағы суреттер ертедегі адамдардың ұшқыр қиялына арқау болғандығы. Сондай-ақ бұл олардың көшіп-қонып жүргенде малды негізгі кәсібіне, күнкөріс көзіне айналдырғанының дәлелі. Тастағы жәдігерлер жадымызға осыны әкеледі. Әр тасты айналып қарап, өткеннен сыр шертетін суреттердің мазмұнының бай екендігіне таңданасың. Тағы да осы құнды ескерткіштерді зерттеудің жаңа кезеңі басталғанына қуанасың. Өйткені, уақыт табы бейнелер салынған жартастарға өз таңбасын салып, тау жыныстары жарылып, кей жерлері құмша үгітіліп тұр.
Таңбалы тастар ашық аспан астында болғандықтан, кейбірі көмескілене де бастаған. Суық пен ыстық, қар мен жаңбырдың әсері болғаны байқалады. Тастағы қос аяқты арбаға мінген адамдар сұлбасы да көп жайды аңғартады. Демек, тұрмыстық қажеттілікпен көшіп-қонғанда көлік ретінде оны пайдаланған болар. Өйткені, халықтың тұрақтаған мекен-жайын осы шатқалдың таулы бөлігінен кездестіресің. Таңбалы тастардан төменіректе топырақ үйілген төмпешіктер, тастан қоршалған қоршаулар адамдардың үй мекендері екенін болжатады. Жер бедеріне байланысты мұндай мекендер шектеулі алаңды ғана алады. Сол биікте отырған біз таудың кең жазық аңғарында сол дәуірде үлкен ірі өзен аққан деп болжадық. Қазір ол жерде Мұқыры өзені ағады. осы аймақтың жерін қазғанда 1 метр тереңдіктен кейін өте үлкен тастар қабаты кездеседі. Яғни, бұл жер өзен аңғары болғандығын дәлелдейді.
Осы жерде арғы тегіміздің Тәңірге табынғанын, төрт түлігін өсіріп, табиғаттың тылсым сырын ашуға алғашқы қадам жасауға пейіл-ниеті болғанын көреміз. Бұл ұрпаққа қажетті тағылым, сыры терең тәлім-тәрбие бастауы деп ойлаймын.
Осы тарихи орынды көргеннен кейін көргенімізді мектебіміздің басқа да оқушыларына туған өлкеміздің өткенінен әсерлі әңгіме өткізіп, олардың да қызығушылығын оятып, қатарымызды толықтырып, келесі саяхатымызда оларды ертіп апардық.
Болашақта аудандағы басқа мектеп оқушыларын қызығушылығын оятып, оларды жиі экскурсияға қатыстырып тұрсақ дұрыс болар еді.
Таңбалы тастар - бұл еліміздің тарихы деп ойлаймын. Ең бастысы, үш мың жыл бойы тарихи мәнін жоғалтпай келе жатқан петроглифтер кешеннің ең маңызды буыны болып саналады. Ал оның шатқал шектелген жерде орналасуының өзі де тау бедеріне байланысты, петроглифтерді жасаушылар аспан астындағы жартасты өте шеберлікпен пайдалана білген. Соған қарағанда, Таңбалытас қасиеті де адам мен табиғаттың бірлескен еңбегінің жарқын көрінісі. Мұның өзі адамзат қоғамының табиғи жағдайымен үндестік тауып келе жатқан эволюциясы десек қателеспейміз.
Тарихи орыннан ұзаған сайын таңғажайып сырға толы Таңбалы тас бізден алыстай берді. Бірақ біздің көңілімізде одан алған ыстық әсер, туған жердің тұнған сырына деген іңкәрлік пен оның ертеңіне деген алаңдаушылық көкейден берік орын алғандай.
Адамзат деңгейінде маңызы болғаны үшін ЮНЕСКО қорғауына алынған «Таңбалы» деген ашық аспан астындағы мұражайдың барын, оның бойында бірнеше миллениумнан сыр берер тарихымыздың, өркениетіміз бен мәдениетіміздің тасқа қашалған айнасы барын білесіз бе?
ҚОРЫТЫНДЫ
Зерттеу тақырыбының таңдалып алынуы тастағы таңбалар жөнінде осы уақытқа дейін көлемді зерделеу жұмысының жүргізілмей келгендігі болып табылды. Қолға түскен тарихи құжаттар мен деректер негізінде баяндаған жұмысым бойынша төмендегідей тұжырым жасадым:
Тастағы таңбалар орналасқан аймақ қола дәуірінің орта дәуірінде өмір сүрген алғашқы адамдардың мәдени мұралары болып табылады;
Таңбалардың орналасу реті Алтуайт тауының 10 жылдық Қазақстан ауылының төңірегінде оңтүстік бағытында орналасқан;
Жоңғар Алатауының оңтүстік-батыс бөлігінде жалғасып жатқан Алтуайт тауларының 10 жылдық Қазақстан ауылынан 5 км шақырымда ежелгі адамдар қоныстары мен мәдени мұраларының кездесуі екі аралықта тау жоталары арқылы өтетін байланыстың болғанын көрсетеді;
Петроглифтік таңбалар жөнінде жинақталған материалдар болашақта ауқымды ғылыми-зерттеу объектісі болатынын көрсетеді;
Тас таңбалардың көне мәдени ескерткіштерге жататыны жөнінде және оның мемлекет тарапынан қорғалуы жөнінде арнайы мәртебе берілуі қажет;
Бүкілқазақстандық «Атамекен» бағдарламасының «Бейнелер сыры», «Асыл мұра» бағыты бойынша кешенді тәлім-тәрбиелік, ғылыми-шығармашылық, этномәдени-өлкетану жұмыстарын жүргізу; ойын-сайыстар, танымдық сабақтар, дебаттық пікірталастар ұйымдастыру;
Осы тастардағы таңбалар орналасқан аймақты ҚР ҰҒА Археологиялық картасына енуі қажет;
Мектептердегі тарих пәнін оқытуға қосымша материал ретінде Алтуайт тауларындағы тастардағы таңбалар туралы толық мағлұматттар берілуі керек;
Тарихшы-археолог және мәдениеттанушы ғалымдардың қатысуымен «Алтуайт тауларындағы көне ескерткіштер мен петроглифтік таңбалар» атты ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру керек;
Таңбалардың тау бөктерлерінде орналасуы жөнінде толық мағлұмат беретін арнайы топографиялық карта жасау керек;
Алтуайт тауларындағы тастарға қашалған таңбалар жөнінде ауқымды ғылыми-практикалық жұмыстар жүргізіу қажет;
Жинақталған материалдар негізінде ғылыми басылымдар арқылы тарихи деректер жариялау керек;
Таңбалардың тарихи-мәдени құндылығын сақтау, қорғау және болашақ ұрпаққа жеткізу барысында арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізу, қор құру;
«Тастарында тарихының жұғыны», — демекші, тарихымыз кешеден емес, тереңнен басталатынын ұмытпайық. Иə, өмір қысқа болғанымен, өнер мəңгілік, ендеше өткеніміз бен келешегімізді жалғастыратын тарих парақтарын білгеніміз абзал.
Бүкіл түркі дүниесі үшін Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған жазулары қандай құнды болса, тарихымыздың куəсі, елдігіміздің тұмары, өркениетіміздің жəдігері бола білетін Таңбалы да сондай құнды болмақ.
17