Егеубаева Айгул Бериккановна, тарих пәнінің мұғалімі
Шәкәрім атындағы ОДБ ҮТО ММ КММ
Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы
2016 жыл қазақ тарихында атаулы даталарға толы жыл. Біз биылғы жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өтпекпіз.
Қазақстан тәуелсіздігі- қазақ тарихындағы жарқын беттердің көрінісі. Тәуелсіздік кезеңінде тарихымызды қайта жаңғырта отырып, еліміздің еркіндігін аңсаған, ұлттың болашағы үшін жанын аямаған қазақ зиялыларының зор еңбегін жоғары бағалаймыз. Алаш қайраткерлерінің басты ұстанымы – қазақтың елдігін сақтау. Ол үшін ата-бабамыз жан-тәнімен қорғаған, мыңжылдар бойы ешқайда көшпей, тұрақты мекен еткен жерді бөлшектемей, жатжұртқа таптатпай сақтау, жерден айрылғаның – барлық байлықтан, дәулетіңнен, құт-берекеңнен айрылу, өлу, өшу деген сөз; ұлттық салт-дәстүрлерді сақтай отырып, алдыңғы қатарлы Еуропа, Америка, Жапония үлгісіндегі қағидаттарға негізделген демократиялық мемлекет құру болатын.
Осындай үлгідегі тәуелсіз мемлекеттің негізін қалауды аңсаған алаш арыстарының бірі Әлихан Бөкейхановтың туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Бұл шара ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді деп жоспарлануда.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов 1866 жылы Семей облысы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысына қарасты №7 ауылында, яғни қазіргі Жезқазған облысы Ақтоғай ауданының бұрынғы «Қаратал» кеңшары аумағында дүниеге келген. Әлихан Нұрмұхамедұлының туған жылына қатысты, белгілі алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелдиев өз зерттеуінде 1866 жыл десе, ал ағылшын ғалымдары еңбектерінде 1869 жыл деген деректер келтіреді. [1]
Әлихан Бөкейханов жайлы Мәмбет Қойгелдиев былай дейді: «Жизнь его, проходившая годы «пробуждения Востока» напоминает судьбу Симона Боливара, Махатма Ганди и других деятелей национального освободительного движения. Он был достойным продолжателем дела Абылай хана и Кенесары Касымова на новом витке национальный истории, а именно обосновал идею необходимости возрождения национальный государсвенности, пути и способы достижения этой цели, став во главе национального освободительного движения начало ХХ века». [2]
Мемлекеттің бастауы демократиялық бостандықтар мен құқықтарды жақтау мәселесінде де Алаш қайраткерлері озық ойлы идеяларымен ерекшеленеді. Жеке бастың теңдігі, сөз, баспасөз, одақтар бостандығы жарияланды. Бұлар бүгінгі таңда да өзекті мәселелердің бірі ретінде күн тәртібінен түспей келеді. 1917 жылдың қазан айында үкімет басына қарудың күшімен келген большевиктер партиясы құрған Кеңес өкіметі ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселесін шешуде таптық жіктелу қағидасын басшылыққа алса, алаш көсемдері керісінше ұлттық бірлік саясатын дұрыс таңдай алды. Олар қазақ халқын ұлттық тұтастық пен бірлікке шақыру арқылы мемлекеттің іргетасын берік негізде қалауды, яғни ұлт мүддесін алдыңғы орынға шығарды. Алаштықтар Қазақстандағы қоғамдық- саяси, әлеуметтік-экономикалық және ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселелерін шешу жолдарын анықтауда ұлттық тұтастық және халықтың бірлік принциптеріне сүйенді.
Әлихан Бөкейхановтың артында қалдырған шығармашылық мұрасының үлкен саласы-орыс тілінде жазылған монографиялық, энциклопедиялық сипаттағы ғылыми еңбектері. Орыс тілінде жазылған бұл зерттеу жұмыстарының басым көпшілігі қазақ халқының тарихына, экономикасына, мәдениетіне, шаруашылық жүргізу тәсілдеріне, ру-тайпалар шежіресіне, цифрлар, кестелер, сілтемелер, жер-су адам есімдері, әр-түрлі қайнарлардан алынған үзінділер, қысқасы ұшан теңіз материалдар бар.
Әлихан Нұрмұхамедұлы - соңғы хан-сұлтандардың бірі - Бөкейдің тікелей ұрпағы. «Ол -атақты көкжал Барақтың ұрпағы»,- деп жазады Манаш Қозыбаев өз зерттеулерінде.
Әлихан Бөкейханов-мемлекет қайраткері, ол тарихтың жаңа ХХ ғасыр белесіндегі аласапыран заманында Алаш-Орда мемлекетін құрды, оның тұңғыш өкіметін басқарды. Әлихан Бөкейханов –алып тұлға. Ол Әз Жәнібек, Керей, Абылайдан кейін қазақ мемлекеттігін жаңғыртып, ХХ ғасырға сай қайта құру ісіне бар өмірін арнады. Осы ұлы істе алты алаштың ту көтерер ұлдарын соңына ертті. Сондықтан да ол «алты алаштың Әлиханы» атанды, оның ісі барша Ресей шығысына үлгі болды, ол құрған «Алаш» партиясына туысқан халықтардың азаматтары да мүше болды. Философиялық көзқарасы жағынан да Әлихан Бөкейханов ХХ ғасырдағы әлемдік алып тұлғалардың қатарынан табылады. ХХ ғасырдағы қазақ ұлтының атасы.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Асылбеков М.Х., СеитовЭ.Т. Алихан Букейхан –общественно-политический деятель и ученый.-Алматы,2003.24-26стр
КойгелдиевМ.Қ. Алихан Нурмухаметулы Бокейханов: К 140 летию великого государственного и общественного деятеля.// Алаштану ғылыми-танымдық журнал, 2008ж, 22 бет