Өзектілігі: Қазіргі білім беру кеңістігінде жасанды интеллект пен робототехника – тек технологиялық даму көрсеткіші емес, қоғамның жаңа сұранысына жауап беретін маңызды құралдар. Цифрландыру, автоматтандыру және интеллектуалдық жүйелердің кең таралуы мектептегі информатика пәнінің мазмұнын қайта қарауды талап етіп отыр. Халықаралық зерттеулер (PISA, ICILS) нәтижелері білім алушылардың ақпаратты қолдану, талдау және технологиялық шешім қабылдау дағдыларында қиындықтар бар екенін көрсетеді. Бұл жағдай информатика сабағында тек теориялық білім берумен шектелудің жеткіліксіз екенін дәлелдейді. Осы тұрғыдан алғанда, робототехника мен жасанды интеллектке негізделген жобалық жұмыстар – білім алушылардың функционалдық және цифрлық сауаттылығын арттырудың тиімді жолы. Ұсынылып отырған әдістемелік құралдың өзектілігі – оның информатика пәнін нақты әрекетке, тәжірибеге және болашаққа бағытталған мазмұнмен толықтыруында. Құрал жаңартылған білім мазмұнының талаптарына толық сәйкес келеді және білім алушыларды XXI ғасыр дағдыларымен қаруландыруға бағытталған.
