Просмотр содержимого документа
«Отбасылық салт-дәстүр»
«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы барысында және Наурыз мейрамына арналған «Отбасылық салт-дәстүр» атты ата,ене,келіндер сайысының
сценарийі
Өтетін орны: Мәдениет Сарайы
Өтетін күні: 24.03.2018 ж.
Өтетін уақыты: сағ.14.00-де
(Сахна әдемі безендірілген.Әсем әуен ойнап тұрады.
LED-экранда іс -шараның атауы.
Фанфара ойналады,жүргізуші шығады.)
Жүргізуші: ---Армысыздар қадірменді жерлестер және қала қонақтары! Сіздерді Наурыз мейрамымен құттықтаймыз! Сіздерге әрқашан сыр бермес денсаулық,баянды бақыт,өмірдің бар жақсылығын тілейміз!
«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы барысында, Наурыз мейрамына орай,ата-бабамыздан ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан салт-дәстүрімізді,ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп,болашақта жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету және де отбасындағы келіндер мәртебесін көтеру үшін жағдай жасау мақсатында өткізіліп отырған «Отбасылық салт-дәстүр» атты байқауымызға қатысып,бағын сынағалы отырған ата,ене, жас келіндерге ақ жол тілеп,құрметтеп-қошеметтеп ортаға шақырайық!
(Сазды әуен ойналады.Жүргізуші қатысушылардың нөмірімен атын атап,шақырады.Қатысушылар кезекпен шығады.)
Жүргізуші:---Құрметті бүгінгі сайысымыздың қонақтары! Байқауға қазылық етіп,әділ бағасын берер деген ниетпен әділқазыларымызды таныстырайық!
Жүргізуші: ---Байқауымыздың бірінші кезеңі «Сәлем – сөздің анасы» байқау-презентациясын бастаймыз! Бұл кезеңде қатысушыларымыз өз отбасы жайлы,өзі жайлы әңгімелеп немесе әнмен,өлеңмен баяндайды.Сонымен,бірінші нөмірлі қатысушыларымызды шақырамыз!
(Жүргізуші кезекпен барлық қатысушыларды шақырады)
Жүргізуші: ---Құрметті көрермендер! Біздің ата-әже, келіндеріміз келесі кезеңге дайындалғанша,сахна төріне ..... «.....» әнімен қарсы алайық!
(Музыкалық нөмір)
Жүргізуші: ---Қымбатты көрермендер! Байқауымыздың екінші кезеңіне көшеміз.
«Ата дәстүрі – отбасы дәстүрі» деп аталатын бұл кезеңде қатысушылар ұлттық салт-дәстүрден көрініс көрсетуі керек. Сонымен,нөмірі бірінші қатысушымызды сахна төріне шақырайық! Аталарымыз Наурызға арналған батасын береді.
(Жүргізуші қатысушыларды кезек-кезек шақырады)
Жүргізуші: ---Қымбатты қонақтар! Біз сайысымыздың үшінші кезеңіне келіп қалдық. «Дарынды отбасы» атты шығармашылық кезеңде ата,әжелеріміз,келіндеріміз өз өнерін көрсетеді,яғни ән салып,би билеу,аспапта ойнау,қара өлең мен көркемсөз оқу арқылы өз бойындағы талантын көрсетуі керек.Ал,аталарымыз үшін «Атамның сүйікті батасы» атты байқау кезеңін ұсынамыз.Олай болса,бірінші қатысушымызды ортаға шақырайық!
(Жүргізуші кезекпен барлық қатысушыларды шақырады)
Жүргізуші: ---Ал,құрметті көрермендер,ата-әжелеріміздің,келіндеріміздің өнеріне қошеметтеп қоялық! Енді, сайысымыздың төртінші кезеңі – «Отбасының дәстүрлі ұлттық тағамы» атты ас мәзірі байқауына беттеп қалдық.Бұл – қатысушы әжелер мен келіндеріміздің аспаздық қабілетін анықтайтын байқау.Тағам алдын-ала үйде дайындалып, қазылар алқасына ұсынылуы керек.Әр қатысушы өз тағамын сипаттап,қалай жасалатынын айтып өтуі тиіс.Тағамның ерекше шығармашылықпен әзірленгені,безендірілуі және дәмділігі бағаланады.Сонымен,әжелер мен келіндеріміз дайын болса,сахна төріне шақырамыз!Ал,аталарымыз дастарханға бата берсін!
(Музыкалық нөмір. Қатысушылар өз тағамын қазылар алқасына апарады)
Жүргізуші: ---Ал,қадірменді көрермендер! Біз сахнаға ....... «Дастархан....» әнімен шақырамыз!
(Музыкалық нөмір)
Жүргізуші: ---Қымбатты көрермендер!Тағы бір мәрте қошеметтеп қоялық! Келесі байқауымыздың бүгінге соңғы – «Келінім,саған айтам,қызым,сен тыңда!» атты кезеңінде қатысушы келіндерімізге ұлттық салт-дәстүрге байланысты және жағдаяттық,яғни жағдайға байланысты сұрақтар қойылады.Әрбір қатысушыға 2 сұрақтан беріледі.Олай болса,ардақты аталарымызды,ақ жаулықты әжелерімізді және ақылына көркі сай,жұмыртқадан ақ,сауысқаннан сақ келіндерімізді сахна төріне шақырамыз!
Жүргізуші: ---Құрметті қазылар алқасы! Сіз бен біз болып,ақсақалды аталар мен ақжаулықты аналарымызды және де ибалы да инабатты келіндерімізді тағы бір сынап көрелік! Сұрақтарыңыз дайын болса,сөз сіздерге беріледі.
Жүргізуші: ---Құрметті кеш қонақтары! Байқаудың қатысушыларын бағалау уақыты да келіп жетті.Құрметтеп-қошеметтеп қазылар алқасын ақылдасуға шығарып салайық.
(Қазылар кеңесуге тұрады.Музыкалық нөмірлер)
Жүргізуші: ---Қазылар алқасы ақылдасып,өз шешімдерін айтуға дайын.Сахна төріне қатысушылар мен қазылар алқасын шақырамыз!
(Жүргізуші байқау жеңімпаздарын атап оқиды,ассистент қыздар қазыларға көмектесіп тұрады.Фотосессия)
Жүргізуші: ---Осымен байқауымыз өз мәресіне жетті.Қатысушыларымызға көп-көп алғысымызды айтамыз.Тағы да сіздерді Наурыз мейрамымен құттықтаймыз!Ұлыс оң болсын,ақ мол болсын! Отбастарыңызға құт-береке қона берсін!